Дәрістің конспектісі

1.Статистикада қорытындылаушы көрсеткіштер өзінің сандық мәніне қарай нақты, қатысты және орташа шамалар арқылы беріледі. Осының ішінде нақты шамалар жиі қолданылады және бастапқы түрі болып табылады. Ол статистикалық бақылау нәтижесінде жиналған мәліметтерді өңдеу, жинау және қосындыдан алынады.

Статистикалық нақты шамалардың ғылыми және тәжірибелік жұмыстардағы маңызы мен атқаратын рөлі өте жоғары бағаланады. Себебі, нақты көрсеткіштерді қолдана отырып, әрбір кәсіпорындар мен шаруашылықтардың, мекемелер мен ұйымдардың және т.б. әлеуметтік-экономикалық дамуына немесе кемуіне толық қорытынды жасауға мүмкіндік туады.

Сонымен, статистикалық нақты шамалар деп қоғамдық құбылыстар мен процестердің белгілі бір жердегі және уақыттағы мөлшерін және көлемін, аумағын, деңгейін сипаттайтын нақты сандық көрсеткіштерді айтады.

Нақты шамалар өздерінің сандық көрсеткіштерінің қолданылуына қарай жеке және жалпы немесе жиынтық қосындысы болып екіге бөлінеді. Жеке нақты шамалар жиынтықтың жеке бөліктерінің мөлшерін, көлемін өздеріне ғана тән сандық көрсеткіштер арқылы көрсетеді. Жалпы нақты шамалар жеке нақты шамалардың қосындысынан алынады. Жалпы нақты шамалар қоғамымыздағы болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді көрсететін жиынтық көрсеткіштер және оны күрделі зерттеу жұмыстарында пайдаланады. Олай болса, жалпы нақты шамалар статистикалық қорытындылаушы, жинақтаушы көрсеткіші болып саналады.

Нақты шамалар қоғамдық құбылыстар мен процестердің табиғи негізін бейнелейді. Сол себепті зерттеліп отырған объектінің - әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты көрсетілетін өлшем бірліктері атаулы сандар болып келеді және оны табиғи (натуралдық),еңбек және ақшалай өлшем бірліктерін қолдану арқылы есептейді.

Табиғи (натуралдық) өлшем бірлігі сол қарастырылып отырған аттың,нәрсенің өзіне тән табиғи-физикалық қасиеттеріне байланысты қолданылатын өлшем бірліктері. Оған салмақ, көлем, ұзындық сиақты мөлшерлік өлшем бірліктері жатады. Кейбір жағдайларда сол қаралып отырған заттардың құрамы мен құрылымына байланысты екі түрлі табиғи өлшем бірліктері бір өлшемде қатар қолданылады. Мысалы, пайдаланылған электр қуаттары – киловатт-сағатпен, тасылған жүктер – тонна-километрмен өлшенеді.

Табиғи (натуралдық) өлшеммен қоса шартты өлшем бірліктері де қолданылады. Оған өзінің қолданылуы жағынан бірдей, ал сапалық құрамы жағынан әртүрлі өлшемдерді, заттарды бір өлшемге келтіру арқылы, жалпы көлемін есептеу үшін пайдаланылады. Шартты өлшем бірліктерін қолдану және есептеу кезінде орташа көрсеткіштерді пайдалануға болады. Мысалы , дүкенге 100 қап ұн әкелінген және оның бір қабының орташа салмағы 50 кг десек, онда ұнның жалпы салмағын есептеу үшін орташа салмақты қаптың санына көбейтеміз (50 x 100 = 5000 кг немесе 5,0 тонна). Осы тәсілді қолдана отырып,басқа да көрсеткіштерді есептеуге болады.

Еңбек өлшем бірліктері өнім өндіруге және қызмет көрсетуге жұмсалынған жұмыс уақытының мөлшерін анықтауға арналған. Ол адам – сағат, адам – күн, адам - жыл сияқты өлшем бірліктерін қолдану арқылы өлшенеді, яғни бір адамның бір сағат, күн және жыл ішінде істеген жұмысының нәтижесін көрсетуге болады және оны ақшалай өлшемге айналдыруға тура келеді.

