ХХ ғасырдың 70-жылдарынан 2000 жылға дейінгі кезеңдегі әлеуметтанымдық теориялар мен негізгі ағымдар

ХХ ғасырдың 70 – 80-жылдарында Батыста әлеуметтанудың дамуында осы күнге дейін жалғасып келе жатқан жаңа кезең басталды. әлеуметтанудың кейпін анықтайтын жаңа тұжырымдамалар мен теориялар пайда болуда. Бұлар классикалық үлгідегі ой-пікірлермен тығыз байланыста дамуда және оларды жалғастыруда. Яғни әлеуметтанудағы сабақтастық өте анық көрсетілуде. Бұл түсінікті де, себебі бұл ғылым әлеуметтік процестердің шындығын көрсетеді. Алайда, әлеуметтанудағы бұл кезеңді өткен екі кезеңмен тығыз байланыстыра қарастыру қажет. Олай етпеген күнде әлеуметтанымдық ойдың соңғы жиырма жыл ішіндегі даму өзгешеліктерін түсінуге болмайды. Бұл кезеңдегі теориялық жұмыстар бірнеше бағыттардың өмір сүруі арқылы көзге түседі. Мұнда үш негізгі бағытты ашып көрсету қажет: неомаркстік, неопозитивтік және түсінуші әлеуметтану бағыттары. Бұлардың біріншісіне Франкфурт мектебі мен АҚШ-тағы радикалды-сыншыл әлеуметтануды, екіншісіне – структурализмді, құрылымдық функционализмді, постпозитивизмді, ал үшіншісіне – этнометодологияны, символикалық интеракционизмді, феноменологиялық әлеуметтануды жатқызуға болады. Дәстүрлі тұжырымдамаларды теориялық тұрғыда бірінші болып қайта қарауға ұмтылғандар Франкфурт мектебінің өкілдері М. Хоркхаймер (1895-1973), Т.Адорно (1903-1969), Г.Маркузе (1898-1979), Ю.Хабермас (1929) болды. 1930 жылдардың өзінде Майндегі Франфуртта әлеуметтік зерттеулер институты негізінде неомарксизмге негіз қалаған Батыс әлеуметтануының бағыты қалыптасты. Бұл марксизмді жаңаша түсіндіруге тырысқан әлеуметтік-философиялық ой ағымы еді. Мұның өкілдері үшін әлеуметтік-экономикалық категория ретінде алынған «шеттетілу» ұғымы өзекті ұғым болып саналады. Неомарксизм «маркстік» капитализмнің орнына қоғамның еңбектік негізін өзгертетін «кешеуілдеген капитализмнің» келгенін жариялады. Бұл мектептің өкілдері, ең әуелі Ю.Хабермас 70-80 жылдардың шегінде әлеуметтанымдық методология саласы бойынша еңбектер жариялады.

Қазіргі Батыс әлеуметтануының кең тараған бағыты – неопозитивизм. Бұл бағыт тұтастыққа қолы жеткен мектептердің қатарына жатпайды, керісінше ықпалды бағдар іспетті, оның жақтаушылары өздерін ғылыми әлеуметтанудың немесе әлеуметтанудағы жаратылыстану-ғылымилық бағыттың өкілдеріміз деп санайды.

Неопозитивизмнің қалыптасуы ХХ ғасырдың 20-жылдарында басталды, оған «ғылымның стандартты тұжырымдамаларын» жасау негіз болды. Бұл тұжырымдама бірнеше принциптерді жүзеге асыруды мақсат тұтады: әлеуметтік құбылыстар ьабиғи және мәдени-тарихи заңдарға бағынады; әлеуметтік зерттеудің әдістері сияқты қатаң, нақты және объективті болуы тиіс; адам мінез құлқының субъективтік мәселелерін (мотивтер, құндылықты бағдарлар және басқалары) тек олардың көзге нақты көрінуі арқылы ғана зерттеуде болады; ғылыми ұғымдардың ақиқаттығы мен бекуі эмпириялық зерттеулер негізінде анықталып, орнығуы қажет; барлық әлеуметтік құбылыстар сандық түрде көрсетіліп, жазылуы керек; әлеуметтану ғылым ретінде құнды ой-пікірлер мен идеалогиядан еркін болуы тиіс.

Неопозитивизм өзінің қолданбалы эмпириялық бағдарының арқасында әлеуметтанулық зерттеудің әр түрлі әдістерін жасады және меңгерді, атап айтқанда, іштей және сырттай бақылау әдісі, адамдардың жеке басына қатысты құжаттарды қолдану әдісі, шкалалық әдіс, панелдік әдіс, латенттік, контентталдау, т.б. әдістер қалыптасты.

