Тарау. Содан соң Аллаһ Тағала тура жолдың басшылығы ретінде Кітапты түсірді

Аллаһ Тағала былай деді: «Алиф. Ләм. Ра. (Мухаммед) бұл Құран - адамдарды, Аллаһтың рұқсатымен, қараңғылықтардан жарыққа, сондай-ақ Үстем әрі Мақтауға Лайық Аллаһтың жолына шығаруың үшін біз саған түсірген бір Кітап»(14:1).

Бұл аяттан біз адамдар тек өздерінің ой-тұжырымдарына, пайымдарына және ата-бабаларының әдет-ғұрыптарына ғана ілесіп, тура жолға шыға алмайтынын түсінеміз. Бұл аят кім надандықтың қараңғылығы мен адасушылықтан білім мен тура жолдың жарығына шыққысы келсе, оған міндетті түрде Аллаһтың Кітабына ілесуінен басқа еш нәрсе қалмайтынын анық айтып тұр. Егер біреу: «Аллаһтың разылығын қалайша және немен алуды өзім жақсы білемін», - деп мәлімдесе, ол сонысымен Аллаһтың осы Кітапты адамдарды адасушылықтан тура жолға шығару үшін түсіргенін теріске шығарған болады. Оның сөзіне сәйкес «егер (Аллаһтың разылығын табуға, не тура жол табуға деген) қатты қалау болса, онда Кітапсыз да амалдауға болады» деген өте қате тұжырым шығып тұр.

Сондай-ақ: «Расында, сендерге Аллаһтан бір нұр және ашық бір Кітап (Құран) келді. Аллаһ ол арқылы Оның разылығын алғысы келгендерді есендік жолдарына салады. Ол өз нұсқауымен оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарып, тұп-тура жолға салады»(5:15-16).

Бұл аят Аллаһ адамдарды тура жолмен олардың ой-тұжырымдары мен пайымдары арқылы емес, тек осы Кітап арқылы жүргезетіндігі туралы анық айтуда. Сондай-ақ бұл аят өзінің іс-әрекеттерін Құраннан келтірілетін дәлелдермен негіздеу – бұл Аллаһтың разылығына жеткісі келетіндердің жолы екендігін, ал кім Аллаһтың Кітабынан дәлелге ие болмастан, мәулітті өткізсе, сол есендік жолдарымен жүрмейтінін, Аллаһтың разылығына қол жеткізбейтінін, қараңғылықтардан жарыққа шықпайтынын және тура жолға салынбайтынын ашып көрсетеді.

Сондай-ақ Ол: «Әй, адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан дәлел келді. Сондай-ақ сендер үшін бір ашық нұр (Құран) түсірдік. Ал енді Аллаһқа сеніп, Оған жабысқандарды Ол Өз рахметіне және ілтипатқа бөлейді де, Өзіне баратын тура жолға салады»,- деп айтты(4:174-175).

Бұл аят бізге, егер біз Аллаһ Өз рахметіне және ілтипатына бөлегендердің және Оған алып баратын тура жолға салғандардың қатарында болғымыз келсе, онда Аллаһтан бекем жабысып ұстануымыз керектігіне нұсқайды. Ал мәуліт өткізушіге келер болсақ, ол Аллаһқа бекем жабысып ұстанбады, өйткені өзінің амалына Раббысынан түскен дәлелі жоқ.

Аллаһ тағы былай деді: «(Мухаммед) саған осылайша әмірімізден бір рух (Құран) уахи еттік. Сен Кітап не, иман не екенін білмейтін едің. Бірақ Құранды нұр қылып, онымен құлдарымыздан кімді қаласақ, тура жолға саламыз»(42:52).

Бұл аят «тіпті адамдардың ең жақсысы, олардың ең ақылдысы және ардақтысы, егер Аллаһ Тағала оған Құранды уахи етпегенде, тура жолды таппайтын еді» дегенге нұсқайды. Сондықтан да кім: «Өздігімше тура жол таба аламын», - деп есептесе, нағыз өтірікші болып табылады.