Экологиялық сукцессия, түрлері

Екінші реттік (соңғы) сукцессия бұрын жақсы дамып жетілген биоценоз орнында жүреді. Мысалы, өртенген орман, құрғатылған батпақ немесе бұзылған қауымдастықтар орнында. Әдетте мұндай жерлерде тіршілік ресурстарының бай қоры сақталады. Мысалы, өртенген жерде жарық сүйгіш өсімдіктер (гелиофиттер), олардың көлеңкесінде факультативті гелиофиттер, сциофиттер өсе бастайды. Өсімдіктер жабыны жаңа түрлер өсетін топырақты құнарландырып, құрылымын жақсарта түседі. Екінші реттік сукцессия топырақ түріне байланысты тез немесе баяу жүруі мүмкін. Бұл процесс климаксты қауымдастықтың (толық жетілген) пайда болуымен аяқталады (27 сурет). Екінші реттік сукцессия кезіндегі өзгерістер жылдамдығы алғашқы сукцессиямен салыстырғанда әлдеқайда тез жүреді.

Қоңыржай климаттағы екінші реттік сукцессия процесі кезіндегі негізгі стадияларының ұзақтығы:

- бірінші – шөптесін өсімдіктер жамылғысы стадиясы – шамамен 10 жылға созылады;

- екінші – бұталы өсімдіктер стадиясы – 10-25 жылға созылады;

- үшінші – жапырақты ағаштар стадиясы – 25-100 жылға созылады;

- төртінші – қылқан жапырақты ағаштар стадиясы – 100 жылдан асады.

Сукцессия – барлық қауымдастықтарға тән, белгілі бір стадияларда жүретін, жалпы өзгерістерді қамтитын бағытталған және заңды процесс.

Сукцессиялық өзгерістердің негізгі типтері мынадай:

- сукцессия процесі кезінде өсімдіктер мен жануарлар түрлері үнемі өзгеріп отырады;

- сукцессиялық өзгерістер нәтижесінде организмдердің түрлік алуантүрлілігі артады;

- органикалық заттардың биомассасы артады.