Мемлекетті басқарудың нысаны

Басқару нысаны ұғымын пайымдағанда мемлекеттік ең жоғарғы биліктің ұйымдастырылуы түсініледі. Әсіресе оның ең жоғарғы және орта органдарының ұйымдастырылуы, олардың құрылымы, құзыреттері, құрылуының тәртіптік реті, өкілеттіктерінің мерзімі, халықпен қатынасу түрлері, халықтың оларды қалыптастыруға қандай дәрежеде қатысатыны түсініледі.

Басқаша айтқанда басқару нысаны - мемлекеттегі жоғары егемендік биліктің ұйымдастырылуы, оның органдарының өзара және халықпен байланысын сипаттайды. Басқару нысаны мемлекет нысанындағы ең басты жетекші элемент болып табылады.

Ежелгі грек философы Аристотель өз заманында басқарудың нысанын жоғарға өкіметтік биліктің жүзеге асырылуының қалай орындалатынына байланысты жіктеген болатын. Онда жоғарға өкіметтік билікті жеке адамның бір өзі атқаратын түрін – монархия, шектеулі адамдар арқылы атқарылатын жоғарғы өкіметтік билік – аристократия және бүкіл халықтың қатысуымен атқарылатын жоғары өкіметтік билік – демократия деп жіктеген болатын.

Басқару нысандарының осы көрсетілген айырым белгілері қазіргі кезге шейін сақталды. Жоғарға билікті жалғыз адам атқара ма? Әлде ол билік сайланбалы алқалы органға тиесілі ме? Міне осы жәйтке байланысты басқару нысаны ерекшелеу барысында ажыратылады. Енді осыны байланыстыра отырып басқарудың монархиялық және республикалық нысандарын атап, бөліп көрсетуге болады.

Монархия – мемлекеттің егеменді жоғары билігі бір адамның қолында өмір бойы болады және атадан балаға мұра (мирас) ретінде беріледі (өтіп отырады). Монарх (патша, король, перғауын (фараон), қаған, хан және тағы басқалар) ешкімнің алдында жауапты болмайды. Ол тек құдайдың алдында ғана жауапты.

Ең алғашқы мемлекеттердің бәрі де монархиялар болған және орта ғасырдағы мемлекеттердің көпшілігі де монархия-тын.

Қазақ жеріндегі бұрын болған мемлекеттер де монархия болған, мұнда мемлекетті қаған, хан басқарған. Бірақ, ханның билігі атадан балаға емес, ағадан ініге мұра ретінде ауысып отырған.

Сонымен, монархия деп жоғарғы билігі бір ғана адамға тиесілі болып келетін мемлекеттегі билікті айтады. Мұндағы бір ғана адамға тиесілі билікті ол адам өз билігімен, қалауынша пайдаланады. Билікті өз билігімен қалауынша пайдалану құқығын ол адам ешқандай да басқа биліктен алған емес.

Монархияның үш түрі болады: а) Шексіз (абсолюттік) монархия. Бұл жерде монарх мемлекеттің бірден бір жалғыз, ең жоғары органы. Оның қолында заң қабылдау, атқару, және сот биліктері шоғырланған. Қазіргі кезде басқарудың мұндай нысаны СаудАравиясы, Біріккен Араб Әмірлігі елдерінде орын алған.

б) Шектеулі конституциялық немесе парламенттік монархия, басқарудың мұндай нысанында елдегі билік (өкімет) монарх пен басқа органдарға бөлінген болып келеді. Мысалы, парламентке. Қазіргі кезде басқарудың мұндай нысаны Ұлыбритания, Бельгия, Норвегия, Швеция мемлекеттерінде бар.

в) Дуалистік монархия. Басқарудың бұл нысанында елдегі мемлекеттік билік монарх пен парламент араларында тең бөлікке түскен болып келеді. Мысаля, өикен замандардағы Пруссия, Австрия, Италия, Румыния, Ресей елдерінде монархтың қолында атқарушы билік (өкімет) болған. Үкіметті жасақтау, өзінің алдында жауапты министрлерді, басқа да лауазымды тұлғаларды тағайындау және оларды орнынан алу құқығына ие болағн. Бұлардан басқа монарх тыйым (вето) құқығы мен парламентті таратып жіберуге шексіз құқықты болған.

