Мемлекет нысаны (басқару нысаны, мемлекеттік құрылым, саяси режим).

Мемлекет нысаны деп мемлекеттік билікті ұйымдастыру мен оның құрылымын айтады.

Мемлекет нысаны, яғни мемлекеттік биліктің құрылымы, оны ұйымдастыру мағынасы жағынан алып қарағанда әртүрлі аспектілер түрінде көрінеді. Біріншіден - бұл мемлекет пен басқарудың жоғарғы органдарын құру және ұйымдастырудың белгіленген тәртібі. Екіншіден - бұл мемлекеттің аумақтық құрылысын жасаудың тәсілі, орталық регионалдық және жергілікті билік пен басқарулардың өзара қатынастарын белгілеудің тәртібі. Үшіншіден – бұл мемлекеттік (саяси) билікті жүзеге асырудың әдістері, амалдары мен жолдары. Сонымен мемлекет нысаны негізгі үш элементтен, атап айтқанда: мемлекетті басқару нысаны, мемлекеттің құрылым нысанынан және мемлекеттік, саяси режим нысанынан синтезделеді (түзіледі). Осы көрсетілген мемлекет нысаны жөніндегі түсінік бірден қалыптаспаған. Ұзақ уақыттар бойы бұл түсінік басқару нысаны мен мемлекеттік құрылым нысанынан тұрады деп есептелініп жүрді де, кейінірек оған саяси режим, саяси өзгермелілік (динамика да) те қоса қарастырылатын болды.