рефераты конспекты курсовые дипломные лекции шпоры

Реферат Курсовая Конспект

Шінші бӨлім

Шінші бӨлім - раздел Образование, Пролог     І     &#...

 

 

І

 

 

Қалампыр, миялы жұпар аңқыған көкорай шалғын белуардан келеді. Сырымбет тауының күнгей жағында қаз-қатар қонған кілең ақ боз үй алыстан ақ шағаладай боп көз тартады. Бұл — Абылай сұлтанның аулы. Сәл қашықтау тұстағы шағын қараша үйлер — төлеңгіт аулы. Төлеңгіт аулының да, сұлтан аулының да маңайы әбігер, қараң-құраң жұрт. Сойылып жатқан мал, көтерілген қазан. Жас иіс толы жаздың басы. Таңертеңгі мезгіл. Түс ауа үлкен той басталмақ. Қазір соған әзірленіп жатыр. Той Абылай сұлтан мен Қалден Цереннің қарындасы Хочадан туған тұңғышы Қасымның жетіге толып, сүндеттелуіне арналған. Абылай жоңғарлармен бір үлкен айқаста қолға түсіп, үш жыл қонтайшының Ташкенттегі сарайында тұтқында болған. Ақыры немере ағасы Әбілмәмбет хан мен Орынбор губернаторы Неплюевтің кірісуінің арқасында бір мың жеті жүз қырық үшінші жылы тұтқыннан босанған. Қалден Церен бұның орнына аманат етіп Әбілмәмбет ханның кіші баласы әбілфейіз бен Барақ сұлтанның ортаншы ұлы Шағайды алып қалған. Қалден Церен Абылай сұлтанды құр босатпаған, түбі өзіме керек болар деп, оған сүйікті қарындасы, батыр Хочаны жар етіп қосқан. Әрине, жоңғар қонтайшысы өзінің бұл ісінде ел басқаратын адамға керек, Абылайдың батырлығын да, ақылдылығын да еске алған.

Абылай даңқы бұл кезде жер жаратын. Қарындасын берген қонтайшы қателескен жоқ еді. Өзі хан болмағанмен немере ағасы Әбілмәмбет ханнан Орта жүзге бұның қадірі кем түспейтін. Ел басқаратын ерекше қасиеттерінің арқасында оның даңқы үш жүзге бірдей тарай бастаған. Кім болса да Абылай пікірімен санасатын күйге жеткен. Қарындасын берген әккі қонтайшы қателесті: Абылай дегенін істемеді, өз саясатын жүргізді. Қандай жағдайда болса да қазақ жерін Жоңғардан босатуды ойлады. Бірақ атағы жер жарғанмен, Абылайға тікелей бағынған ел — Көкшетаудың жан-жағында сыңси қонған, өзіне жеті қызын беріп, жеті отау тіккен, Атығай, Қарауыл тәрізді Арғынның белді рулары ғана еді. Бұл әлі оның үш жүзге хан саналып, бетіне жан қаратпайтындай айбарлы кезі емес. Арғынның өр көкірек, долы мінезді кей рулары Абылайға тақа бас ие қоймаған шағы. Жетідегі сотқар ұлын сүндетке отырғызып, той істеудегі сұлтанның бір ойы, әзірге шет жайылып жүрген осы руларды өзіне тарту еді.

Ел билеу?

Ел билеу оңай тисе, халық тізгіні қолында болған адамның бәрі де ел аузында қалмас па еді? Қазақ тарихында жүздеген хан менен мыңдаған сұлтандар өтті. Солардың халық жадында қалғаны саусақпен санап аларлықтай. Хан тағына жету кейде оңай болғанмен, хан тағында отыру қиын. Өйткені оған тек қана күш емес, ақыл, айла, саясат керек. Бұл қасиеттер сандықтағы дүниең тәрізді, біреуде бар, біреуде жоқ...

Абылай ел билеу ісінде Есім хан тәсіліне көңілін көбірек аударатын. Тікелей оның жолын ұстамағанмен, кей әдістерін өз ісінде қолданып отыратын. Бұған да себепкер болған бәз баяғы Бұқар жырау. Ол бір күні Есім ханның тарихын оған айтып берген:

— Хан тағдыры — халық тағдыры емес, — деген Бұқар жырау, — кейде жауымен тартысы бір болып, қан майданда бірге қаза тапса да жатар моласы бөлек. Тек тарихтағы азды-көпті ісі халық ойынан шықса, сондай ханды қазақ елі есінде қалдырған. Соның бірі Есім хан.

— Хаджири есебі бойынша бір мың сегізінші жылы, яғни біздіңше, бір мың алты жүзінші жылы, — деген Бұқар жырау Абылайға, — Тәуекел ханның орнына қазақ елі жиырма екі жасар Есімді хан көтерді.

Есім қазақ хандығының тағына отырысымен, ағасы Тәуекел мен Қияқ секілді Мауреннахр жерінде ұрыста қаза болған белгілі батыр, сұлтандардың пырағын Ташкент жерінен әкеп, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінің түбіне жерлеткізді.

Оның бұл кездегі ең күрделі саясаты: Шығыс Түркістанда болып жатқан Моғол бектері мен Жағатай ұрпақтарының арасындағы жанжалдарға кірісуі еді. Өйткені дәл осы шақта Қытай айдаһары Шығыс Түркістанға қарай созыла жылжып келе жатқан. Бұл қазақ еліне зор қауіп туғызған. Сондықтан Қытай мен қазақ хандығы ортасындағы елдердің қандай күйде екенін білу керек болды.

Ал Жетісу мен Шығыс Түркістанның біраз жеріне әмірлігін жүргізіп әбдірашит хан өлгеннен кейін, балаларының арасында үлкен дау-жанжал басталған. Олар бұрын қазақ хандарымен одақтас саналған қырғыз елінің де кей тұсын өздеріне қаратуды ойлаған. Бұларға қырғыз руларының ала ауыздығы да өздерінің жерін, суын талан-тараж етуіне жол ашты.

Есімнің хан болған кезінде әбдірашиттің ортаншы ұлы әбдірахман Шалыш пен Тұрфанның билігін алған. Жетісу мен Шығыс Түркістанның қалған жері әбдірашиттың өзге балаларының қолында қалған. Бірі Ақсуда хан болса, бірі Құсанды, бірі Құшты меңгерген. Қысқасы, әбдірашит қайтыс болысымен оның ұрпақтары билікке, жерге таласып қырық пышақ боп бүкіл Моғолстанды талан-тараж еткен.

Есім шақырған хан кеңесінде қазақ елі әбдірахманды қолдамақ болды. Әбдірахманның шешесі Жетісу бойындағы Үйсін қызы еді. Және әбдірахманның да, өзіме жәрдем түбі осы жақтан келеді-ау деп, бір бүйірі қазақ еліне тартып тұрды. Есімге бұл мәселе жөнінде қырғыз манаптары да қосылды. Оған себеп, қырғыз еліне Жаркент, Ақсу, Қашқар хандарынан гөрі ертеден одақтас болып келген қазақ елі қолайлы еді. Тағы бір жағдай: осы тұста Жоңғар қонтайшысы күшейе бастаған. Ал олардың шапқыншылығынан құтылу саясатында қырғыз бен қазақ тілегі ұштасып жатқан-ды. Сан мәртебе екеуі бірігіп, Жоңғарларға тойтарыс та берген.

