Мемлекеттің пайда болуы туралы теориялар.

Мемлекет пен құкықтың шығуы туралы түрлі теориялар бар. Осы құбылыстардың пайда болуын олар түрліше түсіндіреді. Марксизм-ленинизм ілімі мемлекет пен құқықтың пайда болуын таптық теория тұрғысынан түсіндіреді. Рулық қауым құлдырап, жеке меншік пайда болып, қоғам екі тапқа – қанаушы және қаналушы таптарға бөлінген соң, олардың арасында шешілмейтін қайшылықтар, ымырасыздық орын алады. Сол екі тап нәтижесіз, тоқтаусыз күресте бірін-бірі жойып жібермеуі үшін рулық биліктің орнына жаңа саяси құрылым – мемлекет пайда болады. Мемлекет аталған қайшылықтарды шешу үшін емес, кедей тапты байлардың еркіне көндіріп, оны қанауға, езуге жағдай туғызу үшін құрылған. Сондықтан кандай да мемлекет болсын тек қанауды максат тұтып, бай, яғни үстем таптың игілігін көздеп, соның мүддесін қорғайды. Ф. Энгельс "Отбасы, жеке меншік және мемлекеттің пайда болуы" деген ғылыми еңбегінде мемлекет пен құқықты үстем таптың құралы деп таниды. Социалистік мемлекет те таптык мемлекет. Бірақ ол сан жағынан қоғамның басым көпшілігін құрайтын еңбекші таптың мүддесін қорғайды.

Теологиялық (діни) теория мемлекет пен құқықтың пайда болуын құдайдың құдіретімен байланыстырады. Әрбір ірі дінде кұдайдың әрекеті деген діни-құқықтық қағидалары бар. Қазіргі заманда да кейбір мемлекеттер осындай қағидааларға негізделіп құрылып, қызмет атқаруда. Бұл қағидаларға сүйене отырып дін теоретиктері мемлекет пен құқык құбылыстарын діни рәсімдерге байланыстыра түсіндіреді.

Патриархалдық теория мемлекет пен құқықтың шығуын отбасының дамуымен байланыстырады. Отбасының қожасы ер адам, ол отбасын өз еркімен билейді, отбасы мүшелерінің арасындағы қатынастарды реттейді. Сөйтіп, отбасы мүшелерінің белгілі бір тәртіпке бағынып, қалыптасуының жөн-жобаларын аныктайды. Адамдар осындай қағидаларды басшылыққа алып, мемлекет құруда отбасын басқару үлгілерін қолданған деп түсіндіреді бұл теория.

Келісім-шарттық теория мемлекет пен құқықтын шығуын, пайда болуын адамдар арасындағы келісім-шартпен байланыстырады. Тағылық дәуірде адамдар өмір сүру үшін бірімен-бірі жауласып, соғысып, әбден береке-касиеті кетеді. Сондай кауіпті, келіссіз өмірден құтылу үшін адамдар өзара ымыраға келісіп, шартқа отырады. Соның нәтижесінде мемлекет құрып, оған қоғам мүшелерінің барлығын қорғауды, лайықты өмір сүруге жағдай туғызуды міндеттейді. Қоғам мүшелері де заң талаптарына бағынатыны туралы міндеттеме алады, деп түсіндіреді бұл теорияны жақтайтындар.

Күштеу (зорлау) теориясы мемлекет пен құқықтың шығуын зорлық-зомбылықпен байланыстырады. Күшті тайпалар әлсіз тайпаларды жаулап алып бағындырып, олардың қарсылығын басып тұру үшін мемлекет және оған тән басқару, күш қолданатын органдарды құрады дейді.

Мемлекет пен құқықтың шығуын түсіндіруге тырысатын бұл аталғаннан басқа да теориялар бар. Осы теориялардың бәріне тән бір белгі бар – ол мемлекет пен құқықтың адам қоғамы дамуының белгілі бір сатысында пайда болуы. Шынында да тарихи деректерге жүгінсек, мемлекет пен құқықтың қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде шыға бастағанын байқаймыз.

1. Мемлекет (таптық тәсіл бойынша) – бір таптың (азшылықтың) бір тапқа (көпшілікке) үстемдік етуін қолдайтын саяси ұйым.

2. Мемлекет (жалпы әлеуметтік тәсіл бойынша) – саяси ұйым (ассоциация). Бұл саяси ұйымға оның мүшелері бұқаралық биліктің қатынастар арқылы біріктіріледі. Мұнда мемлекет адамдардың өзара ымыраға келуінің құралы болып табылады.

3. Мемлекет – құқықтық заңдарға тәуелді адамдардың бірлестігі (И.Кант бойынша).


 


8.Құқықтық қатынастардың ұғымы және ерекшеліктері.

