рефераты конспекты курсовые дипломные лекции шпоры

Реферат Курсовая Конспект

Пролог

Пролог - раздел Образование, Лияс Есенберлин ...

Лияс Есенберлин

ЖАНТАЛАС

(КӨШПЕНДІЛЕР – 2)

Пролог

 

Қазақтың ұлы даласын күнгей мен күншығыс жағынан алып тағадай иіле түсіп, мыңдаған шақырымға созылған дүние жүзіндегі ең биік таулар қоршап жатыр. Осы ақ басты ғажайып шың, құздар қазақ жерінің үстінен өтетін ескек желге, азынаған дауыл-боранға ғана тосқауыл емес, бұл таулар көшкен елге де, басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес берік қамал. Тек бір жерінде ғана бұл ғаламат қиялар, шөккен нардай, даланың бауырына кіре, жатаған тартқан. Осы тұстан Азия мен Европаның түйіскен алқабына қарай, жаратылыстың өзі жаратқан долы сұрапылымен бірге, араларына жүздеген жылдар салып фангфур ұлы хандарының, Әтилланың, Шыңғыстың құмырсқадай құжынаған қосындары төгілген. Бұл қанды жорықтар ең алдымен осы арада әлмисақтан бері егін егіп, мал бағып, қала салып, бейбіт жатқан елдерді талқандады. Одан өтіп қазақтың көшпенді байтақ даласын қызыл қанға бояп, лек-легімен күнбатысқа қарай лап қойды. Бұлар басып өткен жерде тек күңіренген ел, күйзелген дала, күйреген қала ғана қалды.

Бұл жолғы шайқас та — соның бірі еді.

Жоңғар қақпасының етегіндегі Сойқан сайда Қытай мен қазақ әскерінің алысқанына міне бір жеті болған. Бойлауық жылқы секілді бой бермей, екі жақ бірдей арандағанда, талай қанды ауыз бөрілер пұшпағынан ілінді. Жүрегінің түгі бар талай батырлар қайқы қара алдаспандардан қаза тапты. Талай албырт жас өмір сабағынан үзілген гүлдей семді. Бірақ кісі қанын толарсақтан кешіп жүрсе де селт етпейтін қолбасшылар майданға жұртты төпеп айдай берді. Сегізінші күні жасыл жібек шатырын қырық құлға көтертіп, майдан шебіне Қытай боғдыханы Канси келді. Әскер басшыларын шақырып алып:

— Ұрыс қалай жүріп жатыр? — деп сұраған.

Әйел өңдес, қу тамырдай қатып-семіп қалған, көсе қара әскер басы иіле тәжім етіп, жауап берді.

— Алдияр тақсыр, әлі итжығыс түсіп жатырмыз. Екі жақ бірдей қырғында. Біздің шығынымыз көптеу.

Әскер басы өзек жарған шындығын айтқан. Боғдыхан шаршы топтың алдында өз әскер басын мұқата сөйледі.

— Ақымақ, — деді ол, — үш ғасыр бойы алысып Тан династиясы жеңе алмаған бұл тайпаны сен жеңем деп ойлап па едің?

— Алдияр тақсыр, соғыс деп бұйырған өзіңіз ғой.

— Соғыс дегенде мен саған осылай соғыс деп пе едім? Бүйтіп сен оларға тізе көрсетіп, бетін қайтара алмайсың. Одан да өзің былай тұр да, күнде шабуылдап мазаңды ала берген ойрат тайпасын жап. Екі жұрт бірін-бірі ала алмай, әбден әлсіреп, енді тентіреп кетуге айналғанда, сен бір бүйірден шыға кел де, екеуін екі бүктей салып, бос қалған жерін басып ал...

— Алдияр, — деді анау басын бұрынғысынан да төмен иіп, — қалжыраған ойратты олжалау қиын болмас. Ал қазақ жұртын олай құртып, жерін оп-оңай басып ала аламыз ба? Ар жағында бізден күші басым Луссия көршісі бар ғой. Ол бізге қазақ даласын көпе-көрнеу талатып қоя ма?

— Луссия үшін құса болма. Қазақ жері өгіздің талысындай мол, бәрімізге де жетеді. Біз Ертістің жоғарғы тұсымен Жетісу, Түркістан уәлиетін, Шығыс Түркістанды тегіс баурымызға басамыз... Қысқасы, Көкше теңіздің оңтүстік жағасына дейін біздікі, солтүстік жағасы Луссиянікі болуы керек-ті.

— Сонда қазақ елі қайда қалады?

— Көкше теңіздің түбінде! Жоңғар тайпасын қалай құртсаң, қазақ жұртын да сондай етіп құртасың!

— Құп, тақсыр.


Бірінші бӨлім

  І  

ІІ

 

«Қазақ халқы мұндай күйге қалай жетті? Осыдан екі ғасыр бұрынғы айбары қайда?» — Бұл сұрақ осынау сұрапылда үлкен-кішінің көкірегіне үйелеген запыраннан кем болған жоқ. Кім бұған жауап берер?

Міне, бүкіл қазақ даласына әйгілі, бұл күнде жасы қырықтарға келіп қалған шоқша сақалды, кең маңдайлы Бұқар жырау да осындай толғаныс үстінде еді. Ол есікке таяу отырған бала жігітке сезіктене көз тастады. Адамға тесіле қарайтын үлкен сұрғылт көзді, ат жақты, ақсұр жігіттің топ жылқының ішіндегі ақалтеке, арғымағындай, бойшаң келген дене бітіміне қарағанда, оны он төрт — он бес жастарда деу қиын еді. Тек осы шамада екенін ұстараның жүзі тимеген бет әлпеті ғана аңғартады. Отырған отырысында, қозғалыс-қимылында бір паңдық, тәкаппарлық байқалады. Ақынның қырағы көзі алдамаса керек-ті. Бала жігіттің дәл қазіргі өздері отырған қараша үйде — кедей шаруаның үйінде тумағаны анық...

Үйде бұлардан басқа тағы екі кісі бар. Бірі төрде отырған қара сұр жүзді, қияқ мұртты, жасы отыздарға жаңа жеткен Кіші жүздің ханы Әбілқайыр. Екіншісі — босағада тері тулақ үстіндегі алпамсадай қаба сақалды, қоңыр беті күн мен желге күйіп әбден тотығып кеткен мосқал кісі. Бұл — Ораз атты құл.

Түркістан қаласын қорғау кезінде сұлтан Уәлидің он үш жасар баласы әбілмансұр жау қолына түскен-ді. Оны шынжырлап Хиуа базарына құлдыққа сатуға апарған жерінен бері қарай осы Ораз құл алып қашып, құтқарып еді. Қазір әбілмансұр мен Ораз құлдың Ұлы жүз Төле бидің түйесін бағып жүрген шақтары. Екеуінің де аты-жөнін ешкімге ашпай, құпия ұстаған жайлары бар. Әбілмансұр өзінің қазіргі жағдайына намыстанып, сұлтан тұқымынан екенін жасырса, құл қожасының дегенінен аса алмаған.

Барлауға шыққан Әбілқайыр мен Бұқар жырау бүгін серіктерінен көз жазып қалып, бір сайда жеке отырған осы түйешілердің лашығына кеп аялдап еді.

Бұқар жырау Ораз құлмен бірге далаға шығып, қазанға ас салысып кірді. Қазір шұбат ішіп, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп отырған кездері. Әбілмансұр Төле бидің түйешісі екенінен бөтен тіс жарып сыр ашпады. Бірақ қырағы жырау туысы бөлек бұл бала жігіттің тіпті де қарапайым түйеші емес екенін іштей сезіп отыр. Ал бала жігіттің беті бүлк етпейді, құпия сырын мүлдем терең тығып тастағандай. Кенет ол жырау ойын оқып қойғандай, есік алдында отырған Ораз құлды иегімен нұсқап:

— Бұл кісі маған әке орнына әке, шеше орнына шеше болған адам — деді. — Сан ажалдан қағып келген періштем, Жәбірейілім...

Бұқар ағат сөздің аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды.

— Ол қамқорлық қасиеті маған аян...

— Қалайша?!

әбілмансұрдың өткір сұрғылт көздері, самай тамырға қадалған алмас қандауырдың ұшындай, Бұқар жыраудың бетіне қадала қалды.

Бұқар жыраудың бойы шымырлап кетті.

«Бәтшағардың көзі қандай өткір еді... Шағатын жыланның көзіндей селт етер емес қой...»

Ораз ас қамдасып жүрген адамы даңқы қазақ қауымына аян Бұқар жырау екенін білген соң әбілмансұрдың ата-тегін толық ашпағанмен, өздерінің Хиуадан қалай қашып шыққандарын айтқан-ды. Жыраудың «Ораз құлдың қамқорлық қасиеті маған аян» деуі осыдан еді.

Бала жігіттің көзқарасынан шошынып қалған Бұқар енді іштей қобалжи бастады. «Ауыздан шыққан сөз — атылған оқпен тең, сорлының обалына қалмасам нетсін. Шыңғыс ұрпағы өздеріне кір келтіретін, құпияны білетін адамдарды аямайтын еді, бейшараға зақым келтіріп жүрмесе жарар еді».

Жырау әбілмансұрға жалтарма жауап бергенше, бұлардың сөзін Әбілқайыр бөліп жіберді.

— Сонымен бұл күйге біз қалай жеттік, Бұқар аға? — деді бұрын бастал-
ған әңгімені қайта сабақтап. — Қасым ханнан кейін халықтың басын қосып, бір шаңырақтың астына жинайтын ұл тумағаны ма?..

Бұқар жырау ойлана жауап берді.

— Неге тумасын, талай ұл туды ғой... Бірақ ел басын біріктіру оңай ма... Қасым хан кезінде де Ақ Ордаға Ноғайлы елі, Жетісу бойы тегіс кірмеген-ді. Сыр бойының қалалары біресе Мұхамед-Шайбани ордасына, біресе қазақ еліне алма-кезек ауысып, ел арасы талан-тараж болуы біткен бе?.. Амал не, есіл ерлер арманына жете алмай кетті ғой.

— Ел бірлігі үшін жанын құрбан етіп кім шықты?

— Халықтың өзі.

— Халық қашан да бар ғой. Хандардан кімді атар едіңіз?

— Хақназар, Тәуекел...

— Хақназар туралы әркім әр түрлі айтады. Анығын өзіңізден бір естиін деп едім, — деді Әбілқайыр. — Сол аталарымыз жайында сөз қозғай отырыңыз.

«Ораз құлдың айыбын қалай жеңілдетемін» деп отырған Бұқар жырау бірден келісе кетті.

— Онда тыңдай бер. Хақназардың түбіне жеткен баяғы алауыздық пен Шайбани тұқымы Абдолла болатын...

Қараша үйде отырғандардың көз алдында жырау әңгімесі ғажайып суреттерге айналып, тізбектеліп өте бастады...

— Жалғанда өкініштен ауыр қасірет бар ма екен? Күшің жетпей, жаудан жеңілсең, — бұл өлім. Күшің жете тұрып жауыңды босатып жіберсең — бұл жомарттық. Ал артынан сол жауыңнан қастық көрсең — бұл өкініш. Өлімнен де ауыр өкініш! — деп бастады жырау әңгімесін...

Он екі қанат ақ боз үйді басына көтерген қыз-бозбаланың ду-ду сөздері де, дүркін-дүркін күлкісі де Хақназар ханның көңілін бөлер емес. Оң тізесін баса шынтақтай отырған кіші балдызы, ақ тотыдай сыланған ерке-шора Ақбаланың сыбырлай айтқан әзілі де құлағына кірер емес. Тек босағада тұрған кісі бойындай құмыраға оқта-текте көзі түсіп кетеді де, ондағы кестелі көне нақылды ойлана оқиды.

 

«Бұл құмыраға алтын құяр болар,

Бұл құмыраға күміс салар болар.

Бұл құмыраға шарап құяр болар,

Бұл құмыраға көздің жасы толар...»

 

— Хан жезде, — деп Ақбала кенет Хақназардың қара санынан бұрай шымшып алды. — Тіпті езу тартып, тіл қатар емессіз, нағыз Күлмес хан өзіңіз болдыңыз ғой.

Сан еті ду ете түссе де, қыздың сөзі бәрібір құлағына кірмеді. Балдыздың бұдан да қияңқы еркелікке хақы бар... Хақназар сол қолымен жас сұлудың мықынынан қытықтай сәл өзіне тартты, бірақ өзегі өртеніп, бар ойы осыдан бие сауымы бұрын келген шабарман хабарынан ұзай алмады.

Ақбала тағы да сыңғырлай күлді.

— Жауға шапқанда жолбарыстай батыл деуші еді, әлде Сарайшықтың қыз-қырқынынан жүрексініп отырсыз ба? Жүрексінбеңіз... Кісі жейтін әдетіміз жоқ...

Қыз сөзін енді ғана еміс-еміс естіді. Енді ғана өзінің қай жерде отырғанын есіне түсірді.

әлсірей ыдырап құлаған Алтын орданың орнына қазір Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары пайда болған. Бір кезде Батый хандығының кіндігі санал-
ған, сан мемлекеттің сауда жолдары түйіскен, тас дарбазаларынан шығыс пен батысқа хан әмірлері тараған Еділ өзенінің бойындағы Сарай қаласы мүлде күйреп, оның орнына осы Сарайшық шаһары салынған. Бір кезде бұл да Каспий теңізі арқылы өтіп келіп, батыс пен шығыс саудагерлерінің бас қосатын үлкен сауда кіндігіне айналып еді. Ал қазір бұл — Жайық жағасындағы Үйшіктен жиырма шақырымдай жерде жатқан шағын ғана жай шаһар.

Алтын Орда әлсіреп бітуге айналғанда, негізі Маңғыт руынан құрылған Ноғайлы қауымы сол Сарайшықты өзіне астана етті. Ал қазіргі кезінде Ноғайлы хандығының бір бөлегі Астраханьға, бірі Қазанға, бірі Өзбек Ордасына, қалғандары Ақ Ордаға ауып, бет-бетімен ыдырауға айналған шағы. Тек Ноғайлы деген жалпы ел аты мен әлі де болса сауда-саттығы мол Сарайшық шаһары қалған-ды.

Осы Сарайшық шаһарына екі сана қолмен бұдан бір апта бұрын Ақ Орда ханы Хақназар келген. Сонау ит арқасы қияннан қалың әскермен сапар шегуге Ақ Орда ханы мәжбүр болған.

әкесі Қасым Әбілқайыр мен Ақсақ Темір ұрпақтарынан Сейхұн дарияның төменгі жағы мен Қаратал, Сайрам, Талас, Шу өзендерінің бойын ғана алып қойған жоқ, ол қазақ хандығына Жетісу, Еділ, Ақ Жайық бойын да бағындырмақшы болды.

Осы саясатты көздеген Қасым мен Астрахань хандығына қарай бейімделе түскен Ноғайлы елінің көп жұртын өз шеңберінен босатпаймын деген оймен, 1523 жылы Сарайшыққа келіп, сондағы бір айқаста қаза тапқан. Содан кейін-ақ Бұхар ханы Абдолла мен Моғолстан ханы әбдірашиттің бірігуі арқасында қазақ жері талан-таражға түсті. Көптеген рулар Арқа жеріне қарай ойысты.

Міне, Хақназар Ақ Ордаға осы кезде хан болды. Көп жерін Бұхара, Моғол хандарының басып алғаны аз болғандай, дәл осының алдында ғана Жәнібектің кенжесі Жәдіктен туған Шағай сұлтан Абдолламен тіл тауып, Түркістан уәлиетінің күншығыс жағын бөліп алып, Бұхара хандығына қарап кеткен.

Хақназар Ақ Ордаға ие болғаннан бері де он бес жылдай уақыт өткен. Бірақ осы он бес жыл Хақназарға оңайға тимеді. Бөлшектеніп кеткен қазақ хандығын, әкесі Қасымдай, қайта біріктіруге кірісті. Бұл істің сәтті болуына бір себеп қазақ елінің негізгі жауы Қытай боғдыхандары өзара қырылысып, қазақ жерін шабуға қолы тимеді. Соны пайдаланып Хақназар қырғыз бен қарақалпақ туыстарды да өз туының астына жинай бастады. Нелер қан төгіс шайқас, арпалыс, қырғындар өтті халықтың басынан. Әсіресе, Сейхұн дария бойындағы қазақ шаһарларын қайтарып алу, ғаламат ауыр тартыстарға айналды.

Бұдан бұрын әлсіреп қалған Шайбани ордасы, осы ұрпақтан шыққан Абдолла сұлтан Бұхар әміршісі болғаннан бері қайтадан туы көкке өрлеп, күшейе түскен. Бірақ, Шайбани ордасының тым дәуірлеп кетуіне арасындағы алауыздық көп қырсық етті. Алауыздықтың негізі — Ташкент әміршісі Бабасұлтан мен Абдолла арасындағы таластан туған.

Бұл таласқа қазақ хандары да жан сала кіріскен-ді. Абдолла жағында Шағай, Бабасұлтан жағында Хақназар. Абдолла мен Бабасұлтанның таласы, бір жағынан Хақназардың қазақ хандығын күшейтуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Шағай сұлтанды өзіне қарсы қойып, бүкіл қазақ елін біріктіруге үлкен зиянын тигізіп келді.

Бұның үстіне Хақназар қол астына енген қырғыз, қарақалпақ елдерінің арасындағы өзара тартыс, дауы да Ақ Орданың күшеюіне әжептәуір кедергі болды. Оң қырғызға жататын Сарбағыш, Солты, Бұғы, Саяқ, Черін, жер ыңғайына қарай қазақ ханына қосылса, Сол қырғызға кіретін әдігене, Жәдігер, Базыс, Бағыш, Түнғатар, Сары тәрізді рулары біресе Шығыс Түркістан ханы әбдірашитке, біресе Ақсақ Темір ұрпақтарының жағына шығып, бірігіп ел болуға көп бөгет етті.

Мұндай жағдайда Хақназар ханға біржолата берілген сенімді күш керек болды. Бұл күш Сырдария мен Қаратал бойларынан Ұлытау, Арғынаты өңірінен, Көкше теңіз, Есіл, Ертіс, Тобыл, Нұра жағаларынан табылды. Бірақ қайтадан күшейіп келе жатқан Мұхамед-Шайбанидың Ордасына қарсы тұруға бұл күш те аздық ететін еді. Шайбани Ордасына төтеп берер еді-ау, Алтай жақтан Ойрат қолы төнгелі келе жатыр. Оңтүстігінен Қытай дүбірі естіледі. Ақ Еділдің ар жағында — бүгін болмасаң ертең тұғырына қонғалы тұрған Россия...

Жоқ, ту-талақай болып әркімнің қолында кетпес үшін жалғыз жол — ел болып бірігіп, Ақ Орданың маңына шоғырлану керек. Арқа мен Жетісу өңіріндегі рулардың беті бері қарады. Ендігі кезек — әкесі Қасым да жөндеп көндіре алмай кеткен Еділ, Жайық өзендерінің арғы-бергі жағындағы көп елді Ақ Ордаға қарату. Сонда ғана бұл ел сырт жауларға қаймықпай қарсы тұра алады.

 

 

Осындай халдегі Ақ Орданың ханы Хақназар, Абдолла мен Бабасұлтан арасындағы шиеленіскен тартысты пайдаланып, өзіне аз тыныс тауып, Ноғайлы елінің кіндігі — Сарайшық қаласына келіп еді.

Ноғайлы еліне аттану үшін Хақназар Сарайшық шаһарының түбіндегі әкесі Қасымның зиратына барып құран оқып, басына қайтадан күмбезді мазар салуды сылтау еткен. Бірақ сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, мұндай қолдың текке келе жатпағанын Еділ, Жайық бойындағы Маңғыт, Алшын, Байұлы, әлімұлы, Жағалбайлы рулары бірден сезген. Бұл елдердің қазіргі бас көтерер адамының бірі — атақты Шалкиіз жырау, қалың қолмен Хақназар келе жатыр дегенді естіп, сойыл ұстап қарсы шықпақ болған желөкпе жігіттерін басып, ханды құрметпен қарсы алуға кеңес берген. Қарт жыраудың ақылын ақсақалдар да мақұл көрді. Ақыры, Хақназар ханды жұрт болып шын ықыласпен қарсы алған.

Келесі күні екі жақ келіссөзге кірісті. Шалкиіз жырау қартайған соң Ноғайлының түп қазық биі болған Қойсары би толғауын бастап кетті.

— Ойлай берсең — ой да көп, уайым да көп. Ойнай берсең — ой да жоқ, уайым да жоқ! — деп бастады сөзін Алшынның ақ саңлағы. — Бір жайлауда іргелес, бір керуенде тіркелес ел едік, екі сана қол ертіп Ноғайлыға келуіңде, Хақназар хан, гәп болар. Әйткенмен сөздің басын сұрақтан бастайын. Кәрі құлақ еміс сөзге де емексиді, әкең Қасым ханның зиратына құран оқып, мазар сал-
ғалы келген сыңайың бар секілді... Қасым хан саған әке болса, Ноғайлыға хан еді, мазарының басындағы алтын айына дақ түсірмей отырғанымызды кеше көзің көрді, — деп Қойсары би ханға әскермен келуінің төркіні басқа-ау деген тұспалды бір аңғартып өтті де, — иә, Қасым алдияр жігіттің сырттаны еді, маңдайымызға сыймады, қара жер оны да алды, — деп аз бөгеліп отырып, ар жағын тақпақтап кетті: — Қара жер жалғыз Қасымды алды ма? Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі. Жердің жүзін жұтса да бір тоймайды, қара жердің талысы. Өлім деген — ұзақ жолдың алысы.

Қойсары би тағы да тоқтап, кенет басын көтеріп алды:

— Иә, өткеннің өкінішін айтып өзегіңді өртегенмен, алғанын құдай қайтарып бермес, бар үміт — алдағы заманда... Алдағы күйді болжап, жол шеккендей түрлерің бар, сапарың оң болсын, ағайын!

Сөзді Хақназар ордасының төбе биі — Ақсопы би алды.

— Ну қарағай құласа, орнында қалған шыршасы жапырақ атып гүлденіп, бұтақ шығып бүрленіп, қиядан ұшқан қыран құс қонақтап өтпес демеңіз. Айдын шалқар суалса, бұлақ болып арқырап, теңіз толып жарқырап, аққу-қаздар үстіне тұрақтап өтпес демеңіз. Арғымақ өлсе құлын бар, әкесі өлсе ұлы бар. Қасым хан қаза болғанмен, артында қалған Хақназар, алтын тұғырға қонған ақ сұңқардай, әке тағына отырды. Ақ Орданың іргесі ыдырап, түндігін дауыл көтеріп, ел басына күн туған кезеңде, сол Ақ Орданың шаңырағын құлатпаймын деп, Хақназар оғлан атқа қонғанына міне он бес жыл! Сол он бес жылдың ішінде ыдырауға айналған Ақ Орданың іргесін қайта бекітті, құлауға қалған шаңырағын қайта тіреді... Бірақ арлан біреу... — қасқыр көп. Ақ Орданың күлін көкке ұшырып, уық-керегесін бұтарлай бөліп алуға анталаған жау аз ба? Өзгені қойып, осы бес-алты жылдың ішінде Мұхамед-Шайбани Ордасынан көз алартқан Абдолла баһадµрдың өзі де өкпе тұсына оқтай қадалды. Бір Әбілқайыр ұрпағы емес, Ақсақ Темір әулеті де соған еруде. Олар түгіл мына өзімен қан-жыны бір Шағай сұлтан да сонымен тілектес болып жүр.

Абдолла оңай жау емес... Бұған қарсы тұру үшін ойдағы, қырдағы қазақ тайпасының бас бірлігі керек. Отыз жылдан бері шалғай қонып, шет жайлап кеткен Ноғайлы саңлақтары, сендердің де қайтадан өз үйірлеріңе қосылғандарың абзал. Сөйтсек қана біз ен жайлап, еркін көшкен елдігімізді сақтаймыз. Бұхар мен Хиуаның құлақ кесті құлы болудан құтыламыз. Басымыз да, қосымыз да бір болсын, елдігіміз бен белдігімізді бір жерден ойлайық, бізге қосылыңдар. Сырымыз да сыңайымыз да осы. Қолмен келсек, қорқытқанымыз емес, жауға қарсы қайрат көрсетер күшіміз сендерге де көз қуаныш болсын деп келіп отырмыз. Он сан Орманбеттің Еділ-Жайық бойында қалған ұрпақтары, ендігі сөз сендерде, — деп Ақсопы би сөзін тамамдады.

Бұл баяғы Ақжол бидің Момын деген әйелінен туған Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы атты бес ұлының үлкені. Арғынның аты шулы Қанжығалы, Тобықты руларының ірге атасы. Жасы сексеннен асып кетсе де, әлі ат жалын өзі тартып мінетін қуатты қарт. Оның аталы сөзі мен әділетті тоқтамын екі жақ бірдей ықыласпен тыңдады.

Қойсары, Ақсопы билер қайтадан сөйледі. Алуан-алуан ойлар, кесек-кесек ұшқыр сөздер айтылды. Бұлардан кейін кезек Төле би, ұрымтал, ұшымды билерге берілді. Олардан басқа ділмар, сөзуарлар қызыл тілдерімен сан өрнек тоқыды. Ел бірлігін тілге тиек еткен нелер әшекейлі толғаулар ортаға салынды. Бір мезет Хақназар Ақ Орданың басына төнгелі тұрған қилы-қилы кезеңдер бар екенін баяндай келіп, Ноғайлының Ақ Ордаға түгел қосылуын талап етті.

Осылай үш күнге созылған шешендер талқысынан кейін, Ақ Орда мен Ноғайлы қауымы ел арасын алыстатпайтын бітімге келді. Ноғайлы елі Хақназарға бағынып Абдолла ханның бетін қайтарып, Сыр бойындағы қазақ қалаларын біржолата Ақ Орда қарамағына алып қалу үшін, осы жаздың өзінде он мың атты әскер бермек болған тұжырымға тоқтады.

Мұндайда ру бірлігі, ел билігі құр сөзбен ғана бітпейтіндігі ежелден белгілі. Қазақ дәстүрі бойынша сөз бірлігін сүйек бірлігімен нығайталық деп, Ноғайлы қауымы Хақназар ханға қыз бермек болды. Ежелден Жағалбайлы елінің қыздары сұңғақ бойлы, алма мойын, оймақ ауыз, көген көз, сұлу келетін. Әсіресе, Қарасай байдың Ақторғын, Ақбала атты қос аруы бүкіл Ноғайлы еліне аты шыққан әйгілі сұлу, асқан көрікті жандар еді.

Билер құран ұстап бітімге келген Ноғайлы елінің бекзадалары хан көңілін біржола өздеріне қаратуды ойлап, елінің ең аяулы сұлуының бірі Ақторғынды қалыңдыққа ұйғарды.

Хақназар мен Ақторғынның қосылу тойы бүгін таңертең басталған. Күншығысын қалың әскер қаптап, үрейленіп қалған Сарайшық бір түнде түлеп шыға келді. Қыз-бозбалалар жаңбыр жуған қызғалдақтай құлпыра қалған. Керуен сарайлар, қала аулалары ән-күйлі, ойын-күлкілі думанға толып, екі жақтың әскерлері бейбіт бәсекеге шығып, әр жерде сайыс, күрес, көкпар, жамбы ату ойындарына кіріскен.

Қырыққа таяп қалған Хақназардың түрулі шайы шымылдықтың астында ақ дүрия көйлек, оқалы бешпент киген, басында үкісі бұлаңдаған, асыл тасты жағалбайлы шошақ тақиясы бар қалыңдығын көргенде, жүрегі шымыр ете
қалды.

Ақторғын десе, ақ торғындай-ақ екен! Екі беті жаңа жауған ақша қардай, ұзын кірпіктерін көтермей, төмен қарап отыр. Күйеу жігіттер кіріп келгенде, ханның мысы жеңіп, шымылдықты жабуды ұмытып кеткен қыздың бір жеңгесі асыға қимылдап, шымылдықты түсіре қойды.

— Күйеужан, көрімдігіңді бермей жатып, аққуыма сонша сұқтанғаның не? — деді қыз жеңгесі әзілдей күліп.

Дәл осы кезде күтпеген жағдай болды. Үйге асып-сасып үсті-басын шаң-тозаң басқан, киім болмысы Сыр бойынан екені айтпай-ақ танырлық, шоқша сақалды біреу кіріп келді. Бет-әлпетінен алыс жолдан арып-ашып жеткені көрініп тұр.

— Хан ием, — деді ол есіктен аттай бере тізесін бүгіп. — Оңаша айтар жедел хабарым бар.

Хан шабарманды енді таныды:

— Ау, Қияқ батырсың ба?

— Иә, тақсыр.

Хақназар дереу орнынан тұрып, сыртқа қарай бет алды. Сонау Қараталда қалған Ақ Ордадан шабарман Қияқ қандай хабар әкелді? Оны ханнан басқа ешкім сезген жоқ. Көп кешікпей, ол үйге қайта кірді. Қияқ ақ сабын болып көпсіп терлеген атын ауыстырып, күншығысқа қарай қайтадан шаба жөнелді.

Үйге кірген хан, серіктерінің қобалжи қараған сұраулы кескіндеріне жауап бергендей, жайбарақат:

— Жай хабар. Той-думанды бәсеңдетпеңдер! — деді.

әңгіменің дәл осы тұсында Ораз құл сыртқа қазан қарауға шығып кетті. Бұқар жырау ошақтағы тобылғы шоғын сәл көсеп, үй ішіне жарық берді де, «не ойлап отыр екен?» дегендей әбілмансұрға сынай қарады. Жас түйешінің беті бүлк етер емес. Бір тұңғиық қиялға шомып, үн-түнсіз қатып қалған. Әлден уақытта барып ол:

— Хақназар хан шабарманға әскери тапсырмадан бөтен сыр айтты ма? — деді ол.

Бұқар жырау сәл қозғалды.

— Айтса ше?

— Қожасының құпиясын білген құл — қойныңа салған жыланмен тең, бір күні болмаса бір күні шағып алуы хақ.

Бұқар жыраудың бойы тағы шымырлап кетті.

«Япырмай, мынау бір сұмдықты айтып отыр ғой. Оразға бір қауіп төніп-ақ тұр екен...»

Әбілқайыр да түйешіге таңдана көз тастады. Осы кезде қолына шылапшыны мен құманын ұстап Ораз да кірді. Үйдегілер қолдарын жуа бастады. «Жасым кіші жалшымын ғой» деп, Әбілқайыр хан мен жырауға орамал ұсынып, бәйек қаққан жоқ, дәрежесі тең адамдай өзі де барып құманға қолын тосты. Анау жасым үлкен ғой деп шамданбай, ілтипатпен су құйды. Әбілмансұрдың тегін түйеші емес екеніне Бұқардың көзі енді әбден жетті. Бұқар жырау: «Осы бейшара өзіне төніп тұрған қауіпті сезбей жүр ме?» дегендей құлға да сынай қарады. Ананың жүзінен абыржығандық белгі барын сезді. Жырау аяп кетті.

Астан кейін Бұқар әңгімесін қайта бастады. Бірақ көңілінен: «Мына бәтшағар расымен-ақ құлын өлтіріп тастамаса жарар еді» деген күдік кетпей-ақ
қойды.

 

 

Қияқ келіп кеткеннен бастап ханның қабағы ашылмады. Жаңа ғана Ақтор-
ғынды көргенде лаулап тұтана қалған жалыны да лып етіп қайта сөнгендей. Өзінің үйлену тойында отырғаны да естен шыққан, көңілі әлдеқайда. Ханның жабырқаңқы жағдайын ұққан балдызы Ақбала қасына келіп, тізесін шынтақтай отырғанда да селт етпеді. Айтылған әзілге жай бір сүлесоқ күйде жауап бере салды. Ханның үлкен қобалжуда екенін сезген серіктері ғана сыр бермегенсіп, үй іші толған қыз-бозбалалардың әзіл-күлкісіне белсене араласып отыр.

Шағай бұдан көп жыл бұрын бір жорықтан келе жатып, Сайрам даласында бір кезде Әбілқайырдың атақты жауынгері болған Қоңырат Ұршы батыр ұрпағының аулына түскен. Бұл ауыл жұпыны киінген кісінің Шағай сұлтан екенін білмейді. Жолаушылар ауыл ақсақалы Ұршы батырдың шөбересі әбілқасымның үйіне түнейді. Түнде Шағай әбілқасымның оң жақта отырған Күнсана атты бойжеткен қызын оятады. Қырыққа келіп қалса да жастық оты әлі сөнбеген сұсты Шағайға қыз беріліп қалады. Қыздың ашылмаған гүл, жарылмаған бүр болып шыққанына риза болған Шағай, сол бір айлы түнде Күнсананы қалың малын төлеп алмақ болып ант береді.

Сұлтан уәдесінде тұрады. Еліне барған соң әбілқасымның қызын сұратып кісі жібереді. Әбілқасым аулы Хақназар ханға қарайды және Шағай сұлтанның Мұхамед-Шайбани Ордасы жағына шығып, туған еліне опасыздық істегеніне риза емес болатын.

Шағайдың өтінішін қабылдамағаны былай тұрсын, ол сұлтанның адамдары кеткен күннің ертеңіне, Күнсананы атастырған Созақ түбіндегі Дайыр қожаға кісі жіберіп: «Біздің бақшаның миуасы пісіп тұр. Қызыққан жат көз көп. Қарға-құзғынға шұқыттырмай, алып кетсін», — деп сәлем айтады.

Құда жағының күткені де осы еді. Бір аптаға жеткізбей келіндерін әкеткен. Шағай бармағын шайнап қала берген-ді. Әбілқасым аулын шабуға Хақназардың қаһарынан сескенген және Созақ түбіндегі «пайғамбар әулеті» қожалармен араздасуды да жөн таппаған.

Бірақ сонау айлы түнде толықсыған сұлудың ыстық ернінен алған ләззаттың шырын дәмі Шағайдың есінен кетпей қойған. Сусыны қанып ішпеген махаббат шәрбаты жүрегіне сарсу болып ұйып, кетпес кеселге айналған.

Сөйтіп жүргенде жыл өтті. Шағай барған жерінде Күнсана тоғыз айға жетпей Тәуекел деген ұл тапты дегенді естіді. Санай келіп, ол бала — өзімдікі деген байламға бекіді.

Арада тағы да бес-алты жыл өтті. Күнсана махаббаты да тот басқан асылдай көңілден көмескілене бастады. Дәл осындай мезгілде бір күні Шағай Созақтан келген керуеншіден Дайыр қожаның баласы сүзектен қайтыс болып, жесір қалған Күнсананы «аға өлсе жеңге мұра, іні өлсе келін мұра» деген қазақтың көне дәстүрі бойынша, қожаның үлкен баласына бергелі жатыр деген хабарды естіді. Жүрегінде қоламта болып сөнуге айналған шоқ қайтадан лап ете түсіп еді. Күнсананы бір кезде атастырған еріне қиғанмен, енді әмеңгерлікке қимады. Ел билеген дәрежесіне қарамай, қасына сенімді он нөкерін ертіп өзі жай адамша киініп, атқа қонды.

Түн ішінде қаннен-қаперсіз жатқан Дайыр қожаның аулына кеп, қарулы он жігітімен сау етіп түсе қалды. Шырт ұйқыдағы үй адамдарының үнін шығартпай, шымылдық ішінде жатқан Күнсананы жас Тәуекелмен атқа өңгеріп, ала жөнелді. Байлаудағы Дайыр қожа таң атқасын ғана түндегі болған оқиғаны Созақ хакіміне жеткізді. Хакім қуғыншы жібермек боп жатқанда, Созақтан әйел алып қашқан бір топ қарақшы Отырардан қайтып келе жатқан Хақназар хан жасағының қолына түсіпті деген хабар келді. Жасақ бастығы қолға түскен Шағайдың өзі екенін біліп, тұтқынды жанындағы адамдарымен қоса, Сығанақтағы Хақназар ханның Ордасына алып барды.

Ағалы-інілі екі адамның баласы қапысын тауып бірінен бірі өш ала берсе, өзге ел не демек? Хандар қаныпезерлік етіп жатқанда, екі дай қалың жұртқа не тосқауыл? Жоқ, ел сүйсінер үлгі емес. Ер татулығы — ел татулығы...

— Ат-көлігіңіз аман жеттіңіз бе, Шағай сұлтан? — дейді. Сосын нөкерлеріне қарап: — Шағай сұлтанның қолын шешіңдер, — деп бұйырды.

Нөкерлер Шағайдың қыл шылбырмен байланған қолын босатты. Шағай ұйып қалған қолдарын жазбақ боп сәл қимыл істеп еді, есік алдында тұрған күзетшілердің екеуі жалма-жан жетіп келіп қарсы алдынан жалаңаш алдаспандарын айқастыра қойды. Онсыз да абыржып сасқан тұтқын сескеніп қалып, кейін шегіне берді. Шағайдың бұл қылығына сәл қабақ шытқан сұңғақ бойлы аққұба жас әйелді Хақназар енді аңғарды. Бұл Күнсана еді. Жұқа батсайыдан мол қылып тіккен қос етек көйлегінен бөтен киімі жоқ. Өрімі тарқап кеткен ұзын шашы жерге шұбатылып түсіп тұр. Етегіне тығыла түскен үлкен қара көзді бүлдіршіндей баласы бар. Анасының да, баласының да кейпінде шошығандық, қорыққандық белгі жоқ. Болып жатқан іске таң қалғандық қана байқалады. Шағайдың қандай себеппен қолға түскеніне қанық Хақназар нөкерлеріне:

— Мына кісіні баласымен бірге еліне апарып салыңдар, — деді Күнсананы көрсетіп.

Бірақ әйел орнынан қозғалмады.

— Хан ием, мен енді қайын жұртыма бармаймын, — деді Күнсана Хақназарға жаутаңдай қарап. — Шағай сұлтаннан айыра көрмеңіз. Бала сонікі, енді онымен мәңгі бірге болуға бармын.

Хақназар да бір сырды аңғарып қалғандай.

— Шағай сұлтанмен мәңгі бір болуға бармын дейсіз бе? — деді ол қабағын шытып. — Егер Шағай сұлтанды ел-жұртымыздың бірлігін бұзған күнәсі үшін өлім жазасына бұйырсақ, онда да бірге өлуге бармысыз?

— Иә, бірге өлуге бармын!

— Мына нәрестеңізді қайтесіз?

— Жазмыш солай болса, қолдан келер не бар?

Хақназар ойланып қалды. Мынау келбетіне көз тоярлық сұлу әйел не қайын жұртынан орасан қорлық көрген жан, не Шағайға өлердей құмар...

— Сұлтан, — деген Хақназар қабағын шытып, — не өлесің, не бізбен біргесің! Ал енді Ақ Ордамен бір боламын десең, қазір босатамын! Екі шешім жоқ, таңдағаныңды ал!

— Үкіміңе ризамын, Хақназар хан! Жан сауға! Жан сауға! — деді қуанғанынан көзінен жас ағып. — Айыбымды адал қаныммен жуамын! Өле-өлгенше сендермен бірмін! Көрмегенім Абдолла болсын! Міне антым! Міне құран!

Мұндай күрт шешімді күтпеген Хақназар ханның өзі де абыржып қалды. Шағай туралы бұрын да: «Қорқау қасқыр секілді бір тою үшін қандай өлімтіктен де бас тартпайды; оның ойы ел-жұрт емес, қара басының қамы», — дегенді сан рет естіген. Бірақ дәл мұндай қорқақ деп ойламайтын. Әлде ел-жұртынан бөлінгені жанына батып жүрді ме екен? Хақназар бетін Шағайдың серіктеріне қарай бұрды: кілең баскесер, ұят-ар дегенді білмейтін, еңгезердей қарақшы нөкерлері де, қожаларының мына қылығына ұялағандай, төмен қарап қалыпты.

Хақназар енді жүзін Күнсанаға аударды. Оның құп-қу түсінен ешбір сыр ұғуға болар емес, бетін Шағайдан сәл бұрып, тас мүсін тәрізді қатып қапты. Тек көзінде ғана әлденеден жиіркенгендей бір қиналыс ұшқыны бар... Дәл осы сәтте Хақназар Шағайдың құнсыз жау екенін ұқты.

— Бұл жолы Жәдік сұлтанның аруағы үшін босаттым, — деді Хақназар. — Егер бұдан былай тағы да бабамыз Жәнібек ханның Ордасына опасыздық етер болсаң, бұл елге өкпелеме!

Шағай сұлтан өз ордасына жеткен күні өзінің Хақназардан қорқып, жалған ант бергенін көрген нөкерлерін бір түнде басқа жендеттеріне бауыздатып тастады. Жаңа ғана құшағынан шыққан Күнсананы да өлтіруге бұйрық берді. Сұлтан ойын сезіп қалған Күнсана жендеттер айдап бара жатқанда, хан есігінің алдынан өте беріп:

— Төрем, еш жазығым жоқ қой, құлыным Тәуекел үшін мына жен-
деттеріңнен алып қал! — деп жалынды.

Бірақ Шағай Күнсананың сөзін естісе де естімеген боп, төсегінде теріс қарап жата берді. Бұл қанды оқиғаны бөтен бөлмеде шырт ұйқыда жатқан жас Тәуекел білмеді.

Ертеңінде анасын іздеп зар жылады. Сұлтан оны ер жеткенше асыра деп, бір бекзадасының үйіне беріп жібереді. Өзі Абдолладан жедел әскер алдырып, қарамағындағы елді еріксіз көшіріп, Ташкент уәлиетіне өтіп кетеді.

Бұл оқиғаны бір шабарман дәл бүгінгідей бір той үстінде ханға жеткізген. Хақназар онда тек:

— Абдолла ханның жеріне қанша түтін көшті? — деп сұраған.

— Он бес мыңдай...

— Бұл алпыс мыңдай жан ғой, — деген күрсініп. — әйтеуір, шамасы келгенше қазақты жырымдап жатыр-ау бекзадалар...

Сол күні де дәл бүгінгідей оның жан сезімін өкініш билеген. Он бес мың үйді Абдолла ханның еріксіз айдап кеткеніне, жас Тәуекелді жетім қалмасын деп, қас жауына аяушылық еткеніне өкінген. Көз алдынан «апалап!» шырқыраған жетім баланың бейнесі кетпей қойған.

Одан бері де талай уақыт өтті. Адамды аяғыш күйрек сезімдер қазір қу томардай мұжылған. Қырғын соғыстар азалы жанына қаяу салып тасбауырлыққа үйреткен. Бұл кез Ақ Орданың да, Хақназардың да бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр Жетісуға әбден әйгілі болған кезі еді. Сөйтсе де шабарман Қияқтың бүгінгі әкелген хабары ауыр тиді.

Осы уақиғаның алдында ғана Абдолла ханның қол астында жүрген Баба-
сұлтан Ташкент шаһарына қалың қолмен аттанған Хақназардың қаһарынан қорқып, енді қазақ ханымен одақтасуға уәде берген. Хақназар одан қантөгіс соғыссыз, Ташкент уәлиетіне жататын Яссы, Сауран қалаларын сұраған.

Бұл кезде қазақтарға қарсы тұрар бәлендей әскері жоқ Бабасұлтан бір амалын таппақ болып: «Сәл шыдаңдар, ақылға салайын» дейді. Абдолла ханға Дүстем биді аттандырады: «Ұлы мәртебелі ханға берген антымызда тұрамыз, пендешілігімізді кешсін. Дәшті Қыпшақтың ханы қарамағымыздағы уәлиеттен жер сұрайды. Қарсы тұрар бізде күш жоқ. Не істеуіміз керек?» деген сауал айтады.

Өзінің Абдолла жағында екенін бұлдағысы келгендей, әндижан әміршісі етуді өтінді. Бұл кезде Чарджоу маңайында, Жейхундарияның жағасында аңда жүрген Абдолла Бабасұлтанның бұл хабарын естіп, бұлқан-талқан ашуланады. Бабасұлтанға әндижанды бермейтінін білдіреді. Бабасұлтаннан келген елші Дүстем биді ұстап қалып, оның әкесі Бөлтірік биді Ташкенттің жағдайын анықтауға жібереді.

Бөлтірік би келіп, Абдолланың: «Қазақтарға жер беруші болма» деген бұйрығын жеткізгенше, қазақтың қалың әскерінен қорыққан Бабасұлтан Хақназарға Яссы, Сауран шаһарлары мен сол маңайдағы жерлерді соғыссыз беріп, онымен қоймай Абдоллаға қарсы соғысуға уәде байласады.

Хақназар қайын атасы Жәлім сұлтан мен оның балаларына қосып өзінің он бес-он алты жастағы екі ұлын Ташкентке жібереді. Ондағы ойы — Хақназар ханның Бабасұлтанмен шын одақтас екенін сездіру еді. Ал қайын атасы Жәлім сұлтанға Бабасұлтанның тағы Абдолла жағына шығып кетпеуі тапсырылады.

Рамазан айында Абдолланың соғысқа шықпайтынын және Абдолламен күресуге күшінің әлі де жете қоймағанын білген Хақназар Еділ — Жайық бойындағы қалың қазақтан қол жинамақ болып, Сарайшыққа сапар шеккен.

Сөйтіп Ноғайлы елімен бітімге келіп, Ақторғын арумен бірге он мың қол алмақ боп көңілі хош отырғанда, Қияқ шабарман суық хабар әкелген.

— Шабарманның айтуы бойынша, Хақназар Сарайшыққа кеткен кезде елдегі жағдай кілт өзгеріпті, — деді жырау.

Абдолла хан рамазан айы өтпей Бұхараға қайтып келе жатып, Бабасұлтанның қылығын естиді. Дәл осы кезде Балқыда нағашы жұртына келген Бабасұл-
танның он бес жасар қызын Абдолланың адамдары ұстап алып, ханға әкеледі. Жас қыз Абдолланы қанша қызықтырса да, хан өзін-өзі ұстайды. Бабасұлтанның қызын Қоңырат Қосқұлақ бимен бірге аман-есен Ташкентке қайтарады және әкесіне сәлемін қоса айтып жібереді: «Егер Бабасұлтан бізбен тату-тәтті тұрам десе, маңайына жиналған Самарқант сұлтандарын қусын, қазақтардан да біржолата ат құйрығын кессін. Ал бұны істемесе өз обалы өзіне!» — дейді.

әбден сасқан Бабасұлтан Ташкентке інісі Тахир сұлтанды бас-көз етіп қалдырады да, өзі Түркістанға сапар шегеді. Ондағы ойы Хақназардың әскерімен бірігіп, Абдолла ханға шығу еді...

Бабасұлтан кеткеннен кейін, Қосқұлақ би Ташкенттің билігі қолында қал-
ған Тахир сұлтанды азғырады: «Бар пәле Шах-Саид оғланда, ол Самарқант сұлтандарымен байланысты, егер сен оны тұтқындап, Абдолла ханға жіберсең, хан күнәларыңды кешіп, кейін қайтады», — дейді. Бұл сөзге сенген Тахир сұлтан ағасы Бабасұлтанға көп жыл еңбек сіңірген, Бұхар ханымен күрестің бір басында жүрген Шах-Саид оғланды ұстап алып, қол-аяғын байлап, Қосқұлақ биден беріп жібереді. Абдолла хан қас адамдарының ең бастысының бірі оп-оңай қолға түскеніне қуанады, сөзге келмей бірден басын алдырып, Түркістандағы Бабасұлтанға жолдайды.

 

 

Қияқ сөзін тыңдап тұрған Хақназарды мәлімсіз қорқыныш билеп кетті. Бабасұлтанға кенет күдіктене қалған хан:

— Ал, қазір жау әскері қай жерде, — деп сұрады.

Қияқ мүдірмей жауап берді.

— Абдолланың негізгі әскері Ташкент түбінде. Кей қолы Яссы, Сайрам, Отырарға беттеуде.

— Жәлім отағасы Бабасұлтан сарайынан қайтып па еді?

— Жоқ. Сіздің қос ханзадаңыз — Хасен мен Құсайын да Бабасұлтан қосымен бірге...

Жәлім сұлтанның қызы Айгерімнен туған бұл егіз екі баласын хан өте жақсы көруші еді. Екеуі де он беске биыл шыққан, ханның өзге балаларындай емес, момын, қатыгездік қылықтары жоқ.

Сол екі баласының басына бір қауіп төнгенін Хақназар байқаған сияқты. Бірақ сыр бермей, Қияқтан тағы да мән-жайды сұрастырды.

— Абдолла әмірдің өзі қайда?

— Жезақта.

— Ал әскерін кім бастап келеді.

— Шағай сұлтанның баласы Тәуекел баһадµр.

Тағы Тәуекел! Егер күндердің күнінде Тәуекел өз еліне қарсы қол бастап шығарын білсе, Хақназар оны сонау Шағайды босатқан күні басқа елге жібермеген болар еді-ау. Қайтсе де өз қарамағына алып қалар еді... Тәуекелдің бұлай кетерін байқаса, Хақназар сол түндегі аяушылығын істер ме еді? Жауын аяған — жаралы деген осы.

Енді міне, өз қолынан өмір берген сол екеуінен қанша қазақтың қаны төгілмек! Құр ғана қара қазақтың қаны ма, өзінің екі баласының тағдыры қыл үстінде тұрған жоқ па?

Оның құлағына тағы да балдызы Ақбаланың сылқ-сылқ күлген даусы естілді.

— Күлмес хан жездем, — деді ол әзілдеп. — Сізге не болған, әлде Ақтор-
ғын апамның жүзін көргеннен кейін, тіліңіз байланып қалды ма?

Қыз қалжыңы тағы құлағына кірмеді. Бабасұлтан қолындағы қос қозысы мылтық аузында тұрғандай жүрегі сыздап, жанын қоярға жер таппай отыр. Әлденіп қалған Ордаға қан майданнан тайсалып, Бабасұлтанның Яссы, Отырар дихтарын өз еркімен бергені Хақназардың күштілігінің айғағы. Қазір бұның қарамағына, әкесі Қасым ханның соңғы кезіндегідей, Созақ, Сайрам, Сауран шаһарлары тегіс кірген. Яссыны астана еткеннен бері Хақназардың абыройы тіпті қарыштап кетті.

Иә, солай. Яссы маңайында қазақ жеріндегі дін ошағы болған Қарнақ, Сунақ дихтары да мұсылман қауымына үлкен әсер етеді. Сол себептен де Астрахань хандарының қарамағына біржола кіруге айналған Сарайшықтағы Ноғайлы қауымы да Құтлық Темір әулетінің тегеурінді темір шоқпарынан жасқанбай, Хақназар жағына шығып отырған жоқ па? Ел бірлігі — жұмылған жұдырық. Сол жұдырық қазір шын ашылмастай болып жұмылып тұр ма? Жоқ. Рас, қырғыз-қазақ бір одаққа бірігіп, Шайбани Ордасының тегеурініне ілініп қалмау қамында. Бірақ Шағай секілді бүйректен сирақ шығарып Абдолла ханға жағынып жүргендер аз ба? Ежелгі жау ел болмас, Шағай шіріген бір жұмыртқа... Бірақ оның артында қасқырдың бөлтірігіндей бес баласы бар-ау! әсіресе жиырма жасар Тәуекел. Болғалы тұр, шіркін!

Тағдыр деген қызық, біреудің жолына өзінің жасыл жібек кілемін төсейді, ал енді басқа біреудің барар жері, басар тауын қалақай мен тікенек етеді. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Дайыр қожаның ақ боз үйінде Күнсанадан Тәуекел туған күні, Хақназар Ордасының есігінде жүрген Айқара құл мен Қойсана күңнен бағанағы шабарман Қияқ туған.

Ал енді бір күнде туған сол екі баланың тағдыры қандай қым-қиғаш? Тәуекел сұлтан — Абдолла ханның әскер басшыларының бірі. Ал Қияқ болса, ерлігі де, ақылы да Тәуекелден кем болмаса да, шабарман ғана. Бұған кім айыпты? Жазығы құлдан туғаны ма?

Бұқар жырау әңгімесінің осы жеріне келгенде сәл кідірді.

— Қожасының сырын білген құл — қойныңдағы жыланмен тең деп мен бекер айтқан жоқпын, — деді тағы да әбілмансұр. — Қияқ Тәуекелдің кімнен туғанын білсе, түбі сұлтанды бір мықтап шағар-ақ...

Бұқар жыраудың жүрегі тағы мұздай боп суып кетті. «Бәтшағар, Ораз құлға арнап қанды пышағын қайрап-ақ қойған екенсің ғой, тірі қалдырмассың» деді ішінен, сөйтсе де:

— Бекер олай жорисың, — деді түйешіге, — Қияқ Тәуекелдің түбі өз үйіріне қосылуына себепкер болады.

Жас түйешінің көзі қара көлеңкеде жарқ етті.

— Құл ақылымен үйірін тапқан сұлтан тым ұзақ өмір сүрмес-ті...

Бұқар жырау басын көтеріп алды.

— Неге үйдейсің? Хан халқымен ғана күшті.

Күндікке тұнжырап отырған Әбілқайыр мырс етіп күліп жіберді.

— Бассыз дене қайда барады? — деді ол, сөйдеді де әңгімені бұзғысы келмей, — жырау, шежіреңізді жалғай беріңіз! — деп бұйырды.

Бұқар жырау сөзін бастамастан бұрын көз қиығын Ораз құлға аударды. Сұп-сұр боп, басы төмен салбырап кеткен екен, «Бейшара, бұл да сұмдықты сезіп қалған екен, енді есебін тауып қашып кетер» деді іштей қуанып.

әңгіме қайта басталды. Қазақ елінің ғажайып тарихы үй ішіндегілердің көз алдынан тағы да тізбектеліп өте берді.

 

 

— Орда маңындағы қол бастар батырлардың санатына ілігу үшін, соңыңнан ерген руың, елің болуы керек. Ал Қияқтың кімі бар? әлі де сол күң қалпындағы кәрі шешесі — Қойсана ғана. Тәуекел мен Қияқ талайының кереғар болуын тағдыр өзі күні бұрын шешкендей бірінің анасының аты Күнсана, екіншісінің шешесінің аты Қойсана дегізуін қарашы! Мұнда да жазмыштың бір ұйғарғаны бар тәрізді...

Бірақ жазмыш деген не? Қияқ секілді мыңның тағдыры бұл күнде хандар қолында емес пе? әрине, солай. Қияқ секілді өжет жігітті Хақназар үзеңгілес етіп көтерсе, кімнің шаңырағы құлап, жерге түседі? Жоқ, өйтуге болмайды. Құлдан шыққан жігіттің басына бақ құсын қондырамын деп, бүкіл сұлтан, би, манаптарды наразы қылудың қанша керегі бар?

— Ертеңіне Хақназар ақсақалдармен тағы ұзақ әгімелесті. Ақырында мынадай тұжырымға келді. Аласапыран жаугершілік мезгіл, бұл жақта Хақназардың ұзақ аялдауына болмайды. Ол ертең таң ата, өзінің екі сана әскерімен, Сарайшық маңындағы Ноғайлы қауымының мыңға тарта атты әскерін ертіп, еліне қайтпақ. Ноғайлының қалған әскері бір аптадан кейін Ақторғын сұлуды ырғалтып-жырғалтып көшіріп, Яссыға сапар шекпек. Ат тұяғы жетпейтін жер жоқ, бұдан былай қарай екі елдің арасы жиі қатынасып тұрмақ. Әзірге осындай байланыс арқылы Сарайшыққа жататын ел Хақназар ханға бағынышты екенін бекем ұстамақ.

Ақсақалдар әңгімесі біткен кезде, бесін намазы да болып қалған екен. Жұрт дәрет алуға тысқа шықты. Бір топ серіктерімен хан сарайының сыртында тұрған Хақназар шаһарға қарай шауып келе жатқан шабарманды жұрттан бұрын көрді. Атқа отырысынан, хан хабаршысының белгісі — орамалдай ақ жалауды найза ұшына ілген нышанысынан бұл келе жатқан Қияқтың тетелес інісі Тұяқ екенін хан бірден таныды. Шабарман шабысының сыңайынан қарап, хан бір сұмдықтың болғанын сезді, көңілі алабұртып, серіктерін кейін тастап, жолдың ернеуіне қарай таяды.

Астындағы құлагерін құйқылжыта жетіп, Тұяқ жеке тұрған ханды көріп, алысырақта ат үстінен асыға түсті. Тізгінін тастай салды да, Хақназарға қарсы жүрді. Сұп-сұр боп кеткен хан:

— Жат елде жұрт көзіне түсетін қимыл жасама. Ауызша айта бер, не болып қалды, жарқыным? — деді.

Тұяқ сол тізерлеген қалпында:

— Қайғылы хабар, хан ием! — деді ерні кезеріп.

— Айта бар.

— Хасен мен Хұсайын... — Тұяқ айтуға аузы бармай, күмілжіп қалды.

Хақназар бұрынғысынан да сұрлана түсті.

— Кімнің қолынан қаза болды?

— Бабасұлтанның.

— Қалайша?

Жігіт орнынан түрегеліп, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып берді. Шах-Саидтың басын өзіне жіберген Абдолланың қаһарынан, Бабасұлтан өлердей қорқады. Қайтадан Бұхар жағына шығуды ойлайды. Абдолла құр сөзіме сенбес, деп атасы Жәлім мен қолындағы Хақназардың егіз ұлын өлтірмек болады.

Өзіне құрылған қақпаннан қаннен-қаперсіз Жәлім Бабасұлтанмен тізе қосып, Абдоллаға қарсы шығуға Шарабхана өзенінің жағасында атқа қонады. Жаңа ғана аллаға ақсарбас қой айтып, жауға қарсы бірге аттанбақ боп бәтуаласқан Бабасұлтан бір топ әскер басы батыр адамдарымен ешбір күмәнсіз тұрған Жәлім сұлтанның қасына келіп, атының шаужайынан ұстай алады. Бір сұмдықты сезген сұлтан қынабынан қылышын суырғанша, оның арт жағынан келген.

Жанқұла би алдаспанмен басын қағып түсіреді. Сол сәтте өзге батырлар, абайсыз тұрған төрт бала жігітті найзалап өлтіреді. Ал күні бұрын дайындалған Бабасұлтан лашкарлары бір сапта жауға аттанғалы шыққан өзге қазақ жігіттерін де заматта жан-жағынан қоршап алып, қарсыласуға мұрша бермей, қойдай қырып салады. Бұл күтпеген айқастан ілуде бір-екеуі ғана қашып құтылады. «Шарафнамейи-шахи» шежіресі айтқандай, кең дала қызғалдақ гүлдерімен безенгендей, қызыл қанға боялады...

Көзінің ағы мен қарасындай көретін егіз ұлы — Хасен мен Хұсайынның қалай қаза тапқанын естіген Хақназар, жүрегі у ішкендей өртеніп тұрса да сыр бермеді. Әлден уақытта барып:

— Абдолла хан Ташкентті шапты ма? — деп сұрады.

— Жоқ, — деді Тұяқ кенет бойын жинап алып.

Шах-Саид оғланды Тахир-сұлтан ұстап бергеннен кейін, Абдолла хан оны өз жағына шыққан екен деп, хат жазып, кісі жіберген. Хатында: «Сізге сенімім зор. Бас иіп, алдыма келіңіз, не болмаса қаланы тастап, өз беттеріңмен кетіңдер» деген. Шах-Саид оғланды босқа ұстап бергеніне енді өкінген Тахир сұлтан бұл бұйрыққа көнбеген. Жедел шара қолданып, Ташкент шаһарын бекініске айналдыруға кіріскен. Осындай жағдайда оған Бабасұлтанның қазақ сұлтандарын өлтірген хабары жеткен.

Хақназар Тұяқ сөзін бөліп жіберді.

— Бабасұлтан қазақ жігіттерін қырып жатқанда Бұзахұр сұлтан қайда еді?

— Оны Бабасұлтан көп әскермен сіздің жолыңызды аңдуға жіберіпті деседі... Қапелімде сізді өлтіріп, әскеріңізді қырып тастауға бұйрық берген көрінеді.

— Иә, сосын, қазақ жігіттері қырылғанын естігеннен кейін Абдолла хан не істепті? — деді Хақназар.

— Бабасұлтанға кісі салып «Қазақ сұлтандары сенің де, менің де ортақ жауымыз еді, жақсы істепсің. Ал енді бізбен одақтас боп Ташкент уәлиетін өз қарамағыңа қалдырғың келсе, екінші жауымыз Бұзахұр сұлтанды ұстап бер, не өзің өлтір. Егер мұны істемесең, біздің тарапымыздан саған кешірім болмайды, қолымызға түскен сағатыңда басыңды аламыз», — депті.

Бағанадан бері тас мүсіндей мызғымай тұрған Хақназар сәл алға қарай ұмтыла түсті. Көзінде ашу ұшқыны жарқ етті.

— Ал Бабасұлтан қандай жауап қайырыпты?

— Ағайын, достығын ұмытып қорыққанынан Абдоллаға Бұзахұрды ұстап беремін деп уәдесін беріпті. Және оны ұстап әкелуге бір топ лашкар мен Дүстем биді жіберіпті.

— Ал бұл кезде Бұзахұр қайда еді?

— Бұдан екі апта бұрын Талас бойындағы сіздің жылқыларыңыздың біразын айдап әкеткен. Бабасұлтанның Абдолла жағына шыққанын естігеннен кейін Жетісуға қашыпты деген сыбыс бар...

— Қан иісі шыққанда қарап отыра алмайтын еді, қорқау қасқыр Шағай сұлтан қайда?..

— Баба мен Бұзахұр арасының не боларын күтіп, қалың қолмен Талас маңында күтіп жатыр деген хабар бар.

— Бәсе, өзім де солай деп ойлап едім. Қандай зұлым еді Абдолла! Өзіне қас сұлтандарын біріне-бірін айдап салып, оп-оңай жеңіске жетпек қой! Иә, бұл оның негізгі айласы... Осылай ол Самарқант сұлтандарын да құртпақ... Айтпақшы, Тәуекел баһадур қайда екен?

— Шағай сұлтанның қолымен бір көрінеді.

Хақназар сәл үнсіз тұрды да, Тұяққа бұйыра сөйледі:

— Маған әкелген хабарыңды тірі жан естімесін. Қазір арғы беттегі әскерлерге жет. Жолға дайындалсын де! Күн бата қозғаламыз.

— Құп, тақсыр!

Егіз ұлының өлгенін естірткенде, ләм-мим деп тіл қатпаған Хақназар туралы: «таста тамыр, ханда бауыр жоқ» деген осы екен ғой, деді ол ішінен.

