Сонсоң көзін сығырайтып, жүзінен әлдебір мысқыл күлкі нышаны жүгіріп өтті де, ағайынды екі жігітің үсті-басын шолып шықты. Арызшының екеуі де шөпектей арық, аяқ-қолдары жіп-жіңішке, денелері шағын бәкене жігіттер еді. Тек Төлебай ғана інісінен гөрі жауырынды, сәл жалпақтау көрінеді. Мына тұрпаттарымен Таңқыбайға күш көрсетіп, төтеп бере алмайтыны айдан анық, әрине. Көз алдына еркешора Меңсұлу-құрық алып, тымақ киіп, жылқы қайырған бозбала кейпінде емес, қосетек көйлек, кәмшат бөрік, алты теңгелі өңіржиек таққан мақпал қамзолды бойжеткен қыз кейпіндегі Меңсұлу келе берген. Сол жылы сурет жетегімен атты кісі көрінбес биік бозқараған ішіне кірді.