Неопозитивизм шеңберінде әлеуметтанулық зертеулерді жүргізуге қойылатын талаптар қалыптасты. Оларды әлеуметтану мәдениетінің нормалары деп те атайды. Олардың қатарына мыналар жатады: ұғымдарды іріктеу және оларға нақты түсінік беру; гипотеза әзірлеу; зеттеу әдістерін мазмұндау; зерттеудің мәліметтерін және нәтижелерін мазмұндау; қорытындыларын дәлелдеу; зерттеу тақырыптарына орай пікір-сайыстар ұйымдастыру, өткізу. Неопозитивизм өзінің дәуірлеу шыңына 40-50 жылдары көтерілді, бұған дейін біраз уақыт ол құлдырауды бастан өткерді. Неопозитивизм қазіргі Батыс әлеуметтануында көшбасшы болу рөлінен айырылды. 70-жылдардың соңы мен 80-жылдардың басында оның қайта жандануына қоғамдық-саяси жағдайлар ықпал етті, әсіресе әлеуметтік құбылыстарға сенімді ақпараттар мен ғылыми экспертизалар иалап ету мемлекеттік тапсырысқа айналды. Әлеуметтану бұған қолданбалық функциясын күшейту арқылы жауап береді, ол ең алдымен әлеуметтік инженериядан нақтылы түрде көрінді және қолданбалық зерттеулердің щеңберінің кеңеюінен де байқалады. Сонымен қатар эмпиризм мен мазмұндауды жеңуге байланысты алғашқы қадамдар жасалып отыр. Осыған орай неопозитизмнің мына ережелері алдыңғы қатарға шықты: математика тілі әлеуметтанулық ақпаратты берудің ең маңызды формасы болып табылады; ғылымдардың методологиялық бірлігін негізге ала отырып, мәліметтерді талдау үшін жаңа логикалық-методологиялық құралдарды қолдануы тиіс; әлеуметтану әлеуметтік зерттеудің этикалық тұрғыдан алғандағы бейтарап саласы.

Сонымен, әлеуметтік ақпаратқа деген сұраныстың күшеюіне неопозитивизмнің дамуы үшін қаржы негізін қалайды және қолайлы саяси ахуал қалыптастырады. Бірақ бұл әдістің іргелі теориялық базасының болмауына базасының болмауына байланысты өрісінің шектеулі екендігін де байқаймыз.

Феноменологиялық әлеуметтану ағымының өкілдері – Альфред Щюц (1899-1959), Питер Бергер (1929), Томас Лукман (1927). Бұлардың пікірінше, дүниені және нақты фактіні танып қабылдау адамның қайсібір оқиғаларды түсіндіруіне байланысты болады, нені істеуге толық мүмкіндіктің жоқтығын анықтау индивидтің әлеуметтену процесі барысында меңгерген, өмірлік тәжірибесінен туындаған құндылықтар жүйесінке байланысты. Щюц әлеуметтенудің ерекшелігі және индивидтің қандай мәдениетке, әлеуметтік, кәсіби топқа жататыны құндылықтардағы өзгерістерге байланысты екендігін атап көрсетеді. Әлеуметтік нормаланған «дүние конструкциясының» түрлері өте көп.

Мұндай жағдайда адам әрекеттерінің мотивтерін объективті түсіну мүмкін бе, яғни олардың субъективтік мәнін түсінуге бола ма? Деген заңды сұрақ туады. Егер де ол мүмкін болса, онда ненің негізінде пайда болады? Щюц түсіну мүмкіндігі күнделікті өмір негізінің өзінде, «күнделікті дүниеде» қаланған деп тұжырымдайды. Оның пікірінше, бұл әлеуметтанудың ең басты міндетін, яғни индивидтердің субъективтік тәжірибесі негізінде әлеуметтік құбылыстардың қалыптасу процесінің объективтілігін ұғыну міндетін шешуге мүмкіндік береді. Алайда, әлеуметтанушы өмірлік дүниенің теориялық моделін жасай отырып, келесі ережелері (постулаттарды) басшылыққа алуы тиіс: релеванттық постулат. әлеуметтік дүние моделінің тікелей зерттей проблемасына қатысы жоқ, «артық» мазмұнына көңіл аудармай, бірден зерттелетін пәндік өзіндік байланыстары мен қатынастарын белгілеуді есепке алу керек; барабар постулаты - әлеуметтанулық модель және ондағы білім, мотивтер жоспарлар, әрекеттердің құрылуы «саналы және түсінікті» болып қабылдануы тиіс; логикалық жүйелік постулаты - әлеуметтану ғылыми қолданатын ұғымдар тізбегі, бір-бірінің толықтыратын, бір-біріне сәйкес келетін болуы және солардың негізінде қозғалуы тиіс, айтылатын ой біріне-бірі қайшы келмеуі қажет; келісу постулаты - әлеуметтанушы қайтадан дүние жасап шығармайды, ол өзінің түсіндіру моделін оны эмпириялық жолмен тексеруге болатындай етіп құрады.

