Мәдениеттің негізгі элементтері мен формалары

 

Әрбір мәдениеттің өзіндік ерекшеліктері, белгілері болады, оларды мәдениеттің элементтері деп атайды. Рухани мәдениеттің базистік элементтеріне әдет-ғұрыптар, адамгершілік, заңдар, құндылықтар жатады. Алғашқы үшеуі мәдени нормалардың түрлері болып саналады, сондықтан да олар мәдениеттің нормативтік жүйесін құрайды. Бұл жүйе қоғам мүшелеріне не істеу керегін, оны қалай істеу керектігін және қандай жағдайда өзін қалай ұстау керегін белгілейді. Өзін ұстау мәнерлері, әдеп (этикет) пен кодекс те мәдениеттің нормативтік жүйесінде, бірақ негізгі есебінде емес, керісінше, оның қосымша элементтері ретінде енеді. Кез келген қоғамда, айталық, қарапайымнан бастап бүгінгі астам (супер) қоғамға дейінгі қоғамдардың бәрінде әдет-ғұрыптар мен заңдар болған, бірақ мәнерлер, этикет және кодекс кез келген қоғамда бола бермейді.

Құндылықтар мәдени нормалар түріне жатпайды, бірақ мәдениеттің нормативтік жүйесінің өзге де элементтері сияқты осы жүйеге енеді және онда ерекше функция атқарады. Құндылықтар мәдениетте ненің қастерленетінін және сақталып қалатынын көрсетеді, бірақ оларды ешкімге таңбайды. Қоғамдағы ең негізгі құндылықтар ғана әлеуметтік нормалар тарапынан қорғалады. Сөйтіп, мәдени нормалардың өзі әлеуметтік нормалардың түрі болып табылады. Нормативтік жүйеде әдет-ғұрыптар, адамгершілік, заңдар базистік элементтер ретінде дәл осылайша реттілікпен берілуі керек, өйткені қоғамда тәртіп бұзушыларға қолданатын тыйым салулардың (санкциялардың) алғашқыдан үшіншіге қарай өтуі қатаңдық деңгейінің артқандығын көрсетеді.

Әдет-ғұрыптар – ұжымдық әдеттермен бекітілген дәстүрлі тәртіптер.

Адамгершілік – моральдық маңызға ие болған әдет-ғұрып.

Заң – конституциялық негізінде мемлекеттік өкімет билігінің жоғарғы органдарының қабылдаған нормативтік актісі.

Мәдениеттің анықтамасы мен оның құрылымы индивидтер мен қауымдастықтардың, жалпы қоғамның әлеуметтік өміріне ықпалын саралауға мүмкіндік береді. Оның ықпалы мынандай бағыттарда жүзеге асады:

1. Әлеуметтендіру және жеке тұлғаларды қалыптастыру арқылы. Сәби жарық дүниеге қуатты қасиеттері бар тек биологиялық организм ретінде келеді. Ол қасиеттерді тәрбие дамытады, үлгілейді, қалыптастырады, еңбек пен шығармашылыққа қабілетті саналы тіршілік иесі, адамға айналдырады. Тәрбие – тұлғаны қалыптастыратын, оны қоғамдық өмірге бейімдейтін, мәдениетке баулитын мақсатты бағыт. Бұл процесс тұлғаға сол мәдениетті түсінуге және оның шеңберінде саналы әрекет етуге мүмкіндік береді. Дәлірек айтқанда, аталмыш процесс адамды әлеуметтендіреді.

Демек, әлеуметтендіру – бұл индивидтің қоғамдық өмірге қатысуына тартатын, мәдениетті түсінуге және әлеуметтік ортада, ұжымда өзін-өзі ұстау дағдысына үйрететін, өзін баянды ете түсетін және әр түрлі әлеуметтік рөлдерді орындаттыратын жалпы ортаның ықпалы.

