Экология пәнінің анықтамасы, мақсаттары, міндеттері және әдістері. Экология дамуының тарихы.

 

«Экология» терминін (грек тілінен аударғанда – oiros – тұрақ, келген жері, мекені, үй және logos – ғылым) 1866 жылы Эрнст Геккель ұсынған болатын.

Бұл әр түрлі деңгейдегі жүйелердің қызметі мен оны ұйымдастыруды зерделейтін ғылым. Осы заманғы экология сондай-ақ адам мен биосфераның, өндірістің оны қоршаған табиғи ортамен өзара байланысты әрекетін және өзге де проблемаларды зерттейді. Зерттеу объектісі мен тақырыбына (пәніне) қатысты экология:

· Биоэкология деп аталатын организмдердің (даралар, бір түрге жататын даралар жиынтығы, биоценездр жән т.б.) бір-бірімен және қоршаған ортамен қатынасын зерттейтін биология бөлімі;

· Әр түрлі деңгейдегі экологиялық жүйелер қызметінің жалпы заңдарын зерттейтін пән;

· Тірі организмнің (адамды қосқанда) мекендейтін ортасын зерттейтін кешенді ғылым;

· Адамдардың шаруашылық қызметі мұқтаждарын қанағаттандыру үшін биосфера ресурстарын тұтынуды шектеу тәсілдері туралы ғылым ретінде бөлінеді. Қоршаған ортаны танып-білуге деген құштарлық сонау адамзат дамуының ақ таңы атқан кезден басталды деуге болады. Алғашқы қауымдастық қоғамның өзінде-ақ адамдар өздерімен бірге қатар өмір сүріп келе жатқан кейбір аңдардың карсылығына тап келгені белгілі. Олардың адамдар жеке-жеке емес, бірлесіп, қауымдасып күрескенде ғана жеңе алатындығына, сөйтіп өздеріне азық етуіне болатындығына көздері жетті. Сондай-ақ мұндай деректер ежелгі египет, үнді, тибет, т.б-да мәдениет ескерткіштерінде сақталған мәлім. Экологияның элементтері с.қ. көнеден келе жатқан халықтардаың эпикалық шығармаларында да кездеседі. Ал Қытайдың біздің дәуірімізге дейінгі 4-2ғғ. Хроникаларында бірқатар өсімдіктердің сорттары туралы сөз қозғалып, олардың пісіліп-жетілу мерзімдері де айтылады.

Дәл осындай мәліметтер антик дүние ғалымдары Гераклиттің (б.д.д. 530-470жж.). Гиппократтың (б.д.д. 460-370 жж.), Аристотельдің (б.д.д. 384-322 жж.) еңбектерінде келтіріліп, экологиялық факторлар қозғалып, талданды. Мысалы, Аристотель өзінің “Жануарлардың тарихы” деп аталатын еңбегінде өзі білетін 500-ден астам жануарлардың атын атап, түсін түстейді, мінез-құлқына талдау жасайды.

Қайта өрлеу дәуіріндегі географиялық жаңалықтардың ашылуы және бұрын белгісіз болып келген жерлердің елдендірілуі, әсіресе биологиялық ғылымның күрт дамуына кең жол ашты. Өсімдіктердің, жануарлардың жерсіну ерекшеліктері, су тасқының орын алу сабаптері туралы ой-пікірлер кеңінен қозғалды. Олар бұл еңбектерін сол аймақтағы “жан-жануарлардың тарихы” деп атады. Танымал ағылшын химигі Р.Бойль (1627-1691) тұңғыш рет экологиялық жағдайларға байланысты тәжірибелерді жүзеге асырды. Ол әр алуан жануарларға төменгі атмосфералық қысымның әртүрлі әсер ететіндігін салыстырмалы көрсеткіштер арқылы дәлелдеп берді.

“Экология” деген терминді ғылымға алғаш рет енгізу неміс ғалымы Э. Геккельдің (1834-1910) еншісіне тиді. Ол экологияға төмендегідей анықтама берді: “Экология деп, біз табиғат экономикасына қатысты барлық білімдерді- жануардың оны қоршаған органикалық және бейорганикалық ортамен, әсіресе оның өзімен тікелей немесе жанама қатысатын жануарлармен және өсімдіктермен өзара ынтымақтастық немесе қастастық әрекеттерінің барлық жиынтығын зерттеуді түсінеміз”.

Экология бастапқы кезде биологиялық ғылымның құрамына еніп, организмдер мен қоршаған ортаның өзара тығыз байланысын ғана зерттеумен шектелген болса, қазіргі кезде экологияның шеңбері одан әрі кеңіп, көптеген ғылымдармен, атап айтқанда, география, геология, аргономия, химия, архитектура, математика, физика, генетика, медицина, қысқасы ғылымның барлық салалармен қоян-қолтық араласып кетті.

Осылай қазіргі заманғы экология-әмбебап, зор қарқынмен дамып келе жатқан, біздің планетамыздың барлық тұрғындары үшін іс жүзінде аса зор маңызы бар іргелі, кешенді ғылым болып саналады. Экология болашақтың ғылымы және адамдардың өзінің өмір сүруі осы ғылымның тікелей үдемелі дамуына байланысты болуы да мүмкін деуге жатады.