Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адам емес, нұр болған» деген сенім

Мәулітке байланысты өткізілетін жиындарда «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адам емес, нұр болған» дегенді естуге де болады.

Бұл туралы сопылар не деп айтатындарына қараңыздар:

1. «Бриләуия» тариқатының имамы Ахмад Рида Хан әл-Әуғани былай деген: «Уа, Аллаһ! Сен оны Өзіңнің нұрыңнан жаратқан, ал содан соң оның нұрынан барлық жаратылыстарды жаратқан Өзіңнің айқын нұрыңды (яғни Пайғамбарды) игілікке, сәлеміңе және берекеңе бөле». «Саләт ус-Сафа» 3-бет.

«Пайғамбар Аллаһ Тағаланың нұрынан жаратылған нұр» деген сенім «Пайғамбар – бұл Аллаһтың құдайлық болмысының бір бөлігі» деген сенімнен өзге ешнәрсе емес екендігін түсіну қиын емес. Бұл сенім христиандарды «Иса – Құдайдың ұлы!» деп жариялауға әкеп соқтырған сол христиандардың «Иса – Құдайдың Рухының бір бөлігі» деген сенімдеріне өте қатты ұқсас.

2. Ол сондай-ақ былай деген: «Ақиқатында, Пайғамбар нұр болып табылады, оның барлық денесі нұр және оның денесінің барлық мүшелері де нұр, әрі оның денесінен көлеңке түспейді, өйткені нұрда көлеңке болмайды». «Хәдаик Бахшаш» 2/2.

3. Сондай-ақ кейбір сопы тариқаттарының сенімдерінен «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қалай күннің жарығында көрінсе, қараңғыда да солай көрінетін еді» деген сенім де бар. «Әл-Камар әт-Тәмам» 14-бет.

4. Осы сенімдерге сүйеніп, олар мынаны мәлімдеді:

«Ақиқатында, Пайғамбар және өзге елшілер адамдар болмады, ал «олар адамдар еді» деген сенімдер – кәпірлердің бір сипаты». «Әл-Мәуа из ән-Ну‟мания» 115-бет.

Осы жерде істің керісінше екенін айтып кету қажет. Аллаһ Тағала пайғамбарлар мен елшілер жіберген халықтардың көбі «Аллаһтың елшісі адам болмауы қажет» деген сенімдерге ие болғандықтан, оларға иман келтірмеген еді.

Аллаһ былай деп айтты: «Адам баласына Пайғамбар тура жол (Құран) келтірген кезде, олардың “Аллаһ адамды пайғамбар етіп жіберді ме?” деген сөздері ғана иман келтірулеріне бөгет болды»(17:94).