2. Қоғамдық өмірге мәдениеттің ықпал жасау тетіктерінің аса маңыздысы мәдениеттің құндылықтар жүйесін және оларды анықтайтын критерийлерді белгілеу болып табылады. Адамның тәртібі оның қажеттіліктерімен анықталады. Туғаннан (биологиялық) және күнделікті өмірден туындайтын қажеттіліктер болады. Бұлардың соңғысы қайсыбір жоқшылық сезімінен туындап, әрекетке итермелейді. Қажеттіліктердің көлемі және оларды қанағаттандыру тәсілдері тарихтың жемісі және мәдениетке тәуелді болып келеді.

Әлеуметтануда мәдени құбылыстарды дәстүрлі бөлулер мен эмпирикалық талдаулар бар.

Мәдениетті өзіне сіңірген субъектілер: қоғам, ұлт, тап, өзге де әлеуметтік топтар (демографиялық, аймақтық, т.б.) немесе жеке тұлға бір-бірінен ерекшеленеді. Мәдениеттің бұл топтарының арасындағы қатынастар әр кезде сайма-сай келе бермейді. Бұған бүгінгі ұлттық мәдениеттер арасындағы шиеленістер, қоғамдық және индивидуалдық мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылықтар мысал бола алады.

Функционалдық рөліне қарай мәдениетті қайсыбір қоғамның әрбір мүшесіне қажетті жалпы (өзекті) мәдениет және қайсыбір мамандық адамдарына қажетті арнайы мәдениет деп бөлуге болады.

Жалпы және арнайы мәдениеттер арасында қатаң белгіленген шекара жоқ. Өзекті мәдениет әрдайым вариативті, бірақ оның моделін жалпы орта білім беру бағдарламасы анықтайды. Мамандар мәдениетін, өз кезегінде, тек кәсіби біліктілік деңгейімен теңгеруге болмайды. Ол өзіне кәсіптік этика мен эстетиканы қосып алғанда, мамандықтың дүниетанымдық негіздерін пайымдауды талап етеді.

Мәдениетті шығу тегі (генезис) бойынша белгілі бір стихиялық жағдайда пайда болған, нақты авторы жоқ халықтық мәдениетке және авторларын нақты анықтауға болатын, кәсіби мамандардың – интеллигенцияның жасаған “білімді” мәдениетіне бөлуге болады.

Мәдениетті түрлеріне қарай материалдық (мысалы, материалдық игіліктерді өндіру мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, т.б.) және рухани (ғылым, өнер саласындағы қол жеткен табыстар, сонымен қатар адамгершілік, көркем, педагогикалық мәдениет, т.б.) мәдениеттер деп бөлу қалыптасқан.

Мәдениетті материалдық және рухани деп бөлу шартты екені даусыз. Өйткені, оларға ортақ бірнеше мәдениеттер бар, айталық, экологиялық, физикалық, т.б.

Өзінің сипаты және “мақсатты міндеті” бойынша мәдениет діни және зиялылық болады.

Әлеуметтанушылар мәдениет дамуының бірнеше негізгі заңдылықтарын атап көрсетеді:

- мәдениеттің типі қоғам өмірінің табиғи және қолдан жасалған жағдайына және оның өзгеруіне, олардың кері ықпалына тәуелді;

- мәдениет дамуы уақыт пен кеңістікте, жағымды және жағымсыз жағдайда сабақтастығын табады;

- мәдениеттің әркелкі дамуы, бұл екі мәселеден көрінеді: а) мәдениеттің гүлденуі мен құлдырауы қоғамдық өмірдің басқа салаларының гүлденуі мен құлдырауының дәуіріне сәйкес келмейді, мысалы, экономикада; б) мәдениеттің өз түрлері де біркелкі дамымайды. Бүгінде көркем мәдениеттің тәп-тәуір даму деңгейінде саяси мәдениеттің жоқтығы немесе экологиялық күйреу жағдайын әңгіме етеміз;

- мәдени процестегі тұлғаның, адами даралықтың ерекше рөлі.

