БІЛІМ ӘЛЕУМЕТТАНУЫ

Бүгінгі күні білім әлеуметтік институттардың арасында алдыңғы қатардағы орындардың бірінде тұр. Қоғамдағы технологияның, экономиканың, саяси процестің қарқыны, мәдениеттің жағдайы, адамның жай-күйі білімнің сапасына шешуші тұрғыда тәуелді болып келеді.

Білім әлеуметтануы – келеңсіз тенденцияларды жоюға көмек көрсететін және қазіргі адамның мәдениетіне ықпал ететін жаңа күштерді іздестіретін ілімдердің бірі. Білім әлеуметтануы нені зерттейді? Оны қызықтыратын саланы қысқаша түйіндеп айтар болсақ, онда оның білімді әлеуметтік-мәдени институт ретінде, оның генезисін, өмір сүруін, құрылымын, ұйымдастыру тәсілдерін, білім беру саласының әлеуметтік құрылымы динамикасын, осы саланың басқа қоғамдық институттармен және адам өмірінің өзге де салаларымен өзара әрекеттерін зерттейді. Білім әлеуметтану тар көлемдегі дидактикалық мәселелерді зерттеумен тұйықталмайды, бұл саланы педагогиканың еншісіне қалдырып, адамның тіршілік әрекетін және әлеуметтік білім саласындағы процестерді кеңінен қамтуды, олардың өзара ықпалын танып білуді қарастырады. Оқу қызметінің өзін ол оқушылар мен білім алушылардың өмірлік жоспарлары, бағыт-бағдарлары, өмір салтының ерекшеліктері, ғылымның, қоғамның бүкіл мәдени қажеттіліктері тұрғысынан қарастырады.