Есім әбдірахманға жәрдем ретінде бес мың қазақ әскерін жіберуді ұйғарды. Ол бұл әскерді Тұяқ батырға басқартпақ болды.

Ертеңіне хан Тұяқты шақыртып алды. Тұяқ пен Есім екеуі де еңселі, зор денелі еді. Сарайға тәжім беріп кіріп келген батырға, хан:

— Жоғары шық! — деп қасындағы жастықты төрге қарай сырғытып тастады. Қарадан шыққан адамға ханның өз қолымен жастық тастауы зор құрмет. Тұяқ жайғасып отырғаннан кейін Есім оны неге шақырғанын айтып келіп:

— Жетісу мен Түркістан маңайындағы Ұлы жүздің бар руларын біз өз қолтығымыздың астына алуымыз керек, сол себептен Үйсіннің көп жұртын билеп отырған әбдірахман ханға жәрдем беруді ұйғардым, — деп сөзін аяқтады.

— Хан ойы халық тілегінен шықса, оған не жетсін! — деді Тұяқ сабырлы үнмен. — Бәріміз де адамбыз ғой. Адам болған соң армансыз тіршілік ете алмайды екенсің. Бұйрығыңызды орындамастан бұрын, менің де бір арманым бар еді, егер рұқсат етсеңіз, соны айтайын...

— Айт, батырым.

— Үміт деген бір қайық. Ер жігітті жолы болса дүниенің қапасынан да, қайғысынан да алып шығады, менікі сол бір үміт қой. Тағдыры өзіңнің қолыңда...

— Тыңдайық, аяғына дейін айт...

— Жарайды, құлдың баласы демей, батырым деп тыңдағың келіп тұрса, айтайын... Алдымен мынаны білгім келеді. Хан ием, мен ақ сүйектен шыққан жоқпын, жан-тәніммен ел-жұртыма қызмет істеп келем. Ерлігім, не қызметім көңіліңізге олқы соғып жүрген жоқ па?

— Жоқ, өзге батырларым бір төбе де, сен бір төбесің ғой. — Шыны ма, кекесіні ме Тұяқ айыра алмады. — әбдірахманға жұмсап отырғаным да содан емес пе...

— Онда айтайын. Бас кеспек болса-дағы тіл кеспек жоқ. Қисаң жеңгең Ақторғынды маған бер.

Біреу жағынан тартып жібергендей, Есімнің өңі қара күреңденіп кетті.

— Ей, сен не малтаңды езіп отырсың?

— Жаңа өзің айтқан жоқ па едің, өзге батырларым бір төбе де, сен бір төбесің деп...

Ханның ызадан қаны қашып, мойнына құрық түскен асаудай басы кекжең ете қалды. Әрине, қазақ елінде хан мен әйелі бірге өлсін деген заң жоқ. Ағасы Тәуекелдің жұбайы да өмір бақи жесір қалмайды. Біреуге шығуы керек қой. Бірақ ол ханның әйелі, ханның жеңгесі емес пе? Есігінде жүрген құлға қалай шығады? Ол мүмкін емес...

— Жеңгең Ақторғын да осыны тілейді, — деді Тұяқ батыр.

— Сонда қалай болғаны? Тәуекел ханға жыл болмай жатып көңіл қосып қойғансыңдар ма? Онда екеуің де айыптысың?

— Жоқ, олай емес, хан ием!

— Жә, тоқтат!

Қанына тартпағанның қары сынсын дегендей, Есім қазір қанына тартып отыр. Төреден жаратылған ханның жесірін қарадан шыққан бір батырдың аламын дегеніне қорланып қалған. Бұл да ештеңе етпес еді, егер құралай көз, оймақ ауыз жесір жеңгесіне жас ханның өзінің көзі түспеген болса... Өзінен он жас үлкен болса да, Есімге ол он жеті жасар қыздай көрінген. Қыпша бел, ақша маңдай, кербез жеңгесінің қасында өзге орда сұлулары аққудың жанындағы қоңыр қаздардай ғана боп қалған. «Аға өлсе, іні мұра» деп қарайтын қазақ дәстүрімен, Есім ағасының асынан кейін жесірін өзі алмақ ойда еді. Хан қанша әділеттімін дегенмен де, өз нәпсісінің тілегінен аса алмаған.

Ол қолындағы күміс қоңырауын үсті-үстіне ашулана қақты. Үйге асыға кірген күзетшілерге:

— Қару-жарағын сыпырып алып, мынаны қазір зынданға тастаңдар! — деп бұйырды да теріс бұрылып кетті.

Хан сарайының жанындағы қара алаңдағы зынданға атақты мыңбасы Тұяқ батырды апарып салған хабар заматта бүкіл Түркістан шаһарын шарлап өтті.

«Қару-жарағын сыпырып алып Тұяқ батырды қара алаңға апара жатыр» деген хабарды дәйекші балаларының бірі келіп жеткізгенде, Ақторғын жерге тиер ұзын қолаң шашып өргізіп отырған-ды. Жүрегін ұстап, кенет аппақ бөздей боп шошып кетті.

— Жолымбет батырды шақыр, — деді қасында тұрған әйелге.

Кіші жүздің таңдаулы қолын басқарып жүрген Жолымбет батыр Ақторғынның нағашы атасы. Ханнан кешірім сұраудың керегі жоқтығын ханым бірден ұққан. Сұрағанмен де бұл өтініші жақсылыққа апармайды. Қазақ дәстүрі: Есім өз жесіріне не істеймін десе де еркі бар. Әрине, ақылға салса хан өзінің нәпсісі үшін Тұяқ секілді халықтың сүйікті батырын зынданға тастап, қалың елді өзіне қырғи қабақ етпес еді. Және Ақторғынның Кіші жүздің қызы екенін де естен шығармағаны жөн. Бір тайпа елдің намысына тиюдің қанша қажеті бар? Аз күнгі ләззатынан басқа, он жас үлкен Ақторғын оған не бере алады? Алдымен өзі суынбай ма? Ал Тұяқ болса бір сәрі. Қырық жас еркектің қылшылдаған кезі. Тұяқтың жасы да Ақторғынға сай. Сол себептен де Ақторғынның кішкентай жүрегін ол өзінің үлкен алақанына сап мәпелеп тұрғандай болып көрінеді жесір әйелге. Иә, Тұяқтың бұны өмір бақи мәпелеп өтетіні хақ.

Ақторғынға мұндай сезім осыдан жарты жыл бұрын пайда болған. Тұяқ бұны бір күні қолтығынан көтеріп атына мінгізген. Ағашты түбірімен жұлып алатын сонау бақандай күшті қолы сонда Ақторғынның кеуде тұсына тіпті жұмсақ тиген. Неге екені белгісіз, сол сәтте бұның кішкентай жүрегі алас ұрып ойнай жөнелді. Ақторғын сонда осы бір алып қолдың жүрек тұсында ұзақ қалуын тілеген...