Мәдениеттің өмір сүруі мен дамуы үшін ғылым мен технологиядағы сапалы өзгерістердің үлкен маңызы бар. Олар мәдени құндылықтарды жасау мен тарату үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. Үш сапалы кезеңді айрықша айтуға болады:

- көптеген мәдениет туындыларын сақтауға және оларды алмасуға мүмкіндік беретін жазудың шығуы;

- кітап баспа ісінің дамуы, соның нәтижесінде мәдениет туындыларын тез арада тарату көлемі артты;

- қазіргі ғылым мен техниканың: теледидар, география, т.б. жетістіктері.

Техникамен қарулану алғашқыда ең қуанышты үміт отын тұтандырды. Қуатты техникалық құралдар арқасында мәдениет адамды әлдеқайда ертерек тиімді әлеуметтендіруі керек еді. Алайда, мәдениеттің шарықтауынан күткеніміз іске аспады. Сонымен бірге, әлеуметтанушылардың анықтағанындай, адамның мәдениеті өзінің тұтастығын жоғалта бастаған және әсіре қызылалалыққа айналған. Қатардағы адамның әлем бейнесін түсінуінде бұгінде оның жарнамадан оқығаны, кинодан немесе теледидардан көргені, газеттен оқығаны немесе қызметтес әріптестерімен, көршілерімен әңгімесі бәрінен де үлкен рөл атқарады.

Ғылыми-техникалық төңкеріс бұқара мәдениетін кеңінен таратуды ынталандырды. Бұқаралық мәдениет идеясы бұқаралық қоғам ілімінің шеңберінде XX ғасырдың 20-жылдарында пайда болды. Бұқаралық қоғам теориясы бойынша XX ғасырда таптарға бөліну жойылады және тарихи процесте басты рөлді “бұқара” атқаратын болады. “Бұқара” ұғымы сандық (қоғамдағы көпшілік) ғана емес, сапалық та сипатқа ие болады, яғни ол адамды ерекше қасиеттерден айырады, сезіміне басымдық береді және оның өз шешімі мен ісіне жеке жауапкершілігін жояды. Тард пен Лебонның пікіріне қарағанда, қоғамда болып жатқанның мәнін түсінбейтін бұқарадан (немесе тобырдан) азды-көпті түсінігі бар жұртшылыққа және жоғары мәдени құндылықтарға қолы жететін элитаға бөлінеді. Осыдан келіп “бұқаралық” қоғам қалыптасады, оынң адамы әлеуметтік машинаның сұрақсыз элементіне, “винтикке” айналған, қоғам қажетіне ыңғайластырылған болады. Ал бұқаралық мәдениет деп шынайы мәдениетке қарама-қарсы тұрған мәдениетті айтады.

Бұқаралық мәдениеттің мәні сол мәдениетті тұтыну мақсатында жасаумен айқындалады. Оның басты атқаратын екі міндеті: көңіл көтерушілік-компенсаторлық (орын толтырушылық). Бұл мәдениет тапсырыс негізінде өмір сүру мен дамудың ішкі қайнар көздерінен айырылған. Оның бұлай аталуы өзінің көлеміне, яғни адамдарды қамтуы мен уақыт мөлшеріне қарай пайда болған, яғни адмдарды қамтуы мен уақыт мөлшеріне қарай бұқаралық болып саналады. Бұқаралық мәдениетте мәдениеттің жеңілдетілген, ат үсті варианты – бейімделушілік орын алады. Нәтижесінде бұқаралық мәдениет бизнестің ерекше түріне айналады, оны адамның тұтынуынан гөрі, адамның есін шығараын етіп және оған өзге мәдениет қабаттарын ауыстырып, адамның өзін тұтынатын етті. Теледидарда бас-аяғы бітпейтін көбік сериалдар деп аталатындардың үздіксіз берілуі осыған мысал.

