ТАҚЫРЫП 1. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ІЛІМНІҢ ПӘНІ МЕН ӘДІСТЕРІ

Экономикалық теория курсының қисыны және құрылымы

Экономикалық теорияның пәні

Экономикалық теорияның қызметтері және зерттеу әдістері

Экономикалық санаттар және заңдар

 

Экономикалық теория курсының қисыны (логикасы) және құрылымы.

Экономикалық қатынас өмір қажеттілігінен туындайды. Ежелгі дүниеде экономикалық ой-пікірлер Египет, Қытай, Үндістан, Гректін ойшылдары Ксенофонт, Платон, Аристотель тәрізді ғұламалардың еңбектерінде пайда болған. «Экономия» терминін бірінші рет Аристотель ғылыми айналымға енгізген. Ол екі грек сөзінен құралған: «ойкос»- үй, шаруашылық, «номос»- ілім, заң деген мағынаны білдіреді. Бірақ ерте дүниеде, орта ғасырда экономикалық ойлар ғылым ретінде қалыптаспады. Оның себебі, ол заманда тауар- ақша қатынастары, нарық дамымады. Экономикалық білім алғашында жалпы ғылымның бөлек элементтері ретінде қалыптасты. Экономикалық теорияның өз бетімен дамуы ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда капиталистік қатынастардың туындау дәуірінде басталды. Алғашқы өз алдына қаланған мектеп- меркантилизм. Оның негізгі өкілдері: Т. Мен, У. Стаффорд, А. Монкретьен, Кольбер. Олар қоғамдық байлықтың негізгі ақша, алтын деп білді. Байлық – ол біріншіден барлық затты, қызметті сатып алуға мүмкіндік беретін алтын. Оның негізінен сыртқы сауда әкеледі. Ендеше алтынды елге енгізу қажет, ал елден шығаруға еш болмайды, сондықтан айналым саласын ғана зерттеу қажет. Бірақ сауда қоғам байлығын, адамдардың әл- ауқатын көтеретін күш емес. Оның себебі айналыс сферасында тек қана құн формасы ауысып тұрады, жаңадан құн жасалмайды. Меркантилистердің осы осалдығын экономикалық теорияның ғылым ретінде дамуындағы екінші бағыт – физиократтар мектебінің өкілдері байқады да қоғамдық байлық өндірісте пайда болатындығын дәлелдеді. Бірақ олар өндірістін ішінде өнімдісі ауылшаруашылығы деп түсінді. Физиократтардың өндіріске көңіл бөлуі үлкен жаңалық болды.

Олардың негізгі өкілдері– француз экономисі Франсуа Кенэ (1694-1774ж.) және Анн Роберт Жак Тюрго (1727-1781ж.).

Экономикалық теорияның келесі бағыты – классикалық саяси экономия. Оның өкілдері қоғам байлығы жалпы өндірісте пайда болатындығын өздерінің еңбектерінде айқын көрсетті. Бұл бағыттың негізгі өкілдері: У.Петти, П. Буагильбер, А.Смит, Д.Рикардо. Классикалық саяси экономияның басты табысы еңбек құн теориясының негізін қалады. Осы ой пікірдің қалыптасуы өндірістін қоғамдағы ерекше рөлін атап көрсеткен ғылыми қағида болғаны белгілі. Еңбек құн теориясын маркстік саяси экономия ілгері дамытып, қосымша құн туралы ілімді жан- жақты дамытты.

Экономикалық теорияның барлық тарихи жолында оны идеологияландыру мәселелері тұрды. Меркантилистер көпестердің мүдделерін көрсетсе, классиктер – жаңа туындап келе жатқан капиталистердің мүдделерін қорғады.

