Конституциялық құқықтық нормалар және олардың түрлері.

Конституциялық құқықтық норма – бұл конституциялық құқықтың пәні болып табылатын қатынастарды реттеп, бекітетін жүріс-тұрыс ережесі. Ол конституциялық құқықтық қатынасқа қатысушылардың жүріс-тұрысын анықтайды. Конституциялық құқықтық нормалардың негізгі нышандары болып келесілер табылады:

- Конституциялық құқықтық норма – жалпыға міндетті ереже, яғни ол тұлғалар мен түрлі ұйымдарға қоса мемлекеттің өзі үшін де орындалуы міндетті болып табылады.

- Конституциялық құқықтық норма – нысанды анықталған ереже, яғни олар белгілі бір актінің нысанында шығарылады (мысалы, жарлық, қаулы, заң т.б.).

- Конституциялық құқықтық норма – нақты анықталған жүріс-тұрыс ереже. Бұл оның нақты құқықтар мен міндеттерді, жүріс-тұрысты белгілейтіндігін анықтайды.

- Конституциялық құқықтық норма – мәжбүрлі ереже, яғни оның орындалуы мемлекеттің ықпалымен, мәжбүр ету күшімен қамтамасыз етіледі.

Конституциялық құқықтық нормалардың өзге құқықтық нормалардан ерекшеліктері:

- конституциялық құқықтық нормалардың негізінде белгілі бір құқықтық қатынастардың түрі пайда болады.

- конституциялық құқықтық нормалар реттеу пәні бойынша ерекшеленеді. Яғни, конституциялық құқықтың нормалары ерекше сипаттағы, негізгі, фундаменталдық қатынастарды реттейді.

- қайнар көздері (бастаулары) бойынша ерекшелінеді, яғни конституциялық құқықтық нормалар басқа құқықтық нормаларға қарағанда мемлекеттің негізгі заңы – Конституцияда көбірек белгіленген. Тиісінше заңи күші де көбінесе жоғарырақ болып келеді;

- конституциялық құқықтық нормалар бірнеше бағытты қамтуға арналған.

- конституциялық құқықтық нормалар құрылымына қарай ерекшеленеді. Нақты айтсақ, конституциялық құқықтық нормаларда өзге құқықтық нормаларға қарағанда санкция өте сирек кездеседі.

- конституциялық құқықтық нормалар көбіне нақты реттеушілік емес, жалпы реттеушілік сипатта болады. Мұнда мақсат, міндет, анықтама, мәртебе, қағида нормалары көп болады.

- конституциялық құқықтық нормаларға құрылтайшылық немесе ұйымдастырушылық сипат тән.

Конституциялық құқықтық нормалардың түрлері:

1) мазмұны немесе пәні бойынша:

- конституциялық құрылыс негіздерін бекітетін нормалар;

- жеке адамның құқықтық жағдайының негіздерін бекітетін нормалар;

- мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің қағидаларын бекітетін нормалар;

- жергілікті өзін-өзі басқарудың ұйымдастырылуы негіздерін бекітетін нормалар.

2)заңи күші бойынша:

- конституциялық - конституцияда көрініс тапқан нормалар

- субконституциялық - конституциядан өзге актілерде, яғни заңдарда, Президенттің жарлықтарында, Парламенттің қаулыларында, Үкіметтің актілерінде, орталық және жергілікті атқарушы органдардың актілерінде, маслихаттың шешімдерінде, Конституциялық Кеңестің қаулыларында және т.б. көрініс тапқан нормалар.

3)әрекет ету аумағы бойынша:

- республикалық - республиканың бүкіл аумағында әрекет ететін нормалар;

- жергілікті - республиканың белгілі бір аумағының шегінде әрекет ететін нормалар.

4)құрамында көрсетілген ережелердің сипатына байланысты:

- өкілеттік (құқық) беруші нормалар - субъектіге (мемлекеттік органға, қоғамдық бірлестікке, азаматтарға) қандай да бір жағымды әрекет жасауға құқық беретін нормалар;

- міндет жүктеуші нормалар - адамдардың, қоғамдық бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың белгілі бір жағымды әрекеттер жасау жауапкершілігін, міндеттілігін белгілейтін нормалар;

- тиым салушы нормалар - қандай да бір әрекеттерді жасауға болмайтындығын белгілейтін нормалар.

5)құрамындағы көрсетілген ережелердің анықталғандық, нақтылық дәрежесіне байланысты:

- императивтік нормалар;

- диспозитивтік нормалар;

Императивтік нормаларға өте бір қатаңдық, өктемдік тән, оның орындалуы біржақты өктем болып келеді. Мысалы, заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады /35бап/. Ал, диспозитивтік нормаларда құқықтық қатынасқа түсушілерге белгілі дәрежеде еркіндіктер беріледі.

6)құқықтық реттеу механизміндегі атқаратын рөлі бойынша:

- жалпы – анықтама, қағида, мақсат, міндет нормалары;

- материалдық - мемлекеттік органдардың және басқа да субъектілердің қызметтерінің негіздерін, олардың құқықтық мәртебелерін, құзыреттерін, құқықтарын т.б. жағдайларын айқындайтын нормалар;

- процессуалдық - материалдық норманың жүзеге асырылу процедурасын белгілейтін нормалар.