Хақназардың ұстамдылығын тас бауырлыққа жорыған аңқау батыр осыдан екі апта өткеннен кейін, ханның көзге түрткісіз қараңғы түнде егіз ұлының зиратына келіп, жас қабырды құшақтап, ағыл-тегіл жыларын қайдан білсін!

Хақназар Тұяқ ойын біліп тұрғандай:

— Кімнің қас, кімнің жау екенін соңынан ұғарсың, ал қазір әскерге жет, бұйрықты орында! — деді.

Ұрлығының үстінен шыққандай сасып қалған Тұяқ:

— Құп, тақсыр! — деп, ентігі басылған құлагерін борбайлай өзеннің арғы бетіне қарай шаба жөнелді.

Сол күні түнде, ай туа Хақназар Ноғайлы елінің жедел жинаған әскерімен бірге қалыңдығы Ақторғынды алып, Түркістан жеріне қарай қауырт сапарға шықты. Бұлар жорықтағы салтпенен еш жерге ұзақ тоқтамай, он үш тәулікте Яссыға жетті. Жолай Хақназар ағалы-інілі екі сұлтанның кездескен хабарын алды. Екі жақта көп әскер қырылып, Бұзахұрдың қолға түспей кеткенін, бірақ Абдолланың алдында «Бұзахұрдың басын әкеп беремін» деп Бабаның уәде бергенін естіді. Бабасұлтанның өшпенділігін ұмытпаған Абдолла, Ташкент әміршісінің осы бір әлсіреген тұсын пайдаланып, Шағай сұлтанға оны өлтіруге келісім берді.

Екі әскер енді Талас бойында кездесті. Қан тағы судай ақты. Өмір үшін емес, өлім үшін ұрысқа шыққан Бабасұлтан жараланған барыстай жан ашуымен қимылдап, Шағай әскерін жеңді. Содан кейін барып, Бұзахұрды ұстап берген күнде де, Абдолламен бітімге келе алмайтынына Бабасұлтанның көзі жетті. Енді ол Сайрамға қарай бет бұрды. Ондағы ойы — ар жақтағы Самарқант әскерімен қосылып, Абдоллаға тағы қарсы шығу еді.

Баба, Бұзахұр, Шағай сұлтандардың осы қым-қиғаш ұрыстары, аз уақыт болса да, Абдоллаға Хақназар ханды ұмыттырды. Ал Хақназар қолымен Яссыға аман-есен жетті.

Яссыға келгеннен кейін Хақназар тағы қалың ойға шомды. Баба, Бұзахұр сұлтандар мен өзіне қарсы Ақсақ Темір ұрпақтары — Самарқант әмірлерін біржола жеңіп алмай, Бұхар әміршісі Абдолла қазақ хандығына қарсы қазір соғыс ашпайды.

Ал жау қай жақтан? Жау Бабасұлтан мен Бұзахұр жағынан. Бірақ бұлар да қазір Абдолламен алысып жүріп, қазақ қауымына бет бұрар халде емес. Мейлі олар бет бұрмағанмен, Хақназар бет бұрады. Алтын басы қара жерге кіргенше, сонау Шарабхана жағасында жазықсыз төгілген қанды, күнәсіз бауыздалған қос боздағының кегін Бабасұлтанға кешпейді! Ғазиз жандардың кегін қайтарады!

Күншығыс Қашқар әміршісі әбдірашиттің әкесі — Ақсу ханы Сұлтан-Саид қаза болғаннан кейін, бұл таққа он екі ұлының үлкені әбді-Латиф сұлтанды отырғызған. Қазақ хандары мен әбдірашит арасындағы Жетісу үшін талас енді әбді-Латифқа көшкен.

Бабасұлтан мен әбді-Латиф Абдолла мен қазақ хандарына қарсы жүргізген саясаттарында үнемі одақтас болып келген. Бабасұлтанның жеңілуі — әбді-Латифтың жеңілуі. Ал әбді-Латифтың күйреуі — Бабасұлтанның күйреуі. Оның үстіне бұл кезде қазақ елімен одақтас қырғыз қауымы да, Жасылкөл жанындағы жерлері үшін күресуге құлшынып отырған.

Хақназар осы бір қым-қиғаш тартыс кезін пайдаланып, қырғыз, қазақ боп бірігіп, Ақсуды шаппақ болды.

Хақназардың өртенген жүрегі енді сәл толастады. Бірақ ол, бұл шешім түбі өзінің өлімімен тынатынын білмеді. Тұла бойын өшпенділік билеген Хақназар енді қара түнді жамылып, қос перзентінің қабірінің басына барды. Ұзақ отырды. Өн бойын дерт басқан, жаны жара, көңілі нала Хақназар, болашақ тартыс-
тың ауыр жүгін арқалап, той сарайына келді.

Бұл кезде тойға жұрт әбден жиналған екен. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Шарабхана өзенінің бойында қаза тапқан аяулы ұлдарын жерлеп, қан жылап, қара жамылған жұрт аз күннің ішінде бар қайғысын ұмыта қоймапты. Хан тойы болған соң амалсыз келген тәрізді... Қыз күлкі-назы тұншығып, жігіт әзіл-оспағы сыбырлап шығады. Әйтсе де, қаралы ханның көңілін көтергісі келгендей, Хақназар үйге кірісімен жұрт бір мезет жадырай түсіп, жиын-думан сәл қызғандай болды.

Хақназар Ақторғынды тағы көрді. Тағы жүрегі алғашқы көргендегідей дір ете қалды. Енді ол өзіне-өзі таңдана түсті. Жаңа ғана қос арланының жеке қабірін құшақтап, ұлыған аш қасқырдай ішін тартып, өксігін баса алмай, ұзақ жылағанында тіршіліктің құны көк тиынға татымай қалып еді. Ал қазір... жаңадан күн шыққандай, дүние қайтадан жарқырап сала берді. Бұл қандай құдірет, тәңірім-ау. Дәл қазір ләззат іздейтін уақыт па?

Сол күнгі түн екеуінің ең соңғы түні болды...

 

 

әбді-Латиф Хақназар ханмен сан мәртебе кездескен. Қазақ әскерін сан мәртебе жеңген де. Бірақ осы жолғы Алтын Емел тұсындағы кездесу өзгеше өтті. Хақназар басқарған қалың қырғыз-қазақ әскері Ордасында ұйықтап жатқан әбді-Латифты түн ортасында шапты. Жар құшағындағы ханды төсегінен тұрғызбай, айбалтамен шапқылап өлтірді. Ақсудың мал-мүлкін талап, қазақ-қырғыз қолы Жасылкөлге қарай көтерілді.

Бұл лаңды естіген әбді-Латифтың ағасы, Қашқар ханы әбдірашит қасіреттен от басында түнеріп ұзақ отырды. Айла-тәсілі таусылып, ақыры қарамағындағы елдің бар жігітін ертіп, Жасылкөл жағасында Артыш деген жерде бекініп жат-
қан қазақ-қырғыз қолына кеп тиді. Қарсы жақтың бекінісін бұзып, қазақ-қырғыз әскерімен тіктесе ұрысқа шықты. Екі жақтан қан көл-көсір ақты. Майдан екі аптаға созылды. Ақырында әбдірашит жағы жеңді. Сойқан ұрыста қазақтың басты-басты бірнеше батыры мен Хақназар хан қаза тапты. Бірақ өлер алдында Ақ Орда ханы, басында отырған Тұяқ батырға Тәуекел сұлтанның тарихын ашып кетті.

— Әбілқайыр мырза, — деді Бұқар жырау сөзін аяқтап, — сіз бұл күйге қалай жеттік дейсіз?.. Ел бірлігі жоқ жерде бұдан да сорақы күйзеліске ұшырау таң емес. Мүйізі шаңырақтай Хақназардың да қолынан келмеді бар қазақтың басын қосу. — Жырау ауыр күрсінді. — Біріктіре білсеңдер, халық деген қара тастан да берік қой. Бірақ қазір оны іске асыра алатын кім бар?

 

 

Қараша үйде жанған тобылғы шоғы әлдеқашан сөнген. Бұқар жырау әңгімесі де әлдеқашан біткен. Ұйықтап кеткен адамдардың пысылдары мен үйді айнала қоршай шөккен түйелердің анда-санда ұйқылы-ояу ыңыранғандары ғана естіледі. Тек Бұқар ғана ояу жатыр. Шаңырақтан жыбырлаған көп жұлдыз көрінеді. Жырау ауыр ойда: «Қазақ елінің басынан талай қиын-қыстау кезеңдер өтіп еді, бірақ ең қорқынышты қауіпке енді тап болмаса не қылсын! Шығыс Түркістанды жұтар-жұтпастан, бері қарай Қытай айдаһары жылжып келеді. Ал Қытайдан ығып, Алтай тауынан құлаған Жоңғар қауымы болса мынау.

Россия да бұрынғы бөлшектенген Россия емес. Әлемді шарлауға шыққан екі басты самұрық құс тәрізді әбден бекініп алған. Қанатының серпіні сонау, жағасын балықшылар жайлаған ұлы Мұхитқа да жетіп қалды. Сонда... қазақ елі қандай күйде? Жұрттың басын біріктіріп, жауыңа қарсы шығар кім бар? Болат, Сәмеке, Барақтар ма елге тірек болар?... Жоқ, оларға қарағанда осы Әбілқайырда бір үміт тұр ма, қалай? әй, білмеймін. Халықты соңынан ерту үшін кемеңгердің ақылы керек қой адамға! әлде қара басының қамын ойлап, бұл да бір бүйірге бұра тартып жүре ме, кім білсін? Жыраудың безек қаққан ұшқыр ойы — елінің тағдырын қолына алар жаңа қайраткерін іздеп шарқ ұрды. Неге екені белгісіз, оның қиялы жанында шалқасынан түсіп, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан әбілмансұрға қайта-қайта орала берді.

— Бітісі бөлек екен, ұл туса осындайлардан туар... — деді ол ақырын күбірлеп. — Хан болса несі бар. Асыл тастан, ақыл жастан. Бірақ қаптаған Сәмеке, Барақ, Әбілқайырлар бұған жол берер ме? Кім біледі, алғырлық, ерлік кейде өзіне-өзі жол салатын да кезі болатын еді.

Жырау қалжырап жатып, таң ата ұйықтап кетті.

Күн шыға оянған Бұқар үй сыртындағы қыбырлап жүрген адамдардың Әбілқайыр нөкерлері екенін білді. Жанында әбілмансұр сол қалпында ұйықтап жатыр. Тек көзіне Ораз құл түсе қоймады. Жүрер алдында қолтығынан көтеріп атына мінгізген әбілмансұрдан:

— Үлкен түйешіні көре алмадым-ау, ол қайда? — деп сұрады.

— Қайда екенін мен айтпайын, сіз сұрамай-ақ қойыңыз.

Бұқар жырау ауыр күрсінді. «Иә, сұрқия, сұм бұл заманда құл бейшаралардың тағдыры, міне, осылай шешіледі».

— Ол сенің жауың емес еді ғой...

— Жұрттың бәрі қазір менің жауым.

— Олай болса, сенің өрісің де ұзаққа бармайды екен. — Бұқар жырау жас түйешіге түксие қарады. — Біздің қазір екі-ақ жауымыз бар. Бірі — сыртқы жау. Екіншісі, жұрттың басын қостыртпай, бөлшектеп билегелі жүрген би, сұлтандар. Ел қамқоры болам деген адам бұны білсе керек. Қайратың тасып бара жатса, халықтың адал ұлдарының қанына ортақ болғанша, қолыңа қару алып, жауға неге шаппайсың?

— Кезегі келгенде жауға да шабамыз. Ал Ораз құлды мен өлтіргенімді қайдан білдіңіз?

— Көзің айтып тұр.

— Ендеше ешкімге тіс жарушы болмаңыз.

— Неге?

әбілмансұр Бұқар жыраудан көзін алмай тесіле қарады.

— Түбі Үш жүздің ханы мен боламын, Бұқар аға. Ал сіз қазақ халқының ел болғанын тілейсіз ғой...

Бұқар жырау жүрмекші боп ыңғайлана берді.

— Бүгіннен бастап мен енді әбілмансұр емеспін! — деді жас түйеші.

Бұқар жырау оған таңдана көз тастады.

— Кімсің сонда?

— Абылаймын!..

— Абылай?.. Қанішер Абылай сенің атаң еді ғой! Қазақ елі бұл аттан қорқатын...

— Менен де қорықсын!

Түркістанды жау қолына беру — намысқор Елшібекке қазақ Ордасының шаңырағы күйреп, жерге құлағандай көрінген. Бармағын шайнай-шайнай бұл ауыртпалыққа да көнуге мәжбүр болды. Көзінде жасы, жүрегінде ашуы, сонау ең ақырғы сұрапыл дауылды қара түнде амалы жоқ, шаһарды тастап, ең сенімді деген бір топ жігітімен қазақтың көне астанасының бірі Сауранға беттеді. Жауынан Түркістанда ала алмаған кегін Сауранда алмақ. Бұл қаланы кеудесінен жаны шыққанша қорғамақ...

Елшібекке ермеген жұрттың біразы Сауранды айналып өтіп, Ташкентке қарай шұбырды. Біразы Түркістаннан ұзамай, Сырдарияның жағасындағы қалың қамыс-
қа барып тығылды.

Ертеңіне боран да тыйылды, бос қалған шаһарға күн шыға Шұно-Дабо әскері де кірді.

 

 

Түркістанда Сыбан Раптан қонтайшы кеңесін шақырды. Өзінің басты баһадЇрлері мен нояндарының ақылы бойынша, бұлар енді Сырдария мен Амударияны жағалай отырып, Жайық, Еділ өзендеріне дейін өтіп, сонау Айдархан (Астрахань) түбіндегі қалмақ аймағымен ұштаспақ болды. Бұл жолды Ренат та мақұлдаған. Арқа жерінде Бетпақдала, Қарақұм арқылы жүрудің қауіпті екенін еске алып, ол жаққа келесі жазда Ертіс бойындағы Төлеуіт (ақ қырғыз), Телес, Мұндас, Енисей қырғызы, Құман Челкан сынды Ойрат тұқымдас Батыс Сібірде тұратын ұсақ руларды қоса отырып қазақ жеріне Есіл, Тобыл өзендері жағынан тиюді ойлады. Сөйтіп, сонау Қытай шекарасынан солтүстіктегі Тобыл, Есіл өзендеріне дейін, күнбатыста Еділдің бергі жағасынан, күншығыста Ертістің арғы бетіне дейін жайлаған қазақ елін біржолата өзіне бағындырып, Сыбан Раптан атасы Батурдың қолынан келмеген ұлы Жоңғар хандығын құрмақ болды. Бұл бұл ма, қазақ жері тақиясына тар келгендей, ол Россия патшалығына жататын Түмен, қазіргі Красноярск, Кузнецк қалаларын да Бірінші Петр патша өз еркімен берсе — қолынан, бермесе — жолынан соғысып тартып аламыз десті.

Он бес кез анаконда деген әпжылан өзінен бес есе жуан бұқаны жұтады екен. Осыншама жерді басып алған қазақ елінен халқы үш есе аз Сыбан Раптан, өзінен жүз есе халқы көп Қытаймен соғысамын деп жүрген Сыбан Раптан, расында да осы анаконда әпжыланы тәрізді еді. Қазақ елін дәл осы быт-шыт болып жүрген кезінде жұтып жіберуі де ғажап емес-ті. Бірақ бұл «өгізді» қай жағынан жұту керек? Анаконданы ұстауға шыққан адамдар өгізді қарсы жібермейді, жанынан қашырады. Қашып бара жатқан бұқаны анаконда арт жағынан жұтады, бұқаның алпамсадай бүкіл денесін қылғытып жібергенмен тамағынан шаңырақтай қос мүйізі өтпейді. Бұқаның денесін не құсып тастай алмай, не жұтып жібере алмай, қақалып жатқан қомағай анаконданы айдаһар ұстаушылар, аузынан шығып тұрған қос мүйізден сүйреп әкеп, темір торға бір-ақ кіргізеді. Сыбан Раптан да осынау қазақ жері деген алып «өгізді» қай жағынан жұтқанын аңғармай қалды. Алып даланың қос мүйізі тәріздес сонау Россиямен шектес Еділ мен Жайыққа жеткенінде, оны әрі қарай жұта алмай қалатынын еске алған жоқ. Өйткені, осы қос мүйізге жетуін әдейі күтіп отырған Россия атты алып күш жатқан-ды. Егер Сыбан Раптан осынау қалың қосынын Жайыққа қарай емес, Үргенішке бұрғанында, кім біледі оның қанды семсер — көшпелі хандығы өз ашқарақтығына өзі тұншықпас па еді, қайтер еді...

Бірақ адамды құдай адастырар алдында ең алдымен ақылынан айырады. Күзтоқсанның ең ақырғы айында Сыбан Раптанның баласы Қалден Цереннің қолы Түркістаннан шығып, Жаңақорғанға беттеді. Бұ жолы оның қарамағында қырық мың атты әскер бар-ды. Өзге әскерін жаулаған жерін иемденуге қал-
дырған. Бірақ, Жаңақорғанға таяған кезде, бүкіл әскеріне кілт тоқтауға тура келді. Бір күн бұрын алға жіберген қызы Хоча басқарған барлаушы топтан: «Алдымызда қаптаған қазақ әскері келе жатыр» деген хабар жеткен. Сыбан Раптан таң қалды. Қайдағы әскер? Кім басқарып келеді? Сонау Құлжадан аттанғалы алты айдан бері қарсы келер жөнді күшті көрмей әбден асқынып алған Сыбан Раптан қызына кісі шаптырды... «Қайдағы әскер? Ондай қалың әскер шығаратын қазақтың көбі қырылған. Сенің көргенің сірә көп малы болар. Абайлап қара, егер көргенің шынында мал болса, онда айдап алуға қанша адам жіберейін, тез хабарын бер», — деді. Өзі енді әскеріне тағы алға қарай жүруге бұйрық берді. Бірақ Хочадан тағы хабар келді. «Алдымыздағы бізге қарсы келе жатқан қазақтың Кіші жүзінің әскері екен. Басында Әбілқайыр хан... Аз дегенде отыз мыңдай... Осындай қалың қол оң жағымыздан, Орта жүзден де бүгін-ертең келмек көрінеді. Оны Болат ханның інісі Сәмеке басқарады дейді қолға түскен жігіт... Екі жақтың әскері Шиелі тұсында түйіспек. Әбілқайыр әскері қазір осы Шиелі жағасына қостарын тікті. Шамасы, Сәмекенің қолын күтпек... Жау қарасы әбден шоғырланғанша, сол жерде аялдау керек. Келе жатқан жауды күтпеген жерден шабуылдасақ, жеңіс біздікі болатынына дау жоқ» депті қызы.

Сыбан Раптан алдында жау бар екенін енді ұқты. Бірақ қызының берген ақылына қарқ-қарқ күлді. «Отыз мың әскерге келетін тағы отыз мың әскерді күт дейді. Сосын барып оларға ойламаған жерден қарсы шыға кел дейді. Ақылыңа болайын! әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа деген, міне осы! Егер Әбілқайырдың отыз мың әскері болса, менің қырық мың жауынгерім бар. Және қандай көкжалдар! Кілең сен тұр — мен атайын! Мұндай қырық мың қолмен қашан да болса отыз мыңды жеңуге болады. Әбілқайырдың отыз мыңына Сәмекенің отыз мыңы қосылуын мен неге күтемін? Одан да олар қосылмай тұрып, Әбілқайырдың әскерін неге қырып тастамаймын? Мейлі, келе берсін, содан кейін Сәмекенің отыз мыңы. Онымен де айқасуға күшім жетеді». Ол осыны баласы Қалден Церен мен Ренатқа айтты.

Ренат:

— Егер біз барғанша, ар жағынан Сәмекенің әскері жетіп қалса қайтесіз? — деді.

— Қайткен күнде де Әбілқайыр әскеріне Сәмекеден бұрын жетуіміз керек! Бар айла осында.

— Біз соғысып жатқанда Сәмеке әскері жетсе қайтесіз?

— Сәмеке әскері жетпей тұрып Әбілқайырды жеңуіміз керек.

— Бұл біздің ойымыз ғой. Ал Сәмеке әскері бізден бұрын жетіп, не болмаса біз алысып жатқанда жетті делік?

— Онда біз жеңілдік.

Сөзге Қалден Церен енді ғана кірісті.

— Ондай қауіп туатын болса, осы арада кідіре тұрып, арт жағымыздан тағы жиырма мың әскер алдырғанымыз ақыл емес пе? Алпыс мыңға алпыс мың, жеңіс әрқашан да біздің жақта болады.

— Онсыз да біз жеңілеміз.

— Қалайша?

Сыбан Раптан қарқылдап күлді.

— Қанша жер, қанша қала алғанымызды білесің бе? Сонда алған жеріңді алақаныңмен басып отырасың ба? Бар әскерді мұнда алдырсақ, қорыққанынан бағынып отырған ел үндемей отыра ма? Жоқ, Қалден ноян, қарсы келген он бес жауынгерден артыңнан аңдып мылтық атқан бір адам қауіпті! Жиырма мың — алған жерімізді басып қалуға керек. Ал ондағы әскеріміз қазір жиырма мыңнан сәл ғана асады... Алты айдың ішінде он мың қалмақ оққа ұшты. Бес мыңдайы дала қазағы, тау қырғызымен айқаста қаза тапты. Олардың орнын осы жорықтан қайтқан соң, қысты күні ғана толтырамыз. Ал қазір нартәуекел. Отызға — қырық! Біз жеңуіміз керек!

Ренат ақырын жымиды.

— Оныңыз рас. Сәмекеден бұрын жетіп, жауды жеңу — бізге қалған жалғыз жол.

Ол іштей Сыбан Раптанның қолбасшылық дарынына таң қалды. Шығыстан шыққан ұлы әскери қолбасшылар — Әтилла, Шыңғысхан, Бату, Ақсақ Темір — бәрі де хат танымаған, өзінен бұрын өткен елдердің әскер құру, соғысу тәсілдерін де білмеген адамдар. Бәрі де өз жолдарын өздері салған. Олар қашанда болса, жауын жеңуді білген. Бүкіл әлемге әйгілі Шыңғыс ханның дүние жүзін билеймін деп талпынғанда небары екі жүз мың әскері болған. Сонымен қанша елді, қанша жерді басып алды! Оған қарағанда, Сыбан Раптанның ісі баланың ойыншығы тәрізді. Жоңғар хандығы әрі кетсе жүз мың әскер шығара білер. Сондай әскермен, әрине, бір қазақ жерін өзіне қарату — Сыбан Раптанның қолынан келеді. Қазіргі ойлап тұрғаны да сол ұлы сенімнің қамы. Тек бұны қолдай білу керек.

— Ал, бастық атқа қамшыны, — деді Сыбан Раптан енді бөтен сөзге келмей, — қараңғы түсе біз де жау шебіне жетуіміз керек!

Қатты желіске салып, қырық мың қол шаңқай түстен бесінге дейін жүрді. Күн еңкейе Сыбан Раптанның алдыңғы шебі Шиелі өзеніне жиырма шақырымдай жердегі бір қоғалы көлге келіп жетті.

Осы арада қызы Хоча басқарып кеткен барлау тобына кездесті. Жоңғар барлаушылары қалың қамыс арасындағы қостарынан шығып, ат үстіндегі қонтайшыға иіліп тәжім етті. Хоча әкесін атынан түсіріп, өз шатырына қолтықтап алып кірді. Аздан кейін Қалден Церен мен Ренат та келіп, есік жақтан бір тізерлеп орын алды. Қыз үн-түнсіз, босағада тұрған торсықты пісіп-пісіп жіберіп, шара аяқпен алдыменен әкесіне, содан кейін ағасы Қалден Церен мен Ренатқа қымыз құйып берді. Сыбан Раптан қымызды сусынын қандыра ұзақ жұтты да, есік алдында үймелеп тұрған барлаушыларға көз жіберіп:

— Шәңгерек ноян қайда? — деді.

Хоча әкесінің босаған шара аяғына толтыра қайтадан қымыз құйып, қолына ұстатты да:

— Шәңгерек ноян қос сыртында өліп жатыр, — деді.

Сыбан Раптан қымыздан тағы бір жұтты.

— Кім өлтірді?

— Мен өлтірдім...

Сыбан Раптан қызынан «неге өлтірдің!» деп сұраған жоқ. Қымызын ішіп болды да, сыртқа шықты.

— Қайда? — деді ол қызына.

Хоча үн-түнсіз әкесінің алдына түсіп, елу қадамдай жер жүрді де, қамыс қоршаған алаңда шалқасынан сұлап жатқан жігітті көрсетті.

— Міне.

Жігіт сом денелі, жиырма бестер шамасында екен. Үстіндегі киімі де, қару-жарағы да бұл жігіттің Жоңғардың белді руынан шыққанын көрсетеді. Оның дәл жүрек тұсынан қадалған садақ оғы сол қадалған қалпында тұр. Суырып алмапты.

— Иә? — деді Сыбан Раптан қызына қабағын түйе қарап.

— Жазығы болды, өлім жазасына бұйырдым, — деді Хоча айылын да жимай.

— Шәңгерек ноянды өлім жазасына бұйыру үшін тым үлкен айып керек. Не істеді ол?

Жиырма бес жасар Шәңгерек ноян Сыбан Раптанның үзеңгілес серігі, Жоң-
ғар хандығының ең бір бай адамы Меркіт руының баһадЇрі Дода Жорджидың жалғыз баласы болатын. Былтыр әкесі Сыбан Раптанға кеп құда түскен. Хочаны Сыбан Раптан Шәңгерек ноянға бермек болған. Екеуінің қосылу тойы қысқа белгіленген. Бірақ неге екені белгісіз, Хоча Шәңгерекке күйеуге шыққысы келмейтінін әкесіне білдірген-ді. Қызының ерлігі, өжеттігі үшін өте жақсы көретін Сыбан Раптан оның бұл сөзіне мән бермей, жай әшейін «құлап түсті» демесін деп айтып жүргені шығар деген де қойған. Расында да, Шәңгерек ноян ата жағынан да, байлығы, ерлігі жағынан да Хочадан кем емес еді. Хочаның оны сүймеймін деуі кімге болса да адам нанғысыз сөз еді. Расында, қызды Шәңгерек ноян ұната қойған жоқ. Оның өмірден күткен жары мұндай емес. Бірақ, бүкіл Жоңғар елі қас-қабағына қарап отырған қонтайшы Сыбан Раптанның қаһарынан қорқып, ол Хочаны алмаймын дей алмады. Әрине, жігіттің өзін менсінбегенін ұққан Хоча қатты қорланған. Әкесіне мені ұнатпайды деуге арланып, «мен оған күйеуге шыққым келмейді» деген. Әкесі алғашқы кезде бұл сөзге мән бермесе де, бертін келе «осылардың арасында бір пәле бар ма?» деген ойға келіп еді. Қатар жүріп, бірін-бірі ұқсын, жаудан бірін-бірі қорғай білсе, ерлік арқылы тіл табысар деп, Шәңгерек ноянмен бірге, Хочаны да барлауға жіберген, өз ойының ақталмағанына көзі жеткен Сыбан Раптан бойын ала бастаған ашудан екі беті түктене түсіп:

— Иә?! — деді қызына қарап. — Қандай айыбы болды?

— Айыбы мына жігіттен басталды, — деді Хоча, сөйтті де аяғын жылдам басып барып, Шәңгеректің ар жағындағы топ қамыстың арасын ашты. Сыбан Раптан, Қалден Церен, Ренат үшеуі үсті-басы қан-қан боп өліп жатқан қазақ жігітін көрді.

— Иә?! — деді Сыбан Раптан.

— Кеше таңертең осы көлдің тұсынан Әбілқайыр әскеріне қарай шауып бара жатқан бір қазақтың қызын көріп қалдық. Аты жүйрік екен, менің «Құмай төсім» зорға қуып жетті. Таяй беріп, қыздың мойнына арқанымды лақтырып әзер ұстадым. Қыздың қару-жарағы жоқ... Бірақ өзі тым келбетті екен. Оны бір көргеннен Шәңгерек ноян есінен айрылғандай күйге жетті. — Хоча ашудан сөйлей алмай, тұтығып тұрып қалды.

— Сосын? — деді әкесі қабағын қарс жауып.

— Қыздың Әбілқайыр әскеріне біздің келе жатқанымызды хабарлауға бара жатқаны сөзсіз. Бұндай ерлік қазақ қызының көбінен шығады. Мен одан жауап алғым келіп, бірнеше сұрақ қойдым. Қыз бір айтқан сөзінен танбады. «Мен сендерге ештеңе айтпаймын, өлтірсеңдер — өлтіре беріңдер». Қайсарлығына ыза болып, оны өлім жазасына бұйырдым. Бірақ, Шәңгерек ара түсті. «әзірге өлтіртпеңіз, бүгін айтпағанмен, сырын ертең айтады, қазір ызадан көнбей тұр» деп маған жалынды. Мен Шәңгерекке қыздың өте ұнап қалғанын түсіндім. Енді Шәңгеректің де жүрегін өртегім келді: «Қазір дәл осы арада қызды өлтіріңдер!» — дедім жігіттерге. Шәңгерек «өлтірмеңдер!» — деп бұйырды. Мен: «өлтіріңдер!» дедім. Барлаушы жігіттердің көбі Меркіт руынан болғандықтан ба, әлде қызды аяды ма, енді бәрі маған жалынды. «Қайтесіз қару-жарағы жоқ бір қыздың қанын төгіп, одан да қонтайшыға тартуға апарайық» деді. Өтініштерін орындамасам, ызадан өзіме зақым келтіріп жүрер деп айтқандарына көндім. Бір жағынан қызды Қалден Церенге алып беріп, Шәңгеректің жүрегін біржолата күйді-рейін дедім. Өйткені қыз менің олжам ғой, кімге берсем де еркім бар емес пе?

— Иә, сосын?

— Қыз шын әдемі еді. Оны өлтірудің өзі де сұлулыққа істелетін бір үлкен қиянат боп көрінді маған. Бірақ, Шәңгеректі қызғандым. Неге екенін білмеймін, қызды өлтіртпек түгіл, оның қол-аяғына кісен де салғызбадым. Енді күзетін басқа жігіттерге бұйырып, Шәңгерекке тек қыздың атына ие болуды тапсырдым...

— Сосын?!

— Сосын... Көлдің арғы бетіндегі барлаушыларым тағы бір қазақтың жігітін ұстап әкелді... Бұ да сұрағыма жауап бермеді. Мен енді жігіттің тақымына қыл арқан салғызып бұраттым. Тұтқын қыздың сұлулығына күйіндім бе, «сен нәзік сұлусың ғой, бауырыңды құлындай шыңғыртып жатқанда, сенің сұлу түрің қандай болады екен көрейін» деп жігітке қыл бұрауды тұтқын қыздың көзінше салғыздым. Қыл шылбырды бір-екі рет бұрағанда-ақ жігіттің құлындағы даусы құраққа жетті. Қыздың бетіне қарап едім, сұп-сұр боп ернін тістеп қатып қалыпты. «Бәлем, солай ма екен!» дедім ішімнен. Енді оның көзінен аққан жасты көргім келіп кетті. Жігіттерге «тағы бұраңдар!» дедім. Сол кезде тұтқын жігіт шыдай алмады.

— Сұрағандарыңның бәрін айтайын, — деді жалынып.

Қыздың бетіне қарап едім, оның анау тұтқын жігітке жеркенішпен, өшіге қарап тұрғанын байқадым.

Мен жігіттен жауап ала бастадым.

— Сен кімсің?

— Әбілқайыр ханның барлаушысымын, — деді ол.

— Әбілқайыр әскері қай жерде?

— Шиелі түбінде...

— Қанша қол?

— Отыз сана...

— Бері қарай қашан аттанбақ?

— Орта жүз әскерінің келуін күтуде...

— Сәмеке қанша қолмен келмек?

— Отыз санадай.

— Қашан келіп қосылмақ?

Жігіт жауап қайтарып үлгерген жоқ, жанымда тұрған қазақ қызы бір-ақ атылып тұтқынның жанына барды, мен оның жоғары көтерілген қолынан жарқ еткен алмас кездікті көріп қалдым. Жүгіріп жанына жеткенімше, ол қолындағы кездікті тұтқын жігітке сілтеп те үлгірді. Жігіттің тақымына қыл бұрау салып тұрған менің жігіттерім не болғанын байқап та үлгірген жоқ. Тұтқын жерге сұлқ құлады. Қыз кездігін дәл жүрек тұсынан қадапты.

— Сосын?!

— Сосын не болсын... Сәмеке әскерінің бұл араға қашан келетінін біз біле алмай қалдық. Мен енді қызды өлтіргім келмеді. Елдің намысы үшін қандай қиындыққа болса да шыдайтын қайсар сұлу елінің намысының қалай төгілгенін өз көзіменен көрсін деп, әдейі тірі сақтағым келді. Қол-аяғын кісендеп, сендер жеткенше, түнімен күзетіп шығуды нөкерлерге бұйырдым.

— Сосын?! — Бұ жолы Сыбан Раптанның даусы темір тор ішінде тұрып ызаланған жолбарыстың гүріліндей тым қатты шықты.

— Сосын... Сосын Шәңгерек ноян мен барлауға кеткенде, күзеттегі Меркіт жігіттеріне бұйрық беріп, қыздың қол-аяғындағы кісенін алдырып босатып жібереді... Шәңгерек ноянға қыз: «Егер тірі кездессек, бұл жақсылығыңды өтеймін» деп рақметін айтып, атына мініп, Әбілқайыр ханның әскеріне қарай бір-ақ тартыпты.

— Демек, Әбілқайыр хан біздің келе жатқанымызды біледі екен ғой?

— әрине.

— Қап! Сосын?!

— Сосын... мен Шәңгерек нояннан қызды неге босаттың деп сұрадым.

«Қызды мен босатпағанымда, сен оны бәрібір өлтіретін едің ғой» — деді ол. Мен: «Өлтірсем ше?», — дедім. Ол «Одан өзімнің өлгенімді артық көрдім», — деді. Мен: «Қызды өлтірмей-ақ өзімнің аға-інілерімнің біріне беретін едім ғой», — дедім. Ол: «Онда мен сені де, өзімді де өлтіретін едім», — деді. Сонда ғана барып мен Шәңгерек ноянның ол қызға шын ғашық болып қалғанын ұқтым. Өзімді-өзім ұстай алмай, оны өлім жазасына бұйырдым...

— Бекер еткенсің... Әкең қонтайшының шешімін күту керек еді...

Бағанадан бері сазара сөйлеп тұрған Хоча:

— әке, менде де жүрек, сезім, намыс бар емес пе? — деп, өкіріп қоя берді.

Тас жүрек Сыбан Раптан қызының Шәңгерек ноянды қаншалықты жақсы көріп келгенін енді ғана түсінді.

— Өзің емес пе едің оған шықпаймын деген? — деді ол кенет сәл босаңсып. — Жә, болды, ондай жігіт сенің бір тамшы жасыңа тұрмайды! Бүкіл жоң-
ғар халқының тілегін бір қыздың сұлулығына сататын бала өсірген Дода Жорд-
жидың өз обалы өзіне!

Қонтайшы кілт бұрылып, жуан қамыт аяқтарының өкшесі біріне-бірі тиіп, атына қарай жүре берді. Тек қаңтарып қойған ер басынан тізгінін алып, аяғын үзеңгіге сала беріп, баласы Қалден Церенге:

— Хоча қазақ қызын өлтіріңдер дегенде, өлтіртпей тірі алып қалған Меркіт жігіттері бірі қалмай осы арада ажал тапсын! — деді.

— Құп!

— Қонтайшы алпыстан асып кеткеніне қарамай, бұлаң құйрық торы айғырына, үзеңгісіне аяғы тиер-тиместен ырғып мінді де, батысқа қарай желе жортып жүре берді. Хоча мен Ренат соңынан ерді. Бүгінге дейін Жоңғар елінің жеңісі үшін жан қиып келген жетпіс жігітті бір сәт қана көңілшек болғандары үшін өлім жазасына бұйырған Сыбан Раптанның қатыгездігінен жаны түршіксе де, Ренат өзінше тұжырым істеді: «Өзгеге әмірін жүргізем деген адам осындай тас жүрек болуы керек. Бұндай болмаған күнде Шыңғысхан әлемнің тең жартысын басып ала алмас еді» деп ойлады.

Хоча тобына кездесіп, Шәңгерек ноянның өліміне себепкер болған — ерлігімен жұрт көзіне түсе бастаған Бәсентин Малайсарының қарындасы Гәуһар еді. Арғын руының бір тармағы Бәсентин ол кезде Ұлытау төңірегін жайлайтын. Маңайында сауда-саттық ететін үлкен шаһар болмағандықтан, Ұлытау, Арғынаты маңайындағы қалың қазақ ауылдары Түркістан, Ташкент қалаларына кіре тартып, жүн-жұрқасын, тері-терсегін, кейде үйірлеп жылқысын, қотандап қойын айдай кеп, базарларына сатып, дүкендерінен қант-шайын, киім-кешегін, қала берді, ақыреттік бөзіне дейін алып қайтатын. Кей жылдары бұндай қала шыққан керуендер Бұхар, Хиуаға дейін де баратын. Биыл Малайсарының ауылы Түркістан базарына керуен тартқан. Келер жылы Есіл бойындағы бір ауқатты адамның баласына бермек боп отырған Гәуһарды әке-шешесі, құтты жеріне қонар алдында құрбыларымен барып бой жазып қайтсын және өз көңіліне ұнаған жасауын алсын деп, керуенге ілесіп саяхат құрып бара жатқан бір топ қыз-бозбалаларға қосып жіберген.

Керуен Түркістанға жеткеннен кейін екі бөлінген. Бір бөлегі, малдарын құндылау етіп сатқылары келген ауқаттылау жағы Ташкент барып қайтпақ болған. Екінші жартысы олардың қайта оралуын күтіп, Түркістанда қалып қойған. Сол Түркістанда қалған топта Гәуһар да бар еді. Түркістан төңірегіндегі қазақ атаулы шаһарды қорғаймыз деп жатқанда, Бәсентин жігіттері кемеден қашқан егеуқұйрық тышқандай, елге кетіп қалудың ретін таба алмады. Түркістанды қорғаушыларға қосылды. Гәуһар да солармен бірге қалды. Амал жоқ, Елшібек қаланы бергеннен кейін Арқа жігіттерімен бірге Гәуһар да Сырдарияның қалың қамысының арасына тығылды. Дәл осы кезде бұларға Әбілқайыр әскерінің келе жатқаны, оған жақында Арқадан Сәмеке бастаған қалың қол келіп қосылмақ деген хабар жетті. Іле-шала «ұзын құлақ» Сыбан Раптан Әбілқайырға қарсы қырық мың жауынгермен аттанды деген суық сөзді әкелді. Бұған қоса «Әбілқайыр әскері Сыбан Раптанның шыққанын білмейді екен, олар Шиелі бойында Сәмеке әскерінің келуін күтіп жатқанда, Жоңғар қонтайшысы аңдаусызда үстерінен түспек екен» деген тағы да суық сыбыс естілді. Хабарсыз жатқан қазақ әскерінің, жаудың тұтқиыл шабуылынан қатты апатқа ұшырайтынын білген нәзік сезімді, ер жүректі Гәуһар енді шыдай алмады. Әбілқайыр әскеріне хабар бермек боп атқа қонды. Біз ерейік деген серіктерді ертпеді. Нашар киінген жалғыз аттыны ешкім аңғара қоймас деген. Арқа жігіттерінің ең таң-
даулы жүйрігін мініп жолға шықты. Сыр бойын қуалай түні бойы шабыстан танбаған Гәуһар, таң қылаң беріп келе жатқанда, Хочалар қос тіккен қоғалы көлдің жанынан өте беріп қолға түскен. Жігіт деп ұстағаны қыз болып шыққанда Хоча таң қалды. Қыз болғанда қандай! Сан айқастан өткен, сонау Қытайдың шекарасындағы Халқадан Түркістанға дейін адамзаттың нелер сымбаттысын кездестірген қалмақ жауынгерлері Гәуһарды көргенде, мөлдір су түбінде жатқан жарқыраған гәуһар тасты көргендей естері шықты. Шәңгерек ноянның бірден Гәуһарды өлімге қимай араша түсуі де осыдан еді.

Гәуһар босанып шығысымен сол күні сәске көтерілмей-ақ Әбілқайыр қолына кеп жетті. Ханға Сыбан Раптанның қырық мың әскері келе жатқанын айтты. Әбілқайыр дабыл қағып, әскерін сапқа тұрғызды. Хан кеңесін шақырды. Тұтқын жігіт Хочаларға Әбілқайырдың отыз мың әскері бар деп білмегендіктен айтқан. Әбілқайырдың бар әскері он бес мыңға да жетпейтін. Мұндай шағын қолмен қырық мың жауынгері бар Сыбан Раптанға қайдан қарсы тұра алады? Бұлардың бар сенгені қалың қазақ жайлаған Арқа қолы болатын. Сол қолға сеніп жорыққа аттанған. Сол қолды күтіп, Шиелі бойына қос тіккен. Енді жау-
дың таяп қалғанын естіген және оған төтеп бере алмайтынына көзі жеткен Әбілқайыр бір себептен кейін шегінуді де ойлады. Бірақ Адай мен Таманың батыр жігіттері оған көнбеді. Олар Алшын руының алтын ұшты найзасын жоң-
ғар қанына малмай кейін қайтпаймыз деп кесіп айтты. Әбілқайыр, амал жоқ, әскері аз болса да, Сыбан Раптанға қарсы шығуға бел буды. Тек өздерінің аз екенін айтып, «тезірек жетсін» деп, келе жатқан Сәмеке ханның әскерінің алдынан тағы ат шаптырды.

Болат ханның Ордасына Қабанбай батыр жеткенде, хан жазғы жайлау Нұра бойында болатын. Бірақ өзі төсек тартқан ауру екен. Бұл ел суық сөзден бұрын да хабардар боп шықты. Хан Жоңғарға қарсы шығуды інісі Сәмекеге тапсырды. Ол бүкіл Арқа бойындағы Орта жүз руларына кісі жүргізді. «Қазақ жеріне жау шапты, аттан!» деген хабарды естіген қалың ел лезде дүрліге қалды. Қазақ деген атқа ие болып, Еділ мен Ертістің, Алатау мен Есіл, Тобылдың арасын жайлаған елге ежелден соғыс деген сөз жат емес-ті. Ғасырлар бойы бұл елдің соғыссыз өткен бірде-бір жылы жоқ. Соңғы екі жүз жылын Сырдария бойындағы қалалары үшін Әбілқайыр, Мұхамед-Шайбани ордаларымен, Самарқант, Бұқар әмірлерімен айқаста өткізген. Бұнымен қатар он бесінші ғасырдың басынан бастап, күні бүгінге дейін Жоңғар, Қытай хандықтарымен алысып келеді. Әлі алдарында қанша қырғын апат бар! Осының бәріне еті өліп көндіккен халық, бұ жолы да «жер шетіне жау келді!» деген суық сөзді естігенде, елең ете түсті. Бірақ жерінің шалғайлығымен байланысты заматта жинала қоймады. Қырда жатқан жылқыларынан жорыққа мінетін аттарын алдыртып, босағада сүйеулі тұрған сойылдарын тақымдарына басқанша біраз уақыт өтіп кетті. Тек бір ай мөлшерінде отыз мыңға жуық жігіт жиналды. Осы жігіттердің ішінде, бүкіл қазақ еліне аттары мәлім, халқын жоңғар шапқынынан құтқаруға жан салған әйгілі батырлары: Арғынның бір тармағы Қанжығалы руынан шыққан Бөгенбай, Бәсентин руынан шыққан Сырымбет, Малайсары, Тарақты руынан шыққан Байғозы, Шақшақ руынан шыққан Жәнібек, Ұлытау бойындағы Найманның бір тармағы — Бағаналы руынан Оразымбет Имантай келді. Өздері жас болғанмен, кейбіреулері қастарындағы топ жігітке басшы болуға жарағандай. Бұлардың үстіне Баянауыл мен Көкшетау даласындағы Обаған өзенін жайлаған Уақ руларының жігіттерін ертіп, бұрын да Іле бойында жоңғарлармен сан алысқан, Арқаның ардагері Батыр Баянның өзі де бүгін-ертең жетпек. Бұлар келе бастағаннан кейін, сонау Ертіс бойындағы Қаракерейден өзіне серік жігіттерді жимақ болып, Қабанбай батыр еліне қайтты.

әрқайсысы әр тауды мекендеген қазақ руларының әскерлері жиналғанша, жаз ортасы да болып қалды. Жұт жеті ағайынды дегендей, Арқаның жауынды-шашынды мезгілі биыл жылдағысынан ерте түсті. Сәмеке әскерінің тегіс жиналуын күтпей, Батыр Баян үш мың салт атты ығай мен сығай ер жігіттерден құрылған жау жүрек қолмен Сыр бойына беттеді. Бұлар сапарға шығар алдында ғана Сәмекенің сәлемін алып, Кіші жүздің ханы Әбілқайырға шабарман жіберілген. Екі ханның уәдесі бойынша қазақ қолы қарашаның орта шенінен қалмай Шиелі мен Жаңақорған арасындағы Сыр бойында бас қоспақ-ты. Осы арадан ел болып бірігіп, жоңғарға қарсы аттанбақ еді. Жері шалғай Арқа жігіттері дәл бүгін-ертең жинала алмайтындарына көзі жеткен Батыр Баян, Әбілқайырмен кездесетін мезгілдері таяп қалғандықтан, «Арқаның әскерінің алды келе бастады» деп Кіші жүздің көңілін көтере тұру үшін, өзі әдейі бұрынырақ шыққан. Бұл Көкше теңізді жағалай Қаратаудың теріскей тұсына жеткен кезде, Сәмеке де жиырма бес мыңға жуық қолмен Нұрадан қозғалған.

Ақылымен, ерлігімен емес, байлығымен ер арасындағы тартыста өзін жақтайтын шынжыр балақ шұбар төс шонжарлардың демеуімен көзге түскен Сәмеке, Болат хан ауырғалы әбден лепіріп алған. Өткен жылы ғана кенжесі Құдаймендені Бөкей сұлтанның ұрпағына үйлендіріп, Їш жүзді шақырған ұлан-асыр тойдың қызуы басылмай, әлі көкіп жүрген Сәмеке ырғалып-жырғалып қалың қолмен жорыққа аттанғанша, қырдың боранды-шашынды, желі өңменіңнен өтетін қара суық күзі де басталып қалған-ды. Көкше теңізге жетіп, оның күнбатысы мен Сыр бойына қарай беттеген кезінде, бүкіл қазақ жерінің Қарақұм, Қызылқұм, Сарықұмын дәл осы тұсқа әкеліп үйгісі келгендей, адам айтқысыз қара дауыл соқты. Аспанға көтерілген құм, топырақ, қиыршық тас, түбірімен жұлынған баялыш, жыңғыл, қаңбақтан дүние жүзі көрінбей кетті. Үйір-үйірлеп матастыр-
ған жылқының кей тобы жел өтіне шыдай алмай ығуға айналды. Тек өмір бойы жылқы бағып өскен Арқа жігіттерінің ерекше ерлік қимылдарының арқа-
сында ғана аман қалды. Бұл қара сұрапыл екі күн дегенде әзер басылған. Азыққа деп айдап шыққан қотан-қотан қойдың бәрі тегіс қырылды. Тек түйелерге артқан бидай, тары, құрт, жент, май аман қалды. Қол қайтадан қозғалды. Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген құмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады. Сәмеке осы арада ер қажап тастаған аттардың жарасына май жағып, әбден қажыған жігіттерін тынықтырып алу ойымен сәл аялдады. Осы арада сол Сыбан Раптанның әскері Әбілқайыр қолымен Жаңақорған маңайында кездесіп, қатты қырғын соғыс бол-
ғанын, Әбілқайыр қолы жеңіліп кейін қайтқанын естіді.

Сыныққа сылтау іздеп келе жатқан Сәмеке енді жалт берді. «Қыс болса келіп қалды. Жоңғар әскері де ұрысын тоқтатады. Арқа жаққа бәрібір беттемейді. Өзіміз барып тиісуіміз — шын ақылсыздық болар. Әбілқайырдың қолын жеңген Сыбан Раптан, біздің жадап-жүдеп әзер жеткен әскеріміздің быт-шытын шығаруы даусыз. Текке құримыз. Одан да «есің барда — еліңді тап» деген, босқа қырылмай тұрғанда елімізге қайтайық. Құдай бұйырса, жоңғармен келесі жазда кездесерміз. Оған дейін қалың қол жинап, әбден мықталайық» деді Сәмеке. Шынжыр балақ, шұбар төс ру басшылары бұл кеңесті мақұлдады. Расында да Сәмеке әскері, осы күйінде Сыбан Раптанға қарсы шығар болса, текке қан-жоса болатыны айдан анық еді. Бір жағынан, Әбілқайыр қолының кейін қайтқаны Арқа жігіттерін рухани әлсіретсе, екінші жағынан, алыс жолдан жадап-жүдеп келген әлсіз жұрт мұздай боп дайындалған, өздерінен екі есе көп Жоңғар әскеріне төтеп бере алмайтыны да хақ. Күреске түсуге дәрменің жетпесе құр жүректілік кімді мұратқа жеткізген. Арқа жауынгерлері Сыбан Раптанмен кездеспей кейін қайтты.

Қырық мың қолмен Сыбан Раптанның келе жатқанын Гәуһардан естіген Әбілқайыр дабыл қақтырып бар әскерін сапқа тұрғызып, «тәуекел!» деп Сыбан Раптанға қарсы жүрген. Бұл жолы Сыбан Раптан емес, оны Әбілқайыр ойламаған жерден шапты. Әскері шұбалаңқы келе жатқан Жоңғар қонтайшысы күтпеген жерден тиген жаудан шүу дегенде сескеніп қап, сәл кейін шегінсе де, қазақ қолының анағұрлым аз екенін көріп, тез-ақ есін жиған. Жоңғар әскерінің соңғы шептері де жетіп, Кіші жүздің жігіттері қанша ерлік көрсетіп қарсыласқанмен де, ерікке қоймай, қазақ әскерін кейін қарай ығыстыра түскен. Енді бұларды жеңуге айналдым ғой деп, ақырғы қимылына кіріскен кезде, кенет «Қабанбай!», «Қабанбай!» деп ұрандасып, қамыс арасынан Қабанбай батыр бастаған Найманның екі сан қолы Жоңғар шебіне дәл өкпе тұсынан тиген. Әуелде Арқаның қалың әскері келіп қалған екен деп абыржыған Сыбан Раптан, бүйірінен тиген жау жаңадан жеткен шағын жасақ екенін түсінісімен, тез-ақ бойын жинап алған.

Жоңғар қолы қайтадан шабуылға шықты. Ұрыс шиеленісе түсті. Күн екіндіге таяп қалған кез. Қазақтың бұдан басқа әскері жоқ екеніне көзі жеткен Сыбан Раптан, өзінің көптігін көріп, әскеріне «бірде-бір қазақ жауынгері құтылушы болмасын, жан-жағынан қоршап алыңдар!» деп бұйрық берді. Жоңғар әскері қонтайшысының бұйрығын орындаған. Ұрысқа қызу кіріскен Әбілқайыр өздерінің қоршауда қалғанын күн батып бара жатқанда бір-ақ білді. Қандай қақпанға түскендерін аңғарған Кіші жүздің жігіттері қашып құтыла алмайтындарын түсінісімен-ақ, өлімге біржолата бел буған. Жастықтарын ала өлмек болды. Қазақ жігіттерінің ерлігі, қайсарлығы бұрынғысынан он есе, жүз есе арта түсті. Жауының оңай берілмейтініне көзі жеткен Жоңғар жауынгерлері де барын салды. Екі жақтан да бірдей батыл қимыл, қан-жоса кескілесу басталды. Бірақ Әбілқайыр қолының жан-жағынан темір қоршау бірте-бірте тарылып, қазақ жігіттерінің шеңберден шыға алмай қырылатыны шындыққа айнала бастады. Сонда да әйгілі Адай, Тама, Найман жігіттерінің қоршауында, маңына жан жуытпай жүрген Әбілқайыр «жеңілдім» деп қол көтермеді. Бұған ызаланған Сыбан Раптан «қазақтың бірде-бір жауынгері тірі қалмасын!» деп тағы жарлық берген. Қанды көрген қасқырдай, қазақты қыруға әбден құнығып алған Жоңғар қонтайшысының бұл бұйрығын орындар ма еді — қайтер еді, кенет солтүстік жақтан «Аруақ!», «Аруақ!», «Ақжол!», «Ақжолдаған!» айбарлы ұран шықты. Бұл кезде күн де батып бара жатқан-ды. Ойламаған жерден айбарлы ұран естілгенде Сыбан Раптан шын сасып қалды. Сәмекенің қолы жеткен екен деп ойлады. Ал бұл жеткен — бар болғаны үш мың жауынгері бар Батыр Баян еді. Ол Іле бойында бұрын да қалмақпен сан айқасқан, сан жеңген, жау жағына бұрыннан белгілі батыр. Ақбоз атын қол алдында көсілдіре салып келе жатқан жігітті көргенде, жоңғарлар «Батыр Баян!» деп шу ете түсті. Жау шебінің бір жағы шетіней бастады. Сол шетінеген тұстан Әбілқайыр әскері қоршаудан босанып шыға берді. Бұл кезде қас қараюға айналған. Заматта қараңғы түсіп кетті. Енді екі жақ та ұрыстарын тоқтатып кейін шегінді. Осылай Батыр Баянның ойда жоқта пайда болуының арқасында бір қырғыннан сау қалған Әбілқайыр әскері, майданда тең жартысын көмусіз тастап әрі шегіне берді. Батыр Баянның әскерін қосқанның өзінде қолының саны бар болғаны он мыңға жетер-жетпес. Мұндай шағын күшпен үш есе көп жоңғарға не істейсің?

Сәмекенің алыста жатқанын білмеген Сыбан Раптан Әбілқайыр қолын қумады. Артымнан Сәмеке әскері түре соғар деп қорықты. Содан, екі әскер екі жаққа қарай шегінді. Көп кешікпей жаңбыры жоқ, қары жоқ, күпілі адамның өкпесінен өтетін, бүкіл Сыр бойының жұртына мәлім күзгі қара суығы да басталады.

 

 

Сауран қаласы Отырар, Сығанақпен қатар салынған қазақ елінің көне бекінісі. Бұл қамал жағалай қазылған, ұзындығы жиырма бес, тереңдігі он бес кез, тіп-тік ормен қоршалған. Ордың түбінен қамалдың жоғарғы ернеуіне дейінгі биіктігі елу гяздай 1[1]. Оның үстіне әр әмір, әр дәуірде бұл шаһардың қорғанын өзінше күшейте түскен. Сондықтан да қамалдың ғасырлар бойы келе жатқан қабырғаларын Шыңғыс хан шабуылы кезінде де тас атқыш машиналар бұза алмай қойған деген лақап бар. Аңызға қарағанда, Сауран шаһарына Шыңғыс хан әскері кіре алмаған. Тек қаланы қорғаушылардың бірі қалмай аштан қырылғаннан кейін барып, монғол басқыншылары ие болған.

Түркістанды тастап кеткен Елшібек батыр, түнде қамыс арасында тығылып жатып, күндіз жүріп, үш күн дегенде серіктерімен осы Сауран бекініске әзер жеткен.

Қала хакімі Тұрсынбек жоңғарлардан қорқып әндижанға қашып кетіп, шаһар тұрғындары әбігерде екен. Бұл маңайға әйгілі Елшібек батырдың келгеніне олар қуанып қалды. Бір дауыстан бәрі шаһарды қорғау жұмысын Елшібекке тапсырды. Батыр бірден жауға тойтарыс беру жабдығына кірісті.

Жер бетін әділетсіздік билеген сонау қу заманда, тарих қиянаты әлсін-әлсін қайталана беретін. Осы сұрғылт балшықты ұлы бекініс сол қиянатты әр жүз елу жылдар арасында үзбей көріп отырған. Ол қиянатты Шыңғысхан кезінде де, Ақсақ Темір, Әбілқайыр, Абдолла шабуылдарында да бастарынан өткізген. Міне, бүгін жоңғар басқыншылары да сол қиянатты тағы қайталамақ. Ал қала тұрғындары бірі қалмай қырылғандарынша, шаһарларын жауға бермей қорғап келген. Бүгін де сүйтпек.

Бір кезде осы бекініс үстінде тас мүсін тәрізді күзетте Орақ батыр тұрған. Содан жүз елу жыл кейін, құл мен күңнен туған, жалаң төс батырлар Қияқ пен Тұяққа кезек келген. Қазір қорған үстінде осы қос батырдың ұрпағы, алпамсадай алып денелі, құрыштай берік Науан ұста тұр.

Науан ұстаның бар күн көрісі — көрігі мен балғасы. Арманы — арғы бабасы Орақ пен Қияқ, Тұяқ салған әділеттік пен ерлік жолын адал ұстау. Ал халқы үшін жан қиған ерлер жайындағы ел аңызы оның ана сүтіменен қанына сіңген.

Аңыз? Жоқ, Қияқ пен Тұяқ ерлігі аңыз емес, шындық! Оны ұрпақтан ұрпаққа ертегі етіп ел айтады, сол батырдың қаны тамған сұрғылт топырақты жер айтады. Бастарына қойылған құлпы тас пен ерліктерін өткізген осынау берік қамал — бекініс жыр етеді.

Ата-бабасының ерлігі ұмытпастай боп ұрпақтарының жүректерінде сақталып, мойындарына тұмар болып тағылған.

Күзетте тұрған Науан ұстаның қасына Елшібек батыр мен Бұқар жырау келді.

Мұсылманша хат танитын Бұқар жырау — қазақ тарихы қамтылған көне кітаптарды көп оқыған әйгілі шежіре. Ұлы арманының бірі сол халқының ерлігін үлкен дастан ету еді. Ол қазақ елінің басынан өткен күндерін ғана емес, бүгінгі күресін де, ерлігін де жырламақ. Үш айдан бері Сауранның жауға берілмей тұрғанын естіп, кеше қара түнді жамылып, жау шебінен өткен. Содан бері қаласын жаудан қорғаған, аштыққа да, ажалға да көнген қара бұқара жұртын көріп, мұқалған көңілі бір жасарып қалған. Жыр шумағы бірінен соң бірі келіп, қиялында дастан да туа бастап еді.

— Арсыз ба, Бұқар-еке! — деді Науан ұста қос қолын кеудесіне қойып.

Бұқардың майдан басына келгенінен хабардар жұрт лезде жиналып қалды.

— Барсыңдар ма, өрендерім! — Бұқар сүйсінгендей барлық жұртты көзімен бір шолып өтті де, Науанға бұрылды. — Арғы аталарың Қияқ пен Тұяқ батырлардың ерлігіне қанық едім, өз ерлігіңді көзіммен көргелі, шыбын жанымды шүберекке байлап, әдейі іздеп келдім, арысым...

— Халқыңыздың халі қыл үстінде тұрғанда келгеніңіз — бізге он сан қол қосылғаннан кем болмас! — деді Науан ұста. — Ісіміз оң болар.

— Айтқаның келсін! — кенет Бұқар жырау төңірегіне бұрыла қарады. — Бір кезде осы Сауранды Абдолла әміршіден сенің бесінші аталарың Қияқ пен Тұяқ қорғап еді, қазір, Науан ұста, жоңғардың жолында өзің тұрсың. Шапқан жаудың екпініне қарағанда біз әлдеқашан құрып кетуге тиісті едік, ел болып әлі келе жатырмыз, құдайдың бұнысына да шүкіршілік!

— Уа, жырау! — деп Науан ұста сәл алға аттады. — Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, менің бабаларым осы Сауранды қорғаған деп. Бүгін жау жағы тыныш жатыр ғой, қажыған көңілге қуат бере ме екен, солардың ерлігін айтсаңыз қайтер еді?

Жұрт шулап қоя берді.

— Иә, жырау!..

— Бабаларымыздың ерлігін үлгі етелік!..

— Налыған көңілге нәр болсын!

Халқының өткен ерлігін бір айтатын кез осы екенін ұққан жырау, көп күттірмей, сөзін бастап та кетті.

— Қазақтың басынан қандай сорақы күндер өтпеген, — деді толғанып. — Соның бірі осыдан жүз елу жылдай бұрын Тәуекел ханның тұсында болып еді.

Бұхар әміршісі Абдолла өз ордасында отыр. Кенет көзі күлімсіреп, сұлу мұрты тікірейе қалды. Ойда-жоқта бірдемеге қуанып кеткендей. Бірақ әміршісі ашуланса кенет көзі күлімсіреп, бетіне қан жүгіре бастайтынын көп жылдан бері білетін ақылшысы Хасен-єожа тағы да жазықсыз біреудің қаны төгілгелі тұрғанын ұқты. Уәзір әміршісінің бұл қасиетіне үйрене алмай-ақ қойған. Алдында тұрған көжекті жер алдында аждаһаның сілекейі көзінен жас боп ағады дейді. Әміршінікі де сол тәрізді қылық... Сонда бұл жолы кімді жұтпақ? Қазір хан сарайында Хасен-єожадан бөтен жан жоқ. Сонда... Мұның қандай жазығы бар? Бар айыбы — Бабасұлтаннан Талас бойындағы ұрыста Шағайдың жеңіліп қалғанын естірткені ме?

Абдолла кенет орнынан тұрып, терезе алдына барды. Мұнара биіктігінен хан сарайының етегіндегі, қалың бау-бақшаға бөленген Бұқар шаһарының қиыр шетіне көз жіберді. Әр жерде сыртын сан түрлі бояуларымен өрнектеген, ернеулері құран сүрелерімен безенген күмбезді мешіттер, Калон, Чар, Минер мұнаралары, Ұлықбек салдырған салтанатты медреселер көрінеді. Хан сарайының ауласы өрік, жүзім, алма, алмұрт, інжір ағаштарымен сыңсыған жасыл бау... Ағаш арасы сылдырап аққан күміс қоңырау бұлақтар. Бұл өзбек елінің Самарқанттан кейінгі үлкен шаһары. Бір кезде бұл шаһарды Самарқантпен бірге Абдолланың бабасы Мұхамед-Шайбани Ақсақ Темір ұрпағынан тартып алған. Мұхамед-Шайбани қаза тапқаннан кейін, Бұқар қайтадан Ақсақ Темір ұрпақтарына көшкен. 1557 жылы, яғни хаджри есебі бойынша 964 жылы, жиырма төрт жасар Абдолла екінші рет жаулап алды. Содан кейін ол Бұхарды өзінің астанасы еткен. Осылай Бұқар хандығы туған.

