Организмдердің толеранттылыққа байланысты организмдер топтары

Экологиялық толеранттылыққа байланысты организмдер екі типке бөлінеді.

Эврибионттар(грекше eurus - кең) – факторлардың кең диапазонында (әртүрлі айырмашылығы бар орталарда) тіршілік ете алатын организмдер. Мысалы, эвритермді түрлер – температураның үлкен ауытқуына шыдамды организмдер. Эвригалинді түрлер – су тұздылығының үлкен ауытқуына шыдамды организмдер, эврибатты түрлер – қысымның қатты ауытқуына төзе алатын организмдер, эврифагтар - әртүрлі азықтармен қоректене беретін организмдер, эвритоптар - әр түрлі тіршілік орталарында кең таралған организмдер.

Стенобионттар– (грекше stenos – тар) – тек белгілі бір орта жағдайларында ғана тіршілік ете алатын (ортаның шамалы ғана ауытқуларына төзе алатын) организмдер. Мысалы, стенотермді түрлер тек температураның аз ғана ауытқуына ғана шыдамды организмдер (теңіз маржандары, бахтах (форель)), стеногалинді түрлер – су тұздылығының өзгеруіне төзе алмайтын организмдер (ұлу), стенобатты түрлер – қысымның ауытқуына шыдай алмайтын организмдер (риф түзетін маржандар 40-50 метр тереңдіктен төмен тіршілік ете алмайды, Vitjazaster djaronovi теңіз жұлдызы тек 4500-5100 тереңдікте ғана тіршілік ете алады), стенофагтар – азықтың белгілі бір түрлерімен ғана қоректенеді (жұмыртқа жегіш жыландар), стенотоптар – тек белгілі бір тіршілік орталарында ғана өмір сүре алады (мысалы, құмды шөлдегі ақ сексеуіл, құм жыланы немесе тек тұзды топырақта өсетін қара сексеуіл) және т.б.

Мысалы, теңіздерде тіршілік ететін организмдердің көпшілігі судың жоғары тұздылығына бейімделген, егер судағы тұздардың мөлшері аз ғана төмендейтін болса, ол организмдер үшін қауіпті жағдай туады. Ал эврибионттар тұщы суда да, суы ащы теңіздерде де тіршілік ете алады. Тундрада тіршілік ететін, қасқыр тұқымдасына жататын аң Alopex lagopus (ақ түлкі) температураның 800 (+350С-тан -550С-қа дейін) ауытқуына төзе алатын болса, жылы суларда тіршілік ететін Corilia mirabilis шаяны температура өзгеруінің 60-на ғана (+230С - +290С) төзе алады. Сондықтан эврибионтты организмдер стенобионттарға қарағанда жер бетінде кең таралған.