Леуметтанудың қалыптасуы, оның зерттеу объектісі мен пәні

Әлеуметтану - қоғам жөніндегі ғылым. Оны өз алдына ғылым етіп, негізін қалаған француз ғалымы Огюст Конт (1798-1857) еді. Бұған дейін қоғамның өмір сүруі мен дамуы жөнінде түрлі ілімдер Шығыс және Батыс ойшылдарының жалпы философиялық көзқарастарының құрамдас бөлігі іспетті қарастырылып келген еді. Қоғамның дамуында ғасырлар бойы өзіндік ерекше, бірегей көзқарастар қалыптасып, ол туралы, әсіресе, саясат, мораль, ғылым, дін, өнер мәселелері көне Үнді, көне Қытай, көне грек философтарының, Еуразияның орта ғасырлық және жаңа заман ойшылдарының еңбектерінде баяандалған болатын.

Әлеуметтану философиядан бөлінгенімен, қоғамның біртұтастығын, оны дамытатын қозғаушы күштерді, тағы басқа да проблемаларды қарастырумен шектеліп қалмайды. Ол қоғам өмірінің барлық жақтарын қарастырады, соның ішінде мемлекет, саясат, құқық, экономика, мораль, өнер, дін және қоғамдық дамудың басқа да жақтарына қатысты проблемаларды шешумен айналысып, кейіннен олардың өздерін жекелеген ғылым салаларына, зерттеу пәніне айналдырады.

Алайда, қоғам дамуына байланысты оның жекелеген салалары жөніндегі білімнің жинақталуына орай, әлеуметтану бір ғана қоғамдық әмбебеп теория ретіндегі рөлін біртіндеп жоғалтты. Оның құрамынан саясаттану, құқықтану, саяси экономия, этика, эстетика, т.б. бірнеше ғылымдар жеке бөлініп шықты. Содан, яғни ХІХ ғасырдың ортасынан бастап әлеуметтану дербес ғылым болып, дами бастады, бұл жағдай, біріншіден, өзінен бөлініп шыққан білім салаларына қатысты болса, екіншіден, бұған дейінгі әмбебап философиялық жүйелерге де байланысты еді.

Бірте-бірте, уақыт озған сайын қоғам дамуын тұтас әлеуметтік организм ретінде қалыптастыру, оның объективті және субъективті жақтарының өзара әрекеті, тарихи дамудағы материалдық пен руханилықтың диалектикасы, әлеуметтік прогрестің алғышарттары, азаматтық қоғам, гуманизм, әлеуметтік әділеттілік проблемалары, сайып келгенде, осының бәрі әлеуметтанудың назар аударатын және зерттеу пәнінің іргесін қалайтын бірден-бір жол болды. Соның нәтижесінде ХІХ ғасырда аталмыш мәселелерді шешу жолдарын ұсынған бірнеше жалпы әлеуметтану көзқарасы қалыптасты. Сол көзқарастардан көпшіліктің мойындағаны Георг Вильгельм, Фридрих Гегель, Огюст Конт, Герберт Спенсер, Карл Маркс, кейіннен Эмиль Дюркгейм, Макс Вебер, Габриель Тард, т.б. әлеуметтанушылардың әлеуметтік теориялары болатын.

Осы аталған ойшылдардың әрқайсысы тарихи процесті ғылыми түрде түсіндіруге аса құнды үлес қосты. Олардың қоғам дамуы жөніндегі тұжырымдамалары өмірдің және ғылымның алға қойған сауалдарына бірегей және мазмұны терең жауаптар қайтарды, сондықтан да олардың ілімдері қазіргі әлеуметтік проблемаларды шешуде де өздерінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ.

Әлеуметтану әмбебап философия жүйесінен бөлініп, жеке ғылым болып дамығанына қарамастан, өзінің философиялық мазмұнын әлі де толық жойған емес. Ол философиялық мәндегі қоғам дамуына талдау жасау және барынша терең зерттеу жүргізуде жалпы әлеуметтануды кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жалпытеориялық әлеуметтану өзінің іргелі ережелерімен және байыпты қорытындыларымен де, философиялық ғылым тұрғысында да көзге түсіп келеді.

Сөйтіп, философиялық алғышарттарға сәйкес жалпытеориялық әлеуметтану қалыптасты. Кейбір философиялық тұжырымдамаларға, жетекші рөл атқарып келген белгілі бір дүниетанымға жалпытеориялық әлеуметтану арқа сүйейді.

Бұл тұжырымдаманың ұстанымымен мына мәселелер: қоғам дамуының қозғаушы күштері проблемалары, әлеуметтік процестерді бағыттау мәселелері, тұлғалардың өзара әрекеті, әлеуметтік топтардың және қоғамның ара қатынасы, тарихи дамудағы материалдық және рухани дүниенің өзара әрекеті, яғни қоғам өмірі мен дамуының аса іргелі проблемалары шешіледі. Оларды шешу методологиясы, дәлірек айтсақ, басқа да әлеуметтану проблемаларын жүзеге асыруды қажет етеді, соның ішінде жалпыламалыққа біршама қатысты болғанымен, жеке сипаттағы мәселелерді шешуді қолға алады.

Әлеуметтанушының осы саланы зерттеу кезінде басшылыққа алатын дүниетанымы мен методологиясы - философия мен әлеуметтанудың әрдайым органикалық байланыста болатынын көрсету. Сонымен қатар, бұл ғылым салалары өз дербестіктерін де сақтап келеді. Әлеуметтанудың дербестігін кезінде француз әлеуметтанушысы Эмиль Дюркгейм атап көрсеткен еді. Ол өзінің «Әлеуметтану әдісі» деген еңбегінде «Әлеуметтану ерекше және жеке дара ғылым» екенін жазып, оның әлеуметтік фактілерді объективті зерттеуге бағытталғанын түсіндірді. Әлеуметтанудың ғылыми сипаты мен мазмұны жөніндегі осындай байыпты пікірді қазіргі көптеген белгілі әлеуметтанушылар ұстанып отыр, солардың арасында П. Лазарсфельд, Р. Мертон, Т. Парсонс, т.б. бар. Олар әлеуметтануды философиялық ғылым деп сыңаржақты пікір білдірген емес. Алайда, олар көптеген әлеуметтік құбылыстарды түсіндіруде философиялық дәлелдемелерге жүгінеді, соның ішінде позитивизм, прагматизм, интуитизм, т.б. солар сияқты ағымдарға сілтеме жасайды. Ол орынды нәрсе. Өйткені қайсыбір қоғамдық құбылысты әлеуметтік терең зерттеу логикасының өзі сол талдау мен сараптаудан туындайтын қорытындыларды философиялық ой елегінен өткізуге әкеліп соқтырады.

Түптеп келгенде, қазіргі әлеуметтану - әлеуметтік жүйе күйіндегі, қоғам жөніндегі, оның жүйешелері (подсистема) мен жекелеген элементтері туралы өз алдына дербес ғылым. Кез келген қоғамдық құбылыс қоғамның әлеуметтік жүйесінің элементі болып саналады. Осы жүйенің шеңберінде бүкіл әлеуметтік құбылыстар мен процестер, олардың өзара бір-бірімен әрекеті ғылыми сараптаудан өтеді[1].

Қоғам жүйесі түзілім ретінде өзінің элементтерімен және сол элементтердің кез келген жиынтығымен салыстырғанда ғана ерекше сапаға ие болады. Ежелгі ойшылдардың пайымдауынша, тұтастық өзі қамтитын бөліктердің жиынтығынан әлдеқайда үлкен. Оның элементтері интегративтік тиімділікке жетіп, тұтастық жаңа сапаға ие болады. Бұл жаңа сапалар қоғамның жүйесі ретінде белгіленеді[2].

Қоғам осы сапаларға байланысты өзін қалыптастыратын субъектілерден, әлеуметтік институттардан, қоғамдық өмір салаларынан, т.б. сол сияқтылардан дербестігін сақтап қалады. Ең алдымен қоғамның өмір сүру механизмдерін зерттейтін, түрлі субъектілердің өзара әрекетін зерделейтін ұйымдар мен әлеуметтік институттарды қарастыратын әлеуметтану ғылымы баяндалған жағдайды ерекше белгілеп, дәлелдейді. Әлеуметтану сондай-ақ, қоғам дамуының заңдарын да ашады және оларды зерттейді. Осыған орай, әлеуметтануды - әлеуметтік жүйенің өмір сүруі мен дамуының заңдары жөніндегі, сол заңдардың субъектілерінің, яғни әлеуметтік үлкен және кіші топтардың, адамдар қауымдастықтарының, сонымен бірге жекелеген тұлғалардың қызметінен көрініс табатын ғылым ретінде сипаттауға болады. Сайып келгенде, мұның бәрі әлеуметтанудың өзіндік мәнін және ерекшеліктерін сипаттайды, оның зерттеу объектілерін де көрсетіп береді. Әлеуметтану - қоғамдық құбылыстардың беймәлім жақтарын зерделеп, социумда қалыптасқан әлеуметтік қатынастарды адам факторымен ұштастырып қарастыратын ғылым.

Бірақ қоғамды бұл ғылымнан басқа да бірнеше қоғамдық ғылымдар: тарих, саясаттану, құқық, психология, т.б. өз ағымына сәйкес зерделеп, зерттейді. Бұдан: сонда әлеуметтану қоғамның несін зерттейді? - деген заңды сауалдың тууы ықтимал. Бұған жауап беретін болсақ, оның пәнін, яғни зерттеу тақырыптарын анықтайтын дәлел ретінде әр түрлі ой - пікірлерді ұсынар едік.

Ғалымдардың өз ішінде осы мәселе жөнінде әлі күнге дейін тұрақталған пікір жоқ. Бұл мәселеде әркім өз көзқарасын жөн санайды. Дегенмен, әлеуметтану пәні туралы негізгі ұғымдарына сәйкес ғалымдарды екі топ пен бағытқа бөліп қарастыруға болады: 1) әлеуметтанудың зерттеу тақырыбын өз зерттеу қорытындыларымен байланыстырған оқымыстылар; 2) әлеуметтану пәнінен осы ғылымның ең басты ұғымын тауып, сол пәнге айналуы тиіс деп санайтын ғалымдар.

Демек, әлеуметтанудың пәні деп отырғанымыз - қоғам мен адамның беймәлім қырлары, құпия жақтары, яғни олардың арасындағы қатынастар, байланыс механизмі мен құрылымы, әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік институттар, әлеуметтік іс-әрекет пен адамдардың мінез-құлықтары, мүдделері мен мұқтаждықтары, құндылықтары, бұлардың өмірде байқалуы мен өзгеріске ұшырауын қалыптастырған себептер және олардың нәтижелері.

Әлеуметтанудың объектісі мен пәні оның білімдік құрылымы мен деңгейлерін анықтайды.