— Хан тағында отырған қайнымнан еш жақсылық күтпеймін, — деді Ақтор-
ғын нағашы ағасына бар жайды айтып болып, — мен елге қайтуым керек. Сенің жігіттерің қалада тұрғанда тез қашқаным жөн. Тұяқпен дос-жар секілді едің, хан соңымнан қуғын жіберіп әбігер болып жатқанда, оны зынданнан құтқара көр, нағашы аға. Айыбымызды Ноғайлы елі өзі айтсын...

Намысқор Жолымбет батыр жиенінің сөзін мақұлдады. «Ақторғынды берсе, Ақ Орданың шаңырағын сыйлап Тәуекелге берген Кіші жүз, Есімге ойыншық еткізбейді. Төркін елімен ақылдаспай, бұл қай қорлағаны! Ал Тұяқ батырға келсек, жиеннің бұл тілегін де орындауға болар, — деді Жолымбет батыр, — жиен қарындасын құтқаруға көнгенде оның көңіл қосқан жігітін зынданнан шығарудан неге қашсын. Тұяқ батыр бір елдің ардагері. Кеше Бұхарға аттану керек пе, керек емес пе деген сұрақ туғанда, жұрт ханның сөзін емес, осы Қияқ пен Тұяқтың сөзін тыңдаған жоқ па еді? Егер Тұяқты құтқарса, қара халықтың алғысын алады».

Жолымбет батыр осылай ойлады.

Тұяқ сол қара алаңдағы қара зынданда отыр. Анда-санда қозғалып қалса, шынжырлары шылдырлайды. Шыңырау үстіндегі болмашы тесіктен сонау көгілдір аспан көгінде оқта-теке ұшып бара жатқан құстар ғана көрінеді. Тек өткен күндер қиялдары ғана жан серігі.

Тұяқ жүрегінде Ақторғынға деген от сонау алғашқы кездескен күннен-ақ жанған. Осы оттың да зардабы болуы керек, Ташкент түбіндегі ұрыста ол Ақтор-
ғынға арналған талай өткір найза ұшына өз кеудесін тосты. Ақторғынға төнген сан жауды шойын басты келте шоқпарымен жайратты.

Түркістанға келгеннен кейін, Тәуекелдің қырқын бергенше Тұяқ Ақторғынды көрген емес. Одан кейін де сирек кездесіп жүрді. Онда да жұрт көзінше ғана. Осы кезде бір-ақ рет Ақторғынды өз қолымен атқа отырғызды. Соның ертеңіне дәйекші бала келіп:

— Ханым сізді шақырып жатыр! — деді.

Тұяқ баланың соңынан ерді. Бұны сарай есігінің алдында қарсы алған Ақтор-
ғын:

— Батыр, бір күннің ішінде асауымды үйретіп бере аласың ба? — деп сұрады.

— Жарайды, — деді Тұяқ қуанғаннан жүрегі жарыла жаздап.

«Патша әйел сүйген жігітін ең алдымен асау жылқысын үйреткізіп сынайды екен» деген бір аңызды Тұяқ жас кезінде естігені бар. Ханымның бетіне қарады. Жаудыраған көзінен өзіне деген бір өзгеше сезімді байқады. Ақторғын бұған асау атын емес, асау жүрегін сынатқалы тұрғандай көрінді.

Ақторғынның үйрет деген асауы төркіні — Жағалбайлы елі жіберген, құрық көрмеген жеті жасар тағы жылқы боп шықты. Төрт жігіт арқандап әзер ұстап тұрған асаудың үстіне Тұяқ секіріп мінді. Асау құйындата құба жонға ала жөнелді. Күн батып бара жатқан кезде қара терге малынған, әбден жуасыған асауды батыр Ақторғынның босағасына әкеп байлаған.

— Мың жасаңыз, батырым, — деді жесір, көзі баяғысындай тағы ұшқын атып.

Сол күні ел жатардың алдында Тұяқтың шатырына дәйекші әйелдің бірі келді. Батыр әйелдің соңынан ерді. Сарай есігінің алдында Ақторғынның өзі күтіп тұр екен. Үйге кіріп, оңаша қалғаннан кейін ол:

— Батыр, асауымды мініп көрдім, тамаша етіп үйретіпсің, ақысына не берейін? — деді даусы дірілдеп.

Тілі күрмелген адамдай Тұяқ ештеңе айта алмай тұрып қалды. Қуаныштан жүрегі лүпілдеп, демін әзер алды.

— Жарайды, ақысы үшін... Өзім сүйейін, — деді күліп Ақторғын.

Қуаныштан есін жия алмай тұрған батырдың қасына келді. Аяғының ұшымен созылып көріп еді, ерні тек Тұяқтың кеуде тұсына ғана жетті.

— Түу... бойым жетпеді ғой, — деді ол еркелене, — көтерсейші өзің.

Тұяқ бақандай қолымен Ақторғынды тік көтеріп, жас баладай алдына алды. Жесір әйелдің жұп-жұмыр аппақ білегі мойнын орай түсті. Дүние шыр көбелек айналып кетті. Тек жүрегінің жан тамыры лүпілдей соғып, қуанышқа сыймай тұрған Ақторғын нұрға малынған ақ жүзін Тұяқтың кезерген тастай қатты ерніне таяй берді.

Таң қараңғысы кезінде Тұяқ батыр Ақторғынның сарайынан шықты. Ханымның ақ сазандай аппақ денесі құшағында тұрғандай екі қолымен әлденені әлдилей күлімсіреді.

— Тәубе! Тәубе! — деді даусы қуанышқа сыймай, мұндай да тамаша түндер болады екен-ау!

 

 

Ақторғын құрсақ көтеріп қалған еді. Бірақ Бұхардың кең жібек көйлегі оның тола бастаған ішін өзгелерге аңғартпаған. Әйтсе де, хан сарайындағы тесіле қараған көп көзден ханым қысыла бастаған. Бүгін болмаса, ертең құпия сырдың ашылуы айқын... Тұяқ батыр анадай күйге ұшырағаннан кейін, оған қашудан бөтен жол жоқ-ты. Қашпаса бәрібір жұрт алдында масқара болады. «Не Тұяқ батырға қосылуым керек!» деді нағашысы Жолымбет батырға Ақторғын өзінің шын сырын ашпаса да, алыстан ұқтырып.

Бір сұмдықтың болып қалғанын іші сезген Жолымбет, енді бүкіл Кіші жүздің абыройын сақтағысы келді. Бұрын көңілінде аздаған дүдәмал күдігі болса, осы мезгілден бастап «нартәуекел!» деп, Ақторғынды құтқаруға кірісті.

Сол күні түні Жолымбет батыр бастаған бір топ жауынгер қаланың күнбатыс жағында қақпаның түбіне келді.

— Қайда барасыңдар? Кім рұқсат етті! — деп алдарынан кес-кестей күзет бастығы тұра қалды.

