Балқыманың үрлеме режімі

Үрлеме режімінің конвертердегі физика-химиялық үрдістің динамикасына, технологиялық үрдістің өрбуіне және агрегаттың техника-экономикалық көрсеткіштеріне әсері үлкен.

Балқыманың үрлеу режимі оңтайлы деп есептелінеді, егер мына шарттар орындалса [10]:

1) көміртегінің тотығу жылдамдығы жоғары;

2) қождың керекті құрамының түзілуі тез;

3) металқож тасымасы орын алмаса.

Үрлеме режімінің негізгі параметрлері:

1) үрлеме қысымы;

2) үрлемедегі оттегі мөлшері, яғни оттегінің тазалығы;

3) үрлеме қарқындылығы;

4) үрлеменің меншікті қарқындылығы.

Конвертердегі сұйық шойынды оттегімен үрлеу барысында, оның кинетикалық энергиясы жеткілікті болып, керекті тереңдікке еніп, металға сіңімді және металл мен қождың қарқынды араласуын қамтамасыз етерліктей оңтайлы жоғары (1,0-1,5 МПа) қысымы болуы керек.

Оттегі үрлемесіне қойылатын негізгі талап, оның азоттан тазалығы. Оттегінің тазалығы 99,5-99,8% болғанда, азот концентрациясы 0,002-0,003% болат алуға болады деп есептелінеді. Бірақ оттегі тазалығы жоғарылаған сайын, қондырғының өнімділігі төмендеп, оттегінің құны артады. Тазалығы 99,5% оттегі техникалық таза оттегі деп аталады.

Балқыманың үрлеу қарқындылығы – үрлеме режімінің маңызды көрсеткіші. Үрлеу қарқындылығы деп балқымаға жұмсалған оттегінің бір минуттік шығынын айтады.

 

JO2=ΣO2/τ (3.1)

 

мұндағы

JO2– үрлеу қарқындылығы, м3/мин;

ΣO2 – балқымаға жұмсалған оттегінің шығыны, м3;

τ – балқыманы үрлеу уақыты, мин.

Конвертерлік болат қорыту уақыты үрлеме қарқындылығына тәуелді, неғұрлым үрлеу қарқындылығы жоғарылаған сайын, соғұрлым балқыманы үрлеу ұзақтығы азаяды, яғни конвертердің өнімділігі артады. Конвертер сыйымдылығы артқан сайын, үрлеме қарқындылығы жоғарылайды. Қазіргі конвертерлік балқыманы үрлеу қарқындылығы 1500-2000м3/мин.

Сыйымдылығы әр түрлі конвертерлердің тиімділігін бағалауда үрлеменің меншікті қарқындылығын қолдану тиімді

 

iO2=JO2/Gk=Wσ/τ (3.2)

 

мұндағы

iO2– үрлеменің меншікті қарқындылығы, 5 м3/минт және одан жоғары;

Gk – конвертердің сыйымдылығы, т;

Wσ – балқымаға жұмсалған оттегінің меншікті шығыны, 50-55м3/т.