Ықтық қатынастардың субьектілері мен обьектілері

Құқықтық қатынастар — құқыққа байланысты, құқық негізіндегі қатынастар. Құқықтық қатынастарға мынадай белгілер тән. 1) Құқықтық қатынас — бұл қоғамдық қатынас, былайша айтқанда, адамдардың арасындағы қатынас және олардың іс-әрекетімен, мінез-құлқымен тікелей байланысты. Меншік иесінің өз заттарына хақысы бар, бірақ бұл құқықтарды ол басқа адамдармен қатынас жасағанда жүзеге асырады. 2) Құқықтық қатынас тек қана адамның мінез-құлқына құқықтық норма әсер еткенде пайда болады. Құқықтық норма мен құқықтық қатынас арасында бұлтартпастық байланыс бар, өмірде тек қана құқықтық нормада көрсетілген құқықтық қатынас пайда болады. Кейде заңда көрсетілмеген жағдайда да қатынас құқықтық сипатқа ие болуы мүмкін. Мысалы, құқықтық ұқсастық болған жағдайда құқықтық норма өзінде тікелей көрсетілмеген қатынастарға қолданылады. 3) Құқықтық қатынас — субъективтік құқықтар мен міндеттер арқылы пайда болатын адамдар арасындағы байланыс. Субъективтік құқыққа ие болушы соны пайдалана алатын тұлға, ал құқықтық міндет жүктелген сол міндетті орындауға тиіс тұлға. Құқықтық қатынаста хақысы бар тұлға және міндеті бар тұлға болады; адам, ұйым, мемлекет органы. 4) Құқықтық қатынас — ерікті қатынас.

Құқықтық қатынастардың құрамы бірнеше бөліктерден: құқық субьектісінен, субъективтік құқықтан, заңды міндеттен, құқықтық қатынас объектісінен (затынан) тұрады.

Құқық субъектісі — заңды және жеке тұлға. Заңды тұлғаларға жататындар мемлекет органдары, қоғамдық бірлестіктер, т.с.с. Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлкімен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Қазақстан Республикасының азаматтары, шет ел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып саналады.

Субъективтік құқық — тұлғалардың мүдделерін қанағаттандыру үшін оларға белгілі шекте әрекет жасауға берілген құқықтық мүмкіндік. Мұндай мүдделер заңды деп танылады. Сол заңда белгіленген шек аясында тұлға өз мүддесін қанағаттандыру үшін түрлі іс-әрекет жасайды. Жеке тұлға еңбек етуге, білім алуға, меншікке ие болуға, үйленуге хақылы. Сондай-ақ заңды тұлғалар да заңда рұқсат етілген шеңбер аясында әрекет жасай алады. Өзіне берілген құқықты пайдалана ма, жоқ па, ол тұлғаның өз еркі.

Заңды міндет — заң белгілеген әрекетті істеу немесе істемеу шарттары. Мұндай міндет басқа тұлғаның мүддесін қанағаттандыру үшін жүктеледі. Заңды міндеті бар тұлға оны өз еркімен орындамаса, оған мемлекеттің мәжбүрлеу күші қолданылады. Мысалы, ата-ана өз баласын асырап, бағып, тәрбиелеуге міндетті. Егер бүл міндетін орындамаса, заңда белгіленген шара қолданылады. Міндет заңды тұлғаларға да жүктеледі.

Құқықтық қатынастың объектісі (заты) — табиғат құбылыстары мүліктік, өзіндік мүліктік емес игіліктер. Субъективтік құқық пен заңды міндеттер аталған объектілерге бағытталған болып келеді.