— Бұхар әміршісі Абдолла өзбек халқының қанын қандай сорса, Сырдарияның орта шеніндегі қазақ елінің де қанын сондай сормақ болды. Бабалары Әбілқайыр мен Мұхамед-Шайбанидың қазақ жерінен шыққанын сылтау етіп, Сыр бойындағы қалаларын өзіме қаратамын деп талай рет шапты, — деді жырау.

Абдолла терезе алдынан кейін бұрылып, жан-жағына ойлана қарады. Бірақ оның кірпік қақпай тесірейе қалған шегір көзіне — зәулім сарай еденіне төселген қырмызы қызыл парсы кілемдері де, әшекейлі өрнекті сафьян орындықтар да, қабырғада ілулі тұрған болат аспаптары мен алтын зерлі қылыш, қанжарлары да, бұрыштағы дөңгелек арша үстелінің үстіне шәрбат ішуге қойылған фарфор кеселер де, имек мойын күміс құмыралар да — бірде-бірі көрінбеді. Оның шегір көзі хан сарайының мәрмәр қабырғаларын тесіп, әлдеқайдағы көкжиекке шаншыла қарағандай.

— Қожа, сенен ақыл сұрағым келіп тұр, — деді ол, тағы көзі күлімдеп. —Дос боламын деп ант берген жауым, басқа жауларыма достық көрсетсе, мен қандай шара қолдануым керек?

— Ондай алдамшы достардың басын алған жөн, тақсыр хан.

— Солай де... Біздің жаққа шыққан Шағай мен оның баласы Тәуекел, қас жауым Бабасұлтан мен Бұзахұрдың бастарын маған әкеп бергілері келмеді. Ал, олардың басын қазақ қалаларын жаулап алған соң мен кесуім керек...

Бабасұлтанның опасыздығын сылтау еткен Абдолла бір мың бес жүз сексен екінші жылы, тамыздың сегізі күні Сауран бекінісінің етегіндегі қалың тоғайдың арасына кеп шатырын тікті.

Таң атып келе жатқан мезгіл. Бір кездегі атақты Әбілқайыр бабасының лашкерлеріндей, кілең көк темір құрсанған, төгілген жал, құлаш құйрық жүйрік мінген елу мың әскер лек-лек боп, бекіністі қоршай сапқа тұра бастады. Шаһардың сол жағында ақ боз, қара көк сәйгүлік мінген, бастарындағы болат дулығалары шығып келе жатқан күнмен шағылысқан Ұбайдулла сұлтанның жауынгерлері. Теріскей жақта күн белгісі бар қара туды желбіретіп ұстаған Абдолланың баласы әбді-Мумин сұлтанның лашкерлері. Түстері суық, қаһарлары ызғарлы. Күнгей тұста Ұбайдулланың баласы Асфандияр сұлтанның, ірбіз басының суреті салынған алқара көк туының астына Абдолла қарамағындағы Келдеш би, Жандәулет би, Тұрсын би, Бике би секілді белгілі әмірлердің жігіттері тізілген. Дені қазақ руларынан шыққан әмірлер болғандықтан, бұлардың әскерлерінің сырт бейнесі Дәшті Қыпшақ сыпайларына ұқсайды. Найзаларының басына ту етіп тұтам қылшық байлап алған. Тақымдарының астында бұзаубас шоқпарлары.

Сауран шаһарының құбыласындағы тоғайлы алаңында Абдолла әміршінің алқызыл жібек шатыры көрінеді. Бұ жақта да қалың әскер. Бұл әскерлер өзгелердікінен гөрі салтанатты. Жігіттерінің киген сауыттары да ерекше зерленген. Белдерінде кілең қорасан болатынан соғылған Бұхардың ұзын қисық қылышы. Иықтарында ұзын мойын білтелі бұқар мылтығы. Әскер кейпі сәнді де, сұсты да.

Шаһар бекінісінің үстіндегі кереге көз алаңдардағы қала қорғаншылары: қала хакімі әбді-Саттар, Қияқ, Тұяқ батырлар... Кенет бүкіл әлемді басына көтере барылдаған керней үні шықты. Оған шиқылдаған зұрнаның ащы даусы қосылды. Жүздеген дауылпаз қағылып, заматта дүние біткен әлем-тапырық үнге толды да кетті.

... Енді Бұхар әміршісінің қызыл жібек шатырының ар жағындағы шағын тоғайдан бір топ салт аттылар көрінді. Үстеріндегі болат сауыттары күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Жалаңаш қылыштарын бастарына көтере ұстаған. Қорасан құрышының жүзінде күн сәулесі емес, ажалдың суық ызғары ойнағандай. Ең алдында өн бойы күміс шынжырлы сауытпен жабылған есік пен төрдей ақ боз ақалтеке арғымақ мінген, қырықтарға жаңа жеткен, сұлу мұртты, тұлғалы адам келе жатыр. Өзгелерден бұның құр ғана айбарлы пішіні, атқа тәкаппар отырысы, асыл қару-жарағы ғана емес, тағы да бір айырмасы бар. Астындағы ақбоз тұлпарының тоқпақтай кекілінің үстіне көне заман ғұрпымен «бақ құсы» — аппақ сүттей тұрымтайды отырғызып алған. Егер тұрымтай жау көргенде қорқып ұшып кетпесе, батырдың жолының оң болары хақ. Ал жау қарасын көргеннен тұрымтай қаша жөнелсе, онда батырға бұл айқас қауіпті. Бақсы-балгерлер заманында жаман ырымнан сескеніп батырлар атының басын кейін бұрады.

Атты жасақ шеткі әскер алдына жете бергенде, қайта дабыл қағылып, керней, зұрналар қайтадан ішегін тарта барылдап, шиқылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті.

Қамал басындағы жұрт бұл топ Бұхар әміршісі Абдолланың тобы екенін, бәрінің алдында ақбоз ақалтекесін ойнақтатып келе жатқан айбынды баһадурдің өзі екенін біліп сескене қалған.

әмірші тобы сол қылыштарын көтерген қалпында Абдолланың соңынан құрық тастам жерде жұбын жазбай желе шауып, қорғанды қоршаған қалың әскердің алдынан тоқталмай өтіп келеді. Жан-жақтарына қарар емес. Тек Абдолла топтың алдында тұрған сұлтандарын, батырларын, билерін көргенде ғана соларға қарай мойнын бұрады. Әмір, сұлтандар: «Мәртебелі болыңыз, ұлы баһадур!» деп бастарын иіп тәжім етеді. Әмірші атын ойнақтатқан қалпында әскер алдынан өте берді. Соңынан еріп келе жатқан топтың үстінен алтын ай бейнесі салынған Мұхаммед пайғамбардың жасыл туы бүкіл аспанды жапқысы келгендей, желмен ойнап желпілдейді. Ақ боз арғымақтың кекіліндегі «бақ құсы» байлап қойғандай тырп етер емес.

— Біз жеңіліп, ол жеңеді екен, халайық, — дейді құстың ұшпағанын көрген біреу.

Енді Абдолла тобы әбді-Саттар тұрған қабырғаның тұсынан өтіп бара жатыр. Екі топтың арасы садақ оғы жетер-жетпестей мөлшерде.

— Ол бізді жеңгенше...

Қала хакіміне таяу тұрған Қияқ батыр сөзінің аяғын айтпай қайың садағына сауыт бұзар жебесін салып жіберіп, Абдоллаға қарай шірене тарта бастады.

— Атпа! — деді бір зор дауыс.

Қияқ батыр «әттең, әттең!» деп, жебесінің ұшын жерге қаратты.

— Олай болса! — деді ағасының сол жағында тұрған Тұяқ батыр садағын көтере беріп, тартып қалды.

Құладын қауырсынына байлаған қозы жаурын жебе зу етті. Көзді ашып-жұмғанша, Бұхара әміршісінің астындағы ақ боз сәйгүліктің кекілінде отырған ақ тұрымтай жалп етіп жерге ұшып түсті.

— Мерген екен! — деді Абдолла жүзінен ешбір қобалжу белгісін көрсетпей. — Тұрымтай өзі ұшқан жоқ атып құлатты ғой, бұл санаққа алынбайды. Басқасын отырғызыңдар.

Нөкер кейін шауып, заматта қайта оралды. Әмірші атымен қатарласа желіп, ақ боз жүйріктің кекіліне басқа бір ақ тұрымтайды отырғызды.

Абдолла ертеңіне тағы майданға шықты.

Тағы күн шығып келе жатқан кез. Қамал үстінде баяғы адамдар... Тағы көк темір асынған қалың әскер. Кенет дабыл қағылып, керней, зұрналар ішін тартып барылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті. Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші... Бірақ бұ жолы кешегідей емес, алыс кетіп барады. Сірә, Тұяқ мергеннің жебесінен қорыққандай.

Абдолланың ақ боз атының кекіліндегі ақ тұрымтай алыстан бір үн естігендей қанатын қағып жіберді де кенет жоғары көтеріле берді. Қас қаққандай уақыт өткенше ол қамалға таяй түсті де, кенет кілт бұрылып кейін ұшты. Шамасы, ат кекіліне қайта барып қонбақ. Бірақ ол ойнағысы келгендей, ойламаған жерден бір бұтаға барып қонды.

— Ұстап әкеліңдер, — деп бұйырды Абдолла.

Бір нөкері шапқан бойы, жерден теңге алғандай, бұта басындағы тұрымтайды қолымен алып, қағып кейін қарай зымырады.

— Лашкарға емес, құсқа обал болды-ау! — деп өкінген дауыс шықты. Сөйткенше болған жоқ, Тұяқ қолындағы садағын көздемей тартып қалды. Абдоллаға жүз қадамдай қалған лашкар қолындағы тұрымтаймен бірге жерге жалп етті. Абдолла қорған жаққа таңдана қарады да, атының басын кейін бұра сала, шатырына қарай шаба жөнелді.

— Жау тұрымтайының денесі біздің жерімізде қалды, жақсы ырым! — деді, бағанадан бері болып жатқан оқиғаға үн-түнсіз қарап тұрған әбді-Саттар сұлтан. — әйтсе де, ат кекілінде отырған тұрымтай кенет неге бізге қарай ұшты? — Ол Тұяққа сезіктене қарады.

Тұяқ сәл езу тартты да, қолын аузына апарып, нағыз бір бала күніндегі құс шақыратын әдеті есіне түскендей, ақырын ысқырды.

Хакім езу тартып күлді.

— Сенің құпияңды ешкім білмей-ақ қойсын — деді ол, — құс денесі біздің жерде қалды. Бұған халық та сенсін...

— Жау қандай айла қолданғанмен, қамалды ала алмады, — деді Бұқар жырау. — Басқыншылары қара түнде ұрланып келіп, қабырғаға баспалдақ қойса, қорғаушылар үстерінен майлы от-дәрі лақтырды. Бекініс астынан жау ор да қазып көрген, бірақ Сауран бекінісінің қабырғалары он бес кездей жер астынан қаланғандықтан, одан да ештеңе шықпады. Терең жыра өткізіп, Сырдың суымен қаланы тұншықтыруды да ойлады. Қала биікте тұрғандықтан, суы жоғары көтеріле алмай, ернеуінен асып, Абдолланың өз шатырын су әкете жаздады. Осылай арпалыста үш ай өткенде, Сайрамнан азық-түлік келу тоқтатылды. Абдолла тонаған жұрт Сайрамға жиналып, қала маңында бүлік көбейді. Енді онсыз да тамаққа жарымай жүрген Бұхара әскерінің халі тіпті қиынға айналды. Азық-түліктен ада бола бастаған әскердің арасында «осы соғыс кімге керек?» деген күңкіл де туа бастады. Көп кешікпей бар астық бітті. Әскер ашаршылыққа ұрынды. Енді жігіттер зеребе ұстасып, ұтылған серіктерінің атын сойып жеуді шығарды.

Сауранды қоршап болған Абдолла қорғанды алудың жаңа жолын ойлай бастады. Ең алдымен ол бір күні түнде Бұхар аймағының әмірі Камалиддин Хұсаиндиванға ат шаптырды. Тезірек Сауранға азық-түлік пен Рухади ұста құйып жатқан «Қара бура» тас атқыш қазанын жеткіз деп бұйырды.

Жер арасы шалғай, жәрдем тез келе қоймады. Абдолла әскерінің халі күннен-күнге нашарлай түсті. Әскер арасында бүліншілік те шығуға таяды.

Бұл соғыстың қажеті жоқ екеніне көзі жеткен кей жігіттер қазақ даласына қашты. Сонау Бұхара мен қазақ жерінің түйіскен тұсында, Сырдария мен Амударияның қамысты жағаларында өзбек, қазақ, түркімен, қырғыз жігіттерінен құрылған бірнеше аламан жасағы пайда болды. Олар тек қана бай мен манаптардың мал-мүлкін талап қоймады, Сауранды қоршаған Абдолла әскеріне бара жатқан, азық-түлік тиелген керуендерді де шапты.

Абдолла әскерінің халі күннен-күнге қорқынышты бола бастады.

Бір күні әмірші үстіне жаман шапан киіп, түсін өзгертіп, әскер шебін аралады. Топ жігіттің жанынан өтіп бара жатып, олардың не сөйлесіп тұрғанын естімек боп тоқтай қалды.

— Қашан бітер екен бұл соғыс? — деді бір жас дауыс.

— Сауранды ал, сосын бітеді, — деп жауап берді кәрі жауынгер.

— Сауранды алсаң, «Сайрамды ал!» дейді. Сонда менің табарым не? Соғыстан олжа етіп алып барған азғантай матаң мен ақшаңды елге қайтысыменен, «соғысқа керек» деп салық жинаушы тартып әкетеді.

— Берме!

— Бермей көр!

— Бәрі алладан және өзіңнен...

— Өзіңнен? Топ итті жолбарыс басқарса, біраздан кейін иттер жолбарысқа айналады. Топ жолбарысты ит басқарса, жолбарыстар түбі ит боп кетеді. Бізден не шығады, ит боп кеттік қой. Әйтсе де Мұрат балуан өз жолын өзі тауыпты... Аламан боп жүрген көрінеді. Жақында хан керуенін тонапты. Енді ханның өзі кездессе екен дейтін көрінеді.

— Неге?

— Оған сақтап жүрген оғым бар депті...

— Ақырын...

Абдолла әрі қарай жүре берді. Бір адамды жазалағанмен не шығады? Біреуінің басын кессең, оны наразы болады. Онының басын кессең, жүзі бүлік шығарады. Қазір әскер арасы қураған қурай секілді, болмашы ұшқын түссе болғаны лап ете қалғалы тұр.

Қиын жағдайдан әміршіні Бұхардан келген жәрдем құтқарды. Екінші Жұмаді айының оны күні бірнеше «Қара бура» тас атқыш қазандары мен тоқсан түйеге тиелген азық-түлік жетті. Абдолланың жарлығы бойынша, төрт қазан Сауранның сыртында төрт жерге орнатылған. Әбден ыза болған әмірші «Қара бура» тас атқышы дайындалып бітісімен-ақ радендазанларға (зеңбірекшілерге) «Атыңдар!» деп бұйрық берді. Дабыл қағып, зұрна, кернейлер барылдай жөнелді. Ал «Қара бура» қазандары астынан көтерілген бу мен жалыннан гүрсілдей ақырып, қойдай-қойдай тастарды ғасырлар бойы мызғымаған қамал қабырғаларына дүңк-дүңк ұрды. Кенет ақырзаман орнағандай дүние жүзі әлемтапырық болып кеткен. Енді «Қара буралар» қала ішіне атылып, әр жерде өрт шыға бастады. Сонда да қала қорғаншылары «көндік!» деп қол көтермеді. Қияқ пен Тұяқ басқарған екі жүз мерген қорғанға таяу қойылған тас атқыш жанындағы сарбаздарға оқты қардай боратты.

Дүние осылай астан-кестең боп жатқан кезде Сауранға Яссыдан хат таситын көгаршын ұшып келген. Көгаршынның мойнына байланған қағаздан Сауран тұрғындары өздерін құтқарып алуға, Ноғайлы елінен жиналған қалың қолмен Бабасұлтан мен Бұзахұр келе жатыр деген қуанышты сөзді оқыды. Бұл сөз қала қорғаушыларының рухын көтеріп тастады. Енді олар «Бауырларымыз, сендер жеткенше қаланы бермейміз» деп, бүкірейген шалы мен еңбектеген баласына дейін қайтадан қамал үстіне шықты. Бұлардың бағына қарай, кейінгі күндерде «Қара буралар» да даусын сирек шығара бастаған. Өйткені, қазандарды қыздыратын Бұхардан алып келген майлары таусылуға айналып еді.

— Ал, Яссыдан келген хабар жалған хабар еді, — деді Бұқар жырау. — Оқиға былай болған: Бабасұлтан мен Бұзахұр сұлтан Абдолладан қашып Мұғажар тауларын бөктерлей отырып Сарайшыққа жеткен. Бірақ осының алдында ғана Ноғайлы елі бағынып отырған Астрахань хандығы құлап, Астрахань қаласы бұл уақытта айбарлы орыс патшасы жандаралдарының қолына көшкен. Астрахань хандығының билері орыс патшасының қол астына енген. Бұларға көнгісі келмейтіндердің біразы Қырымға, Герей ханның жеріне қашқан, ал кейбіреулері Ноғайлы елін паналаған.

Бұхар хандығына қарсы күресуге Түркістан сұлтандарына әскер беруге қарсы болған осы Астрахань билері еді. Бұлардың сөзін Маңғыт руының беделді ақсақалдары, шонжарлары қолдады.

— Ноғайлы елінің жігіттері орыс патшасынан Астраханьды қайтарып алуға керек, — деді Астрахань билері, — Ноғайлы жұртының мұң-мұқтажы осы жерде, күші мол Қырым ханына жететін жолда. Біз Қырым ханымен бірігіп, Ноғайлы жерін сақтауымыз керек. Айдаладағы Абдолламен соғысып біздің қандай шаруамыз бар?

Ақырында Ноғайлы еліне келіп көп әскер аламын деген Бабасұлтан, шағын қолмен ғана үй ішін ертіп, өз басын өлімнен әзер құтқарып, Түркістанға қарай беттеген.

Сауран қорғаушыларына жеткен «Бабасұлтан келе жатыр» деген осы хабар еді. Бірақ әлдекімнің дуалы аузыменен өзгеріп жетті. Қастығы ма, достығы ма, кім білсін?...

— Бабасұлтанның келе жатқанын Абдолла да естіді, — деді Бұқар, анталаған жұртқа қарап, — дереу Тәуекелді жұмсады.

Ол он күн өткеннен кейін Бабасұлтанды өлтіріп, қолға түскен баласы Латифты алдына салып айдап Сауранға келді. Жібек шатырының алдында, хан тағында отырған Абдолла әміршінің аяғының астына Бабасұлтан мен Жалмұхаммед аталықтың бастарын тастай салды да, өзі бір тізерлеп тәжім етті.

Абдолла әмірші түрегеліп, аяғының астында жатқан жауларының бастарына көз жіберіп сәл тұрды да, үстерінен аттап, анандай жерде тізе бүгіп отырған Тәуекелдің қасына келді.

— Ең қас жауыңды өлтірген адам ең жақын туысқаныңнан да қымбат! — деді сұрлана қарап. — Тәуекел сұлтан, сен енді маған бауырым Ұбайдолла мен Дүстем сұлтаннан кем емессің. Осы еңбегің үшін өзімнің туған қалам Африкентті сыйладым.

— Көп рахмет, мәртебелі әміршім, — деп Тәуекел орнынан түрегелді.

Абдолла жиди бастаған бастарды бұзылып кетпес үшін, балға толы күбіге салдырды. Сол мезгілден бастап, Бұхар әміршісінің бас жауының құрығаны үшін үлкен той басталды. Түні бойы Сауран қорғаншылары жау жағының у-шуын, шаттана шырқаған ән-күйін естіп шықты. Шараптан әбден еліріп алған бір лашкар қамал етегіне кеп: «Бүгінгі түн сендердің ақырғы түндерің! Ертең жан біткеннің бәрі жоқ болады!» деп айқай салды. Қамал басында тұрған бір жігіт ашу қысып кетіп, оған қарай қолындағы қамыстан жасалған оқ-дәрісін лақтырды. Мас лашкар үстіне түсіп, лап етіп жанған оқ-дәрімен бірге лапылдап өртеніп шыр-көбелек айналды да қалды.

Кешеден бергі қанды оқиғадан хабары жоқ сұлу күн әдеттегісіндей тағы да әлем бетіне алтын нұрын төге шықты. Дүние жүзін тағы да мерейлі шаттық биледі...

«Қара бура» гүрсілі сәл тоқтап, болмашы тыныс алған, шоғырланған то-
былғы, баялыш арасындағы қара торғайлар көтеріліп келе жатқан күнді құттықтағандай, әлемді тәтті бір әуенге бөлей, ән шырқатты.

Жібек шатырынан Абдолла әмірші де шықты. Ол нөкерлеріне әмір берді.

Көп кешікпей қамалға қарай қара күбі қойылған ат-арба бара жатты. Арбамен қатарласа қол-аяғы кісендеулі Латиф сұлтанды бір кісіге сүйретіп, бір кісіге айдатып қамал етегіне Құлбаба көкілташ та жетті. Қамал үстінде әбді-Саттар мен Сауран биі Жанболат төре тұр. Қастарында Сауран ақсақалдары, Қияқ пен Тұяқ... Аяқ-қолы кісендеулі сүйретіліп келе жатқан туған інісін көргенде, әбді-Саттар бір мезет екі қолымен бетін басып тұрып қалды.

— Уа, ағайын! Асқар тау, сенде бір мін бар, асуға жол бермейсің. Тасыған су, сенде мін бар, өтуге өткел бермейсің. Сауран шаһарының жақсылары, сендерде де бір мін бар, жеңілгеніңді көрмейсің! — деп бастады Құлбаба көкілташ, — жеңілгенің емей немене, Ноғайлыдан әскер әкеледі деп сенгендерің Баба-
сұлтан болса, алдарыңда тұр...

— Бабасұлтан қайда?

— Денесі қайда дейсіңдер ме? Бәріміз баратын қара жерде... Ал алтын басы мына бал салынған қара күбіде...

әбді-Саттар інісіне қарап:

— Мына қақпастың айтып тұрғаны рас па, Латиф сұлтан? — деді дір-дір етіп.

— Рас...

— Естідіңдер ме, ағайын? — деді дауыстап Құлбаба көкілташ. — Енді сенетін кімдерің қалды? Одан да тағдырдың дегеніне көніп, өз еріктеріңмен беріліңдер! Сонда ғана ұлы мәртебелі Абдолла әмірші күнәларыңды кешеді.

— Ал берілмесек не істейсіңдер? — деді Жанболат төре дауыстап.

— Ең алдымен өз көзіңше мына тұрған бауырың Латиф сұлтанды бауыздаймыз, әбді-Саттар мырза! Содан кейін барып зынданда құрт-құмырсқа жеп жатқан Тахир сұлтанның басын аламыз.

— әбді-Саттар сол сазарған қалпынан өзгермеді:

— Сосын?

— Сосын... Осы қамалды қоршап алып, бірің қалмай аштан өлгенше, той тойлап, би билеуде боламыз.

Кенет Латиф сұлтан шынжырын сүйрете алға ұмтылды да, бар даусымен айқайлап жіберді.

— Біз үшін Сауранды бермеңдер! Абдолла Сауранды алғаннан кейін сендерді де өлтіреді. Бәріміздің қанымызды ішпей тынбаймын деген анты бар?

— әкет кейін, мына жолбарысты!

Екі жігіт Латиф сұлтанды орнынан қозғалта алмады. Еңгезердей лашкар оны тізесінен таяқпен ұрып құлатты да, бәрі жабылып кейін сүйрей жөнелді. Ол сүйретіліп бара жатып:

— Кешірім етеді деген сөздеріне сенбеңдер! — деді бар даусымен. — Шыдаңдар! Берілмеңдер! Көп кешікпей сендерге жәрдемге Яссы, Сайрам, Отырар, Ақрұқ...Бүкіл қазақ даласы келеді.

Бұқар жырау осы тұсқа келгенде, тыңдап тұрған жұрт толқып кетті:

— Аруақтарыңнан айналайын бабаларым-ай?!

— Өлтіріп жатса да шаһарды жауға бермепті ғой.

— Біз де солардай болуымыз керек!

Жырау сөзін қайта бастап кетті.

 

 

Ертеңіне күн шыға тағы дабыл қағылып, зұрна, кернейлер барылдап, әдеттегідей, бар әлемді басына көтерді.

Абдолла шатырынан шықты да, әлдекімге қолымен әмір етті. Сол сәтте ең үлкен «Қара бура» гүрс етіп атылды. Бұ жолы оның аузынан қамалға тас орнына сірі қапшық ұшты. Бұнда Бабасұлтан, Тахир, Латиф сұлтандар мен Жалмұхаммед аталықтың бастары бар еді. Қапшық жарылып кетпесін деп сыртынан кигізбен қаптаған. Ішінде Абдолланың қолынан жазылған «үлкен-кішілеріңе қарамай бәріңнің де бастарыңды дәл осылай кесермін» деген хат бар екен. Сауран тұрғындары ақ кигізге сап, төрт басты әбді-Саттар мен Қияқ, Тұяқ батырлардың алдына алып келді.

Денесі жоқ төрт басты қала тұрғындары қадірлеп, мұсылман ғұрпымен жерледі. Бабасұлтан хикаясы осылай бітті.

Өліктерін жерлегеннен кейін, Ноғайлыдан күш келмейтініне көзі жеткен әбді-Саттар кешке қарай Қияқ пен Тұяқты шақырды.

— Жігіттер! — деді ол. — Сауранды көп болса екі аптадай ғана қорғауға күшіміз жетеді. Ашаршылық жайлай бастады... Бірақ, жаудың да халі бізден артық емес. Күздің қара суығы, жауын-шашын басталғалы тұр. Ар жағында қыс та таяу... Абдолланың әскерінің дені ыстық жақтан. Бұл араның қара суығына шыдай алмайды. Және күзгі батпақты жолмен азық-түлік жеткізу де оларға оңайға түспейді. Күзге дейін шыдасақ, Абдолла қоршаудан еріксіз босатады.

— Босатпай жүрсе қайтеміз? — деді Тұяқ.

— Онда бәріміз де қырыламыз.

Үшеуі бір сәт үнсіз қалды. Қияқ бір ой түбіне шомып кеткендей, жерден көзін алмай тұрып-тұрып, әлден уақытта басын көтерді.

Менің бір ойым бар.

— Сөйле, батыр.

— Бақанын алсаң, шаңырақ жерге құлайды...

— Сонда... сен...

— Анада бір ыңғайы кеп қалып еді...

— Қалайша?

— Менің жебем өзгелердікінен екі есе алысқа ұшады. Тек әлдекімнің «атпа!» дегенінен кідіріп қалдым. Бекер тыңдаған екем. Соған өзім де қатты өкінем... Ал қазір Абдолла бізге аспандағы жұлдыздан да алыс... Қолымыз жетпейді. Оның шатырын жұмақты қорғағандай қорғайды. Майданға үнемі қалқанмен шығады... Менің ойым Абдолла емес, басқа адам жайында. О да Бұхар әскерінің бір тірегі...

— Кімді айтып тұрсың, батыр?

— Тәуекел сұлтанды... Хақназар ханды Жасылкөл жағасында өз қолымнан қойдым. Хан өлер алдында маған Тәуекел туралы бір құпия сыр айтып еді...

— Онда... Өзің білесің, батыр... Жастығына қарамай Тәуекел Абдолланың оң қолы екені рас. Және Тәуекелдің соңынан ерген қазақтар да аз емес. Қыс түскенде, Абдолланың өзге әскері шыдай алмағанмен, бұлар шыдайды. Мен Тәуекел жасақтарынан сол жағынан қауіптенемін.

— Рұқсат етіңіз, сұлтан, онда біз жолға шығайық.

— Рұқсат, жолдарың болсын!

— Сол күні түнде Абдолланың туған ағасы Ұбайдолланы, оның баласы Асфандиярды, Абдолланың жалғыз ұлы әбді-Муминды, ақылшысы Хасенєожаны, егер ақылға көнбесе Тәуекел сұлтанды да жансыз барып өлтіруге, Саураннан жұпыны киінген бес тас жүрек жолға шықты. Бұлар кетісімен, бие сауымдай мезгіл өтпей әбді-Саттар сұлтанның әйелі Айнар Сұлтан-Бике үйінің терезесінен жау жағына хат тасушы көгаршын ұшты. Көгаршынның қауырсынына байланған қағаздан Айнар Сұлтан-Бикенің әкесі Ұбайдолла өздеріне жіберілген бес жігіттің хабарын білді. Әбді-Муминды, Асфандиярды, Хасенєожаны өлтіруге келген үш жігіт бірден қолға түсті. Сол сағатта бастары кесілді. Ал Ұбайдолланы өлтіруге келген Тұяқ қауіпті дер кезінде сезіп қап, ұстауға шыққан лашкарлармен атысып, қоршаудан әзер құтылды. Өлдім-талдым дегенде таң ата Сауран қамалына жетті. Ешкімнің қолына түспей Тәуекелді аңдып, Яссы жағына тек Қияқ қана өтіп кетті. Бірақ бұ да алдынан күтіп тұрған жасақтан құтыла алмады.

 

 

Тәуекел бұл күндерде Шағай сұлтанның қарамағындағы қосынмен Яссы бекінісін шаппақ боп жатқан. Қол-аяғы байлаулы Қияқты Тәуекелдің алдына алып келді. Жаңа соққан алдаспанын сынамақ боп, сұлтан шатырының алдында бір құшақ жас тобылғыны шапқылап тұрған. Ол қылышын тастамай тұтқынның қасына келді. Жігіттің қандай қылмысы барынан бұрыннан да хабардар еді. Енді тұтқынның сымбатты дене бітісіне, өткір көзді қайсар жүзіне сұқтана қарады. «әбді-Саттар сұлтан менің басымды алдыруға кімді жіберуді білген екен. Жеркене қараған келбеті қандай сұсты? Бұған мен не жаздым? Нәсілі, себебін білген жөн болар... Бостан-бос мені өлтіруге шықпаған шығар... Және өзінің жасы да менімен теңдес пе, қалай?»

Тәуекел сұлтан ызалана қараған Қияқтан көзін алмай біраз тұрды да:

— Атың кім? — деді.

Қияқ та көзін тайдырмай:

— Атым Қияқ, әкем Жаубасар батыр! — деді.

Тәуекел мырс етіп күлді.

— «Жаман иттің атын бөрібасар қояды». Жаубасар деген батырды естісем құлағым керең болсын. Қай рудансың?

Арғынның батыр руы Алтаймын.

— Алтайдың қай биінің баласымын дедің?

— Жаубасар деген құлының баласымын.

ә!.. Қаншаға келдің?

— әкем марқұм Шағай сұлтанның өгей баласы Тәуекел туған күні сен де туғансың дейтін...

«Өгей баласы» деген сөзді естігенде, біреу жүрегіне қанжар салып алғандай, Тәуекел сұрланып кетті. Осындай жанына бататын бір суық сөзді ол бала кезінде де бір естігені бар... Бірақ, одан бері көп жыл өтті ғой... Нағашы әкесі әбілқасымның үйінен әкесі Шағайдың қолына қайтып келгелі, мұндай жанын күйдірер лебіз құлағына тиіп көрген жоқ... Ал мынау құлдың айтып тұрғаны не сандырақ?

Ол қылышымен Қияқтың қол-аяғын байлаған шылбырды қиып жіберді.

— Отыр! — деді бұйырып. — Ал сөйле білгеніңді!

— Мына жат көздерің кетсін...

— Жақсы, олай болса шатырға кір, — деді Тәуекел Қияққа, сосын күзетші жігіттерге бұрылды. — Сендер сыртта қалыңдар.

Сұлтанның айтқанын орындап күзетші лашкарлар сыртта қалды. Тек шеткі, қабағы қатыңқы мосқал лашкар ғана, қылышын қынабынан суырып, есік алдына барып күзетке тұрды. Іштегі сөз сыртқа тегіс жетпегенмен, жан күйігінен ашына шыққан кейбір үндер талмаусырап күзетшіге естіліп жатты.

Тәуекел үйге Қияқты алып кіргеннен кейін, дереу сөзге кіріскен.

— Ал айтшы, маған қастық ойлардай қай бауырыңды өлтірдім, қай қалыңдығыңды қорладым?

— Қазақ баласы деген бауырымды өлтірдің, қазақ қызы деген қалыңдығымды қорладың! Абдолла әміршіге еріп туған еліңді қан-жоса еттің. Сол үшін мен сені өлтіруге тиісті едім.

— Туған елімнің қанымен менің қолым боялған жоқ. Бабасұлтанды өлтірсем, о да сенің ата жауың! Шарабхана оқиғасын ұмыттыңдар ма?

— Иә, ол солай... Бірақ Бабасұлтан қазақ еліне Түркістан уәлиетін соғыссыз қайтарып берді ғой, Абдолла оны соғыспен тартып алмақ. Сол ма сенің жаныңның ашығаны? Молда, қожа басының сақинасы бар адамды «қаны тасып кетіпті» деп тамырынан қан ағызып емдейді. Қазақтың қаны тасып кетті дегенің бе, халқыңның қанын судай ағызғаның? Қолым қанды емес дейсің, Кендірлік, Кеңгір бойының ауылдарын шауып, ақырғы күн көріс малын Абдолла әскеріне әкеп бергеніңде де қолың қанды болмады ма? Бабасұлтанға ерген Түркістан уәлиетінің қазақ жігіттерін Жыланшық өзенінің бойында қан-жоса етіп қырғаныңда, екі қолың бірдей өз бауырларыңның қанына боялған жоқ па еді? Яссыны шапқалы отырсың, сонда кімді мұқатпақсың? Баяғы бір сорлы қазақ елі емес пе? Осының бәрін Жаубасар құлдың баласы Қияқ түсінгенде, Шағай сұлтанның асыранды ұлы, Тәуекел, сен неге түсінбейсің?

Қияқ батырдың жер-жебіріне жете айтқан сөздері жанына сегіз таспалы қамшының осуындай батып тұрған Тәуекел, «Шағай сұлтанның асыранды ұлы» деген сөзді естігенде жүрегі тағы қабынып кетті. Беліндегі қанжарына қолының қалай барғанын білмей қалды. Әйтсе де ол өзін-өзі ұстап:

— Жарайды, егер менің қолым туған елімнің қанымен былғанса, жауының қанымен жуып ағартуға бармын, — деді даусы қырылдай шығып, — бұны соңынан ұғысалық. Ал сен бір емес, екі емес менің бетіме «Шағай сұлтанның өгей баласы» деген ауыр сөзді кінә етіп бастың. Бұл қай сөзің? Егер жалған айтып, жала жапсаң... — Тәуекел сөзін аяқтамай тоқтады.

— Жақсы, сен сұрадың, мен айтайын. Жалған болса халқы Хақназар деп атаған Ақназар ханның аруағы атсын. Бұл сөзді сол ханның өз аузынан естідім. Менің анам аты күңге лайық Қойсана болса, сенің анаңның аты ханшаға лайық Күнсана екен, — деп бастаған Қияқ, өзінің Тәуекел жайында білгенін тегіс айтып берді. Анасы Күнсананы өгей әкесі Шағайдың қалай өлтірген жерін естігенде, Тәуекел қанжарын суырып алып, ақырып жіберді.

— Тоқтат! — деді ол. Тәуекел есік алдындағы күзетшінің тым таяу тұрғанын жаңа ғана аңғарды. — Егер енді бір сөз айтар болсаң...

Қияқ кілт тоқтады. Тәуекел де сол жалаңаш қанжарын жоғары көтерген қалпында демін әзер алып, мелшиді де қалды. Әлден уақытта барып қанжарын қынабына салды.

— Осыншама құпияны білгенің үшін, тірі қалмауға тиісті едің... Әйтсе де, бір жолға кештім. Ал сен айтқан сырды басқаның аузынан естір болсам, маған өкпелеме!

Тәуекел жедел басып барды да, «Садық» деп дауыстады. Үйге күзетшілердің басшысы ұзын бойлы, ашаң жүзді лашкар кірді.

— Садық, — деді Тәуекел, — мына жігітті ауқаттандыр да, астына ат беріп, қас қарая барар жағына апарып сал. Өзіңнен бөтен тірі жан білмесін.

— Құп!

Тәуекелдің көзі кенет есік алдындағы күзетшінің алыстау барып тұрғанын шалып қалды. Енді ол сыбырлап сөйледі.

— Ал мынау Жарқын сарбазды... бүгін түнде жоқ ет!

— Құп!

— Сұлтан сыбыры өзі жайында екенін күзетші де сезді. Іші мұздап кетті. Әйтсе де, сыр бермеді. Қас қарая Садық тұтқынды шығарып салуға кеткен кезде, бұ да басқа жолмен Сауранға қарай тартты. Садықтың қайтып келіп, өзін өлтіруін күткен жоқ. Ол атын анда-санда сәл тынықтырып, түні бойы шауып отырып, таң ата Сауран түбіндегі Шағай сұлтанға жетті. Естіген сөзінің бәрін айтып берді. Сұлтан ләм-мим демей, үн-түнсіз тыңдап шықты. Қашқын бар білгенін жеткізіп болып, мұндайда айтылатын алғысты күтіп, басын төмен ие бергенде дәл жүрек тұсынан кеп алмас қанжар қадалды. Қашқын сәл еңкейе берді де, етпетінен құлап түсті. Жалғыз рет аунауға ғана мұршасы жетті, көзі шарасынан шыға жаздап бір ышқынды да, созылып жүре берді. Шағай еңкейіп Жарқынның кеудесіне қадалған қанжарын алды да, жанына жүгіріп келген дәйекші жігітке:

— Мынаның өлімтігін шығарып тастаңдар! — деді. — «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген осы.

Сәске көтеріле Шағай Абдолланың шатырына кірді. Ханға кәрі сұлтанның не айтқаны белгісіз. Тек қаһарына мінген Абдолла Тәуекелге жендеттерін жіберіп, ұстап әкелуге бұйырғанында, сұлтан өз шатырында болмай шықты. Хан үш түн өткесін барып, Тәуекелдің Дәшті Қыпшақ жеріне қашқанын естіді.

Сөйткенше күздің қара суығы да келді. Сауранды ала алмайтынына көзі жеткен Абдолла, әкесі Ескендірдің қатты науқас екенін сылтау етіп Бұхарға қайтты.

— Халық табандылығы деген, міне, осы! — деді енді Бұқар жырау, — Бұхар ханының көк темір құрсанған атақты әскері де азғантай қала тұрғынына ештеңе істей алмаған! Табанды болсаң жоңғарлар да кейін шегінеді.

Халық тағы шулап қоя берді.

— Табанды боламыз!

— Біріміз қалғанша шаһарымызды бермейміз!

— Жауға құл болғанша, өлгеніміз жақсы!

Шу басылған кезде бір жас жігіт:

— Сосын не болды! — деп сұрады, — Қияқ, Тұяқ батырлар қайтадан Абдоллаға қарсы соғысқа қатысты ма? Бабасұлтан ұрпақтары не істеді? Жауынан әкелерінің кегін қайтара алды ма?

— Бабасұлтан ұрпақтары емес, халық өз кегін Абдолладан сан рет қайтарды, — деді Бұқар жырау. — Бабасұлтан хикаясы сонымен тынған. Құмкентке таяу, Үшбас пен Қарабас өзендерінің тоғысқан қойнауында осы оқиғадан жиырма бес жыл өткеннен кейін, сұлтанның кенжесі Ысқақ «әкемнің өлген жері» деп, мешіті мен медресесі бар «Баба» деген шағын қала салдырған. Өз басының қамы үшін халқын қанды қырғынға ұшыратқан Бабасұлтанның атын қазірдің өзінде ешкім білмейді. Ал Қияқ пен Тұяқтың аты халқының жүрегінде сақталып келеді. Олардың ерлігі әсіресе соңынан хан болған Тәуекел тұсында ерекше көзге түсіп... — деп келе жатты да Бұқар жырау кілт тоқтады.

Өйткені осы кезде, қамал үстін гүрсілдеп жарылған зеңбірек оттары қаптап кетті.

— Тезірек тығылыңдар? — деуге ғана Елшібектің шамасы келді. Жұрт жапа-тармағай бекіністің зеңбірек оғы өтпейтін, қалың шым қуыстарына жүгірді. Елшібек те біреуіне кіріп үлгірді. — Бәсе, тым тып-тыныш бола қалып еді, біздерді алдап ұрғылары келген екен ғой!

Иә, тарих әділетсіздігі қайталап отырған. Бір кезде Сауран бекінісіне Шыңғысханның тас атқыш қарулары, Абдолла ханның Рухади ұста жасаған «Қара бура» бу қазаны қойдай-қойдай шойын тастарын лақтырса, бүгін жоңғар бас-
қыншыларының швед унтер офицері Ренат пен Қытай шеберлері құйған болат зеңбіректерінің қорғасын оқтары жауып тұр. Сонау алыс кезеңде осы бекініске тоқпақ жалды аласа жылқы мінген Жошының қанішер жауынгерлері сұр топырақты көкке көтеріп, «гу-гулеп!» атой салса, бүгін сол жылқының тұлпар тұяқты тұқымын мінген жоңғар жауынгерлері шабуылға шықты! Бәрінің де мақсаты біреу-ақ: шаһардың күлін көкке шығарып, халқын қырмақ, ұлын — құл, қызын — күң етпек! Осыншама өшігердей бұларға айдалада, Түркістанның сұрғылт даласында, өзімен-өзі болып, тыныш жатқан осынау еңбекші жұрт не істеді екен? Бар жазығы егінін егіп, бақшасын суарып, өз алдына өмір сүргісі келгені ме? Иә, солай... Бұл күштілер заңы: адамды адам жеу керек. Адамды адам құл етуі керек. Күшті күшсіздің жерін, малын тартып алып, әлсіздің ар-намысын аяғының астына таптауды арман етеді. Сол үшін Сыбан Раптан да жорыққа шықты, сол үшін арлан қасқырдың соңынан ерген аш бөлтіріктері де шамасы жеткенше қазақ елін қойдай қырып, ыстық қанына тойынуға асығады.

Зеңбірек оқтары бекініс үстіне кеп, тынбай жарылып жатыр. Сыртқа шы-
ғарар емес.

Елшібек қамал саңылауынан қала сыртындағы далаға қарады. Ұран салып, қаптап келе жатқан жау атты әскерін көрді. Кейбір тобы ұзын-ұзын басқыштарды көтеріп, қатарласа шауып келеді. Елшібек жау ойын бірден түсінді. Зеңбірек оқтары бас көтертпей, қала қорғаншылары қуыста тығылып тұрғандарында, жоңғар жауынгерлері басқыштарын қабырғаға сүйей, атыс басылысымен бекініс үстіне шықпақ. Зеңбірек отын қалқан етіп, шабуылға шығу — жоң-
ғарларға Ренат үйреткен Европа әдісі еді.

— Сақ болыңдар! — деді Елшібек айқайлап. — Зеңбірек тоқтасымен, жау жоғары өрмелейді! Аямаңдар! Бекініс үстіне бірде-бір жоңғар шықпасын!

Зеңбіректер кенет тына қалды. Қабырғаға басқыштарын сүйеп үлгірген жоң-
ғарлар, енді құмырсқадай қаптап, жоғары қарай тырмысып, көтеріле берді.

Тарих жамандығын ғана емес, жақсылығын да қайталауға тиіс.

Шыңғыс хан, Мұхамед-Шайбани, Абдолла кезіндегідей Сауран қорғаншылары тағы ғажайып ерлік көрсетті. Жауға қарсы білтелі мылтық, шоқпар, сойыл, алдаспан, алмас қылыштарымен қатар, қара тас, қазан-ошақ, қолға түскен қатты заттың бәрі жұмсалды. Бірде-бірін қамал үстіне шығармады. Қорғаншылар ерлігіне шыдай алмаған жоңғарлар қамал түбіне көптеген өліктерін қалдырып, кейін қашты. Сонда ғана барып Бұқар жырау, өзіне таяу қамал шетінде, кіндік тұсына жау найзасы қадалған Науан ұстаны көрді. Жүгіріп қасына барды. Найзасын суырып алайын деп еді, сұп-сұр боп кеткен ұста оның қолын кейін итерді.

— Тимей-ақ қой, — деді даусы әзер шығып, — бәрібір өлемін. Өкінбеймін... жоңғардың құрығанда жиырмасын жайраттым білем. Әттең дүние, әңгімеңізді тегіс ести алмай кеттім... — Елшібекке қарады. — Ана артымда қалған жал-
ғызыма айт: Әкең бабаларының жолынан тайған жоқ де... — Соны айтты да, Науан ұста сылқ етіп құлап түсті.

Жоңғарлар сол күні де, келесі күні де осы тәсілмен сан рет шабуылға шықты. Бірақ бекіністі ала алмады. Ақыры күздің қара суығы басталған кезде, Сау-
ранды тастап, Яссыға қайтуға мәжбүр болды. Бұқар жырау да осы оқиғаға арналған «Тас қамал» атты дастанын шығарып еліне қайтты. Әттең не керек, асыл мұрасын сақтап әдеттенбеген көшпелі ел бұл асылын да бізге жеткізе алмады.

 

 

Келер жазды күткен Батыр Баян жігіттері де бұ жолы елдеріне қайта алмай, Қазалыдағы Әбілқайыр Ордасына қыстап қалған.

Қабанбай батыр мен Гәуһар осы Кіші жүз жерінде қосылды. Бұлар неке қиярын азынаған дауылды түнде жау малын айдап алудан бастады.

Қазақтың ежелгі ата мекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласын, сар даласын Жоңғар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, ақ жорға борасын, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. Бүкіл дүние жүзінің айдаһары Сыр бойына жиналып, аузынан қар боратып, ысқырынып жатқандай, қатты боран бірде-бір толастамады. Жау шауып сорлаған елге сопақ астау тап болды. Жығылған үстіне жұдырықтың кері кеп, жеті ағайынды жұт жетті. Арамнан жиналған ас болмайды. Халықты жылатып тартып алған қазақтың қыруар малы, шөп жетпей, мың-мыңдап қырылды... Жоңғарлар бар табысынан айрылды. Ал қазақ елінің бұл жылғы көргенін қағаз бетіне түсіру мүмкін емес еді. Тек сан айқасты басынан кешкен батыр ел бұл апаттан да тегіс қырылмай, әупірімдеп аман қалды.

Жоңғар қырғынынан қазақ елі тек екі жыл өткен соң барып есін жиып, басқыншыларға қарсы тұруға жарады.

Ең алғашқы жеңісті Кіші жүздің Тайлақ батыры мен оның жиені — Ұлы жүздің Ошақты руынан шыққан Саңырақ батыр әкелді. Бұлар Бұланты мен Бөленті өзенінің ортасындағы «Қара сиыр» деген жерде Жоңғардың қалың қолын бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді. Көп жоңғар осы арада қаза тапты. Жоңғар мен қалмақты бір санайтын қазақ «Қара сиырды» енді «Қалмақ қырылған» деп атады. Бұл жеңіс қазақ елінің рухын көтерді, қанды кекке шақырды.

Жыл өткеннен кейін, үлкен бір айқаста, ауыл адамдары «Сабалақ» деп ат қойған, он сегіз жасар түйеші «Абылайлап!» ат қойып, жауын қашырып, бүкіл еліне «Абылай» деген атпен әйгілі болды. Сонда барып, Әбілқайыр хан бұл Абылай баяғы Бұқар жырау екеуі барлауда жүргенде кездестірген Төле бидің түйешісі әбілмансұр екенін білді.

Осы кезден бастап қазақ елі ел боп бірігіп, жоңғарға қарсы жаппай атқа қонды.

Үш жүздің әскері жауымен алғашқы рет Балқаш көлінің күнгейіндегі Алакөлдің тұсындағы Хан тауы деген жерде кездесті. Үлкен Орда ханы Болат пен бар қазақ әскерін басқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр үлкен жеңіске жетті. Шұно-Дабо басқарған қалың жоңғар жеңіліп, Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашты. Бұл жеңісті қазақ жұрты артынан, жоңғарлар аңыраған «Аңырақай» жеңісі деп атады. Алакөл жағасындағы ұрыс болған жерде қырқа, белес, асуларға «Әбілқайыр», «Сұмқайтты», соңынан «Сұңқайтты» болып өзгерген ат қойды.

Бірақ қазақ елі бұл жеңісін ұлғайта алмады. Осы ұрыстан кейін Болат хан о дүниеге сапар шегіп, Үлкен Орда ханын сайлайтын жағдай туды. Түрік-мон-
ғол дәстүрі бойынша «Үлкен Орда» ханы болуға тек бәйбішеден туған балалардың ғана хақы бар. Қазақ елі бұл дәстүрді берік ұстап келген. Ал Әбілқайыр болса Жәнібек ханның тоқал әйелдерінен тараған ұрпаққа жатады. Осы себепті жұрт Үлкен Орда ханы етіп, Болаттың шаңыраққа ие баласы Әбілмәмбетті сайлады.

Бұған намысқой Әбілқайыр ашуланып, бар әскерімен майданнан кейін шегінді. Өзінің Ордасын енді ол Қазалы қаласынан көшіріп, Торғай бойындағы арғын-қыпшақтың бас батыры, туған жездесі Шақшақтан шыққан Қошқар ұлы Жәнібектің жеріне іргелес Ырғыз өзенінің бойына әкеп тікті.

Болат қайтыс болғаннан бері өзін Орта жүздің ханы санаған, жетпіс бес мың жылқы біткен Сәмеке де қалың әскерімен Арқа жеріне беттеді.

 

 

Кермиық сары дала өлік тәрізді үрейлі, моладай азынаған суық. Ашулы жел қырдың құмды топырағын бетке әкеп ұрады. Ұшы-қиырына көз жетпес бозғылт шөлдің шетіндегі тақырда жел қуып әкелген адамның бас сүйектері жатыр. Атамзаманда қырылғандардың бастары, езу тұстары мен кеңсірік сүйектері мылжаланып қалған. Мүмкін, Шыңғысхан нояндары, әлде Әбілқайыр лашкарлары шапқан сыпайлардың сүйектері шығар. Құмда көшіп жүрген қазақ ауылдарын шүршіт жендеттері тұтқындағанда кескен бастар болуы да ғажап емес. Әйтеуір көне заман қияпаттарының қалдығы.

Ал бұл бастардың қатарында тағы бөтен бастар көрінеді. Бұлар әлі күнге күйіп, жаңбырға жуынып үлгірмеген. Күмәні жоқ, жоңғар қонтайшылары қырған адамдардікі. Әрі кетсе алдыңғы жылы болған қанды оқиғалардың куәлары.

Өгей анадай түнерген аспанға Бұқар жырау түксие қарады. Ол бүгін де сапарға жалғыз шыққан. Кейде осылай жалғыз жүру жыраудың әдетіне айнал-
ған, өзімен-өзі сырласатын оңаша сәттер өткен-кеткенге көз жіберуге де қолайлы, алдағыны болжауға да ыңғайлы. Ал сар даласы болса, үстіндегі топырағын жел ұшырған адам сүйектерін алдына жайып тастап, желмен бірге халықтың ұзақ шежіресін боздап, жырау көңілін тыншытар емес.

Ымырт үйіріле бастады. Бұқар ай туғанша көзінің шырымын ала тұрмақ боп, атын тұсап тастап, ерін жастық, тоқымын төсек етіп, сексеуілдің түбіне қисая кетті. Бірақ гуілдей соққан кәрлі жел ұйқы бермеді. Жырау енді шал-
қасынан түсіп, дәл үстінен қара қазандай төңкерілген қап-қара аспанға қарап жатып, халқы жайында мазасыз ойға шомды.

Көне заманда өткен арғы бабаларының жазу, сызу таңбалары әлдеқашан ұмытылған. Тек ел көкейінде олардың қайғылы армандары ғана қалған. Кім біледі, халық мұны да ұмытар ма еді, қайтер еді, тек зар жақ жыраулары ұмыттырмаған. Сөйтіп, ел шежіресі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған. Халықтың жырауларды төбесіне көтеріп құрмет тұтатын себебі де, сірә, осыдан болса керек. Бұқар жырау да солардың бірі. Сауран қорғанысы жайында жазған «Тас қамал» дастаны кейін сан ұрпаққа тарады. Осы дастаннан ұрпақтардың тағы бір білгені: жоңғар шабуылы басталмастан бұрын орыс саудагерлерінің әкеп сатқан мушкеттері мен оқ-дәрілері Сауран бекінісінің жауға берілмеуіне себепкер бол-
ғаны.

Егер сол бір мушкеттер мен оқ-дәрілер қазақ еліне дер кезінде көбірек сатылса, шүршіт зеңбірегі тыныш жатқан елдің ойран-асырын шығара алмас еді. Әттең не керек, игілікті істің көбі — мезгілі өткен соң барып істеледі.

Жоңғар шапқыншыларына тойтарыс беру үшін, ең алдымен бар халықтың басын қосу керек. Ол үшін осы елді бөле-жарып жеке билеп жүрген, есіл-дерті хан тағына жету боп келген қаптаған сұлтан, би, шынжыр балақ, шұбартөс мықтыларды біржолата тізгіндеу арман. Мұндай қамал бұзарлық қасиет қандай ұлдан табылады? Бұқар жырау кенет басын көтеріп алды. Оның көз алдына баяғы өзі көрген Төле бидің жас түйешісі — жыртық шекпенді әбілмансұр тұра қалды.

Жоқ, қазір бұл әбілмансұр емес, Абылай. Және бұл қазір түйеші емес, бар қазақ даласына әйгілі жас сұлтан. Иә, оның алғашқы аяқ алысы да Шыңғыс тұқымына лайықты аяқ алыс еді. Өзін құлдықтан құтқарған Ораз құлды бауыздап өлтірді. Содан кейін барып, құлашын алысқа сермейтінін аңғартқысы келгендей, ана жылаған баласын уататын, қанішер атасының атын алды.

Бұқар жырау тағы күрсінді. Осынау қатал заманда осы Абылай тәрізді қатыгез адамның ел тізгінін ұстағаны, мүмкін, жөн де шығар?..

Құс ұшып өте алмас шексіз сар далада халықтың қаны телегей-теңіз боп тағы төгілгелі тұр-ау! Қазақ халқының алдында бір ғана жол бар. Ол — қан майданда баяғы бабаларынша аянбай шайқасу. Сол шайқаста жан беру, не ел болып, елдігін сақтап қалу. Басқа жол жоқ.

Ана жолы Әбілқайыр ханның өтінішімен Бұқар жырау Хақназар тұсындағы Ақ Орда шежіресін айтып берген. Сонда бір аңғарғаны — Кіші жүз ханы қан майдандағы халықтың ерлігінен көрі, хан тағының маңындағы тартысқа көбірек көңіл бөлген. Ал кеше жырау, Науан ұстаның тілегі бойынша, Сауран бекінісін өткен заманда қалай қорғағанын жыр еткенде, жұрт халықтан шыққан Қияқ пен Тұяқ батырлардың қимылын құныға тыңдаған. Бұқар жыраудың бір тұжыр-
ғаны: хан, сұлтан, билерді қызықтыратын тарих бар да, халықты қызықтыратын тарих бар екен. Ол халықтың өз тарихы, өзінің арасынан шыққан, елі мен жері үшін күрескен қаһармандарының ерлігі.


Екінші бӨлім

  І  

ІІ

 

Орта жүз ханы Сәмеке Сарыарқаның түкпірі Нұра өзенінің арғы бетіне қарай ығысқанда, Күші жүздің ханы Әбілқайыр ордасын Ырғыз өзенінің жағасына әкеп тіккен.

Бұл кезде қазақ елі жоңғарлармен тайталас түсіп, кейде жеңіп те жүрген. Осындай жеңістің бірі Әбілқайыр хан мен Тайман батырдың басқаруымен Сарысуға құятын Бұланты өзенінің жағасында, ал екіншісі тағы осы Әбілқайыр мен Бөгенбай батырдың басқаруымен Қошқарата мен Боралды өзендерінің жоғарғы сағасында болған. Сол айқастардан кейін Әбілқайыр хан тікелей жоңғар әскерімен соғысуды қойған. Оның көңілі енді басқа бір күрестерге ауған.

Ал бірақ Әбілқайыр көшіп кеткенмен, қазақ елі Жоңғар шапқыншыларына қарсы шығуын тоқтатпады. Күрес күннен-күнге үдей түсті. Әсіресе Іле мен Қаратал өзендерінің бойында Қабанбай мен Баян батырлар бастаған халық жасақтары жоңғарларды сан рет жеңді, әйтсе де бұның бәрі, негізі мықты құрыл-
ған жоңғар әскерін күйрететіндей күшке айнала алмады. Тек басқыншыларды тойтаруға болатынын көрсететін, халықтың рухын көтерер айқастар өресінен аспады.

Жоңғарды жеңген күнде, ар жағында одан да күшті, өзіне көз тіккен Қытай боғдыхандары бар екенін еске алмаған жұрт осылай, өз тағдыры үшін жан аямай күресе берді.

Сөйтсе де, ел басына туған күннің тым қатерлі, қазақ жеріне қызыққан көршілерінің қауіпті екенін ойлағандар да табылды. Соның бірі Кіші жүздің ханы Әбілқайыр болды. Ол енді батыс жаққа үміттене қарады. Бірақ ханның Ырғызға көшіп келісімен қазақ пен қарақалпақ елінің атынан «қарамағыңызға алыңыз» деп жазған хаты Петербургке жеткенде, орыс әкімдері таң қалмады. Жоңғармен күресіп жатқан қазақ елінің түбі өзіне осылай келіп пана сұрайтынын олар бұрыннан да білетін. Сол себептен аптықпай, қазақ елінің шын жағдайын түсіну үшін, Россия патшалығы арнаулы елші жіберуді ұйғарды. Россия әкімдері шығыс көршілеріне өз қарамағындағы мәдениеті, дәстүрі, тілі жақын кісілерден елші жіберуді әдет етіп келген. Бұ жолы да со дағдысына салып, татар молдасы Мақсұт Юнус оғлын аттандырды.

Кіші жүздің ханы бұл молдамен бір мың жеті жүз жиырма алтыншы жылы қарақалпақ жерінде кездесті. Осы кездесуден кейін Әбілқайыр: «Еділ қалмақтары тәрізді бізді де қарамағыңызға алыңыз» деп ақ патшаға хат жазып, Қойбағар Көбек ұлын бас етіп тағы елшілер аттандырды. Бұл елшілерге: «Қайтсеңдер де патша ағзамнан башқұрт жері мен Жайық өзенінің ортасында көшіп жүруге және Россия қалаларына барып сауда-саттық істеуге рұқсат алуға тырысыңдар», — деп тапсырған. Бірақ шығыс жағында әлі әбден бекініп болмаған Россия патшалығы, қазақ елін қарамағына алса, Жоңғар қонтайшысымен бұрынғы қарым-қатынасын бұзуы мүмкін екенін еске ұстап, тоқ етер жауабын түрлі сылтаумен соза берді. Россия патшалығының қолтығына кірген Еділ қалмақтары мен башқұрт елінің «мұртын балта кеспей отырғанын» көрген Әбілқайыр Россия патшалығына «қарамақтарыңа ал» деп, әлсін-әлсін хат жазып, елшілер жіберуді қоймады. Ақырында қазақ елінің өзіне бағынышты бо-
луынан тек пайда түсетінін ұққан, Бірінші Петр патшадан кейін таққа отырған Анна Иоанновна Әбілқайыр ханның бір мың жеті жүз отызыншы жылы нау-
рыздың сегізі күні «қорғандық» істеуін өтінген қағазына жауап ретінде, қыр-
ғыз-қайсақ жұртын қарамағына алғандығын білдіріп, бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы февральдың он тоғызыншы күні указ шығарды. Бұл указды бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы октябрьдің бесі күні Ырғыздағы Әбілқайыр Ордасына Сыртқы Істер коллегиясының тіл машығы — аударушысы Мұрза Тевкелев әкеп тапсырды. Россия патшасы Кіші жүзді өз қол астына алғанын естіп, Ұлы жүздің атынан Қодар би, Төле би, Сатай батыр, Бұлақ батыр қол қойған, «бізді де қол астыңызға алыңыз» деп Анна Иоанновнаға жазылған өтінішті Петербургқа Қангелді батыр алып келген. Сөйтіп, қазақ елі мен Россия жұртшылығының арасындағы жаңа дәуір басталды.

әйтсе де Әбілқайырға берілген указдан кейін де қазақ елінің Россия патшалығымен қарым-қатынасы бірден жөнделіп кете алмады. Башқұрт пен Еділ қалмақтарының шабуылы да тыйылмады. Ханның Россияға арқа сүйемек болғанына риза емес қазақтың өзге сұлтандары, әсіресе, Әбілқайырдың бақ күндес қастары оның саясатына кедергі жасап, кіжіне түсті. Осындай қамшысын білегеннің бірі Барақ сұлтан еді.

Жоғарғыдай жағдай туған кезде, патшаның өзі «миллион сомға дейін шығын шығарсаң да, қазақ жерін Россияға заңды түрде бағындырудың жолын тап» деп бұйрық берген Тевкелев қайтадан Әбілқайыр ордасына аттанды. Бұл хабарды «ұзынқұлақ» Кіші жүз ханының Ордасына тез-ақ жеткізді. Сол күні-ақ Әбілқайыр Тевкелевпен кездесу қамына кірісті. Ең алдымен үзеңгілес батырлары мен өзіне қарсы жақтың ойларын білгісі кеп, Бараққа, Бөгенбайға, Тайман-
ға, бір тайпаның ақсақалы — биі Бөгенбайға ат шаптырды. Бөгенбайдан өзгесі хабар алғаннан кейін, көп кешікпей хан ордасына жетті. Бөгенбай мен Тайман жайшылықтағы өз серіктерімен келсе, Барақ сұлтан әжептәуір қарулы қолмен хан ордасына кеп түсті. Және неге екені белгісіз, өзінің ежелгі қасы, қан майданда сан атысқан Қалден Цереннің елшісі Церен-Доржиды ерте келіпті.

Бұл бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы еді. Әбілқайыр Ордасы бүгінгі қонысы Ырғыз өзенінің жағасында. Қазір хан ордасында бірнеше адам отыр: Қанжығалы Бөгенбай, оның қарсы алдында Шекті руының аты-шулы батыры Тайман. Бұлардан жоғарырақ, Әбілқайырдың оң жағында Найманның сұлтаны Барақ... Жұрт оны қайсарлығы, ержүректігі үшін Көкжал Барақ атаған. Ханның сол жақ бүйірінде, Бөгенбайдан жоғарырақ, Жоңғар ханы Қалден Цереннің елшісі, қара түндей түнерген Церен-Доржи...

