Ыбырай Алтынсариннің әлеуметтік көзқарастары

 

Әлеуметтік тұжырымдаманы дамытуда зор үлесі бар ірі тұлғалардың бірі Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин (1841-1889) болды.

Тарихи даму деңгейі феодалдық-рулық сатыны сақтаған қазақ қоғамын мейлінше жетік білетін ол: «Осы дарынды, ақыл иесі мол халыққа қазір, кешіклей тұрып рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру, қалай дегенмен, аса қажет болып отыр»2, — деп, қазақтардың неге мұқтаж болып отырғанын дәл тауып жазды. Ыбырай Алтынсарин осы міндеттерді дұрыс шешу арқылы ғана қазақ қоғамының өркениетті елдер қатарына қосылатынына кәміл сенді. Осымен байланысты қазақтарға білім беруді қолға алатын маңызды шаралардың біріне, дамудың негізгі құралына балады. Білімсіздіктің етек алуынан қазақ қоғамын надаңдық жайлап отырғанын айта келіп, жұртты білім алуға шақырды. Сондықтан да ол өзінің жиырма бес жылдық өмірін жеткіншектерге білім беруге арнады.

Ы. Алтынсарин жергілікті жерлерден мектеп ашу ісімен айналысады, қазақ балаларына арнап оқулықтар, оқу құралдарың және әдістемелік кітаптар жазды. Ол қазақ қыздары үшін мектеп-интернат, ауыл шаруашылық және қолөнер училищелерін аштырды. Өйткені Ы. Алтынсарин қазақ халқының жарқын болашағын тек оқу-ағарту ісімен, білім-ғылыммен байланыстырған. Сондықтан да ол: "Мектеп — қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз — қазақ халқының келешегі осында, тек осы мектептерде ғана" деп жазған болатын.

Ы. Алтынсарин қазақ балаларына арнап мектеп ашумен бірге, онда қызмет істейтін, балаларды оқытып, тәрбиелейтін кадрларға, атап айтқанда, мұғалімдерге аса зор мән берген. Ол мектептегі ең басты тұлға — мұғалім деп есептеген. Мектептің материалдық-техникалық базасы мықты болғанымен, бұлардың жақсы мүғалімсіз берері шамалы, деп есептеген. Сол үшін де ол: "Халық мектептері үшін ең керектісі — оқытушы. Тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілген инспектор бақылауы да жақсы оқьггушыға тең келе алмайды. Сондықтан да жақсы оқытушыны дүниедегі затың бәрінен де қымбат көремін", деген болатын. Ол мектепке қажетті мүғалімдер даярлау мәселесін, олардың кәсіби білім деңгейінің заман талабына сай болуын, тұрмыстық жағдайларының жақсы болуын көкейкесті проблемалар қатарына жатқызып, бұлардың оңды шешілуін талап етті, олардан оқытушының беделін, қоғамдағы рөлі мен статусын жоғары көтеретін факторларды көрді. Мектепте оқушының бойында қоғамға керекті тұлғалық сапаларды негізінен қалыптастыратын, тиянақты білім беретін тек жақсы оқытушы ғана қызмет істеу керек деген қорытынды жасайды. Ы. Алтынсарин осы идеяларын жүзеге асыру үшін тынбай еңбек етті. Оның ұсынысы бойынша Ор қаласында мүғалімдер даярлайтын тұңғыш мектеп ашылды. Ұлы ағартушы қазақ жастарына кәсіптік білім беретін, қолонер, ауылшаруашылығы училищелерін ашуды қолға алып, оны бітірген мамандар қазақ халқының экономикалық өркендеуіне зор үлес қосады деген сенімде болды. Соның негізінде Торғайда қолөнер училищесін іске қосты.

