Сақтандыру нарығының қатысушылары.

 

1. Сақтандырудың негізгі қайнар көзі «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады. Ол 2000 жылғы 18 желтоқсанда қабылданды. Осы заң бойыншаСақтандыру дегенiмiз, сақтандыру ұйымы өз активтерi есебiнен жүзеге асыратын сақтандыру төлемi арқылы сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру жағдайы немесе өзге де оқиғалар туындаған кезде жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерiн мүлiктiк жағынан қорғауға байланысты қатынастар кешенi. Ал сақтандыру қызметi - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау мен орындауға байланысты, Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясы негiзiнде жүзеге асырылатын қызметi.

Сақтандыру туралы заң кәсіпкерлiк қызмет түрі ретінде сақтандыруды жүзеге асырудың негізгi ережелерін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, сақтандыру брокерлерiн құру, лицензиялау, реттеу, олардың қызметiн тоқтату ерекшелiктерiн, өзге де жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру рыногындағы қызметiнің талаптарын, сақтандыру рыногын мемлекеттік реттеу міндеттерін және сақтандыру қызметін қадағалауды қамтамасыз ету принциптерін белгілейді. Уәкiлеттi мемлекеттік органның (бұдан әрі - уәкiлетті мемлекеттік орган) осы Заңға сәйкес қабылдайтын сақтандыру қызметiн реттеу мен қадағалау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерi сақтандыру рыногының барлық қатысушылары үшін мiндеттi болады.

Сақтандыру – белгілі-бір сақтандыру жағдайлары болған кезде адамдардың, отбасының, еңбек коллективтерінің мүліктік мүдделерін қорғаудың әдісі болып табылады. Ол алдын-ала құрылған ақша қорлары есебінен жүреді.