Экономикалық теорияны ең ашық идеологияландырған марксистер болды. Олар өздерінің теориялық көзқарастарында жұмысшылар табының мүдделерін ашық қорғады. Сондықтан, олардың экономикалық ғылымын жұмысшы табының саяси экономикасы деп атайды. Олардың теориясының басты жорамалы– өндіріс құралдарына қоғамдық меншік пен жұмысшылар мүддесі негізінде барлық экономикаға орталықтандырылған жоспарлау басшылығын орнату болатын. Бұл бағыт XIXғ. алғашқы жартысында қалыптасып, XXғ. алғашқы ширегінде Лениннің еңбектерінде дамыды.

Маркстік теорияға қарама- қарсы бағыт XIX ғ. 70жылдарында дүниеге келген маржинализм болды. Өкілдері: У.Джевонс, К.Менгер, Л.Вальрас, Дж. Кларк. Олар экономика ғылымының мақсаты шектеулі ресурстарды бөлудің тиімді әдістері мен шаруашылықты ұтымды жүргізудің әдістерін іздестіруде деп таныды. Маржинализм өкілдері «саяси экономия» ұғымының орнына «экономикс» ұғымын енгізді. Сонымен қатар шекті өнім, шекті пайдалылық, шекті шығын, шекті табыстар ұғымдарын пайдаланып экономикалық құбылыстарды түсіндірді.

Қазіргі заманғы экономикалық ғылым негізгі екі бағытта жүреді: неоклассикалық және кейнсиандық.

Бірінші бағыт ХІХғасырдың 70-жылдарында пайда болды. Оның ең көрнекті негізін қалаушылардың бірі Альфред Маршалл (1842-1924) болды. Неоклассикалық доктрина ХХғасырдың 30-жылдарына дейін кең тарады, бірақ оны ағылшын экономисі Джон Мейнард Кейнстің (1883-1946) атымен аталған экономикалық ағым (кейнсиандық) «ығыстырып» шығарды. 1929-1933 жылдардағы Ұлы депрессиядан кейін, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге нарық қабілетті емес екенін, әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілуін мемлекеттік реттеу қажет екенін көрсетті. Неоклассиктер мен кейнсиандықтардың арасындағы айтыстағы түйінді мәселе- мемлекеттің экономикадағы рөлі болды. Неоклассикалық бағытты қолдаушылар экономиканы тиімді дамыту үшін, экономикаға мемлекеттің араласуы шектелуі тиісті деп есептеді. Кейнсиандықтар керісінше, нарық экономикасынын мемлекеттің бақылауымен және макрореттеудің белсенді көмегімен дамытуға болады деп есептеді. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелерді шешуде институционалды- әлеуметтік бағыт қалыптасты. Оның өкілдері: Т.Веблен, У.Митчелл, Д.Гэлбрейт, М.Вебер. Бұл теорияға сәйкес экономикалық даму сипаты тек нарықтың өзі ғана емес, тұтас экономикалық институттардың жүйесі.

Қазіргі кезеңде «экономика» термині үш негізгі мағына мен анықталады:

Біріншіден, экономика – бұл адамдардың шаруашылық іс-әрекетімен және өндіріспен байланысты қоғамдық қатынастар жиынтығы. Қатынастардың сипаттамасы, меншік формалары және шаруашылықты жүргізу мен өнімнің бөліну принциптері бойынша экономика бөлінеді: құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік және социалистік, нарықтық және әкімшілік-әміршілік типтеріне.

Екіншіден, экономика– бұл жеке шаруашылық немесе өндірістік жүйе (жеке қаланың, облыстың, аймақтың, мемлекеттің немесе мемлекет топтарының экономикасы). Мысалы, басқаша айтқанда, Көкшетау қаласының экономикасы, Солтүстік-Қазақстан аймағының халық шаруашылығы, Қазақстан экономикасы және т.б.

Үшіншіден, экономика – бұл қоғамның шаруашылық өмірінің белгілі бір саласын зерттейтін ғылыми және оқыту пәні. Мысалы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, еңбек экономикасы және т.б.

Келтірілген үш мағынаның негізі бойынша осы терминнің нақты анықтамасын беруге болады. Экономика– бұл адамдардың өз өмірлерін материалдық жағдаймен қамтамасыз етуінің іс-әрекеті.