— Мен рұқсат еттім! — деді Жолымбет атының басын сәл тежеп. Кіші жүз батырының ұр да жықтау, сотқар мінезімен бұрыннан да таныс күзет бастығы «ә, сіз бе едіңіз» деп кейін шегіне берді .

Бір топ жігіт қала қақпасынан шығып, батысқа қарай шаба жөнелді. Ортасында Тұяқ батыр үйреткен есік пен төрдей шұбар айғырды мінген, бет-аузын тұмшалап жауып алған біреу кете барды. Бұл Ақторғын еді.

Жесір жеңгесінің қашқанын ертеңіне білген Есім ашуланып, дереу қуғын жіберді. Бірақ Ақторғынды ұстай алмай бар қаһарын Тұяққа аударды. Күзетін күшейтті. Жолымбет батыр оны құтқарып үлгермеді: Есім хан Тұяқ батырды қара алаңдағы зынданнан шығарып, өз сарайының іргесіндегі зынданға әкеп салдырды.

Есім Кіші жүзбен біржолата жанжалдасқысы келмеді. Өшін бөтен жолмен қайтаруды ойлады. Тұяқ батырдың орнына Шығыс Түркістандағы болғалы жат-
қан ұрысқа ол енді Жолымбетті жіберді. Бір ажалға барып қайтсын, деді хан ішінен, тірі келсе сонда көрерміз, хан ісіне қалай кірісудің керек екенін!

Жолымбет Қашқардан алты айдан кейін оралды. Және үлкен жеңіспен қайт-ты. Бұл жеңісті ол әбдірахманның іні, ағаларымен соғысудан емес, сыртқы жауымен айқасудан тапты.

Қытай боғдыханына тістері бата алмаған Жоңғар қалмақтары осы кезде Жетісу бойындағы қазақ пен қырыз ауылдарына шабуылды үдеткен. Осындай үйреншікті бір жорығынан қалмақтың қалың қолы қайтып келе жатты. Алдарында қыруар мал, түйе теңдері толған дүние-мүлік. Арқанмен матастырған қырғыз-қазақ ауылдарының қыз-келіншегі.

Шатқал, құзды тауларының бір бөктерінде аңдып тұрып, жоңғар қолы жазық ойпатқа шыққан кезде, Жолымбеттің бес мың жауынгері жан-жағынан атой салған. Жау әскерінің саны көп болса да, ойламаған жерден тиген қазақ жауынгерлеріне төтеп бере алмаған. Зәре-құты қашып, өз бастарын қорғаумен болды.

Жолымбет қалмақтардың күл-талқанын шығарып, бес жүздей жауынгерін қолға түсірді. Шабылған қазақ, қырғыз ауылдарының адамдарын босатып, мал-мүлкін тегіс өздеріне қайтарды. Ал Жоңғар қолынан түскен басқа көп олжаны «елдегі қатын-балаларыңның несібі» деп ала жібіне дейін қалдырмай, алты айдан бері олжасыз жүрген әскеріне бөліп берді. Оның ішінде «хан үлесі» саналатын қазына-мүлік те кеткен. Жолымбет Ордаға қайтпай жатып, оның бұл қылығын (әрине, түскен олжаны он есе өсіріп) қастары Есімге жеткізді. Ханға «олжамыз» деп, тек бес жүз тұтқын жау жауынгерін ғана алып келген. Бұрыннан да өш Есім, енді бетінен түгі шыға ашуланды. Оның үстіне сол күні түнде зынданнан Тұяқ батыр да қашып кеткенін естіген. Тексеріп келгенде Тұяқты қашыр-
ған Жолымбеттің адамдары болып шықты. Әбден ызаланған Есім Жолымбетті ұстауға бұйырды. Жендеттер Тұяқтың орнына енді Жолымбеттің өзін зынданға апарып салды.

Сол күні түнде «Жолымбет дарға асылсын» деген хан үкімі жарияланған-ды. Ертеңінде Қара алаңда дар дайындалды. Жолымбет секілді ел-жұртқа әйгілі батырды жазалап жатқанда қара бұқара наразылық көрсетіп жүрер деп сескенген хан, алаңды қоршай әскер қойды. Осы аласапыран күндердің алдында ғана Түркістанға Жиембет жырау келген. Болайын деп жатқан сұмдықты естіп, ол хан сарайына беттеді.

Ағасы Тәуекел ханның досы болған атақты жырауды көргенде, Есім амалсыз күлімсіреп қарсы жүрді.

—Армысың, жырауым! Жүрісің тым асығыс екен, ел-жұртың аман ба?

Жиембет жауап орнына толғай жөнелді.

 

«Әмірің қатты Есім хан,

Бүлік салып бұйырдың,

Басын бер деп батырдың,

Қанын ішіп қанбаққа,

Жанын отқа салмаққа.

Атадан жалғыз ол емес,

Хан ие, ісің жол емес,

Жолбарыстай Жолымбет

Құрбандыққа қол емес.

Жол тосып алып кетіпті,

Қалмақтан алмақ сыйыңды,

Қаһарыңды басқалы

Қалың елім жиылды.

Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биіңді.

Малын салып алдыңа

әр саладан құйылды.

Он екі ата Байұлы

Бір тәңірге сыйынды».

 

Жырау толғауының зілді толғау екенін түсінген Есім хан райынан тез
қайтты.

— Жарқыным, ең алдымен амандасайық та! — деді.

Жиембет тізе бүкті.

— Бұл айып бізден, арсың ба, хан ием!

— Барсың ба, Жиембет жырау? Сен келгенде қимайтын қиындық бар ма? Бір ауыз толғауың үшін қидым Жолымбет батырдың күнәсін. Босатыңдар батырды!

Есік алдында тұрған дәйекші үйден ата жөнелді.

— Бір тілегімді орындадың, хан ием, — деді Жиембет басын иіп. — Бізді риза еткенің, бүкіл халықты риза еткенің!

Есім ханның да ойлағаны осы еді.

Жолымбеттен айрылған Есім, енді әбдірахманға жәрдем беруге қалың қолмен өзі аттанды.

Ол бұл өңірде әбдірахман хандығы қырғыз елімен одақтасып, Ақсу, Жаркент, Ош секілді шаһарларды әбдірашиттің өзге балаларынан тартып алмақ боп сан мәртебе жорыққа шықты. Тарбағатай тауын бөктерлей құлаған Батур қонтайшы басқарған жоңғар қолдарымен де алысты. Ақырында аз уақытқа болса да Жоңғар шапқынын тоқтатты. Есім дәкпіріне шыдай алмаған жоңғар әскері Жетісуды жаулап алудан бас тартты. Бұдан басқа оның тағы бір жеңісі — қырғыз елімен бауырласа білді. Ташкент тартысында өзімен достасқан қырғыз манабы Көкеменге арнап Ташкентте «Көкеменнің көк күмбезі» атты салтанатты мешіт салдырды. Және Шалыш пен Тұрфанның ханы әбдірахманмен достық, жекжаттық одағын мықтап бекітті. Бұл достық әбдірахман өлгенше сақталды.