Бөгенбайдың көзі әлдеқалай Тайманға түсіп кетіп еді, өткен бір жайлар есіне келді.

Онда бұл екеуі де қылшылдаған жас жігіт еді.

Сол жылдары Қанжығалы руы Қараөткел мен Керекудің түйіскен тұсындағы Ерейментау, Қоржынкөл, Ақкөл, Қоянды-Қойтас, Шақша деген жерлерді жайлайтын-ды. Ал Шекті руы Ақ Жайыққа құятын Жем өзенінің бойында көшіп жүретін. Жазы аңызақ, ыстық келіп, қысы қатты болар жылы екі ел бірдей Сырдың қамысты жағасына қарай жылысатын. Осындай Қанжығалы, Шекті рулары дария жағасында бастары қосылған жылы ұлан-асыр бір үлкен той болған. Қоңырат руынан шыққан атақты бай саудагер Қисан жалғыз ұлын сүндетке отырғызған. Осы тойда Арқадан келген Бөгенбай мен Шектінің жас жолбарысы Тайман қатты керісіп қалған. Содан бері екі ақиықтың бетпе-бет ұшырасып отырғаны осы. Ел басына күн туғанда жеке бастың кикілжіңі естерінен шығып кеткен-ді.

Күннің аңызақ ыстығына қарамай, тіркестіре тігілген хан ордасы — ақ боз үйдің есіктері түгел жабық. Жайшылықта жел соқсын деп түріп қоятын іргелері де түсіріліп қойылған. Он екі қанат ақ боз үйде осы бесеуінен басқа есік алдында жалаңаш қылыштарын кеуделеріне таяй ұстаған, еңгезердей қос күзетші мен сырлы тегенедегі сары қымызды сапырып отырған, ханның он сегіз жасар кенже ұлы Ералыдан басқа ешкім жоқ. Хан, сірә, кенжесі мен есік алдындағы күзетшілеріне сенетін болар, қонақтарымен сыр жасырмай еркін сөйлесіп отыр.

— Иә, Әбілқайыр хан! — деп еңгезердей қара сұр Барақ сұлтан, ұшы құлағына дейін жетіп тұрған, білеудей қара мұртын саусағымен сылап қойды. — Алысқа ат шаптырып, бізді неге шақырып отырғаныңды ішім сезеді. Қатын патша біздің елге Теуіпкелді қайта жіберсе, бұдан үш жыл бұрынғы «қарамағыңа кірдім» деген сенің сөзің жеткіліксіз болғаны ғой... — Ол Әбілқайырға мысқылдай қарады. Қазақ жерінде — Тевкелевті «Теуіпкел» деп атап кеткендіктен, оның кім туралы сөйлеп отырғанын бәрі де түсінді.

— Болжауың дөп тәрізді... Мырзаны қайта жіберуіне қарағанда бір менің уәдем әйел патша ағзамға жеткіліксіз болғаны хақ... Бірақ, — Әбілқайыр сол жағында отырған Церен-Доржиға көзінің қиығын аударды да тына қалды.

— Иә, айта бер, не «бірағы» бар?

Әбілқайырдың жүзі қуқыл тартып үндемеді.

— Айтамын деген сөзіңе, істеймін деген ісіңе іркілмейтін Әбілқайыр хан, неге үндемей қалдың? әлде арамыздағы жат адамнан қысылып отырсың ба? Айта бер, Церен-Доржи Қалден Цереннің елшісі болғанмен, менің жақыным...

Әбілқайыр езу тартты.

— Қалден Цереннің елшісі жақының болуына қарағанда, Жоңғар қонтайшысының өзі де досың боп шықпасына кім кепіл...

— Кекетпе, Әбілқайыр! Церен-Доржи жай ғана жақыным, емес, сенімді серігім...

Хан оның сөзін мақұлдағандай басын изеді.

Иә, қонтайшы Ордасында да алауыздық бар екенін ол білетін. Бірін-бірі аямауда бұлар арғы бабасы Шыңғысханның шын мұрагерлері еді.

Жоңғар тағының болашақ қонтайшысы, өзінің әкесінің туған інісі Шұно-Дабоны Қалден Цереннің қалай жойғаны жұрт арасына мықтап тарай бастаған. Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Әсіресе, осы үйде отырған Бөгенбай батырға Шұно-Дабоның өлімі Қалден Цереннен болғаны айдан анық еді.

Дүниеде құпия қалар ештеңе жоқ. Бәрі де естіледі. Әсіресе жау ордасында болып жатқан оқиға, дұшпанына тез жетеді. Оған себеп: хан тағының бір құлағы бар. Ол — алтыны.

Жоңғар ордасының мықтылары екіге бөлінгенін Әбілқайыр бұрын да естіген. Алдын болжай білетін тәжірибелі Сыбан Раптан мен оның баласы Қалден Церен бар әскерін жеті сала етіп, ең алдымен қазақ жерін жаулап алу керек екенін жөн көрсе, ал жоңғар нояндарының бір тобы әскердің бетін Ертістің төменгі саласына бұрып, Сібірді алуды мақұлдаған. Бұл топ — осы Жоңғар хандығының негізін салған Чорас руынан шыққан Даян ханның ұрпақтары — жас нояндар еді. Соның ішінде бағанадан бері бір ауыз сөз айтпай түнеріп отырған Сыбан Раптанның ортаншы ұлы Церен-Доржи да бар. Бұлардың жатса-тұрса көретіні сонау Сібірде қалған ата-бабаларының молалары. Солардың аруақтары «сенің ата мекенің осы ара — біз жатқан жер» деп шақырып жатқандай көрінетін оларға.

Сібірді жаулап алудың керектігін жас нояндардың құлағына кімдердің құятынын Әбілқайыр Қалден Цереннен кем білмейді. Бұл кезде орыс әскерінің алдыңғы шебі Манчжурияның шекарасына жеткен-ді. Ол аз болғандай, сонау Тынық мұхитта да орыс кемелері жүзе бастаған. Міне, сондықтан да Қытай әміршілері жоңғар жолбарысының тұмсығын Сібір жағына қарай бұрғысы келген. Осы жолбарыс өзінің болаттай өткір тістерімен Тынық мұхитқа созылған қатын патша қолының күре тамырын орып түсуін арман ететін.

«Қытай — жер кіндігі болғанда, жер шарының шеттері де Қытайға жатуға тиісті!» — боғдыхандар. Олар Сібір өңірін де қосып алып, қала салмақ болды. «әзірге бұл араны жоңғар жолбарысы мекендей тұрсын, ал уақыты жеткен шақта оны әрі қарай, күнбатыс жаққа қуып жіберіп, бар тайганы өзіміз жайлаймыз», — деп ойлаған.

Ал Қалден Церен, көмейі қанша кең болғанмен, орыс жерінің тамағынан өтпейтінін түсінетін. Сібірді жұтамын деп қақалып жатқаннан гөрі, басы бірікпей жүрген қазақ елінің кең байтақ даласын біртіндеп қарамағына алып, Ұлы Жоңғар мемлекетін құруды тиімді санаған. Ондай мемлекет құру үшін қазақ елінің тең жартысын қырып тастап, қалған жартысын басқа елдерді жаулап алуға пайдаланбақ болған. «Бүкіл әлемді сілкіндірген» жирен сақалды ұлы бабасы да дәл осылай істеген...

Бірақ Қалден Цереннің бұл ойына Чорас руынан шыққан жас нояндар көнгісі келмеді. Олар енді өздеріне серік іздей бастады. Бұндай бірен-саран серіктер қазақ сұлтандарының арасынан табыла кетті. Соның бірі Барақ еді. Ол жақында өзінің кіші қызын осы Церен-Доржиға берген. Бұны да Әбілқайыр білетін. Және ол бүлікшіл Церен-Доржиды қазақ жеріне айдауға аттандырғандай, Қалден Цереннің әдейі жібергендігінен де хабардар еді. Қазақ даласында ұзақ уақыт жүргендігін пайдаланып Церен-Доржи Орта жүздің кей сұлтандарын өзімен одақтас етіп те үлгірген. Ал жоңғар нояндарына еріп, қазақ сұлтандарының Сібір қалаларын шабуға шығуы қазақ еліне ажалмен тең түсетін апат екенін ұққан Әбілқайыр енді екеуінен де сырын жасырмауға бел буды. Өйткені Барақ пен Церен-Доржидың одағы — қазақ елінің Россия қол астына кіруіне қарсы ұйымдастырылған қауіпті одақ еді.

— Жақсы, — деді, қияқ мұртының ұшын бір ширатып қойып Әбілқайыр, — қазақта мақал бар ғой «Сырыңды айтпа досыңа, досыңның да өз досы бар» деген. Бәрібір мен айтқан сырды Барақ сұлтан өзінің досы Церен-Доржи мырзаға айтпай қоймас, ашық сөйлесейік.

Барақ сұлтан езу тартты. Кенет ол «қашаннан бері мені өзіңе дос санайтын бола қалдың?» деп Әбілқайырдан сұрамақ болды да, сабыр сақтап, өзін-өзі баса қойды.

— Жарайды, — деді сосын түксиген қабағын сәл жадыратып. — Теуіпкелдің келе жатқанын естідік. Ол неге келе жатыр екен? Қайсымызды теуіп кетпек? Мені ме, Абылай сұлтанды ма, Әбілмәмбет ханды ма, қай қасыңды? әлде Ор қаласын салғалы келе жатыр ма?..

— Мүмкін...

— Қайдам, сен салдырмақ Ор қаласы, бәрімізге бірдей қазылған орға айналмаса нетсін...

Әбілқайыр ханның Россия патшалығының қол астына кірумен қатар, патша үкіметі алдына қойған екі негізгі мәселесі болатын. Бірі — Кіші жүз еліне Еділ мен Жайық өзендерінің аралығынан жайылым беру. Екіншісі Ор өзенінің Жайыққа құятын сағасынан Ор қаласын салу, Әбілқайырдың ондағы ойы — қол астындағы орыс бекінісі арқылы өзінің билігін күшейту, бекіністегі әскерді бақ күндес сұлтандарға қарсы пайдаланып, үстемдігін арттыра түсу; бүкіл қазақ елін өз дегеніне көндіру. Бірақ бұл екі тілегінің екеуі де әзір орындалмай тұр. Бар мәселе әзірге екі жақтан бірдей қағаз жазылумен ғана аяқтала берген. Тек бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы қазақ жерінің батыс жағын басқаратын Орынбор экспедициясы құрылғаннан бері Ор өзенінің төменгі сағасына қала салудың мәселесі қайта қозғалған. Барақ сұлтанның «әлде Ор қаласын салуға келе жатқан шығар?» деуі осыдан еді. Хан жауабына шамданып қалған сұлтан кекесін сұрағын жалғай түсті.

— әрине, Теуіпкелді ана жылғыдай құрметтеп, сырнай-кернейлетіп қарсы алатын шығарсың?

— әлбетте. Россия секілді дос елдің елшісі түгіл, қас еліміздің де елшісін қошаметтеп, төрімізге шығарып отырмыз ғой... — Хан Церен-Доржиға қарап қойды.

— Бірақ саған келе жатқан қонақ ата-бабасының дінін ұмытқан шоқынды ғой?

— Сенің де қонағың жетісіп тұрған жоқ-ау, — деді Әбілқайыр Церен-Доржидың шүршіт дінінің адамы екенін ескертіп, — кейін жиеніңді сүндетке отырғызарыңда, бізді де тойға шақыратын шығарсың, Барақ сұлтан?

Барақ сұп-сұр боп кетті. Енді ол іштегі ашуын сыртқа шығарды.

— Қатын патшаның Теуіпкел арқылы саған жіберген сыйлығы да, Теуіпкелге сенің көрсеткен салтанат құрметің де таңғажайып болып еді ғой. Бірақ одан не шықты? Қазақ жерінде түнерген баяғы қара бұлт — сол қара бұлт... Төрт жағыңнан соққан ызғарлы сұрапыл — сол сұрапыл... Россия қарамағына алды деп, Еділ бойын жайлаған қалмақ мықтылары малыңа жайылым беріп отыр ма? Бұрынғыдан да өшігіп алды. Оларға тыйым салған қатын патша жоқ. Ал Ор бекінісі саған тек бізбен күресу үшін ғана керек.

— әрине, сол үшін керек!

Барақ не дерін білмей тоқтап қалды.

Сұлтанның айтып отырғаны шындық еді. Қазақ елінің Россия патшалығының қарамағында болуына күрделі еңбек істеп жүрген Тевкелев осыдан бір жыл бұрын ғана Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында: «Қырғыз-қайсақ жұрты тәрізді қалмақ пен башқұрт халықтарының да сана-сезімі төмен. Бәрі де тағы және терең ойламайтын елдер... Егерде әлдеқалай біреуі Россия патшалығына қарсы бас көтерер болса, қалған екеуін оған қарсы пайдалану керек. Мұндай жағдайда біз айыпты емеспіз, біздің ұят-арымыз қашан да болса таза қалады» деген.

Россия патшалығы бұл елдерге қарсы өзінің отарлау саясатының бар әдісін пайдалана білді. Соның ішінде атам заманнан келе жатқан көне әдісі «бір ұлтты бір ұлтқа айдап салып, бөліп алып билеуді де» молынан қолданған. Демек, отаршылық саясатының осындай бір қатал әдістеріне қарамай, бұл ұлттардың болашағы тек Россияға қосылуда ғана қалған еді. Өзге жолдың бәрі, әсіресе Жоңғар хандығымен одақтасу тәрізді далбаса жолдар, қазақ елін мүлдем күйреу-
ге апаратын...

— Өз билігің өз қолыңнан кеткен соң, бізді орыс басқара ма, жоңғар бас-
қара ма, бәрібір емес пе? — деді Барақ сұлтан қайтадан сұрланып.

— Қонтайшы басып алған жерінің адамдарын тегіс қырып-жойып, тек өлі жандарды ғана басқарғысы келеді.

— Орыстар ше?

— Бүгінге дейін орыс саудагерлері біздің жерімізге тек керуендерімен ғана келіп жатыр.

— Соңынан солдаттары келгенде не болмақ?..

— Оны уақытында көрерміз. — Әбілқайыр тағы Церен-Доржиға қарады. — «Қорқау қасқырдан гөрі арыстанға жем болған жақсы» деген мәтел бар.

— Ендеше, ол арыстаның бізді неге қорғамайды?

— Істеп отырған қастығымыз аз ба?

— Қандай қастығымызды айтасың?

— Қазақ жерінен Ташкент, Хиуа, Бұхарға қарай аттанған орыстың бір керуенін тонамай, сау өткіздік пе? Сөйтіп отырып, орыс патшасына қалай қорған бол дей аламыз?..

Әбілқайыр ханның бұл айтып отырғаны да шындық еді. Бір мың жеті жүз отыз екінші жылы, полковник Гарбер басқарған жүзге таяу жауынгер қорғаушысы бар, орыстың Хиуа мен Бұхарға бара жатқан сауда керуені Астрахань атырабында тоналған-ды. Орыс саудагерлерінен тек Гарбердің өзі мен бірнеше солдаты ғана аман-есен құтылған. Өткен жылы, майор Миллер басқарған, Орынбордан Ташкентке бара жатқан дәл осындай орыс керуені тағы тоналды. Мұндай жағдайлар Ертіс, Есіл бойларында да жиі кездесе бастаған.

Әбілқайыр осыларды Барақтың бетіне әдейі салық етіп отыр.

— Орыс керуендерін өткізсең, елімізге бейбітшілік пен қуаныш орнайды дейсің ғой, Әбілқайыр хан. — Барақ сөзі енді тұтыға шықты. — Бұның бекер. Айтайын дегенім көп еді, бірақ орда сенікі...

— Айт! Айт! — деді Әбілқайыр мысқылдай. — Айтарыңды айтып жүрсің ғой, бөтен жер ме, менің ордам ба, саған бәрібір емес пе?

— Онда тыңда! — деді күреңденіп кеткен Барақ. — Әбілқайыр хан, сен елімізге тыныштық емес, бүліншілік әкелгелі отырсың!

— Мен бүліншілік әкелмей тұрып-ақ, қазақ жері Жоңғар қонтайшысы қырған жұрттың сүйегіне толған жоқ па?

Барақтың кенет ерні кезеріп, көзі ұшқын ата қалды.

— Әбілқайыр хан, сен өзіңнің қамың емес, халқыңның қамын ойлайды екенсің ғой! — Барақ Әбілқайырдың тамағынан ала түскісі келгендей шарт жүгініп отыра қалды. Церен-Доржи да тайпы табан етігінің қонышындағы пышағына қолын созды. — Кәне айт, айтшы шыныңды?!

Барақ сұлтанның оқыс қимылынан Әбілқайыр ханның беті бүлк еткен де жоқ. Сол сазарған қалпында селт етпей отыра берді. Тек есік алдында тас мүсін секілді қозғалмай тұрған қос күзетшіге көзінің қиығын аударып еді, екеуі бірдей қолдарындағы садақтарын Барақ пен Церен-Доржиға кезеніп тұра
қалды.

— Жоқ, Әбілқайыр хан, — деді Барақ сұлтан, ашудан күреңденіп кеткен бетінің ызғары тарамай, — сен Ор бекінісін орыс патшасына бәрімізді матап беріп, тек өз басыңды жоғарылату үшін салып отырсың!

— Менің орнымда өзі¦ болсаң қайтер едің, Барақ сұлтан?

Жылан мен мысық арбасуындай, Ақ Орда ішін бір суық ызғар биледі. Ашулы Барақ тағы сөйлемек болып келе жатыр еді, бағанадан бері жұмған аузын ашпай отырған Бөгенбай батыр жартас үстіне қонған бүркіттей қомданып, саңқ ете қалды.

— әй, Әбілқайыр хан! әй, Барақ сұлтан! — деді сол қолын жоғары көтеріп, — хан мен сұлтан өзара қырқысып жатырсыңдар. Сонда қара халық бізді неге шақырдыңдар? Соларыңды айтыңдаршы!

— Иә, соны естілік, — деді Тайман батыр да сұрланып.

— Иә, иә, сөйле! Сөйле! — деді Әбілқайыр өз айыбын мойнына алғандай, Бөгенбайдың халық арасында қандай қадыры бар екені есіне енді түскен болуы керек, ол батыр сөзін бар ықыласымен тыңдамақ сыңай көрсетті.

Бөгенбай ат арқасына ерте қонған батыр еді. Осыдан он бес жыл бұрын өзі Үргеніш жақта жорықта жүргенде, жоңғардың бір аламан жасағы аулын шауып, қатын-баласын найзалап өлтіріп кеткен. Содан бері Бөгенбай ер үстінен түскен емес. Елінің жат жауларыменен сан айқасты. Және үнемі жеңіп жүрді. Бұл күнде атағы алты алашқа аян болып, даңқының көтерілгені соншалық, тіпті бұл істемеген ерлікті де қазақ бұған таңды. Бөгенбай аңызға айналды. Халқының осыншама құрметі мен өзінің жеке басының батырлығы арқасында, ол жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ елінің жауына қарсы жалау етіп көтерген көсемдерінің бірі болды. Қандай хан болсын, сұлтан болсын, Бөгенбаймен ақылдаспай майданға шықпайтын күйге жеткен.

— Иә, сөйле, Бөгенбай батыр! — деді Барақ сұлтан да.

— Сөйле десеңдер, сөйлелік, — деді Бөгенбай ішке тұнған ызасы мен уайымын әзер басып, — біз хан емеспіз халықты билейтін. Ал халықтың қаны төгілетін жерде жалғыз ғана хандар сөйлеп қоймаса керек-ті. Маған салсаңдар, орыс бекіністерінің маңында жұртқа қауіпсіздеу екені рас. Сол себептен де Жоңғар сойылынан пана іздеген көп ауыл, орыс шекарасына таяу көшіп барды емес пе? әрине, ол арада қара халықтың басына бәлендей жақсылық орнап жатқан жоқ. Сөйтсе де халық деген Сейхұн дариядағы балық тәрізді қаупі аздау тереңдікті іздейді. Орыс шекарасына да сол үшін таяу қонып жатыр. — Ол енді Бараққа қарады. — Ел мына сенің жақындарыңнан алыстау жерде түтінін түтетіп, малын бағып, асын тыныш ішкісі келеді.

Дәл осы сәтте Ақ Орданың есігі ашылып, үйге бүкіл Кіші жүзге аты шыққан әйгілі сұлу, Әбілқайырдың кіші тоқалы Нұрбике кербез кірді. Сұңғақ бойлы, тобылғы күрең, мөлдіреген қарақат көздерінде адамның жүрегін шөлдетер ашымық бір ұшқын бар. Басына киген алтын зерлі сәукелесі, үстіндегі белі қыналған алтын оқалы мауыты қамзолы көлеңкеде жанған шоқ тәрізді. Ырғала басқан әр адымында, жұмырланып, тола бастаған сымбатты дене бітімінде бір ерекше сиқыр ұялағандай, үйдегі еркектердің көзін бірден өзіне аударып әкетті. Ашулы сөздер ызғарымен күңгірт тартқан ақ боз үйдің іші кенет күн сәулесі түскендей жадырап сала берді.

— Мырзалар, қонақ үйге жүріп дәм татыңыздар, — деді ол, құралай көзінен сәуле төге, қоңыр даусын сәндене созып.

Нұрбикенің көген көздеріндегі қызығы мол бір құпия сыр жарқ етіп Барақтың бетіне төгіле түсті де кенет біреу үрлеп жіберген шамдай сөне қалды. Енді ол көзін төменірек отырған қос батырға аударған. Бөгенбай мен Тайман батырдың жүздері де тобылғының қып-қызыл шоғына тосылғандай әлденеге балбырап, қызарып кетті. Нұрбике сұлу түнде көрген тәтті түсі есіне түскендей ақырын жымың етті. Енді ол жаудыраған қарақат көздерінен махаббат күн шуағындай әсем бір жылылық төгіп, сұлу тоқалдың кіргеніне мән бермей отырған Бараққа қайта бұрылды.

— Сұлтан қайным, дәм татыңыздар деп тұрмын ғой, — деді еркелене үн қатып.

— Бұйырған дәм болса татармыз, — деді Барақ, жасы отыз беске келіп қалса да әлі де жас қыздай сылаңдаған тоқалдың ажарына немқұрайды көз тастап. — Алдыменен мына хан тағындағы жұбайыңыздың ақылына қанып алуға мұрсат беріңіз.

Бүкіл алты алашты сұқтандырған көркіне Барақтың назар салмағанына Нұрбике ханым шамданып қалды:

— Ақылға шөлдеп келсеңіз, онда сусыныңызды әбден қандырып алыңыз, — деп мысқылмен күлімсіреді де бұрала басып шығып кетті. Ерке тоқалының айтқанын екі етіп көрмеген Әбілқайыр:

— Астан үлкен емеспіз ғой, — деді, — жүріңіздер, дәм татып шығалық.

— Иә, сөйтелік, — деді батырлар да қостап.

Әбілқайыр орнынан түрегелді. Барақ сұлтан да амалсыз қонақ үйге қарай беттеді. «Ханға әмірін жүргізген бұл қатынның қандай құдіреті бар екен? Байқап көретін екен» деді ішінен.

Нұрбике ханымның құр ғана сұлулығы емес, хан қадірлер қылығы да мол еді.

Бұл «Ақтабан шұбырындының» алдындағы бір тойда Бөгенбай мен Тайман батырлардың қатты өштесуіне де осы Нұрбике себепкер болған. Ол той иесі Қойсан байдың ерке-шора қызы еді. Тойға келген екі батыр жігіт он жеті жасар Нұрбикеге көрген жерден ғашық болды. О кезде бәсекелес екі батыр сұлу қызды бірінен бірі қызғанып, өз көңілдерін қатар білдірген.

Ерке-шора бай қызы бір жағы қалжыңбастық, еркелікпен, екінші жағынан жігіттердің намыстарына тиіп, мазақ етпек оймен:

— Екеуіңді де бірдей ұнатам, — деп еді, — тек кімнің өнері асса — сол менің қалауым...

Қыз шешімін естіген қызба қанды қос батыр енді ашық бәсекеге түсті. Бірақ сайыста да, жамбы атуда да, күресте де, жерден теңге алуда да жеңісе алмады.

Бірінен бірі оза алмаған батырлар қайтадан қызға келді. Нұрбике екеуін ажуалап, тағы күлді.

— Біріңе бірің қимаған өз обалдарың өздеріңе! Енді кеш қалдыңдар, — деді күлкісін тыйып. Сосын өзіне кеше ғана Кіші жүздің ханы Әбілқайыр құда түскенін естіртті.

Таласып жүріп, қыздан айрылып қалғандарына өкінген екі батырдың іштері удай ашыды. Екеуінің арасындағы жігіттік талас енді араздыққа айналған. Сөйтіп жүргендерінде Жоңғар шабуылы басталды. Ел басына туған апат екі батырдың арасындағы араздықты ұмыттырды. Жауларына бір майданда қатар тұрып қарсы шықпағанмен, екеуі ерліктері үшін бірін-бірі сырттай сыйлайтын. Халық құрметіне бөленген қос батыр ақыры Әбілқайыр ханның оң қолы мен сол қолына айналған.

Ал Нұрбике сұлуды алған Әбілқайыр дүниедегі бар арманына жеткендей болды. Тек жанындай жақсы көрген сүйікті тоқалынан перзент көрмеді. Бірақ хан оған опық жеген жоқ. Кербез тоқал өзінің нәзік қылықтарымен ханның көңілін көншітіп, бабын таба білді. Әбілқайыр бәйбішелерінің үйінде түнеп шыққанда, қымыз орнына жылымшы айран ішкендей, Нұрбикені аңсап тұратын күйге жетті. Ерінің жас тоқалынан суымайтынына көздері жете бастаған ханның өзге әйелдері, Нұрбикені қаралай, өсек те айтып көрді. Бірақ хан сонда да тоқалының өзіне деген махаббатына шек келтірмеді.

Нұрбике жайында өсек-аяң көбейіп жүрген бір жылы Әбілқайыр әлдеқалай жас тоқалын ертіп Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне барған. Зәулім, әшекейлі мешіттің салтанатты сарайларын аралап жүріп, бір жабық есіктің тұсына келгенде, олар ар жағынан бір сүйкімсіз қарқылдаған үн естіді. Қожа Ахмет Яссауи мешітінде бұрын да талай рет болған Әбілқайырға бұл есік бұзыла бастаған зәулім сарайдың есігі екені, ар жағындағы жексұрын дауыстар сарай қабырғасының құлаған кірпіштерінің орнына ұя салған қара қарғаның қарқылы екені мәлім болатын.

Бірақ әулие мешітінің ішінде қобалжып келе жатқан Нұрбике әлгі дыбыстан секем алып, қасындағы ерінен:

— Бұл ненің даусы? — деп сұраған.

Кенет Әбілқайырға бір ойнақы ой келе қалды.

— Бұл дозақ құстарының шуы, — деді ол шімірікпестен. — Егер мынау сарайға кірген әйел өмірінде ерінің көзіне неше рет шөп салса, сонша құс ұшып келіп, басы-көзін шоқи бастайды... — Хан әйеліне сынай қараған. — Кіресің бе?

Нұрбике сұп-сұр боп кетті де, бойын тез жинап алды. «Егер аспандағы алла-тағалам жердегі менің істеген күнәмді санап жүрген болса, қалай жазалаймын десе де өз қолында ғой. Тәуекел, кірейін» деп ойлады ішінен. Сосын күйеуінің бетіне наздана қарап.

— Менің күнәсіз екенімді білмейтін бе едіңіз, хан ием? Онда ашыңыз есікті. Бәрін көзіңізбен көріп, көңіліңіз орнықсын...

Қуанып кеткен Әбілқайыр есікті аштырмаған. «Күнәлі болса, кіруге қорқар еді, адал екен» деген ол. Жас тоқалын өте жақсы көретін хан өзін-өзі алдап, әйелінің күнәсіз екеніне сенгісі келген. Бірақ бүгінгі Нұрбикенің Бараққа аудар-
ған көзқарасынан хан бір сұмдықты аңғарып қалғандай еді, әйтсе де сыр бермеді.

Қыз болып көзге түскелі өзін елемеген еркекті бірінші рет көріп, Нұрбике ақ боз үйде ызаланып тұрғанда, хан қонақтарын бастап ішке кірді. Нұрбике жайнап сала берді. Бұлар жас құлынның балбырап піскен, уыздай дәмді етін жеп, балдан тәтті сары қымызды рақаттана сіміріп, ит жүгіртіп, құс салу жайын әңгіме етіп, бие сауымындай мезгіл отырды. Содан кейін қайтадан хан сарайына келді. Тек хан Ордасының есігін аша бергенде, Барақ сұлтан қонақ үйде шақшасының ұмыт қалғаны есіне түсіп кейін қайтты да көп ұзамай қайта оралды. Басқа адам бұдан ештеңе аңғармағанмен, Әбілқайыр қас жауы Барақтың езуіндегі болмашы ғана күлкіден оның олжасы тек «ұмыт қалған» шақша емес екенін ұқты.

Хан төрдегі орнына отырғаннан кейін, байсалды үнмен сөзін бастап кетті.

— Россия қарамағына кіреміз дегеннен бері менің қасым көбеюде, — деді ол. — Қай халыққа болса да басқа жұртқа бағынышты болу өте қиын. Бірақ біздің жағдайымызда басқа жол жоқ. Жоңғарды жеңсең, ар жағында Қытай бар. Қытай боғдыханына бағыну — тіліңнен де, дініңнен де бірдей айрылу деген сөз. Ал Россия оған қарағанда әділ де, адал да жұрт. Жеріміз де, тағдырымыз да бір. — Кенет ол даусын көтере сөйледі. — Жоқ, не десеңіздер де Россияға қосылу — бізге қалған жалғыз жол!

Күндікке үндемей отырған Церен-Доржи кенет шіңк ете қалды. Алпамсадай денесі мен тұнжыраған түріне қарамай, үні қанден иттің даусындай жіңішке, ащы екен. Аузынан көбік ата, сөйлеп қоя берді.

— Тақсыр хан, қазақ еліне Россияға қосылудан бөтен жол жоқ дегенің бекер, — деді ол астындағы атлас көрпе жамбасына батып отырғандай, қозғалақтап. — Батыр адамның бәрін өзімізге қосып аламыз. Сені де! Сені де! Қатын патшасын ат құйрығына байлап өлтіреміз! Сосын орыс жерінен де асып, әрі қарай барамыз! Арғы бабаларымыз жеткен жерге біз де жетеміз! Одан да әрі кетеміз! Жолымыздағы қала біткеннің бәрін қиратып жоңғар мен қазақ малына жайылым етеміз. Адам біткеннің бәрін қойдай көгендейміз! Саған бұдан артық қандай жол керек?

Бөгенбай батырдың Церен-Доржиға жеркене қарағанын көзінің қиығымен шалып қалған Әбілқайыр:

— Сонда қазақ жерін қайтесіңдер, құрметті ноян? — деді ананың бар ойын білгісі келіп, — қазірдің өзінде жеріміздің тең жартысынан айрылдық... Ол жерді бізге кім қайтарып береді?

— Шын батырларды өзімізге қосып аламыз дедім ғой, — деді Церен-Доржи қайтадан шіңкілдеп, — оларға жер береміз. Ал қара халыққа жер неге керек? Өлсін! Қырылсын!

— Жарайды, сенің айтқаныңдай-ақ болсын, — деді Әбілқайыр. — Бірақ өзің орыс зеңбіректерінің қалай атылатынын көрдің бе?

— Көргем жоқ. Көргім де келмейді.

— Жерін тартып алмақшы болып жатқаныңда, орыстар сенің «көргім келмейді» дегеніңе көнер ме екен?

— Мен одан қорықпаймын, — деді Церен-Доржи, — маған боғдыхан ондай зеңбіректің мыңын береді.

Қызба қанды Жоңғар нояны, ашу үстінде бұл сөзді қалай айтып қалғанын өзі де білмеді.

Церен-Доржиға енді Барақ та тұнжырай қарады. Найман тайпасы жоңғарлармен көршілес отырғандықтан, бұл екі елдің арасында ұрыс-керіс ғасырлар бойы тынбай келген. Жоңғардың жеңіл-желпі шабуылдарына Найманның батыр ұлдары әрқашан да тойтарыс бере алған. Сөйтсе де, көп жылдан бері қатар көшісіп жүргендіктен, бұл екі жұрт кейде қыз беріп, қыз алысып та жататын. Әсіресе, мұндайда жоңғарлықтар қазақтың төре тұқымынан шыққан адамдармен жақындасуға құмар келетін. Бірақ Наймандар қазақ еліне жоңғарлар тиіссе болғаны, құдалығын да, көршілігін де ұмытып, қолына найзасын алып шыға келетін. Найманның бүкіл қазақ еліне әйгілі осындай батырының бірі Қаракерей Қабанбай еді. Барақ қызын Церен-Доржиға бергеніне Қабанбай батыр қатты ашулы дегенді де сұлтан естіген-ді. Сол себеп болды ма, әлде Қытай боғдыхандарының мәңгі қастығы есіне түсті ме, ол Церен-Доржиға:

— Маған шүршіттің жәрдемін айтпа, — деді кейіп, — шүршіттің зеңбіректерінен гөрі бізге орыс зеңбірегі жеңілдеу тиер... — сосын ол Әбілқайырға бұрылды. — Сонда не істейміз? Жерімізге орыстардың қала салуына көніп отыра береміз бе?

— Россияға бағыну — қала салдыру ғана емес. Бұл үлкен саясат, — деді Әбілқайыр, — жақында ғана маған Аралбай мен Оразкелді ақсақалдар келіп: «Қатын патшаға өтініп, Ұлы жүзді де Россия қол астына алдыр» деп кетті. Ал, Жайық пен Ор өзенінің түйіскен жеріне қала салуды сұраған менмін. Бұл қала жеке маған ғана емес, бәрімізге керек... Түбі, қазақ елі толып жатқан ақымақтардың қолында бөлшектеніп жүргенше, бір ақылдының қолында тұтас отыр-
ғаны жөн емес пе... Мұнымды кім теріс дейді?..

— Мұндай қамқорлық Үлкен Орда ханы Әбілмәмбеттің ісі емес пе? — деді Барақ тұнжырап.

Әбілқайыр тура жауап беруден жалтарды...

— Мен Үш жүздің басын біріктіргім келеді. Сонда ғана өзге жұрт бізбен санасады, — деді сөзін сабақтап. — Жаңа Бөгенбай батырдың сөзін естідіңдер ғой. Жұрттың көбі осылай ойлайды.

Жерге қарап отырған Церен-Доржи басын көтеріп алды.

— «Кірпікшешен ініне кіргенше ғана дос» деген біздің жоңғарда мақал бар, — деді ол, — ініне кіріп алғаннан кейін инелерін сұға бастайды. Түбінде, қалап алған досыңнан қашып құтыла алмай жүрме.

— Жоңғар кірпікшешені жөнінде айтып отырған жоқсың ба, ноян? — деді Тайман батыр.

— Иә, Церен-Доржи, орыс патшасы бізге нендей сый әкеледі, әзірге беймәлім — деді Әбілқайыр. — Бірақ жоңғардың бұғауымен таныспыз. Ал шүршіттің зұлымдығын өздерің де бізден кем білмейсіңдер...

— Жарайды, Әбілқайыр хан, сенің бұл шешіміңді мен ұлы қонтайшыға күні ертең-ақ жеткіземін, — деді Церен-Доржи ханды қорқытпақ боп, — Жоңғардың бар түмені Ырғыз түбіне жеткенде сөйлесерміз.

— Мейлі, Қалден Цереннің қанды қолын жаңа көріп жүр дейсің бе? Жіберсе, күтіп алуға бармын!

— Онда кешікпей Қалден Церенді де көріп қаларсың.

Жоңғар нояны орнынан түрегелді. Ханға әдет бойынша, сәл басын иіп тәжім етті де, асыға басып шығып кетті. Оның соңынан Барақ сұлтан да тұра берген...

— Отыра тұр, Барақ сұлтан, — деді Әбілқайыр қолымен ишара жасап. Барақ үн-түнсіз қайта отырды. — Тевкелевтің келе жатқанын жаңа айттым ғой. Әрине босқа келе жатқан жоқ. Бұл жолы қазақ елінің ақ патшаға біржола бағынуын талап етуі хақ. Оған қандай жауап қайтарамыз?

— Өзің қандай жауап қайтармақ ойдасың?

— Мен жауабымды осыдан бес жыл бұрын бергем.

— Мен де жауабымды сонда бергем. Сірә, екеуміздің жауабымыз бір жерден шыға қоймас.

— Сонда ат құйрығын кескен жеріміз осы болғаны ма?

Әбілқайыр мен Барақ арасындағы араздық өз алдына. Қазір бұлардың шешетіні тым жауапты мәселе еді. Бірақ амал не, халық тағдыры бас араздықтың қанжығасында кете барды. Найман тайпасы Жоңғар хандығымен қатар тұрғандықтан, Бараққа да Әбілқайырдың айтқанына көне қою қиын еді, сондықтан да ол:

— Ат құйрығын кестім десең өзің біл, Әбілқайыр хан! — деді де ордадан шығып кетті.

Күзетшілер сол тас мүсін қалпында тұрып қалды. Үй ішін тағы да тымырсық тыныштық басты.

— Хан ием, — деді Тайман батыр тыныштықты бұзып, — халайық қайда болса, хан сонда болады деп сенеміз. Соңыңнан ердік, әзірге үмітімізді ақтап келесің. Бірақ бүгін бір түсінбай қалған жайым бар.

— Сөйле, Тайман батыр?

— Бізге Жоңғарлардың істемегені бар ма? Елімізді қан-жоса етті, шалымызды кәрі деп аяған жоқ, баламызды жас деп мүсіркемеді. Қыс қыстау етер, жаз жайлау етер бүкіл жылы өңірімізді басып алды. Ал сондай ата жауымыздың жаңағы Церен-Доржи тәрізді қандышелек батыры қолымызға өзі түсіп отырғанда, аман-есен қоя береміз. Ол аз болғандай, оның көзінше ашпайтын құпия-
мызды ақтарамыз. Біздің бар ойымызды ол ертең-ақ Қалден Цереніне жеткізбей ме? Білмеймін, жарқыным, неге бұлай бұның бәрі...

— Құпиямызды айтсақ, ол құпияны Церен-Доржи ешкімге жеткізе алмайтынын білген соң айттық.

— Қалайша?

— Церен-Доржи қасындағы жігіттерімен бүгін түнде Қанды жартас тұсында ажал табулары керек!

— Кім орындайды ол үкімді?

— Батыр Тайман мен оның сайыпқыран жас бөрілері.

Тайман абыржып қалды.

— әй, қалай болар екен?! Менің жігіттерім Көкжал Бараққа татымайды ғой. Оған қарсы ұрыс ашуға кімнің батылы барады...

— Церен-Доржиды қасында Барақ жоқ кезде өлтіреді.

— «Барақ жоқ кездеңіз» қалай? Бәрі бірге аттанады ғой.

— Барақ сұлтан ымырт үйіріле, осы біздің ауылдың тұсына қарай кейін қайтады.

— Неге?

Әбілқайыр жүдеу ғана езу тартты.

— Иә, Барақ кейін қайтқан соң, сендер Қанды жартас түбінде аңдып тұрып Церен-Доржидың тобын басуларың керек. Бірде-бірін тірі жібермеңдер. Біздің ордадан аман кеткені бүкіл жұртқа аян. Сонан кейін елшісінің қанынан Барақ сұлтанның өзі ақталып көрсін.

әңгіменің ар жағы күбір-сыбырға айналып кетті. Бұл кеңес біткеннен кейін, сүт пісірімдей мезгіл өтер-өтпесте, қасында қару-жарақты елу жігіті бар Тайман батыр хан ауылынан күншығыс жаққа қарай қиялап шыға берді.

Әбілқайыр үйде оңаша қалды. Бейуақта берілген әмірінен бөтен ешкімнің хабардар еместігіне сенген хан енді тағына сүйеулі тұрған үкілі домбырасын алып, бір асау күйді безілдетіп ойнай жөнелді. Осының алдында ғана ашу, ыза, әдіс, қулық секілді неше алуан сезімді басынан өткізген ханның домбыраны осыншама құшырлана қағуы — жүрегін өртеген бар азапты ұмытып, бір мезет көңіл қобалжуын басуы еді...

Ал Барақ сұлтан болса, Әбілқайыр айтқандай, хан ордасынан әжептәуір ұзап барып, ымырт үйіріле Церен-Доржи тобынан өзінің сенімді екі жігітін бөліп алып, кейін қайтқан. Қас қарая хан ауылының тұсындағы терең сайға келіп, атын жігітіне беріп, өзі бергі жағаға шықты да, көзін хан аулынан алмай етпетінен жатты да қойды.

Қара шапан жамылған Нұрбике тек ауыл ұйқыға қатты кеткен кезде ғана, уәделескен жеріне жетті. Шыдамы таусылған Барақ сұлтан орнынан атып тұрды.

Баласыз әйел қанша сұлу, еріне қанша ыстық болмасын, ол тек жас кезінде ғана жарына қымбат! Бұл қазақтың ескі дәстүрі. Әсіресе бұл заңды қартайғанша жас иіс құмар төре тұқымы мықты ұстаған. Осыны білетін жеңгелері «Егер хан күйеуің суып кетпесін десең, оған күлге аунасаң да бір перзент тап» деген ақылдарын жүрегіне мойнындағы тұмардай сақтаған ерке тоқал қара мақпал шапаны бозаң үстіне қалай жайылғанын екеуі де түсіндегідей ғана сезінді... Бие сауымындай өткен кезде, орнынан созыла түрегелген Нұрбике Бараққа ерінің Церен-Доржиды өлтір деп әмір бергенін айтты.

Барақ атына қарай жүгірді. Әне-міне дегенше тыныш түнді үркіте оятып, жазық даланы дүбірлете күншығысқа қарай шаба жөнелді. Ашу қысқаны сонша, ат дүбірінен ауыл оянып, Нұрбикенің қылмысы ашылып қалар деп ойлаған да жоқ.

Бірақ бұл қылмысты Әбілқайыр онсыз да біледі. Сай жағасындағы қалың талды жападан-жалғыз бағанадан бері аралап жүрген көлеңке — бұл Әбілқайыр хан еді. Әттең, дүние-ай, Барақты ол тек атына мінген кезде ғана көріп қалды.

Сол күні ол көрер таңды көзімен атқызып шықты. Тек таңертең ғана нөкерлеріне ең жақсы көретін тоқалы Нұрбикені бар жасауымен Сыр бойындағы әкесі Қойсан байдың аулына апарып салуды бұйырды. Нөкерлері де, Нұрбике де «неге?» деп сұраған жоқ.

Сәскеден ауа, Нұрбикенің көші ұзап, жаңа көтерілген сағыммен араласа, көкжиекте бұлдыр тартып кеткен кезде ғана ол үйден шықты. Кетіп бара жат-
қан көштің сыртынан ұзақ қарап тұрды. Әлден уақытта барып, жүрегінің бір нәзік қылы үзіліп кеткендей, қинала күрсінді. «Асықпа, Барақ сұлтан, күнім туса сені өз қолымнан бауыздармын» деді тістене күбірлеп.

Осы мезетте күншығыс жақтан құйындата шапқан салт аттылар көрінді. Бұлар Тайман батырдың жігіттері еді. Көп ұзамай олар аттарын ауыл сыртындағы кермеге байлап, бері қарай жүрді.

Тайман батыр өзгелерден бөлініп кеп, Әбілқайырға сәлем берді.

— Жолың болды ма, батырым? — деді хан.

Тайман батыр төмен қарады.

— Сәті түспеді, хан ием.

— Қалайша?

— Біз Церен-Доржидың тобына жеткен кезде, Барақ сұлтан сіз айтқандай, олардың арасында жоқ екен. Аттылы жаумен белес арасында кездесуді қауіп көріп, қара көрсетпей Қанды жартасқа дейін еріп отырдық. Қанды жартасқа жеткен кезде олар аттарынан түсті. Көліктерін отқа қойып, бастарына қоржындарын жастанып, көздері ұйқыға кетті-ау деген кезде, біз де тидік. Ұйқылы-ояу сасқалақтаған жігіттерін бірден сойылға жықтық. Бірақ Церен-Доржи атына мініп үлгіріп қалды. Талағы түскір әбден ұрысқа үйренген бе, біздің дүбіріміз шығысыменен арқырай кісінеп иесіне жетіп келді. Ат үстідегі Церен-Доржи осал жау болмай шықты. Маңына таяған екі-үш жігітімді айбалтасымен ұрып құлатты. Түн қараңғы боп, өзім оған дәл кездесе алмадым. Енді қолыма түстің бе деп, бес-алты жігітіммен қоршай бергенімде, Барақтың «Аруақ! Аруақ!» деген айбарлы даусы естілді. Жігіттерім тым-тырақай қаша жөнелді.

— Өзің ше?

— Өзім де шегінуге мәжбүр болдым. Барақтан қорықпағанмен де, төре тұқымы ғой, қарсы сойыл көтеруді жөн таппадым. Өзге қауым қалай көреді, ол әлі ашық жау болып шыққан жоқ қой?

— Дұрыс еткенсің: қардың басын қар алар, ханның басын хан алар, қарашаның төре тұқымына сойыл соғуы лайықты емес.

— Өзім де солай болжадым.

Әбілқайыр бұдан әрі қазбаламады.

— Өңгерген өліктеріңді көрмедім. Сойылға жығылғандарың қайда?

— Көрші ауылда.

— Жөн еткенсің. Орда маңайы онсыз да қара түнек.

Әбілқайыр теріс бұрылып, ауыл сыртындағы белеске қарай жүре берді. Соңынан нөкерлері емес, қасқыр алатын, хан жалғыз жүргенде жанына кісі жолатпайтын, күшігінен асыраған қасқыр қандас қара қылшық, тайшадай арлан төбеті ерді.

Басқа сөз айтпай, зерлі шапанын иығына бос салып жалғыз кетіп бара жат-
қан Әбілқайырдың соңынан Тайман түнере қарап тұрды да, жанына келген серіктеріне:

— Қаза болған жігіттердің үйлеріне хабар беріңдер, — деп бұйырды да, Бөгенбай батырға арнап тігілген үйге қарай беттеді.

Аңызақ желге маңдайын сүйгізе Әбілқайыр хан жападан-жалғыз келе жатыр. Көзі алыстағы көкжиекте. Жан дүниесі астан-кестен болып, қара торы жүзіне ыза теуіп, сұрланып кеткен. Церен-Доржиды өлтіріп, оны Бараққа жаба алмағаны жанына қатты батып келеді. Бұрынғыдай емес, Барақпен екеуінің арасындағы болмашы көпір біржолата құлаған. Қалден Церен де бұған деген ақырғы сеніммен енді мәңгі қоштасады. Жоңғар қонтайшысы Әбілқайыр ханды құртпай, Кіші жүз жеріне шабуылын тоқтатпайды. Бұның бәрін Әбілқайыр ап-анық сезінді. Ақыл-ойын жайлаған сұрапыл ашу, өшпенділік тұла бойын өрттей күйдіріп әкетіп барады. Әсіресе, Нұрбикеге ызалы. Кеше Барақтар кеткеннен кейін, кеңес құрып отырғанда ауызғы бөлмеде шолпының сылдыры шыққандай болып еді. Енді міне... сол ауыз үйде жүрген Нұрбике екен. Оның не айтқанын өз құлағымен естімесе де, Барақтың асыға жүріп кетуінен бәрі де белгілі болды. Нұрбике сұлтанға құшағын ғана жайып қоймаған, жұбайының құпиясын да ашқан. Қандай опасыз!

Енді оны бір сәт өкініш биледі. Түнде ашу қысып тұрған шақта хан әбес құлықты тоқалын жендеттеріне өлтіртпек те болған, бірақ қанды жолдан бас тартып еді. Он жыл бойы балдан тәтті ләззат сыйлаған қылықты әйелін өз қолынан өлтіруге қимаған. Опасыздығы үшін мәңгі талақ етіп, еліне қайтуға бұйрық берген. Сол көңілшектігінің зардабынан енді, міне «Қап!» «Қап!» деп тістене аһ ұрады.

Жоқ, Әбілқайыр көңілшек жан емес. Кіші жүздің тағына отырған жиырма жылдың ішінде досына да, қасына да көңілшектік істеп көрген жоқ. Мұның тамырында да ұлы бабасы Шыңғыс ханның қаны бар-ды. Рас, Әбілқайыр Жәнібек ұрпағының кіші тармағына жатады.

Жәнібектің тоғыз баласының ішінде бір анадан Ұснақ пен Жәдік туған. Жәдіктің балалары жеті атасынан хан болып келген. Ал Ұснақтан тараған Бұлақай Құяннан оның баласы Айшуақ, Айшуақтан туған Нырыш, Нырыштың баласы өз әкесі Аджаға (Абдоллаға) дейін, бірде-бір хан болып көрген жоқ. Бақ пен дарын жеті атадан кейін бір қонады деген қазақта қауесет бар, мүмкін содан болар, Жәнібектің жетінші буыны өзі хан болды. Онда да тек Кіші жүзге ғана. Рас, Үлкен Ордадан бұ да дәметкен. Әттең не керек, бақ күндес туыстары мақсатына жеткізбеді. Ал Кіші жүз жеке отау тігіп, Әбілқайырды өзіне хан сайласа, о да сонау Їш жүздің қара шаңырағы — Үлкен Орда хандығы болжырап нашарлап кеткеннің нәтижесі! Ал ел басына күн туып, Жоңғардың қалың әскері қаптағанда, қазақ жұртын біріктіріп жауына қарсы тұруды басқарса, онысы өзінің ерлігінің, көрегендігінің арқасы. Әбілқайырдың бұл қасиеттері жұрт алдында абыройын асырды, кейде исі қазақ елінің көсемі дәрежесіне дейін көтерді. Орта жүздің кейбір ру басшысы, Жәнібек секілді батыры бұның соңынан ерді, қарындасын алып, жекжат болды. Солардың демеуімен Әбілқайыр өзін кейде бар қазақтың жоқтаушысы ретінде сезінді. Әрине, көпшіліктің көкейкесті арманы — тыныштық. Әбілқайыр халықтың сол тілегін пайдалана білді. Ұлы Россияға бізді қарамағыңызға алыңыз деп ең бірінші боп хат жазды. Өзге хандардан гөрі Әбілқайыр Қытай, Жоңғар боғдыхандарының қазақ елін мүлдем құртуға бел байлағанын жақсы түсінді. Әбілқайырдың қылығы үлгі боп, Сәмеке хан да орыс патшалығының қол астына кіруді талап етті.

Ал жоңғар дауылының қарқыны сәл басылып, қазақ елі кей жерде оларға төтеп беріп, кәрі Сәмекенің орнына Орта жүзде Әбілмәмбет, Абылай, Барақ, Қазыбек секілді ел басқара алатын адамдар шыға бастап еді, ел билеп отырған «игі жақсылар» екі бөлінуге айналды. Россия патшалығының қолтығына кіріп алып, Әбілқайыр бәрімізге үстем болмақшы деп қорыққандар да табылды. Олар енді Әбілқайырдың саясатын теріс көріп, кешегі жауы жоңғарлықтармен келісімге келуге де бар екенін жасырмады. Соның бірі Барақ сұлтан, Ал Әбілмәмбет пен Абылай...

Әбілқайыр беті ауған жаққа жүріп келеді. Тек құлағын қайшылап қара қылшық кәрі төбеті ғана соңынан қалмайды. Расымен Әбілмәмбет, Абылай, Барақ жоңғарлардың жалған дәлелдеріне сеніп, кешегі төгілген ағайын-туыстың қанын кешпек пе? Жоңғарлардың айтуы бойынша, қазақтардың жерін, малын тартып алу үшін таламаған көрінеді. Қытай боғдыхандары апатқа ұшыратып жатқан кезінде, Жоңғар елін қазақ батырлары үнемі шауып, әбден зығырдандарына жеткен-мыс. «Ақтабан шұбырындыда» Жоңғарлардың қазақ еліне істеген қиянаты, кәрі-жасына қарамай қырып, ен даласын қанға бояғаны соның ызасы-мыс. Айыпты қазақ елінен алған кегі-мыс. Расында солай ма еді? Жоқ, бекер сөз! Ол кездерде Қытай мен Жоңғар арасы қандай болса, қазақ пен жоңғар, Қытай мен қазақ арасы да сондай еді ғой. Бықыған, өсіп келе жатқан малына жайылым іздеген жоңғарлар бос жатпаған-ды. Ертістен бері қарай, таудан құлаған қорым талай рет жөңки қаптаған. Бүкіл тарихында қазақ жауынгерлері Жоңғардың жерін тартып аламын деп, Ертістен асып соғыс ашқан емес. Рас, өзі келген жаумен сан айқасқан, әрқашан да жеңіп, кейін шегіндіріп отырған. Осының бәрін Әбілмәмбет, Абылай, Барақтар білмей ме? Білсе керек-ті. Онда жоңғарлықтармен қалай бітімге келіп, қолтықтаса қалмақ? әлде айла ма? Менің орыс патшалығының қол астына кіріп күшейіп кеткенімнен қауіптеніп, біз Жоңғар жағындамыз деп, маған халықты қарсы қоймақ па? Олай болса өздері де орыс патшалығына бағынуға бармыз деп, менімен жарысып неге бірнеше рет уәде берді? Бұл қандай ойын? әрине, Барақтың ұстаған жолы ежелден басқа. Ал сонда Орта жүздің ханы мен басқа сұлтандарынікі не? Жоңғар мен орысты өтірік бірін апа, бірін жезде еткен боп, өздеріне дұрыс қаратып, қазақ еліне тек өз бастарының үстемдігін жүргізбек пе? әрине, содан барып жұрт Орта жүз сұлтандары біздің жоғымызды жоқтайды екен деп әрі қарай ауып бара жатқаны хақ. Ал Барақ секілді сұлтандары мені тіпті орыс патшалығына ел-жұртын сатқан адам ғып көрсетпек. Түбі еліміздің де, келешек ұрпақтардың да көзі жетер, бүгінгі әрекетімді ақтар; бізге қалған жалғыз жол — ол Россияның қол астына ену. Бүгін күшті болып көрінгенмен, бар тірлігі құр мал өсіру, өзінен әлсіз елді шабу болған Жоңғар тайпасы да күні ертең не Қытайға, не Россияға бағынады. Күні ертең бізге туған күн оларға да туады. Өйткені, ұлы мемлекетке лайық қайнар бұлағы, көзі тайыз. Өнері, білімі, шығарып жатқан қорғасыны, темірі, егіп жатқан егіні, өсіп жатқан бау-бақшасы, салынып жатқан қаласы, бекінісі жоқ ел ұзақ өмір сүрген емес. Бір қатты боранда бар малынан айрылып қалатын, елінің шетіне жау келсе құр сойылы мен отты жүрегін ала шабатын біз секілді ел жан-жағыңнан қалың жау қаптап тұрғанда, өз алдына жеке жұрт болып тұру қайда?! Тұра алмайды. Осыны неге түсінбейді олар? Жоқ, біз қайтсек те Россия мемлекетінің қолтығының астына кіруіміз керек. Бұл қазақ еліне бірден-бір келешегі бар жол.

Әбілқайыр сәл кідіріп тұрып қалды. Оның сұрғылт көзі тұнжырап кетті. «Мені Ор қаласын салдырмақсың» деп айыптайды. Ор қаласын салдырсам, қазақ елін Россияға бағындыру үшін салдырам. Оны жасырып отырмын ба? Егер сөзіме көнбесе, айтқанымды күшпен істетем. Күшпен бағындырам! Өз халқыма өзім осылай зорлық көрсетуім, біле білсе сол халықтың өзі үшін емес пе? Бүгінгі ісіме, ертең болашақ ұрпақ алғыс айтады! Ал осы арманым үшін, жолымда кім қарсы тұрса аяғымның астына сап таптаймын! Сол үшін маған қазақ жеріне салынар Ор бекінісі керек! Ол бекіністе мұздай қару-жарақты, аузы түкті көп солдат болуға тиісті! әрине, қастарым «осының бәрін Әбілқайыр өз басы үшін істейді, орыс патшасының күшімен бәрімізге хан болғысы келеді!» дейді. Сөздерінде шындық бар, рас мен орыс патшасына сүйенген хан болғым келеді. Күшті хан болғым келеді. Бір жағынан, надан ел-жұртым, сенің қамыңды ойлайтын хан болғым келеді. Халқым, саған адал екенімді кешегі қырғын ұрыстарда көрген жоқсың ба? Өз басымның қамын ойлап қай жерде бұғып қалғаным бар? Алдағы уақыттарда да бұғып қалмаспын! Оған ар-ұятым куә!

Әбілқайыр кілт тоқтады. Көптен бері жүрек түбінде жатқан бір ауыр ой кеудесіне кенет шаншудай қадала қалды. «Ал егер менің үмітім ақталмаса ше? Сонау салынғалы жатқан Ор қаласы, Барақ сұлтан айтқандай, өзіміз құлайтын орға айналса, ел-жұртқа не деймін? Жоқ, олай болуы мүмкін емес, егер ақ патша мені тек халқымның мүңкір-нәңкірі етіп пайдаланбақ болса, онда... Онда... Мен де алысып өлем! Осылай етуді құр өз басым ғана емес, мына әрқайсысы әр тайпа елді басқаруға жарап қалған ұл-қыздарыма да өсиет етіп тапсырып кетем!

... Әбілқайыр ханды бағалай білмеген кейбір орыс пен қазақ тарихшылары оны қара басының қамы үшін жұртын сатқан, бақ күндес жауларын табанының астына саламын деп қазақ елін Россия патшалығына бағындыру саясатын қолдаған дейді. Сол бір қилы кезеңде Әбілқайырдың түпкі ойы солай-ақ делік... Бірақ болашақ тарих, ұстаған жолының дұрыс екенін айқындады. Қазақ елінің Россияға бағынуының қажеттігі Әбілқайырдың өз басының қамынан көрі, әлеуметтік қасиетін жоғары сатыға қойды. Әбілқайыр ұстаған саясаты үшін еш уақытта күрестен бұғып қалған емес. Оған куә қан майданда үнемі алғы шепте болуы, қауіп-қатерді кезеңдерде өз басын қорғап тығылып қалмауы. Ұстаған жолы үшін өз басы түгіл, туған балаларының ешқайсысын аямай кезек-кезек аманат ретінде патша қол астына беруі. Демек, бұның бәрі Россияның қол астына кіру керек екеніне оның шын жүрегімен берілгендігін көрсетеді.

Әбілқайыр қанша қатыгез болғанмен балаларының орыс қаласына аманат боп барып, тәлім-тәрбие, өнер-білім алуын қуаттаған. Әрине орыс төрелерінің арасында ол өзіне деген қастарының да көп екенін білді. Олар әйел патшаға бұны екі жүзді деп хат та жазды. Келешек үлкен мақсаты үшін бұл оған да шыдап баққан.

Әбілқайырдың төрт заңды, үш заңсыз әйелінен он бестен астам ұл, қызы болған. Ханның көзі тірісінде бәйбішесі Бопайдан туған Нұралы, Ералы, әділ, Айшуақ, Қожахмет және қалмақ әйелінен туған Шыңғыс, Қаратай сұлтандар өзіменен үзеңгілес жауға шауып, Орда ісіне кіріскен. Әбілқайыр бұларын орыс бекіністеріне аманат етіп қалдыру былай тұрсын, оларды ең қауіпті жорықтар-
ға, тартыс-таластарға жіберіп отырған. Ханның сайдың тасындай, кілең «сен тұр, мен атайын» осы жеті ұлы көп жағдайда өзіне сүйеніш, серік болған...

Әбілқайыр ұзақ жүрді. Ол ауылдан әжептәуір алыстап кеткенін аңғарған жоқ. Оның ойы енді бастаған істерінің қаншалықты қиындыққа түсетініне ауды.

Ханның Россия патшасы Анна Иоанновнаға жазған хаты бойынша Тевкелев бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы Кіші жүз Ордасына келген шағында қандай қиындыққа ұшырамады? Жыл өткенде еліне әзер қайтқан жоқ па? Әбілқайырдың Россия патшасына басшыларымен тегіс ақылдаспай, бүкіл халық атынан хат жазғанын соңынан білген Кіші жүз бен Орта жүздің шонжарлары не істемеді! Тевкелевті еліне қайтартпай қандай қорлық көрсетпеді! «Бұл қазақ жеріне тыңшылықпен келген, біздің күшімізді біліп алып келесі жылы соғыс ашпақ» деп, оны өлтірмек те болған. Дәл осы кезде башқұрт батырлары Торғай бойындағы қазақ ауылдарының малын шауып, әлі Россияға бағынудың байыбына жете түсінбеген халықтың наразылығын бұрынғысынан да өршіте түсті. Әрине, Бұғыбай батыр мен оның күйеу баласы Есет батыр кіріспегенде, о жолы Тевкелев те, оған еріп келген адамдардың бірде-бірі тірі қайтпаған болар еді. Рас, осы жолы Россиямен жақындасу жөнінде көп іс істелді. Бұхара мен Хиуа хандарына уәкілдер жіберілді. Қарақалпақ елінің ханы Қайыппен сөз жүргізіліп, оның Россия қол астына кіргісі келетіні анықталды. Әбілқайыр менімен ақылдаспай қатын патшаға хат жазды деп өкпелеп қалған Орта жүздің ханы Сәмеке де хат жолдап, Тевкелевпен кездеспек болды. Бірақ Арқа жеріне қарай осы кезде Жоңғар қонтайшысы әскерінің бет алған қаупімен байланысты бұл кездесу болмай қалды. Демек, өз басына төнген ажалға қарамай Тевкелев бұл жолы да қазақ елі мен Россияны жақындастыру жолында көп шаруа істеп кетті. Ол Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Абылай, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс пен Қарақалпақ билеушісі Қайыптың Россия қол астына кіруге бар екенін біліп қайтты.

Ал қазір қалай болмақ? Тевкелев қандай қауіп, қандай жақсылық, қандай жамандық әкеле жатыр? Мырза не тілемек? Тілегін мен орындай аламын ба?