Бұқаралық мәдениеттің ең шектен тыс жүзеге асуы – китч. Бұл немістің “kitsch” деген сөзінен шыққан, ол “шалағай, дөрекілік, еліктеушілік” деген мағынада қолданылады. Китч өзінің әдеттегі өмір сүру ортасынан кетіп, қалаға келген ауыл тұрғынының сұранысына жауап ретінде бұқаралық урбанизация кезінде пайда болды. Китчтың кеңінен тарауы Батыс әлеуметтанушыларын халықтың материалдық және мәдени деңгейінде кері тәуелділік байқалуы мүмкін, яғни әл-ауқат деңгейінің өте жедел жаппай артуы рухани сұраныстардың төмендеуімен қатар жүруі мүмкін деген қорытындыға әкелді.

Батыстың бұқаралық мәдениеті мазмұны жағынан 60-жылдарда түбегейлі орнықты десек болады. Батыс Еуропа елдеріндегі жастар бүлігі бұқаралық мәдениеттің адамға аса тиімді әсер етпейтінін көрсетті, өйткені ол бірден барлық адамдарға есептелген болатын. Бұдан шыққан қорытынды: қандай да болсын қоғамдық мұраттарды әр түрлі тәсілдермен жеткізу қажет.

Әлеуметтанушылардың алдында мынандай келесі міндеттер тұрады: мәдени белгілеріне қарай топтарды жіктерге бөлу; олардың мүдде-қызығушылықтарының ерекше шеңберін анықтап және бір-бірімен жанасу мүмкіндігі нүктелерін табу; қайсыбір топқа әсер етудің жолдарын, тәсілдерін және құралдарын анықтау.

Бұқаралық мәдениет әр түрлі әлеуметтік топтардың ерекшелікті сипаттарын есепке ала отырып модификацияланады. Оның ықпал ету тәсілдері де біршама өзгереді: оның таңдап алуы, техникалық жетілдірілуі, ойлап тапқыштығы бұрынғыдан да артқанмен, өзінің негізгі құралы ретінде статустық тұтыну механизмін қолданады. Мысалы, қайсыбір заттарды сатып алу олардың техникалық сипаттамасына және атқаратын қызметіне қатысты емес, керісінше, мәртебе көруден туындайды.

Егерде шынайы және бұқаралық мәдениет өздерінің мақсаттары мен құндылықтары жағынан айырмашылықтары болса, үстемдік етуші мәдениетке орай суб- және контрмәдениеттер, яғни әр түрлі әлеуметтік топтардың: жастардың, кәсіби, аймақтық топтардың, т.с.с. мәдениеті айрықшаланады. Бұларды басқаша сөзбен айтқанда, жарым-жарты мәдениеттер деп атайды. Кез келген субмәдениеттің өзіндік құндылықтары бар, олар: жалпы қабылданған біршама ерекшелікті, мінез-құлықтың ерекше ережесі мен үлгілері, киім-кешек стилі, қарым-қатынас мәнері. Сонымен бірге, субмәдениет ресми түрдегі құндылықтар мен өмір салтының сипатына байланысты, осы құндылықтарды бөлісетін топтардың көлеміне, топ мүшелерінің ерекшеліктеріне, сонымен қатар олардың өз мүдде-қызығушылығын және өмір салтын қорғау үшін белсенді әрекеттерге дайын болуына қарай өзгеріп отырады.

Әлеуметтанушылар кейінгі жылдары жастар субмәдениетіне көп көңіл аударып жүр. Ол түсінікті де. Өйткені ұзақ жылдар бойы әлеуметтік біркелкілікке жетекші болған социалистік қоғамда жастарда ерекшелікті құндылықтар болған емес және болмайды да деп есептелді. Ешкімге ұқсамайтын өзіндік, әдеттенбеген мінез-құлық формаларының көрінуі аномалия, әлеуметтік ауытқушылық, Батысқа еліктеушілік деп бағаланды. Келесі бір ұстанымда бұл ауытқушылықтар адамның өзін-өзі көрсетуі тәсілі ретінде, қоғамға өзі туралы білдіру, өзіне көңіл аударту мүмкіндігі ретінде қарастырылды. Осымен байланысты “формальды емес жастар бірлестіктері” деген ұғым қалыптасып, ол ғылыми және көпшілікке арналған әдебиеттерді, сонымен қатар күнделікті қолдану аясында орын тепті. Батыс әлеуметтануында осы құбылысты белгілеу үшін “пеер гроуп” деген ұғымды қолданады. Бұл ұғым жас мөлшерімен қатар әлеуметтік статустағы, көзқарастағы құндылықтарға, мінез-құлық нормаларына теңдікті айқындайды.

