Ксенобиотиктер,поллютанттар.Пестицидтер және олардың түрлері

Пестицидтер (лат. pestis-жұқпалы ауру, cіdo-өлтіремін) - өсімдік зиянкестері мен ауруларына, арамшөптерге, мақта, жүн, теріден жасалған бұйым зиянкестеріне, жануарлар экопаразиттеріне, адам мен жануарларға ауру тарататын организмдерге қарсы қолданылатын химиялық заттар. Химиялық табиғаты және патогендік қасиетіне байланысты пестицидтердің бірнеше: гигиеналық, химиялық, өнеркәсіптік классификациясы бар. Пестицидтер улылық дәрежелерінің әртүрлі болуымен ерекшеленеді. Улылығын бағалау үшін тәжірибеге алынған жануарлардың 50% өлетін дозаны, яғни орташа өлтіру дозасын (ЛД50) пайдаланады. ЛД50 мөлшеріне байланысты пестицидтерді: күшті әсер ететін улы заттар, улылығы жоғары, улылығы орташа,және улылығы төмен деп бөледі.Тұрақтылығына байланысты пестицидтерді: өте тұрақты (ыдырау уақыты 2 жылдан көп); тұрақты (0,5-1 жыл); салыстырмалы тұрақты (1-6 ай); тұрақтылығы аз (1 ай) деп бөледі.

Көбіне хлорорганикалық, фосфорорганикалық және сынапорганикалық пестицидтер жиі қолданылады. Әсер ету обьектісіне (арамшөптер, зиянды насекомдар, жылы қанды жануарлар) және химиялық табиғатына байланысты пестицидтер мынадай топтарға бөлінеді: акарецидтер – кенелермен күресу үшін;альгицидтер – балдырлар мен басқа да су өсімдіктерін құрту үшін;антисептиктер – бейметалл материалдарды микроорганизмдерден қорғау үшін;бактерицидтер - өсімдіктердің бактериалды ауруларымен және бактериялармен күресу үшін;зооцидтер – кемірушілермен күрес үшін;инсектицидтер – зиянды насекомдармен күресу үшін;лимацидтер - әртүрлі моллюскалармен күресу үшін;нематоцидтер – жұмыр құрттармен күресу үшін;фунгицидтер – топырақтағы саңырауқұлақтармен күресу үшін.

Сондай-ақ пестицидтерге өсімдіктердің жапырақтарын жою үшін пайдаланатын – дефолианттар, өсімдіктің артық гүлдерін құрту үшін – дефлоранттар, өсімдіктің дамуы мен өсуін реттейтін – химиялық заттар, арамшөптерді жою үшін – гербицидтер, насекомдар, кемірушілер және басқа да жануарларды үркіту үшін қолданылатын химиялық заттар – репелленттер, жою үшін алдымен насекомдарды еліктіретін – аттрактанттар, насекомдарды жыныстық стерилдеу үшін қолданатын - стерилизаторларды жатқызады.