Популяцияның демографиялық құрылымы

Популяцияның жыныстық және жас ерекшелік құрамын сипаттауды демография деп атайды(«демос»-халық, «графо»-жазамын, суреттеймін). Белгілі бір популяция жас ерекшелігі әр түрлі особьтардан тұрады. Топтардың жас ерекшелік және жыныстық қатынасы популяцияның өсу қарқындылығы мен тіршілікке бейімдеушілігін және оның құрылымының маңызды сипаттамасы болып табылады.

Жас өскен сайын кез келген особьтарда заңды түрде қоршаған ортамен байланыс сипаты және бөлек факторлардың әсеріне төзімділігі өзгереді. Мысалы, инеліктердің дернәсілі - суда реактивті қозғалатын су организмдері, ал ересектері қалқып ұшатын жер - ауа организмдері. Көбелектер метаморфоздан кейін қоректенудің кеміруші түрінен сорушы түріне, жылжымалы қозғалыстан ұшуға ауысады. Сонымен қатар, экологиялық ерекшелігі жағынан аналығы мен аталықтарының да айырмашылығы бар. Мысалы, аталық масалар гүлдердің нектарын сорса, аналықтары омыртқалы жануарлардың қанымен қоректенеді.