Жастардың субмәдени белсендігі бірқатар алғышарттарға байланысты болады: 1) білім деңгейіне байланысты. Білім деңгейі төмен адамда бұл белсенділік білім деңгейі жоғарылардан әлдеқайда жоғары; 2) жас мөлшеріне байланысты. Мұндай белсенділіктің шарықтау биігі 16-17 жаста болады, ал 21-22 жаста ол әлдеқайда төмендейді; 3) мекен-жайына байланысты. Формальды еместердің қозғалысы ауылға қарағанда қалада басым орын алып отыр, өйткені қалада әлеуметтік байланыстардың өте көп болуы құндылықтарды және мінез-құлық формаларын таңдауға нақты мүмкіндік береді.

Формальды емес жастар бірлестіктері әлеуметтік бағыт-бағдарының сипатына орай, топтық құндылықтар типі бойынша, демалыс уақыттарын өткізу ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Бұлардың арасында кеңінен танымал болғаны қазіргі музыка, би, әр түрлі спорт түрлерінің әуесқой топтары. Қоғамдық пайдалы қызметпен, яғни мәдениет ерекшеліктерін қорғау, қоршаған ортаны қорғау, т.б. айналысатын топтар да бар, бірақ олардың саны онша көп емес. Мінез-құлқы әлеуметтік патогендік немесе қылмыстық сипаттағы топтар бар: нашақорлар, токсикомандар, т.б. Әлбетте, әртүрлі субмәдениет топтарын бөліп көрсету шартты ғана, өйткені олар бір-біріне өте алмайтындай қоршаумен қоршалмаған. Металистердің арасында, айталық, токсикомандар, нашақорлардың арасында жезөкшелер кездеседі, өйткені олар денесін сатып, анашаға, т.б. ақша табады. Бұл жерде әңгіме мұндай топтардың әр түріл типтері туралы болып отыр. Рокерлер, металистер, футбол фендері орта қызығушылыққа бірікккен және онысын сыртқы символдармен көрсететін топтар. Ал әлеуметтік кереғар мінез-құлық үлгілері, айталық, нашақорлық немесе жезөкшелік топтасудан гөрі жекелік деңгейде жүзеге асады. Әрекеттің мұндай сипаты оларды біріктіріп, топтастырудан гөрі оқшаулап, жеке әрекет еткізеді.

Субмәдениет үстемдік етуші мәдениетке ашықтан-ашық шиеленістік жағдайда, қарам-қарсылықта тұрғандықтан оны контрмәдениет деп те атайды. Бұл ұғым 60-жылдардағы Батыс жастарының қозғалысын сипаттау үшін ғылыми айналымға ендірілді. Оның авторы американ әлеуметанушысы Т.Роззак. Басқаша сөзбен айтқанда, контрмәдениет – қоғамда үстем етіп отырған нормалар мен құндылықтарға теріс көзқарастағы қайсыбір әлеуметтік топтың нормалары мен құндылықтарының жиынтығы, кешені.

Қазіргі кезде контрмәдениет – бұл дүниетану жөніндегі түсінікке қарсылық көрсету үрдісі, үстем мәдениетке оппозициядағы өмірдің балама стилі: дәстүрлікке қарсы көркем шығармалардың формалары.