Кенет ол селк ете қалды. Хан ордасына таяу тігілген қараша төлеңгіт аулынан «ой, бауырымдап!» бері қарай шапқан ері, әйелі аралас бір топ адамды көрді. Шұбалаңқы топ дәл хан тұрған белесті бетке алып келеді. Бұл сойылға жығылған Тайман жігіттерінің туыстары екенін Әбілқайыр жаңа ғана ұқты. Сөйткенше болған жоқ «ой, бауырымдаған!» қаралы топ хан жанынан өте берді. Тек белес үстіндегі Әбілқайырды көріп екі-үшеуі бері бұрылды. Алдыңғысы кәртең әйел екен, астындағы ұшқыр биесінің тізгінін бос қоя беріп, екі қолымен шашын жұлып, бетін тырнап, ойбайлап келеді.

әйел Әбілқайырдың тұсына таяй беріп, қос қолымен биесінің тізгініне жабысты. Бие тоқтамағанмен, шабысын сәл бәсеңдетті.

— Жалғызымнан айрылдым, қарашығымнан айрылдым, — деді ол қу даланы басына көтере қарлыққан сұмдық бір қайғылы айғаймен. — Алтын күнім батты, қара жыланың шақты! Жалғызымды ажалға айдаған сенсің, Әбілқайыр хан! Құдай сені де жылатсын! Бала-шағаңның қызығын көрме! Көріңде өкір, көріңде өкіргір тас бауыр хан!

Ашу қысқан хан қалш-қалш етті. Баласы өлсе — ел басына туған күйзелісте кімнің баласы өлмей жатыр! Бүгін бұның жалғызы өлсе, ертең менің он ұлым бірдей қанды айқаста қаза таппасына кім кепіл!

Әбілқайыр жалғызынан айрылған сорлы ананы тоқтатар жылы сөз таба алмады.

— Тарт тіліңді, ей сорлы! — деді ол ақырып. — Балаң өлсе жалғыз сенің балаң өліп пе!..

— Тартпаймын тілімді! — деді қайғыдан налыған бейбақ ана. — Қанішер, қара жүз! Адыра қал! Сен! Сен өлтірдің менің баламды! Қайтарып бер ойбай, қайтарып бер, атаңа нәлет, қанішер!

Туғалы мұндай сөз естімеген хан ашудан бұрынғысынан да бетер жарылып кете жаздады. Ол дәл осы сәтте жалғыз баласынан айрылған мынау сорлы ананың ақылынан адасып кеткенін де аңғармай қалды. Екі құлағын қасқырша тігіп, шолақ құйрығын бұлаңдатып, иесінен бұйрық күтіп тұрған қара қылшық арланына:

— Айт! — деуге ғана шамасы келді.

Қанды көз айбарлы қара төбет алқымынан ала түспек боп, екі орғып жанына жетті де, келіп қалған салт атты әйелге қарсы атылды. Сол мезетте әйелдің соңынан тепеңдеп жеткен күрең байталды қапсағай қара жігіт қолындағы құрығын итке қарай қос қолдап сілтеді. Қайың құрық шекесінен тиген жолбарыс денелі ит бір-ақ рет қыңсылай шаңқ етті де, кісі бойындай көтерілген қалпынан қара жерге гүрс етіп құлап түсті.

— Сорлы, сорлы-ай, ханда не шаруаң бар еді! — деді ол, әйелдің шылбырына жабысып, — сенің балаң өлді не, сенің өзің өлдің не, оған бәрі бір емес пе!

әйелдің көзі шарасынан шыға, аузынан көбік атып, бажылдағанына қарамай, биенің тізгініне қолы тиісімен-ақ өліктер жатқан ауылға қарай тепеңдеп шаба жөнелді.

«Ой, бауырымдаған!» жұрттың қарасы өшкен кезде, Әбілқайыр жерде сұлық жатқан итінің қасына келді. Қос қолдап ұрған қайың құрық арланның бас сүйегін опырып жіберіпті. Қып-қызыл қан мен миы бұрқырап жерде шашылып жатыр. Бүйірі әзер ғана бүлк-бүлк соғып, көзі тасырайып, кешегі топ қасқырға жалғыз шабатын қылшық жүндісі енді талмаусырап өліп бара жатты. Күшігінен асыраған, сан қауіпті сапарларда өзіне серік болған итін қимай Әбілқайыр ұзақ тұрды. Ақырғы рет тынысын тартып, төрт аяғын бірдей жазып, тына қалғанда ғана, теріс бұрылып кетті.

Әбілқайыр ұзақ жүрді. Бағанағыдай емес, бойынан ашуы тарап, енді болған істі басынан аяғына дейін көз алдына елестете бастады.

Ақырғы он жыл өмірінің ішінде үнемі қан жосыған сұмдықтардың арасында жүріп еті үйреніп кеткендіктен бе, бойын тез-ақ жинап алды. Кенет баласынан айрылған жаңағы қарт әйелдің «қанішер!» деген сөзі құлағына қайта келді. Сонда барып бұл әйелдің, итін ұрып өлтірген жігіттің кім екенін есіне түсірді. Осы әйелді баяғыда қарақалпақ елінен олжалап әкеліп, өзінің төлеңгітіне қосқаны ойына келді. Күйеуі өліп, жалғыз ұлы ер жетіп, Тайман жасағында жүретін. Енді бүгін о да мерт болды. Иә, әйелдің Әбілқайырды «қанішер» деуге шын хақысы бар екен. Енді итін өлтірген жігіттің де кінәсін кешкен тәрізді. Жігіт өзінің қарулы жылқышысы, жаңағы әйелдің қайнысы Хұсайын деген. Қатты сүзек боп ауырып, төсектен тұрғанына бір айдай болған. Бүгін-ертең жылқыға шықпақшы еді.

Бұл адамдардың өздері де, тағдырлары да таныс болғандықтан ба, хан енді әлгі оқиға жайын естен шығаруға тырысты. Бірақ оның ойынан бір нәрсе кетпей-ақ қойды.

Ұрыста ер жігіт қаза тапты деп ешкім де ханды сөкпесе керек еді. Бұл ел салтында жоқ. Ал бүгін неге бұлай болды? Ханды балағаттар, аяулы итін өлтіртер бұларға мұндай желік қайдан бітті? Мұнда қандай себеп бар? Жалғыз қара халық емес, батыр, сұлтандар да Әбілқайырға қарсы сөйлеуді жиілетіп жүр. Осылардың бәрінің түбірі неде? Жарайды, жұрт ұрыстан, соғыстан қажыды делік. Мезі болған жұрттың тілі де шыға бастауы мүмкін. Бұл бір ақиқаты болар. Екіншісі неде? Екіншісі... Әбілқайыр мойындағысы келмегенмен мойындауға мәжбүр болды. Екіншісі — «Ақтабан шұбырындының» алғашқы жылдарындағыдай емес, халық алдында қадірінің түсе бастағанында еді.

... Түн ортасы ауа хан өзінің ауыр ойларынан сергігендей сезінді. Қарсы алдындағы ошақтың қызыл шоғы сөнуге айналған. Тынық түнде жас қи түтінінің болмашы күлімсі исі келеді. Арғы беттен өгізшағаланың құлаққа жағымсыз айқайы естіледі.

Әбілқайыр отырған диірмен тасынан түрегелді. Кенет өн бойы дірілдеп кетті. Қарсы алдында бүгін ғана жығылған ақ отаудың жапырылған орны жатыр екен. Иә, бұл бір кезде ханның жанындай жақсы көрген тоқалы Нұрбикенің қымбат ақ отауының орны еді...

 

ІІІ

 

Қазақ даласының Россия қол астына кіруін бір куәлік қағазбен, не бір указ күнімен атау мүмкін емес. Бұл ондаған жылға созылған ұзақ, қайшылығы мен қиындығы мол ауыр қалыптасу кезі еді. Және қазақ елінің Россияға қосылуын бір ханның, қала берді бірнеше қайраткердің есімдерімен ғана байланыстыру — о да дұрыстыққа жатпайды. Бұл заңды шешімі бар, саяси, экономикалық, әскери фактілер секілді көптеген себептермен шиеленіскен дәуірінің тілегіне қарай тарихтың өзі жаратқан перзенті. Россияға қосылу — рулар арасындағы талас-тартыс, сол рулардың жағрафиялық жағдайы — толып жатқан қасын да, досын да тудырды. Бір жағынан, ұшы-қиырына құс жетпес кең даласында қазақ қауымының қалыптасқан тұрақты экономикасының жоқтығы және негізгі кәсібі құбылмалы, көшпелі, тұрмыспен байланысты болғандығы, екінші жағынан, Жоңғар шапқыншылығының дүмпуі әсер етіп, ру басшылары өздерінің Россияға бағыну саясатын әрдайым өзгертіп отырды. Мұндай жағдайда Россия қол астына кірудің кешегі қолдаушылары бүгін оған қарсы шығып, ал кешегі қарсыларының бүгін оны жақтауы — таңқаларлық іс емес-ті.

Бірақ келешекке керексіз, болашағы жоқтың бәрін өзінен әрі итеріп, тарих доңғалағы алға қарай айнала берді. Осылай қазақ даласына аяуды білмес, орасан қатты жаңа тарихтың дауылды көктемі келді.

Сондай-ақ Әбілқайыр ханның Анна Иоанновнаға 1730 жылы жазған хатындағы «қорғаныңызға алуыңызды тілейміз» деген сөзді соңынан шыққан ресми қағазда «Россия қол астына алуыңызды өтінеміз» деп өзгертуі жайындағы ғалымдардың таластарының да керегі шамалы. Әрине, тарихи куәлік қағаздардың дұрыс аударылғаны жақсы-ақ, бірақ бүгінгі күні «қорғаныңызға алыңыз», не болмаса «қарамағыңызға алыңыз» деген сөздердің қандай айырмасы бар?

Тарихи деректерге қарағанда, Россия патшасы Анна Иоанновна Әбілқайыр ханға берген грамотасында: «... Өздеріңнің өтініштерің бойынша жоғарғы көрсетілген тараулардың негізінде, қырғыз-қайсақ ханы Әбілқайыр, сені және бар қырғыз-қайсақ әскерін қол астымызға алдық... Сондықтан хан мен оның бар әскері біздің императорлық мәртебеміз бен оның мұрагерлеріне мәңгі-бақи адалдығын сақтауы керек» делінген. Бұл грамотада: «Адал және әділетті» патшаға қызмет істеу, соғыс кезінде Россия әскери басшыларының қарамағына қару-жарақты қол болып келуі, Жайық єазає-орыстары, башқұрт, қалмақ секілді Россияға бағынышты ұлттарды шаппауы, қазақ жері арқылы өтетін орыс-сауда керуендерін тонамау, бұрын-соңды қолға түскен орыс тұтқындарын қайтару секілді қазақ хандарының міндеттері көрсетілген. Сонда ғана Россия патшалығы қазақ елін өз қорғанына алмақ болған.

Әбілқайыр хан да, одан кейін «Россия қол астына кіріп адал қызмет істеуге» ант берген Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да, сол жылы Бұғыбай мен Есет батыр бастаған Кіші жүздің үш жүз тоқсан тоғыз «игі жақсылары» да Россияға бағыну деген ұғымды қорған болу деген мағынада түсінген.

Не дегенмен де бұл кезеңнің басты маңызы — қазақ елі осы шақтан бастап Россияға арқа сүйей отырып, өзінің шаруашылығын, саясатын, енді сол Россияның көз-қарасымен байланыстыра жүргізуінде болды. Бұл тарихи керек жағдай еді. Және бұл жағдай осы кезден бастап, алдындағы бөгеттердің бәрінің күл-талқанын шығарып, әрі қарай дами түсті.

әрине, мұндай тарихи ауыр күрес-қимылдарда бағынышты қазақ елі мен патшалық Россия секілді отаршылық саясатты ұстаған екі жұрттың арасында қайшылық, толып жатқан қиындықтардың туатыны да мәлім. Бірақ соның бәріне қарамай, енді қазақ жеріне Жоңғар шабуылы тоқталды. Жоңғар қонтайшысы тек өзі басып алған қазақ даласының оңтүстік өңіріне ғана ие боп қалды.

Осындай «қол астына» кірген қазақ елін Россия патшалығы бір мың сегіз жүз қырқыншы жылдары Үргеніш, Хиуа тұсынан төнген Иран патшасы Надир шахтың шабуылынан да сақтай алды.

Ор қаласынан кейін Россия, Жайық, Елек, Жем өзендерінің бойына әскери бекіністер сала бастады. Орыс патшалары бүкіл Россия шекараларына тұрғызылып жатқан бекіністер мен әскери қорғандарды бірімен бірін байланыстырып, солдаттармен толықтырды. Әскермен бірге қазақ даласына Россияның алыс түкпірлерінен қара шекпендер келді. Бұлар үй салып, егін егіп, меншігіне берген жерді иеленуге кірісті. Мұндай жағдайда келімсек жұрт пен жергілікті елдің арасында қырғи қабақтық, жанжал, сойыл ала жүгіру тәрізді келісімсіз істердің де тууы сөзсіз еді. Бұқара халықты біріне-бірін айдап салып елді басқару — ежелгі саясаты болған орыс генералдары да, қазақ бай-манаптары да бұл алау-
ыздық, жанжалдарға астыртын дем беріп, өршіте түсті. Ұлт наразылығын тудыруда бұл екеуі де үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырды. Халықтар достығының неге апарып соғатынын әсіресе Пугачев көтерілісінен кейін бұлар өте жақсы түсінген-ді... Қазақ елі Россияға қосылуының арқасында феодалдық ұйқысынан оянып, мәдениетке қол соза бастады. Россия оны тарихтың алыс-жұлысына өзімен бірге алып кірді, қоғамдық және саяси жағынан күшеюіне мүмкіндік берді. Отырықшылық пен егін салуға, сауда-саттықтың жаңа үлгілері мен өнеркәсіптің өндірістік түрлеріне үйретті.

Бірақ бұл өрбу-өркендеу өзінің қоғамдық сатысында шүу дегеннен-ақ екі бағытта дамыды. Бір жағынан осы екі ұлттың ең алдыменен зәбір көрген кедей топтары бірімен-бірі белсене жақындай түсті: қазақ аулының кедейі мен малшылары, өз жеріне көшіп келген қара шекпендермен тіл табысты, содан кейін патша ағзамның тұз кептіретін, кен шығаратын кәсіпорындарында қазақ пен орыс бейнетқорлары достасты, ақырында барып, сауда капитализмнің өркендеуінің арқасында күрделі өндірістерде екі ұлттың пролетариаттары бірікті. Бұл бағытта революциялық сана-сезімі жоғары орыс пролетариатының соңына қазақ елінің сезімі ояна бастаған алдыңғы қатарлы ұл-қызы ерді. Осы достасу күн сайын тереңдей, дами берді. Қазақ жұртының алдыңғы қатарлы адамдарының революциялық сана-сезімінің оянуына айдаудан келген декабристер мен олардың жолын қуушы орыс интеллигенциясының жәрдемі көп тиді. Бұған қазақ жеріндегі орыс жұмысшылары қосылды. Осылай тағдыры, келешегі бір екі халық күннен-күнге достаса түсіп, өздерінің алдағы бақытты болашағына қол созды.

Екінші жағынан, қарамағындағы елді жеке билеп-төстеудегі феодалдық ықпалын азайтқаны үшін, ақ патшаны қанша жек көргенімен, қазақтың кей ханы, сұлтаны өздері сол патшаның өкілдері генерал-губернаторларымен ауыз жаласып, солардың қазақ даласындағы шоқпарына айналды. Бұл оларға күннен-күнге айтқандарына көнбей бара жатқан бұқараны ауыздықтап ұстап отыру жолы болып табылды. Россия патшасының отаршылық саясаты мұндай адамдардың дегенінен шықты, тікелей жәрдем берді. Рас, орыс генералдарының ішінде әділеттілікті сүйетіндері де, ақылдылары да болды. Олар билеп отырған өлкелерінде қазақ балаларына арнап мектеп, аурухана ашты. Алым-салық жинайтын шенеуніктері мен почта қызметкерлерінен жергілікті халықтың тілін білуді талап етті. Кейбіреулері Петербургке барып қазақ секілді бұратана ұлт-
тарға аздаған теңдік те сұрады.

Бірақ мұндай губернатор, генералдар тым аз еді. Ал қазақ жеріне келген шын тарих — отаршылық тарихы аяуды білмес, қан шеңгелді, қатал тарих болатын.

Патшалы Россия бірте-бірте «халықтар түрмесіне» айналды. Декабристерді өз қолымен дарға асып, ұлы орыс халқын табанының астында шірітуді ойлаған Бірінші Николай патшадан қазақ секілді басқа ұлттар қандай жақсылық күте алатын еді? Бұндай жақсылықты Екінші Николай патшадан да, оның генералдарынан да дәмеленудің орны жоқ-ты. Егерде Россия жерінің өзінде қиянат, қазнаны ұрлау, пара секілді жексұрын қылмыстар орасан өрістеніп жатқанда, қазақ даласы секілді отаршылық саясаты қаулаған өлкелерден не күтерсің! Ондай сорақылық бұл жақта екі есе, үш есе арта түсуде еді! Егер Петербургте сот әділетсіздік істесе, Қаратал не Іле бойында ондай әділетсіздік темір шынжырлы, қанды апатқа айналған. Егер Петербургте әділетсіз сот бір кісінің басын алуға бұйырса, бұл арада «кәрі қылыш» жасағы сотсыз жүз кісінің басын бірдей домалатқан.

1737 жылы Сәмеке дүние салды. Орта жүздің билігі енді біржолата Үлкен Орда ханы Болат ханның баласы Әбілмәмбетке көшті. Бірақ ол алыстағы Орынбор әкімшілерінен көрі, қасындағы Жоңғар қонтайшысына жалтақтап қарай бастады. Егер Қалден Церен оған ата мекен Түркістан шаһарын қайтарып беруге көнсе, Жоңғар хандығына бағынышты боп, аманатқа бір баласын жібермек ойға да келген. Әйтседе қонтайшымен біржолата қолтықтасып кетуіне ел наразылығы көлденең түскен. Халық ойын Бұқар жырау:

 

Ежелгі дос жау болмас,

Шіркеуіште хаты бар.

Ежелгі жау ел болмас,

Көңілінде кірдің таты бар —

 

деп ханға тікелей айтқан. Жұрт жырау сөзін мақұлдаған. Және Әбілмәмбеттің ойын сезген Орынбор әкімі Неплюев те босқа жата алмаған. Орта жүз Жоң-
ғарға ауып кете ме деп қауіптеніп, онымен тіл табуды дұрыс көрген.

Бұндай жағдай Орға қала салдырып, орыс патшалығына арқа сүйей, бүкіл қазақ елін қолыма алам деген Әбілқайырдың жігерін құм етті. Енді ол Әбілмәмбет пен Абылай, Барақтардан орыс патшалығын қызғанды. Кіші жүз ханының бүйтіп зығырданы қайнауына тағы бір себеп бар еді. Әбілқайыр: «Орыс патшасының қол астына кірсем, Жайық пен Еділ өзендерінің екі ортасындағы жайылымдарға малымызды жаюға рұқсат береді» деп үміттенген. Ал Орынбор әкімдері, патша ағзамның нұсқауы бойынша, жайылым бермек түгіл, Кіші жүздің руларына Жайықтың ар жағына өтуге тыйым салды. Ол ол ма, арғы бетке өтпес үшін, күз келе Жайықтың бергі бетінің он шақырымдай жерін өртеп тап-тақыр етуді бұйырды. Күзгі жайылым, шұрайлы жерінен айрылған Кіші жүздің асау рулары «Орысқа бағынсақ бізді жарылқаймын дегенің қайда» деп, енді ханды ашық келеке ете бастады. Ал Ордан жетпіс-сексен шақырым бері тұратын, Торғай өзенінің бойын жайлаған Әбілқайырдың қол астындағы Арғын мен Қыпшақ руларының кей ауылдары енді Кіші жүз ханының қарамағынан шығуды ойлады. Өйткені, егінге қолайлы Торғай өзенінің кең алқабының өзіне орыс отаршылары көз тіге түскен еді. Әсіресе, Орынбор бекінісінен екі жүз елу шақырым жоғары жатқан Торғай өзенінің бойындағы Қарақоға, Доғал секілді малға жайлы ойпаттарды егіске ыңғайлай бастаған. Және осы кезде сонау Жайық, Миас өзендерінің бойымен созылған бекіністер Қорған, Омбы қалаларымен шектес келіп, Ертіс өзенінің бойымен жоғары көтерілген. Одан әрі Бийск қаласының солтүстігін ала, Алтай тауларының етегінен шығып, қазақ даласын қоршауға айналған. Бүгін болмаса ертең енді қазақ жерінің ішіне де ақ патшаның ауыз салатыны белгілі болып қалған.

Бұл отарлау саясатының ызғарлы лебін ең алдымен әзер күн көріп отырған бұқара халық сезінді. Жайылым жерінен айрылғалы тұрған жұрт енді орыс патшалығына ғана емес, өздерін сол патшалықтың қол астына сүйреген Әбілқайыр, Сәмеке секілді хандарына үрке қарай түсті. Оның үстіне алым-салық ауырлап жұрттың еңсесін баса берді. Қарамағына кірген Орта жүз бен Кіші жүздің елдеріне Анна Иоанновнаның указы бойынша салынған салық жоқтың қасы еді. Бар болғаны осы екі Жүздің жылына төлейтіні бір мыңнан үш мыңға дейін түлкі мен қарсақтың терісі ғана болатын. Бұл болмашы салықтың өзін де ел алғашқы он жыл бойы, кейде беріп, кейде бермей келген. Ал ақырғы кезде қазақ жерінің шекарасына бекіністер салумен байланысты, жергілікті орыс әкімдері, бұл салықтарды маңындағы ауылдарға азық-түлік, мал басына қарай айналдырған. Мұндай салықтың салмағы көбіне Орынбор губернаторының қарауына жататын Кіші жүздің елдеріне түскен. Бұрын жанынан еріксіз біреуге бірдеме беріп көрмеген және «мал ашуы — жан ашуы» деп қарайтын қазақ елі, төлеп жатқан мал бастары бәлендей болмағанмен: «Қалалары салынбай жатып істеп отырғаны мынау, ертең бекінген кезінде неміз қалады», — деп күні бұрын сары уайымға түсті.

Осындай жағдайлармен ел алдында қадірі кете бастаған Әбілқайыр, бір жағынан патша үкіметінен күткені ақталмай, не істерін білмей, іштей әбігерленуде еді. Ол ақыры «үш жүздің қамы» түгіл, өз хандығының не боларын білмей, әбден састы... Екі ұрты суалып, сопақ беті бұрынғысынан да созыла түскендей, ақ сұр жүзінен қаны қашып, сүзектен тұрғандай бозарып кеткен. Сұрғылт көздері де бұрынғыдай емес, нұры сөніп, қанталап, қызара қалған. Мезгіл, заманның ағысы, тағдыр, басқа қонған бақ көтеріп, ұлы тілектерге қол созған адамның сол заманның өзі тудырған дағдарысынан, қиындығынан күйреуі табиғи іс еді.

 

 

Ол қазір ауыл сыртындағы төбеде отыр. Қасында жақында ғана Арал маңындағы қазақ пен қарақалпақтың ханы болып сайланған үлкен баласы Нұралы. Бозаңды төбенің басына төселген текеметтің үстінде ақ жастыққа шынтақтай жатып, әкелі-баланың оңаша әңгімелескеніне бие сауымынан артық мезгіл өтті. Қабақтары жабыңқы, түстері солғын. Әкелі-балалы адамдардай емес — арбаса қарайды. Бұл арбасу «Хан баласы туған әкесін, өзі хан болуды ойлағанша ғана әке санайды» деген көне қағидадан туған тәрізді.

— Сөйтіп сен, Неплюевтен іргеңді алыс салма дейсің ғой? — деді Әбілқайыр Нұралыға көзінің қиығын аудара.

— Іргеңді алыс салатын мезгілден өтіп кеттің, көке, шамаң келсе тіл табуға тырыс.. Сенің сөзің бүкіл Кіші жүздің сөзі...

— Ал егер оның өзі тіл тапқысы келмесе ше?

— Сол тіл тапқысы келгені үшін шақырып отырған болар.

— Жалғыз мені ғана шақырып па? Неплюев Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанды да шақырып отырған жоқ па?.. Анна Иоанновна маған берген грамотасында мені бүкіл қырғыз-қайсақ ханы деп бекіткен жоқ па еді? Қарамағымдағы елді де: Орта жүз бен Кіші жүз деп атаған... Неплюев егер тіл тапқысы келсе, менің мәртебемді осы тұрғыдан неге қарамайды?

— Көке, одан бері де он екі жыл өткен жоқ па? Сенің ондағы айбарың мен қазіргі айбарың бір емес қой... Орта жүз қазір Сәмеке ханның кезіндегідей емес, қай жауыңа болса да төтеп бере алатынын аңғартып отыр... Ақ патша губернаторлары олармен санаспасқа амалы жоқ. Ал алда-жалда Әбілмәмбет пен Абылайға Неплюевты қарсы қойғың келсе, оның жолын табу керек.

— Қандай жол бар? Сірә, тапқандайсың ғой...

— Көке, менің ақылыммен бәрібір жүрмейсің ғой.

— Сен менің ақылыммен жүргелі тұрсың ба?

— Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас...

— Солай де...

әкесі мен баласы талайға дейін үн-түнсіз отырып қалды. Бұл екеуінің бүгінгі сырласуы Ор қаласында болатын кеңеске дайындалудан туған. Орынбор губернаторы Неплюев қазақ жеріне патша үстемдігін жүргізу ісі күннен-күнге қиынға түсе бастағанына көзі жеткеннен кейін, Орта жүз, Кіші жүз және Орынбор губернаторына бірдей жер орталығы деп саналатын Ор қаласындағы кеңеске Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанды және Әбілқайыр ханды шақырған-ды. Өзі де сол Орға келмек. Губернатор соңғы бес жылдың ішінде Кіші жүз бен Орта жүздің арасында пайда болған қайшылықтармен жақсы таныс. Қазақ хандарының Россия патшалығына адал қызмет істеуін талап етумен бірге, осы жолы екі ханның арасындағы наразылықты да сөз етпек болған.

Әбілқайыр баласы Нұралы екеуінің арасы салқындап бара жатқанын бұрыннан да сезетін. Бірақ Арал маңындағы елді Россия патшалығы Нұралыға беріп хан санап указ шығармағанына, бұл жұрт әлі өз қарамағында екеніне тәубе етіп, баласымен бәлендей ашық сөзге бармайтын. Әбілқайырдың ұққаны Нұралының орыс патшасы жағында екені. Түбі қандай жолға түсері белгісіз, ал әзірге тағдырын да, болашағын да орыс патшасының дегеніне бейімдеген. Баласының өзінен де өткен орысшыл болуына, оны ес білгелі осылай тәрбиелеген Әбілқайырдың өзі себепкер еді. Енді ол Россия патшалығына деген өзінің өкпесін, күдігін бұдан әрі Нұралыға ашпады.

— Солай де... — деді Әбілқайыр қайтадан.

— Солай...

Әбілқайырды кенет ашу қыса қалды. Өзімен іштей арбасып отырған баласы Нұралының бір тайпа елдің ханы екенін ұмытып кетіп, жанында жатқан хан асасының астына алып, сойып салмақшы да болды. Асасына қолының тез барып қалғанын өзі де сезген жоқ, бірақ одан артық қимыл етпеді. Өйткені, Нұралының да ұзын тарамыс саусақтары беліндегі Хиуа қанжарының сабын қыса түскенін көзі шалып қалған.

— Солай де!..

— Солай!

Дәл осы кезде ауыл жақтан үлкен бәйбішесінен туған қызы Жанат көрінді. Жанында қалмақ тоқалы тапқан сегіз жасар ұлы Шыңғыс бар. Екеуі ұрысқан адамдай тымырайысып отырған әкесі мен үлкен ағаларына әдеппен сәлем берді. Жанат сұңғақ бойлы, әкесіне тартқан сұрша қыз. Түр-келбетінде сұлулықтан гөрі тәкаппарлық, қайсарлық басым. Киген киімі де ауылдың қос етекті, камшат бөрікті, алтын сырға, күміс шолпылы бойжеткендеріне ұқсамайды. Киімдері жауынгер көшпелі елдің ат үстінде өскен қыздарына лайық ықшам. Белінде күміс сапты қанжар таққан жалпақ белбеу, үстінде белін қынаған қысқа жеңді мауыты пешпент, балағын оюлаған кестелі шалбар. Аяғында биік өкшелі шоңқайма етік. Басында құндызбен әдіптеген шошақ бөрік. Ұзын шашын бөгет болмауы үшін шашбауымен қосып белбеуіне қыстырып қойған. Нықтап басқан аяғының ырғағына қарай, қыпша белі болмашы бұраң тартқанмен, жазы өтіп, күзге қарай сояулана бастаған балқурайдай, дене бітісінде буыны әбден қатқан егделік байқалады. Жанындағы қалмақ өңдес жалпақ бет, тобылғы күрең бала жігіттің тұтас біткен төртбақ дене құрылысы алып күштің иесі боларын көрсетіп тұр. Бұның кигені де хан баласына тақа лайық киімдер емес. Белінде қанжарлы қалың қайыс белбеу. Үстінде ықшам, жағасын қара барқытпен көмкерген қызғылт шапан. Аяғында кең қоныш былғары етік, басында елтірі бөрік.

Балаларының сәлемін алып, Әбілқайыр:

— Жай жүрсіңдер ме, Жанатжан? — деді.

— Жай емес. Бүгін таңертең Қарақыз жеңешеме «Шыңғыс қалаға жүреді, жолға дайында» депсіз. Қашан және қанша уақытқа барады? Ұзаққа ма, әлде аз күнге ме? Соны сұрағалы келдім.

Жанаттың «Қарақыз жеңеше» деп тұрғаны — әкесінің қалмақтан алған тоқалы. Қалмақ есімін дұрыс айта алмағаннан кейін, ауыл әйелдері қара күрең түсіне қарай Қарақыз ханым деп атап кеткен. Бүгін түнде Әбілқайыр ортаншы бәйбішесі Үкілімайдың үйіне қонып шыққан. Бұл Жағалбайлы руының бір атақты байының қызы болатын. Бақытсыз Нұрбикеден кейінгі ең сұлу әйелі. Әбілқайырға аздаған ықпалы да бар. Түнде ханның көңілінің кеңіген бір шағын тауып, бір жағы өкпе, бір жағы назы етіп: «Хан ием, Қожахмет ұлыңды қашан-
ғы орыс бекінісінде ұстайсың, сағындым ғой, қайтатын уақыты жеткен жоқ па? Орнына тоқалдың баласын жіберсейші, о да сойталдай жігіт болып қалды ғой», — деген.

Әбілқайыр ортаншы ұлы Қожахметті өзі де жақсы көретін. Аманат ретінде Орынборда тұрып жатқанына жеті жылдан асып кетті. Оның үстіне Ор өзенінің бойын жайлаған Жағалбайлы руы Ор бекінісі салынғаннан бері өзге рулардан гөрі өздерінің күйеу баласы — Кіші жүз ханына анағұрлым ала көз. Әбілқайыр өзі де биыл Қожахметті Орынбордан алып келіп, Жағалбайлы жұртына — нағашы еліне жібермек еді. Жиендерін көріп, мүмкін Жағалбайлы да жібір,
ағайынның араздығы басылар деген үміті де бар.

Осындай ойға бекіген хан Қарақыз тоқалына таңертең «Шыңғысты дайында, қалаға жүреді» деп бұйырған. Ханым: «Не үшін, қанша уақытқа жүреді?» деп сұрауға бата алмаған. Ханның сыры әйелдеріне мәлім, өз еркімен бірдеме демесе, сұрап одан ештеңе де біле алмайсың. Сондай мінезіне қанық Қарақыз бике үндемей қала берген. Тек үйіне Жанат келгенде ғана «Баламды қайда апармақ? Қанша уақытқа? Неге апармақ? Біліп бер» деп жалынған. Ал Әбілқайыр болса, өзге балаларына қатал болғанымен, Жанатқа келгенде жаны бөлек, оның айтқанын екі етпейді.

— Шыңғыс ұзақ уақытқа барады. Мүмкін бірер жыл ауылға қайта қоймас, дұрыстап дайындасын, — деді.

Шыңғыс сұп-сұр боп кетті. Баласының кенет өзгерген түрін көріп, Әбілқайыр сәл жібіді.

— Жігіт болып қалдың, саған да шет жұртты көрген жөн. Тәлім-тәрбие, өнер үйренуің керек, — деді.

Хан жанында тұрғандар бала жігітті аманатқа апара жатқанына шек келтірмеді.

— Жақсы, — деді Шыңғыс басын иіп.

Әбілқайыр орнынан түрегелді. Ол бағанадан бері күншығыс жаққа әлсін-әлсін көз жіберіп алаңдап отырған. Сол тұстан кенет үш салт атты көрінді.

— Құдабайлар ғой, — деді Әбілқайыр, — сендер ордаға қайта беріңдер.

Жанат келе жатқан салт аттылардан көзін айырмай сәл тұрды. Қайтқысы келмеп еді, бірақ әкесі мен аға-інісінен ұялды ма, бұрылып кетті. Нұралы, Шыңғыс үшеуі ауылға қарай беттеді. Келе жатқан үш салт аттының бірі Құдабай — әкесінің хатшысы әрі тілмашы. Орынбор маңындағы қазақ ауылдарынан. Келбетті және тепсе темір үзетін жас жігіт. Осы жігітпен былтырдан бері Жанат көңілдес. Көрмесе сағынып қалады. «Осыған барам» деуге әкесінен жас-
қанады. Қарадан шыққанға төре тұқымы қыз бермейді. Еркін өскен хан қызы сол себептен де үй ішіне білдірмей, бүгінге дейін жігітпен құпия кездесіп келген. Жақында Қазалы қаласының маңындағы датқа құдалары келмек. Күйеу келетін мезгіл таяған сайын Жанат Құдабайға елте түсуде. Ханның тапсырмасымен кеткен жігітті алты күн көрмей қалып еді, жанын қоярға жер таппады...

Әбілқайыр сырға өте берік жан. Ал алда-жалда көңілінің бір күмәнін ашқысы келсе оны тек Жанатқа ғана айтатын. Өйткені әке балаға сыншы, Жанат заты әйел болғаныменен, өзіне тартқан қатыгез, сырға берік тұңғиық екенін білетін. Әбілқайыр Неплюевтен: Ор қаласына келсін, онда Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан болады деген хабарды алысымен Орынборға жанына он бес жігіт нөкер ертіп осы Жанатты жіберген. Қызы арқылы Неплюевке: «Әбілмәмбет Жоңғар қонтайшысы Қалден Церенмен жақындасқалы жүр. Қалден Церен оған Түркістан шаһарын қайтарса, Жоңғарлармен қайтадан татуласпақ, достықтың белгісі етіп аманатқа бір баласын жібермек. Егер Әбілмәмбет Ор қаласына келе қалса, одан Жоңғар жағына шықпаймын және ақ патшаға адал қызмет істеймін деген антын алу керек. Және Әбілмәмбет сөзінде тұруы үшін бір баласын аманатқа тапсырсын. Ал аманат баласын әкеліп бергенше, өзін жібермей, тұтқын ете тұрсын» деген. Жанат Неплюевке бұл сәлемді бұлжытпай жеткізді. Бірақ әкесі бұл сырды ешкімге айтпа дегеніне қарамай, әлдеқалай Құдабайға айтып қойды.

Осы Құдабайды Әбілқайыр Ор қаласына келе жатқан Әбілмәмбеттің алдынан шығарған. Күшігінен асыраған итіндей хатшысына екі-үш күн Әбілмәмбеттің қасында болып, бар сырын біліп келуді тапсырған.

Әбілқайыр кешеден сол Құдабайды тыпырши күтуде еді. Белестен салт аттылар көрінісімен, сабыры қалмай, әрі-бері жүре бастады.

Құдабай атынан түсіп, ханның қасына жаяулап келді.

— Армысыз, хан ием?

— Барсың ба, жарқыным? Қандай хабар әкелдің?

Кенет ханның көзі Құдабайдың беліндегі жарқыраған күміс белбеуге түсті. Кісесі де, кішкентай қанжарлы қынабы да сом күмістен соғылған. Әттең не керек, бұл күміс белбеу ненің төлеуі болғанын білер ме еді. Ханның өзіне сезіктене қарағанын бірден ұққан хатшы, титтей де абыржымай бейқам тұр.

Хан күдігі тез тарады. Жанатқа тапсырылған құпиядан хатшым хабардар болып қалған жоқ па екен деген сұрау оның ойына кірмеген. «Хатшыма мынадай бір қаралық белбеу тартқаны, — Әбілмәмбет ханның менімен тіл табыс-
қысы келгені ғой» деп жақсылыққа жорыды.

— Айта бер, не естіп, не көрдің?

— Естігенім де, көргенім де аз. Тек бар түсінгенім, орыс патшасымен араздасар Әбілмәмбет те, Абылай да жоқ... Ал Жоңғар қонтайшысымен келіссөз жүргізулері жай қулық тәрізді..

Құдабай көрген-білгенін түгел айтты. Кенет Әбілқайыр әлденені ойлана қалды.

— Қастарында ақылгөйі Бұқар жырау бар ма екен?

— Жоқ... Көргем жоқ.

— Сонда қалай болғаны?... Бұқар жырау ел көзі ғой. Келмеуіне қарағанда жұрты хандарының ойын ұнатпағаны ма?

— Білмедім. Губернатор жырауды шақырмаған шығар...

Енді олар Ордаға қарай аяңдады.

Үш күн өткен соң Әбілқайыр қасына Кіші жүздің қырықтан аса ақсақалдары мен батыр, билерін ертіп Ор қаласына жүріп кетті.

... Бір мың жеті жүз қырық екінші жылы жиырмасыншы август күні Неплюев Ор бекінісіне таяу Тасөткел деген жерде қазақ хандарымен кездесуге шатырларын тіккізді. Бұдан үш күн бұрын жеткен Әбілқайыр Орынбор губернаторы кеңеске тек қана Әбілмәмбет пен Абылай, Барақтарды шақырып қоймағанын білді. Жоңғар елшілері Кошка мен Бурун, олардың серіктері — қарақалпақ батырлары Момор мен Құшақтың да губернатор шақыруымен келгенін естіді. Екі күннен кейін Неплюевтің бұйрығы бойынша, Әбілқайырдың екі ұлы Ералы мен Нұралы да өздеріне арнап тігілген үйге келіп түсті.

Шақырылған қонақтардың санына қарағанда бұл кеңеске орыс әкімдері үлкен маңыз беретіні анықталды. Оған Кіші жүз ханының көзі көп кешікпей жетті де.

Неплюев жұпар аңқыған жанаргүл, қазоты аралас қалың шөпті Тасөткелдің талды ойпатына елуге таяу ақ боз үй тіккізген. Өзімен бірге келген екі эскадрон атты, бір батальон жаяу әскеріне арнап жиырма шақты шатыр тұрғызған. Аттарының ер-тоқымдары да, солдаттарының киген киімдері де судай жаңа. Бәрі мұздай боп көк темірлі қару-жарақ асынған. Қылыштарының сары жез саптары мен мылтықтарының жалаңаш ұштары күн сәулесімен жарқ-жұрқ ойнайды. Қонақтарына Россия патшасының айбарлы күшін көрсеткісі келген болу керек, Неплюев лагерь сыртына алты зеңбірек қойғызды.

Қонақтардың бәрі жиналғанмен, жиырмасында келуге тиіс Орта жүздің ханы мен сұлтандары августың жиырма екісіне дейін келмеді. «Бұлар неге кешігіп жатыр?» деп алдарынан жіберген кісісі: «Тасөткелге жарты күндік жердегі Қияқты сайына осыдан үш күн бұрын Әбілмәмбет хан қосын тіккен екен, түнде кеңес құрып, таңертең кейін қайтып кетіпті» деген хабар әкелді. «Қандай себеппен қайтты екен? Ешкім ештеңе демей ме?» деп сұраған Неплюевке, жіберген кісісі: «Жоқ себебін айтпапты. Сол араның бір байынан сұрап көріп едім, ол: Орта жүз ханының алдынан Әбілқайырдың тілмашы шыққанын, сол тілмаш еліне кеткен күнінің ертеңіне Әбілмәмбеттің де кейін шегінгенін айтты. Сірә, сол тілмаштан сіздің Жоңғар елшісін де шақырғаныңызды естіген болуы керек. Әбілмәмбет өзі Жоңғар қонтайшысымен келісім сөз жүргізіп жүргендіктен, сізбен ол ел елшілерінің көзінше сөйлескісі келмеген шығар» деген жорамал айтты. Неплюев жирен мұртын сипап, түксиген түкті қабағын қарс жауып сәл ойланып қалды. «Бұл сөздің қисыны бар. Жоңғар елшісінің келгенін естісе, Әбілмәмбет атының басын кейін бұруы ғажап емес. Жоңғар әскері бұған жақын тұр ғой. Бірақ оны қалай естиді? Осындай жағдай болмас үшін Жоңғар елшісінің келетінін мен Әбілқайырға да білдірген жоқ едім ғой... Жоқ, мұнда басқа гәп бар».

Дереу ол Құдабайды шақыртты. Кіші жүз ханының хатшысы, Неплюевтің одыраң-одыраң аттауынан, жирен мұртының едірейіп, көк көзінің шыныдай боп мызғымай қалуынан губернатордың ашулы екенін айтпай түсінді.

— Сау-саламатсыз ба, марқабатлы губернатор мырза, — деді Құдабай тілі сәл күрмеліп. — Сіз шақырып жатыр деген соң...

Губернатор хатшының амандасуына жауап та қайырған жоқ.

— Әбілмәмбеттің алдынан Әбілқайыр сені неге жіберді? — деп сұрады ызғарлы үнмен.

әккі тілмаш әңгіме Орта жүз ханының кеңеске келе жатып кейін қайтқаны жайында екенін сезе қойды. Әбілмәмбет бүгін болмаса ертең келе қалса, өзінің не үшін кейін қайтқанын түсіндіреді. Сонда хан алдында да, губернатор алдында да тілмаштың қара бет ісі әшкереленеді. Әбілқайырдан гөрі, оған өзінің шын қожасы Неплюевтің ашуланбағаны керек.

— Әбілқайыр хан мені Әбілмәмбеттің алдынан жібергені рас, — деді ол басын иіп. — Сізге жеткізуге ыңғайлы жағдай бола қоймады.

— Қандай тапсырмамен?

— Әбілмәмбеттің Жоңғар қонтайшысымен келісім сөз жүргізіп жүргенін Орынбор губернаторы біледі. Егер бұл жолы Россия жағында екенін дәлелдеу үшін бір баласын аманатқа қалдырмаса, сол баласын Орынборға әкелгенше Орта жүздің ханын еліне қайтармайды деді. Соны Әбілмәмбетке жеткізуге жіберді.

Неплюев Құдабайдың сөзіне сенді. Ол жерге бір түкіріп, үйдің ішін кезіп жүр. «Маған Россия жағында Орта жүздің болуы үшін, Әбілмәмбеттің бір баласын аманатқа ала тұрыңыз деп ақыл үйреткен Әбілқайырдың өзі емес пе еді. Кіші жүз ханының бұл құпияны Әбілмәмбетке жеткізуінің қандай себебі бар? әлде бәлені маған жапқаны — Әбілмәмбеттен қорыққаны ма? Жоқ, бұл арада басқа сыр бар... Әбілмәмбет пен менің арама от салғысы келеді. Орта жүз ханының маған қарсы екенін сездіріп, өзі менің алдымда да жақсы көрінбек. Россия патшалығы тек өзін ғана қолдасын дейді-ау шамасы. Бұ да айла. Бірақ Орта жүз бен Россияның арасының алшақтай бергенінен оған қандай пайда түседі? әлде Орта жүзді де өзі арқылы бағындырсын дей ме? Солай тәрізді. Демек, Әбілқайырдың бір сыры ашылды ғой... Бұл ойыны немен бітер екен? Білмеген адам боп жүре тұрайын».

— Құдабай мырза, — деді бір заматта. — Сіздің ақ патшаға адал еңбек еткіңіз келетінін мен жақсы білемін. Бірақ сіз әлі біз риза боларлық қызмет көрсеткен жоқсыз...

— Губернатор мырза, мен естігенімнің бәрін жеткізіп жүрмін ғой.

Неплюев қабағын сәл түйді.

— Ойлаңыз, айтылмағаны да бар шығар.

Құдабай кідірместен жауап берді.

— Білерім сол, алдыңызда құран ұстап ант беруге бармын...

— Құран ұстап ант берудің құны қанша екенін сіз екеуміз де білеміз ғой, — деді кекетіп күлген губернатор. — Ал Әбілқайырдың қалмаққа бермек қарындасы жайында не естідің?

— Түсіне алмадым, тақсыр.

— Кіші жүздің ханы бір қарындасын Қалден Церенге бермек көрінеді ғой.

— Естімеген әңгімем.

Құдабай шынын айтқан. Әбілқайыр Орынбор губернаторына Жайықтың арғы бетінен жайылым бермеді деп ренжігенінде, Хиуаға жүргелі тұрған Нұралыға «Хиуа ханы арқылы Қалден Церен жағына қармақ салып көр. Әбілмәмбеттен гөрі бізге жөн қарайтын мүмкіншілік тумас па екен... Мұндай жағдай туа қалса қарындасым Қарашашты беруге бармын... Әрине, орыс патшасы рұқсат етсе...» деген. Нұралы бұл әңгімені аяқтай алмаған... Надир шахтың Хиуа хандығын басқарып отырған адамына бұл өтінішті жеткізудің орнына, Нұралы қастасып қайтқан. Бірақ оның есесіне Неплюевке жеткізген. Орынбор губернаторының оспақтап сұрап отырғаны осы жәйт. Құдабайдың бұл хабардан ада екеніне сенген Неплюев:

— Әбілқайырдың Жоңғар қонтайшысына қарындасы Қарашашты берсем бе деген ойы бар ма, жоқ па, соны біл, — деп тапсырды да қоя берді.

Неплюев шатырында болғанын білген соң Құдабайды енді Әбілқайыр шақырды:

— Не сұрады? — деді ол хатшысынан.

Құдабай болған әңгімені жасырған жоқ, бәрін айтып салды.

—Жоңғар ханымен сізді жақындаспақшы. Қалден Церенге қарындасы Қарашашты бермек ойы бар көрінеді дейді... Соның анығын білуді бұйырды.

Әбілқайыр тұнжырай қалды. Құдабайдың Орынбор губернаторының тыңшысы екенін хан білетін. Бірақ ол Әбілқайырға Неплюев не сұраса да айтып беремін деп уәдесін берген. Оған қанша сенгенмен де кейбір құпия сырын жасырып қалуға тырысатын. Одан тіпті қорқатын да. Хатшысын біржолата қуып жіберуге, Неплюевтің өзіне қандай қақпан құрып жүргенін Құдабайсыз тағы біле алмайды. Бірақ Неплюев Әбілқайырдың сырын кім арқылы білді? Бұл құпия ойын тек баласы Нұралыға ғана айтқан жоқ па еді? Сонда қалай болғаны? Неплюев, әрине, хан сырын Нұралыдан естіді. Әлде Нұралы басқа біреуге айтып, губернатор содан естуі де мүмкін ғой... Япырмай, солай болғай да!

Әбілқайыр ойлана түсті. Ол бірде көңілденіп отырып бәйбішесі, ақылды Бапайдан: «Мен өлсем, қай ұлым хан болуға лайық» деп сұрағаны бар. Сонда Бапай тұрып: «Айшуақты қойсаң — ат үстінен тұрып сиерсің; Ералыны қойсаң — жауыңа күнде тиерсің, Нұралыны қойсаң — мауыты шапан киерсің», деп жауап берген. Расында, осы Бапайдың сөзі дұрыс-ау... Бірақ Нұралы сол тақты әкеден өзі тартып алмақ па, қалай?»

Кіші жүздің ханы боп отыру үшін қазір ерліктен гөрі ептілік, ақылдан гөрі айла керек. Бұны Әбілқайыр жақсы біледі. Сондықтан ол Нұралыны кінәлаудың орнына өзінің айлакерлігін көрсетпек болды. Неплюевке Қалден Церен туралы ойын өзі айтады. Ал Неплюевтің бұл сырды Нұралы арқылы біліп қалғанын сездірмес үшін, Орынбор губернаторына бұрынғы өтініші өзі өлгеннен кейін Кіші жүз тағына Нұралыны отырғыз дейді. Содан кейін Неплюев өзі шешсін, кімнің ақ патшаға адал екенін.

Сөйтіп Құдабайға Орынбор губернаторы Кіші жүз бен Орта жүздің арасындағы құпия сырдың бәрі айқын болды. Үшеуі де Құдабайдан сезіктенсе де, бәрі де оған өз құпиясын ашты.

«Сенсе — жарылқайды, сезіктенсе — қорқады» көптен бері қызығып жүрген, қызыл етін сыртқа теуіп, оқтаудай боп жараған көк жорғаны Әбілқайыр оған сыйға тартты.

— Астындағы атыңның аяғына қан түскен екен, ертеңнен бастап ана көк жорғаны мін, — деді хан.

Көңілі көтеріліп, құлпырып кеткен Құдабай «бұл сыйлық не үшін?» деп сұраған жоқ. «Бағана Неплюев шатырының алдында судай жаңа қызыл сафьян былғары ер-тоқым жатыр еді. Шіркін-ай, көкжорғаға қандай жарасар еді!» деді ішінен.

Орта жүз ханы мен сұлтандарының келмей кеткеніне іштей қатты ренжісе де, Нелюев сыр бермей, ертеңіне яғни августың жиырма үші күні Әбілқайырға арналған үлкен қонақасы берді. Бұған Тасөткел қойнауына жиналған қонақтардың бәрі шақырылды.

Неплюев айдалаға ұзын-ұзын столдар қойғызып дастарқанын соның үстіне жайды. Россия байлығын көрсеткісі келгендей, столдарды қазақтың табақ-табақ семіз еттері мен уылжыған сары қымызына, орыстың сан түрлі тағамына лық толтырды. Бұнда шошқа етінен басқаның бәрі бар: құс еті, балық еті, жеміс, тұздаған капуста, помидор, қияр, ең аяғы қабығымен бірге пісірілген картоп та қойылды. Мойындары ұзынды-қысқалы бөтелкелерге құйылған орыстың ақ арағы, бенедиктин, ликер, тағы басқа шетелдің түрлі шараптары самсап тұр.

Қонақтары асқа отырмастан бұрын Неплюев тағы бір керемет көрсетті. Бір батальон солдатын ортадағы алаңға шығартып, жаяу әскер соғысының неше алуан тәсілін ойнатты. Шабуыл, шегіну, қолма-қол ұрыс, мылтықтың сүйір ұшымен жауын түйреу. Одан кейін екі эскадрон салт атты драгундар қонақтарды атты әскер ұрысының қыран-қырлы түрлерімен таныстырды. Орыс әскерінің неше алуан ат ойнату, тал шабу, ордан секірту тәрізді өнерлерін бұрын жақын жерден көрмеген қазақтың ақсақал, би, сұлтан, батырларының естері шықты. «Ой, пәле!», «Жігітім-ақ екен!», «Па, шіркін, мына кертөбел қалай ойқастайды!» деген қошемет дауыстар бүкіл өзен бойын алып кетті. Көріп отырғандары әскер ойынынан гөрі соғысқа ұқсаңқырап, «Орынбор губернаторы осы араға бізді неге жинап алды екен» деп, Неплюевқа күдікпен қарап отырған кейбір аңқау байлар ойын біткенше, «Ей, алла тағала, өзің сақта!», «Құдай-ай, бекер-ақ келген екенмін!» — деп, ішінен иманын айтып, құдайына жалбарынумен болды.

Бұл ойындар біткеннен кейін «бәлем, зәрелеріңді біржолата алайын!» дегендей, өзінің солдаттарының өнеріне риза болған Неплюев қонақтарын лагерь сыртындағы төбеге қойған алты зеңбіректің қасына алып барды. Зеңбіректің қалай атылатынын көрсетпек боп, арт жағында үрейлене топырлап тұрған қалың топқа бір қарап қойды да, «от беріңдер!» деп бұйырды.

Осыдан екі жыл бұрын Орынбор қаласында «орыс патшасының қол астына кірмек» боп келген Әбілмәмбет пен Абылайға Орынбор комиссиясының бастығы бір зеңбіректен бір минут ішінде он рет оқ атқызып жұртты таң қалдырған. Бұ жолы Неплюев алты зеңбіректен бірдей екі минут оқ жаудыртты. Алты зеңбірек екі минуттың ішінде аузынан жалын төгіп, жүз жиырма рет гүрс-гүрс етті. Аспан аударылып жерге түскендей болды. Бүкіл сар даланы тітіреткен бір қорқынышты гүріл билеп кетті. Нағыз ақырзаман туғандай, бұрын мұндайды естімеген қазақ жылқылары кісіней шыңғырып, шылбырларын үзіп, ер-тоқымын бауырына ала, айдалаға шаба жөнеледі.

Мұндай гүрілдің қан базарын бұрын-соңды көрмеген қазақтың «игі жақсыларының» көбі-ақ «астапыралла, астапыралла!» деп жағаларын ұстап, имандарын үйірумен болды. Атыс бітісімен өзенге қарай жүгіргендері де бар...

Зеңбірек үнімен жұрттың зәресін алғанға мәз болған Неплюев «қазақтың жауынгері Хиуаның білтелі мылтығын бір атып қайта тұтатқанша, бұл зеңбірек он рет оқ шығара алады. Осы зеңбіректің атқан оғынан бес минуттың ішінде бір ауыл жоқ болады, ал бір сағаттың ішінде он екі ауылды құртып жібере алады» деді.

Зеңбіректердің жалын атқан әлемді тітіреткен гүрілін естіген жұрт бұл сөзге күмән келтірмеді. Бұл алты зеңбірек түріктермен соғысып жатқан Россияның қазақ жерін отарлауға әзер бөлген бар қаруы екенін білген жоқ. Неплюевтің де қазақ хандары мен Жоңғар, Қарақалпақ уәкілдерін Ор бекінісінің ішінде емес, сыртында қабылдауының да бір себебі осында еді. Әлі қару-жарағы шамалы Ор бекінісін қонақтарына көрсеткісі келмеді. Іші толған пәле екен деп, құр сыртқы сұсынан шоши берсін деп ойлаған.

Осылай күні бұрын еңсесін басып алған қонақтарын ертіп, генерал енді дайындалған стол басына келді. Неплюевтің оң жағында Әбілқайыр мен оның күйеу баласы, Орта жүздің батыры Шақшақ руынан шыққан Жәнібек, сол жағында Жоңғар елшілері мен Қарақалпақ батырлары отырды.

Өзге үш жүзге таяу қазақтың игі жақсылары мен Неплюевке еріп келген орыс офицерлері, жаңа ғана «соғыс ойынына» қатысқан драгундер, гренадерлер, мушкетерлер бастықтары өздерінің шен-шекпендеріне қарай стол бастарына орналасты.

Генерал Неплюев осынша жұрттың достық, бітім үшін жиналғанын, Россия елінің ең ұлы мақсаты көршілес елдермен тату-тәтті тұру екенін айта келіп, шыныға құйылған шарапты ең алдымен ұлы Россияның мәртебелі әйел патшасы Елизавета Петровнаның құрметіне көтеруді ұсынды.

— Кімде-кім өзінің алдындағы шынысына құйылған зәмзәм суын ішпесе, — деді күліп, — ол біздің мәртебелі ақ патшамыздың қасы.

Бұл сөзге нанып қалған қазақтың кей аңқау батыр, ақсақалдары «тәуекел!» деп алдында тұрған кішкентай шыны ыдыстарға амалсыз қол созды.

Бірақ бұны ішсек кәпір болып кетеміз деп сазарып отырып қалғандар да бар. Осы кезде Неплюевтің өзімен бірге еріп келген Орынбор мұсылмандарының муфтиі, ахун Нәсіполла молда орнынан түрегеліп:

— Патша үшін бұл шарафні ишпағанлар күнәға батады! — деп жариялады. Сөйтті де өзі жұрт көзінше қолындағы арақ құйылған шыныны аузына апарып, көмейіне төңкере салды.

Бұдан кейін ешкім «ішпеймін» дей алмады. Барлығы да шыныларын қолдарына алды. Біреулері бірден жұта салды, біреулері қақала-шашала ішті. Кейбіреулері аузына апарған боп, білдірмей жерге төкті.

Ішіп болғандар жамыраса сөйлеп, күліп жатты.

— Удай ғой!

— Өңешімді өртеп жіберді ғой итің!

— Қой, пәлесінен аулақ.

— Молла-екең өзі рұқсат еткен соң ғана іштім.

— Өле-өлгенше көргенім осы ғана болсын!

— Қатын патша да, губернатор да риза шығар...

Жамырасқан бейшаралар өздері ауыздантқан осы арақ-шарапқа бір екі жүз жылдан астам уақыт өткен кезде, үрім-бұтақтарының әбден қанығып алатынын қайдан білсін! Қайран аңқау сорлылар! Енді олар асқа кірісті. Бұған келгенде қазекең ақ патшаның атын ататқан жоқ. Екі білекті сыбанып жіберіп, сүбенің майлы етін асағанда қарап тұрған адамның айызы қанғандай еді. Он екі мүшесі түгел астауға салынған құнанның семіз еті, қабырғасы қабырға, төсі төс, жілігі жілік күйінде заматта жоқ болып жатыр. Астаулар мен табақтар әне-міне дегенше дымы қалмай қайтып жатыр. «Ана бір домалағына қол жалғап жіберші», «әлгі ботташық дегені осы болар», «тамақ емес қой мына жарықтығың», «мына бір шөп жапырағының ащысы-ай», «бұл орыстар не болса соны тамақ етеді екен-ау», «пәле, балық болсаң осындай бол, әр қабырғасының өзі тебендей ғой!» деген дауыстар да шығып қалды. Ішілген қымыз, төгілген шарап.

Бір кезде Неплюев орнынан тағы көтерілді. Ол рюмкесін жоғары ұстап:

— Ал, құрметті қонақтар, мына шарапты Россия елінің шын досы, Кіші жүздің ханы, ұлы Әбілқайыр үшін алып қоялық, — деді.

Столдың бір жағында отырған бір топ «Ура!» деп шу ете қалды. Бұл драгун, гренадерлер тобы еді.

Бұл жолы молла үгіт жүргізген жоқ. Біреулер ішті, біреулер шыныға қолын да тигізген жоқ. Тек әр жерден естілер-естілмес күңкіл үндер шығады.

— Мәртебең өсе берсін, Әбілқайыр!..

— Әбілқайыр үшін шарап ішкенше, у ішкенім жақсы емес пе...

— Бағы жоғарылай берсін хан иеміздің.

— Шаңырағы күйреп ортасына түссін.

— Көріңде өкір, көріңде өкіргір Әбілқайыр, сенің әлегіңнен күнәкәр боп кәпірдің қолынан дәм таттық қой...

— Байқап сөйлеңіз, қария біреу-міреу естіп қалар?

— Естіп қалардай не айттым? Айыбым көрмегенімді көрсетті дегенім бе?.. Шырағым, пәле жаппай отыр... Пайғамбар жасына келгенде маған Әбілқайыр ханнан бөтен кім мұндай құрмет көрсеткен. Бұдан да абыройың аса берсін, Әбілқайыр хан.

— Осы құрметтің бәрі Әбілқайыр үшін ғой.

— Шіркіннің қадірі қалай күшті еді.

— Күшті болмай, бар қазақты бір тоқтыдай көрмей арзанға сатып отырса...

— Тек, жайыңа отыр! Жөн-терісін білмей...

әр жерден осындай күңкілдер естіліп жатты. Бірақ кімнің аузынан не шыққанын адам аңғарар емес, гу-гу әңгіме. Әлдекім қолына домбыра ап патшаны, губернаторды, Әбілқайырды мақтамақ боп шырқай жөнелді. Бірақ та оның үні қызып алған офицерлердің «Ұзақ өмір берсін» деп қосыла салған әнінің астында қалды. Бұл әнге мас бола бастаған бай мен билер де қосылды. Арасында мүфтидің жіңішке ащы даусы да естілді.

Қонақтары осылай өзді-өзі болуға айналғанда, Неплюев Әбілқайырды стол басынан тұрғызып ап, қолтықтап, сай жағалай қыдырып кетті. Бұрын да мұндай қонақасында екі-үш рет болған, шарапты да қанша ішуді білетін хан өзін жақсы ұстап келеді.

Неплюев сәл қызулау, көңілдегі сөзін айтып, ханмен ашық сөйлескісі бардай. Бірақ губернатордың бұнысы қулық екенін Әбілқайыр жақсы біледі, сол себептен де ол артық бірдеме айтып қалмайын деп сақтана түсті.

— Әбілқайыр хан, — деді Неплюев жұрт шуынан алыстаған кезде, — ертең кеңесіміз басталмақ. Сізге Жоңғар мен Қарақалпақ елшілерінің көзінше тілектеріңізді ашық айту қиын да болар...

— әсіресе, ол тілектеріміз өтпей қалып жүрсе...

— Иә, ондай да жағдай болуы мүмкін... Сондықтан мен сізбен оңаша сөйлескім келіп еді.

— Менің де.

— Онда тіпті жақсы. Қандай өтініштеріңіз бар? Айтыңыз.

— Өтінішім үшеу. Алдыменен екеуін айтайын. Ол екеуі қабылдана қалса, үшіншісінің қажеті де болмас.

— Жақсы. Бірінші өтінішіңіз?

— Бірден бұл өтінішімнің неден туғанын баяндап өтуге рұқсат етіңіз... Жасыратын түгі жоқ, соңғы кезде менің қадірім Кіші жүз елінің алдында төмендеп барады. Бұған себеп Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің әрекеті...

— Қалайша?

— Әбілмәмбет хан: «Әбілқайырға орыс патшасының жәрдемі жоқ» дейді. Сөйтіп менің жұртым алдында абыройымды түсіруде. Ал өзі Барақпен, басқа да сұлтандармен бірігіп, Жоңғар қонтайшысының жағына шықпақ. Аманат та бермек. Тек менен қауіптеніп мұндай іске бармай жүр. Біле білсеңіз, Әбілмәмбет хан, Абылай, Барақ сұлтандар Россия патшалығына қарсы.

— Олар сіздің де қасыңыз ғой?

— Кімде-кім Россия патшасына қарсы болса, ол менің де жауым.

— Солай делік. Бірақ бұл болжауға сену қиын. Өйткені Әбілмәмбет те, Абылай да, Барақ сұлтан да осыдан екі жыл бұрын Урусов генералдың алдында бастарына құран көтеріп «Россия патшасының қол астына кірдік» деп уәде берген жоқ па еді?

