Каспий, Арал, Балқаш проблемалары

Арал теңізі, Балқаш көлі сияқты үлкен тұйық су айдындары антропогендік әсерге ұшырап жатыр. Нәтижесінде олар ластанып, деңгейлері төмендеп, ақыр соңында біртұтас табиғи кешен болудан қалады. Бұл балық шаруашылығына, климаттық өзгерістерге алып келеді. Арал теңізінің апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі – 1066 км2, тереңдігі 30-60 метр, тұздылығы 10-12% болған, жылына 50-150 мың тонна балық ауланып, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Арал теңізінің апатқа ұшырауына себеп болған факторларға: жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу; ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау; суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу; жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау; табиғат ресурстарын пайдалануда жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі себептері жатады. Балқаш көлінің көлемі – 501 мың км2, ұзындығы – 605 км, ені – 9-74 км аралығында. Ең терең жері – 2 метр. Балқашқа Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендері құяды. Көл шөл және шөлейтті аймақта орналасқандықтан, су айдынының булануы өте жоғары. Сондықтан судың деңгейі тез өзгеріп отырады. Соңғы жылдары Балқаш көлінің экологиялық жағдайы өзгере бастады. Оған себеп - Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерінің мол суының көлге жетпей, суармалы егістіктерге жұмсалуында. Оның үстіне бұрын Аягөз, Биен, Сарқанд, Басқан өзендері Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отырған. Ал қазір бұл өзендер Балқашқа құймайды. Каспий теңізі – жер шарындағы бірден-бір тұйық су айдыны. Оның көлемі – 380 мың км2. Каспий теңізі солтүстіктен оңтүстікке дейін 1030 км, батыстан шығысқа дейін 196-435 км аралықты қамтиды. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер мен жануарлар көптеп кездеседі. Тұйық су айдыны болғандықтан мұндағы организмдердің көпшілігі эндемиктер. Теңіздің құнды байлықтарының бірі – бекіре тұқымдас балықтар. Олардың 5 түрі тіршілік етеді. Бекіре тұқымдастардың дүниежүзілік қорының 70% осы теңіздің үлесіне тиеді. Каспий ойпаты өзінің табиғи ескерткіштерімен, өсімдіктер және жануарлар әлемінің көптүрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда өсімдіктердің 945, балдырлардың 64, фитопланктондардың 414, зоопланктондардың 100-ден астам түрі тіршілік етеді. Соңғы жылдары Каспий теңізінің экологиялық жағдайы су деңгейінің көтерілуімен, мұнай өнімдерін көптеп өндіру арқылы теңіздің ластануымен байланысты. Каспий теңізінің бірде көтеріліп, бірде төмендеуі жердің табиғи-тарихи эволюциясына байланысты. Оның себептерін ауа райының құбылысымен және антропогендік факторлармен түсіндіруге болады.