Ақшалай өлшем бірліктері өндірілген өнімнің өзіндік құнын, еңбекақы көлемін, таза пайда мен зиянды, банк несиесімен есептесу және т.б. көрсеткіштерді жинақтау үшін қолданылады. Ақшалай өлшем бірліктеріне тиын немесе тенге жатады. Бірақ, біздің республикамыз бойынша кейінгі жылдары шет елдерден экономикалық және сауда-саттық тауар айналымының өркендеуіне, шетелдік инвестицияның енгізілуіне байланысты доллар мен марка ақша өлшем бірлігі ретінде қолданыла бастады. Сонмен бірге, есеп айырысу үшін ақшалай өлшем бірліктері өте қажет болады.

2.Зерттеліп отырған көрсеткіштерге талдау жасау, олардың өзара байланыстылығы мен заңдылықтарын анықтау және тұжырымды қорытынды жасау үшін нақты шамамен берілген көрсеткіштер жеткіліксіз болады. Сондықтан статистистикалық зерттеуде, нақты шамалармен қатар қатысты шамалар да қолданылады.

Қатысты шамалар деп қоғамдық өмірдегі әлеуметтік- экономикалық құбылыстардың сандық қатынасының мөлшерін көрсететін көрсеткішті айтады. Қатысты шама қорытындылаушы көрсеткіштің негізгі түрінің бірі болып саналады. Себебі оның нәтижесінде нақты шама көрсеткіштеріне талдау, қорытынды жасауға толық мүмкіндік туады.

Сонымен, статистикалық қатысты шамалар әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестерді бір-бірімен салыстыру кезінде олардың өзгеруін, дамуын, құрылымын анықтауға, тадауға мүмкіндік береді және сол берілген сандық көрсеткіштердің қатынасына, мәні мен мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Оған жататындар төмендегілер: жоспардың орындалуы, жоспарлық тапсырма, динамикалық, құрылымдық, үйлестік, үдемелілік (пәрменділік), салыстырмалылық, дәрежелік.

Жоспардың орындалуына қатысты шамалары берілген жоспардың қандай дәрежеде орындалғанын, яғни қаншаға өскендігін немесе кемігендігін көрсереді және өлшем бірлігі коэффициентпен беріледі.Ол көрсеткіштің нақты орындалған мәнінің жоспарланған мәніне қатынасы арқылы есептеледі және схема немесе формула арқылы өрнектеледі:

- қазіргі уақыттағы нақты мәндерді / жоспарлық мәндерге * 100%

Жоспарлық тапсырманың қатысты шамалары дегеніміз, жоспар бойынша қоғамдық құбылыстар мен процестердің өткен уақытпен салыстырғанда қаншалық өсетіндігін немесе кемитіндігін бағдарлама арқылы көрсету болып табылады. Оны есептеу үшін көрсеткіштің жоспарланған мәнін өткен уақыттағы нақты мәніне бөлеміз және мынадай схема немесе формула арқылы есептейміз:

-жоспарланған мәндерді / өткен уақыттағы нақты мәндерге * 100%

Динамикалық қатысты шамалар құбылыстың уақытқа байланысты өзгеру мөлшерін білдіреді. Динамикалық шамалар салыстыратын уақыттағы көрсеткіш мәнінің өскен уақыттағы бір мәніне қатынасы арқылы есептеледі, яғни уақытқа қарай құбылыстар мен процестердің өзгеру қарқыны немесе формуланы қолданамыз:

--қазіргі уақыттағы нақты мәндер / өткен уақыттағы нақты мәндер* 100%

Құрылымның қатысты шамалары жалпы жиынтықтың жеке бөліктерінің үлесін көрсетеді, яғни ол арқылы құрылымның өзгеруін анықтауға болады. Мысалы, республикамыздағы барлық халықтың ішіндегі қала немесе ауыл тұрғындарының үлесі, топтағы үздік студенттердің үлесі, жоғары сортты өнімнің үлесі және т,б, Осыған орай , бұл қатысты шаманы үлестік қатысты шама деп те атайды. Оны есептеу үшін жиынтық жеке бөліктерінің мәнін оның жалпы жиынтығына бөлу керек.