Экономикалық теория барлық экономикалық ғылымдардың жалпы теориялық және методологиялық негізі болып табылады, себебі экономикалық теорияда экономиканы зерттеу әдістері, олардың жалпы бағыттары, негізгі терминдер мен түсініктер анықталады.

Нақты экономикалық ғылымдар қоғам өмірінде жеке салалардың шаруашылық іс-әрекетін зерттейді (ұлттық шаруашылықтың белгілі бір сала экономикасын, мемлекет экономикасы тарихын, экономикалық ілімдер тарихын және т.б.).

Сонымен, егер, экономикалық теория қоғамның шаруашылық негізін және экономиканың жалпы қағидаларын зерттесе, ал басқада экономикалық ғылымдарда жеке салалардың нақты шаруашылық іс-әрекетінде осы теориялық негіздер мен қағидалар көрініс табады (өнеркәсіпте немесе ауыл шаруашылығында және т.б. салаларда).

Экономика ғылымына «саяси экономия» ұғымын алғаш рет еңгізген меркантелист мектебінің өкілі А.Монкретьен. Ол 1615ж. «Саяси экономия трактаты» деген еңбегінде экономикалық мәселелерді қарастырған. Саяси экономия қоғамдық шаруашылықтың даму заңдары туралы ғылым деп жариялады. Саяси экономия- бұл таптық ғылым. Ол белгілі бір таптың мүддесін қорғайтын экономикалық қатынастарды зерттейді. «Экономикс» түсінігі экономикалық ғылымда «экономикалық теория» түсінігімен жақын, бірақ, нарық шаруашылығын зерттейтін бұл ғылым, яғни, мұнда зерттеу объектісі тек нарық жүйесіне тіреледі.

Экономикалық теория пәні, қызметтері және зерттеу әдістері

Қандай да болсын ғылымның өз пәні болады, яғни зерттеудің өзіндік маңызды тақырыбы болуы қажет. Экономикалық теорияның зерттеу көзі – ол қоғамның шаруашылық, өндірістік өмірі, игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну процесінде туындайтын адамдар арасындағы байланыстар мен қарым- қатынастар. Экономикалық теорияның нақты мағынасы мынадай сұрақтардан құралады: өндіріске қандай ресурстар қажет; шаруашылық процесс қалай жүргізіледі; экономикаға ақша не үшін қажет; көптеген адамдардың экономикалық іс- әрекетін қалай үйлестіру қажет; нарық механизмі дегеніміз не және ол еркінсіз баға мен бәсекесіз қоғамда пайда бола ала ма; дағдарыс, жұмыссыздық, инфляция қандай себептерден пайда болады және олармен қалай күресу керек?

Бірақ ғылым- бұл міндетті түрде іздену. Шаруашылық аясында– бұл әлеуметтік- экономикалық тиімділіктің ең жоғары деңгейіне жету жолдарын іздестіру. Адамдар өзідерінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін өндіріспен айналысады. Бірақ та, қажеттіліктер де халық саны өскен сайын оларда жаңарады және адамдардың сұранысы да өседі. Өндірістің ресурстары шектеулі болғандықтан, оларды қолдануда өзіндік қиындықтар мен өзекті мәселелер туындайды.

Сонымен, әлеуметтік- экономикалық тиімділіктің мағынысы - бұл қоғамның ең аз ресурстар шығынымен қажетті өмір сүру игіліктерді өндірудің ең жоғары деңгейіне жету.

Сондықтан, экономикалық теория пәні- бұл адамдардың шексіз қажеттілігін барынша қанағаттандыру үшін материалдық игіліктерді өндіруде қолданылатын шектеулі ресурстарды тиімді пайдалануды зерттеу.

Экономикалық теорияның қызметтері және зерттеу әдістері.

