Сурет. Алғашқы экологиялық сукцессия

 

Ал екінші немесе қайталанған сукцессия-бұрын тірі организмдердің әсеріңде болған және органикалық заттары бар толығынан немесе белгілі бір дәрежеде өсімдіктерден айрылған беткейден басталады. Мысалы, өртенген жерлер немесе кесілген ормандар. Топырақта бұл жерлерде сукцессияға әсер ететін түқымдар, споралар және вегатативті көбеюдің мүшелері сақталуы мүмкін.

Қайталанған сукцессияның мысалы ретінде шыршалы орманның қайта қалпына келуін алайық. Ағаш дайындаудан соң немесе өртенгеннен кейін шыршалы орман өскен жердегі жағдайлардың өзгеретіндігі соншалық, босаған алаңға шырша қайта қоныстана алмайды. Өніп шыққан жас шырша өскіндері ашық жерлерде көктемгі үсіктерден зақымдалып, жазғы ыстықтардан зардап шегеді, сөйтіп жарық сүйгіш өсімдіктермен бәсекелесе алмайды. Алғашқы екі жыл бойы ағашы шабылған жерлер мен өртеңдерде шөптеген өсімдіктер-айрауық, күреңот және т.б. қаулап өседі. Көп кешікпей тұқымдары желмен таралатын қайыңның, көк теректің, кейде қарағайдың толып жатқан жас өскіндері пайда болады. Ағаштар шөптесін өсімдіктерді ығыстырып, бірте - бірте ұсақ жапырақты немесе қарағайлы орман түзеді. Сонда ғана шыршаның қайта өсе бастауы үшін қолайлы жағдайлар туады. Көлеңкелеуге төзімді шырша өскіндері жарық сүйгіш жапырақты ағаш түрлерінің жас шыбықтарымен тайталаса өседі. Шыршаның бойы жоғарғы қабатқа жеткенде, ол жапырақты ағаштарды толық ығыстырып шығарады. Негізінде май қарағайлы, самырсынды, Солтүстік қылқанды орманның сукцессиясы да осылайша жүреді.

Алғашқы сукцессия, сол сияқты қайталанған сукцессияда да қоршаған ортаның флорасы мен фаунасы- кездейсоқ таралу және миграция нәтижесінде сукцессияға енетін өсімдіктер мен жануарлардың типін анықтайтын негізгі фактор болып саналады.

Қоршаған ортамен тепе-теңдікте болатын, өздігінен қалпына келетін тұрақты, шегіне жеткен бірлестік-климаксты деп аталады. Климакс (грекше - саты) – осы орта жағдайларында экожүйе дамуының соңғы тұрақты жағдайы. «Климакс» терминін ғылымға 1916 жылы Ф.Клементс енгізген.

Тіршілік орнында түрлердің әртүрлі популяцияларының пайда болуы мен жойылуының белгілі бір реттілікпен жүретін маусымдық емес және заңды процесі- экологиялық сукцессия деп аталады.