ОСЫМША ХАБАРЛАР МЕН МЫСАЛДАР

1. Экологиялық факторлардың әсері тікелей де, жанама жолмен де, яғни аралық буындар арқылы да берілуі мүмкін. Мұның мысалдарын құс базарынан көруге болады. Құс базарында құстар орасан көп мөлшерде шоғырланады. Құстардың осынша тығыз қоныстануын қалай түсіндіруге болады? Бұнда басты рольді биогендік заттар атқарады. Құстардың саңғырықтары суға түседі, судағы органикалық заттарды бактериялар минералдайды, соған байланысты осы жерлерде балдырлар шоғырланады. Бұл өз кезегінде планктонды организмдердің, негізінен шаян тәрізділердің концентрацияларының артуына әкеліп соғады. Шаян тәрізділермен балықтар қоректенеді, ал балықтармен базарды мекендеуші құстар қоректенеді. Демек бұл жерде құс саңғырығы экологиялық фактор ретінде көрінеді. Ол қоршаған орта элементі ретінде бөлшектеуге келмейді, бірақ тікелей емес, әртүрлі экологиялық факторлардың өзара курделі әсерлесу жүйесі арқылы ықпал етеді.

2. Белгілі бір түрге жататын организмдердің тіршілік әрекеттерінің фактор қарқындылығына тәуелділігін эксперимент нәтижесінде байқауға болады.

Мысалы ретінде термоградиенттер, басқаша "температуралық орган" деп аталатын аспаптардың ішіне орнатылған жануарлармен жүргізілген тәжірибені келтіруге болады. Аспап ұзын түтікшеден тұрады. Түтікшенің бір ұшы мұзға, екінші ұшы ыстық суға батырылады, нәтижесінде түтіктің ішінде температура градиенті пайда болады. Түтікшеге шыбын-шіркей немесе өзге бір майда жәндіктер, мысалы, кенелер салынады да, одан соң олардың түтікше бойымен таралу заңдылығы зерттеледі. Жәндіктердің көпшілігі түтіктердің белгілі бөлігінде шоғырланатыны көрінеді. Жануарлар негізінен көбірек шоғырланатын жер температуралық қолайлылық аймағына немесе термопрефендумға сәйкес келеді.