— Есім жетпіске дейін өмір сүрді, — деген Бұқар жырау. — әрине, ол ел билеу ісінде тегеуірінді, кәрлі әрекеттерді де көп қолданды. Әйтпесе Жиембет жырау оны босқа «әмірің қатты Есім хан» демесе керек-ті. Бірақ ол керек жерінде батырларының да сөзін тыңдап отырған.

Сөзінің аяғында жырау:

— Саған берер тағы бір ақылым, — деген Абылайға. — Замана түлкі, адам қыран... Бөктерде бүркітті көрген түлкі, етекке түсіп, жауымен кең жерде айқасудан тайсалса, сол бөктердегі өзі түстес бір қызғылт тастың қия бетіне құйрығын шаншып тұрып қалады. Қыран ондай түлкіні көруі керек. Ел билігі қолыңа тиген екен, көреген бол. Ақылың мен айлаң қатар жүрсін.

Абылай Бұқар жыраудың осы сөздерін жадына мықтап тұтты. Басына қауіп-қатер туған сан қатерлі күндерде де ол қара басынан гөрі, өзі таңдаған жолын жоғары ұстады. Сол табандылық оны алыстағы армандарына да жеткізді.

Абылай қазір қырықтан жаңа асып бара жатыр. Ол сұңғақ бойлы, ат жақты, қара сұр, түсі суық адам. Үлкен, ойлы сұрғылт көздері кісіге қарағанда өңменнен өткендей ызғарлы...

Күн ұясынан жаңа шығып келе жатқан мезгіл... Дүние жүзі сонау алтын күннің нұрына шомыла жайнап, гауһар тастай құлпырады.

Абылай бұлғын жағалы қара мақпал шапанын иығына бос жауып, ақ ордадан шықты. Қолына жез құман ұстаған, иығына шетін кестелеген хиуа сүлгісін жапқан бала жігіт сұлтанның өзіне қарай жақындауын күтіп, анадай жерде үн-түнсіз тұр.

Абылай сонау бір ғажайып табиғаттың оянып келе жатқан бейкүнә көрінісіне сұқтана қарап сәл тоқтады да, құман ұстаған бала жігітке қарап бірер аттап, тұра қалды. Дәл сол сәтте Сырымбеттің ойпаңдау етегінен атой салып шауып келе жатқан екі салт атты көрінді.

Қатар шапқан қос күрең, көл бетін қанаттарымен сипай ұшқан қырғи құстар тәрізді. Ауылға жақындай бере хабаршының;

— Аттан! Аттан! Жау келіп қалды! — деген дауыстары да жетті.

Көзді ашып-жұмғандай мезгіл өткен жоқ, басына орамал байлап алған салт аттының біреуі қараша ауылға қарай бұрылды да, ал далбағай киген, түйе жүн шекпенді мұрттысы Абылайдың жанына келіп тоқтады.

— Арғынның бес мейрамының бес мың әскері келе жатыр, — деді жігіт ентіге, — Ботақанның құны үшін Абылайдың басын аламыз дейді.

— Бастап келе жатқан кім?

— Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат би.

— Ұлы бидің өзі қайда екен?

— Көктемнен бері сырқат деген. Арғынның елірген тентектерін баласы Бекболат ертіп келеді.

— Өздері қай тұста?..

— Сәске көтеріле жетіп қалар. Әйтеуір түстері суық, біреудің қанын ішпей тоқтар емес.

Абылай сәл ойланып тұрды да, дереу шапанын киіп, артында тұрған бір нөкеріне бұйрық берді.

— Ұр дабылды! Қолына қару ұстайтын еркек кіндік тегіс жиналсын.

Сол-ақ екен, орда қасындағы кепкен қарынмен кернелген тай қазандай қос дабылды екі жігіт оқтаудай жұмыр таяқпен қос қолдап ұра бастады. Жаугершілік заман, жауға шабатын жігіттердің аттары белдеуде тұрған. Біразы жақын маңда шідерлеулі жайылып жүрген. Ауыл үсті лезде опыр-топыр бола қалды. Әне-міне дегенше ер азаматтар аттарына да мініп, ауыл сыртына жиналды. Үстіне сауыт-сайманын киіп, Абылай да ақ боз үйден шықты. Төлеңгіт жігіттің біреуі Абылайдың атақты бәдәуи тұлпары Жалынқұйрығын алдынан тарта берді.

Ал жұртты әбігерге салған бұл оқиғаның тарихы мынадай еді. Бұдан екі жыл бұрын Арғынның бір тармағы Қаракесек елінде бір үлкен ас болған. Үш жүздің баласы тегіс шақырылған сол асқа өзінің төлеңгіттерімен Абылай да барған.

Бәйге, күрес, жамбы ату басталып, ас әбден қызған шақта, тамаша көруші жамағатты аралап жүрген Шаншардың еріккен қуларының бір тобы Абылайдың үстінен шығып қалады. Абылай теңге алуды тамашалап тұрған-ды. Сонда көп қудың ішіндегі тентектеу біреуі:

— Сұлтанның басындағы қалпағын қағып түсірсе қайтер еді, — дейді.

Қасындағылар оны желіктіріп:

— Абылайдың қалпағын қағып түсірсең, өзіңнің де басың кетеді, — дейді.

Сонда әлгі қу жан-жағына қарамастан сұлтан тобына кимелеп келеді де, аңдамаған болып, қамшысының сабымен Абылайдың басына киген алтын зерлі айыр қалпағын ұшырып түсіреді.

Сұлтан Шаншар қуының бұл қылығы жанына қатты батса да сыр бермеген:

«Ұлан асыр үлкен ас, жеген тоқ, ішкен мас деген осы екен-ау!» — деп күлген де, атының басын бұрып жүре берген. Жерге түскен қалпаққа қайырылып та қарамаған.

Келесі, бір мың жеті жүз елу екінші жылы генерал Киндерман Қызылжар бекінісін салып болып, осы бекіністің бітуіне Қызылжарда үлкен жәрмеңке ашылған. Оған Қаракесек ішінен де біраз адамдар барады. Осы жәрмеңкеде Абылай өткен жылы өзін күлкі етпек болған қулардың айыбы ретінде Қаракесектің Жанай, Ботақан деген екі белгілі адамын ұстатып алып қалған-ды. Әлде сұлтаным деп сыйламай, тіл тигізді деді ме, әлде өткен жылы қулардың қылығына масайрай күлген топтың ішінен осылар көзіне шалынып қалды ма екен, әйтеуір, Абылай Жанайға онша көп қысым көрсетпейді де, Ботақанды тірідей көрге салады.

— Шаншар жігіттерінікі жай қалжың еді ғой, — деп ақыл айтқысы келгендерге, Абылай:

— Бағынышты елінің бүгін қылжағын кешірген сұлтан, ертең оның қылмысын көтеруге мәжбүр болады! — деп жауап берген.

Көрге түскен Ботақан ас-су ішпей жатып алады. Бір-екі күн өткен соң, Абылайдың бұйрығы бойынша, «енді көрден шық» деп келген жігіттерге ызалы Ботақан, «Көрге түскен адам тірі шықпайды» деп, өзінің ішін өзі есіп жіберіп, жарылып өлген.

