Ылымның қысқаша даму тарихы

Адамзат өзінің дамуының алғашқы қадамдарынан бастап табиғатпен байланысты. Ол барлық уақытта өсімдіктер мен жануарлар әлеміне тығыз байланысты болған, олардың қорларымен және таралу ерекшеліктерімен, аңдардың, балықтардың, құстардың және басқалардың тіршіліктерімен күнделікті есептесуге тура келді. Әрине, ежелгі адамның қоршаған орта туралы түсінігі ғылыми мәнді және барлық уақытта саналы болған жоқ, бірақ уақыт өткен сайын олар экологиялық білімнің жинақталу көзіне айналды.

Қазіргі экологияның қысқаша даму тарихында бірнеше негізгі кезеңдерді бөлуге болады.

1 кезең- экологияны әртүрлі организмдердің бір-бірімен және қоршаған ортамен байланыстарын биологиялық зерттеу деп түсінген кезең.

2 кезең- 20 жылдардың ортасына қарай "экология" термині
организмдер бірлестігін (қоректік байланыс, экологиялық пирамида және т.б.) зерттеуге қолдана бастаған кезең.

3 кезең- 50 жылдардағы ғылымға ғылыми зерттеулердің негізгі бірлігі ретінде қарастырылатын "биоценоз" және "экожүйе" түсініктері енгізілген кезең.

4 кезең- 70 жылдардағы әртүрлі экожүйелер түйісінде болатын облыстар аймақ болып саналатын, ал маңызды экожүйе-биосфераның жете зерттелген кезеңі.

5 кезең - биосфераның құрылуындағы адамның ерекше ролі және оның жауапкершілігі көрінетін соңғы кезең.

Қазіргі ғалымдардың дүниетанымына ежелгі грек ғалымдарының ықпалы зор. Мысалы, Аристотель (б.э.д 384-322ж) «жануарлар тарихы» еңбегінде су және құрлық жануарларын, жүзетін, ұшатын, жорғалаушыларды айырып жазды. Бұл ерекшеліктер тірі организмдерді қоршаған ортаның жағдайларына бейімделу нәтижесінде туатынын сипаттайды.

Сол сияқты, организмдердің құрылысы мен тіршілігі туралы сұрақтар ежелгі философтар мен ойшылдар Теофраст (б.э.д 371-280ж) пен Үлкен Плиний еңбектерінде қарастырылған. Ғалымдар өсімдіктердің сыртқы және ішкі құрылыстарын сипаттап қана қоймай, олардың өсу жағдайларына тәуелділігі туралы жазды. Жануарларды зерттеу олардың мінез-құлқы, іс-әрекеттері, тіршілік орны сияқты хабарлармен толықтырылды.

Белгілі ағылшын химигі Роберт Бойль (1627-1691) ең бірінші экологиялық эксперимент жасады. Ол әртүрлі жануарларға төменгі атмосфералық қысымның әсерін бақылап, нәтижесін жариялады.

Швед ғалымы К.Линней (1707-1778) мен француз табиғат зерттеушісі Ж.Бюффон (1707-1788) еңбектерінде климаттық факторға ерекше мән беріледі. К.Линнейдің «Табиғат экономиясы» және «Табиғаттың қоғамдық құрылысы» еңбектері бар. «Табиғат экономиясында» К.Линней барлық табиғи денелердің қарым-қатынасын түсіндіріп, белгілі заңдармен өмір сүретін табиғатты адам қоғамымен салыстырады.

Экологияның дамуына әсерін тигізетін маңызды бақылауларды 18 ғасырдың 2-ші жартысында Орыс академиясы ғылымдарының ғалымдары экспедициялық зерттеулермен толықтырды. Мұндай экспедицияларды ұйымдастырушылар мен қатысушылар арасынан П.С.Палласты, И.К.Лепехинді С.П.Крашенинниковты және т.б. атауға болады.

Француз ғалымы Ж.Б.Ламарк (1744-1829) өсімдіктер мен жануарлар эволюциясында, организмдердің өзгерістерге бейімделуінің маңызды себебі сыртқы ортаның әсері деп есептеген. Москва университетінің профессоры К.Ф.Рулье (1814-1858) өзінің еңбектері мен лекцияларында тірі организм эволюциясын оқу және жануарлардың дамуын, құрылысы мен тіршілігін түсіндіру оларды қоршаған ортаның өзгерістеріне байланысты екендігін атап көрсетті. Экология ғылымының дамуына белгілі орыс зоологы Н.А.Северцовтың (1827-1885) да қосқан үлесі зор.

Экологиялық ойлардың дамуына ұлы ағылшын ғалымы, органикалық әлемнің эволюциясы туралы ілімнің негізін қалаушы Ч.Дарвиннің (1809-1882) де еңбегі зор. Ч.Дарвиннің тіршілік үшін күресу туралы қорытындысы экологияның өзекті мәселелерінің біріне жатады.

Неміс биологы Эрнест Геккель (1834-1919) «экология» терминін 1866 жылы ұсынды. Бұл ғылымға ғалым мынадай анықтама берді: «Бұл табиғаттың экономикасын тану, органикалық және ортаның бейорганикалық компоненттерімен тірінің барлық және сонымен қатар бір-бірімен қатынаста болатын жануарлар мен өсімдіктердің антагонистік және антагонистік емес қарым-қатынастарын бір уақытта зерттеу. Бір сөзбен айтқанда, экология – тіршілік үшін күрестің шарты ретінде Дарвин қарастыратын табиғаттағы барлық күрделі қарым-қатынастар мен өзара байланыстарды зерттейтін ғылым.

Экология ғылымы өткен ғасырдың басында өз алдына ғылым болып қалыптаса бастады. XX ғасырда экологияның дамуына әлемдік белгілі ғалымдар К.А.Тимириязев (1843-1920), В.В.Докучев (1846-1903), Ф.Клементс (1874-1945), В.Н.Сукачев (1880-1967) және т.б. қосқан еңбектерді айтуға болады.

XX ғасырдағы көрнекті орыс ғалымы В.И.Вернадский (1868-1945) биосфера туралы ғылымды дамытты. Ол біздің планетамыздағы геохимиялық процестерде тірі организмдердің атқаратын ролін атап көрсетті.

В.И.Вернадский өмірінің соңында биосфераның адам іс- әрекеттерімен тығыз байланыстылығы туралы қорытындыға келді. Осы іс-әрекеттерден биосфераның құрамының тепе-теңдігінің сақталуы тәуелді. Ол ноосфера деген жаңа түсінік енгізді. Ноосфераның мағынасы ойлаушы қабықша, яғни ақыл-ой сферасы.

ХХ ғасырдың екінші жартысында қазіргі ғылымның өзінше «экологизациялануы» жүзеге аса бастады. Бұл экологиялық білімнің зор ролін сезінумен байланысты, яғни адамның іс -әрекеті қоршаған ортаға жай зиян ғана әкелмейді, бірақ оған келеңсіз әсер ете отырып, адамдардың өмірінің жағдайын өзгерте отырып, адамзаттың өз тіршілігіне қауіп туады.

Сондықтан адамның қоршаған ортаға әсері қалай жүзеге асатынын міндетті түрде түсіну және экологиялық дағдарысты болдырмайтын жағдайлардың өзгеру шегін табу қажет. Сонымен экология табиғи қорларды тиімді пайдалану үшін теориялық негіз болуда.