Үйлестік қатысты шамалары деп жалпы жиынтықтың жеке бөліктерінің өзара қатынастарын айтады. Үйлестік қатысты шамаларды есептегенде жалпы жиынтықтың құрамдас бөліктерінің біреуін салыстыру негізі (базалық) ретінде алып, қалған бөліктерінің осыған қатынасын табады.

Үдемелілік (пәрменділік) қатысты шамалар аттас емес көрсеткіштердің қатынасын сипаттайды. Олар жинақтың әр түрлі көрсеткіштерінің қатынасын немесе бір-бірімен байланысты екі жиынтық көрсеткіштер қатынасының белгілі бір ортаға таралуын көрсетеді.

Салыстырмалы қатысты шамалары деп бір уақытта әр түрлі обьектілерге немесе әр түрлі аймақтарға жататын бір тектес, аттас шамалардың қатынасын көрсетуді айтады. Салыстырмалы қатысты шамалардың өлшем бірліктері коэффициентпен немесе процентпен беріледі және салыстырып отырған көрсеткіштердің бірбірінен қанша есеге көбейгендіін не азайғандығын көрнекті түрде көрсетеді. Сондықтанда, оны кейбір жағдайларда көрнекті қатысты шамалар деп те атайды.

Дәрежелік қатысты шамалар дегеніміз-әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың даму немесе кему процестерін жан басына шаққандағы шығатын көрсеткіштермен көрсете білу. Мысалы, жан басына шаққанда келетін халық шаруашылығы өнімдерінің көлемі, ұлттық табыс пен ұлттық байлықтың көлемі және т.б.

Сонымен, жоғарыда көрсетілген нақты және қатысты шамалардың қайсы түрін қолдану керек екендігін анықтау үшін, сол берілген көрсеткіштердің сандық мәндеріне көңіл бөлуіміз керек және оның саралану маңызын анықтауымыз қажет.

 

 

Қорытынды:

Тақырыпты қорытындылайтын болсақ, жоғарыда көрсетілген нақты және қатысты шамалардың қайсы түрін қолдану керек екендігін нақты анықтау үшін олардың мәні мен ерекшеліктерін талдай білу қажет. Олардың статистикалық есеп жүргізу барысында маңыздылығын анықтап, қажет кезінде керектісін таңдау керек. Нақты және қатысты шамалар статистикалық есептің қорытынды және маңызды бір бөлігі болып табылады.

Дәріске әдістемелік нұсқау:

Дәрістің тақырыбымен жұмыс жасау барысында статистикалық зерттеудің үшінші кезеңінде қолданылатын нақты және қорытынды шамалардың маңыздылығын ашу қажет. Олардың түрлерінің әрқайсысын нақты білу үшін және ерекшеліктерін талдау үшін әдебиеттердегі осы тақырыптарды тереңдетіп оқу қажет.

 

Негізгі әдебиеттер:

1.Громыко Г.Л. «Статистика». Издательство МГУ, 1976

2.Гольдберг А.М., Козлов В.С. «Общая теория статистики». М. 1997

3.Елисеева И.И., Юзбашев М.М. «Общая теория статистики». М. Финансы и статистика, 1996

 

Қосымша әдебиеттер:

1.Ефимов М.Е., Рябцев В.М. «Общая теория статистики». М. 1991

2.Левин А.Е. «Статистика». М. 1984

3.Рябушкин Т.В., Ефремов М.Р. «Общая теория статистики». М. 1981

4.Сураганова С.К. «Общая теория статистики». Астана. 1998

5.Шмойлова Р.А. «Практикум по теории статистики». М. Финансы и статистика, 2000

6.Ызғарбек Әміре-ұлы «Статистиканың жалпы теориясы». Алматы. Экономика, 1998