Экономикалық теорияның зерттеу әдістері

 

Жалпы әдістер Жеке әдістер
1. Ғылыми абстракция әдісі – зерттеліп отырған құбылыстардың мардымсыз, өткінші жақтарын дерексіздендіру, олардағы тұрақты қасиеттерді тауып көрсету процесі. 2. Талдау – зерттелінетін құбылыс өзінің құрамды бөліктері мен жақтарына ажыратылады. 3. Жинақтау – құрамды бөліктердің тұтас бір құбылыс болып қалыптасуы. 4. Индукция – жеке фактілерден жалпы қорытынды шығару. 5. Дедукция – жалпыдан жалқыға, бүтіннен бөлшекке көшу. 6. Эксперимент, гипотеза және т.б.   Экономико – математикалық модельдер әдісі, экстраполяция (болжау), баланстық, функциональдық және тағы басқа да әдістер.  

 

Зерттелінетін құбылыстардың маңыздылығы экономикалық заңдылықтар мен категорияларға бағынышты.

Экономикалық заңдылықтар – бұл қоғамдағы көп кездесетін немесе қайталанып жататын тұрақты іс-әрекеттер және олардың арасындағы қатынастардың көрінісі. Экономикалық заңдарды төмендегідей заңдарға айырып қарауға болады:

1. айрықша экономикалық заңдар. Бұл заңдар олардың іс-әрекет жасауына жағдайдың сақталуындағы тарихи дәуірге тән.

2. ерекше экономикалық заңдар. Бұл белгілі бір шаруашылық түрлерінің нақты тарихи дамуының заңдары.

3. жалпы экономикалық заңдар. Бұл заңдар барлық тарихи дәуірге тән, олар барлық дәуірлерді біртұтас тарихи үйлесімді процесс етіп байланыстырады.

Экономикалық заңдар мәңгілік, ұзақ мерзімді емес. Экономикалық заңдар тарихи сипатта белгілі бір кезеңде пайда болып, өзгеріп немесе жойылып кетіп отырады. Экономикалық заңдар қоғамдағы объективтік экономикалық процестердің өзгерісімен байланысты болады. Экономикалық теория экономикалық заңдармен қатар экономикалық категорияларды зерттейді.

Экономикалық категориялар - адамдардың қоғамдық өндірістік қатынастарының теориялық көрінісі (тауар, баға, пайда және т.б.).

Экономикалық теория талдау дәрежесіне қатысты екі бөлімнен құралады:

- микроэкономика – жеке өндірушілердің қызмет-әрекеттерін, кәсіпкерлік капитал мен бәсекелік ортаның қалыптастыру заңдылықтарын зерттейді. Бұнда жеке тауарлардың бағасы, ресурстар, шығындар, пайда, фирманың қызмет атқару механизмі, бағаның құрылуы және т.б. категориялар талданады.

- макроэкономика – мемлекеттің жалпы экономикасы зерттелінеді, ұлттық экономикалық жүйенің қызмет-әрекеттерін зерттейді, талдау объектісіне жататындар: қоғамның жалпы табысы, жұмыссыздық, инфляция және т.б.

Қазіргі экономикалық теория позитивтік және нормативтік болып екі түрге бөлінеді.

- Позитивтікэкономика нақты деректер мен құбылыстарға сүйенеді.

- Нормативтік экономика ұсыныстар мен ұйғарымдар жасайды, яғни экономика қандай болуы керек (болжау) және мақсатқа жету үшін қандай шаралар жүргізу керек.

 

Экономикалық теория бірнеше қызметтер атқарады:

1. Танып - білу қызметі - қоғамдық экономикалық процестер мен құбы-лыстарды терең, әрі жан-жақты зерттеп бөлуі және түсіндіруі тиіс.

2. Дүниетанымдылық көзқарас қызметі – экономикалық құбылыстардың сипаттамасына тіршілік позиция құруына жағдай жасайды.

3. Ғылыми болжам қызметі - ғылыми болжам жасап және қоғамдық дамудың болашағын айқындайды.

4. Практикалық қызметі– нақты принциптерді және шаруашылықтың тиімді әдістерін жасаумен, сондай-ақ мемлекеттің саясатын ғылыми дәлелдеумен түсіндіреді.

5. Методологиялық қызметі– экономикалық теория барлық экономиканың ғылыми жүйесі үшін методологиялық негіз болып табылады.

Экономикалық теория қоғамдық ғылым ретінде үш сұраққа жауап беруі тиіс:

- Не өндіру керек? – қандай тауарлар және қызметтер өндірілуі қажет?

- Қалай өндіру керек? – қандай ресустар, қандай технологияны пайдалану арқылы өндіру қажет?

- Кім үшін өндіру керек? - өндірілген тауар қалай бөлінеді, кімге арналады, кім сатып алады? Қоғамның қажеттілігін барынша толық қанағаттандыру мәселелерін шешу барысында экономикалық теория таңдау проблемасымен тығыз байланыста болады.