Аутэкология(грекше autos- өзі)қоршаған ортада организмдердің тіршілік шегін анықтайды және әрбір организмнің қоршаған орта жағдайына бейімделушілігін, орта факторларының әсеріне организмнің жауап беру реакциясын зерттейді. Аутэкология терминін ғылымға 1896 жылы Швейцар ботанигі К.Шретер енгізген.
Экология тірі жүйелердің өзара және қоршаған ортамен байланысын зерттейтін ғылым екені белгілі. Аутэкология тірі жүйе ретінде бөлек, дара организмдерді, ал орта ретінде барлық оны қоршайтындарды қарастырады.
Әрбір организмнің ортасы оны қоршаған көптеген органикалық және бейорганикалық элементтері және шаруашылық нәтижесінде түзілген.Кейбір элементтер организмге қажетті, кейбіреулерінің қажеттілігі жоқ, ал үшіншілері зиянды әсерін тигізеді. Мысалы, ормандағы ақ қоян ауамен, сумен, қорекпен-белгілі-бір қарым-қатынаста болады, бұларсыз қоян тіршілік ете алмайды. Ағаш діңі, түбіртегі, топырақтың төмпешігі—оның өміріне әсер етпегенмен, қоян олармен уақытша қарым-қатынаста болуы мүмкін, бірақ ол міндетті түрдегі байланыс емес. Ал жыртқыштармен немесе табиғат апаттарымен (өрт, су тасқыны) кездесу қоян үшін қайғылы аяқталуы мүмкін.
Қоршаған ортаға барлық табиғи орта және техногенді орталар жатады. Табиғи орта - Жер бетіндегі адамдардың байланысынсыз пайда болған және бұрынғы ұрпақтардан қалған орта. Техногенді орта- адамның көмегімен түзілген орта.
"Қоршаған орта" түсінігін экологияға биолог Я.Юкскюл (1864-1944) енгізген. Ол, тірі организм мен олардың тіршілік ортасы, субъект және обьектінің (кім, нені, кімді зерттейді) бір-бірімен өзара байланысты және олардың барлығы бір жүйені -қоршаған ортаны түзеді деп есептеген. Қоршаған ортаға организм бейімделу процесінде оның элементтерімен байланысып және одан әртүрлі заттар, энергия, ақпараттар қабылдайды және береді.