Түптік ауа үрлеме конвертерінде болат қорыту үрдісі

Конвертерлік үрдістер бір бірінен конвертер шегенінің түрі, шойынның химиялық құрамы (2.1 кесте), оны үрлеу тәсілі, үрлеме оттегісінің мөлшері және т.б. ерекшеленеді.

 

2.1 кесте – Конвертерлік шойынның құрамы

 

Шойын түрі Шойын элементтері, %
C Si Mn P S
Бессемерлік 3,8-4,3 0,7-1,25 0,5-0,8 <0,06 <0,06
Томастық 3,2-3,6 0,3-0,6 0,6-1,3 1,8-2,2 <0,06
Оттегілі конвертерлік (мартендік) 3,9-4,3 0,5-1,0 0,7-1,1 <0,3 0,03-0,06

 

Конвертерге құйылған шойынды агрегат түбінен ауамен үрлеу арқылы болат алуды түптік ауа үрлеме конвертерінде болат қорыту тәсілі деп атайды [3].

Түптік ауа үрлеме конвертерінде болат қорыту тәсіліне бессемерлік және томастық үрдістер жатады. Үрдістер 19-ғасырдың екінші жартысында ашылған. Екі үрдістің конвертерлері конструкция жағынан бір біріне ұқсас. Цилиндрлі келген орталық тұсқа алынбалы түп жалғасып, жоғары жағы үсті ашық асимметриялы қиық конуспен біткен. Бессемер конвертеріне құйылған шойынды ауамен үрлеу үшін агрегат түбіне соплолы шамот фурмалар орнатылса, ал томас конвертерінің түбіне-соплолар жасалған.

Болат қорыту агрегатының шегеніне қарай конвертерлік үрдіс қышқылды және негізді болып екіге бөлінеді. Қышқылды конвертердің шегені динас кірпішінен (құрамы негізінен кремнезем) қаланса, негізді конвертердің шегені – негізді оттөзімділерден (шойырдоломитті, магнезитті және т.б.). Бессемер конвертерінің шегені қышқылды динас кірпішінен қаланғандықтан, үрдіс қышқылды деп аталынады, ал томас конвертерінің шегені шайырдоломиттен (негізді материал) болғандықтан – үрдіс негізді.

Қышқылды үрдісте қожға әк (CaO) салуға болмайтындықтан, үрдіс барысында зиянды элементтердің – күкірт пен фосфордың мөлшерін төмендетуге мүмкіншілік жоқ. Сондықтан күкірті мен фосфоры аз шойынды пайдалануға тура келеді. Негізді үрдісте балқымаға әк салу арқылы негізділігі (CaO/SiO2>3) жоғары қож түзіп, күкірт пен фосфордың мөлшерін азайтуға мүмкіншілік туады.