Республика.Басқарудың бұл нысаны бойынша мемлекеттегі ең жоғары билік (өкімет) сайланбалы органдарға тиесілі болып келеді. Мұндай органдар белгілі бір мерзімге ғана сайланады және олар сайлаушылар алдында жауапты болады.

Республика билігінің екі жолы бар: президенттік және парламенттік. Президенттік республикада Президентті тікелей халық сайлайды және Президент мемлекет басшысы бола тұрып, негізінен, Үкіметті өзі құрады. Қазақстан мемлекеті – Президенттік басқару нысанындағы республика.

а) Президенттік республика басқарудың бұл нысанында президенттің жеке өзі, парламенттің қатысуымен үкіметті құрады. Үкімет өзінің қызметтері бойынша президент алдында жауапты болады. Басқарудың мұндай нысаны қазіргі заманда Америка Құрама Штаттарында және Қазақстанда орын алған.

б) Парламенттік республика. Мұндай басқару нысаны бар елде парламент заң қабылдайтын ғана емес, сонымен бірге үкіметті бақылайтын да орган болып табылады. Мұндағы президент – мемлекет яғни ел басшысы, ол үкімет басшысы емес. Мұнда үкіметті партиялар құрады. Үкіметке премьер-министр жетекшілік етеді (басқарады) (премьер-министр лауазымы басқаша аталуы мүмкін).

Парламенттік республикада мемлекет билігінің жоғары органдарының жүйесі Парламенттің басымдылық принйипіне негізделген. Парламенттің аалдында үкімет өзінің саяси қызметі үшін алқалы түрде жауап береді. Үкімет Парламенттің сеніміне сүйеніп қызмет істейді. Парламент Үкіметті қолдамаса, ол қызметін тоқтатады.

Парламенттік-президенттік аралас республикалар да кездеседі (мысалы, Қырғызстан Республикасы, Португалия), онда Үкіметті Президент пен Парламент бірлесе отырып жасақтайды, құрады.

Формалды тұрғыдан қарасақ, басқару нысанынның мемлекеттік құрылысқа шешуші әсер етпейтінін байқаймыз. Мысалы, монархиялық Жапония немесе Ұлыбритания әлдеқашаннан демократиялық құқықтық мемлекет екені белгілі. Республикалық Кеңестер Одағы мұндай мемлекет бола алмады. Патшалық Ресей демократиялық та, құқықтық та мемлекет болмаған еді. Ал Франция Республикасын бұрыннан демократиялық басқарудан республикалық басқару нысанындағы демократиялық, құқықтық мемлекеттің мазмұнына көбірек сәйкес келеді.

 

(a) Мемлекеттің аумақтық құрылымы

Әрбір мемлекеттің аумағында мемлекеттің аумақтық құрылымы оның ішкі құрылысын анықтайтын құрамды бөлшектерге бөлінеді. Сол аумақтық құрылымның көлемінде мемлекеттің аумақтық бөліктерінің жүйесі қалыптасады. Солардан мемлекет, мемлекет органдарының байланыс жүйесі түзіледі. Мемлекеттің тұтастай және оның әрбір аумақтық бөлігінің құқықтық мәртебесінің сипаты да соған байланысты болады. Мемлекет аумағының аталған түзілімін мемлекеттік құрылым дейді. Демек, мемлекеттік құрылым - тұтастай мемлекет пен оның бөліктерінің белгілі түрдегі құқықтық қатынастарын сипаттайтын мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуы болып табылады.

Мемелекеттік құрылымына байланысты барлық мемлекеттер қарапайым (унитарлы) және күрделі болып екі топқа бөлінеді.

Унитарлық мемлекеттің ішкі аумақтық құрылымында басқа мемлекеттер болмайды. Осы мағынада унитарлық мемлекет біртұтас мемлекет деп аталады. Унитарлық мемлекет, әдетте тек әкімшілік-аумақтық бөліктерге бөлінеді де, мелекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымын құрайды. Әкімшілік-аумақтық бөліктерге ерекше құқықтық мәртебе берілмейді. Мұндай мемлекетте бір ғана Конституция, бір ғана заң шығаратын жоғары орган, бір ғана жоғары басқару органы, біртұтас азаматтық болады. Қазақстан Республикасы – унитарлық мемлекет.

