Табиғи ресурстар және олардың түрлері

Табиғи ресурстар – адамның өз мұқтажын қамтамасыз ету және көздеген мақсатына жету үшін пайдаланатын қоршаған ортадағы заттардың, құбылыстардың, табиғи денелердің жиынтығы. Оларға ауа, күн, жел, су, жер, орман, табиғи құрылыс материалдары, пайдалы қазбалар және т.б. жатады.Табиғи ресурстардың бірінші белгісі – олардың түрі. Бұл белгіге сәйкес олар табиғи құбылыстар (күн энергиясы, жел, мұхиттардағы судың келуі мен қайтымы), өсімдіктер әлемі, жануарлар әлемі, табиғи заттар (су, ауа, топырақ) және пайдалы қазбалар (мұнай, алтын, т.б. әртүрлі рудалар) болып бөлінеді. Сонымен қатар пайдалы қазбалар пайдалануға дайын (көмір, бағалы тастар, тұз) және өңдеуді қажет ететін (мұнай, синтетикалық тыңайтқыштар) болуы мүмкін. Табиғи ресурстардың екінші белгісі – олардың қоры. Бұл белгісі бойынша оларды сарқылатын және сарқылмайтын деп бөледі. Сарқылмайтын табиғи ресурстар – табиғатты ұзақ пайдалану кезінде саны мен сапасы өзгермейтін немесе аздап қана өзгеретін табиғи физикалық құбылыстар және денелер. Мұндай ресурстарға Күн энергиясы, жел энергиясы, қозғалыстағы су энергиясы, жер қойнауы энергиясы жатады. Қоршаған ортаның ауасы мен суы саны бойынша өзгермеуі мүмкін, бірақ адамның тіршілігі барысында сапасы төмендеуі әбден мүмкін. Бұл табиғи байлықтар қазіргі таңдағы техника мен технологияның көмегімен (су, шаң, газ тазалау, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық шаралар) сарқылмайтын бола алады. Сарқылатын табиғи байлықтар – табиғатты пайдалану барысында саны мен сапасы өзгеретін табиғи физикалық құбылыстар және денелер.Үшінші классификациялық белгі – сарқылатын табиғи байлықтардың орнына қайта келуі. Бұл белгісі бойынша сарқылатын байлықтардың мынадай түрлері бар: қалпына келетін –өсімдіктер, жануарлар және микроорганизмдер әлемі; қалпына келмейтін – миллиондаған жылдар бойы жер қойнауында түзілген пайдалы қазбалар (қара, түсті, асыл және сирек кездесетін, радиоактивті металдар рудалары, мұнай, газ және т.б.); салыстырмалы қалпына келетін – пайдалануға қарағанда орнына қайта келуі баяу жүретін ресурстар (құнарлы қара топырақ, үлкен жастағы ағаштар – секвойя, баобаб және т.б.). Сонымен қатар бұл құбылыстардың қандай масштабта: планетада, үлкен аймақта (континент), жеке географиялық ауданда немесе белгілі бір экожүйеде жүріп жатқанын ескерген жөн. Мұндай әртүрлі масштабта қарастыру кезінде табиғи байлықтың бір түрі сарқылатын да немесе сарқылмайтын да болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, табиғат пайдалану – қоршаған орта байлығын адамның тіршілігі үшін пайдалануы. Адамның табиғатты пайдалануы төрт түрлі: тіршілігін қамтамасыз ету, шаруашылық-экономикалық, денсаулық үшін және мәдени тұрғыдан болады.