Мәдениетте ішкі біркелкіліктің болмайтындығын ескере келіп, әлеуметтанушылар көп деңгейлі нұсқа жасауға тырысты, ол бойынша мәдениеттегі көп түрлі мәнді өзгерістердің болуы өзгеріске түскен қоғам тарапынан мәдениетке “шақырудың” көп түрлі болуына байланысты. Бұл жерде мәдениет жүйешелері бір-біріне бағыну, субардинация принципі бойынша арақатынаста болмайды, керісінше, толықтыру принципін басшылыққа алады. Бұл нұсқада әлеуметтік құрылым, әлеуметтік тапсырыстағы белгілі бір мінез-құлық және мәдениет жүйешелерінің өмір сүруі арасындағы өзара байланыс анық сезіледі. Біртұтас адамзаттық мәдениет сан түрлі мәдениеттен тұрады, олардың әрқайсысы ортақ мәдениетке өз үлесін қосады және олардың әрқайсысынсыз мәдениет толық болмаған болар еді. Барлық мәдениет қажет, құнды және бірін-бір алмастыра алмайды.

Бірде-бір мәдени процесті “жақсы” немесе “жаман” тұжырыммен біржақты және қатаң бағалауға болмайды, әсіресе біздің еліміздегі қазіргі мәдениет жағдайы туралы айтқанда мұны ерекше ескеру керек, өйткені ол аса күрделі және қарама-қайшылықты, әлі де болса жүріп жатқан өзгерістердің тереңдігі және ауқымы айқын емес. Бірақ та қазірдің өзінде бірнеше тенденция анық байқалады. Атап айтар болсақ, мәдениет идеологиялануынан бас тарту және мәдениеттегі мемлекеттік монополияның жойылуы орын алып отыр. Мазмұны жағынан алғанда, бұл, біріншіден, үлкен шығармашылық еркіндігі мен мәдениет саласын таңдау еркіндігіне қол жеткізсе, екіншіден, тұтынушыға ұсынатын мәдениет туындыларының, ол қарапайым әдебиет немесе көптеген оқу орындары болсын, сапасы мен деңгейіне бақылау жойылды. Мәдениет ғимараттарын жекешелендіру және коммерцияландыру бағыты байқалады. Қазіргі кезде бұл процесс бір жақты бағыт алып отыр: эротикалық, т.б. мол табыс көзіне айналған. Революцияға дейінгі мұраларға, соның ішінде дін мен шіркеуге (мешітке) қызығушылық артты. Ұлттық мәдениеттің жекеленуі және оларды саясаттың, сайлаушылардың сеніміне кіру құралы ретінде қолдану тенденциясы бар. Мәдени-коммуникативтік енжарлықтың күшеюі, кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеп, керісінше, теледидар т.б. көрудің етек алуы, театр, мұражай, кітапханаларға барудың кемуі байқалады.

Адамның ұлттық мәдениетті білу деңгейі бірнеше компоненттерден:

- өткен мәдениетті, оның дәстүрін білуден құралады. Әлеуметтік жағы болмайынша ұлттық мәдениеттің болуы да мүмкін емес. Тоталитарлық тәртіп ұзақ жылдар бойы ұлттық дәстүрлерге ашықтан-ашық нигилистік көзқарасты орнатты. Қазіргі жастар өзінің азаматтық, отандық тарихын, соның ішінде мәдениет тарихын өте нашар біледі, әсіресе өз халқының көрнекті мәдени қайраткерлерін жақсы біле бермейді, көбінесе дін, мешіт жөнінде олардың қарапайым мағлұматтары да жоқ;

- ұлттық мәдениетті білу – халықтың салт-дәстүрін, ұлттық ойындар мен мейрамдарын, ұлттық ән-билері мен күйлерін, мақал-мәтелдерін, ертегілерін, эпостарын білуден құралады. Бұл жерде халықтық спорттың дәстүрлері туралы әңгіме етіп отырғанымыз жоқ. Бұларды білу нұр үстіне нұр. Жастардың аздаған бөлігі ғана ұлттық музыкалық аспаптарда ойнай алады, ұлттық киімдерді, т.б. біледі;