Бұл хабар елге жеткен соң Арғынға жататын Қуандық, Сүйіндік, Бөгендік, Шегендік, Қаракесек — Балтақожа, Шұбыртпалы, Қаржас тегіс атқа қонған. Әскер саны үш мыңдай адам.

Ат басы Абылай сұлтанның аулына қарай бұрылысымен-ақ, бұған жолай төре тұқымынан қиянат көрген басқа рулардың кедей топтары да қосыла берген. Ақыры бес мыңға жуық қол Ботақанның құнын жоқтап, алдында кім тұрса да быт-шыт етуге дайын долы күшке айналған. Арғынның ұлы биі қаз дауысты Қазыбек осы кезде жетпіс жетіге кеп, төсек тартып жатқандықтан, бұл топты Абылайдың басқа да астамшылық, қиянаттарын көріп әзер шыдап жүрген Бекболат басқарып келе жатыр еді.

Бекболаттың өзіне өш екенін білетін Абылай, ауыл сыртына шыққан соң, жиналған жігіттерін жіті шолып өтті. Бар болғаны үш жүздей ғана сойыл екен. Мұндай аз күшпен ашуға мініп тасыған өзендей ереуілдеп келе жатқан қара қазаққа төтеп бере алмайтынын Абылай бірден ұқты. Рас, Абылайдың жігіттері сан айқаста болған, біреуі жүзге татитын, мүйізі шаңырақтай кілең марқасқалар, сөйтсе де сұлтан бос қан төгіске барғысы келмеді. Кенет барлаушы жігітке бұрылып:

— Келе жатқандардың ішінде кімдер бар екен? — деп сұрады.

Барлаушы кімнің барын айтуға аузы бармағандай күмілжіп қалды.

— Айта бер, кімдер бар?

— Айдабол Олжабай батыр да бар... Жанында бала жырау Көтеш...

Абылай басын көтеріп алды. «әділет сүйгіш Олжабайдың өзі ереуілшілерге қосылса, бұл тегін аттаныс болмады». О кезде жыраудың батыр болуы, батырдың жырау болуы таңқаларлық іс емес. Арғынның бір тармағы Қаржас руынан шыққан Олжабай әрі батыр, әрі жырау еді. Қырыққа жасы келіп қалса да, қай өнерінің басым екенін өзі де білмейтін. Жиырмасынан бастап батырлығы Орта жүзге әйгілі бола бастаған. Олжабай қатыспаған қазақ пен жоңғар арасында бірде-бір белгілі ұрыс өтпеген шығар. Со кезде қазақ жерінде айтылып жүрген қисса, дастаннан Олжабай білмейтін біреуі де жоқ еді. Әлдеқалай ол бәлен ауылда өзіне таныс емес дастан не жыр бар дегенді естісе, қанша алыс жер болса да оған аттың терін аямайтын... Естіген бір сөзін ұмытпайтын. Сондықтан да болуы керек. Олжабай жырлағанда фарсы, араб, тіпті, кейде орыс тілінің де жеке сөздері кездесіп отыратын. Осы Олжабай сан мәртебе домбырасын қолға алып, өзі дастан шығаруды да ойлады. Бірақ бірде-бір реті келмей-ақ қойды. Ол домбырасын ұстаса болғаны, дәл сол сәтте «ел шетіне жау келіп қалды!» деген жаршы айқайы естілетін. Жырау домбырасын тастай беріп, енді қолына найзасын алатын. Осылайша ол Абылаймен бірге сан мәртебе жоңғарларға қарсы жорыққа аттанған. Жас Абылай қолға түсер жолы, жоңғардың үш ноянын өлтіріп, Олжабайдың өзі әзер құтылған...

Олжабай енді жорықты тастап, қолына домбыра ап, ел қыдырып, халқының мұң-зарын жырлауды қаншалық арман етсе де, жаугершілік заман мұрша бермеді. Әзірге бар қолынан келгені, өзі секілді ән мен күйді аңсаған, бірақ қолы оған жетпей жүрген, жас дарындарға жәрдем беру ғана. Ондай жасты құр қасына ғана ертіп жүрмей, атсызына ат берді, үйсізіне үй берді. Осындай жастың бірі ата-анасынан жетім қалған он жеті жасар Көтеш ақын еді. Олжабай оны өзіне серік етті. Өзі жете алмаған өнер қиясына Көтештің жетуін тіледі.

Осы ақ жүрек, ескі досы Олжабай енді, міне, Абылайдың қанын ішуге аттанған топпен бірге келе жатыр.

Жоқ, бұл жай ереуіл емес, халық наразылығы әбден шегіне жеткен қанды ереуіл.

Абылайдың кенет ешкімнің ойына келмеген оқыс шешім алуына осы жағдай себеп болды.

— Келе жатқан Арғын ереуілшілеріне қарсы шықпай-ақ, бой тасалай тұрайық, — деді ол.

— Сонда біз қайтеміз? — деп ауылда қалатын қатын-қалаш, кәрі-құртаңдар шу етті. — Бекболат жігіттерін біз қалай тоқтатамыз?

— Арғын жігіттерін тойға дайындалған тағамдармен жақсылап қарсы алыңдар! Иілген басты ешкім де шаппайды, — деді сұлтан.

Абылай соны айтты да жігіттерін ертіп, бел асып жүріп кетті. Үйі тігулі, жүгі жинаулы, қазаны асулы қалды. Өрістегі малына да тимей, әдейі ауыл төңірегіне тастады. Келер жауды қарсы алу күтуші жігіттер мен әйелдерге ғана міндеттелді.

Екпіндеп жеткен ереуілшілер мұны көрген соң, күрт басылды. Бұл — Абылайдың өз айыбын түсініп, кешу сұрағаны деп, басалқы айтушылар да табылды. Өздері шаршап, қарындары ашып келген жұрт мал сойып, қазан көтеріп жатқан ауыл адамдарымен әкей-үкей табысып кетті. Аздан кейін қазандағы ас та пісіп, жігіттер қауқылдасып, кенелді де қалды.

Дәл осы сәтте анадайдан аттан түсіп жаяулап келе жатқан Абылай сұлтанның өзі де көрінді. Қасында бір-екі адамы мен талай жорыққа бірге аттанған Тұрсынбай батыр ғана бар.

Ботақанның немере ағасы Қапан мерген қара шиті мылтығын оқтап жіберіп, Абылайды атпақ боп тізерлей отыра қалып еді, Бекболат би ақырып жіберді:

— Алдыңа келсе әкеңнің құнын кеш деген. Тоқтат!

Қапан мерген орнынан амалсыз түрегелді.

Абылай сәлем беріп, топ ортасына кіре берген. Сол уақта көлденең тұрған бір бозбала жігіт оның алдына жетіп барып, үкілі домбырасын қағып-қағып жіберді де, шырқап қоя берді.

 

«Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,

Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің,

Сұлтаным, қарашыңмен дауыл болып,

Үстіне ақ орданың қол келтірдің.

