М.ТӘЖИННІҢ АЛҒЫ СӨЗІ

 

 

Қалыптасып қалған санада социология түрлі сауалдамаларға келіп саяды. Осы сияқты тұжырым бұл ғылымның орасан әлеуетін бүркеп қалады. Дегенмен де социологияның екі жүз жылдық тарихы өз бастамасын О.Конт пен Э.Дюркгеймнен, Т.Парсонс пен Р.Мертоннан, Г.Гарфинкель мен И.Гофманнан алатын ғылымның тындырылған теориялық және әдістемелік жетістіктерінің таңғаларлық байлығын паш етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі заманның шешуші проблемасы – жаһандану мен қоғам дамуының жаңа үрдістерінің пайда болуы жағдайындағы социумның күрт күрделеніп кетуі. Оған жауап ретінде социология зерттеу өрісін күрт ұлғайтты. Соңғы онжылдықтарда гендерлік социология, этносоциология, халықаралық қатынастар социологиясы пайда болды, урбанистикалық және аймақтық социологияның екінші тынысы ашылды, мәдениет социологиясы, девианттық мінез-құлық социологиясы, басқару социологиясы және т.б. сапалық жағынан өзгерді.

Социология мұндай «онтологиялық ұлғаюға» анағұрлым дайын боп шықты. Бұл жерде кездейсоқтық жоқ. Социологиялық білімнің мазмұндық дамуы үш тұғырнамаға арқа сүйейді. Біріншіден, өткен ғасырда күшті және кескінді жалпы модельдерді туғызған қарқынды теориялық пікірталас жүріп отырды. Құрылымдық-функционалдық парадигманың, этноәдістеменің, нышандық интерактивизмнің, құрылымдану теориясының, феноменологиялық социологияның пайда болуын еске алса да жетіп жатыр. Мұның барлығы қазіргі заманғы социумның өзін-өзі түсінуіне орасан резерв әзірледі. Екіншіден, ХХ ғасырда орта деңгейдегі теорияның – әлеуметтік стратификацияның әртүрлі тұжырымдамаларынан бастап отбасы социологиясына дейінгі егжей-тегжейлі зерттемесі жүріп отырды. Өткен ғасырда социология әлеуметтік басқару мен болжам жасаудың күшті құралына айналған социологиялық зерттеулер әдістерінің егжей-тегжейлі дамуының арқасында «қалыпты» ғылым сипатына ие болды.

Қазақстандағы социологияның дамуын бұл пәннің дамуының жалпы контексінен тыс түсінуге болмайды. Қазақстандық социологияның қазіргі жай-күйіне баға беруді және оның келешегін қарастыруды жалпыәлемдік үрдістермен байланыстыра отырып жасау қажет.

Біздің еліміздегі социология дамуының ерекшелігі оның бастапқы кезеңінде онымен негізінен әлеуметтік философия саласының мамандарының шұғылғандығы болып табылады. Бұл бұрынғы КСРО-дағы социологияның жалпы жай-күйін білдіретін еді. Бірақ социология ұғымдық деңгейде де, әдістемелік деңгейде де басқаша жұмыс істейді – басқа верификация критерийлері, зерттеудің басқа әдістері, жеке санаттық тор. Біртіндеп олардың алшақтықтары айқындала бастады. Әдістемелік деңгейде ол игеріліп, Қазақстанда жақсы өрістік зерттеулер жүріп жатқан болса, ал теориялық социология, өкінішке орай, уақыт талабынан қалып келеді.

Жалпы алғанда біздің елімізде социологияның институционалдануы іске асты. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында кафедралар ашылып, жүздеген мамандар даярланды. Соңғы он жыл ішінде бірнеше ондаған докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Бірқатар жеке меншік зерттеу құрылымдары ашылды. Салалар белгілі бір дифференцияға ұшырады.

Бұл оқулық – социология саласындағы қазақстандық алғашқы тың басылымдардың бірі болып табылады. Мемлекеттік тілдегі cоциология саласындағы осындай жиынтық жұмысқа деген сұраныс әлдеқашан пісіп-жетілген.