Сонымен, феноменологиялық әлеуметтану бірінші болып күнделікті болатын құбылыстарды әлеуметтік ғылымдардағы зерттеулердің негізі және алғышарты, тақырыбы мен пәні ретінде қарастырады.

Қазіргі Батыс әлеуметтанушыларың бірден-бір қызықты және табысты ағымы символдық интеракционизм болып табылады. Бұл ағымды негіздеген – Американ ғалымы Дж.Мид (1863-1931). Ол Ч.Дарвиннің идеасымен рухтанып, арнайы адамзат эволюциясы теориясын жасауға тырысты. Ол үшін ең алдымен іргелі сұраққа жауап қайтаруы керек болды: адамның жануарлардан айырмашылығы неде, оны тұлға ететін не? Оның пікірінше, адамның ерекшелігін мінез-құлықтың негізгі реттеушісі саналатын дамыған инстинктер жүйесінің болмауы анықтайды. Сондықтан да адамның символдарды ойлап табу және қолдану қасиеттері бар. Бұл адамның қоршаған ортаға, саналы мінез-құлыққа және өзін бақылауға саналы бейімделуінің негізі болып табылады.

Адам әрекетінің басты сипаты – символдарды қолдану. Дж.Мид әлеуметтік әрекеттің екі формасын немесе екі сатысын ажыратады: ишараттың (ымның) көмегімен адамның қарым-қатынас жасау сатысы; жанама қарым-қатынас жасаудың символдық сатысы.

Ишараттың (ым) арқылы қарым-қатынас жасау әрекеттің қысқартылған түрі секілді сипатталады, жекелеген ишараттардан әрекетті толық қалпына келтіруге болады. Мінез-құлықты үйлестіру функциясын өз құзырынаалған мұндай түрдегі ишараттар тілдің кейпі сияқты болып көрінеді.

Символдық жанама өзара әрекеттер, яғни ең алдымен тілдің көмегімен болатын өзара әрекеттердің сипатталуы былайша жүзеге асады: а) кез келген индивидпен қарым-қатынаста бірдей реакцияны тудырады; б) өзін басқа адамның орнына қойдырады; в) өзіне басқа адамның көзімен қарайды.

Символдық жанама өзара әрекеттің пайда болуын Дж.Мид функционалдық арқылы түсіндіреді, яғни адамдарда сенімді түрдегі инстинктердің болмауы салдарынан олардың мінез-құлықтарын үйлестіру қажеттігі тұрғысынан ұғындырады және антропологиялық, яғни адамның символдарды жасау және қолдану қабілетімен түсіндіреді.

Маңызды символдар, егер де бұлар топтардың игілігіне айналса ғана өздерінің үйлестіруші функциясын орындай алады. «Ана», «Әке», «жақсы», «жаман» және т.б. ұғымдар өзінің естілуімен және ерекше маңыздылығымен топтардың игілігі болып табылады, одан жеке адам осы маңыздылықтарды алады. Адамның қоғам мүшесі болуы – оның топтық әрекеттің үлгілері мен нормаларын меңгеру деңгейіне байланысты. «Маңызды символ» ұғымы ең алдымен тілге қатысты айтылған, соны білдіреді. Қарым-қатынастағы әріптестер ешқашан да бірдей тілде сөйлемейді. Соның салдарынан көбіне-көп бірін-бірі түсінбейтін немесе өате түсіністік жағдайлар пайда болады, бұл өзара әрекеттің бұзылуына әкеліп соғады. Мұндай бұзуларды (бұрмалаулар) метакоммуникациялардың көмегімен түзетуге болады, яғни әріптестер қарым-қатынастар орнату процесінде қолданған ұғымдарының мәнін салыстырмалы және ортақ маңыздылық жүйесі арқылы жүзеге асыруы керек. Бұдан шығатын қорытынды: адам объектілерге қатысты қызметті өзі мән берген маңыздылықтардың негізінде іске асырады; маңыздылықтың өзі әлеуметтік өзара әрекеттің жемісі болып табылады; маңыздылықтар өздеріне түсіндірмелер мен жаңа анықтамалар беру арқылы пайда болады және өзгереді. Дж. Мидтің пікірінше, қоғам адамдардың жиынтығы, сондықтан да индивид адамдармен өзара әрекет ету қарым-қатынасын орнатқан және өзін-өзі түсіну арқылы, өз әрекетін жоспарлағанда кімнің ұстанымын, кімнің көзқарасын негіз етіп алу керектігін қарастырады, пайдалысын қолдайды. Қоғамның пайда болуын Дж. Мид, түптеп келгенде, физиологиялық себептер арқылы, яғни белгілі бір қажеттіліктердің (мұқтаждықтардың) пайда болуы және соларды қанағаттандыру, ең алдымен тамаққа және өмірді жалғастыру қажеттіліктерін қанағаттандыру қажеттіліктерінің пайда болуы арқылы түсіндіреді. Индивид физиологиялық жағынан өзін қанағаттандырғанымен, қалай болғанда да басқа адамдармен байланыс орнатады, соларға тәуелді болады.

Нақтылы және идеалды қоғамның өмірін сипаттаған Дж. Мид оларды өзара әрекеттің кең көлемі мен сапасы арқылы қарастырады. Идеалдық қоғам нормалардың бәріне ортақ болуы және коммуникация процесіне бүкіл адамзаттың араласуы арқылы сипатталады. Идеалдық қоғамның пайда болуының алғышарттарын ол дүниежүзілік шаруашылықтар байланысының кеңеюінің, мемлекеттер арасындағы саяси одақтардың қалыптасуының, діннің әмбебаптығының кеңеюінің нәтижесі деп тұжырымдады. Сонымен қатар Дж. Мид әлеуметтік шиеленістердің конструктивтік рөлін, соның ішінде еңбек пен капитал арасындағы шиеленісті атап көрсетті, еңбек пен капиталдың шиеленісі барысында үндері шықпай, беделден айырылған, қоғам әлі мойындамаған және өзінің таптығын қалпына келтіру үшін күресуші қанаушылар тобы қайтадан даусын көтере бастады. Сөйтіп, коммуникацияға тартылған әлеуметтік субъектілердің шеңбері кеңейді және осы жаңа диалогтың нәтижесі қоғамды қайта құруы мүмкін.

Батыстың қазіргі әлеуметтануының кең таралған тағы бір тұжырымдамасы ол – этнометодология. Мұның негізін қалаушы американ әлеуметтанушысы Г. Гарфинкель. Бұл тұжырымдаманың мән-мағынасы – этнография мен әлеуметтік антропология әдістерін әлеуметтік зерттеулердің жалпы методологиясына айналдыру. Этнометодологияның негізгі талабы – зерттеу субъектісі мен объектісінің арасында үзілісті болдырмау. Әлеуметтанушы зерттеудің жағдайы мен сыртына терең үңілуі тиіс, яғни ол бұл іске сырт көзбен қарай алмайды. Әлеуметтанушының міндеті – зерттелетін объектімен өзара тығыз байланыс орнату, сонымен біте қайнасу керек, себебі олардың өзара қимылы осыған негізделеді. Этнометодологияның өкілдері осындай өзара қимыл-әрекетте басқа тәсілдерге қарағанда солардың бәрінен де анағұрлым бай ақпараттар алуға болатынын атап көрсетеді. Сондықтан этнометодолог ғалымдардың осындай байланыс барысында қолдары жететін, яғни ғылыми қорытындылар жасауға негіз болатын тәсілдерді ұсынуы көбінесе халық даналығы деп аталатын қарапайым әрі мағынасы дұрыс сипатқа ие болады. Шын мәнінде мұндай қорытындылар адамдардың жүріс-тұрыс тәртіптерінің көрінісі ретінде сипатталатын сөздік қатынастар ретіндегі әлеуметтік өзара әрекетті көз алдымызға елестетіп отырады.

Енді 1990 жылдың шілде айында Мадрид қаласындаөткізілген дүниежүзілік ХІІ әлеуметтанымдық конгресте ұсынылған ең жаңа әлеуметтанымдық постмодернистік тұжырымдама жөнінде аздап түсінік бере кетелік.

Бұл тұжырымдаманың өзіндік ерекшелігі бар. Себебі ол әлеуметтік нақтылық пен әлеуметтанудың өзін танып-білу тәсілдеріне ғана қатысты емес, сонымен бірге, әсіресе қоғамдағы болып жатқан және 90-жылдарда болуы мүмкін өзгерістерді жаңаша түсінуге мүмкіндік береді. Постмодернистік дамудың бұл жаңа жалпытеориялық тұжырымдамасын ағылшын әлеуметтанушысы Э. Гидденс ұсынды. Мұның мәні мынада: бұл постмодернизм тұжырымдамасының жақтаушылары қазіргі болып жатқан және келешекте болатын өзгерістерде мәдени факторлардың ерекше рөл атқаратынын көрсетіп, соны баса айтады. Басқаша айтқанда, дәл осы факторлар қоғамдық прогрестің өлшемдері ретінде қаралады. Бұл жерде Э. Гидденс бәрінен бұрын әлеуметтік субъектінің (тұлғаның, кез келген әлеуметтік қауымдастықтың – халықтың, кәсіптік топтың, қоғамдық қозғалыстың) және оның қызмет еркіндігі рөлінің артып отырғаның көрсетеді. Ол қандай деңгейде, қандай аймақта болса да мәдениеттердің әр түрлілігі мен көп жақтылығы және тең құқықтығы жөнінде сөз қозғаған дұрыс деп санайды. Гидденстің тұжырымдамасы бойынша, мәдениеттерді олардың аздығына немесе кең көлемде дамығандық белгісіне қарап тізуге болмайды. Олардың бәрі де, тіпті дәстүрлі мәдениеттің өзі де бір-бірімен тең дәрежеде құқықты. Вебердің пікірінше, қоғам дәстүрлік және модернистік болып екіге бөлінеді. Ол қоғамдағы адамның жүріс-тұрысын дәстүрлі түрдегі реттеушілік: «ойланбастан, өзіңе дейін қалай істесе, сен де солай істе» деген принциппен анықталады десе, модернистік қоғамда адамдардың әлеуметтік жүріс-тұрысын реттеушілік – пайдалықпен, экономикалық жөнділікпен, тиімділікпен анықталады делінеді. Ал Гидденс болса мұндай көзқарастан біршама ілгері жылжыды. Оның ойынша, қазіргі біздің заманымыздағы постмодернистік типтегі қоғамда барлық әлеуметтік процестерді әлеуметтік қауымдастықтардың мәдени белсенділігімен байланыстырған субъективтендіру идеасы басты рөл атқаратын болады деп есептейді.

Әлеуметтанымдық теориялардың ішінде 80-жылдарда қалыптасқан көзқарас – қоғамның принципті, мүлде басқа типінің пайда болуын атап көрсетеді. Бұл арада сөз болып отырғаны – жаңа әлеуметтік нақтылыққа, ақпараттық негізге сүйенетін, «ақпараттық қоғам» деп аталатын қоғам. Мұнда қоғамдық құбылысты анықтайтын факторретінде заттар мен тауарларды өндіру жүйесі емес, керісінше, ақпараттарды өндіру жүйесі қарастырылады. Мұндай постмодернистік қоғамда «экономикалық» адамдардың орнына басқа типтегі тұлғалар келеді. Ал, бұл тұлғалардың ұстанған өмір салтында материалдық тұтыну мұқтаждықтарының шеңберінен тыс басқа да себептер мен қазыналар басым жатады.

Қазіргі кезеңдегі әлеуметтанудың тағы бір тұжырымдамасы ол - әлеуметтік айырбастау теориясы. Бұл теорияны неғұрлым тез дамытушылар – американ әлеуметтанушылары Дж. Хоманс, П. Блау, Р.Эмерсон болды. Бұл теорияның тұжырымы бойынша, адам мен қоғамның өзара әрекет етуі, әр түрлі әлеуметтік игіліктер мен іс-әрекеттер түрлерінің алмасуы арқасында өкімет, құқықтық жағдай, тәртіп, т.б. өмір сүреді деп түсіндіріледі. Адамның айырбастауға деген ұмтылысы (психологиялық деңгейде) оның қызметі мен тәртібіндегі негізгі бастаманың көзі ретінде қаралады. Айырбастау арқасында қоғамда жаңадан әр түрлі құрылымдар пайда болып қана қоймайды, сонымен бірге, атап айтқанда, тану, сыйлау, мақұлдау, жетістік, достық, т.б. сияқты көптеген қатынастардың механизмдері де әрекет етеді. Айырбастау актісі қарапайым әлеуметтік әрекеттер ретінде жүзеге асады.