Унитарлық мемлекет – тұтас орталықтандырылған мемлекет. Оның әкімшілік-аумақтық бөліктерінде мемлекеттік құрылым мәртебесі және егемендік құқықтар болмайды. Унитарлық мемлекетте жоғарғы органдардың, заң қабылдаудың, соттардың бірыңғай жүйелері құрылады. Онда бірыңғай азаматтық және бір арналы салық жүйесі болады.

Күрделі мемлекет – мұндай мемлекеттердің құрамдас бөліктерінің белгілі бір дәрежеде дербестігі болады. Күрделі мемлекеттерге империя конфедерация, федерация, достастық және бірлестіктер құрған мемлекеттер жатады.

Империя – күш жұмсаудың нәтижесінде құрылған күрделі мемлекет. Бұл мемлекеттің құрамдық бөліктері жоғарғы өкімет (билік) орындарына тәуелді болып келеді. Империялардың бір ерекшелігі, олардың құрамдық бөліктерінде ешқашанда бірыңғай мемлекеттік-құқықтық мәртебе болған емес. Мысалы, тарихта белгілі Рим империясы, Британия империясы және т.б. жатады.

Конфедерация – белгілі бір тарихи кезеңде, өздерінің алдына қойған мақсаттарына жету үшін егеменді мемлекеттердің уақытша жасасқан келісімдері бойынша құрылған одақ. Мемлекеттердің уақытша құрған одағы алдына қойылған мақсаттары бойынша түрлі болуы мүмкін, олар: әскери, экономикалық және саяси да болады. Сонымен, мұндай мемлекеттердің одағын – егеменді мемлекеттер одағы деп атайды. Мысалы, АҚШ-тағы 1776-1787 жылдардағы әскери одақ, бұрынғы КСРО-ның орнында құрылған тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД). Конфедерациялық одақ құрған егеменді мемлекеттер халықаралық-құқықтық қатынастардың субъектісі олардың басқару жүйесі, әділсот органдары бұрынғыдай өз қызметтерін жалғастыра береді.

Федерация – бұл мемлекет күрделі одақтық мемлекет, оның құрамдас бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады. Олардың белгілі бір мөлшерлі шамада (дәрежеде) егемендігі болады. Федерациялық одақ децентрализациялау қағидатына негізделеді.

Федерацияда жоғарғы федералдық органдар және федералдық заң қабылдау жүйелерімен қатар федерация субъектілерінің жоғары органдары мен заң қабылдау жүйелері қатарласа өмір сүреді, федерацияда қос арналы салық жүйесі орын алады. Федерацияның нысандық белгісіне қосарланған азаматтықтың болуы жатады. Федерациялар аумақтық немесе ұлттық-мемлекеттік қағидат бойынша құрылуы мүмкін. Мысалы, АҚШ мемлекеті федерация-штаттардың 51 субъектілерінен, ал Ресей Федерациясы – 89 федерация субъектілерінен (Республикалар, округтер, өлкелер және т.б. тұрады). Гермения- 10-нан аса федерация – жерлер субъектілерінен тұрады.

Достастық – белгілі бір дәрежеде тектес болып келетін ортақ белгілерімен (нышандарымен) сипатталатын мемлекеттердің ұйымдасқан түрдегі бірлестігі. Мұндай бірлестікті біріктіретін белгі (нышандары) экономикаға, құқық жүйесіне, тіл, мәдениет, дін салаларына қатысыты болып келеді. Мысалы Еуропа Одағы және т.б.

Бұл бірлестіктің мүшелері толығынан алғанда тәуелсіз, егеменді мемлекеттер, олар халықаралық қатынастардың субъектілері болып табылады.

Мемлекеттер бірлестігі - қоғамның мемлекеттік болып ұйымдасуының өтпелі кезеңдеріне тән нысан. Мемлекеттер бірлестігін құрудың негізнде, әдетте, мемлекетаралаық келісім (шарт) жатады, оның өзі көп жағдайларда бірлестікке кірген мемлекеттер арасындағы интеграциялық байланыстарды нығайта түседі. Сөйтіп бірлестік мемлекеттерінің конфедеративтік бірлестікке қарай бірте-бірте дамуына жол ашады.