Дәріс 5. Билік саяси феномен ретінде.

Жоспар:

 

 

1.Билік мәні, тұжырымдамалары

2. Биліктің негізі, ресурстары, элементтері

3. Биліктің легитимділігі, легальділігі.

4. Халықаралық қатынастардағы мораль және биліктің сәйкестілігі.

 

1. Билік мәні, тұжырымдамалары

Билік жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі анықтамалар мен тұжырымдамалар бар. Солардың негізгілеріне қысқаша тоқтала кетейік.

Телеологиялық анықтама билікті белгілі бер мақсатқа, белгілеген нәтижеге, қорытындыға жету мүмкіндігі деп түсіндіреді. Мысалы, ағылшын ойшылы Т. Гоббс (1588-1679) билік болашақта игілікке жетудің құралы және өмірдің өзі өле-өлгенше билік үшін үздіксіз ұмтылыс деп жазды.

Бихевиористіканықтама бойынша билік деп басқа адамдардың жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстауын өзгерту мүмкіндігіне негізделген іс-әрекеттің ерекше түрі.

Инструменталистік анықтама билікті белгілі бір құралдарды, амалдарды (зорлық-зомбылық, күштеу сияқты шараларды) пайдалану, қолдану мүмкіндігі деп біледі. Мәселен, Американың белгілі саясаттанушысы Р. Даль (1915 жылы туған) билік бір адамға екінші адамды өз еркімен жасамайтын іс-әрекетті жасауға мәжбүр ету мүмкіндігін береді дейді.

Структуралистік анықтама билікті басқарушы мен бағынушының арасындағы қатынастың ерекше түрі деп ұғады. Олар кейбір адамдарды туғанынан, табиғатынан әміршіл, басқарғысы келіп тұратын болады, ал басқалары көнбіс, көнгіш, басқа біреу өз ырқын билеп, басқарып, жол көрсетіп тұрғанын ұнатады, қалайды дейді. Солардың арасында, олардың ойынша, билік қатынастары туады.

Конфликтік анықтама билікті дау-жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік, шиеленісті шешудің құралы деп түсіндіреді.

Біраз ғалымдар билікті кең мағынасында басқаларға тигізілетін жалпы ықпал ретінде қарайды.

П. Моррис, А, Гидденс сияқтылар, жоғарыдағы көзқараспен келіспей, билікті біреуге немесе бірдеңеге тигізетін жай ғана ықпал, әсер емес, оларды өзгертуге бағытталған іс-әрекет дейді.

Америка саясаттанушылары Г. Лассуэл мен А. Каплан «Билік және қоғам» деген кітабында билікті шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі ретінде сипаттайды.

Биліктің объектісі және субъектісі болады. Ол саяси өзгерістерге байланысты ауысып отырады.