Экологиялық факторлар. Экологиялық факторлардың әсер ету заңдылықтары

Өзінің тіршілік ету ортасында кез келген организм экологиялық факторлар деп аталатын сыртқы орта компоненттерінің әсеріне ұшырайды. Жарық, жылу, топырақтағы немесе судағы тұздардың концентрациясы, ауру тудырушылар және жел, радиоактивті сәулелер, қысым және т.б.-бұлардың барлығы экологиялық факторлар.

Экологиялық факторлар- тірі организмдерге олардың жеке дамуының бір ғана кезеңінде болса да тікелей немесе жанама әсер ете алатын, ортаның кез-келген әрі қарай бөлшектенбейтін элементі.

Экологиялық факторлар дәстүрлі 3 топқа: абиотикалық, биотикалық, антропогендік болып бөлінеді.

Абиотикалық фактордың құрамына тірі организмдерге әсер ететін қоршаған ортаның- табиғаттың өлі факторлары (температура, қысым, радиациялық фон, ылғалдылық, жарық, атмосфера, тұщы және ащы су, топырақ құрамы және т.б.) кіреді.

Биотикалық факторларға особьтар мен түрлердің, яғни тірі организмдердің бір-бірімен өзара әсерлерінің әртүрлі формалары (жыртқыштық, бәсекелестік, паразитизм және т.б.) жатады.

Антропогендік факторларға адамның іс-әрекеттерінің (атмосфераға зиянды заттар шығару, топырақ қабатын бұзу, гидросфераның ластануы, табиғи жайылымдарды бүлдіру т.б.) қоршаған ортаға әсерінің жиынтығы жатады.

Экологиялық факторлар табиғаты жағынан қаншалықты әр алуан болмасын, олардың әсерінің нәтижелері әрқашанда организмдердің тіршілік әрекеттерінің өзгерістері арқылы байқалады, ал бұл ақырында, популяция санының өзгеруіне әкеліп соғады. Әртүрлі экологиялық факторларға организм әртүрлі жауап береді. Соған қарамастан қоршаған ортаның кез келген факторларына жауап беру реакциясы бағынатын кейбір жалпы заңдар бар.