Биоценоздардың төзімділігі

Биоценоздағы пайда болатын өзгерістер тіршілік ететін түрлердің төзімділігіне байланысты. Мысалы, бір бәсекелеуші түр басқа түрді ығыстырса, егер осы түр көп санды басым түрге жатпаса, онда биоценозда күрделі өзгерістер болмайды.

Аз санды түрлер- биоценоздың әлсіз бөлігі. Олардың популяциясы өміршеңдіктің шегіңде жиі орналасады. Сондықтан олар биоценоз құрамынан бірінші кезекте биоценоздың жағдайын нашарлататын антропогендік әсерлерден жойылып отырады.

Белгілі бір уақыттарға дейін сирек немесе аз санды түрлердің жойылуы биоценоздағы негізгі биоценотикалық байланыстарды онша өзгертпейді. Адамның жүруіне, таптауына, гүлдер мен жемістерді жинауына қарамастан, үлкен қала жанындағы шыршалы ормандар ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, тіпті қайта қалпына келеді. Мұндай ормандардың құрамы кедей, ал төзімділігі байқаусыз біртіндеп әлсірейді. Әлсіреген, кедей орман биоценозы сырт қарағанда айтарлықтай емес себептерден аз уақыт ішінде тез арада бұзылуы мүмкін. Мысалы, топырақ организмінің төменгі белсенділігі немесе жетіспеушілігінен түскен жапырақтардың жиналуы, минералды қорек қорларының азаюы нәтижесінде ағаштар әлсіреп, жаппай зиянкестердің әсеріне ұшырап, өледі.

Биоценоз құрамынан негізгі орта түзуші түрлердің жойылуы бірлестіктің ауысуына және бүкіл жүйенің бұзылуына соқтырады. Табиғатта ормандарды кесу, малдарды көп жаю, су қоймасындағы балықтарды көптеп аулау сияқты өзгерістер адамдардың іс-әрекеті нәтижесінде жиі болып тұрады.

Бірлестіктің төзімділігінің кенеттен бұзылуы- ішкі байланыстары біртіндеп әлсірейтін барлық күрделі жүйелерге тән қасиет. Бұл заңдылықтарды білу- табиғи биоценоздарды қолдау және жасанды бірлестіктерді құрастыру үшін өте қажет. Бірін-бірі толықтыратын және бірге тіршілік етуге бейімделетін аз санды түрлердің пайда болуына мүмкіндік беретін бірлестіктің күрделі түрлік және кеңістіктік құрылымдарын құрайтын жағдайларды ескеріп, оларды даланы, орманды қалпына келтіруде, бақтарды отырғызуда басшылыққа алу керек.

Сонымен, биоценоз деп- тірі организмдердің бір жерде бір-бірімен өзара байланыста тіршілік ететін экологиялық топтарды атайды.