Экологиялық талаптар және өтпелі кезеңнің басымдықтары

 

Нарықтық қатынастарға көшу жағдайында экономикалық тұрақсыздық, жекелеген салалар мен өнеркәсіп орындарының өміршеңдігінің бұзылуы, республиканың инвестициялық мүмкіндіктерінің шектеулілігі кезінде экологиялық ахуалдың одан әрі нашарлауына жол бермеу және экологиялық қауіпсіздік пен реформалардың әртүрлі бағыттары жүзеге асырылған кезде адамның өмір сүру жағдайларының жақсаруын қамтамасыз ететін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын белгілеу маңызды. Негізгі басымдықтардың бірі «белгіленсін және жойылсын» принципінен «болжам жасалсын және жол берілмесін» принципіне көшу болуға тиіс, өйткені зардаптарды жою олардың алдын алудан гөрі әрдайым әлдеқайда қымбатқа түседі.

Экологиялық саясат алдын алу шараларын қолдану, «ластаушы төлеуді», «табиғи ресурстарды пайдаланушы төлейді», тұрақты табиғат пайдалану және жауапкершілікті бөлу принциптеріне негізделуге тиіс.

Экологиялық саясаттың басымдықтары айналадағы орта жағдайларын, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік және басқа да факторларды жан-жақты қамтитын талдау негізінде белгіленуге тиіс.

Іс-қимылдың ұлттық жоспары неғұрлым қауырт проблемаларды шешуге бағытталуға тиіс. Бұған қоса, әзірге Арал мен Семей проблемалары сияқты кеңінен жария болмаған, алайда өздерінің көкейтестілігі жөнінен олардан кем түспейтін проблемаларды назарда ұстау қажет. Мұның бәрінен бұрын өндірістік орталықтарға, мұнай өндіру аудандарына, әскери полигондар мен басқа аймақтарға қатысы бар.