- ұлттық мәдениеттің дүниежүзілік мәдениеттегі рөлін, осы ұлттың, оның ұлы адамдарының бүкіл адамзаттың рухани өміріне қосқан үлесін білуден құралады;

- ұлттық психологияның көрінісі ретінде ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін білуден құралады;

Шығарма мазмұнының ұлттық сипаты мына негізгі факторларға:

- мәдени құндылықты жасаушының өз шығармаларында осы халық үшін, сол ұлт үшін аса маңызды көкейкесті мәселерді көтере білу қабілетіне байланысты;

- ұлттық мәдениет дәстүрін, соның ішінде халықтық (фольклорлық) мәдениет дәстүрлерін – халық дүниетанымын, халықтық этиканы, педагогиканы, медицинаны, дінді, өнерді шебер қолдана білуіне байланысты;

- қоғамдық ғылымдар, философия, мораль, теология жөнінде жазылған еңбектерде, көркем шығармаларда ұлттық психологияның ерекшеліктері, яғни ұлттық мінез-құлық, ұлттық сезім, ұлттық қарым-қатынас және т.с.с. терең ашылуымен байланысты;

- өмірде бар ұлттық мектептер мен мәдениеттегі бағыттарға арқа сүйеуге байланысты. Бұл әсіресе ғылым үшін аса маңызды. Бұл мазмұнның ұлттық көріністері рухани мәдениет шығармаларының формаларына да бойлай енді.

Мәдениеттің қоғамдық өмірдегі орны мен рөлін, оның даму заңдылықтарын зерттеудің үлкен практикалық маңызы бар. Қазіргі кезде анық көрініп отырған бір нәрсе бар, ол экономикалық және саяси бағдарламаларды халықтың мәдени деңгейін ескермей өмірге енгізуге болмайтындығы. Сондықтан Қазақстан Республикасы 2000 жылды мәдениет жылы деп жариялауы заңды. Басқаша айтқанда, мәдени деңгейді арттыру әлеуметтік-экономикалық өркендеудің қажетті алғышартты болып саналады.

Екінші жағынан, тұлға бұрыннан жиналған мәдени құндылықтарды игеріп, оларды өзінің рухани байлығына айналдырылғанда ғана шығармашылық болады.

Мұндай адамның кез-келген қызметіне нормативтік талаптар қойылуға тиіс, ол, Гегельдің дәл тауып айтуындай, адамды әлемде жалпы қабылданған стандарттарға дейін көтереді. Сонымен бірге мәдениет адамзат қызметі плюрализмінің, оның еркіндігінің, шексіз индивидуалдығының көп түрлілігінің қажетті шарты болып табылады. Мәдениет адам миы мен қолының жасампаз туындысы ретінде табиғатқа қарам-қарсы тұр. Бірақ мәдениет табиғаттың өзін де жетілдіреді, оның сақталуын және ұтымды пайдалануын қамтамасыз етеді.

Мәдениет – бүкіл адамзаттың игілігі. Ол өзіне әрбір дәуірде барлық ұлттар мәдениеті, барлық халықтың жіктері жасаған барлық жақсы атаулыны, аса құндыларды біріктірген. Бұл тұрғыдан алғанда мәдениет мәңгілік, жалпыадамзаттық құндылықтар болып қалады. Бірақ кез келген жалпыадамзаттық мәдениет құндылықтары өзін жасаған дәуірдің ізін және бір мезгілде ұлттықты сақтайды. Сол ұлттың ішіндегі қайсыбір жіктің мәдениет игілігі болады. Сондықтан мәдениет әрдайым жалпыадамзаттық және ұлттық мәдениеттің диалектикалық бірлігін талап етеді.

Мәдениетті тоқтаусыз процесс ретінде де қарастыруға болады: мәдениетте әрдайым жаңа шығармалармен қатар жаңа мектептер мен бағыттар да пайда болады. Бір мезгілде ескірген, “уақыт санынан” өте алмағандар қайтып оралмасқа кетеді, жоғалады. Бұл мәдениетті статикалық, қозғалыссыз күйде қарастыруға болмайтындығын көрсетеді.