Бір мың жеті жүз қырқыншы жылы августың жиырма сегізі күні көп келісім сөздерден кейін, Орынбор комиссиясының бастығы генерал-лейтенант Василий Алексеевич Урусовтың алдында «Россия қол астына кірдік» деп Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан мұсылман дәстүрімен бастарына құран көтеріп ант берген. Генерал-лейтенант со жолы әрқайсысына күміс қынапты қылыш тартқан. Сондай қылыш Кіші жүздің батыры Бұғыбай мен Есетке де тапсырылған. Сол күні «Россия патшалығының қол астына кірдік» деп Орта жүздің жүз жиырма сегіз старшынасы, ал келесі күні, Кіші жүздің жүз алпыс бес старшынасы қолдарына құран ұстап келісімге келген.

Орта жүздің ханы мен сұлтандарының Россия патшалығының қарамағына кіруіне көп еңбек еткен Урусов со жолы Петербургке бөтен қызметке шақырылып, келесі жылы оның орнына Неплюев келген. Қазір Орынбор губернаторының айтып тұрғаны осы жағдай.

— Біз көшпелі елміз ғой. Антты құр бос уәде деп қарайды қазақтың көп адамы.

— Сіз олай қарамайсыз ғой!

— Менің жолым бөлек.

— Әбілмәмбет хан да антын бұзған жоқ қой...

— Бұзбаса енді бұзады.

— Оған қандай дәлеліңіз бар?

— Дәлелім... Әбілмәмбет хан сіздің мәжілісіңізге неге келмей қалды?..

— Бәсе, неге келмей қалды?

— Жоңғар уәкілін шақырғаныңызды біліп, келмей қалды. Өзі Жоңғар жағына шыққалы жүргендіктен ол елдің елшілерінің алдында сізге жолыққысы келмеді... Бұным дәлел емес пе?..

— Жарайды, Әбілмәмбет Россия патшалығына қарсы делік, — деді генерал салқын үнмен, — сонда сіздің бірінші тілегіңіз неде болмақ?

— Россия патшасының жауы — менің жауым. Әбілмәмбет секілді жауды құртып, Россия патшасының аяғының астына салу үшін, бірінші өтінішім — маған қарулы үш мың солдат беріңіз. Мыңы орыс, қалған екі мыңы қалмақ пен башқұрт жауынгерлерінен.

Неплюев бұған тіпті қуанып қалды. Әбілқайыр мен Әбілмәмбет ханның арасының шын жаман екеніне көзі анық жетті. Бұл Россия патшасының бір елді бір елге, бір ханды бір ханға айдап сап, ортасынан пайда көздейтін ежелгі саясатына дәл келетін жәйт еді. Россия әкімдері бір ханның ұпайынан екінші ханды күшейтуді дұрыс көрмейтін. Бірін-бірі жеңе алмай, ит жығыс боп алысып-жұлысып жүргендері оларға тиімді еді. Оның үстіне Әбілқайырға үш мың әскер беретін Орынбор губернаторының халі де жоқ. Орыс патшалығы өзі үлкен соғыс жүргізіп жатқанда, қазақтың хандық таласына үш мың әскер қайдан берсін. Бірақ ол шу дегеннен «бермеймін» демеді.

— Ал екінші тілегіңіз не? — деді Неплюев, — не болса да екеуін де естиік...

— Екінші тілегім: ортаншы ұлым Қожахмет сіздердің қолыңызда аманат болып тұрғалы жеті жылдан асып барады. Шешесі сағындым деп әбден мазамды алып жүр. Енді Қожахметті босатып, оның орнына кіші ұлым Шыңғысты аманатқа алсаңыздар.

— Шыңғыс қай әйеліңізден туып еді?

— Қарақыз ханымнан.

— Е... е...

Әбілқайырдың ортаншы бәйбішесінен туған Қожахметті жақсы көретінін, оны өзіне қырғи қабақ бола бастаған Жағалбайлы руына қарсы пайдаланғысы келетінін бұрын Нұралыдан естіген-ді. Бәлендей баурына тартып өзіне жақын ұстап көрмеген, тоқалдан туған Шыңғысты аманатқа бергенінен — бермегенінің өзі жақсы емес пе?

Әбілқайырдың түпкі ойларын түсінген Неплюев енді оның өтініштеріне тікелей жауап беруге кірісті.

— Әбілқайыр хан, — деді ол жылы сөйлеген боп, — Сіздің Россия патшасының алдында еңбегіңіз көп. Сіз бірінші боп қазақ елін Россияға бағындырам деп бірталай әрекет істедіңіз. Сол еңбектеріңіз үшін, жай уақытта болса, екі тілегіңіздің екеуін де орындар едік. Ал қазір бұл өтініштеріңді орындайтын мүмкіндігіміз жоқ...

— Қалайша?

— Қазір Россия үлкен соғыс үстінде. Әр солдат есепте. Мұндай жағдайда қазақтың екі ханы бірін-бірі мұқату үшін Елизавета Петровна үш мың солдат бере алмайды. Әрине, қазақ даласында Россияға жамандық келтірердей шын қиын жағдай туып тұрса, онда бір сәрі... Үш мыңнан да көп солдат табуға болады...

Неплюев ақырғы сөзімен Әбілқайырдың қомақтап айтқан себептерін жоққа шығарды. Бұны ұққан Әбілқайыр:

— Бәрі түсінікті, — деді қабағын сәл шытып, — ал Қожахмет жайында не айтасыз?

— Бұл ойланатын мәселе. Түбі мәртебелі Россия патшасы Елизавета Петровнаға хат жазу қажет шығар. Аманатты ауыстыру үшін патша ағзамның указы керек...

— Солай деңіз.

— Ал енді үшінші тілегіңізді айтыңыз.

Әбілқайыр қаншама өзін-өзі ұстағысы келгенмен де, тамағына тығыла қалған ашуын баса алмады.

— Үшінші тілегім. Көптен бері Қалден Церен менің қарындасым Қарашашты сұрап жүр еді, — деді даусы сәл қырылдап шығып. — Біздің ойымыз Қалден Церенді өшіктіре бермеу... Артымда бәлендей сүйенер тірегім болмағандықтан, Жоңғар қонтайшысымен үнемі жауласа беруден пайда шықпас деймін. Мәртебелі Елизавета Петровна бұған қарсы болмас.

«әһе, — деді ішінен Неплюев, — тырнағыңды сен де көрсете бастадың ба? Бұның: сендер мені қолдағыларың келмесе, мен былай шығам, — деген қоқан-лоқың ғой... Қарайық бұдан не табар екенсің?».

— Жоңғар тайпасымен Бірінші Петр патшаның кезінен достық бітіміміз бар. Бізбен дос елмен достасамын дегенің теріс емес, — Әбілқайыр Неплюевтің кекетіп, не шынын айтып тұрғанын түсінбейді. Жайбарақат пішінмен генералдың бетіне қарап еді, қатып қалған тас мүсін тәрізді, шикіл сары бетінің бір тамыры бүлк еткен жоқ. Неплюев сөзін жалғай түсті, — әйткенмен сәл қоя тұралық, арғы күнгі келіс сөзден не шығар екен, соны күтіңіз. Қыз болса күйеу табылар...

Әбілқайыр бұл өтінішімен де ештеңе ұтпағанын сезді. Өкпелеймін деп бір сырын ашып алғанына өзі де өкінді. Сөйтсе де бұл ойын Неплюев Нұралы арқылы бұрыннан да білетіні есіне түсіп, «оқасы жоқ, ең болмаса менің бұлардан жасырын ісімнің жоқ екенін ұқты ғой, бұған да шүкір» деп далбасалады.

Нұралы туралы сөзді енді Неплюевтің өзі қозғады.

— Өзге балаларыңызға қарағанда, Нұралы қазіргі жағдайды анағұрлым жақсы түсінеді, — деді генерал. — Сіз ол туралы бұрынғы пікіріңіздемісіз?

Әбілқайырдың зығырданы қайнады. Нұралы туралы әкесінен бұрын Неплюевтің сөз қозғауы оның күдігінің дұрыс екенін анықтады. Сонда да сыр бермей:

— Нұралы менің тірегім, менің ісімнің жалғаушысы, — деді. — Ол туралы ойымды өзгертпеймін.

Неплюев те Нұралының әкесі жайында ақпар беріп жүретінін Әбілқайырдың білетінін түсінді. Бірақ оның сөзін бөлген жоқ. Хан сәл ойланды да:

— Жаман айтпай жақсы жоқ, мен алда-жалда қаза таба қалсам, ақ патшадан жалғыз тілегім: менің орныма Кіші жүздің ханы етіп Нұралыны бекітсін.

— Бұл тілегіңізді патша ағзам мақұлдар деймін, — Неплюевтің лып етіп көне қалғанына Әбілқайыр іштей қатты ренжіді. «Осы иттер менің тез өлгенімді күтіп жүр ме, қалай?» Неплюев те өзінің тым тез жауап бергенін сезді. Ол күліп:

— Бірақ, сіз әлі ұзақ жасайсыз. Нұралы қанша жақсы болғанымен сіздің жолыңыз бөлек. Россия өзінің адал достарынан айрылғысы келмейді.

Неплюевтің бұл сөзді саясат үшін айтып келе жатқанын түсініп тұрса да, хан көңілі көтеріліп қалды. Жылы сөзге кім жібімесін:

— Иә, Нұралы жақсы хан болуы мүмкін...

— Нұралының тағы бір артықшылығы — ол Қарақалпақ елімен жақсы. Тіпті бір рет қарақалпақтарды өзіңіз шаппақшы болғаныңызда оларға араша түсіпті. Нұралыны қарақалпақтар сыйлайды. Ал бізге қазір олардың Россия қол астына кіргені шарт. Өйткені, Хиуаны Россияға қарату үшін, орта жолдағы Қарақалпақ жерінен өтуіміз керек.

— Сөз жоқ, қарақалпақтарды Россияға қаратуда Нұралы таптырмайтын адам. Ал бірақ Хиуа туралы оның өз ойы бар... Нұралы жақында Хиуадан қайтты. Ондағы бар жағдайды көзімен көріп келді. Егер маған әскер берсеңдер, өзім барып Хиуаны Надир шахтың қойған адамынан тартып аламын дейді.

«Әбілқайыр қулықпен орыс әскерлерін тағы қолына түсіргісі келіп тұр-ау» деп тұжырған Неплюев;

— Қандай әскерді айтады Нұралы сұлтан? — деді елең етіп.

— әңгіме қазақ әскерлері жайында. Хиуаға орыс әскерін енгізудің керегі жоқ. Діншіл жұрт, кәпір әскері келді деп, бүкіл халқы боп қарсы тұруы мүмкін. Ал қазақ жауынгерлері оларға өз қосындарымен бірдей. Хиуаны біздің бабаларымыз бұрын да талай алған. Әрине, басып кірген Қызылбас елінің патшасы Надир шахтан көрі қазақ сұлтаны Нұралыны жергілікті ел құшағын жая қарсы алады.

— Бұл еске алатын жәйт екен, — деді Неплюев ойлана, — бірақ дәл қазір Надир шахқа қарсы соғыс ашу мүмкін бе? Россия жеті жылдан бері Түркиямен соғысып жатыр. Азов төңірегінде жеңгенмен, Очаковоны алғанмен, біз әлі түріктерді мүлдем тізе бүктірген жоқпыз. Оның үстіне Персиямен соғыс ашсақ...

— Сіздер емес. Хиуадағы Надир шах әскерімен біз соғысамыз ғой. «Надир шах туралы әңгімені бұл неге бастады, деп ойлады Неплюев, — бізді тағы бір үлкен соғысқа арандатпақ қой. Сөйтіп лай суға қармақ сап, пайда таппақ...»

— «Біз» дегеніңіз кім? Кіші жүз хандығын айтасыз ба? әлде сіз, Әбілқайыр мырза, Кіші жүздің Россия қол астындағы ел екенін білмейсіз бе? Сіз білмегенмен мұны Надир шах жақсы түсінеді ғой. Хиуа мен Үргенішті алған Надир шах енді қазақ жеріне кірмек болғанда, кім тоқтатып еді оны? Сіз бе? әлде Ұлы Россия патшасы ма? Жоқ, мұндай елмен қазір соғыс ашудың қажеті болмас. Ал соғыс аша қалар жағдай туса, бұған Петербургтың рұқсаты керек. Онсыз қимылдауға қақымыз жоқ.

Әбілқайыр ақырын басын изеді, Россия қол астына еніп, Жоңғардан аман қалғаны үшін, Әбілқайыр өзінің билігін құрбан етті. Енді ол бұрынғыдай қалаған уақытында сау етіп Хиуа қақпасының алдына бара алмайды. Оған Россия патшасының рұқсаты керек! Иә, мұндай бағыныштылыққа болашақ ұрпақтары қалай қарар екен?

— Жөн екен айтқаныңыз, губернатор мырза, — деді Әбілқайыр сыр бермей — Петербург не айтады, соны күтейік. Надир шахтың әскері Хиуаны бүгін-ертең тастап кеткелі тұрған жоқ қой. Әлі уақыт бар...

Неплюев Әбілқайырдың көңілі жүдеп қалғанын білсе де, оны жұбатқысы келмеді. «Қанша дегенмен де бізге бағынышты адам ғой. Бәрібір, бүгін болмаса, ертең осылай сөйлесуге тура келеді, еті үйрене берсін» деді генерал ішінен.

— Бірімізбен біріміз ұғынысып алғанымыз қандай жақсы болды, — деді Неплюев, қалтасынан шынжырлы алтын сағатын алып. — Біраз уақыт болып қалыпты. Қалған шаруаны ертең кеңесте талқылармыз. Қайталық. Әлі маған Жәнібек мырзамен де ақылдасу керек.

Әбілқайыр бұған елең ете қалды, бірақ үндеген жоқ.

Арғынның бір тарауы Шақшақтан шыққан Қошқарұлы Жәнібек «Ақтабан шұбырынды» басталып, Абылайдың атағы үш жүзге тарағанға шейін, Орта жүздің ықпалды, ең әйгілі адамының бірі еді. Әбілқайырдың қарындасына үйленгеннен бері, ол Кіші жүз ханының оң қолына айналған, Кіші жүз ханына Орта жүздің де кей руларының бағынуына көптеген себебі тиген. Егер Әбілқайырдан дабыл шықса, әскерін ертіп ең алдыменен хан ордасына жетіп келетін осы Жәнібек. Сондай қылықтың бірі бір мың жеті жүз отыз сегізінші жылы болған. «Ақтабан шұбырындыдан» бұрын-ақ Жайық пен Еділ арасындағы жер үшін таласып келген Еділ қалмақтары Кіші жүздің Жоңғар әскерінен күйреп Россия патшалығының қанатының астына әлі кіре алмай жүрген шағында, аулын шауып малдарын айдап әкетіп, маза бермеген. Жайықтың арғы бетінен жайылым бер деген Әбілқайырға Еділ қалмақтарының сол кездегі ханы Дондук Омба «әлі өз жеріңнен айырылып қалма» деп жауап қайырған. Әбілқайыр «жыланның үш кессе де кесерткелік әлі бар, Қалден Церенге күшім жетпесе де, дәл саған күшім жетер, Дондук Омба» деп жиырма екі мың сойылмен екі қол болып Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы аттанған. Соның бір қолын, он мың сарбаздан құрылған Орта жүз әскерін осы Жәнібек батыр басқарып барған. Әбілқайырдың осы екі қолы Еділ жағасындағы Қызылжар деген жерде Қалмақ әскерімен кездескен. Қазақтардың келе жатқанынан хабарсыз отырған Қалмақ әскерін Әбілқайыр мен Жәнібек осы жолы қан-жоса етіп жеңген. Көп ауылдарын шауып, мал-мүлкін талап, екі мың шаңырағын өздерімен бірге айдап әкелген. Бұл қорлыққа шыдай алмаған Дондук Омба іле-шала қол жинап, бір мың жеті жүз қырқыншы жылы жиырма мың әскермен қазақ даласына аттанбақ боп тұрғанда, Балдан Норбидың әкесіне істеген опасыздығының кесірінен бұл жорық болмай қалған. Сонан кейін Орынбор экспедициясының бастығы генерал-лейтенант Урусов екі елдің хандарын шақырып алып, кек алу мәселесін тоқтатқан, Бірақ қарамағындағы елдердің тату-тәтті тұруын көздемейтін патша саясатын мықты ұстанған Орынбор губернаторлары Кіші жүз бен Еділ бойындағы қалмақтардың хандарын түбегейлі келісімге келтірмеген. Кейде араларына шоқ тастап та қоятын. Осындай жағдайда Әбілқайыр үнемі Жәнібекке арқа сүйеуші еді.

Жәнібек батырдың қазақ руларының Россия патшалығының қол астына кіруінде де еңбегі бар. Ол басқа хан, сұлтандар сияқты Россия мен Жоңғар арасында ауытқымай, бастан аяқ Россияға қосылу жағында болған адам. Сондықтан Орынбор комиссиясының екі бірдей бастығы, алдымен белгіленген Урусов та, кейін оның орнына келген Неплюев те «Жәнібек батырдың абыройы қазақ еліне ешбір ханнан кем емес» деп, онымен үнемі санасып отыратын. Екеуі де Анна Иоанновнадан Жәнібек батырға, Россия патшасының бұратана ұлттардан шыққан еңбегі сіңген әскери адамдарына берілетін тархан атағын сұраған. Бұны Әбілқайыр да қолдаған.

Жәнібектің көптен аңсап күткен сол атағы жайлы патша указы кеше ғана келіп еді. Бұны әзірше Неплюевтен басқа жан білмейді. Ол бұл указды губернатор кеңесі біткеннен кейін қонақтарын тағы жинап, солардың көзінше оқымақ, адал қызмет істейтін адамды Россия патшасы қалай жоғары бағалайтынын айтып, мақтап өтпек.

Жәнібектің аты аталған шақта Әбілқайырдың әлденеге секем алғанын аңғарып қалған Неплюев:

— Жәнібек батырды мен сіздің жекжатыңыз ғана емес, одақтас досыңыз деп қадірлеймін, — деді.

— Оған шек келтірмеңіз.

— Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан келе жатып, кейін қайтып кетті. Ал Орта жүзден келген басқа ақсақал би, батырлар көп. Біреу соларды басқармаса, біздің кеңесіміз Орта жүздің пікірінсіз өтеді. Мұндай мәжіліске олардың қатысқаны жөн.

— әлбетте.

— Оның үстіне Жоңғар елшілері Орта жүз өз тағдырын Әбілмәмбет пен Абылайсыз да шеше алатынын көрсін.

— Дұрыс айтасыз, генерал мырза, — деді бұл шешімге қуанып қалған Әбілқайыр, — менің де айтып жүргенім осы ғой. Орта жүздің тағдырын тек Әбілмәмбетке беріп қоюға болмайды. Жас болса да қазір билік Абылайға көшіп бара жатқан секілді...

Бұл жолы Неплюев пен Әбілқайырдың ойы бір жерден шықты. Орта жүз елінің ішінен Әбілмәмбет пен Абылайға қарсы қоюға жарайтын бір адам болса — ол Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батыр.

Әбілқайыр мен Неплюев стол басына қайта келгенде, жұрт азан-қазан екен. Хан мен генерал жоқ деп, ешкім күтіп отырмапты. Арақ, шарапқа тойғаны мас боп, көгал үстінде қорылдап ұйықтап жатыр. Көпшілігі арақ араластырған сары қымызға лықия тойып ап, шеке тамырлары білеудей боп жапанды жалпағынан басып, гу-гу етеді. Орыс офицерлері де есесін жібермеген тәрізді. Орыспын, қазақпын демей, бірін-бірі құшақтап, әлденені айтып, қарқылдап күліседі...

Жұрттың мұндай күйін көрген Неплюев қонақтарын дастарқан басына бұдан ары ұстауға қорықты. Мас болып қалған біреуі әлдеқалай шатақ шығармай тұрғанында, бұл жиынды дер кезінде таратуды жөн көрді.

Ол арақ толы бокалын қолына алып:

— Құрметті қонақтарым, мен соңғы тосты сіздердің құрметтеріңізге ішемін, — деді. Сосын үлкен бокалдағы арақты аяғына дейін қағып салды. «Браво! Браво!» деген офицерлердің айқайы естілді. — Келгендеріңе көп рақмет! Бүгінгі бас қосуымыз осымен бітсін. Таңертең сағат онда ресми мәжілісіміз басталады.

— Көп рақмет!

— Көп жаса, генерал мырза!

— Бір бас қосып қалдық қой... — деген сөздермен жұрт опыр-топыр түрегеліп, тарай бастады...

Жиырма үшінші август күні басталған мәжіліс жетінші сентябрьге дейін созылды. Жоңғар елшілері қатынасып отырғандықтан, ең күрделі мәселе Россия қол астына қазақ елінің кіргендігін Жоңғар хандығының мойындауы еді. Сол себептен кеңестің біраз күні Россия, Жоңғария және Қазақ елі арасында қандай байланыстар, келісімдер болатынын анықтауға кетті. Россия патшасының өкілдері Жоңғар елшілерінің қазақ жеріне не үшін келгендерін, қандай талап қоятындарын білгісі келді. Оған Кошка мен Бұрун:

— Қазақ елі біздің Қытаймен ұзақ уақыттар бойы соғысып жатқанымызды пайдаланып, талай шапты. Сол үшін біз олардың көп жерін басып алдық. Қазақ елі енді бізге салық төлеуге, аманат беруге тиісті, — деген пікір айтты.

Оған Неплюев:

— Біздің қол астымыздағы елдің бөтен жұртқа салық төлеуі не аманат беруі Россия империясының заңына қайшы келеді, — деген жауап қайырды.

— Біздің қастарымыз арамызға қандай от жақса да, қазақ елі қолына құран алып, Ұлы Россия патшасына берген антында тұрады, — десті Орта жүз бен Кіші жүздің атынан сөйлеген Әбілқайыр мен Жәнібек, — Россиямен мәңгі біргеміз. Ал Жоңғар елін шапсақ, ол ғасырлар бойы бітпей келе жатқан арамыздағы ұрыстың жалғасы еді. Егер Жоңғар елі бізге тыныштық беретін болса, біз де оларға қол көтермеуге, ұлы мәртебелі губернатордың алдында уәде етеміз.

— Қазақ хандары жаратылғалы уәделерін орындап көрген жоқ, — деді Жоңғар елшілері, — бұл біз талай естіген көкек әні, антын ертең-ақ бұзады.

— Бұл жолы олардың антын бұзбайтынына біз кепілміз, — деді Неплюев.

— Олай болса, біздің ұлы қонтайшымыз Қалден Церенге елші жіберіңдер, — деді Кошка мен Бұрун, — қалған келісім сөзді сонда бітірелік...

Осылай келісті, бірақ Жоңғар елшілері бірден жүріп кетпеді. Олар үш жүздің ақсақал биі, батыры қолдарына құран ұстап: «Россия қол астына кірдік» деп губернатор алдында ант бергенін көздерімен көрді. «Игі жақсыларға» рақмет айтып, әсіресе Ұлы жүздің басшыларына ризашылығын білдіріп сөйлеген Неплюевтің сөзін естіді. Бұл Жоңғарларға қатты батты. Өйткені Жетісу олар үшін Жоңғар қонтайшысы басып алған өлке боп саналатын. Ұлы жүз бұл кезге дейін қонтайшысына салық төлеп, аманатын беріп келген.

Орыс патшасының қазақ жеріне ішкерілеп кіре бастағанын көрген Жоңғар елшілері, өздерімен одақтас Қарақалпақ батырларын ертіп, дым бітіре алмай, елдеріне қайтып кетті.

Бұлар кеткеннен кейін Неплюев тағы екі мәселе қарады, бірі Орта жүз бен Кіші жүз хандарының арасындағы қайшылық болса, екінші Еділ қалмақтары мен қазақ елінің арасындағы өшпей келе жатқан қастық еді.

Қазақ хандарының өзара жау болуы Россияға қаншама тиімді болғаныменен де, Әбілқайырды біржолата шошытып алмайын деп, Неплюев оған «қандай қиын істі болса да татулықпен шешуге тырыс» деп ақыл берді. Оның үстіне Әбілқайырға өз қарамағындағы орыс қарашекпендерімен жақынырақ отыру үшін, Елек пен Берді өзендерінің бойында көшіп жүруге рұқсат етті. Бұл соңынан қазақ еліне деген үлкен жақсылық боп табылды. Осы арада Кіші жүздің ең алғашқы егінші жұрты пайда болды. Ал ханның өзіне «орыс бекіністерінің қайсысына болса да кіріп жүруге еріктісің» деді. Сондай-ақ Кіші жүздің ханын қазынаның астығымен қамтамасыз етуді орыс әкімшілігі өз міндетіне алды. Неплюев осы болмашы істің бәрін патша ағзамның Әбілқайырға ерекше көрсеткен құрметі деп ұғындырды. Бұның бәрі жылаған баланың қолына бір үзім нан ұстатқанмен бірдей, Орынбор губернаторының шығарып салма саясаты екенін Әбілқайыр түсінсе де, қарсы ештеңе айта алмады.

Еділ қалмақтары мен қазақ елінің таласын да Неплюев оңай шешті. Дос-
тастырып, бірімен бірі қарым-қатынасын жөндеп, ел боп араласып тұратын келісімге келтірудің орнына, «Еділ қалмақтары, сен Жайықтың бергі бетіне өтпе, ал қазақ елі, сен Жайықтың арғы жағасына шықпа» деп үкім айтты. «Тұтқындарымызды қайтарып берсін» деген Еділ қалмақтарының өтінішіне, Жәнібек: «оларды қайтару мүмкін емес, біз сол жылы-ақ қалмақ тұтқындарын Хиуа, Бұхар базарларына сатып жібергенбіз» — дегеннен кейін, Неплюев бұл мәселені соңынан қарамақ болды. Осылай тынымды ештеңе өндіре алмаған Еділ қалмақтарының елшісі де іштей тынып еліне жүріп кетті.

Бұл мәжілісте тікелей өз басына олжа тапқан тек Жәнібек болды.

Келісім сөз қызу жүріп жатқан кезде, қалт еткен бір үзілісте Неплюев қонақтардың басты адамдарын өзінің шатырына жинап, қазақтың, қалмақтың, баш-
құрттың сұлтандары мен батырларының алдында тамаша бір шабытты үнмен Елизавета Петровнаның указын оқып шықты.

Бұл указда патша азғамға көрсеткен адал қызметі үшін Жәнібекке қырғыз-қазақ халқының бірінші тарханы деген атақ берілді. (Бұл Россиядағы фельдмаршал дәрежесімен тең еді). Егер патша ағзамға адал қызмет істесе, тархан атағы оның балаларына, ұрпақтарына дейін мирас етіледі делінген.

Указды оқып шыққаннан кейін жаңа тарханның құрметіне барабан соғылып, зеңбіректерден салют берілді.

Қошамет көрсеткен жұрт гуілдесіп кетті.

— Уа, Шақшақ, атың бәйгеден келді!

— Даңқың аса берсін, Жәнібек!

— Тархан дегені хан дегені ме екен? Қарадан да хан шығады екен-ау!

— Шап ауылға, сүйінші сұра!

— Уа, Арғын атам, бір көтердің ғой аруағымды! — десіп, бүкіл дала шуға толып кетті.

Тархан? Бұл қай халықтың тіліндегі сөз. Дәрежесі қандай болмақ? Жәнібекке бұл атты сұрағалы қашан! Патша ағзам указын әне берем, міне берем деп, Жәнібектің алдына оны қызыл түлкінің құйрығындай бұлаңдатты да қойды. Ақыры берді-ау әйтеуір. Бұрын өзі тілектес боп жүрген Әбілқайырдың қиялы қазір алай-түлей. Бұл не? Қызғаншақтық, әлде көре алмастық па? Ағайынды екі адам бәйгеге ат қосып, ағасының аты келсе, қызғаншақ болса, інісінің жаны күйінеді. Бұ да сондай бірдеңе... Әйтпесе Әбілқайырға Жәнібектен жақын кім бар? Туған балалары да ханға бұдан артық жақсылық ойлаған емес.

Жәнібекке тархан аты берілгенде шаттанғандары көп, жанына қызғаныш шоғы түсіп, күндестік сезім билегендер де аз емес. Ондайлар құр күлген, қуанған болады. Бірақ, көздерінде ызғар, еріндерінде кекесін ізі байқалады.

Ал, Неплюевтің өз есебі өзінде, «Бала секілді, бұлардың қуануы да, ренжуі де оп-оңай. Мұндай елді басқару қиынға түспейді. Егер біреуді мерт еткің келсе, өзгеден оның дәрежесін жоғары көтере қойсаң болғаны».

... Жалпы келіссөздер бітіп, қонақтар тарқардан бір күн бұрын Неплюев Құдабайды тағы шақырды.

— Әбілқайыр хан көптен бері Сырдарияның етегіндегі құлап қалған көне қала Жанкентті қайтадан жөндеуді сұрап жүргенін білесің бе? — деді.

— Білем...

— Не үшін екенін де білесің бе?

— Мүмкін Жоңғарға таяу тұрғысы келетін шығар.

Қу тілмаш осылай деп губернатордың бетіне күлімсірей қарады. Губернатормен соңғы кездерде жиі кездесіп жүрген тілмаш Неплюевтің ызғарлы түріне де, орынсыз айқайына да үйреніп алған-ды.

Неплюев өз ойын онан ары сабақтады.

— Ол күйреп қалған қаланы қайта тұрғызу үшін, қанша қаржы керек екенін білуге геодезистер жіберуге тиістіміз. Жақында хан ордасына прапорщик-геодезист Илья Муравин барады. — Неплюев Құдабайға түксие қарады. — Оның қызметі тек көне қаланың орнын зерттеу ғана болмайды. Бар хабарды соған жеткізіп тұрасың...

— Құп, тақсыр, сеніміңізді ақтауға бармын.

— Әбілқайыр Муравинді өзіне патша үкіметінің атынан келген кеңесші деп санайды. Солай деп онымен келісілген. — Генерал күлімсіреген болды. — Кеңесші тілмаш емес, ханның ішінде не жатқанын да біліп тұруға міндетті. Ал осы прапорщик барғанша оның міндеті саған жүктеледі...

Неплюевтің өзіне сенбей Муравинді жіберіп отырғанына іштей наразы болып қалған Құдабай:

— Ол міндетті мен бұрын да атқарып келе жатқан жоқ па едім? — деді төмен қарап. — Және жаман да атқармаған секілді едім.

Неплюев өз тыңшысының көңілін тақа жүдеткісі келмеді.

— Сен жаман жұмыс істеп жүрген жоқсың. Адал еңбегің үшін дәрежеден де құр қалмассың... Прапорщиктен саған келер зиян жоқ. Бар!

— Құп, тақсыр.

Жарты сағаттан кейін Құдабай Әбілқайырдан көптен бері қолы жетпей жүрген сусар бөрік пен оқалы шапан киді. Бірақ хан одан жақында өзінің Ордасына Жанкентті тексеруге прапорщик Муравин келетінін, ал оның негізгі қызметі ханды аңду екенін білді. Ал сол күні түнде Неплюев Петербургке, сыртқы істер коллегиясына: «Әбілқайыр туған баласын аманатқа беріп отырып, Россияға қарсы шыға алмайды, бірақ оған сенуге де болмайды, өйткені ол екі жүзді және тәкаппар адам» деп хат жазды.

... Ал бұл кезде Әбілқайырдың орыс патшасының алдында тек өзім ғана адал болып көрінсем деген саясатының арқасында, Россия әкімдеріне өкпелеген Орта жүз ханы Әбілмәмбет Түркістан шаһары мен оның төңірегіндегі Қарнақ, Сукент, Сауран, Сығанақ секілді тағы отыз екі қаланы қайтарып берем деген Жоңғар қонтайшысының сөзіне сеніп, бір мың жеті жүз қырық екінші жылы Боқыраудың басында Қалден Церенге аманат етіп, өзінің кіші баласы әбілфейізді жіберді. Кешегі жауына бас иген бұл қылығын ол бір жағынан, осы кезде Жоңғар қонтайшысының қолына тұтқынға түскен Абылай сұлтанды босатып алу үшін істеген боп көрінді.

Бұрын өзіне қарсы кеп, әр басқан адымын аңдып отырған Орта жүз ханының өз жағына шығатын құлқынын сезген Қалден Церен қырық бесінші жылы орыс бекіністері мен қазақ жерінің іргелеріне жиырма мың қарулы әскері мен жол салуға арналған жеті мыңдай адамын әкеп қойды. Бұның бәрі бүгін болмаса, ертең қазақ жерінің дәл ортасына басып кірудің дайындығы еді. Үлкен айқас басталғанша олар жақын тұрған қазақ ауылдарын дүркін-дүркін шауып, мазасын ала берді.

Мұндай қиын жағдайда Орынбор әкімдерінің алдында екі түрлі міндет тұрды. Бірі, осы уақытқа дейін қазақ даласынан жырып алған жерлерін, салған бекіністерін сақтап қалу болса, екіншісі, қазақ даласына Жоңғар әскерін кіргізбеу.

Бұнымен қатар Орынбор губернаторы Кіші жүздің еліне Жайық өзенінің арғы бетіне мал жаюды тоқтатуды бұйырды, Жайық пен Еділдің ортасында бұрыннан көшіп жүрген кейбір рулар енді бұл араны тастап, Жайықтың бергі бетіне қуып шығарылсын деді. Ал бұған қазақ ауылдары көнбейтіндей ниет көрсетсе, осы маңдағы казак-орыстардың қарулы күштерінің бас қолбасшысы подполковник Ртищевке қалмақтың қарулы әскерлерін қазақтарға қарсы қолдануына рұқсат етілді. Және қалмақтарға қазақтардан талап алған мал-мүлік, тартып алған жерінің бәрі өздерінің қарамағында қалатынын айтты. Ал бұндай шараларға көнбей қарсылық істейтін қазақ ауылдарының басшыларын, сенат өзінің бір мың жеті жүз қырық төртінші жылғы бесінші марттағы указы бойынша «ұстап алып, Орынбордағы Роговик, Сібірдегі Нерчинскийдің күміс шығаратын заводтарына жер аударылсын» деп жарлық етті. Бұл шара аз болғандай, бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы Сыртқы істер коллегиясы қазақ елі Жайық өзенінің оң жағына малдарын айдамас үшін, бұл өзеннің сол жағасы Каспий теңізіне дейін күзді күні өртелсін деп бұйырды. Бұнымен қатар орыс бекіністерін қазақ ереуілшілерінен сақтау үшін қазақ жеріне қарулы әскер шығаруға указ берді. Бұл указ бойынша, қарулы әскер қызметін Жайық бойының казак-орыстарына міндеттеді. Оларға қазақтардың жылқыларын ғана айдап алу емес, өздерін де тұтқын етіп, жер аударуға рұқсат етілді. «Шаш ал десе бас алатын» казак-орыстар енді ойларына келгенін істеуге еркіндік алды.

Мұндай жағдай тек қана Жайық бойында емес, Сібір губернаторының қарамағындағы қазақтарға да қарсы пайдалануға бұйырылды.

Бұл қысым жалғыз қазақ кедейлеріне ғана емес, жақында ғана кеп, жаңа жерге қоныс тепкен орыс шаруаларына да түсті. Патша қанауына шыдай алмаған бұқара арасында Пугачев бастаған көтеріліс белгі бере бастады. Бұған қазақ, башқұрт секілді ұлттардың кедей тобы да қосылды.

Неплюев қазақ елі мен патша үкіметінің арасындағы қырғи-қабақтықты бәсеңдетудің бір айласы бітім сөз жүргізумен қатар, қазақ даласымен сауда-саттықты кеңейте түсуде деп ойлады. Ол, тіпті, бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы Сыртқы істер коллегиясына берген рапортында: «Бұл халықты құр қорқытумен ғана емес, көбірек сауда-саттық секілді жақсылық істер арқылы да бағындыру жолын ойлауымыз керек» деп жазды. Егер бұған қазақ елі көнбейтін болса, оларды күшпен бағындыру үшін, өзіне және Ойыл жолындағы әскердің бастығы генерал-майор Штокманға Жайық қазақ-орыстарынан екі мың, Орынбор мен Ор бекіністеріндегі әскерден бес мың солдат берілуін сұраған. Түбі бұл әскер аз бола қалса, тағы қалмақ, башқұрт, шоқынған татарлар мен мешерлер секілді Россия патшалығына бағынышты бұратана ұлттардан он мыңға тарта қарулы адам қосылсын деген. Әрине, осыншама әскерді Неплюев неге сұрап отырғаны Сыртқы істер коллегиясына да айқын еді.

Осындай жағдайда қазақ елінің өз тәуелсіздігін сақтап қалуы екіталай шаруа.

Бір жағынан жиырма мың әскерін жалақтатып жоңғар қонтайшысы Қалден Церен, екінші жағынан дәл осындай әскерін қазақ жеріне кіргізе бастаған орыс патшасы. Жан алқымға енді келді. Хан мен сұлтандар өздерінің жолын тауып жатты: бірі орыс патшасына қызметке кірді, бірі Жоңғар қонтайшысымен ауыз жаласпақ болды. Ал қара халық ше? Жерінен, бостандығынан айрылуға жақын қалғанын сезіп, жанталасты.

Орыс патшасы арқылы «жұмақ орнатам» деген Әбілқайырдан да, Жоңғар қонтайшысы арқылы тыныштық әкелем, атамекен Түркістаныңды қайтып әперем деген Әбілмәмбеттен де халық суий бастады. Білегін сыбанып жіберіп, ол енді батыр жігіттерінің соңына ерді. Орыс патшасы салдырған бекіністерді шапты, керуендерін тонады, патша солдатының қолынан бір шаруа өлсе, оның құнын екі есе қайтаруға тырысты. Осылай Кіші жүздің көп рулары атқа қонса, Орта жүздің жігіттері де бос қалмады. Әбілмәмбет ханнан көрі, енді олар өз араларынан шыққан Баян, Малайсары, Бөгенбай, Бұқарбай, Олжабай, Елшібек секілді батырларының жасағы боп, тұс-тұстан Жоңғар қонтайшысының үстемдігіне қарсы шықты.

Орыс патшалығынан не әскер, не Жайықтың арғы бетінен жайлы қоныс, не аманатқа берген баласы Қожахметті қайтып ала алмаған Әбілқайыр өзінің қадірінің шын түсе бастағанын енді айқын сезінді. Бұл Әбілқайырдың емес, Орынбор губернаторы Неплюевтің қатесі еді. Әбілқайыр қазақ елін Россияға қосу жолындағы алғашқы қайраткерлерінің ең табандысы екені даусыз болатын, ел көзінде оның қадірін көтере білу керек еді.

Соңынан ерген жұртының өзінен алыстай бастағанын ұққан Әбілқайыр қатты састы. Біресе қарамағындағы елді Орта Азия хандарының жеріне көшуге, не болмаса Иран шахының қол астына кіруге үгіттеді. Ондағы ойы егер қазақ рулары солай қарай ауар болса, орыс патшасы қарамағыма өзіме керек әскер беріп, қазақ елін біріктіруге тағы шақырар деген үміт. Бұдан да ештеңе шықпады. Қазақ жұрты жат ел хандарына жалынышты болғаннан гөрі, қандай қиындық көрсе де өз жерінде қалғанын артық көрді. Бұл бір ерекше өкініш еді. Нәдір шах әскері келмей тұрып, 1744 жылы Әбілқайыр Хиуаны басып алған. Соңынан тұрғын елдің бүліншілігі арқылы аз уақыт бұл араға Нұралы да хан болған. Нәдір шах мұны да қуып жіберген. Хиуа хандығынан айрылып қалған Әбілқайырдың жүрегін өкініш жегідей жеген. Халық болса жолын өзі тауып кете ме деп қорыққан Әбілқайыр, сасқанынан орыс патшалығына қарсы қимыл көрсете бастады. Сондай әрекеттің бірі қырық жетінші жылы болды. Әбілқайырдың ақылымен қазақтың екі мықты қолы Үйшіктің төменгі жағындағы мұз боп қатып қалған Жайық өзенінің үстімен өтіп, Қызылжар деген жерде қалмақтардың ұлысы мен орыс балықшыларының қалашықтарын шапты. Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды. Алты жүзден астам қалмақ пен орыс адамдарын тұтқын етіп өздерімен бірге әкетті. Осы жылы тағы да қазақтың бес жүз адамнан құрылған жасағы Үйшікті айнала өтіп, үстірт арқылы Еділдің жағасына шықты. Тағы тыныш жатқан жұртты шауып, мал-мүліктерін олжа етті. Бірақ жолай өздерін аңдып жатқан казак-орыс жасағына душар болып, әзер қашып құтылды. Әбілқайыр Россия бекіністеріне қарсы басқа да жорықтар ұйымдастыра бастады. Әбілқайырдың бұндай қылығын көрген Кіші жүздің кей рулары оның маңына қайтадан шоғырлана түсті.

Алайда Әбілқайыр Россия секілді ұлы мемлекетті аз қолмен қарсы шығып, мұқата алмайтынын жақсы білетін. Сол себептен де ол баласы Қожахметті босатып аламын ба деген үмітпен, тұтқынға түскен орыс адамдарын қайтарып бергізуге бірталай әрекет істеді. Бірақ орыс әкімдері оның бұл ойын тағы теріс ұқты. «Бізге қарсы әрекеттерінен ештеңе шықпайтынын білгендіктен, Әбілқайыр бұрынғысынан көрі жуасыды» деп жазды Неплюев Сыртқы істер коллегиясына.

Ал бұл кезде Жоңғармен тіл табам деген Әбілмәмбеттің де басқыншы елмен дос бола алмайтынына көзі жеткен. Қалден Цереннің бар көздегені қазақ елін бүтіндей өзіне бағындыру екенін Орта жүздің ханы түсінді. Россия патшалығы алдында Әбілқайырдың беделінің түсе бастағанын білген Әбілмәмбет енді орыс әкімдерімен тіл табуға тырысты.

Демек, орыс әкімдері Әбілмәмбеттің және оған ерген Абылай секілді сұлтандардың мұндай ықыласын пайдаланғысы келді. Енді Орынбор губернаторы Неплюев өзінің ескі әдеті — қазақ хандарын, сұлтандарын бір-біріне айдап салатын әдісіне қайта көшті. Ол енді Әбілқайырға қарсы Барақ сұлтанды пайдалануды ойлады. Бұл кезде Әбілқайыр мен Барақтың арасы әбден шиеленісіп болған. Осыдан жарты жыл бұрын ғана Барақтың баласы Ханбабайдың Созақты билеп тұрған әкесіне Хиуадан Сырдария арқылы жіберген жетпіс түйелі керуенін Әбілқайырдың жасақтары талап алған, осы керуен жайында хабар берген Неплюевтің өзі еді.

Бұл кезде Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Түркістанды беремін деп алдаған Қалден Цереннен мүлде ат құйрығын үзген. Жоңғар қонтайшысының шақыр-
ғанына, ақсақалдармен ақылдасып бармай қойған. Бұған ашуланған Қалден Церен қолындағы Әбілмәмбеттің аманат баласы әбілфейізді, Барақтың ұлы, Шағайды өздеріне қайтарып, қазақ даласындағы елшілерін, саудагерлерінің бәрін жинап алған. Бұнысы Қалден Цереннің тағы соғысамын дегені еді. Бұндай жағдайда Орта жүздің ханы Әбілмәмбет те, батырлары Барақ, Абылай, Жәнібек, Бөгенбай, Күшік те, Кіші жүздің белді адамдары Бұғыбай, Бөкембай, Алтай, Тайман, тіпті хан балалары Нұралы, Ералы, Айшуақ та Россия жағына шығып, соны паналауды ұйғарған. Бұны біреуі ел қамын ойлап істесе, енді біреулері қорыққандығынан мақұлдады. Барақ секілділері Россия патшасына бағынуды түпкі ойы ұнатпаса да, басқа лажы болмай, амалсыз көнді.

Бүкіл Орта жүз бен Кіші жүз басшыларының бұлай Россия жағына күрт құлауына тек Жоңғар қонтайшысымен араларының қиындап кетуі ғана себеп болған жоқ. Халық бұл кезде соғыстан, алыс-жұлыстан әбден шаршаған еді. Енді ол аз уақыт болса да тыныштық іздеп, өзінің азып-тозып бара жатқан шаруасын жөндегісі келген. Мұндай аласапыран кезеңде халық тыныштық тек орыс патшалығы арқылы ғана келеді деген сенімде еді. Өйткені Россия патшалығы кеше қазақ жеріне бекініс ретінде салған: Орск, Елецк, Троицк, Үйшік, Ямшенев, Семейпалат, Тобольскілердің бәрінде де сауда-саттық жүргізе бастаған. Қазақ еліне керегі де осы. Енді олар бұл қалалардағы орыс саудагерлеріне малын, терісін, жүн-жұрқасын сатса, өзіне керек астығын, матасын, қазан-ошақ, ыдыс-аяғын, кетпен-балтасын алды. Орыс әкімдері қазақ еліне тек мылтық, күкірт секілді қауіпті заттарды көп сатуға рұқсат етпеді.

Россияда сауда қалаларының күшейе бастағаны соншалық, ондағы болатын жәрмеңкелерге қазақ жерін басып Орта Азия хандарының сауда керуендері де келді. Ал қалың бұқара орыс қара шекпендерімен таяу танысып, олардан егін салу, балық аулау секілді өнегелерді үйренуге кірісті. Көбі өзі секілді шаруалармен тамыр-таныс боп алды. Орыс әкімдері де бос жатпады. Біресе Әбілмәмбетке, біресе Абылай, Барақ, Жәнібектерге бір кезде Россия қол астына кіргендерін құлаққағыс етіп, кісі жіберумен болды.

Осы тұста Кіші жүз ханы Әбілқайырдың күйі бұрынғысынан да нашарлай түсті. Екі жүзділік саясатының салдарынан ол не қазақ елінің, не орыс патшалығының сеніміне кіре алмады. Ал Орынбор губернаторы Неплюев өз жұртының алдында қадірі кеткен Әбілқайырдан мүлдем құтылуды қарастыра бастады. Бұл жолы ол Әбілқайырды сенат, не Сыртқы істер коллегиясы арқылы емес, Кіші жүз ханының Орта жүз сұлтандарымен бәз баяғы бас араздығын пайдалану арқылы-ақ құртпақ болды.

Ал Әбілқайыр енді тікелей Петербургпен тілдеспекке қол созды. Ол өзінің Неплюевпен қырғи-қабақ екенін айтып, жәрдем сұрап Тевкелевке хат жазды. Орынборға бұл хатты алып келген Құдабайды ертеңіне Неплюев шақырып алды.

— Орынборға неге келдің? — деді амандықтан кейін.

Құдабай жасырған жоқ.

— Әбілқайыр ханның генерал Тевкелевке жазған хатын әкелдім. Осы жерден Петербургке баратын біреу арқылы беріп жібермекшімін.

— Хат не жайында?

әрине, дворян тәрбиесімен өскен Неплюев бірудің хатын ашып оқудан аулақ еді. Ал тілмаш, ханның өтінішімен өзі жазған хаттың дымын да жасырмай бәрін айтып берді. Хаттың түпкі мәні Кіші жүздің ханын Орынбор губернаторымен татуластыру жайында және Неплюевтің өзі сенатқа жазған Әбілқайыр екеуінің арасындағы қайшылықтар туралы болғандықтан, Неплюев Әбілқайырдың аңқаулығына езу тартып күлді де:

— Жақсы, хатыңды ертең біздің почта арқылы жібер, — деді. Сосын кетіп бара жатқан Құдабайды тоқтатып, — Кіші жүз ханы мен Орта жүз сұлтандарының арасындағы бақ таластықты, қайсымыз орыс патшасына көбірек жағынып, атақ-дәреже аламыз деуден туған өшпендікті өзім де жақсы білемін. Бірақ мәселе қазір онда емес... Басқада. Россия патшалығы енді Әбілқайырға арқа сүйей алмайды...

Құдабай сәл басын көтерді.

— Әбілқайыр хан райынан мүлдем қайтып, біржола Россия патшалығына арқа сүйегісі келсе де ме?

— Бәрібір, — деді Неплюев. — Енді Әбілқайыр райынан қайта ма, қайтпай ма, маңызы жоқ. Өзінен ақылды жас шықса, кәрінің оған жол беруі жаратылыс заңы...

«Ол жасың Әбілқайырдың баласы Нұралы ғой! — деді ішінен Құдабай. — Нұралы шу бастан өзін дұрыс ұстап келеді. Бірақ Әбілқайыр тәрізді көкжалдар бір бұлқынғанында жоқ қылғалы тұрған арыстан ашуланса, Нұралы секілді көжектің несін қалдырады?»

— Сонда... Біздің ханымызды орнынан түсірмексіздер ме? — деді тәуекелге бел буған Құдабай, — сенат ол туралы указ берді ме?..

— Өйте қояр ма екен... — Неплюев енді Құдабайға ызғарлана қарады.— Патша үкіметінің Әбілқайырда енді шаруасы жоқ. Қазақ сұлтандарын өзіне қарсы қойған екен, жауабын да өзі берсін...

«Сонда Әбілқайырды о дүниеге қай сұлтан жөнелтуге тиісті? — Құдабай тіпті терлеп кетті. — Губернаторы қайда бастап барады?»

— Меніңше қазақ еліндегі оның қас жауы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет, — деді Құдабай. — Екеуінің арасындағы бақ таластық...

— Жоқ, Орта жүздің ханы бұл іске жарамайды. Әбілмәмбет Әбілқайырды өлтіріп, бүкіл Кіші жүзді өзіне қарсы қояр ақымақ емес. Басқа қайсысы бар?

— Барақ сұлтан... Екеуінің арасындағы өшпенділік бірін-бірі нағыз өлімге қиярлық жағдайда. Оның үстіне Барақ сұлтан орыс қалаларының қазақ жеріне салына бастауының бас айыпкері Әбілқайыр хан деп санайды, Кек алуға ол тайынбас...

— Иә, Барақ сұлтан бізге де дос емес, «қол астына кірдік» деген анты құр шығарып салма сөз. Шын беріліп жүрген ол жоқ. Міне, осы Барақ сұлтанды пайдалану керек...

— Сонда маған не бұйырмақсыз?

— Барақтан жоңғар қонтайшысы құнын сұрамайды. Рақметін айтады, сенің міндетің — Бараққа біздің ойымызды сездіру... Және Россия патшалығының да қуғын салмайтындығына сендіру.

— Жоңғар мен орыс патшасы Әбілқайыр үшін, Барақты дарға асып, оққа байламайды делік. Бірақ мұндайда жайшылықта жек көргенмен, хан құнын жоқтар Кіші жүздің рулары бар емес пе? Барақ олардан сескенбей ме? Қанша көкжал дегенмен, оған да жан керек қой.

— Кіші жүз руларын Нұралыға жібер. Болашақ хан өзіне бағынышты елімен тіл табысар...

— Ал өзім жайында...

— Өзің жайында қам жеме... Россия империясы өз адамын қашан да қорғай білген.

Қанша сұм болғанмен, Құдабай осынау бір алыста жатқан сұмдықтың ыз-
ғарынан өзін тоңып кеткендей, бозара қалды. Тыңшысының мұндай халін ал-
ғашқы рет көрген Неплюев оның көңілін ашқысы келді.

— Орынборға көптен бері келген жоқсың ғой, — деді сөзді басқа жаққа бұрып. — Губернатор кассасында бірталай еңбек ақың жатыр. Соны ала кет.

Жаңа ғана салы суға кетіп тұрған Құдабайдың түрі енді жайнап сала берді.

— Менің еңбегімді ұмытпағаныңызға мың да бір рақмет! — деді Құдабай басын иіп. — Жаңағы тапсырғандарыңыз бұлжытпай орындалады.

Елге қайтқаннан кейін Құдабай Хиуа ханының қол астында жүрген Барақтың үлкен баласы Ханбаба арқылы сұлтан Неплюевтің ойын жеткізді. Ханбабадан да шапан киіп, ат мінді. Енді ол Әбілқайырға да Орынбор губернаторының бар сырын жайып салды. Тек Ханбабамен сөйлескенін ашқан жоқ. Ханнан да камшат ішік киіп, жорға мінді.

Неплюевтің ойы бұнсыз да күтпеген жерден тез орындалды. Бір мың жеті жүз қырық сегізінші жылы шілде айының аяғында Әбілқайырмен сөйлесуге Петербургтен генерал-майор Тевкелев келді. Бұл хабарды естісімен бүкіл балаларын және Кіші жүздің басты адамдарын ертіп Әбілқайыр Орға жетуге асықты. Он күндік жерге, ат ауыстырып отырып бес күнде келді. Екі аптадай болған әңгімеде Әбілқайыр орыс патшалығына, әсіресе Орынбор губернаторына деген бар өкпесін айтты. «Келіннің бетін кім бұрын ашса, сол ыстық» дегендей, Кіші жүздің ханы «Россия қол астына кіруіне» себепкер болған Тевкелевтен еш сырын жасырған жоқ, бар ой-құпиясын жайып салды. Өз заманының бір ақылды, берік адамы және Россия мен қазақ даласының қосылуына көп еңбек сіңірген Тевкелев бұ жолы да Россия патшасының отаршылық саясатын жүргізуші адал уәкілі екенін ақтады. Тіл тауып, Әбілқайырдың ашуын тарата білді. Әбілқайыр шын жүректен бұдан былай да ақ патшаға адал қызмет етуге уәдесін берді. Тевкелевпен келісіп, жеті жылдан бері қайтара алмай жүрген Қожахметін қайтарды. Орнына ел ағаларының балаларымен бірге өзінің ортаншы ұлы Айшуақ сұлтанды аманатқа қалдыратын болды. Бір жыл өткеннен кейін Айшуақтың орнына ең кенжесі әбілді жіберетін боп уәделесті. Ал Неплюев пен Әбілқайырдың арасын жөндеуді Тевкелев өз міндетіне алды.

 

 

Осылай ақ патшаға адал қызмет істемек боп, Әбілқайыр еліне қайтты. Құдабайдың айтқан құпия сырынан қорқып, жолай Орынборға соғып Неплюевке жолықпай, тікелей Ырғыз өзенінің бойында отырған Ордасына беттеді.

Әбілқайыр жоңғар жағына шығып кеттіңдер деп көршілес қарақалпақ елін оқта-текте шабумен болатын. Әсіресе, Әбілқайырдың сойылы «Ақтабан шұбырынды» кезінде осы қарақалпақ тайпасына келіп қосылған Ұлы жүздің бір бөлегі Жалайыр ауылдарына қатты тиген. Бұл ел құрып кете ме деп қорыққан Жалайырдың басты адамдары, екі мың шаңырағын және олармен араласып кеткен екі-үш қарақалпақ аулын Кіші жүздің шекарасынан Торғай бойына көшірмек болған. Осы бір тайпа елі көшіп келе жатқанда «Сендер Әбілқайыр ауылысыңдар» деп, жақында ғана өзін Орта жүздің біраз жұртына хан көтерткен Көшек сұлтан екі жүз сойылымен қапыда кеп тиіскен. Көшектің қолына Барақ та келіп қосылды. Олар қарусыз көшті басып қалғанда, тек жүз үй қарақалпақтар ғана қашып құтылған. Осы құтылған жүз үйге Ор қаласынан қайтып келе жатқан Әбілқайыр кездесті.

Қарақалпақтар айыптарын мойындарына алып, Кіші жүз ханының қолына берілді. Енді Әбілқайыр Барақтан анау екі мың шаңырақты тартып алмаққа бел байлады. «Өзіміз бар болғаны жүз елу ғана сойылмыз, Бараққа төтеп бере алмаймыз» деген серіктеріне: «Барақтан қорыққан сендер — қатынсыңдар. Әйтпесе еркектен еркек қорқа ма екен» деп болмай, сол жүз елу адамымен, ұзап кеткен көшті қуып берген. Мүмкін Кіші жүз ханы жасағының жеткіліксіз екенін ойлаған да шығар, бірақ нартәуекел етті. Баяғы Нұрбике оқиғасынан кейін Бараққа әбден өшігіп алған намысқой Әбілқайыр, бұл айқастың қауіпті екенін ақылға сала алмады, бар арманы Барақты өз қолымен өлтіру болды да тұрды. Осы жолы қас жауының қанын ішпесе, оған Барақ екінші рет кездеспейтіндей көрінді. Сол себептен де атына қамшыны асыға басты. Екі қол Торғайдан бір күндік жердегі Улкаяқ өзенінің жағасында кездесті.

Қарамағына енген Жалайыр жігіттерімен жасағы көбейіп қалған Барақ, Әбілқайырдың жүз елу адамына бет бақтырмады. Тықсырып, қоршап алып, біреуін қалдырмай қыруға айналды. Әбілқайырға әбден өшігіп алған Жалайыр мен қарақалпақ жігіттері енді Барақ жағына шығып, жан аяспай соғысты. Бірақ жаратылысынан батыр Әбілқайыр «тағдырдың жазғаны осы болса көріп алайын» деп, кейін шегінбеді. Бірінші адамды ат үстінен ұрып түсірді. Өзі де Барақтың баласы Шағайдың қолынан ат жалын құшып құлады. Жерде сұлап жат-
қан ханның жанына шапқылап жеткен Барақ беліндегі ұзын сапты, сүйір ұшты Хиуа қанжарымен жүрек тұсынан сәл төмендеу жерден құлаштап ұрды. Әбілқайыр ышқынып барып демін алды. Көгілдір аспан заматта қанға малын-
ғандай қып-қызыл боп, шыр көбелек айнала жөнелді.

— Міне енді алыс-жұлыс, үміт-арман... бәрі-бәрі бітті, — деді ол үнсіз күбірлеп. Кенет ғажайып бір ой ең ақырғы ақыл-сезімін шарпып өтті. — Қандай данышпан едің, байғұс қазақ?! Сенен басқа бірде-бір халық дүние шіркінге «жалған» деген ат қоймаған болар. Қалай тауып қойғансың. Қу дүние, шын жалған екенсің... Өттің де, кеттің ғой...

Барақ алабұртып қабындап кеткен жүрегін зорға басып:

— Өз қолыммен өлтірдім! Өз қолыммен қаныңды іштім! — деді айдалада насаттана дауыстап. — Енді арманым жоқ. Қолыммен істегенімді мойныммен көтеруге бармын.

Сонан кейін ол артына қарамастан, атына мініп, күншығыс жаққа қарай жорта жөнелді.

... Бір жылдан кейін Кіші жүздің ханы етіп, Елизавета Петровна Нұралыға указ берді.

Әбілқайыр өлгенде, оның артында көптеген ұлы-қызы, үрім-бұтақтары қалды. Олардың ішінен патша үкіметінен шен-шекпен киген правительдер де, жұртын ағарту жұмысына ат салысқан ғалымдар да шықты.

Әбілқайырдың өз аты да тарихтан орын алады. Бірақ ол хандық, жаугершілік, ерлік істерімен емес, сан қиындықтары, қайшылықтары болса да, түбі тарих өзі ақтаған, қазақ елінің Ұлы Россия қол астына кірсек деген ғасырлар бойы келе жатқан тілегін ресми түрде мемлекеттік саясат сатысына көтерген алғашқы ханы болып танылды.


Шінші бӨлім

  І  

ІІ

 

Манжурлардың атақты қолбасшысы Фу Де басқарған қара құрттай қайнаған Қытайдың жаяу әскері Алтынемел қырқаларынан үшінші рет кейін асып түсті. Бүгін таң атқалы Абылайдың қалың қолы үшінші мәртебе шабуылға шықты. Осы үш шабуылдың үшеуінде де јытай әскері Іле өзені мен Алтынемел адырларының арасындағы ойпатқа жетіп, қазақ жігіттерінің тегеурініне шыдай алмай кейін қашты. Майданда қыруар өліктері қалды. Абылай «осы жолы жеңдім-ау, енді беттей алмас» деп ойлаған сайын тағы қарсы жақтағы белестен шұбырып түсіп келе жатқан Қытай әскерін көреді. Қанша қырсаң да, бітпейтін құмырсқа сынды. Оның үстіне Қытай әскерлерінің арғы жағына барып қайтқан ертөлелердің айтуы бойынша, ішкері жақтан қаптап Қытайдың екінші қолбасшысы Чжао Хойдың әскері таяп қалған көрінеді. Дені атты әскер деседі. Тұлғасы тұрымтайдай жылқы мінген Қытайдың атты әскері қазақ жігіттеріне бәлендей қорқынышты да емес-ті. Жауынгерлері ат үсті ұрысына шорқақ... Бірақ Қытайдың қаныпезер, қаттылықтарымен аты шыққан екі қолбасшысының әскері түйісе қалса, әрине, қазақ қолы шегінуге мәжбүр болады. Бұндай жағдайда Қытай әскерінен кейін шегіну деген сөз — қазақ жеріне екінші «Ақтабан шұбырынды» келтірумен бірдей. Сондықтан да Абылай төртінші шабуылға дайындалды. Қайткенмен де Фу Де мен Чжао Хойдың әскерін ойсырата жеңсе, әлі де үміт бар. Жоқ, бұ жолы Абылай жауын жеңе алмайды. Өйткені ақ түйесінің бүгінгі жатысы оған ұнамаған.

Ақ түйе кенжесі Жанай қаза тапқан жоңғар жорығынан қайтысыменен пайда болған. Қайғыдан әлі сейіле қоймаған Абылай сол күні ерте тұрып, Ақ Ордадан шыққан. Күздің қара суығы келіп қалған екен. Бір-екі күннен кейін аулы қысқы қонысы Көкшенің қойнауына көшпек. Қысты қалай өткізудің қамын ойлап тұрған Абылай кенет ауыл сыртындағы ақ түйеге көзі түсті. Мүше бітісі өзгеше, ірі, жүні сүттей аппақ, шудалары шұбатылып жерге түскен. Абылай баяу басып қасына барды. Түйе үріккен жоқ. Мұрны тесілмеген, үстіне қом салынбаған. Әр өркеші баладай. Абылай тағы таяй түсіп еді, ол тайраңдай шауып бел асып кетті... Ертеңіне таң атып келе жатқанда Абылай тағы сыртқа шықты, тағы ақ түйені көрді. Абылай жақындап еді, қашпады, үйіне қарай беттеп еді, соңынан ере жүрді. Сол қыс ақ түйе Абылайдың түйелерімен бірге болды. Қыс қандай қатты болса да, Абылайдың бірде-бір қотыр ешкісін қасқыр тартқан жоқ, қотыр тайы бораннан ығып, жылымға түсіп шығынға ұшырамады. Жұрт бұл түйені Абылайдың ырысы, киесі деп жорысты. Бұл ақ түйенің шын ғажап қасиеті кейін байқалды. Абылай жаз шыға күнгейі мен күншығысынан мазасын ала берген жоңғар әскеріне тағы қарсы аттанбақ болды. Сұлтан кеңесі Ертіс жағасының торғауытына ма, әлде Іле бойының ойратына ма, қайсысына жорыққа шығуды шеше алмай тарасты. Абылайдың таңертең өзгеден ерте тұратын ежелгі әдеті. Далаға шықса, ақ түйе орда сыртында жатыр екен. Басы күншығысқа қараған. Түйенің бұрын үнемі күнбатысқа қарап жататынын білетін Абылай кенет бір ойға келді. «Жұрт бұл түйені менің кием деп босқа айтпайтын тәрізді ғой, осы жолы ақ бураның көрсеткен жағына аттанайын». Ол осы айтқанын орындады. Жолы болып қайтты. Сол күннен бастап ақ бураны жорыққа аттанса, өзімен бірге ала шығатын болған. Ақ бура ертең ұрыс деген күні басын қай жаққа салып жатса, Абылай сол жақтағы жауына аттанатын және үнемі жеңіп қайтатын.