Құқықтық қатынастар — құқыққа байланысты, құқық негізіндегі қатынастар. Құқықтық қатынастарға мынадай белгілер тән. 1) Құқықтық қатынас — бұл қоғамдық қатынас, былайша айтқанда, адамдардың арасындағы қатынас және олардың іс-әрекетімен, мінез-құлқымен тікелей байланысты. Меншік иесінің өз заттарына хақысы бар, бірақ бұл құқықтарды ол басқа адамдармен қатынас жасағанда жүзеге асырады. 2) Құқықтық қатынас тек қана адамның мінез-құлқына құқықтық норма әсер еткенде пайда болады. Құқықтық норма мен құқықтық қатынас арасында бұлтартпастық байланыс бар, өмірде тек қана құқықтық нормада көрсетілген құқықтық қатынас пайда болады. Кейде заңда көрсетілмеген жағдайда да қатынас құқықтық сипатқа ие болуы мүмкін. Мысалы, құқықтық ұқсастық болған жағдайда құқықтық норма өзінде тікелей көрсетілмеген қатынастарға қолданылады. 3) Құқықтық қатынас — субъективтік құқықтар мен міндеттер арқылы пайда болатын адамдар арасындағы байланыс. Субъективтік құқыққа ие болушы соны пайдалана алатын тұлға, ал құқықтық міндет жүктелген сол міндетті орындауға тиіс тұлға. Құқықтық қатынаста хақысы бар тұлға және міндеті бар тұлға болады; адам, ұйым, мемлекет органы. 4) Құқықтық қатынас — ерікті қатынас. Құқықтық қатынас пайда болу үшін қатысушылардың еркі қажет. Кейбір құқықтық қатынастар пайда болу үшін тараптардың еркі қажет (мүліктік қатынастар). Ал кейбір құқықтық қатынастар тек бір тараптың еркіне ғана байланысты пайда болады (қылмыстық іс заң қорғаушы органның еркі бойынша қозғалады). 5) Құқықтық қатынасты мемлекет қорғайды. Құқықтық нормалардың талаптарын жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, мемлекет құқықты қатынастарды да қорғайды. Мемлекет қорғайтын құқықтық қатынастар қоғамдағы құқық тәртібінің негізі болып саналады.

Құқықтық қатынастардың түрлері: 1.Реттейтін құқықтық қатынастар — субъектілердің заңға сәйкес мінез-құлқы, былайша айтқанда, құқықтық нормалар негізінде және соған сәйкес мінез-құлық. Мұндай құқықтық қатынастар құқық тәртібінің негізін құрайды. Бұларға жататындар: мемлекеттік, мүліктік, отбасы, еңбек, т.б. құқықтық қатынастар. 2. Қорғайтын құқықтық қатынастар — субъектілердің заңсыз әрекетінің салдарынан пайда болады. Оның мақсаты — қоғамдық тәртіпті қорғау, кінәліні жазалау, сөйтіп әділдік орнату. 3. Абсолютті құқықтық қатынастарда тек бір тарап белгілі (құқық иесі) болады. Басқалардың барлығы міндетті тарап болып саналады. Мысалы, бұларға меншікке байланысты қатынастар жатады.4.Салыстырмалы құқықтық қатынастарда барлық оған қатысушылар белгілі (сатушы мен сатып алушы) болып келеді.

Сонымен, құқықтық қатынастар дегеніміз — субъектілердің арасындағы ерекше құқықтық байланыс. Осы байланыстың нәтижесінде тараптардың өзара субъективтік құқықтары мен заңды міндеттері пайда болады. Осы байланысты мемлекет қамтамасыз етеді.

 



9.Құқықтық қатынастардың құрамы.

 

 

Құқықтық қатынастардың құрамы бірнеше бөліктерден: құқық субьектісінен, субъективтік құқықтан, заңды міндеттен, құқықтық қатынас объектісінен (затынан) тұрады.

Құқық субъектісі — заңды және жеке тұлға. Заңды тұлғаларға жататындар мемлекет органдары, қоғамдық бірлестіктер, т.с.с. Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлкімен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Қазақстан Республикасының азаматтары, шет ел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып саналады.

Субъективтік құқық — тұлғалардың мүдделерін қанағаттандыру үшін оларға белгілі шекте әрекет жасауға берілген құқықтық мүмкіндік. Мұндай мүдделер заңды деп танылады. Сол заңда белгіленген шек аясында тұлға өз мүддесін қанағаттандыру үшін түрлі іс-әрекет жасайды. Жеке тұлға еңбек етуге, білім алуға, меншікке ие болуға, үйленуге хақылы. Сондай-ақ заңды тұлғалар да заңда рұқсат етілген шеңбер аясында әрекет жасай алады. Өзіне берілген құқықты пайдалана ма, жоқ па, ол тұлғаның өз еркі.

Заңды міндет — заң белгілеген әрекетті істеу немесе істемеу шарттары. Мұндай міндет басқа тұлғаның мүддесін қанағаттандыру үшін жүктеледі. Заңды міндеті бар тұлға оны өз еркімен орындамаса, оған мемлекеттің мәжбүрлеу күші қолданылады. Мысалы, ата-ана өз баласын асырап, бағып, тәрбиелеуге міндетті. Егер бүл міндетін орындамаса, заңда белгіленген шара қолданылады. Міндет заңды тұлғаларға да жүктеледі.

Құқықтық қатынастың объектісі (заты) — табиғат құбылыстары мүліктік, өзіндік мүліктік емес игіліктер. Субъективтік құқық пен заңды міндеттер аталған объектілерге бағытталған болып келеді.