Сөйтіп, мәдениет – аса күрделі және іштей қайшылықты жүйе. Бұл қарама-қайшылықтар мәдениеттің салыстырмалы түрдегі дербестігіне себепші болады. Мәдениетті зерттеу - әрдайым қоғамдық қатынастар жүйесіндегі адам қызметіне, оған ықпал еткен қисындар мен оны жүзеге асыру жағдайына талдау жасау деген сөз. Осыған орай мәдениет әлеуметтануының адам қызметін зерттеуде өзіндік ерекше қырлары бар. Ол әлеуметтанушыны тұлға дамуына ықпал етуші тұрғысында қызықтырады, ал ол ықпал жағымды және адамды тоздыратын жағымсыз да болады. Осы ықпал қызметтің мазмұнына тікелей тәуелді болып келеді.

Кез келген қызмет тұлғаның рухани дүниесін байытуы да, тоздыруы да мүмкін. Бірақ әлеуметтану зерттеулерінде еңбек саяси және рухани қызметтер мазмұнына қарамастан адамды байытушы ретінде жиі қарастырылады. Дене еңбегі, ауыр еңбек, консервативтік, ұлтшыл ұйымдардағы белсенді қызмет, арнайы әдебиеттер оқу немесе зорлық-зомбылықты, әдепсіздікті дәріптейтін фильмдерді көру тұлғаны тоздырып, күйретеді.

Сондықтан зерттеуші үшін адамның қайсыбір қызметке қатысу фактісінен гөрі сол қызметтің реалдық мазмұны, оның адам дамуына нақты ықпалы аса маңызды. Осы қызметпен айналысу қисындары да маңызды. Адам тіптен жағымды әлеуметтік-саяси қызметпен айналысқанның өзінде де сыртқы, парықсыз болады., өмірлік мақсат бола алмайды, тек ол мақсатқа жетудің құралына айналады.

Сөйтіп, мәдениетті әлеуметтану тұрғысынан зерттеу адамның ішкі дүниесін, оның тұлғалық “өзегін” зерттеуде сөзсіз итермелейді. Түптеп келгенде, олардың бастау көріністері қажеттіліктер мен мүдделерді қарастыру болып табылады. Бұдан тыс мәдениет әлеуметтануы өмір сүре алмайды.

Мәдениет әлеуметтануы – бұл бір аспектіде қарастырылған тұлға әлеуметтануы, көп түрлі әлеуметтік қызмет процесінде оны даму тұрғысынан қарау.

Айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады. әдебиеттерде, күнделікті санада мәдениет тек қана жағымды құбылыс ретінде қарастырылады. Ал өмірде прогрессивтік мәдениетпен қатар кертартпа мәдениет орын алған. Оны кейде “антимәдениет”, яғни прогреске қарсы тұрған мәдениет деп те атайды. Қызмет мазмұны сол қызмет барысында затқа айналған мәдениет мазмұнын да анықтайды. Прогресс пен регресс бір-біріне қарама-қарсы екі даму бағыты бар, соның ішінде бұл тұлға дамуына да қатысты. Тұлға қазіргі жағдайда қарама-қарсы тұрған сан қырлы мәдениеттің күрес арнасына айналған, тұлғаның рухани дүниесі және әлеуметтік ұстанымы оның мәдениетті таңдауына көп байланысты. Мәдениет проблемасы, сайып келгенде, тұлғаның даму бағытын анықтайтын қайсыбір құндылықтарды таңдау проблемасы. Басқаша айтқанда, тұлғаның бағыт-бағдары – оның мәдени қызметінің мазмұны.

Жоғарыда мәдениеттің көп түрлілігі жөнінде айтылды. Оның бір түрі басқару мәдениеті еді. Келесі тақырыпта жалпы басқарудың мазмұны, т.б. мәселелері қарастырылады.