Ал осы жолы Абылай Арқаның бар әйгілі батырларын ертіп, Іленің жоғарғы жағынан баса-көктеп кірген Қытай әскеріне қарсы жорыққа аттанғанда, жолай ол «Абылай асуының» үстіне түнеген. Таңертең өзгелерден ерте тұрып, әскерін аралап келе жатып, ақ бураның Іленің оңтүстік бойына емес, солтүстікке қарап шөгіп жатқанын көрді.

Абылай енді жолым болмайды екен деп кейін қайтуды да ойлады, бірақ қаптап келе жатқан Қытай әскері егер алдынан қарсылық көрмесе, қазақ жерін басып алар деп қауіптеніп, «не болса да нартәуекел!» деп, келе жатқан бетінен таймаған. Үш күннен бергі ұрыста Фу Де әскерін бірнеше рет тойтарып кейін ығыстырғанмен де, жүрегінің күпті болып, өз ісіне өзі сенбей әлсін-әлсін қауіптене беруі де сол ақ бураның теріс бұрылып жатуынан еді.

әйтсе де үш күннен бері Фу Дені бет бақтырмай тұрған Абылай, Чжао Хой жетпей тұрып тағы бір қимылдайын деп, өз әскеріне кезекті бұйрығын берді.

— Батыр Баян қолын қазір кейін шегіндіріп, Іленің оң жағасындағы анау жиде тоғайына барсын, Чжао Хой атты әскері бізге қарсы аттанса, бір бүйірінен тисін. Ал Сырымбет батыр жауынгерлерін мына қырқаның арғы бетінде тасада ұстасын!

Абылайдың бұйрығын алысыменен қазақ жауынгерлері Іленің тұманды шат-
қалдары жұтқандай, өзен бойындағы жиде, тал, қамысты қойнауларға кіріп көзден ғайып болды. Тек төбе бастарында барлаушылар ғана қалды. Олар Қытай әскерлерінің дабылдарын ұрып, жаңа шабуылға дайындала бастағанын естіп жатты...

... Иә, қазір қазақ жеріне жоңғар жасақтары емес, Қытайдың көк темірмен құрсанған қалың әскері келе жатыр. Қытай империясын жер шарының кіндігі деп санайтын, аспан баласы — боғдыхандар шекара деген ұғымды тіпті білмейтін. Қытай жауынгері жеткен жердің бәрі Қытайдікі деп ойлайтын. Сол себептен де Қытай боғдыханы қазақ деген көшпелі елді өзінің дегеніне біржола көндірмек боп, тоқсан мың әскерінің бетін қазақ даласына қарай бұрған.

Осының алдында ғана ұлы Жоңғар трагедиясы аяқталған. Көршілес жоңғар мен қазақты біріне-бірін айдап салып келген Қытай мен Манчжурия билеушілері енді өздеріне аянбай қимылдайтын мезгіл туды деп шешкен. Қазақ пен жоңғар бірін-бірі әбден қансыратып болды деп ойлаған. Тек енді оларға жаралы қос жолбарысты ұрып алу ғана қалған. Және тезірек ұрып алғысы да келген. Өйткені, өзінің ішкі бүліншілігін жоя алмай жатқан Россия Орталық Азияның істеріне тікелей кірісуге әлі де дайын емес еді.

Бір мың жеті жүз қырық бесінші жылы Қалден Церен өлді. Ұлы қонтайшы өлісімен оның балаларының арасында таққа таласу басталды. Бұл таласты жеңіп бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы таққа Қалден Цереннің ортаншы ұлы, нағашылары Чорас ақ сүйектеріне арқа сүйеген Цеван-Доржи сайланды. Бір мың жеті жүз елу үшінші жылдың аяғында оны өзінің туған ағасы Ламо Доржи өлтірді. Осы жылдан бастап Жоңғар мемлекетінің іші қым-ғуыт таласқа айналды. Қонтайшы тағына енді Қалден Цереннің немересі Амурасана мен Ламо Доржи қырылысты. Бұл таласты, әсіресе, Абылай жақсы пайдалана білді. Ол кейде шешесі қазақ Амурасананың қолтығына су бүркіп, кейде Ламо Доржиға аздаған атты әскер беріп, қазақ еліне әбден тізесі батқан Жоңғар мемлекетін біржола әлсіретуді көздеді. Ақырында Қытай боғдыханының көмегімен Жоңғар қонтайшысы Амурасана болды. Бірақ бұл кезде Жоңғар империясының тағдыры шешіліп те қалған-ды.

Қытай әбден жаулап алып, алтын таққа өзінің Цинь династиясын отырғызған Манчжурия феодалдары Қытай боғдыхандарының басқыншылық саясатын қайтадан жандандырды. Қытай мен Жоңғар арасындағы әдеттегі бір қантөгіс жанжалды сылтау етіп, Фу Де мен Чжао Хой генералдар басқарған Қытайдың тоқсан мың әскері Жоңғар жеріне баса-көктеп кірді. Бұл жолғы Қытай-манчжур әскерінің жорығы әдеттегі ұрысқа ұқсамады. Екі айдың ішінде Қытай императоры Цзинь Лун жіберген тоқсан мың әскер өзінен үш есе кем және бөлшектенген жоңғар жасақтарының күл-талқанын шығарды. Бір миллиондай халқын қырды. Сөйтіп бір кездегі күшті көшпелі мемлекет біржолата құрыды. Амурасана бас сауғалап қазақ жеріне қашты...

Кеше ғана өз қолымен бауыздамақ болған нағашы жұрты оны құрметпен қарсы алды. Абылай үстіне үй тігіп, алдына үйірлей жылқы салды. Бірақ көп кешікпей Амурасана сол жылы қазақ жеріне Қытайлар әкелген ұлы апат — қара шешектен Тобылда қайтыс болды.

Сөйтіп шығыстағы бір айбынды мемлекет көрер көзге құрып кетті. Жоңғар қақпасынан соққан жел қазақ даласына ұзақ уақытқа дейін жылымшы қан мен өліктің сасық иісін әкеп тұрды. Құзғын қарғалар енді сол қан иісі шыққан жаққа қарай ұшты...

Мұны көрген қазақ елі шошып кетті. Қытай мен өз даласының арасында тұрған жоңғар хандығының жоқ болып кетуінен қандай қауіп туғанын ол бірден ұқты. Енді шығысқа үрке қарады. Қытай боғдыхандары мен қазақ батырлары бұрын да сан шайқасқан. Тіпті Қытайдың Тан династиясы кезінде де қазақ елі үш жүз жыл күресіп, жеңгізбеген. Рас, Қытай әскерінің кейбір кезеңдерде қазақтың көне жері Көкше теңіз — Балқашқа дейін жеткен шағы болған. Бірақ тұрақтай алмаған. Соңдарына күйген қала, күйзелген даланы қалдырып қайтып отырған. Ал бұл жолғы Қытай боғдыханының қанішерлік қылығы өзгеше көрінді. Енді қазақ елі алыстағы аждаһаның ысқырғанын ғана емес, арандай ашқан аузынан қанжардай тістері ақсиып, өзін жұтуға келе жатқанын білді. Сол себептен де, бұрын қазақ жерінде орыс бекіністері салына бастағанына күмәнданып келген Бұқар жырау:

 

Шүршіт келеді деген сөз бар-ды,

Көктен түскен төрт кітап

«Енжіл» атты кәләмда,

Егер шүршіт келмесін,

Егер шүршіт қаптаса,

Алып бір жейді ақтарып

Көмулі көрден денеңді, —

 

деп, Қытай әскерінің қорқау қасқырдан кем емес жауыздығын айтып, жұртты күні бұрын ұлы айқасқа шақыра бастады. Қазақ елінің басына бұл кезде тағы бір қара бұлт төне түскен. Бұл қара бұлт Қоқан хандығы жағынан келе жатты.

Ел бүлігі қашанда болса билеушілерден шыққан. Жоңғар мемлекетінің
жойылуымен байланысты, Сырдың жоғарғы жағында көшіп жүрген қыпшақтардың әміршілері Нарбота би мен Ерден батыр Ташкент, Түркістан, Арыс секілді Сырдың орта тұсындағы қалалардың Қоқан хандығына көшуіне көмектесе бас-
тады. Бұл қалалар жоңғар қонтайшысының қарамағынан босанса да, енді Қоқан хандығына бағынышты болар қаупі туған. Қоқан хандығы да енді Ташкент пен Түркістан уәлиеттеріне жататын шаһарларды біртіндеп басып алуға айналды. Қазақ еліне екі жаумен алысар ауыр күн туды.

Жоңғария мен Қашқарияны оңай алған Қытай боғдыханы қазақ жеріне ғана емес, тіпті Самарқант, Бұқар, Хиуа, Қоқанға да ауыз салуға баратынына Абылай шек келтірмеді. Өгізге туған күн бұзауға да туатыны күмәнсіз. Сол себептен де Абылайды, көкжал қасқырдың бір шабуынан қалмайтын Ерден мен Нарбота билердің әрекеті емес, қатерлі аждаһа Қытай боғдыханы қобалжыта берді. Ал, Самарқант, Бұқар, Қоқан әміршілеріне ақыл кіріп, бұған келіп қосылғанша, қазақ даласы айдаһардың өңешінен өтіп кетпесіне кім кепіл? Міне осыны ойлаған Абылай жаз ортасы болмай Үш жүзге ұран салып, бар әйгілі батырларын жинап, Көкше теңіз түбінен күншығысқа қарай қалың қолмен жорыққа аттанған. Ілемен жоғары көтеріліп, құмырсқадай қаптап келе жатқан Чжао Хой мен Фу Денің әскеріне қарсы жүрген.

әрине, Абылай Қытай империясын жеңе қоям деп ойлаған жоқ. Онда басқа да ой бар еді. Қазақ елінің басы қашанда сырттан жау келгенде ғана бірігетін, Абылай содан үміт етті. Кешікпей сұлтан жорамалы шындыққа айнала бастаған. «Қара Қытай қозғалса — ақырзаман болады» деп бесіктегі баласына өсиет айтып қорқытып, қазақ рулары келе жатқан жауының шын қауіпті екенін түсініп, бастары бірігуге айналды. Басқыншы жаудан аман қалудың бірден-бір жолы Үш жүз боп одақтасуда ғана екені айқындалып қалған. Сондықтан да Абылай саясатының жаршысы Бұқар жырау:

 

Шүршіт келсе, Сырға көш,

Ішетұғын суы бар

 

деп, жан сақтаудың жолын ғана айтып қоймай:

 

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,

Бұл үйректей болыңыз,

Судан суға шүйгумен,

Көлден көлге қоныңыз.

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін.

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, —

 

деп ел бірлігіне шақырды. Ел бірлігі — жау бетіне ұстар қалқан. Қытай әскерінің қазақ жеріне кіруі, қазақ ұғымында — ордалы жыланның келуімен тең. Осындай жағдайда ақ түйенің майдан ашылар жаққа қарамай қырындап жатуы жұртқа түсініксіз-ақ. Бұл қандай ырым? Бұның сыры тек әзірше Абылайға ғана аян...

 

 

... Қыр басында тұрған Абылай енді Бұқар жырауға бұрылды.

— Жырау, бүгін ақ түйенің қырын шөгіп жатқанын көрдіңіз бе? — деді ол, — жамандықтың белгісі болмаса нетсін...

Бұқар жырау Қытай әскерлерінің төртінші рет шабуылға шыққанын қарауда еді. Қара құрттай қаптап келеді. Бір қазаққа жиырма Қытай жабылғалы келе жатыр. Басым күшке шыдай алмай, қазақ қолының бір жақ шеті жапырылып кейін шегіне түскенін Бұқар жырау жаңа аңғарды. Бірте-бірте қазақ әскерінің халі қиындай берді. Өмір бойы ішер асқа жарымай өткен, бірақ өз әміршілерінің зорлауымен соғысқа әкелінген Қытай әскері шабуылға шыққанда өлген тірілгендерін білмейтін. Әлде қорлық өмірден өлгендерін артық көре ме, қарсы жауған оққа кеуделерін тоса, үнемі алға ұмтылатын. Осыны көріп тұрған Бұқар жырау Абылай сұрағына асықпай жауап қайтарды.

— Қасқырдан қорыққан қойшыдан жақсы күзетші шыға қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе, ең алдымен өзіңе-өзің сен. Әйтпесе бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.

— Көңілімде бір күдік бар. Одан қалай құтылам?

— Жеңетініне сенбей майданға шыққан қолбасшының өмірі ұзақ болмайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар...

— Ол қандай ем?

— Ажал.

— Ажал?

— Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден де құтқарады, — деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан қанатын көрсетті. — Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе-өзің сенбейтін аурудан айығасың.

Абылай бұған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Жалынқұйрығын тебініп қап, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнелді.

Бұқар жырау атынан түсті. Мойнына белбеуін салып, бір тізерлей отырып, алласына «ақсарбас» айтып, жалбарына бастады. Әрине Бұқар жыраудың құдайға бағыштаған сөзін діни адамдардың біреуі естісе, «құран сөзін қор еттің!» деп сөгер еді, өйткені, оның аузынан құдайға жалбарынудан гөрі, ұран шақыруға ұқсас, ереуілді жыр тізбегі ағытылып жатқан.

Абылайдың жалғыз шапқанын көрген қазақ жігіттері шегінуді тоқтатып, жауға қарай лап қойды.

— Абылай! Абылай!

— Аруақ! Аруақ!

Таудан құлаған тастардай, өлген-тірілгендеріне қарамаған садақшы, найзагер қалың қол алдарындағы шәрке табанды, қара қалпақ, қара шапанды жаяу әскерінің алдыңғы шебін күл-талқанын шығарып, кейін қуа бастады.

Қайтып оралған Абылай Бұқар жырауға:

— Қолбасшыға күптенудің серік емес екенін енді ұқтым! — деді.

Бүгінгі жеңістен рухтанған Абылай ертеңіне де шабуылды өзі басқармақ боп, сауытын киіп, әскер алдына шыға беріп еді, Бұқар жырау:

— Ажалмен ойнама, сұлтаным. Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ рет сынады. Бүгінгің артық! — деді.

— Ер жігіттің серігі тәуекел демеп пе едің, Бұқар аға?

— Жүз тәуекелдің бір тәубесі болар. Кешегі тәуекеліңе бүгін тәубе ет.

Абылай бірдеме деп келе жатыр еді. Бұқар жырау:

— Қазақта Абылай біреу-ақ, ал Қытайда Пуделер көп, — деді қолын жоғары көтеріп, — құдай менің тілегімді күнде бере береді дейсің бе, жетер енді!

Жалпы көшпелі елдердің салты бойынша жырау, ақын дегендердің қадірі халық алдында өте жоғары бағаланатын. Жырау арқылы ру көсемдері өздері бағынышты хан, сұлтандарға өкпелерін де жеткізетін. Бүкіл ел-жұртының мұң-мұқтажын жоқтаған мұндай жыраулармен ең тегеурінді хандардың өздері де санасатын.

... Бүгінгі ұрыс кешегіден де қиынға түсті. Өлген, тірілгеніне қарамай, Қытай сыпайлары әміршілерінің бұйыруымен үсті-үстіне шабуылға шықты. Құлынжалды садақтарын шірене тартқан қазақ жігіттерінің жебесінен алдыңғысы оққа ұшса, артындағылары өліктерін басып өтіп, алға қарай ұмтыла берді. Қытай әскері қазақ жігіттерін тағы да ығыстыра бастады. Осындай бір шабуылда, қызып кеткен Бұқар жырау:

— Кеше құдай он тілегімді бергенде, бүгін бір тілегімді бермей ме? — деп жау шебіне қарсы шаба жөнелген. Абылай «тоқта» деуге де үлгермей қалды. Бір заматта Бұқар оң қолының қарынан оқ тиіп, өз кісілерінің жанына әзер жетті. Бұқарды Абылай елге қайтарып, қасына енді Тәтіқара жырауды алды.

Абылай тұрған қыземшек биік шоқының басынан көз жететін адыр-қырқа беттері тегіс көрінеді. Оның қасында қазір төрт-ақ адам бар: Қанай, Бекболат, Тәтіқара және Сырымбет батыр. Өзге батырлардың бәрі де майдан даласында.

Қырағы көзді Абылай арғы белестен тағы бір лек Қытай әскерінің төмен түсіп келе жатқанын көрді. Құдайға шүкір, әйтеуір әлі Чжао Хойдың көк найзалы атты әскерінің шаңы шыққан жоқ.

«Бүгін кешегідей емес шабуылдары анағұрлым бәсең, сірә Чжао Хойдың атты әскерін күтіп тұр-ау, — деді ішінен Абылай, — бәлендей қауіп туа қоймас».

Абылай күнбатыс жаққа бұрылды. Таң атқалы уақыт мөлшерін де байқамапты, күн бесіндіден еңкейіп бара жатыр екен. Бірдеме айтпақ боп ол енді Қанайға қарай беріп еді, кенет басындағы қалпағы анадай жерге ұшып түсті. Абылай жалт бұрылды. Қалпағы жерде жатыр. Тазқараның тайлақ жүні қадал-
ған жеріне қағаз байланған қозы жаурын садақ оғы қалпақтың дәл айыр ұшына кеп шаншылыпты. Абылай жылдамырақ қимылдап қалпағын жерден өзі көтерді. Қағазын жұлып алды да, жебені лақтырып жіберіп, оқ тескен қалпағын айналдыра қарап шықты. Егер жебе төрт елідей төмен тигенде, Абылай сұлтан бұл дүниеге жоқ екен.

— Япырмай, қандай мерген еді! — деді ол кім болса да қалпағына дәл тигізгеніне таң қалып. Сөйтті де қолындағы қағазға көз жүгіртті. Әдемі әріппен әлдекім: «Абылай, сақ бол, бүгін түнде күзетші бір жақының сені өлтірмек. Қайсы екенін анық білмеймін» деп жазыпты. «Оқ сол жағымнан атылғандай болып еді, кім де болса, өз әскерімнің ішіндегі бір дос-жар кісі жазған болды», — деді Абылай ішінен, қағазды ұп-уақ етіп жыртты да лақтырып жіберді.

Абылайдың қағазды оқығанын көріп, сұп-сұр боп түсі қашып кеткен Бекболат би:

— Жақсылық па, жарқыным? — деді.

— Жәй әшейін... Жауды қашан жеңеміз деп сұрайды. Сірә ұрыстан шаршаған біреу болар.

әрине, Бекболат Абылайдың сөзіне сенген жоқ, бірақ одан әрі қазбаламады.

— Мерген-ақ жігіт екен...

— Айтпаңыз.

Абылайдың бағы өскен сайын қасы да көбейген. Оған бүгінгідей садақ оғы жасырын жерден талай рет атылған-ды. Түбі Абылай хан бола қалса, қарамағындағы елдеріне биліктерінің бұрынғыдай жүрмейтінін сезетін бақ күндес төре тұқымдары да оған жамандық ойлай бастаған. Бұны білетін Абылай жанына халыққа қадірі бар батыр, жырау, шешендерді көбірек жинауға тырысқан.

Абылайға қарсы бидің бірі Бекболат еді. «Хатта не жазылыпты?» деп ол босқа сұраған жоқ-ты. Әкесі қаз дауысты Қазыбектей емес, Абылай дәрежесінің бұлай көтеріле беруін ұнатпайтын. Және өзінің қарсы екенін жасырмайтын да. Тек ел шетіне жау келе жатыр дегенді естігеннен бері ғана райынан қайтқан. Қазір қазақ елін тағы бір апаттан алып қалу үшін Абылай секілді ер жүрек, табанды адамның соңынан еруді Бекболат мақұл көрген. Қорқынышты хабар тараған күннің ертеңінде өз жігіттерімен Абылайдың жасағына келіп қосылған. Ал сол Абылай Бекболаттан сырын жасырып тұр. «Ол қағазда не жазылды екен? Сұлтан соншама неге сұрланып кетті?» Абылай батып бара жатқан күнге тағы бір қарап қойды. Жау шебінен «бүгінгі ұрыс бітті» деген дабыл үні естілді.

— Жарайды, — деді Абылай, — бұ жолы біз шүршіттердің дегеніне көнейік. Бүгінгі ұрыс осымен аяқталсын...

Қазақ дауылпаздарының дүңкілі де кең даланың үстінде қалықтай жөнелді. Сол-ақ екен екі жақтың әскері екі бөлініп, кейін қарай серпілді. Ай туа майданға ат-арбалы өлік жинаушылар келді. Майдан шекарасында екі жақтың күзетші әскерлері бір-біріне көрінбей, жыра-сайларды бүркеніп, түнгі шептерін құрды.

Абылай өз серіктерімен шатырына қайтты. Қазақ қолдарының тоқтаған жері Іле мен Күркірек атты шағын өзеннің тоғысқан алқабы болатын. Ортада Абылайдың ақ ордасы. Жан-жағында шашырай тігілген өзге қолбасшы батырлардың үйлері... Абылай аттан түсісімен шатырына кіріп, үстіндегі сауыттарын тастап, жайшылықтағы киімімен өзін күтіп отырған қолбасшылар кеңесіне келді. Сосын мәжілісін тез өткізіп, әдеттегісінен көрі кешкі асын да ертерек ішіп, жатып қалды.

Абылайдың жорықта ерте тұру жалпы ғадеті еді. Және басы жастыққа тиісімен-ақ тез ұйықтап кететін... Абылай бүгін де сөйтті. Тек жартылай шешініп төсегіне жатар алдында керегеде ілулі тұрған қылышын қынабынан суырып алып, жалаңаш күйінде бас жағына қойды. Сосын ұйқыға кетті. Әлден уақытта кенет көзін ашты. Бағанағы қағаз есіне түсті...

Оянып алғаннан кейін бүгін күзетте кімдер тұрғанын білгісі келді, бірақ бұл ойынан тез қайтты. Алатын ажал болса алтын сандықтың ішінде жатсаң да, әзірейіл өзі табады деп ойлады ішінен. «Егер бүгінгі түн менің ақырғы түнім болса, тәуекел, оны да көрелік...»

Абылай біраз жатып тағы ұйықтап кеткен еді. Қара киімді бір дәу адам кеудесінен баса, үстіне кеп құлады. Үстінен қара бура басқандай, тыпыр еткізіп қозғалтар емес, демі бітіп тұншығып өліп бара жатыр...

— Абылай, Абылай! — деп әлдекім аяғынан жұлқылап тартқандай болды.

Абылай көзін ашты. Шалқасынан жатқан екен, бастырылып қалыпты. Үсті-басы қара терге малынған.

— Түс көрдіңіз бе? Дауысыңыз тым қорқынышты шықты ғой...

Абылай қолын жалаңаш қылышының сабына апара берді.

— Бұл қайсың?

— Мен ғой... Нұржанмын.

Абылай қылыш сабынан қолын кейін тартып алды. Бұл Қарауыл руынан алған ортаншы әйелі Қамшаттың туған інісі еді.

— Жалғызсың ба?..

— Жалғызбын... Түн бүгін тым қараңғы. Орданы айнала күзет қойдық. Мүлік екеуміз босағада тұрмыз.

— Қазір қай мезгіл?

— Түн ортасы ауып бара жатыр...

— Жақсы, әлі бір ұйықтап тұрар уақыт бар екен.

— Иә... Ұйықтаңыз...

Абылай үйде жалғыз қалды.

Ұйқысы кенет шайдай ашылды. Күні бойы болған ұрыстан әбден шаршаған еді, тынығып қалыпты; бағанағы хат тағы есіне түсті. Хат сөзі бұ жолы жүрегіне бір түрлі суық, ызбарлы тиді. «Кім екен бұл хатты жазған? Бір жақының өлтірмекші деді ғой... Қайсысы екен? Жақының дейді?.. Күзетте бүгін Қарауыл мен Атығай руларының жігіттері тұр. Олар қастық ойламаса керек-ті. Сонда қайсысы болды? Айтпақшы Нұржан есік алдында «Мүлікпен екеуміз тұрмыз» деді ғой. Жоқ, ол башқұрт болғанмен, оны маған Қарасақалдың өзі жіберді емес пе... Бірақ шынында солай ма екен? Расымен Қарасақалдан келді ме екен? Бұны мен Қабанбай батырдан неге сұрамадым?»

Қарасақал бір мың жеті жүз қырқыншы жылы Россия патшалығының отаршылық саясатына башқұрт халқын қарсы көтерген қайраткер еді. Патша әскері бұл көтерілісті аямай басқан кезінде, қазақ даласына қашқан. Бұнымен бірге қазақ жеріне келген башқұрттың өзге кедей, шаруа адамдары соңынан елдеріне қайтып, Салауат Юлаевтың жасағымен бірге Пугачев көтерілісіне қосылған. Ал Қарасақал қазақ даласында қалып қойған.

Қазақ даласы он жетінші ғасырдың аяғынан бастап-ақ патша үкіметі, жоңғар қонтайшысы, јытай боғдыхандардың зәбіріне шыдай алмаған адамдардың панасына айналып еді. Құлазыған ұшы-қиыры жоқ кең дала кімді болса да жасыра алады. Оның үстіне қазақ халқының кең пейілділігі, жомарттығы, елінен айырылғандарға деген аяушылығын қоссақ, қазақ даласы мұндай жандардың екінші Отанына тез-ақ айналып кететін.

Қарасақалға да халық сондай құрмет көрсеткен. Ең алдымен Кіші жүз арасында, кейін Қарқаралы маңындағы қаз дауысты Қазыбек биді сағалап жүрді. Қарасақал бір жағынан орыс патшалығын алдамақ болса, екінші жағынан қазақ елінің Жоңғар мемлекетіне өштігін пайдаланып, өзін Сыбан Раптан өлгеннен кейін, қонтайшылыққа таласып, Қалден Цереннің қолынан қаза тапқан Шұно Дабомын деп лақап таратты. Алдымен Қазыбек, артынан Қаракерей Қабанбай Қарасақалға сый-құрмет көрсетіп, өзіне жеке ұлыс билетіп қолдарында ұстады. Кейін оның Қарасақал, Шұно деген аттарын өзгертіп, Қарахан деп атады. Қараханның Қарасақал екенін білетін орыс патшалығына да, Шұно емес екенін білетін жоңғар қонтайшысына да қазақ елі ұстап бермеді. Жоңғар қонтайшысынан зорлық көргендер енді жазықсыз қуғынға түскен «Шұно Дабоның» қарамағына қашты. Бұл кезінде Қалден Церенді қатты қауіптендірген...

Қазақ елінің өзіне көрсеткен жақсылығын Қарасақал да бос тастаған жоқ. Маңына жиналған жоңғар, башқұрт, татар жігіттерінен жасақтар құрып, қазақ қолдарына қосты. Бұл жасақтар қазақ елінің бостандығын, тәуелсіздігін қорғауға өзінің ержүректілігін, шын берілген дос екенін жоңғар, Қытай басқыншыларына қарсы күресте сан мәртебе көрсеткен. Көпшілігі жоңғар жігіттерінен құрылған Қарасақал жасақтарының қадірі, әсіресе, Жоңғар мемлекеті құрылғаннан кейін арта түскен...

Абылаймен сыйлас осы Қарасақал жақында оған өзінің Мүлік деген жігітін жіберген. Майданда Мүліктің ерлігін, мергендігін өз көзімен көрген Абылай, оны өзін күзететін жасаққа көшірткен.

Шеттері жырымдалған тулақтай ала шабыр бұлт күміс айдың бетін қымтай жапты. Жаңа ғана самаладай жарық дүние заматта қараңғылана қалды. Есік босағасында Нұржанмен қатар тұрған Мүліктің тыпыршып күткені де осы кез еді. Ол қынабынан қанжарын суырып алып, жалаңаш жүзін қолымен сәл сипап көрді. Дірілдеп кеткен жүрегін тоқтатып Ақ орда есігіне таяй түсті. Дәл осы сәтте Абылайдың ыңыранған үні естілді. Мүліктен бұрын үйге Нұржан кірді. Өзінің сәл кешігіп қалғанына өкінген Мүлік енді жалаңаш қанжарының сабын ашулана қысып, үй ішіндегі дыбыстарға құлағын тосып тұра қалды.

Мүлікті Абылай ордасына Қарасақал емес, Қоқан әміршілері Ерден мен Нұрбота билер жіберген. Жоңғар қаупінен құтылған Қоқан билері, орта жолда Абылай жасақтары тұрғандықтан, Қытай шаубылын өздеріне қорқынышты санамаған, қайта Абылайдың қиын жағдайын пайдаланып, Сырдария бойының шаһарларын басып қалуды ойлаған. Бұл ойына бөгет тек Абылай. Ал қазіргі кезде қазақ даласының саяси және әскери билігі Абылай қолында. Егер ол өле қалса, Үш жүз тағы бытырап, қазақ хандығының быт-шыты шығатынына Нұрбота мен Ерден шек келтірмеген. Халық деген не? Олардың ойынша басқаратын кемеңгері болмаса құр топыр. Енді олар Абылайдың көзін жоюға тырысты. Міне, кісі өлтіргіш сұрқия Мүлік Абылайдың ордасына осындай құпия тапсырмамен келіп еді. Егер Мүлік ойлағандарын орындап келсе, қос би оның басына жұмақ орнатпақ боп уәде берген...

Мүлік бүгін жүйрік атының басына дорба кигізіп, төрт аяғына кигіз байлап, сайға тығып қойып, іске кірісуге бел байлаған. Тек аңдығандай Нұржанның қасынан екі елі ажырамауы мұны күдіктендіре бастады.

... Оның Қоқаннан келгенін бір-ақ адам білетін. Ол әрі мылқау, әрі меңіреу, өзінің атқосшысы өзбек жігіті еді. Ол Хиуа ханы Қоқан әміршілеріне сатқан құл болатын. Қоқанда екі баласы қалған. Мүліктің неге келгенін мылқау білмейтін. Тек бүгін таңертең Қоқаннан келген шабарманның оған қағаз беріп жатқанын көріп қалған. Мүлік шабарманмен сөйлесіп тұрғанда шатырды жинап жүрген мылқау қоржынға тығып қойған сол қағаздағы «тездет» деген сөзді оқыған болар деген ой Мүліктің денесін кенет дірілдетіп жіберді. Бірақ сол сәтте «қойшы, әрі мылқау, әрі саңырау құл қайдан хат танысын», деп өзін-өзі басты. Бірақ қорыққанға қос көрінеді, күдік алған көңіл қайтадан қобалжи түсті...

Ол осылай не істерін білмей, мазасы кетіп, әбігерленіп тұрғанда Ақ ордадан Абылайдың өзі шықты. Мүліктің жүрегі жиі-жиі соқты. Абылайдың бойшаң тұлғасы ай сәулесіне бөленіп, бұрынғысынан да ұлғайып, айбарлана түскендей. Бірақ Мүліктің әккі көзі оның қарусыз екенін бірден шалып қалды.

— Азырақ ауа жұтқан жөн болар! — деді Абылай кетіп бара жатып, артына бұрылып қарамастан.

— Жақсы, соңыңыздан мен ерейін, — деді Мүлік, сосын Нұржанға бұрылды, — Нұреке, Орда есігін сіз күзетіңіз... Біз жоқта үйге біреу-міреу кіріп кетіп жүрмесін...

Абылайдың езу тартып кекете күлімсірегенін Мүлік көрген жоқ. Ол қолындағы шиті мылтығы мен беліндегі қанжарын шешіп алып, Орда қабырғасына сүйеді. Қарусыз қолбасшы дәретке барарында соңынан еретін күзетшінің де қарусыз болуы ежелден келе жатқан тәртіп.

Абылай таң қараңғысына көзін сәл үйретіп тұрды да, Ордасының оң жақ іргесінен екі жүз қадамдай жердегі сайға қарай аяңдады. Арт жағында ілби басып Мүлік келе жатыр. Кенет ол ышқырындағы алмас пышағын қынабынан суырып алды. Абылай сәл кідірді.

— Мынау ағараңдаған не?

— Өзіңіздің ақ бураңыз ғой...

— Жарықтықты кешеден бері көрген жоқ едім, күндіз Орда маңында бол-
ды ма?

— Иә, кешке таман бір көргенімде алдыңыздағы сай жағасында тұрған-ды...

Бұлар таяған кезде ақ бура орнынан түрегелді. Абылай оның қалай қарап жатқанын аңғармай қалды.

— Жарықтығым, барсың ба? — деп жанынан өте берді. Ол сайдың қабағындағы қалың бұтаға қарай аяғын бірер басты да, арт жағынан «Алла!» деп бір-ақ рет бақырып қалған дауысты естіп, жалт бұрылды. Дауыс адам айтқысыз үрейлі шықты. Абылайдың жалт қарағанда көргені — өзінен бес қадамдай жерде Мүлікті желкесінен тістеп ап, жерге алып ұрып, аяғымен тарпып-тарпып жіберіп, үстіне шөге берген ақ бурасы болды. Дауыс шыққан жерге Нұржан да, өзге күзетшілер де жүгіріп келген.

— Уа, не болды? — деді Нұржан даусы дірілдеп. — әйтеуір, өзіңіз аман-
сыз ба?

Абылай ақ бураны көрсетті.

— Күзетші Мүлікті ақ бура басып қалды. Қазір астында жатыр.

— Ойпырмай, не дейсіз. Ой, жануар... — Нұржан бураға қарай тұра ұм-
тылды.

— Тиме! — деді Абылай ақырып. Нұржан кілт тоқтады. — Несі қалды дейсің.

Жұрт не істерін білмей тұрып қалды. Әлден уақытта ақ бура түрегелді де қара түнге кіріп жоқ болды.

Бір жас жігіт шақпақ тасын ұрып, от тұтатқан. Лап етіп жанған кепкен қурайдың жарығы қанды оқиға болған жерге түсті. Жұрт мылжа-мылжасы шыққан Мүліктің денесі мен қасында жатқан түсі суық жалаңаш қанжарды көрді. Мүліктің тісі ақсиып кеткен. Сықылықтап күліп жатқан адам тәрізді... Оның қылышы мен садағын тастап кеткенін көрген Нұржан бір сұмдықтың бола жаздағанын енді түсінді.

— Япырмай, ә... — дей берді. — Ақ бура болмағанда... мына сұм сізді өлтірмек екен ғой..

Абылай үндеген жоқ. Аяғын саспай басып Ордасына кіріп кетті.

Аңыз бұл оқиғаны бізге осылай жеткізді. Тек ажалдан құтқарылған Абылай, Мүліктің «соңыңыздан ерейін» деген сөзін естігенде, күлімсіреген жерін ғана аңыз айтпайды.

Ал сұлтан болса, Ақ ордаға кіріп бара жатып, кешегі хатты өзіне кім жаз-
ғанын ойлауда еді. Ол хаттың шетінде «Мүлік» деген, көзге көрінер-көрінбес сөз де бар-ды. Дос адам шынын жазған екен. Оны ақ бура айқындады. Абылай Ордасының есігін аша беріп тағы күлімсіреді. «Кісі алатын бір бура он күзетшіге татиды екен-ау».

... Күндегі уақытынан сәл кештеу оянған Абылайға таңертең күзетшілері мылқауды алып келді. Абылай екеуі оңаша қалған. Өзбектің тұнжыраған бетіне ұзақ қарап отырды да, қолына бор алып, жанындағы дөңгелек столдың бетіне араб әрпімен:

«Кеше менің басымдағы қалпақты атып түсірген сенсің бе, жігітім?» — деп сұрады.

Мылқау борды алып жазумен жауап қайырды.

«Менмін».

«Мергендігің үшін көп рахмет!»

«Рахметті ең алдымен жазмышыңа айт».

«Мүлікпен екеуің қайдан келдіңдер?»

«Қоқаннан...»

«Кім жіберді?».

«Ерден мен Нұрбота билер».

«Қандай шаруамен?»

«Қоқан билері сенен қорқады».

Абылай «жақсы» деп, басын изеді. Ол түрегеліп еңгезердей өзбек құлына өзінің керегеде ілулі тұрған құндыз жағалы шапаны мен камшат бөркін кигізді. Серіктеріне құлды өзінің қағаз көшіретін хатшысы етіп алатынын айтты. Көп кешікпей Қоқан жағына Абылайдың бес жігіті жүріп кетті. Олар өздерімен тілектес саудагерлер арқылы, мылқаудың құлдықта жүрген екі ұлын сатып алуға тиісті еді...

... Күн ұясынан көтеріліп те үлгірген жоқ, Жоңғар қақпасының бергі бетінен дүркін-дүркін айқай-шу естілді. Қытай жағына жіберген Абылайдың ертөлелері, түнде Фу Де мен Чжао Хойдың әскерінің қосылған хабарын алып келді.

— Келген күштің негізі атты әскер, — деді барлаушылар. — Аттары да бұрынғыдай емес, қазақы жылқы. Шамасы, Қашқария мен Ұлы жүз ауылдарынан тартып алған секілді...

— Дегенмен жаяу әскері көп қой, — деді Абылай барлаушылар жасағының бастығы Сеңгірбай батырға қарап, — дәл бүгін олар майданға шыға қояр ма екен, қалай ойлайсың...

— Жоқ, бүгін олар ұрысқа шыға алмайды. Алыстан шаршап келді ғой. Ал кешегі соғысқа қатынасқандары олардан да жаман шаршаған. Түнде екі мыңға жуық өлік жинапты, оңай ма... Ал қазір олар қазан көтеріп, тары орнына, бүгін екі есе етіп күріш салып жатыр... Бұнысына қарағанда Чжао Хойдың әскерінің аман-есен жеткенін тойламақ тәрізді. Бізге қарсы тек шамалы қалқан қоймақ ойы бар.

— Жақсы, — деді Абылай. — Менің Ордама мың басы батырларды тегіс шақырыңдар...

Сеңгірбай алдыңғы шепке кетті. Жан-жаққа қолбасшы батырларды жинауға шабармандар жөнелді.

... Абылай Ордада жападан-жалғыз отырып, қалың ойға шомды. Ертең
таңертең не істеу қажет, соны бүгін шешуі керек. Абылай қалай шешсе,
таңертең ақ бура солай қарап жататын болады.

Қырғын ұрыс басталғалы, міне бірнеше күн өтті. Қырылған шүршіт бізден он есе көп дейік, бірақ Фу Де ме Чжао Хойға ол дым да емес. Ал қазақ еліне келсек... «Ақтабан шұбырындыдан» бері әлі бұрынғы санымызға жете алмай келеміз. Бізге әрбір жігіт қымбат. Жарайды, Фу Де мен Чжао Хойдың осы екі қолын жеңсін-ақ, сонымен соғыс біте ме? Қытай боғдыханы үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы қолын жібереді... Жоқ, қазір қазақ елінің Қытайдың мың басты айдаһарына қарсы тұра алар дәрмені жоқ... Ол айдаһардың қолына түскен қазақ рулары әзірге шыдай тұрсын...Тірі қалу үшін суыр болып жерге кіріп, таутеке боп құзға шықсын, әйтеуір, құрып кетпеудің жолын іздесін... Ал, қазір біздің борышымыз неде? Шүршітке қазақтың оңай жау емес екенін көрсетіп, әскерімізді аман-есен елімізге қайтаруымыз керек. Шүршіт соңымыздан қумақ болса, сонда көрсін біздің күшімізді. Әрине, ақылы су боп кетпесе бізді қумайды... Қумаса теңбе-тең түскен боп айрыламыз...

Ал әскерімізді қайткен күнде де аман сақтауымыз қажет. Қоқан билері Мүлікті босқа жіберіп отырған жоқ қой. Олардың ойы ап-айқын: шүршіттер қазақ жауынгерлерін қырып жатқанда, сұрқия Мүлік қазақтың болашақ ханын өлтіреді... сол кезде Қоқан әміршілеріне кім қарсы тұра алады? Баз баяғы қазақ елін талан-тараж етіп, талап алмақ. Әрине, қоқан билері өздеріне ең қолайлы жерлерді күні бұрын белгілеп қойғандары да мәлім, әйтпесе Арал теңізі тұсында олардың жасақтары текке көрінбесе керек-ті. Шүршіт шапқыншылығы олардың ойына да келер емес. Алла-тағала өзінен өзі сақтап қалатындай көреді. Шүршіт пен Қоқан әмиратының ортасында қазақ қолдары тұр. Надир-шахтың Хиуадағы құлдары да Қытай айдаһарының бар екенін естерінен шығарған. Бар айналдыратыны қазақ елі. Бізге тиіспеген, көз алартпаған бір күндері жоқ. Қытай боғдыхандары алда-жалда қазақ әскерін құрта алса, шүршіттен бұлар аман қала ма? Өгізге туған күн бұзауға да тумай ма? Иә, сөйтеді. Ал, кенет олар бізбен біріккен күнде де, Қытай айдаһарына Қоқан мен Хиуа да төтеп бере алмайды... Сондықтан әзірге...

— Бүгін түнде біз кейін шегінеміз, — деді Абылай, батырлар әскери кеңеске жиналып болған соң, — артымызда қуғыншыларға төтеп беретін болмашы қалқан ғана қалады.

Үй іші тына қалды. Ызыңдап ұшқан масаның дыбысы ғана естіледі. Батырларда үн жоқ...

— Бұнымыз қашу ғой! — деді Қаракерей Қабанбай ұнатпаған пішінмен.

— Иә, солай десе де болады, — деді Абылай саспай. — Бірақ бұл қазақ батырларының ажалдан қорқып қашуы емес. Әскерін сақтаудың амалы.

— Бұған біз түсінерміз-ау, — деді қанжығалы Бөгенбай, — соңымыздан ерген жұрт не дейді?

— Дер кезінде шегінбесек, енді жиырма күннен кейін, тек сіз бен біз ғана тірі қалармыз. Оның өзі де неғайбыл, — деді Абылай, — өлік жинаушылар кешегі айқаста жеті жүз кісі өлді деген хабар әкелді. Алдыңғы күні алты жүздей жігіт қаза болды... Күнде осындай шығын етсек санаңдар, қанша күнге жетеміз?..

— Абылай сұлтан жөн айтып отыр, — деді Жәнібек тархан қамшысын алдына тастап, — шегіну керек. Бірақ қай тұсқа барып бекінеміз? Соны ақылдасайық.

Мысқылшыл Қанай мырс етті.

— Торғайға тартамыз. Қытайдан қашсаң, ар жағында Орынбор бар.

Шүршітпен бетпе-бет кеп шайқасуды ғана білген кейбір қазақ батырларының бұл оқиғаны тереңірек ойлауға өрелері жетпей жүрген-ді. Сұңғыла Қанай көп адамның ойын айтып салған. Осы отырғандардың кейбіреуі Абылайдың Россиямен жақындасуын жөн көрмейтін. Тіпті оны айыпты санайтын. Бұлар қалай десе олай десін, Абылайдың көз алдынан жақында ғана болып өткен жоңғарлардың қанды қайғылы халі кетпейтін. Әттең не керек, жаңа әйел патша өзінің империясында не болып жатқанын әлі ұға қойған жоқ. Соның салдарынан Абылай да шүршіттің сазайын тартқыза алмай отыр.

— Жә, жетер! — деді ол ақырғы кесімін айтып, — қазақ елінің тағдырын көкпарға салатын заман емес. Көкше теңізге дейін шегінеміз. Одан әрі бармаймыз. Ал шегінген әскерге қалқан боп, өз жігіттерімен бір батыр қалсын!

Абылайдан батырлар ұйғарымынсыз үзілді-кесілді жарлық естіп көрмеген қолбасшылар не дерлерін білмей, абыржып қалды. Ешкімнен ақыл сұрамай, бұлай бұйыра сөйлеуі оның ел тізгінін өз қолына біржола алғанын аңғартқандай еді. Мұндай қылық тек Үлкен Орда ханына ғана лайықты болатын. Батырлар осылай абыржып отырғанда, Батыр Баян:

— әскер соңында қалуға мен бармын! — деді.

Абылай орнынан түрегелді.

— Онда сөз осымен бітті. Жарықтық ақ бура қалай шөгіп жатыр екен, енді соны көрелік...

Ақұрық шетінде жайылып жүрген ақ бура келе жатқан кісілерді көріп, бері беттеді. Абылай «бурашым, бурашым» деп еді, бір тізерлей барып, Көкше теңізге қарай басын бере шөге бастады...

... Екі жақтың негізгі күші түгіл қатынаспағанмен, бүгін тағы қырғын ұрыс болды. Тек ымырт жабыла, Абылайдың бұйрығы бойынша, қазақтың қалың қолы кейін шегінді. Беттерін Іленің төменгі сағасына бұрған қалың әскерді арт жағынан қорғап, өзінің таңдаулы мың атты қолымен Батыр Баян қалды. Бұлар бос жатқан жұрттың әр жерінен от жағып, әскердің шегінгенін жауға сездірмеу үшін алдамшы көрініс жасауға кірісті...

Негізгі қол Балқашқа қарай он бес шақырымдай өткенде ғана, жігіттер арасында күңкіл шыға бастады.

— Сірә, біз шегініп бара жатқан тәріздіміз ғой.

— Түн ішінде осыншама жедел жүргенімізге қарағанда, шегіну былай тұрсын, қашып бара жатпасақ нетсін.

— Қашсақ, қашып бара жатқан да болармыз. Олар тым көп қой.

— Көп деп жоңғардан қаш, Қытайдан қаш... Әбден су жүрек боп өлетін болдық қой тіпті.

— Үндеме, шырағым. Біз шегінгенмен, шүршіттің қолында қалған ел ереуіл шығарып жатыр деседі...

— Оны Абылай біле ме екен? Қашқар, Құлжадағы ұйғыр мен қазақтар бас көтеріпті...

— Бұны саған кім айтты?

— Жұрттың бәрі айтып жүр ғой...

— Бәрі дейсің бе?.. Иә, солай шығар. Жұртқа не бетімізбен қараймыз. Қытайдан қорқып қаштық дейміз бе?

— Шырағым, біздің тағдырымыз қазір батырлардың қолында. Ал батырлардың тағдыры Абылайдың қолында. Шегінсек со кісінің ақылымен шегініп бара жатқан болармыз.

— Шегінуге қанша ақыл керек? — деді, қабағы қатулы, бүгінгі ұрыста жалғыз ағасы оққа ұшқан жас жігіт. — Абылай ақылды болса жауды жеңудің жолын таппай ма?.. Қашу қатынның да қолынан келеді.

Алдыңғы жақта келе жатқан Тәтіқара жырау бұрылып кейін қарады. Ай жаңа туып, жер-дүние сәл ақшыл тартқан. Жігіттің қатыңқы қабағынан өте күйінішті екенін ұқты.

— Ауыл иті ортаға алса, көкжал қасқыр да қашып құтылуға тырысады, — деді ол жігітті жұбатып. — Асықпа, иттер андыздап соңынан түскенде ғана, көкжал қасқыр біртіндеп құртады...

Жігіт жауап қайырған жоқ. Енді біраз жүргеннен кейін қалың қол Іленің бір жалпақ өңіріне келіп аттан түсті. Әскер кешкі асын ішіп, азырақ көз шырымын алсын деп бұйырды Абылай. Заматта қостар тігіліп, әр жерде қазандар көтеріле бастады. Бірақ жауынгерлердің түрінде рең жоқ. Қашқандарына қорланғандай мойындарына су кетіп, иықтары салбырап, әр жерде топ-топ боп жиналып, күбір-күбір сөйлеседі. Абылайдан рұқсат алып, Тәтіқара мен Көтеш жырау осы жүдеген топтардың арасына барып, көңілдерін көтермек болды.

Қазақтың шырқай салған ән шыққан жерге заматта жиналатын әдеті. Бір ошақтың жанында отырып Тәтіқара «алты қырдың астынан естілетін» күшті даусымен бір айқайлап ап, термені желдірте жөнелгенде, әр жерде шоғырланып астың пісуін күтіп жүрген жігіттер, лезде сол маңға жинала қалды. Жырау осы ұрыста көзге түскен жігіттердің ерлігін айтып, жұрттың жабыққан көңілін көтеріп-ақ тастады. Енді көп арасынан:

— Уә пәле! Жігіт болсаң Малайсарыдай бол!

— Япырай, Қаракесек Қапан қандай мерген еді!

— Уа, Бөгенбай батырға кім жетсін! Алты алаштың айдары ғой!

— Ойпырмай, шүршітті қырамыз деп жүріп, көп қызықты көрмей қалыппыз ғой, Тәте-еке, әлгі жуан Қытай сыпайының қалай қашқанын қайтадан айтып беріңізші!

Тәтіқара жырау екі көзі оттай жайнап, термеге қайта басты.

 

Жуан қарны іркілдеп,

Қытай қашып келеді.

әзірейілдей зіркілдеп,

Жабай қуып береді.

О заман да бұ заман

Мұндай қызық кім көрген

Сан бәйгеде жүлде алған

Шабысы соққан желмен тең,

Аты шулы Кертөбел,

Қалды кейін жете алмай,

Жуан құрсақ, май басқан

Сыпай кетті құтылып,

Қашқан кезде, жігіттер,

Бұл шүршіттен кім асқан!

 

Осының алдында ғана иіндері түсіп, салбырап отырған жұрт мәз-мейрам боп, дуылдасып қалды.

— О, ерің-ай!

— Шіркіннің жанының тәттісін қарашы, Кертөбелге де жеткізбей кеткен.

Ошақ басы ду-ду күлкі...

... Біраздан кейін жігіттер астарына тоқымын, бастарына ерін жастанып, тәтті ұйқының құшағына енді. Бұдан мың жыл, екі мың жыл, үш мың жыл бұрын да ата-бабалары дәл осылай ұйықтаған. Ежелден келе жатқан осы көне халықтың етін жеп, сүйегін мұрнынан шығарып тастамақ боп, Қытай айдаһары қазақ даласына дәл осылай сан рет кірмек болған. Бірақ әрқашан да басқыншы жаудың күрек тісі быт-шыт боп сынып, маңдайлары тасқа соғылып, Жоңғар қақпасының тар шатқалынан әзер өтіп, талай рет кейін шегінген... Жыраулар бүгін ата-бабаларының сол ерлігін жас ұрпаққа жыр ғып толғады. Жырау сөздері миларына қонған жігіттердің түсіне айдаһарлар кіріп, кейбіреулері шошып оянып, алдаспандарына жабысты...

Олар таң саз бере, әлемді тітірете күн күркіреп, шелектеп жауған жаңбырдан оянды. Абылай бар қолын тез атқа қондырып, құйып тұрған қалың жауын-
ға қарамай, жолға шықты.

Күн шыға жаңбыр басылысымен қосын буырқана ақ көбік атып, долдана тасыған өзенге кеп тірелді. Тасыған өзеннің түрі адам шошырлық, жұдырықтай тастарды шыр көбелек айналдырып қақпақылша қағады. Алдарында өткел бермес долы өзен, арттарында Қытайдың қалың әскері, жұрт дағдарып қалды. Осы кезде мың жауынгерімен Батыр Баян кеп қосылды. Қазақ жігіттері таң ата Қытай шебіне тиіпті. Бұлардың аз екенін біліп қалған Чжао Хойдың атты әскері қарсы шауыпты. Әйтеуір жер жағдайын жақсы білетін қазақ жігіттері, жұбын жазбай ұрыса шегініп, құтылып кетіпті. Қытай қуғыншылары соңдарына түсіп, тек қалың жауын басталған соң ғана кейін қайтқан көрінеді, Сөйтіп қазақтардың қашқаны Қытайларға мәлім боп қапты. Бұларды Қытайдың көп әскері қайтадан қууы мүмкін. Қауіп әр сағат сайын күшейе берді. Оның үстіне тасыған өзен қайтатын емес, арнасынан асып, бұрынғысынан да бетер құтырына бастады. Жұрт бұл араны «Күркіреуік» деп бекер атамаған екен, ақ көбік атқан толқындары гүрілдей өкіріп, адамның қарадай зәре-құтын алады. Қалың қол долы өзен мен жау әскерінің арасында қалып, қатты қысылды. Міне осы кезде Тәтіқара алға қарай суырыла шығып, домбырасын безектете, саңқылдап қоя берді.

 

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақ ұлы болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда!

 

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Дербісәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын.

Сары менен Баянды айт Уақтағы.

Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,

Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт,

Найзасының ұшына жау мінгізген

Еменалы Керейде ер Жабайды айт! —

 

деп батырлардың аруағын қозғап, өзенге түсіңдер деп ұран тастады.

Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген. Аты аталған батырлар тасып жатқан өзенге түсуге ыңғайлана бастады. Бәрінен бұрын, үстіндегі ауыр киімін де шешпестен, долы ағысқа бірінші боп Батыр Баян қойып кетті. Абылай оған қарап тұрып: Батыр Баянның кеше шегінген әскерге қалқан боп өзі сұранып қалуынан, бүгін тасып жатқан өзенге жұрттан бұрын түсуінен, аяулы батырды айдап салып жүрген — жалғыз інісі Нояннан айрылып, әлі жазылмаған қасіреті екенін ұқты.

Батыр Баянмен ілесе аты аталған батырлар суға түсе бастады. Оларға өзге жігіттер де қосылды. Сөйтіп қалың қол аман-есен өзеннен өтті. Бұлар бергі бетке шығып, үстеріндегі киімдерін кептіріп жатқан кезде, Күркіреуіктің арғы бетінде Чжао Хойдың атты әскерінің барлаушылары да көрініп қалды.

— Өзеннің бергі бетіне бірде-бір шүршіт шығушы болмаcын! — деп Абылай тағы да Батыр Баянның мың жігітін тастап, өзі қалың қолмен алға қарай жүріп кетті.

Бірақ, бұлардың соңынан сол күні де, келесі күні де ешкім қуып келмеді. Арғы бетке жіберілген барлаушылар: бұ жақта шағын қолмен қалқан қалыпты. Ал Қытайдың басқа бар әскері өздері жақында ғана басып алған жаңа өлке — Шыңжанға қайтыпты деген хабар әкелді. Чжао Хой әскері бері қарай өтісіменен Шыңжандағы қазақ, ұйғыр қайтадан бас көтерген. Қазақ қолдарын қумақ түгіл, «байтал түгіл бас қайғының» кебіне ұшырап, көтерілісті басу үшін, Чжао Хой әскері кейін шегінген. Атты әскер қолбасшысымен араздасып қалған генерал Фу Де де, ел талаудағы олжадан құр қалмаймын деп Чжао Хой әскерінің соңынан кеткен. Сөйтіп қазақ даласы бұ жолы да Қытай басқыншыларының қаһарынан аман құтылды.

Бір жетіден бері жауын күтіп тынығып қалған Батыр Баян жасағы енді бір күні түнде Күркіреуіктен өтіп, Қытай шебіне қарай беттеді.

Батыр Баян ертеңіне-ақ, қас қарая өздерінің осыдан он күн бұрын тастап кеткен бекіністерінің тұсына кеп жетті. Мың жігітін төменгі қойнауындағы адыр, асулардың арасына тастап, өзі екі серігімен биіктеу бір төбенің басына шығып, арғы жақтағы ойпатта жатқан Қытай жауынгерлерінің қостарына көз жібереді. Ымырт жаңа ғана түскен, әскерлер кешкі асын дайындап жатса керек. Бүкіл алқап бойы быжынаған от... Санап көріп еді, мыңға таяй беріп жаңылысып кетті. «әр ошақтың жанында жеті-сегіз адамнан болған күннің өзінде де мынау ойпатта кемінде он мыңнан астам Қытай жауынгерлері бар-ау. Ал біз болсақ — мыңға әзер жетеміз» деді ол ішінен. Сөйтті де бір тәуекелге бел буды «ойламаған жерден тиген қолдың бірі жүзге татиды, оған тыныш жатқан елін шап-
қан Қытай басқыншыларына деген қазақ жауынгерлерінің жүрегіндегі ашу-кегін қос! Тәуекел!»

 

 

Батыр Баян сол күні түн ортасы ауа, Қытай әскерлері тегіс ұйқыға кеткен кезде жауын шаппақ болды. Бірақ күзетшілер отырған бекініс-шепті оралып өтіп, ұйқыда жатқан жауынгерлердің арғы түкпірінен тиюді дұрыс көрді. Сонда ғана бұлардың күлін көкке ұшыруға болады. Батыр Баян өз ойын жігіттеріне жеткізді.

— Сіздің бұл әрекетіңізді Абылай қостар ма екен? — деді әлдекім Батыр Баянның ту сыртынан.

Бірақ Батыр Баян өз шешімін өзгерткен жоқ. Түн көзге түртсе көрінбейтін тым қараңғы еді. Төгілетін қанды жасырғысы келгендей түксие түнерген. Қытай шебіне жіберілген барлаушылар жау қостарының бер жағында терең сай бар екенін айтып келді.

Батыр Баян дереу қозғалуға әмір берді, сайдан өткенше үн шығармауға бұйырды. Іле жағасының жиделі, тораңғыл тоғайын жағалай отырып, қазақ жігіттері сайдың арғы бетіне шығып, қайтадан сап құрды. Алдарында бір шақырымдай жерде жау жатыр...

— Уа, аруақ! Ақжол ата! — деп Батыр Баян тықыршып тұрған Тұлпаркөгіне бірінші боп қамшы басты.

— Абылай!

— Қарақожа!

— Қабанбай!

Ұрандасқан мың жігіт ұйықтап жатқан жау үстінен жөңкіліп келіп қалды. Екпіндері қауға түскен өрттей жан шыдатар емес. Түнде шапқан жау қандай қорқынышты, үстеріне қазақ жігіттері, жетіп келгенде, Қытай сыпайлары не істерін білмей, қостарынан шыға, беттері ауған жаққа қашты. Көбі қара басып қарсылық көрсетпей, жан сауғалап жүргендерінде сойылға жығылды, найзаға ілінді. Бүкіл дала Қытай, манжур әскерінің айқай-ұйқайына толды.

Жер тартып аламыз деп келген Қытайдың көп жауынгерлері осы жат жерде қаза тапты. Өліп бара жатқандарында ғана, сорлылардың көз алдарында сонау туған өлкелерінің көк орманы, мөлдір аспаны, ақырын толықсып аққан мол сулы сұрғылт өзендері елестеді... Көбі «әттеген-ай, бекер келген екенбіз, сол туған жерде неге өлмедім» деп өкінді... Бірақ көк найзаның ұшыменен еріп келген ажал ешқайсысын мүсіркеген жоқ, тас құшағына ала берді...

Бұл айқаста бір мыңға таяу кісі қаза тапты. Қытай қолбасшылары әскерін тәртіпке келтіріп, қарсы тұрып үлгіргенше, қазақ жігіттері көзден ғайып болды. Бұларға тиген жын емес, адам екенін Қытай сыпайларымен қатарласа жатқан қазақ жігіттерінің өліктері ғана анықтады...

Көп кешікпей бозарып таң да атты. Жау қостарынан үш шақырымдай бүйірдегі қамысты тоғай арасына кіріп үлгірген Батыр Баян жасағы шығындарын есептеп еді, қолға түскені, жараланғаны, қаза болғаны бар, үш жүздей жауынгер жоқ боп шықты. Батыр Баянның түсі қашып кетті. Енді Іле өзенінің арғы бетіне шығып, кейін қайтпақшы боп тұрған қолға, кенет ол:

— Жау қолына серіктерімізді тастап кеткеніміз болмас. Өлсе өлігін, өлмесе жаралысын алып шығуымыз керек! — деді ызалы жүзі сұп-сұр боп, — Қытай қостарын қайтадан шабамыз!..

Жұрт үндемеді. Тек бір қартаң жауынгер:

— Осы шабуылды бізге қисаң қайтеді, Батыр Баян, — деді, — бір тәулік бойы астымыздағы аттарымыз да тыным алған жоқ. Және өзіміз де әлсірейік дегендейміз бе, қалай...

— Сонда шынымен-ақ серіктеріңді жау қолына тастап кетпексіңдер ме?

— Тірі қалғанын құдайға тапсырайық, ал өлгеніне жәрдем беру тек алла-тағаланың ғана қолынан келеді...

Тағы бір-екі жауынгер күңкілдеді.

— Құрылған қақпанға өзіміз барып түспекпіз бе?

— Кешірер бізді, шіркін боздақтар...

Көп ішінен қара қасқа жүйрік мінген қара сұр жігіт суырылып алға шыға берді. Бұл Тәтіқара жырау ең алғаш шегініп келе жатқандарында «Күйігіңнің кегі қайтар күн туар» деп жұбатқан жауынгер еді.

— Жігіттер, өлсек біз өлгендерден артықпыз ба? Серіктерімізді тастап кету жөн емес. Баста, Батыр Баян. Мен ердім соңыңнан!

— Анадан ұл боп туған жалғыз сенсің бе, мен де ердім!

— Мен де!

— Тәуекел, тағы бір шабалық!

— Иә, сөйткен жөн... Аты құрғыр...

— Менің атым да осы шабуылға жараса игі еді...

— Жә, болды! — деді Батыр Баян. — Аттарың жарайтындарың бері шық. Жарамайтындарың осы арада қалыңдар.

Жұрттың бәрі Батыр Баян тұрған жерге қарай шықты.

— Бәсе, менің қырандарым осылай болса керек-ті!..

— Уа, Батыр Баян, сенің бұл әрекетіңе Абылай сұлтан қалай қарар екен? — деді тағы бағанағы дауыс.

Батыр Баян тағы жауап бермеді. Атын тебініп қап алға түсе берді.

Жасақ Қытай қостарына бір шақырымдай жер қалғанша, құрақты, тобыл-
ғылы ойпатпен аяңдай жүріп келді де, тізгінді қоя берді. Жер бетін ұран басып кетті.

— Ақжол!

— Абылай!

— Қарақожа!

— Бөрібай!

— Саптыаяқ!