Экономикалық теория ғылымы мынандай қызметтерді атқарады:

ü танымдық (бұл қоғамның экономикасын оқытуға және түсіндіруге арналған);

ü әдіснамалық (бұл экономикалық ғылымның барлық жүйесі үшін теориялық және әдіснамалық базасы болып қызмет етеді);

ü білімдік (бұл адамдардың экономикалық мәдениетінің қалыптасуына көмектеседі);

ü тәжірибелік (бұл қоғамның дамуының экономикалық жолын көрсетіп, адамдардың мақсаттарына тәжірибе жүзінде қызмет көрсетуі тиісті).

Экономикалық теория басқа кез- келген ғылым сияқты танымның әртүрлі әдістерін өзінің зерттеулерінде келесі әдістерін қолданады:

а) синтез және анализ әдісі- әлеуметтік- экономиканың пайда болуы бөліктері және тұтастай өзара байланысы мен өзара тәуелділігі бойынша зерттеуді қарастырады. Бұл әдіспен экономикалық теорияны шаруашылық жүйесін екі әр түрлі деңгейде қарастыратын микро- және макроэкономикаға бөлу логикалық байланысты. Сондықтан, микроэкономика осы жүйенің жеке элементтерімен істі болады. Ол бөлек фирмалардың, үй шаруашылығының, өндірістің, бөлек өнімнің бағасын және экономикасын зерттейді. Макроэкономика шаруашылық жүйесін тұтастай зерттейді немесе агрегаттар деп аталатын экономикалық бірлікті, мысалы ұлттық экономиканы зерттейді. Макроэкономика синтездің әдістеріне негізделіп және жиынтықты , агрегатты көрсеткіштермен жұмыс істейді: жалпы ұлттық өнім, табыс және т.б.

б) ғылыми абстракция әдісі- жеке, дара құбылыстардан біздің түсінігімізді оқшаулап оның мәнің, маңызын ашу, яғни заттардың негізгі, мәнді қасиеттерін ажыратып алып бөліп көрсету жатады (ғылыми түсінік беру);

в) тарихи және логикалық әдістер- құбылыстардың пайда болып дамып және бірін- бірі орын басқан тізбекті түрде талдау мен зерттелініп отырған құбылыс мәнін ұғынып жорамалдау;

г) математикалық модельдеу-экономикалық теорияны тәжірибеде пайдалану үшін экономикалық- математикалық модельді қолдануды талап етеді. Бұл тәсілді қолдану белгілі- бір мерзімде экономикада не болатынын, қабылданған шешімдердің нәтижелерін нақты айтуға мүмкіндік береді;

д) индукция- жеке құбылыстар мен оқиғалардан логика арқылы жалпы қағидалар қалыптастыру, дедукция- жалпы қортындылар негізінде экономикалық құбылыстардың, процестердің кейбір жеке алынған ерекшеліктерін сипаттау;

е) материалистік диалектиканың әдісі- олардың дамуы мен өмірде бар, пайда болуының ішкі байланыстарын сипаттайтын, объективті талдаудың негізінде ғылыми мәселелерді шешу;

Позитивті экономикалық әдіс субъективті бағалау пікірлерден тәуелсіз болады. Ол адамның билігі мен ой- санасынан тәуелсіз адамдардың экономикалық мінез- құлықтарындағы ғылыми ой- пікілерін қалыптастырады. Керісінше, белгілі бір экономикалық қатынастарға немесе белгілі бір экономикалық теорияға сүйене отырып нормативті экономикалық әдіс экономиканың қандай болуы туралы немесе қандай нақты саяси ұсыныстар беру керек екендігі туралы адамдардың бағалау ой- пікірлеріне жүгінеді.