 

Абылай, күйіп кетті салған қалаң,

Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң?

Жанайды бүгінгі күн босатпасаң,

Болады ертең жесір қатын-балаң!»

 

Бұл жігіт — Арғынның ішіндегі Сүйіндік руынан шыққан Көтеш ақын еді.

Бұдан кейін билер дауы басталды.

Абылай өзін кінәлі санап, Ботақанның өлімі үшін үш кісінің құнын — әрқайсысы атан бастаған тоғыз қарадан, жиырма жеті бас мал, оған қоса ат-шапан айып төледі. Өзін атпақ болған Қапан мергенге мылтығыңның қарымы қайтпасын деп, ал оны ұстап қалған Бекболат биге, өлімге қимаған жақсылығың үшін деп, құндыз жағалы күзен ішік пен бір-бір жорға мінгізді. Екі жақ бітімге келіп, жанжалдың аяғы тойға ұласты.

Арғынның бұл келген ереуілді тобынан Абылай сұлтан екі затты бүйіріне қатты түйді. Бірі — қарамағыңдағы бұқара өзіңе қарсы шықса, онда төре ісінің қараң қалғаны. Ашуланған халық жараланған арыстаннан кем емес, өзіңді жарақаттамай тынбайды. Төремін деп басынба, жазамен ықтырам деме, шамаң келсе баурыңа тартып ашуын басуға тырыс. Екінші түйгені, сырт жауың болса, оған ел болып қарсы шығасың, не басын аласың, не қан сорпа етіп қуасың... Ал өз еліңнің қай тентегінің басын кесіп құртасың? Мұндай халықты билеудің жолы бөлек. Арыстанды темір торда ұстасаң ғана қауіпсіз. Халықты да үнемі темір торда ұстай біл. Мейлі ол саған ақырсын, айбат көрсетсін, бәрібір шаба алмайды, мерт ете алмайды. Ал бар халыққа темір тор құру мүмкін бе? Жоқ, халқыңа деген темір торың, құр ғана жалаңаш қылыш әскерің емес, ол ақылың, айлаң...

Абылай өле-өлгенше осы екі тұжырымын бұлжытпай орындауға тырысып өтті.

Қасымның сүндет тойы сол күні-ақ түс ауа басталған. Шабуылдан аман қалған сұлтан аулы келген қонақтарын тік тұрып күтті. Күрес, көкпар, бәйге, айтыс, сайыс — бәрі болып, тойға жиналған топ ертеңіне тарады.

Сұлтан ордасында енді тек осы Көкшетау, Қараөткел, Атбасар, Қызылжар маңайындағы Орта жүздің басты адамдары мен Абылайдың үзеңгілес батырлары — Арғын тайпасына жататын Бәсентин руынан Сырымбет, Малайсары; Қаржас руынан Олжабай; Тарақты руынан Байғозы; Ұлытаудағы Бағаналы руынан Оразымбет; Керей руынан Тұрсынбай батырлар қалды. Бұл жиынға жер шал-ғай боп Арғынның аты шулы батырлары Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Алтай руынан ағайынды үш бөрі Жанұзақ, Жолдыбай, Сеңгірбай; Найманнан Қаракерей Қабанбай, Кіші жүздің батырлары Тайман мен Бұғыбай, Абылай сұлтанның ең жақсы көретін батырының бірі Уақ руынан Батыр Баян келмей қалды.

Ханмен қадірі бірдей сұлтан өзге батырлардың келмегеніне бәлендей мән бермегенмен де, Батыр Баянды күткен-ақ еді.

әрине, Абылай баласының сүндетке отыруын сылтау етіп, бұл жиынға өзінің үзеңгілес сенімді батырларын түгел-ақ шақырған. Оған себеп Әбілмәмбет ханмен арасы алшақтап кеткен Жоңғар қонтайшысы қазақ жерін тағы шаппақ боп, қалың қол жинауда деген хабар алған.

— Жарандар, — деді Абылай, қонақтары отырып болғаннан кейін байсалды үнмен, — менің қайын ағам Қалден Церен қазақ елін қайта шаппаққа Ертістің арғы бетіне жиырма бес мың әскер дайындап отыр...

Үйдегі жұрт тегіс елең етті. Кеңеске шақырылған кісілердің жас мөлшері, дәрежелері де әр түрлі еді. Бәрінің де денелерінің үстінен сұп-суық боп жылан жорғалап өткендей жан түршігер бір сезім билеп кетті. «Ақтабан шұбырындының» қанды уақиғасын әлі ешқайсысы да ұмытқан жоқ-ты. Тек о жолы жоңғар әскері қазақ даласының күнгей жағын шапса, енді міне Орта жүздің негізгі қонысы Сарыарқаның шетіне кеп тұр.

Канси өлгеннен кейін таққа отырғанына он сегіз жыл толған Қытай боғдыханы Цзянь-Лун Жоңғарға деген Қытай саясатын әлі де өзгертпеген. Солтүстік пен күнбатысқа қарай сырғытып, шұрайлы жерлерін басып алумен болған. Қарсы келген ойрат жасақтарын, басым күшпен, бірін қалдырмай қырып отырған. Ол күндегі Қытай әскері көшпелі ел — Жоңғар хандығының әскерінен, соғыс өнері тұрғысынан қарағанда, анағұрлым күшті еді.

Россия империясының қол астына кірген Орта жүздің жеріне Қалден Церен шабуылға шығуды ойласымен-ақ, Жоңғардың қанқұмар нояндарына Цзинь-Лун қолдан келер жәрдемін аямаған. Қару-жарағын да, азық-түлігін де берді. Аузынан жырып, күрішіне дейін төкті.

әрине, мұндайда боғдыхан өзінің алтынын да аяған жоқ. Жоңғардың қанды қол түмендерін қалаған жағына жұмсай білетін нояндардың көбін алтынымен сатып алған. Сол себепті де жоңғар әскері орыс бекіністерімен қатар жатқан Орта жүз жеріне қарай бет бұрған.

Жоңғар қонтайшысының осылай дайындалып жатқанын, Ертістің бергі жағын жайлаған Уақ — Керей тайпасының батырлары да айтып келді. Қалден Цереннің енді тек ыңғайлы кезді күтіп отырғаны мәлім болды. Әрине, Қалден Церен Орта жүзге Әбілмәмбеттен гөрі Абылай ықпалының күшті екенін біледі. Егер шу дегеннен қазақ әскерінің күйрей бастағанын көрсе, Абылай амалсыз менің жағыма шығады деп ойлады ол. Абылайдың Жоңғар жағына шығуы — жеңіспен тең. Егер Орта жүз Жоңғар жағына шықса орыс қалаларының іргесі ашылады. Қытай саясатшыларының да көздегені осы.

Абылай бұл мәжіліске досын да, қасын да шақырып отыр. Әсіресе Жоңғармен көршілес рулардың әйгілі адамдары тегіс хабарланған. Әттең, Батыр Баян келмей жатыр. Сұлтанды азырақ ренжіткен осы.

Абылай жаңа ғана бастаған сөзін енді жалғай берем дегенде, сырттан дабырласқан дауыстар шықты.

