Ноосфера

Ноосфера немесе Антропосфера — биосфераның жаңа жағдайға көшкен деңгейі; адамның саналы түрде жүргізген іс-әрекеттерінен туындайтын жер сферасындағы барлық өзгерістер мен олардың дамуын анықтайтын басты фактор;ғаламдағы адамзаттың мекендейтін аясы. Ноосфера – ақыл-ой сферасы деген түсінікті алғаш 1927 жылы француз ғалымдары Э.Леруа (1870 – 1954) мен Тейяр де Шарден Пьер (1881 – 1955) енгізген. XX ғасырдың 30 – 40-жылдары ноосфераны материалистік тұрғыдан сипаттап жазған В.И. Вернадский болды. Ол ноосфераны биосфера мен қоғамның өзара қарым-қатынасынан туындайтын тіршіліктің жаңа формасы, бұл саналы, ақыл-ойы жетілген адамзаттың бағыттауымен қалыптасатын биосфераның жаңа эволюциялық жағдайы деп түсіндірді. Ноосфера – табиғат заңдылықтарының қоғамның ойлау заңдарымен және әлеуметтік-экономкалық заңдылықтармен тығыз байланысып жататын біртұтастығын (бүтіндігін) басқарушы жоғарғы тип. Ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы бұрын игерілмеген жерлерді игеріп, бұрын пайдаланылмай келген табиғат байлықтарын пайдаға асырып қоймай, ғарыш кеңістігін, ғаламшарларды игеруге, ядролық қарулар жасауға мүмкіндік берді.Вернадский ілімінің биік шыңы – ноосфера – сана сезім сферасы туралы ілімі. Бұл ілімінде ол ғаламшар үрдісіндегі тіршіліктің, тірі заттың геологиялық орнын, мәнін ашты. Осы жандылардың ішінен Вернадский адамды ең қуатты геологиялық күш деп бағалады. Сонымен, ноосфера – ондағы зат пен энергия алмасу табиғи үрдістерін қоғам қадағалап отыратын орта.