Ы. Алтынсарин сол мектептердің шаруашылық істеріне де ерекше көңіл бөліп отырған. Бұл жөнінде ол: "Мектептің шаруашылық жағдайлары жаман болса, оның ісі еш уақытта да оңға баспайды, пайдалы еш нәрсе бермейді, оның оқушылары да, оқытушылары да істен күдер үзіп кетеді", — деп жазды. Бұдан жүз жыл бұрын жазған бұл сөздері осы уақытқа дейін өзінің маңызын, ақтуалдылығын жоғалтпай келеді. Өйткені қазірдің өзінде де халыққа білім беру, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту реформаның маңызды шараларының бірі болып отыр.

Ыбырай қазақ даласында қазақ балалары үшін ашылған алғашқы мектептердің негізін қалаушылардың бірі болды. Осы өзі ашқан мектептер мен оңда дәріс алатын шәкірттерге арнап оқу құралдары мен әдістемелік нұсқау-кеңес еңбектерін жазып, білім беру мен тәрбиені жүйелі жүргізетін мектепті маңызды қоғамдық институтқа балап, педагогакалық әлеуметтанудың іргетасын елімізде қалаған ағартушы. Оның жазған кітаптары білім беру тарихында алғашқы қазақ оқулықтары ретінде әділ бағасын алды. "Мақтубат", "Қазақ хрестоматиясы", "Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы" атты төл шығармалары — бүгінде қолға алынып, жарыққа шығып жатқан ұлттық оқулықтарды қалыптастырудың үлгісі болатын құнды туындылар.

Өзінің осы оқу кітаптарында танымдық, тәрбиелік мәні зор көптеген өлеңдер мен әңгімелер жазып қалдырды. Ы. Алтынсарин өз шығармаларында мектептегі білім беру ісі мен тәрбие жұмысын біртұтас процесс ретінде көрсетіп, олардың қоғамда атқаратын функцияларына тоқталды және мектептің проблемаларын жүйелі әрі кешенді шешіл отыруды үйретті.

Ол ағартушы-демократ ретінде патша өкіметінің отаршылдық саясатына, жергілікті өкімет орындарының озбырлық істеріне наразылық танытты. Қазақ халқының қамын жеп, мүддесін қорғады.

Көшпелі қазақ елін отырықшылық өмірге көшуге, тек мал шаруашылығымен ғана емес, егіншілікпен де айналысуға, бау-бақша отырғызуға, қолөнеріне үңдеген. Дінді зерттеді.

Өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегіңде ол ислам туралы объективтік түсінік беруге ұмтылыс жасады. Ол ислам негіздері жөніндегі қолда бар кітаптың «ешқандай да жүйесі» жоқтығын, тіпті «көпшілік жағдайда мән-мағынасын» сақтамайтындығын, «араб жазуы» мен «құран заңына» оқыту ісін көбінесе шала сауатты адамдар жүргізетіндігін айтып, мұның бәрі қазақтың жас ұрпағына «бүгінгі таңда жағымсыз ықпал етіп отыр, ал келешекте одан да бетер әсер етуі мүмкін»1 деп жазды. Осыған байланысты Ы. Алтынсарин мұсылмандық шариғатты оқиды да, «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабын жазып шығарады. Бұл кітабында ол мұсылмандық кұқық пен өсиетінің, діни жарлықтары мен салт-жораларының ережелерін объективті түрде баяндап берді.

Ислам ережелері бойынша адам құдайға құлшылық етіп, құран ережелерін орындауы керек. «Байлық, кедейлік, білім, надандық құдайдан таралатынына сеніп керегі жоқ, - деп жазды ол, — еңбек етіп, оқу керек. Егер сен білім алсаң, дандайсыма, балаларды оқытып, оларды прогресс пен әділет жолына бағыттауға тырыс»1.

«Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабын жазғандағы келесі бір мақсаты қазақ оқу орындарында қазақ тілін татар тілінен қорғап қалу еді. Өз шығармаларында тілге сіңісіп кеткен діни «қыдыр», «дәуіт», «әулие», «алла», «жаратқан», т.б. сөздерді қолданған.

Ойшыл дін тарихын адамның әбден жетілген өнегелі дағдысынан алынған, өзіндік құндылығы бар исламның ғибратты өсиеттерін білу үшін ұсыңды.