— Бұқар жырау келді!

— Ұлы жырау аттан түсіп жатыр!

— Арқаның ардагерін қарсы алайық!

— Қош келіпсіз, Арғынның майталманы!

Сөйткенше болған жоқ, бір топ адаммен ордаға Бұқар жыраудың өзі де кіріп келді.

Бұл ұзын бойлы, қапсағай денелі, ат жақты, шоқша сақалды, қошқар тұмсық, еңселі кісі еді. Руы Баянауыл төңірегін жайлаған Алтынторы — Қаржас. Әкесі Қалқаман батыр шешен кісі болған. Алпыс жасында халқының тәуелсіздігін қорғаған Бөгенбай, Қабанбай секілді батырлардың ерлігін көп жырлаған әйгілі жырау. Бұл кезде халық «көмекей әулие» деп атап кеткен.

Мәжілісте келелі мәселе сөз болғалы тұрған соң, Бұқар жырауды Абылай әдейі шақырған.

Бұқар кіріп келгенде, Абылай өзі түрегеліп, оң жағынан орын берді. Жырау бір қарағаннан-ақ үйде көптен бері бастары қосылмай жүрген адамдардың жиналғанын байқап, жүзі жадырап сала берді.

— Арсыңдар ма, жарқындарым?

— Барсың ба, Арғынның ақиығы!

— Бармын, арысым... Сен той жасағалы жатыр деген соң, ой салғалы шығып едім. Бұрын Баян мен Көкшенің арасы жақын-ақ еді...

— Енді алыстап кетіп пе, Бұқар аға?

— Жоқ, жақын. Бірақ жақын болса да алыс. Ортаңа салған орыс бекіністерін орағыта жүремін деп кешеуілдеп қалдым. Ат-тон айыбым бар. Жырымды аласың ба, әлде шерімді аласың ба?

Абылай езу тартты. Адуын жыраудың «ортаңдағы орыс бекіністерін орағытып» деген сөзінен-ақ сезіктеніп, әңгімені бөтен жаққа бұрғысы келді.

— «Жырыңыз» бен «шеріңізді» естіп, ат-тон айыпты біз төлеп жүрмесек нетсін, — деді күліп, — сол ат-тон айыбымды берместен бұрын, басқа бір өтінішім бар.

— Төренің қарадан өтініші болмас, өкініші болар. Шамам келсе өкіндірмейін, арысым айта ғой.

— Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген Үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып жатыр. Қасымымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға?

Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта барып жырау:

— Түс жору — түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін...

— Сөйлеңіз, көмекей әулие...

— Қырыққа келмей табытта жатсаң — өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ хан атына ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыс-
тан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің... Ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен.

Абылай үндемеді.

— Үндемей қалдың ғой, сұлтаным. Шешуім ұнамады ма?

— Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын?..

— Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса үш жүздің жүрегінде қаласың!

Абылайдың қабағы жадырап сала берді. Қазақ: «еркектің ақылы қырықтан бастап толады, алпыстан бастап солады» дейді. Абылай қазір қырықтан жаңа асып барады. Түсін жорыған сыншы жырау оның түпкі сырын дұрыс болжады. Абылай — қазақ елін ұлы елдер қатарында көргісі келді, хан болса сол ұлы елге хан болуды арман етті. Сондықтан да ана жылы тұтқында жатқан Абылайға Қалден Церен: «Дүниеде не жаман?» деп сұрағанда, ол: «Дүниеде аз асқа бақауыл, аз елге хан болған жаман» деп жауап берген.

Абылай — Әбілқайыр да, Әбілмәмбет те, Барақ та, Нұралы да емес еді. Ол бұл кезде көп нәрсені түсінгенді. Өзінің әр әрекетін сол тұстағы көшпелі ел көсемінің қолынан келетін мүмкіндігіне қарай құратын. Ал тек құдай алдында ғана жауапкер Бұқар жырау болса, күнде өзгеріп жатқан дүние қайшылығын көріп, «дүние шіркін қайда бара жатыр?» деген аздаған күмәнда болатын. Сүйері көк шалғыны толқынданып, жұпар иісі аңқыған қазақтың жасыл даласы, тілегі — халқының қамы.

Бұқар жырау үнемі қасынан тастамайтын қарағай домбырасын қолына алды. Құлақ күйіне келтіріп, біраз шертіп отырды да, алыстан күркіреп келе жатқан жауар бұлттай, әуені қобалжыған бір термені бастап кетті.

 

«Ай заман, заман-ай,

Түсті мынау тұман-ай,

Істің бәрі күмән-ай

 

Осылай ол бір толғап алды да, әрмен қарай нөсерлете жөнелді. Жырау салынып жатқан бекіністер мен қазақ елінің болашағын толғады.

Ол әр сөз шумағын лақтырған сайын, алпыста емес, жиырма беске жаңа шыққан жас жігіттей қызулана түсті. Қазақтың көсем ұлдарынан, әсіресе, Абылайдан ел қамын ойлауды талап етті.

Жырау толғауы отырғандарға ұнады ма, жұрт енді домбыраның қағысымен бірге қимылдап, қызулана «Уа, пәле!» деп қосыла теңселді.

Жырау бір мезет ел жайын емес, тек өз басының қамын ойлаған хандарды сөге келіп, кенет сөзін бітірді де, қолындағы домбырасын ашулана есікке қарай лақтырып жіберді. Шабыттанған шақтағы жыраудың мұндай әдетіне қанық есік алдында тұрған атқосшы жігіт домбыраны жерге түсірмей қағып алды.

Бұқар жырау Абылайға түйіле қарады.

— Бар сенгеніміз сенсің, Абылай! Оң жағыңдағы тұңғиықтан құтыламын деп, сол жағыңдағы шыңырауға құлап кетіп жүрме. Шүршіттің ызғарынан қорқып, орыс патшасының қолтығына кірдім деп ант-су ішті&#

– Конец работы –

Эта тема принадлежит разделу:

Пролог

ЖАНТАЛАС... К ШПЕНДІЛЕР... Пролог...

Если Вам нужно дополнительный материал на эту тему, или Вы не нашли то, что искали, рекомендуем воспользоваться поиском по нашей базе работ: Шінші бӨлім

Что будем делать с полученным материалом:

Если этот материал оказался полезным ля Вас, Вы можете сохранить его на свою страничку в социальных сетях:

Все темы данного раздела:

Бірінші бӨлім
    І     Қазақ елі бұл кезде көкпарға тартуға дайындалған серке тәрізді еді. Жан-жа

Екінші бӨлім
    І     Қазақ елінің батыс тұсында дәл қазір алып-жұлып бара жатқан бәлендей

Хотите получать на электронную почту самые свежие новости?
Education Insider Sample
Подпишитесь на Нашу рассылку
Наша политика приватности обеспечивает 100% безопасность и анонимность Ваших E-Mail
Реклама
Соответствующий теме материал
  • Похожее
  • Популярное
  • Облако тегов
  • Здесь
  • Временно
  • Пусто
Теги