Топырақ-тіршілік ортасы

Топырақ- тірі организмдердің іс-әрекетінің нәтижесінде түзілетін құрлық бетінің өте жұқа қабаты. Топырақтың ішінде өте көптеген микроорганизмдер тіршілік етеді, мысалы, бактериялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдар, құрттар, буынаяқтылар және т.б. Ал ірі жануарлар топырақтан өздерінің жолдарын қазады. Топырақта бүкіл өсімдіктердің тамырлары кездеседі.

Ең негізгі топырақ ортасының ерекшелігі- тіршілігін жойған өсімдіктердің мүшелерінің ыдырауы нәтижесінде үздіксіз органикалық заттардың келуі. Бұл көптеген жануарлар мен саңырауқұлақтар үшін энергияның баға жетпес көзі. Сондықтан топырақ - тіршілікпен қаныққан орта. Топырақ түзілу процесінде топырақта тез қозғалатын жануарлар маңызды орын алады. Олар топырақты қазып, оның аэрациясы үшін жағдайлар жасайды, органикалық және минералды заттарды араластырады. Топырақ организмдері тіршілік ортасымен байланыс жасауына қарай үш негізгі топқа бөлінеді.

Геобионттар-топырақты тұрақты мекендеушілер, яғни олардың барлығы тіршілік (циклі) кезеңдері топырақ ішінде өтеді (жауынқұрт, қанатсыз жәндіктер).

Геофилдер-даму кезендерінің тек бір бөлігін топырақ ішінде өткізетін жануарлар. Оларға көбінесе бунақденелілер: шегіртке, қоңыздар, ұзынаяқты масалар жатады. Олардың дернәсілдері топырақта дамиды, ал ересек түрлері жер үсті тіршілік иелері болып саналады.

Геоксендер-топырақты жасырыну немесе тығылу үшін пайдаланатын жануарлар (індерде болатын тарақан, кеміргіш, сүтқоректілер).