Азияның оянуы.

 

ХХ ғ. басында әлемді территориялық бөліске салудың аяқталуы монополистік капитализмге дейінгі отарлық жүйенің империализмнің отарлық жүйесіне түпкілікті айналуымен сипатталады. Империализм отарлық жүйесінің басты және шешуші ерекшеліктері дүниежүзін жайлап, әлемдік капиталистік шаруашылықтың бөлінбес бөлігі болып саналды. Жартылай отар өздерінің әлеуметтік-экономикалық құрылысы бойынша отардан ерекшелігі жоқ.

Әлемнің көптеген елдерін отарға және жартылай отарға айналдырып, монополиялар қатаң қанаушылықтың жолдары арқылы тәуелді елдерді езгіге түсіріп, олардан пайда тапты. Отар елдерге капитал тарту әртүрлі түрде жүрді. Соның бірі империалистік держава банктерінің қарыздар беруі. Мысалы Үндістанда қарыздар туралы келіссөзге отарлық үкімет қол қойғанмен, халықтардан алынған салық есебінен төленді. ХХ ғ. басында отар елдер метрополия фабрикалық өнеркәсіптерінің өнімдерін өткізетін рыноктарға айналды. Сонымен қатар осы кезең жаңа теңқұқықсыз келіссөздеріне қол қойылумен де сипатталды.

Азия және Африка елдерінің одан ары қарай капиталистік өнеркәсіптер үшін шикізат көзіне айналуы натуралды шаруашылық негізін үзді. Қанаушылар өздерінің отарларына қандай ауыл шаруашылық дақылдарын егу керектігін өздерінің қажеттілігі бойынша анықтап, жүргізді. Көптеген тәуелді елдер бір дақылды егуге жұмылыдрылып, қалғандарына зиян келтірді.

Отар және тәуелді елдерге капиталды құюдың негізгі объектісі темір жолдарды және әскери-стратегиялық маңызы зор телеграф жүйелерін салу болды. Сондай-ақ отар және тәуелді елдерде шетел өндіріс өнеркәсіптері ашылды. Отаршылдар ашық және жабық түрдегі шикізат көздерін иеленді.

Осындай мақсатта монополиялар берген әртүрлі концессиялар кеңінен тарады. Мысалы: Қытайда державалар өздерінің үкіметін, соттары мен полициясын ұстады. Мұнай, көмір, рудалар мен түрлі түчті металдар, фосфаттар шетел монополиясының қолына өтті. Мұнай компаниялары араб елдеріндегі, Ирандағы, индонезиядағы басты мұнай аудандарын басып алды.

Шетел компаниялары тек ішкі рынокты ғана емес, сондай-ақ Шығыс елдерінің сыртқы саудасын да басып алды. Сыртқы сауда қатынасында отаршылдар мен тәуелді елдер арасында теңдік жүйесі болмады. Дайын өнімдерге қойылған төменгі баға отаршылдарға айтарлықтай табыс әкелді. Отар және жартылай отар халықтары тоналды.

Барлық кедендік саясатты отаршылдар бақылады. Американдықтар Филлиппинада, француздар Вьетнамда, ағылшындар Үндістанда және Египетте өздерінің кедендік және темір жол тарифтерін енгізді.

ХХ ғ. басынан бастап Азия және Африка елдерінің дамуындағы негізгі мәселелердің бірі олардың батыс отаршыл капиталының дәстүрлі қатынасымен өзара әрекеті. Кейбір Шығыс елдері батыс елдерінің ашық агрессиясынан сескеніп, өздерінің теңіз және темір жолдарын жаба отырып, шетелдіктермен сыртқы сауда қатынасын орнатудан бас тартты.

ХХ ғ. І жартысында Шығыс елдерінің саяси процессі ауыр сипатқа ие болды. ХІХ ғ. аяғы және ХХ ғ. басы тек отарлық басқыншылықпен ғана емес, сонымен қатар державалар арасындағы шиеленістермен де сипатталды. Мысалы: испан-американ, ағылшын-бур және орыс-жапон шиеленістері.

Жалпы, Шығыс елдерінің сана-сезімі қалыптасып, отаршылдарға қарсы ұлт-азаттық көтерілістер бой көтере бастады. ХХ ғ. Қиыр Шығыста халықтық көтерілістерді шетел империалистері аяусыз басып тастап отырды.