Азаматтық қоғам.


Құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі азаматтық қоғамның орнығуы болып табылады.

Азаматтық қоғам дегеніміз имандылық, өнегелік, діни, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасылық қатынастар мен институттардың жиынтығы, осылардың көмегі арқылы жеке адамдар мен олардың топтарының мүдделері қанағаттандырылады.

Азаматтық қоғам құқықтық мемлекеттің негізі болып табылады. Азаматтық қоғам болмаса құқықтық мемлекет те болмайды.

"Азаматтық коғам" ұғымын өткен замандардың ұлы ойшылдары Аристотель, Цицерон, Г.Гроций, Т.Гоббс, Дж.Локк, Гегель, К.Маркс және т.б. тұжырымдаған болатын.

Азаматтық коғамның негізгі идеясы адамның қоғамдағы басымдылық идеясы, адамның дербестік идеясы, өз әрекеттерін құқықты құрмет тұта отырып, ең алдымен өнеге мен имандылық қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асыруға қабілетті болу идеясы. Сонымен бірге, азаматтық қоғамның болмысына мемлекет араласпауы тиіс, ал оның араласуы тек құқық бұзушылық болған жағдайда ғана болуы мүмкін.

Егер де азаматтық коғамның толық сипаттамасын жасауға талпынар болсақ, онда – азаматтық қоғам дегеніміз нақты адамға арнайы бағытталған, оның бойында құқықтық дәстүрлер мен заңдарға, жалпы ізгілік, имандылық, өнегелік идеяларына (мұраттарына) құрмет сезімін тудыратын, шығармашылық және кәсіпкерлік істер азаттығын (бостандығын) қамтамасыз ететін, ондай істерде сәттілікке жетуге мүмкіндіктер жасайтын, адам мен азамат құқықтарын жүзеге асыруда мемлекет әрекеттерін шектеу мен қадағалаудың тетіктерін (механизмдерін) табиғи түрде байланысты етіп жасайтын азат демократиялық құқықтық қоғам.

Азаматтық қоғам құрылым ретінде мына жүйелерден тұрады:

а) әлеуметтік;

б) экономикалық;

в) саяси;

г) рухани-мәдени;

д) ақпараттық.

Бұдан да толығырақ алғанда азаматтық коғамның күрылымы мынадай бөліктерден тұрады:

1. Мемлекеттік емес, әлеуметтік-экономикалық қатынастар мен институттар (меншік, еңбек, кәсіпкерлік).

2. Мемлекетке тәуелді емес өндірушілер (жекеше фирмалар мен т.б.).

3. Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер.

4. Саяси партиялар мен қозғалыстар.

5. Тәрбие беру аясы мен мемлекеттік емес білім беру.

6. Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары.

7. Отбасы.

8. Шіркеу, мешіт, және т.с.с.

Азаматтық қоғамның белгілері:

- адам және азаматтың құқықтары мен бостаңдықтарын ең толық түрде қамтамасыз ету;

- өзін-өзі басқаруы;

- оны құрайтын құрылымдар мен ондағы түрлі халық топтары арасында болатын бәсекелестік;

- қоғамдық пікірдің еркін түрде қалыптасуы және көппікірлілік (плюрализм);

- бүкіл жалпылык хабардар болу және ең алдымен ақпарат алуға адам құқықтарынын іс жүзінде жүзеге асырылуы;

- адамдардың тіршілік етуін қоғамның үйлестіруі (координация-келісімділік) қағидатына негізделеді (мемлекеттік аппаратта қызмет ету субординация қағидатына қарай құрылған. Бұл қоғамдағы болмыстың ұйымдастырылуынан айырмашылығы);

- экономиканың көп құрылымдығы (көп укладтығы);

- биліктің легитимділік пен демократиялық сипатта болуы;

- құқықтық мемлекет;

- мемлекеттің адамдарға лайықты деңгейде өмір сүруіне қажетті жағдайды қамтамасыз ететін пәрменді әлеуметтік саясатының болуы және т.б.

Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қалыптасуы енді ғана басталуда. Сондықтан да көптеген келелі мәселелер туындау үстінде, бұлардың шешімін табу мемлекетке, қоғамға және де нақтылап айтқанда әрбір адамға байланысты


.