Глоссарий

 

неке- ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ;

жалған неке - отбасын құру ниетінсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын неке;

отбасы - некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы;

неке жасы - адамның некеге тұру құқығына жеткендегі жасы;

балалық шақ - кәмелетке толмаған адамдардың құқықтық жай-күйі;

мүліктің шарттық режимі - ерлі-зайыптылардың және олардың осы некеден туған балаларының неке шартымен белгіленген меншігінің режимі;

суррогат ана шарты - балалы болуды қалайтын адамдар мен бойға бала бітірудің жасанды әдісін немесе эмбрион имплантациясын қолдануға келісімін берген әйелдің арасындағы келісім;

патронат - уәкілетті мемлекеттік орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адамның (патронат тәрбиешінің) жасасқан шарты бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берілетін тәрбие нысаны;

алименттер - алуға құқығы бар екінші адамға бір адам беруге міндетті болатын асырау қаражаты;

отбасылық жағдай - некеде тұрғандағы немесе айырылысқандағы жағдай, балалардың немесе отбасының басқа да мүшелерінің болуы немесе болмауы;

материалдық жағдай - жалақының, зейнетақының, басқа да табыстардың болуы немесе болмауы; олардың мөлшері; мүліктің болуы; еңбек қабілетін жоғалту дәрежесі; отбасының басқа мүшелерінен материалдық көмек алуы немесе алмауы;

азаматтық хал актілері - адамның құқықтары мен міндеттерінің пайда болуына және тоқтатылуына байланысты оны дараландыратын заңдық ресімделген мән-жайлар;

жақын туыстары - ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;

қорғаншы (қамқоршы) - қорғаншылық пен қамқоршылық жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін заңда белгіленген тәртіппен тағайындалған адам;

қорғаншылық (қамқоршылық) - кәмелетке толмағандардың және сот әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеттілігі шектеулі) деп таныған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;

репродукциялық денсаулық - адамның толымды ұрпақ туғызуға қабілетін көрсететін денсаулығы;

суррогат ана - суррогат ана мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт бойынша бойға бала бітіру, оны көтеру және туу;

қорғаншы және қамқоршы орган - республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы.