Жалпы ережелер

Айналадағы ортаның (биосфераның) табиғи ерекшеліктері жөнінен Республика аумағының жартысынан астамы шөл және шөлейт аймақтарға жатады, ал табиғи-тарихи жағдайлары және табиғатты пайдаланудың қалыптасып отырған негізінен алғанда ресурстық-шикізаттық жүйесі жөнінен өндіруші және ұқсатушы кәсіпорындардың, халық шаруашылығы кешені өнеркәсіп аймақтарының, әскери обьектілердің экологиялық тұрғыдан шетін табиғат жүйелеріне (биогеоценоздар) және оларда тұратын халыққа түсіретін техногендік салмағы төтенше ауыр болып отыр. Соның салдарынан елімізде қолайсыз, ал бірқатар аймақтарда дағдарысты экологиялық ахуал қалыптасып отыр.

Экологиялық дағдарыстың неғұрлым қауіпті көріністері-аймақтық техногендік шөлейттену, топырақтың тозуы, су ресурстарының тартылып, ластануы, атмосфераның ластануы, ормандардың селдіреуі, биологиялық әр алуандықтың тоқтаусыз азайып, тірі табиғаттың генетикалық қорының бүлінуі, тіршілікке қатер төндіретін дүлей табиғи құбылыстар мен өнеркәсіп апаттарының белең алып, қауіпті әрі улы қалдықтардың қордалануы.

Кейбір аймақтарда жағдайдың ауырлығы соншалық, тоқтатуға ырық бермейтін, тежеуге, болашағын пайымдап білуге болмайтын құбылыстар қаупі өсіп келеді және тұрақты табиғат пайдалануды басқару мен сақтап қалуды болжамдау мүмкіндігі де күрт кеміп барады (Арал өңірі, Семей полигоны, Каспий өңірі, Байқоңыр және т.б.).

Қолайсыз экологиялық ахуалды еліміз қазіргі кезде бастан кешіріп отырған экономикалық дағдарыс одан әрі тереңдетіп, әлеуметтік шиеленістің ушығуына итермелеп отыр, ал енді экологиялық және халықтың әлеуметтік проблемаларын шешуді ахуалға сай келетін шаралар қолданбау халықтың денсаулығына залалын тигізумен қатар, әлеуметтік жанжалдар туғызып, халық шаруашылығы дамуының бірсыпыра маңызды бағыттарын тікелей тежеуге әкеліп соғуы ықтимал.

Сондықтан да экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің страгеиялық іргелі бөліктерінің бірі және халықаралық интеграциялық процестердегі елдің мүдделері мен басымдықтарын қорғаудың аса маңызды аспекті болып табылады.

 

Қазақстан БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі ретінде өзі қол қойған, атап айтқанда, «айналадағы ортасы мейлінше шетін елдердің» санаты бөліп көрсетілген (6 принцип) БҰҰ-ның Айналадағы орта мен даму жөніндегі Бүкіл дүниежүзілік Рио-92 конференциясы принциптерінің, БҰҰ-ның 21 ғасырға арналған Күн Тәртібі басымдықтарының, сондай-ақ шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі, биологиялық әр алуандылығы туралы, климаттың өзгеруі туралы халықаралық конвенциялардың еліміз үшін аса өзектілігін ескереді және оларды әлемдік қауымдастық мүшелерінің сақтауының кең ауқымдық, аймақтық және ұлттық экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және осы заманғы өркениет пен әсіресе, нарықтық экономикаға көшу сатысын басынан өткеріп отырған елдердің тұрақты дамуы үшін айрықша маңызы бар деп санайды.

Мұның өзі еліміздің аймақтық және ауқымдық жағынан алғандағы экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған құрылымдық өзгерістер мен өндіріс ұтымдылығының стратегиялық басымдықтарында табиғат пайдаланудың қалыптасқан үрдісінің табиғи, тарихи және географиялық шарттары мен ерекшеліктерін тиісінше ескеру қажеттігін негіздейді.

Экологиялық қауіпсіздіктің осы тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Конституциясының, зандарының және Республиканың өзге де нормативтік құқықтық актілерінің негізінде, Айналадағы орта мен даму жөніндегі Рио-де-Жанейро декларациясы принциптеріне, БҰҰ-ның 21 ғасырға арналған күн тәртібінің, осы саладағы халықаралық конвенциялар мен келісімдердің басымдықтарына сүйене отырып әзірленді және онда:

өтпелі кезеңдік экономикасы бар экологиялық тұрғыдан мейлінше шетін елдің табиғат пайдаланудағы қалыптасқан табиғи-тарихи ерекшеліктері мен шарттары;

елдің ауқымдық және аймақтық интеграциялық процестердегі экологиялық қауіпсіздігі мүдделерін қорғау мен басымдылықтарын сақтауға арналған өтпелі кезеңдегі саяси, құқықтық, экономикалық және әлеуметтік реформалардың ерекшеліктері;

халықаралық қатынастар мен ішкі реформаларда экологиялық қауіпсіздікті және табиғат пайдалану салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз ету;

экологиялық тұрғыдан мейлінше шегін әрі дағдарысты аудандардың халқы мен айналадағы ортасын сауықтыру қажеттігі;

халықтың экологиялық хабардарлығы, әлеуметтік әріптестік және азаматтардың осы салада басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы;

 

халықаралық заңдық және құқықтық нормаларды тану әрі Қазақстанның интеграциялық процестердегі ұлттық мүдделері мен экологиялық қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз ететін әрі басқа елдердің экологиялық мүдделеріне қысым жасау мүмкіндігін жоққа шығаратын құрылымдарды дамыту;

елдің экологиялық қауіпсіздігінің оның тұрақты дамуы мен жалпы ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі іргелі ролі мен орнын тану ескеріледі.

Тұжырымдамада экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ірге қалаушы принциптері, стратегиялық мақсаты, міндеттері мен басым бағыттары қамтылды. Табиғат қорғау құрылымдарының елдің жалпы ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, егеменді мүдделерін қорғаудағы тиісті роліне, функциялары мен мәртебесіне, стратегиялық мақсаттарға жетуге, Қазақстанның ауқымдық және аймақтық интреграциялық процестердегі басым міндеттерін шешуге баса назар аударылды.