Бастапқы өнімілік және биомассаның әлемдік таралуы

Тірі заттың жалпы биомассасы әртүрлі есептеулер бойынша, 1800- 2500 млрд тоннаны құрайды. 90 %–тен астамы жерүсті өсімдіктер биомассасына, қалғаны су өсімдіктері мен гетеротрофты организмдердің биомассасын құрайды. Сондықтан жердің тірі затында негізгі орынды құрлық өсімдіктері алады. Автотрофты организмдердің географиялық таралуы жылу мен ылғалдылыққа байланысты біркелкі емес. 650 т/га жететін фитомассасының негізгі қоры (53%) тропикалық аймақтарға келеді. Полярлы және шөлді жерлерде фитомасса қоры 12% құрайды, әдетте оның өнімділігі 12 г/га аспайды.

Құрлықтың гетеротрофты организмдерінің биомассасын негізінен жануарлар биомассасын (зоомасса) құрайды. Олар өсімдіктер биомассасынан бірнеше есе аз. Әртүрлі биогеоценозда барлық биомассаның 0,05-5% дейін зоомасса құрайды. Бұл жағдайда топырақ микроорганизмдері мен омыртқасыздардың биомассасы жоғары, ал жалпы зоомассада жерүсті омыртқалылардың үлесі 0,2-4%.

Толығымен биосферада өтетін процестерді реттеуде биомассасы аз болса да, құрлық жануарлары маңызды роль атқарады. Мысалы, шегіртке тобыры немесе киік үйірі үлкен аудандағы өсімдіктер әлемін жояды. Топырақтың құнарлығын жоғарылататын жауын құртының топырақ түзуде маңызы зор.

Құрлық биомассасына қарағанда, әлемдік мұхиттың биомассасы анағұрлым аз. Бұл жерде өсімдіктер мен жануарлар биомассасы қорының қатынасы басқаша. Фитомасса (балдыр және фитопланктон) барлығы небәрі 0,2-0,3 млрд т құрайды, ал бұл уақытта зоомасса 5-6 млрд т-ға жетеді.

Мұхит фитомассасының мөлшері қоректік немесе биогенді заттар мөлшерімен шектеледі.

Биологиялық өнімділік биомассамен қатар, тірі заттардың маңызды сипаттамасы болып саналады. Жерүсті өсімдіктерінің жалпы жылдық өнімділігі шамамен 180-200 млрд т-ға бағаланады. Оның негізгі бөлігі тропикалық белдеуге келеді. Мұхиттың биомассасының жылдық өнімділігі 50-100 млрд т-ны құрайды. Сонымен мұхит Жер шарының 2/3 бөлігін алса да, ол барлық биосфера өнімділігінің 1/3-ін ғана береді.

Кез келген биоценозда қоректік тізбектің реттілігі мен өнімділігін бағаласақ, біз алдыңғылармен салыстырғанда, әрқайсысы 10 есе кем болатын кемитін сандардан тұратын қатар шығады. Бұл қатарды үшкір төбесі бар кең негізді пирамида түрінде графикпен көрсетуге болады.