Ы Алтынсарин қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын әлеуметтік-білімдік құрылымы арқылы ғана қарастырып қоймаған, оның әлеуметтік-таптық құрылымына да көңіл аударған. Қазақ қоғамының кесіндісі ретінде Торғай облысының халқын алып, оны әлеуметтік зерттеу объектісі етеді. Зерттеу нәтижесінде қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымында мүліктік қатынасына қарай үш әлеуметтік топтың болғанын дәлелдейді. Ол жылқысының саны 300-400, қойы 400-500, түйесі 20-40, мүйізді ірі қарасы 50-60 басқа жеткен мал иелерін байлардың қатарына қоспай, оларға орташа шаруа деп қараған. Бай атану үшін, сондай статус алу үшін аталмыш түліктер бұл әлеуметтік топта жүздеп емес, мыңдап саналған дегенді мезгейді. Ал қарапайым шаруалардың, дәлірек айтқанда, кедейлердің (жатақтардың) санатына мүйізді ірі қара малы 10-15 бастан, жылқысы 4-5 және қойы 20-30 бастан аспаған адамдарды жатқызған2. Солай дегенмен де, мал шаруашылығының тиімсіздігін дәлелдеп, жұттың халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетіп жіберетінін жазды. Оның пікірінше, мал шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін отырықшылыққа көшу керек және бұл кезде егіншілік те дамиды. Шаруашылықтың отырықшылыққа көшірілуін қазақ халқын прогреске апаратын маңызды тәсіл деп қарады. Отырықшылыққа — қолөнерді дамытушы фактор, деп қарады. Қолөнердің дамытылуы үй тұрмысына, жалпы шаруашылыққа қажетті әдеттегі бұйымдарды өндіру үшін керек, ал қазақтардың осындай заттарды іздеп алыстағы сауда орындарын жағалауы, малдан алынатын өнімдердің құнын кемітіп, еріксіз қажетті нәрселерге айырбастауы немесе сатып алуы осы саланың дамымауының салдары еді.

Орыс, татар, Бұқар көпестеріне теріні 30 тиыннан 2-3 сомға, 1 пұт майды 2-3 сомға сататын. Осы шикізаттарды өңделгеннен кейін қазақтар қала базарынан етік былғарысын 6-10 сомға, майдан жасалған 1 пұт шырақты 6-7 сомға сатып алатын. Тіптен саз балшықтан құйылған кірпіштер үшін де башқұрт, татар, орыс казактарымен саудаласатын1.

Отырықшылықтың тиімділігін Ы. Алтынсарин оқу процесімен де байланыстырады. Отырықшылық оқу процесінің үздіксіздігін, мектептердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп түсінді.

Қазақ қоғамында ертеден қалыптасқан әдет-ғүрыптар көптеп саналады. Ы. Алтьшсарин олардың адамдар арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарын нығайтудағы рөлін зерттеп, оның нормалық маңызын ашып көрсетеді. Ол әсіресе қазақтардың құда болу салтына ерекше мән беріп, одан қоғамды нығайтудың бірден-бір маңызды факторын байқады.

Ы. Алтынсарин отбасының қазақ қоғамында ерекше міндеттер атқаратындығына зор мән беріп, ата-аналардың ұл-қыздарын атастыру, некелестіру салт-дәстүрін отбасының тұрақтылығын сақтаудың, туыстық қатынастарды нығайтудың құралы ретінде сипаттайды. Сонымен қатар қазақ жұртында сегіз атаға дейін жақындарының бойжеткен қызына үйленбеу салты әлеуметтік нормаға айналғанын атап көрсетеді2.

Ы. Алтынсарин айтып отырған әдет-ғұрып, дәстүр нормалары қоғамдық мүдделерден шыға білген.

Ыбырайдың әлеуметтану тұрғысынан қарастырған мәселелері, оның нәтижелері әлемдік әлеуметтану үшін аса маңызды. Ыбырайдың замандасы ұлы ойшыл Абайдың қазақ қоғамы туралы пайымдауларының да маңызы зор болды.