Озоносфера проблемасы.

Атмосфераның техногенді ластануы озон қабатына да кері әсерін тигізеді. Озон қабатының бұзылуы жерге 0,29 мкм болатын және одан төменгі қысқа толқынды ультракүлгін сәулелердің түсуіне әкеп соғады. Бұл қысқа толқынды ультракүлгін сәулелер биосфераға өте қауіпті: өсімдіктер өледі (ең бірінші дәнді дақылдылар), онкологиялық және көз ауруларының деңгейі жоғарылайды. Озон қабатын бұзатын негізгі заттарға хлор мен азот қосындылары жатады. Хлордың бір молекуласы 105 озон молекуласын, ал азот оксидінің 1 молекуласы озонның 10 молекуласын бұзады. Бұл заттардың қосындыларының атмосфераға түсетін негізгі көздері: ұшақтар (әскери ұшақтар). Олардың шығару газдарының 0,1% азот оксидтері (NO, NO2) құрайды; ракеталар; жанартаулық газдар; фреон қолданатын өнеркәсіптер; атом жарылыстары. Бір «Шаттл» ракетасының космосқа ұшырылуы озоның 0,3 % (100000000т озон) бұзылуымен ұштасады. Бұл жағдайда түзілетін озон қабатындағы тесік ұзақ мерзім бітпейді. 1973 жылы озон қабатының техноген факторларының әсерінен 1% бұзылса, 2050 жылы озон қабатының 10% бұзылады деген болжам айтылуда.

Озон жыртығы, озон тесігі – озоносфера қабатының жарылуы (диаметрі 1000 км-ден астам). Антарктида мен Арктикада ерекше байқалады. Бұл құбылыс 20 ғасырдың 80-жылдарында байқалғанымен, оның пайда болу себебі әлі күнге дейін талас тудыруда. Озон жыртығы табиғи, сондай-ақ антропогендік жағдайларға байланысты, әсіресе өнеркәсіпте және күнделікті тұрмыста озон қабатын бұзатын құрамында хлоры бар хладондарды (фреондарды) пайдалануға байланысты пайда болады деп есептелінеді. Соңғы 20 жылда озон жыртығы аясы ұлғая түсті (жыл сайын 4%-ға). Озон жыртығы арқылы күннің ультракүлгін сәулелерінің атмосфераға еш бөгетсіз өтіп кетуі қоршаған ортаны ластап, ондағы тірі организмдерге қауіп-қатер туғызады. Түрлі вирусты және қатерлі ісік ауруларының көбеюіне әкеледі. Сондай-ақ күннің ультракүлгін радиациясының жоғарылауынан өсімдіктерде жүретін фотосинтез процесі мен протеиннің түзілуі тежеледі. 1985 ж. озон қабатын қорғау туралы Вена конвенциясы, 1987 ж. Монреаль хаттамасы қабылданған. Озон жыртығы алғаш рет 1985 ж. ағылшын зерттеушісі Дж. Фарман байқаған.