ЗІНДІК САНА-СЕЗІМ

Адамның жануарлардан айырмашылығы — ол өзін танитын және білетін, өзін түзетіп және жетілдіріп отыруға қабілетті тіршілік иесі.

Өзіндік сана-сезім — сананың өзіңді білу мен өзіңе қатынастың бірлігі ретінде көрінетін бір түрі. Өзіндік сана-сезім сыртқы ортаны және өзіңді өзің танудың бейнеленуінен біртіндеп қалыптасады.

Басқаларды тану арқылы өзіңді тану.Жас бала бастапқыда өзін қоршаған ортадан бөліп қарамайды. Ол ойыншықты қозғап та, аяғының башайларын қимылдатып та — бірінен-бірін айырмай ойнай береді. Бірте-бірте ол өзін, өзінің органдары мен тұтас денесін қоршаған заттардан бөле қарап, ажырата бастайды. Бұл физикалық саралау процесі сыртқы дүние мен өзін танудың нәтижесінде және алғашқы кезде проприоцептивтік деңгейінде (өз органдарының қалыпты жайы мен қимыл-қозғалысын сезіну) өтеді. «Баланың өзін өзі аңғаруынан кейін,— деп жазды И. М. Сеченев,— есейгенде адамның өз санасының актілеріне сын көзбен қарауға, яғни өзінің бүкіл ішкі дүниесін сырттан келіп қосылатын барша құбылыстардан бөліп қарауға, оны талдауға және сыртқымен қатар қоя қарауға (салыстыруға) — бір сөзбен айтқанда, өз санасының актін зерттеуге мүмкіндік беретін өзіндік сана-сезім туады». Күрделі психикалық кұбылыстарды, әсіресе өз басының қасиеттерін танып-білу іс-әрекет және қарым-қатынас процестерінде өтеді. К. Маркс былай деп көрсетті: «адам алдымен айнаға қараған сияқты, басқа адамға қарайды. Павел дейтін адамға өзі сияқты адам деп қарау арқылы Петр дейтін адам өзіне адам деп қарай бастайды».

Қарым-қатынас процесінде адамдар бірін-бірі біліп, біріне-, бірі баға береді. Өзгенің осындай бағалауы әр адамның өзін-өзі бағалауынан көрініс танытатын болады.

Адамның өзін-өзі тануында, оны басқаның бағалауы мен коллективтік бағаның маңызы ерекше. Егер бір адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқын сыңар жақты бағалау тұрақты сипат алса, онда сол адам өзінің қабілеті немесе мінезі жайындағы осы сыңар жақ бағаны малданып алады да соған мойын ұсынады.

Өзін-өзі тану өзіндік сана-сезімнің қалыптасуында маңызды роль атқарады. Өзін-өзі тану — адамның өз психологиялық және физикалық ерекшеліктерін зерттеп-білуі. Адам өзін тікелей де,жанама түрде де танып біледі. Жанама таным неғұрлым күрделірек тікелей танымның алғашқы сатысы іспетті.

И.М.Сеченев. Таңдамалы философиялық және психологиялық шығармалары. М., Мемлекеттік саяси баспа.

Өз іс-әрекеті мен мінез-құлқын талдау арқылы адамның өзін-өзі тани алуы.Өзін жанама тану өз іс-әрекетінің нәтижелерін талдау жолымен жүзеге асырылады. Белгілі бір саладағы жетістіктерін талдай және бағалай отырып, жұмысқа жұмсалған уақыт пен күшті есептей отырып, өз қабілеттерінің деңгейін анықтауға болады. Қоғамдағы өз мінез-кұлқын бағалау арқылы адам өз басының адамгершілік және психологиялық ерекшеліктерін танып, біледі. Жанама танымда өзін-өзі зерттеп жүрген жеке адамға айналасындағылардың өзі жайындағы көзқарасын талдаудың да маңызы зор. Жақын адамдардың, қызметтес жолдастардың объективті бағасы өзіңді тереңірек танып білуіңе көмектеседі.

Өз басыңның қасиеттеріне берген өз бағаң мен басқа жұрттың бағасын салыстыру да маңызды. Ол өз танымының өзгелердің ойымен бірдей шығу-шықпауын, өзін-өзі не артық, не кем бағалап жүргенін айқындауға мүмкіндік береді.

Бұдан шығатын қорытынды, басқа адамдармен неғұрлым кең қарым-қатынаста болу өз басыңның жағымды және жағымсыз жақтарын жан-жақты салыстыруға, танып білуге кемектеседі екен

 

Тақырып бойынша тест тапсырмалары:

1. Сананың қоғамдық - тарихи мәні:

А) Сана қоғамдық өмірден тыс қалыптаспайды

В) Санаға ешнәрсе себепші болмайды

С) Қоғамдық өмір адамның санасына әсерін тигізбейді

Д) Мауглидің де санасы болған

Е) Адамның санасы қоғамдық өмірге себепші болып тұрады