Дәріс тақырыбы: Төтенше жағдайлар туғызған зардаптарды бағалау.

Жоспар:

-Зақымдану ошақтарын барлау;

-радиациялық, химиялық барлау және дозиметрлік бақылау приборлары;

-зақымдау ошағындағы радиациялық ахуалды бағалау;

- зақымдау ошағындағы химиялық ахуалды бағалау.

Тірек сөздер: зақымдану ошақтары, радиациялық, химиялық барлау және дозиметрлік бақылау приборлары.

 

Барлау АҚ күштерінің табысты әрекеттерін қамтамасыз ету түрлерінің бірі болып табылады.

Ол үздіксіз және белсенді жүргізіледі, оның мәліметтері нақты болуы керек.

Барланған мәліметтердің нақтылығы басқа деректерден алынған мәліметтермен салыстыру және жинақтау, мұқият зерделеу жолдары арқылы анықталады. Қайшы мәліметтер болған жағдайда ең бірінші кезекте радиациялық, химиялық, өрт, инженерлік, медициналық едәуір қиын ахуалды аудандарда қайта тексеру және қайта барлау жұмыстары ұйымдастырылады.

Барлау алға қойылған міндеттердің сипатына байланысты жалпы және арнаулы болып бөлінеді.

Жалпы барлауды әскери бөлімдердің барлаушы бөлімшелері, байқау және лабораториялық бақылау пункттері, барлау ұшақтары мен тікұшақтары, өзен (теңіз) барлауының барлаушы буындары, темір жол көлігі, аудан, қала және халық шаруашылық объектілерінің барлаушы топтары жүргізеді.

Арнаулы барлауды радиациялық, химиялық, өрт сөндіру, инженерлік, медициналық және эпидемиологиялық барлау топтары жүргізеді.

Мәліметтерді іздеп табу тәсілдеріне байланысты барлау әуеден, өзеннен (теңізден) және жер үстінен барлау болып бөлінеді.

Радиациялық және химиялық бақылау постары объекті аумағы мен оған жақын жерлердегі әуе және жер үсті ахуалдарының өзгеріп отыруына, сондай-ақ қаланың сыртқы аймағында жұмысшылар мен қызметшілердің орналастыру орындарын да қадағалап отырады. Сонымен бірге, постарға зілзала апаттары болған аудандарда, ірі өндірістік апаттар мен опаттар болған орындардағы жағдайдың өзгеріп отыруына бақылау жасау жүктеледі.

Радиациялық барлау құралдарына ДП-5В, ИМД-21 және т.б. жатады.

Химиялық барлау құралдарына ВПХР, ПХР, ХУЗ, мөлшерін анықтау мүмкіншілігі бар индикаторлық түтікшелер, аспалы газталдағыштар (АГП-1), дозиметрлік бақылау құралдар ИД-1, ИД-11, ДП-22В, ДП-24 және т.б. жатады.

Сонымен қатар, жердегі, ғимараттағы радиация дозасының қуатын, сондай-ақ, азық-түлікті улы затпен ластануын анықтау үшін «Мастер-1», «Сосна», «Белла» тұрмыстық дозиметрлері пайдаланады.

Бақылау сұрақтары:

1. ТЖ аумағындағы жағдайды бағалаудың бірізділігі қандай?

2. Барлауға қандай талаптар қойылады?

3. Барлау түрлері мен оны жүргізу тәсілдерін атаңдар.

4. Барлаудың негізгі міндеттері қандай?

5. Радиациялық және химиялық бақылау постарын тағайындау туралы, оның құрамы, міндеттері мен жабдықталуы туралы не білесіңдер?