Экономикалық санаттар және заңдар

Қоғамдағы экономикалық процестерді адамдардың қоғамдық әрекеттері, заңдары немесе экономикалық заңдар басқарады. Экономикалық заңдар- бұл экономикалық ұғым ретінде санада қалыптасқан құбылыстардың себеп- салдарлы байланыстары. Сонымен бірге экономикалық заңдар адамдардың экономикалық іс-әрекеті мен қатынастарын білдіреді. Олар объективті және адамдардың санасы мен еркінен тыс тәуелсіз жағдайда пайда болып, жүзеге асады. Өздерінің әрекет ету сипатына қарай экономикалық заңдар мынадай топтарға бөлінеді:

ü жалпы- барлық тарихи дәуірлер үшін сипатты (мысалы, уақытты үнемдеу заңы, тұтынудың өсуі туралы заң және т.б.);

ü ерекше немесе арнаулы- нақты белгілі бір шаруашылық жүргізу нысанына тән (мысалы, құлдық кезіндегі бөлу туралы заң, социалистік экономияны жоспарлы дамыту туралы заң және т.б.)

Экономикалық санат- қандай да бір пайда болудың мәнін сипаттайтын ғылыми түсінік. Бұл- экономикалық өмірдің жалпы мәнін көрсететін логикалық түсінік. Олардың нақты өндірістік- ұйымдастырушылық- экономикалық қатынастарды көрсететін объективті сипаттамасы болады.

Экономикалық санаттар объективті экономикалық заңдардың мазмұнын құрайтын тұрақты себепті- салдарлы байланыстарды анықтауға қызмет етеді.

Экономиканы зерттеу төрт деңгейде жүргізіледі:

· Микроэкономика- жеке фирма, жеке сала, немесе жеке отбасының іс- әрекетін зерттеу.

· Медиум, немесе мезоэкономика – ұлттық экономиканың белгілі- бір ішкі жүйелерінің немесе халық шаруашылық салаларының іс- әрекеті мен заңдарын зерттейді.

· Макроэкономика- жалпы қоғамның экономикасын, немесе оның негізгі құрамдарын (жалпы мемлекет, жалпы үй шаруашылығы секторы және жалпы жеке сектор) қамтиды.

· Мегаэкономика- бұл жалпы әлемдік экономиканың әрекет ету механизмдері мен заңдарын зерттейді.

·

Экономикалық саясат және оның мақсаттары

Экономикалық саясаты жасауда экономикалық теория әр қашанда қолданылады. Экономикалық саясат - бұл экономикалық мәселелерді шешуде және олардың құралдарын жүзеге асыруда жүргізетін мемлекеттің іс-әрекеті. Экономикалық теорияның зерттеулері мен тұжырымдары экономикалық саясаты жүзеге асыруға бағытталған, стратегиялық экономикалық болжау және әртүрлі бағдарламаларды жасап шығару үшін қолданылады. Экономикалық саясаттың міндеттерінің жүзеге асырылуы экономикалық жүйенің өзгеруіне, оның жетілдірілуіне әкеледі де, ал ол өз кезегінде экономикалық теорияның дамуында, жаңа ғылыми білімнің нақты қосылуында көрініс табады.

Экономикалық саясат мынадай мақсаттарға жетуге бағытталады:

· Еңбекке кажеттілігі және қабілеті бар адамдарды толық жұмыспен қамтамасыз ету.

· Бағалар деңгейінің тұрақтылығын сақтау.

· Экономикалық тиімділік: ең аз шығын мен өнімділіктің ең жоғары деңгейіне жету.

· Адамдардың өмір сүруінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін экономикалық өсуге жету.

· Экономикалық еркіндік: кәсіпкерлер, еңбеккерлер мен тұтынушылар өздерінің экономикалық іс- әрекетін жоғары деңгейдегі еркінділікпен жүргізуі қажет.

· Табыстардың әділ бөлінуі: адамдар абыройлы өмір сүру үшін өздерінің еңбегіне лайықты еңбекақы алуы қажет.

· Әлеуметтік- экономикалық қамтамасыз ету: мемлекет еңбекке жарамсыз, қабілеті жоқ, ауру, қартаң, жетім адамдардың өмір сүруін қамтамасыз етуі қажет.