Батыр Баян мен жаңағы қарасұр, жауынгер өзіне қарсы ұмтылған Қытай сыпайларын жайпай ұрыса бастаған кезде, аттары болдыруға айналған, ең соңғы жауынгерлері де жетті. Бұл жолы Қытай сыпайлары білте мылтықтарымен қазақ жігіттерін көздеп атып, орасан қарсылық көрсетті.

Дүние жүзі әлем-тапырық ұрысқа айналды. Қытайлар да қапы қалмады, қазақтар да аянған жоқ. Кескілескен ет, жосылып аққан қан, ата жауына қарсы өшіге ұмтылған ерлер, алдыңғы екі аяқтарын көкке көтере, найзаға кеудесін тосқан кер төбел, мақпал қара, құлагерлер...

Ұрыс күн көтерілгенше созылды. Екі көзі оттай жанған Батыр Баян жан-жақтарын тұтаса қоршаған Қытай қылыштарынан қазақ жігіттерінің екшеліп қалғанын аңғарды. Көптің аты көп, күш тең түспеген еді. Бірақ қызыл қанға батып жер құшып жатқан Қытай жауынгерлері де аз емес. «Аяулы қырандарым, өлсе де жастығын ала өлейін деген екен! — деді ол ішінен. — Бұл айқас жауымыздың есінде мәңгі қалар. Қанша өлігі жатыр. Жоқ, біз текке айқаспаған екенбіз. Біздің жерімізге шүршіттер енді аяғын байқап-байқап басар!»

Сол-ақ екен, өн бойын бір алып күш билеп, өзіне қарама-қарсы келіп қалған, есік пен төрдей қара ат мінген Қытайдың бір жалпақ бет сыпайын қайқы бел қара алдаспанмен қақ бөліп түсті. Дәл осы сәтте қолтығының астынан ұп-ұзын сүйір ұшты көк найза келіп қадалды. Көк найзаны Қытай сыпайы тағы бір ырғағанда өкпе тұсынан өткендей болды. Батыр Баян ат үстінен сырғып жерге құлай берді...

Батыр Баянның құлап бара жатқанын көрген қара сұр жігіт қолындағы алдаспанын жарқ еткізіп көкке көтерді де, құлаштай сермеп, аяулы ерге найза салған жауының басын допша қағып түсірді. Сөйтті де ат жалын құшып, арпалысып жатқан Батыр Баянды жерге түсірмей көтеріп алып, жау қоршауынан өтпек боп атын тебініп қалды.

Бұлардың соңынан қазақтың сиреп қалған жауынгерлері найза, қылыштарын кезей ұстап алға ұмтылды. Мұндай әрекетті күтпеген Қытай сыпайлары өздеріне қадалғалы келе жатқан ажалдың суық ұштарынан сескеніп, жолды аша берді. Батыр Баянның денесін алдына өңгерген қара сұр жігіт жау ортасын жарып өте шықты. Бұны көрген өзге қазақ жігіттері де, алдаспандарын жар-
қылдата сермеп, жау шебін үзіп, қоршаудан өтіп үлгерді.

...Үлкен Орда ханы Әбілмәмбет пен Орта жүздің сұлтаны Абылай қатарласа отыр. Әбілмәмбет сәл жоғарылау, Абылай сәл төмендеу. Жоңғар мен Қытайға қарсы айқастарда сан жеңіске жетіп, Абылай бүкіл қазақ еліне әйгілі болғанменен, хан отырған жерде ол тек сұлтан ғана. Ал жалпы халық ұғымында Әбілмәмбет қанша хан болғанмен Абылайдан абыройы, даңқы төмен. Абылай халықты басқарады. Әбілмәмбет — Орданы.

әрине, Әбілмәмбет ханның сонау Хантағыдан жеті күн жүріп, Көкше теңіздегі сұлтан ордасына текке келмегенін Абылай жақсы біледі. Ел ардақтағанды хан да мақтаған. Абылайдың шүршітпен соғысып, әскерін қырып алмай, аман қайт-
қанын қошаметтеп, ұлы тойға Әбілмәмбеттің өзі келген. Хан басымен немере інісіне алғысын айтып, батасын бермек.

Иә, бұл соғыс Абылайдың қастары ойлағандай боп бітпеді. Енді міне, алдағы уақытта қазақ елі шүршітпен соғыса ма, әлде бейбітшілік бітімге келе ме, тек Абылай ғана шешетін жағдай туды. Егер шүршітке қарсы тұрып соғыса бергенінде, бар әскерінен айрылатын еді. Әскерсіз елге кім қорған бола алады. Ал бар жасақтарымен Шыңжандағы ұйғыр мен қазақтарға барып болысып, Қытай әскерлерімен қайтадан айқасуға дәл қазір Абылайдың мүмкіндігі жоқ. Жат жерде жүріп жауды жеңу қиын. Онда бәрі де қазір ауыл шетіндегі қаралы үйде жат-
қан Батыр Баянның кебін киер еді. Жоқ, Абылай дер кезінде шегінді. Ертең «Үлкен Ордаға» хан бола қалса, өзіне керек қалың қолын апаттан аман сақтап қалды. «Үлкен Орда» ханы? Абылай тұнжырап кетті.

«Үлкен Орда» төңірегіндегі сұлтан, батыр, билердің ой-мақсаттары Абылайға алақанында тұрғандай аян еді. Өздері хан болудан үміттенбесе де, Әбілмәмбет өлген күнде хан көтерсек деген адамдары әлдеқашан белгіленген.

Бақ күндес жақындары қазір Абылайдың әр қадамын аңдуда, тілейтіндері — сүрінуі. Россия қол астына кіруді жақтағанында Абылайға олар қандай айып тақпады! Кейбіреулер бұған қара халықты қарсы қоймақ та болды. Әне, анау бір тәспі тартып отырған қария «екі көрші» туралы мысал да айтқан.

«Момын шаруаға ала аяқ көршісі келіп, татулық достық үшін өгіз терісіндей жер бер деп сұрапты. «Ала ғой» депті момын шаруа. Сонда әлгі қу, өгіз терісінен таспа тіліп, момын көршісінің бар жерін қоршап алып, «осындай жер маған ауысады» деп, момынның бар жерін өзіне қалдырыпты. Сенің орыс жандаралдарың да әлгі қуға ұқсайды, — деген осы қария. — Ең алдымен бекініс салуға болмашы жер сұрайды. Соңынан оған егін, бақша салатын жерді өзі қосып алады. Артынан мұжық-төлеңгіттерін әкеп орналастырып, қазақты өз қонысынан қуады...».

Ал қазір қазақ елін шүршіт кеп жан алқымнан алғанда, енді бірде-біреуі «сен бізді кәпірге саттың, ханды да соған көндірдің» демейді. Шүршіт айдаһары жоңғардың тарғыл ырбызы емес, анағұрлым күшті. Онымен артында орыс бекіністері тұрғанда ғана жөндеп сөйлесе аласың...

Жоқ, Абылайдың қазір арқа сүйері төре тұқымы емес. Абылай жағындағылар, әне, анау халықтан шыққан атақты батырлар. Өз аттарын ел-жұртына найзасымен әйгілі еткен ата-бабасы белгісіз жаман тымақ, жыртық тон бұқара жұрт. Тілін таба білсең бұлар жетім лақтай соңыңнан ере береді...

Міне, тізесіне тізесі тие отырған, кексе тартып қалған Бөгенбай, оған таяу Еменәлі мен Жабай батыр, одан әрі Қыпшақ Дербісәлі мен Маңдай, Дулат Бөкей, Алтайдың ақбас атаны Сеңгірбай, Уақтан шыққан Сары батыр... Бәрінің де даңқы жер жарады. Соңдарынан ерген топтары да көп. Ешқайсысы Абылай берген бұйрыққа қарсы шыққан емес.

Егер Абылай «кейін шегін» демесе, осылар шүршітті жеңіп, оның табанының астында жатқан Шығыс Түркістанның біраз елін құртар ма еді, қайтер еді? Бүкіл үш жүз болып атқа қонуға әзір. Бірақ Шығыс Түркістан елі Арқа мен Сыр бойындағы бауырларынан жәрдем күтіп отырғанда, Абылай өз әскеріне «кейін қайт» деді. Өйткені болашақ «Үлкен Орда» ханына шүршітпен қазір соғысу тиімсіз болды. Ханға тиімсіз дүние, бүкіл қазақ даласына тиімсіз болып саналуға тиіс.

Басындағы қалпағын мылқау атып түсірген күні Абылайдың Алтынемелдегі ордасында екі бейшара дәруіштің болып шыққанын осы отырған адамдардың бірде-бірі білген жоқ, Дәруіштер күзетшілер арқылы Абылайға, жалғыз ғана иероглифы бар, күміс теңге көрсетті. Сұлтан дәруіштерді ордаға кіргізуді бұйырды. Ордаға кірген дәруіштердің бірі үстіндегі шапанын шешіп, басындағы сәлдесін тартқанда, Абылайдың денесі мұздап кеткен.

Сұлтан жас кезінде Қалден Цереннің қолында тұтқында жатқанда, Таш-
кентке осы көсе дәруіш екі рет келген. Тәкаппар, адуынды Қалден Цереннің басын иіп бұнымен ілтипатпен сөйлесіп отырғанын Абылай өз көзімен көрген. Соңынан, осы көзі іріңдеп кеткен көсе шал ұлы Жоңғарияның құрып кетуіне себеп болған еді...

Ақ ордадағы әңгіме ұзаққа созылмады, қарт дәруіш есегіне мініп, белгісіз жаққа құрып кетісіменен, Абылай Алтынемелден Көкше теңізге дейін шегінуге бұйырған. Ертеңіне ақ бура да Көкше теңізге қарай шөккен...

Иә, Абылай сол күні-ақ осы жолды қалаған Алтынемелде шүршітті жеңу болашақ «Үлкен Орда» ханына тиімсіз көрінді. Қытай жағынан қауіп азайды десең-ақ осы отырған төре, билер басқа әнге басатыны хақ... Жау шабуылы алыстаса-ақ болғаны, саясатшыл, қызыл өңеш ділмәрлар әрқайсысы өз ұлысын бөліп алмақ боп, шарт жүгініп сөзге кіріседі, Мықтылары сойылына да жол беруге тырысады... Онда үш жүздің басын қосып, «Үлкен Ордаға» бағынған ел болуы адыра қалады... Ал шүршіт гүрзісі қазақ елінің басына төніп тұрғанда, Абылай да күшті. Мұндай жағдайда «Үлкен Ордаға» хан болуы айдан анық. Сонда барып ол Алтынемелге қайта оралады... Оған дейін Абылай өз күшін жоғалтпай, қорқау қасқырдай бұның өлігін күтіп отырған Қоқан билері Ерден мен Нұрботаға жонын көрсетіп қойып, орыс арыстаны мен Қытай айдаһарының арасында ебін тауып жүре тұрады. Екі жақ бірдей сені өзіне тартқысы келіп тұрса, тәуелсіздігіңді сақтау үшін, саған одан ұтымды жағдай жоқ. Россияның қол астына кіруді ол әлдеқашан шешкен. Ал кей істе Қытай боғдыханына да бағынышты екенін мойындаудан енді оның ештеңесі де кетпейді... Абылайды іздеп келген шал бұдан артықты әзірге тілеген де жоқ.

Жоқ, бұл ірің көзді кәрі шүршіттің арғы ойын түсінбейтін Абылай милау емес. Мыстан шүршіт қазақты¦ үш жүзін бірдей жоңғар қан жосығына ұшыратпақ. Жоңғар өлігіне тойынған шүршіт айдаһары әлі тоғын басқан жоқ. Сонау Хуанхэ, Янцзи өзендерінің бойынан Қытай шаруасын айдап әкеліп, оларды Жоңғардың тып-типыл боп күйген жұртына орналастырғаннан кейін, араны қайта ашылады. Ол тағы жаңа жемтігін іздей бастайды. Сонда ол жалмауыз аузын ашып, тағы да қазақ даласына қарай жылжиды. Сол уақытта қазақ еліне өз даласына салуға рұқсат еткен орыс бекіністері де керек болады.

Оған дейін Абылай өз жолынан таймайды. Бұл жол қиын жол, бірақ тиімді жол. Түбі Абылайды үш жүздің алтын тағына жеткізетін жол. Кімде-кім осы ұстаған жолына бөгет болғысы келсе, өз обалы өзіне, ондайлардың басын Абылай алдаспанмен қағып түсіріп отырады. Осы үйдегі ақсүйегі бар, қара сүйегі бар, ешқайсысы Абылайдың ойлаған ойына бөгет болмауға тиіс. Өйтпесе... Өйтпесе бұлар да Батыр Баянның кебіне душар болады. Абылай оны жау шебіне тегін қалдырған жоқ, өйткені Алтынемелден бұның неге шегініп бара жатқанын Батыр Баянның түсініп қалғаны Абылайға да аян еді.

...Ханның «Тағанақ» кеңесі бұл жолы әдеттегі дәстүрден тыс, өзгеше бас-
талды. Басқа ақсақал, билер сөйлеп болып, Әбілмәмбет хан енді кезекті «маймене» қаз дауысты Қазыбекке бере бергенде, сөзуарлығы жоқ, сабырлы Бөгенбай батыр бақандай екі қолын алдына созды.

— Уа, тақсыр хан, — деді ол әдеттегісіндей тұтыға сөйлеп — бүгін үш жүздің бетке шығар жақсылары жиналып қалған екен, осы кеңесте менің Абылай сұлтанға қоятын бір сұрағым бар.

— Сөйле, Бөгенбай батыр!

Бөгенбай қамшысын алдына тастай салды да, енді Абылайға бұрылды.

— Шүршіт көгенінде қан жылап жатқан Шығыс Түркістандағы бауырларымызды құтқаруға біз неге аттанбадық, Абылай сұлтан? Соған жауап берші.

Он екі қанат орда іші тына қалды. Әлден уақытта Абылайдың қоңыр даусы естілді.

— Шығыс Түркістандағы елдің бас көтергенін мен білген жоқпын! — деді, адамның өңменінен өтетін өткір көзін жалт еткізіп.

«Бұл хабарды ең алдымен сен естуге тиіс емес пе едің?» дегенді әркім іштерінен ойласа да, батылдары барып сыртқа шығара алмады.

«Тағанақ» кеңесінде қазақ елі Қытаймен соғыспайтын боп шешілді. Келісім сөз жүргізгелі Қытайдың ресми елшілері келгенін Әбілмәмбет ханның өзі хабарлады. Бірақ, Әбілмәмбет ханның айтып отырғаны — Абылай сұлтанның ойы екеніне де жұрт шек келтірмеді. Шүршітпен келісім сөздің басталуына қарамай көктем шыға үш жүздің жігіттерінен үлкен қол жинау керек деген хан тұжырымы да Абылайдан шығып отырғаны белгілі еді.

— Қалың қол шүршіттерді де тежеп отырады, — деді Абылай, — Қоқан билерінің де тәубасын ұмыттырмайды. Естуімше, Ерден мен Нұрбота билер Ташкент түбіне көп лашкарларын шоғырлап жатқан көрінеді... Келер жазға дейін біз дайын тұруымыз керек. Ет бұзылса тұз себесің, тұз бұзылса не себесің? Жау жағадан алғанда кермек татып не табасың? Қапылыста жинала қоюға, жер шалғай.

Үш жүздің «игі жақсылары» Абылайдың бұл ұсынысын әзер дегенде қабылдады. Өйткені Абылайдың қол астында мұндай әскердің болуы қайда апарып соғатынын олар жақсы түсінетін еді.

...Кеңес бітісімен жұрт елді-еліне тарады. Ең алдымен жері алыс Кіші жүздің сарбаздары өз мекендеріне беттеді. Содан кейін Ұлы жүздің батырларын, Орта жүздің де Торғай, Ырғыз, Баянауыл секілді алыстан келген жасақтарын қоныс-
тарына қайтарып болып, Абылай енді өзінің қарамағындағы Арғын жігіттерімен Көкшетауға сапар шегуге дайындала бастады. Бұлар жүреміз деп атқа қонғалы тұрғанда, ордаға қос атты шабарман келді. Ол Әбілмәмбет ханның алдына кеп тізе бүкті.

— Хан ием, Лепсі өзенінің бойындағы он мың үй Садыр әндижан төңірегіндегі ағайындарына көшпек боп жатыр!

— Неге? Қандай себебі бар? — деді Абылай даусы қаттырақ шығып.

Найманға жататын Садыр руы Қытай басып алған бұрынғы жоңғар тайпасының жерімен шектес тұратын. Шабарман Абылайға бұрылды.

— Есің барда еліңді тап дейді Тасболат батыр. «Ақтабан шұбырындыда» қалмаққа жем болғандай, бұл Садыр енді Қытайға жем бола алмайды дейді.

— Лепсіге жеткен Қытай, әндижанға жете алмайды деп ойлай ма екен.

— Онысын білмедім. Қоқан жағынан кісі келіпті. Сендерді Қытай құртпаса, Арғын құртады деп, Нұрбота би кісі жіберіп азғырып жатқан көрінеді.

— Арғын құртқаны қалай?

— Әбілмәмбет ханды да, Абылай сұлтанды да Арғын елінің адамдары дейді.

— Сондай сөзге Тасболат батыр құлақ қойды ма?

— Құлақ қоймаса көшер ме еді? Жайшылықта салмақты Абылай күйіп кетті.

— Солай де! Арғындағы өшін менен алмақ болса, көрсетейін мен Садырға Абылайдың сойылын! — Ол есік алдында тұрған нөкердің біреуіне, — шақыр Бөгенбай мен Сырымбетті. Қонсын атқа қалың қолымен! — деп бұйырды.

Ордада бағанадан бері үндемей отырған Бұқар жырау:

— Сабыр ет, сұлтан, — деді. — Ел күйінсе де ер күйінбес болар. Бір жағы Қытайдан, қала берді сендерден қорыққан Садырды шапқанда не таппақсың? Қол жіберудің қажеті болмас, он жігіт қосып бер, ол құтырған Найманмен өзім барып сөйлесейін. Көнбесе амал жоқ, сойылыңды сосын қолданарсың.

— Жырау дұрыс айтады. — деді Әбілмәмбет хан. — Қоқан жеріне бір шаңырақты да жіберуге болмайды.

Бұқар жырау қасына он жігіт ертіп, Қоқан хандығына көшкелі жатқан, Лепсі өзенінің Балқашқа құятын сағасында отырған он мың үйлі Садыр руына жүріп кетті.

Найман тайпасының бір тармағы Садыр руы «Ақтабан шұбырындыдан» бұрын Талас пен Арыс өзендерінің арасындағы Қаратау қойнауында көшіп жүретін. Әулиеатаға таяу Келтеқара арығы, Бұрындай өзенінің арғы жағындағы Үшащы қойнауы бұлардың келіп-кетімді қонысы. Бұрындай өзенінің бойында «Садыр-Мүрде» деп аталған жер — бұл рудың аталары қойылған зират еді. Сыр бойының бір қуаңшылық жылы осы рудың атақты батыры Жұмарт өзінің қарамағындағы тоғыз аулымен көшіп, жайлауға Арғын руының ата мекен жері Арғынаты тауларына барады. Арғындар бұған ана Ұлытауды жайлаған Бағаналы туыстарыңа көшіңдер деп, жер бермейді. Күшпен Ұлытаудың бергі қойнауына қуып салады. Ашу үстінде Жұмарт батыр Арғын жасағының батыры Ақмырзаны өлтіреді. Содан кейін Арқаға көшуін қойып, енді Бұрындай өзенінің бойындағы Үлкен тұра, Кіші тұра деген кіші-гірім тауларды қыс қыстауы етіп, жаз әулие етегіндегі Талас өзенінің шұрайлы қойнауын жайлайды.

«Ақтабан шұбырындыда» қалмақ қолынан тоғыз баласымен Жұмарт батыр өледі. Қырық мың үйдің он бес мың шаңырағы шұбырып, әндижан жеріне өтіп кетеді, ал қалған он мыңы Лепсі өзенінің бойындағы жоңғар Алатауының қойнауына көшеді. Сөйтіп жүргенде, Жұмарттың әлдеқалай тірі қалған Тасболат деген баласы ер жетеді. Енді әке орнына, мұнда қалған он мың шаңырақ Садырға сол ие болады. Тарбағатайдан Қытай әскері түсіп келе жатқан дегенді естісе де, ол Абылай жинаған қолға қосылмаған. Бір кезде әкесіне Арғынның жер бермегенін кек тұтып, өзін азғырып келген Ерден мен Нұрбота бидің елшісінің сөзіне еріп, әндижанға көшпек болады. Бұл хабарды көршілес отырған — Тобықты руының шабарманы әкелген.

Серіктерімен Бұқар жырау Тасболат батырдың аулына жеткен кезде, күн бесіндіге таяп қалып еді. Ел түйелерін қомдап, үйлерін жығып, көшкелі жат-қан-ды. Битке өкпелеп тонын отқа салған Тасболатқа ашуланған Бұқар жырау аттан түспей, жанындағы серіктерімен батырдың үйінің сыртынан кеп, кәрі домбырасын қағып-қағып жіберіп, айқайға басып еді.

 

«Садыр, қайда барасың,

Сарысуды көбелеп?

Сен қашсаң да мен қойман

Арғымағым жебелеп.

Енді алдыңнан шығайын

Қар, жаңбырдай себелеп,

Ақмырзамды өлтірдің

Ақ сойылмен төбелеп.

Уа, сен танымай кетіп барасың?

Мен Арғын деген арыспын,

Азуы кере қарыспын.

Сен бұзау терісі шөншіксің,

Мен өгіз терісі талыспын.

Абылай алдында сен бітсең

Құдандалы таныспын.

Абылай алдында бітпесең, —

Атасын білмес алыспын, —

 

деп Бұқар жырау, көшпе деп ақыл айтудың орнына Садыр қолынан өлген ерінің құнын сөзге тиек етіп, жырын ызғарлы үнмен тоқтатты.

Үй сыртында келіп тұрған үш жүзге мәлім Бұқар жырау екенін біліп, әлі де болса көшерін де, көшпесін де шеше алмай, үйін жықпай отырған Тасболат сыртқа шықты. Бұқардың құн сұрап келгені жай сылтау екенін әрине, бұ да ұқты. Жырауды қолтықтап аттан түсірді, үйіне алып кіріп, қошеметтеп көрпе төсеп, төрге отырғызды. Амандасып болғаннан кейін, Бұқар жырау:

— Жарқыным, бұл қай көшу? — деді әлі де сабасына түсе алмай.

— Шүршіт келе жатыр дейді ғой, — деді Тасболат ойлана, — Қашқардан қашқандар бар...

— Шүршіт келе жатса, Абылай бар емес пе?

— Арғы беттегі елді шүршіттер тып-типыл ғып өртеп жіберіпті. Құдіретті болса Абылай сонда қайда қалған?

— Арғы бетке шығып шүршіттермен соғысуға әлі ерте... Жұрт қашты деп, батыр қашпас болар...

— Қашпалық...Сонда не ұтамыз?

— Батыр Баян мұндай сұрақ бермес еді. Әне, ол халқы үшін жанын пида еткен жоқ па?

Тасболат үндемей ұзақ отырды. Әлден уақытта барып:

— Жарайды, ендеше, біз де көшпейміз, — деді.

Оның даусынан өзінің жеңілденіп қалғаны байқалды. Кім ата мекен жерін тастағысы келеді. Оның үстіне Қоқан ханының қоластына барып, көгере қоюына Тасболат күмәнді еді...

— Ал біздің жерімізге шүршіт келе жатса, Абылай бізге жәрдем қолын соза ма? — деді Тасболат Бұқардан көзін алмай.

— Бұдан былай исі қазақ Абылайдың туы астына жиналуы керек, — деді Бұқар жырау. — Абылай қол астындағы елін қорғауға тиіс. Ол қорғамаса Бөгенбай, Жабай, Сары-сынды батырлар бар. Солар қорғайды... Бұл арада сендер әзірге қазақ жерінің барлаушылары болып қала тұрасыңдар.

Бұқар бір қонып, ертеңінде еліне аттанды. Тасболат оның соңынан ұзақ қарап тұрды. Жырау сөзін ойға салды. «Исі қазақ Абылай туының астына жиналуы керек» деп қайталады ол ішінен. Жұрт Бұқар жырауды Абылайдың тіл мен көмейі деуші еді, сол есіне түсті.

 

ІІІ

 

Көкейтесті арманына жеткен Абылайдың көңілі ай-жай еді... Иә, Телікөлдің жағасына жиналған үш жүздің «игі жақсылары» оны «Үлкен Орда» ханы етіп ақ кигізге көтерген. Рас, бұл жиынға Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп руларының басты адамдары келмей қалды. Келмесе, өзі білсін! Абылайға қазір оның қандай маңызы бар? Бүгін келмегені, ертең келеді. Бүгін көнбегені, ертең көнеді. Көнбегенін ат құйрығына байлап, ақ сойылдың астына алады!

Ал қазір айбарынан сескеніп тізе бүккен қалың ел! «Ханның қаһарынан сақта!» деп жалбарынған ру басшылары...

Міне, бүгін, Абылайға осындай кіріптар болғанның бірі — Қоңыратқа жататын Божбан руы. Түркістан уәлиетін жайлайтын бұл рудың басшы адамдары жерінің жақындығын пайдаланып, Қоқан билерімен тіл табысып, Абылай қоластынан шықпақ болған. Саққұлақтары арқылы бұны біліп қалған хан, тал түсте Божбан ауылдарын шауып, басты адамдарын тұтқынға алған.

Далбасалаған ауыл ақсақалдары қайтсек Абылайдың көңілін жібітеміз деп, бар мал-мүлкін алдына әкеп тартып, қойнына ең сұлу қызын салды.

Хан қазір осы жас қызбен оңаша тігілген ақ ордада жатыр... Қоңырат етекті ел. Ұлы-қызы өлген-тірілгеніне қарамайтын намысқой келеді. Сөйтсе де қыз жеңгелерінің «Ханның көңілін таба білсең, еліміздің бағы жанғаны, ағаларыңның ажалдан аман қалғаны» деген сөзінен шыға алмаған. Жігіттердің анда-санда қалжыңдап, ақ төсіндегі тастай қатты қос анарына қолы тигені болмаса, пәк денесін әлі тірі жанға сипатып көрмеген жас сұлу сүттей адал абыройын ханға олжа етіп, елін апаттан, екі ағасын ажалдан алып қалмақ болған. Ол ұяттан екі беті оттай жанып, жүрегі торға түскен торғайдай діріл қағып, жарылып кетуге дайын тұрса да, ханның ыңғайына көне берді, денесіне хан салмағы қатты батса да, асау мінез көрсетпеуге тырысқан.

Ал бұл кезде Абылай жарлығын орындауға Божбан руының бас көтерген адамдарын хан нөкерлері алып келген. Олардың ішінде осы қыздың екі ағасы да бар. Қыз құшағында ләззатқа кенелген Абылайдың ойына кенет осы екі батырды өлтіру туралы берген бұйрығы түсіп кетті. Абылай езу тартты: «Жоқ бір қыздың қызығы үшін, ол бұйрығын бұзбайды, кімде-кім бұған қарсы тұрса осылай өледі!» Көп кешікпей ол, бөкеннің етіне тойып алып, маужырап ұйқыға кеткен жолбарыстай, тұла бойын бір рақат тыныштық билеп, көзі іліне берді.

Абылайдың қасында құты қашып үн-түнсіз жатқан қыз кенет:

— Хан ием, бауырларымның күнәсін кеше көріңіз... — деді жасқа булығып.

— Көрерміз... — деді Абылай ұйқылы-ояу.

Қос батырды өлім жазасына бұйырғаны тағы есіне түсті. «Оқасы жоқ... күні ертең-ақ екі ағаларының менің қолымнан өлгенін ұмытады. Тек хан қойнында жатқаны ғана есінде қалады».

Абылай қайтадан көзін жұмды. Бірақ дәл осы сәтте:

— Аттан! Аттан! — деген айқай шықты. Кенет қырқаны бауырлай шапқан аттардың дүбірлері естілді. Тынық түндегі оқыс дауыстар құлаққа қандай құбыжық боп жетеді, онсыз да елегізіп жатқан ауыл, үрпиісе төсектерінен атып тұрды. Үстеріне жыртқыш құс келіп қалған балапандай, бала-шаға көздерін тырналай ашып, у-шу боп жылай бастаған.

Ауыл сыртында да, орда сыртында да, анау-мынау жаудан сақтап қалар қалқаны бар екенін білсе де, Абылай да орнынан ұшып тұрды. Тақа әбігері кетіп саспаса да үнемі жоқ жерден пайда болар соғысқа үйренген әдетпен жылдам киіне бастады. Шаңырақтан түскен ай сәулесіне шомылып, нағыз бір түнгі періштедей қолаң шашы жерге түсіп не істерін білмей, үй ортасында тұрған жас сұлуға сұқтана тағы бір қарады да:

— Маған арналған өтінішің болса, күндіз айтарсың, — деді де адуындай басып, күміс сапты қылышын сүйрете ақбоз үйден шығып кетті.

— «Аттан» салған кімдер? Қайдағы жау? — деді ол орда алдында тұрған топ жігітке. Күзет бастығы баяғы Батыр Баянның сүйегін алып шыққан қара сұр жігіт, қазір ақ түсе бастаған қою келте сақалын бір сипады да:

— әзір белгісіз, хан ием, — деді сәл алға шығып, — «Аттан» салған жігіттерді ауыл сыртындағы күзет тоқтатқан тәрізді. Дәу де болса, мына келе жатқан солар-ақ шығар.

Дабырласа сөйлескен бір топ жігіт орда тұсына келіп те қалды. Күзетшілер жанында тұрған Абылайды көріп, ұзын сары шабарман иіліп сәлем берді.

— Алдияр тақсыр, жаман хабармен келіп тұрмыз, — деді.

— Қандай хабар? Айт!

— Орта жүз бен Кіші жүздің әскерлерін елдеріне қайтарып жібергеніңізді естіп, Қоқан ханы әлім атқа қоныпты. Қоқан, әндижан, Маргелан, Наманған бойын қойып, Ташкент маңындағы кешегі өзіңізді жақтаған Шанышқылы мен Қаңлы тайпалары тайлы-тайлағына дейін қалмай, соларға еріп келеді.

— Қанша найзасы бар?

— Алпыс мыңнан асар...

Телікөлдің жағасында қазақ еліне хан сайланғаннан кейін үш жүздің елу мыңнан астам әскерін бастап Абылай Қоқанға қарсы жорыққа аттанған. Он күн жан аяспас ұрыстан кейін Нұрбота бидің баласы Қоқан әміршісі әлім ханның әскерін күйрете жеңген. «Ақтабан шұбырындыдан» бастап, кеше ғана Қытай боғдыхандарымен соғысқан аласапыран кездерде Қоқан хандығына қарап кеткен қазақ руларын бостан еткен. Осы жорықтың нәтижесінде Сырдария бойындағы Түркістан, Сайрам, Шымкент, тағы басқа қалалар қайтадан қазақтардың қолына өткен. Ташкент алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болған. Бұнымен қатар бұрын Ташкент хакіміне зекет, гараж төлеп тұратын Шу мен Талас өзендерінің бойындағы және Қаратау қойнауындағы Қоңырат, Дулат, Жалайыр, Суан рулары алым-салықтан мүлдем босатылған. Ал Ташкент пен әндижанның аралығында көшіп жүретін Ұлы жүздің Шанышқылы, Қаңлы рулары көптен бері сол араларды жайлайтындықтарынан өз қоныстарында, Ташкент құшбегінің қарамағында қалған. Әйткенмен, Абылайдың қамшысы батып кеткен бұл елдердің арасында қазақ ханына деген наразылық та басыла қоймаған. Сондай наразылықтың бірін Абылай кеше ғана осы арада қан-жоса етіп басқан.

Ақыры өзіне тиімді бітімге қолы жеткен Абылай «енді ұрыс жоқ, ел іргесі қоныс тапты», деп әскерінің негізгі жауынгер күші болған Орта жүз жасағы мен Кіші жүзден келген қолды тегіс елдеріне — Арқа мен Жайыққа қайтарып жіберген. Абылайдың қасында ханның өз гвардиясы есепті мың қаралы төлеңгіт пен Дулат, Жалайыр, Албан, Суан руларынан құралған бір санға жуық әскерлері ғана қалған.

«Үлкен Орда» ханының тек өз әскерімен қалғанын білген және Ұлы жүздің жігіттері Абылай жағына мүлдем шыға қоймас деп үміттенген Қоқанның жас ханы әлім дереу бас көтерген. Ташкентті алып, содан кейін Түркістанды да өзіне қаратпақ боп жорыққа шыққан.

Жағатай ұлысына қараған үш жүз жылдан бері Жетісу өңіріне жан бастырмай келген, ерлігі бүкіл Шығыс еліне аян Дулат, Жалайыр Қаңлы, Ша-
нышқылы, Албан, Бестаңбалы руларын да Абылай өзімен бір болады деп ойлаған. Сыр бойын Қоңырат, Қыпшақ, Табындар қандай қорғаса, Ұлы жүздің жігіттері де өз ата мекен жерін сондай қорғайды деп сенген. Ал кенет Қаңлы мен Шанышқылы руларының қоқандықтардың азғырғанына ергені, оған Қоңыраттың да делебесі қоза бастағаны ханды қатты ренжітті.

Ташкент төлейтін алым-салықты Қоқан ханы сол маңдағы Қаңлы мен Шанышқылының мойнына салған. Және Ташкент құшбегі өз тарапынан бұл елдерге зекет, гараж мөлшерін көбейткен. Жұртқа осының бәрі Абылайға бағынудың салдары деп түсіндірген. Халықтың ереуілге шығуына осылар себеп.

— Бүлікшілер қай тұста жиналып жатыр?

— Шыршық өзенінің бергі қабағында.

Абылай ордасын жақында Бадам мен Арыс өзені түйіскен тұстағы Бөрітас деген жерге қондырған. Қазықұрттан бұл ара елу, Түркістаннан жүз шақырымдай жерде. Мұнда келген ойы Арыс бойын мекендеген Қоңырат пен Бадам өзенін жайлаған Шанышқылы, Қаңлы руларымен белдесе жақындасу еді.

— ә... Әлі көш жерде екен ғой, — деді хан, — Ташкенттен кейін олар Түркістанға қарай шығады ғой, оған жеткенше, біз де етек-жеңімізді жиып болармыз. — Абылай уақыт мөлшерін білу үшін аспанға қарады. Таң жұлдызы туып қалған екен. Аспандағы таң жұлдызы, жаңа өзі шығып кеткенде есік алдында қалған екінші таң жұлдызын есіне түсірді. Ол бұйыра сөйледі.

— Қазір Сіргелі Елшібек батырға, Дулаттың қос бөрісі Бөкен мен Сағырға хабар беріңдер. Бар қолдарымен осы Қазықұрттың етегіне тез жетсін. Албан менен Суанға да, жақын жатқан Бестаңбалыға да, бергі етектегі Жалайыр батырларына ат шаптырыңдар. Бәрі осы Қазықұрт маңына жиналсын!

— Құп, болады! — деді бас шабарман.

— Сәскеге дейін өзіміздің жігіттер де алдаспанын қайрап, дайын тұрсын! Жыланды үш кессе де кесірткелік күші бар. Қазақ әскерінің үш бөлігінің бір бөлігімен-ақ, құдай бұйыртса, Қоқанның қорқау қасқырының кеңірдегін жұлып алармыз!...

Ол қайтадан Ақ Ордаға кіріп кетті. Енді шешінген жоқ. Қылышын былай қойып, белбеуін босатты да, жүкке сүйеніп, көзін жұмды. Оң жағындағы төсектен жас сұлудың өксігін баса алмай, булыға жылағаны естілді... Жаны жай тапқандай, Абылай тағы езу тартты.

О, тағдыр!.. Расында да тағдыр — өзінің ақ бурасы шығар. Міне, қазіргі киесі — екінші ақ бура. Ең алғашқысы қартайып әбден жүдеп бір күні өзінен өзі мүлдем жоқ боп кетті, ал мынау өзгесі... «Хан киесі — осы ақ бура» бүгін тым көңілсіз еді... Мынау бүлік соған көрінді ме екен?

Рас, Абылайды қатыгез, тас бауыр дейтіндер көп. Бірақ осы «қатыгез» Абылайдың тұсында ешкім де қазақ елін кейін кетті дей алмайды. Қоқан хандығына желке жүнін үдірейте көрсетіп, айдаһар мен арыстанның аузынан ебін тауып құтылып, көкжал Абылай аман-есен өмір сүріп келе жатқан жоқ па? Ал бұның темір тегеурініне шыдай алмай, кей ру беті ауған жағына қашқысы келсе — оның да себебі бар. Абылайға бір тайпаның көрген зәбірінен, бар қазақты шашау шығармай ұстау қымбат.

Алтынемел айқасынан кейін ол өзінің ағасы Жолбарысты Қытай боғдыханына жіберген. Бұл кезде Қытай әміршілерінің арасында өзара қырғын, бақ таластық күрестер қатты жүріп жатыр еді. Абылай келіссөзге дәл осы тұс дұрыс деп тапқан. Қытай императоры Хун Ли өзіне қарсы бас көтеріп, күнде жанжал шығарып отырған Шыңжаң қазағы мен ұйғырына қазақ елі қосылып кетпесін деп қауіптеніп, қазақ ханының елшісін сый-сияпатпен қарсы алған. Абылайға князь деген ат беріп, құндыз ішік, жібек кілем тәрізді көптеген тарту-таралғыларын жіберген. Осы берілген көп сыйлықтың ішінде сол жылғы Қытай календары да бар еді. Бұны Қытай императоры, тек өздерінің мәдениетінің үлгісі ретінде ғана емес, қазақ елі бұдан былай қарай күн, ай, жыл санаттарын шүршіт есебімен жүргізсін деп әдейі жіберген. Бұ да басқа жұртқа өз әсерін тигізудің бір жолы...

Екі жыл өткеннен кейін, яғни бір мың жеті жүз елу сегізінші жылы Шыңжаңдағы ұйғыр мен қазақ көтерілісін қан-жоса етіп басқаннан соң, Қытай әскері қазақ жеріне қайтадан кірген. Бұ жолы олар Тарбағатай тауынан төмен түсіп, Көкше теңізге дейін жеткен. «Ақтабан шұбырындыдағыдай» Қытай әскерінің жолындағы бүкіл қазақ ауылдары «шүршіт келе жатыр» деп тағы босқан. Кешегі көкорай шалғын, бықыған малды ауылдардың орнына, шегірткесіне дейін желінген, өртенген орман, құлазыған қу дала қалған...

Абылай шүршітке тағы қарсы шықты. Аякөз тұсында болған қырғын соғыс-та өлдім-талдым деп жинаған әскерімді қырып алмайын деп, Қытайдың құрт-құмырсқадай қаптаған қолынан ол тағы шегінген. Осы жолғы айқаста Малайсары батыр оққа ұшты. Шегініп келе жатқан қазақ қолы оны қазір «Малайсары тауы» деп аталатын құмдауыт төбенің басына әкеп қойды...

...Хун Ли қанша қаһарын төккенмен де, Абылай Россиядан қол үзбеді. Қол үзудің орнына, жұмсақ жастықтардың үстіне қанжар тырнақты аяқтарын қо-
йып мүлги қалған айбарлы арыстанға ұқсас орыс бекіністеріне жақындай берді. Ал қазақ жеріне кіре берген Қытай айдаһары, тұмсығын көкке көтеріп, күздің келіп қалғанын байқап, қандай қауіпке бара жатқанын енді сезіп, тез жиырылып кейін бұрылды да алдындағы Тарбағатай тауына қарай қайта өрмеледі...

Қытай айдаһары орыс бекіністері тізіліп қалған бұл өлкеден оңай олжаға кенеле алмайтынын тез түсінген, Бірақ сол жылы ол қайтадан жүз сексен бес мың әскерін Шыңжаң шекарасына әкеп төккен. Россияның бұған қарсы шығар дәлелінің де, мүмкіндігінің де жоқтығын пайдаланып, енді ол бүкіл Орта Азияны жаулап алмақ болды. Қандай қауіп туғанын ұққан Хиуа, Бұхар, Қоқан, Ауғанстан әміршілері өзара араздықтарын тастап, бүкіл мұсылман қауымы боп шүршітке қарсы «газауат» соғысын ашуға ұран салды. Бұл ұраннан мұсылман дініндегі Абылай да, Кіші жүздің ханы Нұралы да бас тартуға тиісті емес еді. Өзі қол астына кірген Россияның Қытаймен тату-тәтті екенін сылтау етіп, Нұралы хан «газауат» күресіне қосылмады. «Газауатқа» бірікпеуге Абылай да жол тапты. Бір жағынан бұ да Россия қол астында бола тұрып, оның рұқсатынсыз Қытаймен үлкен соғысқа бара алмайтынын ескертсе, екінші жағынан өзінің шүршіт боғдыханымен келісімге келгенін айтты. Жақында ғана Абылай отыз ақ боз арғымақты тарту етіп, Ордашы биді бас етіп, Хун Лиға отыз ақсақалын жіберген. Қытай боғдыханы бұны «бүкіл қазақ еліне бастық» және кімде-кім Цин мемлекетіне қастық етсе, оған өлім жазасына дейін үкім қолдануға қақысы бар деген «филин» — указ берген.

Ал шынында, Абылайға ата-бабасының дәстүрі бойынша мұндай келісімсөздердің құны бес-ақ тиын еді. Қағаз бетіне түспеген уәделерін қазақ хандары, көңіліне жақпаса, оп-оңай бұза беретін. Абылайдың газауатқа қосылмауына себеп болған — Орта Азия мұсылмандарының бір қауым боп, Ауған ханы Ахметті бар әскеріне қолбасшы етуі еді. Қазір Ахметтің қарамағында жетпіс бес мың әскер бар, егер шүршітпен соғыс ашпаған күнде, бұл қалың қол қайда барады? Көп жылдан бері үнемі соғысып, әбден қалжыраған қазақ жасақтары бұндай әскерге қарсы тұра алар ма? Одан да... Түркістан жерінен көңілі бар бұл хандардың әскерлерінің қабырғаларын сындырып, шүршіттер ұйқы-тұйқысын шығарса бізге пайда деген. Әрине, күнгей жағыңнан шүршіттің көрші бола қалуы да қазақ еліне тиімді емес. Бірақ Россия бекіністері құр ғана қазақ жерінде ме, бір шеті шығыста, Қытай қабырғасымен шектес, сонау ұлы Мұхитқа дейін созылып жатыр ғой... Бұл Қытай боғдыханы санасатын жағдай.

Ал Абылай Шығыс мәселесін осылай түйіп қойып, Қызылжарда орыс тілін үйренген баласы Тұғылды бас етіп, өзін үш жүздің тағына бекітуін өтініп Петербургке, Екінші Екатерина әйел-патшаға елшілер жіберген. Үш жүздің «игі жақсылары» Абылайды ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп «Үлкен Ордаға» хан сайлағанмен, әйел-патшаның қол астындағы бар қазақ еліне хансың деген указы шықпаған. Әрине, бар қазақ еліне Абылай хан бола қалған күнде, осы мезгілді күтіп жең ішіне тығып келген қанды тырнағын ақ патшаның өзіне де көрсете бастауы мүмкін. Ресми түрде бекітілмей жатып, бар қазақ оны өзінің ханы деп танып, соңынан еруге бар. Ал бекітілген күнде... Жоқ, қатын патша ақымақ емес. «Есеңгіреген елге есті бастық беруге болмайды, одан да есеңгіреген елге есеңгіреген бастық берсең — қарамағыңдағы жұрт саған қарсы бас көтере алмайды».

...Абылай әдеттегісіндей ерте оянды. Таң селеуленіп атып қапты. Қыз көйлекшең бүкшиіп аяқ жағында отыр. Тарқатылып кеткен қою қалың шашы иығын көме, бүкіл денесін жауып, жерде шұбатылып жатыр. Тек боп-боз боп ақша жүзі ғана көрінеді.

— Қандай тілегің бар? — деді Абылай, өзінің қыздарымен шамалас жас сұлуға. — Айт, орындайын!

— Тілегім біреу-ақ...

Қыз үнінен ренжігендік сезілмеді.

— Бір қыздың құшағында бір тайпа елдің тағдыры тұрған жоқ, хан ием... Мұны мен де ұғамын. Бірақ қатты дауылды күні тек қыран құс қана өз бағытынан адаспайды. Жұрттың бәрі қыран емес. Аласапыран кездегі жұртымның бір табансыздық көрсеткенін кешіріңіз!

Қыз сөзі Абылайға ұнады.

— Жақсы. Ал өз бауырларыңа қарсы садақ безеген ана екі ағаңды қайтеміз?

— Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң...

Абылай езу тартты.

— Біз олардың «үйірін тапқанын» қайдан білеміз?

— Босатып көріңіз. Егер сізге ерсе, өз айыбын өздері жуғаны.

— Ал ермесе ше? — деді Абылай.

Қыз қуанып кетті.

— Онда, мейліңіз. Қандай жігіттің тағдыры болса да, өз елінің тағдырынан қымбат емес.

Абылай шаңырақтан көзін алмай бозарып келе жатқан таңға қарап ұзақ отырды. Иә, қол астынан қашып кетпек болған Қоңыраттың бірнеше адамын аямай жазалады... Ал қалғандарының көңілдері енді қалай қарай ауады? Үйсін, Жалайыр, Дулат, Албан, Суан сияқты Ұлы жүздің белді рулары не демек? Бұлар Абылайдың ісін қош көре ме, жоқ па? Бұл рулардың көп жігіті қазір хан жасақтарында. Ал ертең сол жігіттер қазақ елі Қоқан әскерімен бетпе-бет айқасуға тура келгенде Абылайдың қаттылығына өкпелеп, Қоқан жағына шығып кетсе қайтеді?

Хан қызға көз қиығын тағы бір аударды да ләм-мим деместен, орнынан тұрып, үйден үн-түнсіз шығып кетті. Ол тағы бозғылт реңді аспанға қарады. «Аққу құсты көрмегелі не заман!» — деді әлденеге күйінгендей, бірақ сол сәтте-ақ бойын жинап алды. Анандай жерде тұрған күзетшіні өзіне шақырды.

— Шабармандардан хабар бар ма?

— әлі ешкім оралмай жатыр.

Абылай Қазықұрт жаққа көз тастады. Тау етегінде көрінген салт аттылар хан ордасына қарай келе жатыр. Кенет ат дүбірі естілді. Құйындата шапқан салт аттылар ауыл сыртына кеп тоқтай қалғанда, Абылайдың жүзі жылып сала берді. Бұл келген Қыпшақ Маңдай батыр мен Керей Жанай батырдың жасақтары еді. Олар осы Қаратау маңындағы ілік-шатыстарында қонақтап жүріп, елдеріне әлі қайта қоймаған-ды. «Аттан!» деген айқайды естісімен, Абылай ордасына жеткен беттері...

— Бұқар жырауға кісі жібердіңдер ме? — деді Абылай.

Дәйекші жауап қайтара алмай қалды. Ханның қабағы түйіліп кетті. Бір кезде өзіне тірек болған жырау мен ханның арасы күннен-күнге суйи бастаған. Қоңырат еліне істеген рахымсыздығын көріп, Бұқар жырау ашуланып, кеше хан аулынан жүріп кеткен.

Қазықұрттың күншығыс жағынан тағы бір шаң көрінді. Құйғыта шапқан шабарман атынан домалай түсіп, хан алдына тізе бүкті.

— Алдияр, Жалайырдан бізге тек төрт-бес жүз ғана жігіт қосылатын түрі бар...

— Қалғандары ше?

— Қоқандықтардан қашпақ боп үйлерін жығып жатыр.

— Осындай хабарды Ұлы жүздің басқа руларынан да алдық! — деді дәйекші жігіт.

— Сонда қай жаққа қашпақ?

— Алакөл тұсына.

— Шүршіттің шоқпарының астына барып тығылмақ па?! — Даусының қалай қатты шығып кеткенін Абылайдың өзі де сезбей қалды.

Бірақ, түс ауа, шабармандардың айтқанындай халінің тақа жаман емес екені анықталды. Абылайға қанша наразы болғанменен шүршіт пен Қоқан озбырлығы түбі қатты тиетініне шек келтірмеген Ұлы жүздің көп рулары көп кешікпей өздерінің жігіттерін Абылайдың ақ туының астына тегіс әкелмек деген хабар естілді. Бұдан кейін, іле-шала Бөкей мен Садыр батыр бастаған Дулаттың қалың қолы келе жатыр деген сөз де ауыл шетінде дүңк ете қалды. Ал Сырғалы Елшібек батырдың дер кезінде жетуіне Абылайдың өзі де күмәнданбаған...

— Күнәкәр Божбан руынан жазаланбаған қанша адам қалды, — деп сұрады Абылай кәрі қылыш жасағының бастығынан.

— Алдияр, өзіңіз өлімге бұйырған көтеріліс басшыларының бесеуін ғана ат құйрығына байлап үлгірдік... Қалғаны қол-аяғы байлаулы отыр...

— Босатып жіберіңдер тірілерін!..

Тұтқыннан босанған Божбан жігіттері арқан батқан білектерін сипай, заматта үйді-үйіне тарай бастады.

— әділетті үкіміңнен айналайын-ай, құдіретті хан иеміз! — деп анандай жерде тұрған Божбан ақсақалдары, маңыраған қойдай, шуласа баталарын берді.

«Бес адамын ат құйрығына байлағанымды көрген соң бұлар маған баталарын беріп жатыр, — деді Абылай ішінен, — жазаламай бәрін бірдей кеше босатып жібергенімде, бүгін бұл алғыс болмас еді!».

Кенет Абылай «Жаныбек! Қаныбек!» деген сыбырлай шыққан үн естіді. Бұрылып еді, кетіп бара жатқан жігіттердің ішінен өзінің екі ағасын шақырып тұрған Қоңырат аруын көрді. Екі ағасы қыздың жанына келді. Әлде нені сұрады. Содан кейін екеуі үйлеріне қарай жүгіре жөнелді.

«Осы екеуін бекер босаттым-ау», — деп ойлады Абылай тағы да, бірақ сол сәтте-ақ оларды есінен шығарды. Тек бір жеті өткеннен кейін ғана, біреуге істеген жамандықтың жойылмайтынына, қанды кектің бәрібір жүрек түбінде сақталатынына көзі жетті.

Абылайдың газауат ұранына қосылмағанын пайдаланып, Қоқан әміршілері оны біржолата құртпақ еді. Олар бүкіл мұсылман қауымына: «кімде-кім Абылайға жәрдем беруді ойласа, оны алла тағаланың қарғысы атсын» деп жар салды. Бірақ діни дәстүрге онша берік емес қазақ даласы бұған мән берген жоқ, өйткені бұл ежелден келе жатқан өзінің әдет-ғұрпы бар ел. Дінді қорғау-
дан көрі, жерін қорғау ата-бабадан қалған мирас. Осы дала заңына салып, Самарқант, Хиуа, Бұхар, Қоқандардың мың сан минареттерінен қазақ ханына «лағнат» айтып жатқандарына қарамай, Ұлы жүздің көп руларының жігіттері Абылайдың ақ туының астына жиналды.

— әй, Тұрымтай шабарман! — деді Абылай дауысын көтеріп.

Шабармандардың ішіндегі ең пысық, жарқын жүзді бала жігіт ханның жанына жетіп келді.

— Не айтасыз, алдияр?

— Жалайыр ауылдарына қайтадан шап. Тезірек жетсін де. Егер дер кездерінде келмесе, Қоқан ұрысынан кейін, Қоқанға туған кеп, Жалайыр билерінің де басына туып жүрмесін! Соны ескерт!

— Ал егер жауап қайырмаса ше?

— Мә, менің қамшым... Жауап қайырмайтын болса алдарына таста да, өзің кейін шап!

Шабарман үйден ата жөнелді.

Кең дала сойыл ұстаған салт аттыларға тола бастады. Қазықұрт тауының басынан кемінде он шақырымдай жер ап-айқын көрінеді. Абылай әлсін-әлсін батыс жаққа көз тастап қояды. Біреуді сабырсыздана күткендей. Ханның неге осынша тыпыршып тұрғаны жанындағы серіктеріне де аян. Хан Бұқар жыраудың келуін күткен еді. Бұл күнде әбден қартайған Бұқар жырау бұрынды-соң-
ды қазақ көрмеген қызық адам еді. Өткір тілі, алғыр ойы үшін, оның иығына талай рет мауыты шапандар жабылған. Бірақ жырау оларды жанындағы серіктеріне тартып, өзі көнетоз шидем шекпенімен қалатын. Ал қыс болса киері — түйе жүн қалың күпі, тозығы жетіп қалған қарсақ тымақ. Кейде жорыққа мінетін аты да болмай қалады. Сөйтсе де, Бұқар жырау келіп түскен ауыл қызық-думанға бататын. Үлкені мен кішісі тік тұрып күтетін.

Осы кәрі бүркіттей тұғырда отырып қалған қарт жырау хан кемшілігін жұрт көзінше батыра айтқанменен, Абылайдың негізгі істерін қолдайтын, оны жұртқа жеткізетін жаршысы болатын! Бірақ, соңғы жылдары әйгілі жырау Абылайдың қатыгездік, жан шошырлық көп ісінен көңілі қалып, хан қиянатын ашық айта бастаған. Бұрынғыдай емес, хан ордасына да сирек көрінуге айналған. Жыраудың бұл қылықтары Абылайдың көңілін бөле беруші еді. Бұқар кедей болғанменен, сол кедей қалың бұқараға жұмсайтын құралы екенін хан жақсы түсінетін. Ал хан қанша айбарлы, қаһарлы көрінгенмен сол кедейлерсіз, «импрамсыз» ойлаған ісінің бірде-бірін орындай алмайтыны тағы оған мәлім.

Бір кезде осы білгір жырау Абылайды Россиямен қол ұстаспақшысың деп айыптаған. Соңынан, бұл одақтасу — қазақ даласын шүршіттен аман алып қалуға керек екеніне көзі жетіп, Абылайға бұрынғысынан да жақындай түскен. Енді оны бүкіл қазақ елінің басын қоса алар бірден-бір ханы санаған. Бірақ, ойлаған мақсатына жету үшін қандай қатыгездікке де болса дайын ханның кейбір қылығы кейінгі кезде Бұқарды шошытып, Абылайдан іргесін аулақ сала бастап еді. Кеше ғана Абылай бұрынғыларынан да сорақы, жан шошырлық қылмыс істеді. Ханға бағынғысы келмеген Қоңыраттың бес басты адамын ат құйрығына байлатып, айуандықпен өлтірді. Бұл қылмысты хан ауылдан аулақ жерде жасырын істеткенмен, жырау біліп қалған. Ашулы жырауды әлі де болса өз ордасына ұстамақ боп, Абылай оның алдына өз жылқысынан айдатып әкеп атақты боз айғырдың үйірінен бір жүйрігін сыйға тартқан. Мүмкін, сол сыйлығы теріс кетпеген болар, мінеки, үніне үш жүздің баласы тегіс құлақ салған Бұқар жырау қасында бір топ адамы бар, хан ордасына қарай келе жатыр...

Бірақ қырағы көз Абылай, Бұқар жыраудың астында өзінің бәз-баяғы топай торысы екенін анадайдан-ақ көрді. Бұл хан тартуына илікпеудің белгісі еді. Әдетте жырау ауылдың ту сыртынан домбырасын тартып, ел көңілін көтеретін көп толғауының бірін айта келуші еді. Бұ жолы оның бірі де жоқ. Таяу кеп, даяшы жігіттердің көмегімен аттан түсті де жақындай беріп ханға басын иді.

— Арсың ба, Абылай хан!

— Барсың ба, жырауым. Жолыңыз оң болсын!

— Бүкіл дала жылаған жұрттың көз жасыменен саз балшыққа айналыпты... Ат тұяғын әзер алып келді, алдияр!

— Ханға қарсы шыққан бүлікшілер өз жазасын алуға тиіс.

— Бүйте берсең, көп кешікпей, саған бүкіл қазақ даласы қарсы болып көрінер, хан ием...

— Менің орнымда өзің болсаң не істер едің, әулием?!

— Ата мекен жерінен су шығып па бұл жұрттың? Ең болмаса соны сұрамайсың ба, алдияр? Шетінеген хандықты қан төгумен желімдей алмайсың, Абылай.

— Астыңдағы атың жүрдек болса, қамшылаудың қажеті болмас еді... Тоз-тозы шыққан тобырдың басын қоса алмай-ақ өтетін шығармыз бұл дүниеден!

— Ханда қырық кісінің ақылы болмаушы ма еді?

— Бұл жұрт әзәзілдің тіліне еріп, жат елге көшпекші... Аруанадай азынап, апшымды қуыра бергенше, ақылың болса айтсаңшы, жырауым.

Он екі қанат ақ ордада кешке таман хан кеңесі басталды. Бұл шаққа дейін жағдай әбден анықталған-ды. Жан-жаққа жіберілген барлаушылар тегіс оралған. Қоқан ханы Қытай боғдыханына елші жіберіп, әскерінің негізгі бөлегін қазақ даласына қарай аттандырғаны белгілі болды. Әрине, мұны Қоқанның жас ханы шүршіттердің ақылынсыз істемегені де мәлім еді.

Қоқан әскері қазақ жасақтарынан анағұрлым көп. Бірақ сапа жағынан Абылайдың атты сарбаздарынан көш төмен. Оның үстіне бұлардың ішінде өз
бауырларына қарсы соғысқысы келмейтін қазақ жауынгерлері де бар.

Хан кеңесі Бөкей, Сағыр, Жабай басқарған Ұлы жүздің қолдары Қоқан әскерін Бадам мен Арыс өзендерінің бойында қарсы алсын деп шешті. Алғаш-қы айқастан кейін әскер кейін шегініп, Қоқан қолын өзімен бірге қазақ даласына қарай ерте беруге тиісті. Бұл кезде Елшібек сарбаздарымен толықтырылған Абылайдың өз гвардиясы Сауранды орағыта Ташкентке барып тимек. Қысқасы, Қоқан ханы қазақ жерін аламын деп жүргенде, қазақ әскері оның өз үйінде бүлік шығармақ. Ал Ташкентті қорғап, Абылай мен Елшібекке қарсы тұра алар сол тұстағы Шанышқылы мен Қаңлы руларын қазақ жағына шығару үшін, бір топ ақсақалмен Бұқар жырау аттансын делінді.

Абылай сауытын киюге ордаға кірді.

Қыз әлі кетпеген екен. Абылай оның жүзін қара көлеңке үй ішінде жөндеп көрмеген-ді. Енді сұқтанып қалды. Қыздың сұлулығы соншалық, оны қиып тас-
тап кетудің өзі де қиын еді. Қыздың аты хан аузына өзінен-өзі түсті.

— Сұршақыз, — деді Абылай, — айттырып қойған жерің бар ма еді?

Қыз ұзын кірпіктерін жоғары көтеріп, сопақтау келген үлкен көздерімен ханға жаудырап қарады.

— Үш жүздің ханына оның қандай бөгеті бар?

Қыз сөзі Абылайға тағы ұнады.

— Жарайды, Сұршақыз, — деді ол, — жорықтан аман-есен қайтсам, әкеңе қырық жетімді матап беріп, өзім құда түсем.

Қыздың сұрша беті ду етіп қызарып кетті, көзінде қуаныш сәулесі жарқ етті.

Абылайдың бойын бір орасан қуаныш билеп кетті. Осы жасқа келгенше талай ұзын етектіні жолықтырды. Бірақ оған біреуі де мұндай ұнап көрмеген-ді. Жігіт болып ат жалын тартып мінгелі, басынан өткізгені кілең жорық, ұрыс, талас. Алған әйелдерінің бәрімен де тек төсек үстінде танысты. Сұршақызбен де солай кездесті. Бірақ ол қартайғанда кез болған ең қымбатты қазынасы тәрізденді. Дәл осы сәтте «таңдаған қызымды ғана қатын етермін» деген жас кезінде берген серті есіне түсті. Абылай болмашы езу тартты. «Пешенеңе жазылса аспандағы аққу да аяғыңның астына түседі екен».

Сұршақыздың көзі тағы жарқ ете қалды. Жоқ, ол қазір түндегі Абылайдан зәресі ұшып қорыққан жас өспірім қызға ұқсамайды. Бұл енді айбарлы ханның сүйікті әйелі! Қиянат көрсеткен әлеммен атысуға бар сұлу!

Абылай сыртқа беттегенде, Сұршақыз бірге ере шықты. Қаптаған жұрттан ұялған жоқ, Абылайдың алдынан көлденең тарта берген тұлпарына ханды қолтығынан көтеріп өзі мінгізді.

Абылай еңкейіп Сұршақыздың маңдайынан сипады да, артына бұрылмастан, күтіп тұрған қолға қарай желе жөнелді.

— Қош бол, арысым, — деді күбірлеп, — сау барып, аман қайта гөр, қатерлі сапардан...

Сұршақыз кетіп бара жатқан қолдың соңынан көзін алмай ұзақ тұрды. «Ордадағы киімдеріңді алып кет» деп айтқысы келген Абылай нөкерлерінің бірі өктемдей басып қыздың жанына келді.

— Бикеш, — деді ол кекете, — бүгін хан төсегінде ұйқыңыз әбден қанған шығар. Енді үйіңізге қайта берсеңіз де болады.

— Кім ақұрық бастығы?

— Ақұрық бастығы Жамантай. Ал сізге бастық болуға мен де жараймын-ау деймін...

— Шақыр Жамантайды!

Жігіт бірдеме айтпақшы болып келе жатты да кілт тоқтады. Ханның бір түндік «жас иіс» қызметіне ғана жарап, сағы сынған қыздардың пішіндеріндей емес Сұршақыздың тәкаппарлана қалған келбетінен ол қыз басына «бақ құсының» қонғанын аңғарып, шошып кетті. «Осының өзі Абылайға ұнап қалғанның қай жағында, — деді ішінен, — көзі жәбір көрген жан сияқты емес, бір мол қуанышқа кенелгендей жалын атып тұр екен, кәрі неме, қатыны етіп алмаса нетсін».

— Жамантайды шақыр дедім ғой, мен саған!

Қыздың үні бұрынғысынан да ызбарлы шықты.

— Құп!

Нөкер Жамантайды тез-ақ алып келді. Сірә ол жолай өзінің ойын ақұрық бастығына жеткізген болуы керек, балуан денелі Жамантай жуаси келді.

— Не айтасыз, бикеш!

— Айтарым екі сөз. — Бірі — мына бейпіл ауыз жігітке, денесінің ең майлы жерінен қырық қамшы дүре соғыңыз.

Аңқау мінезді Жамантай шошып кетті.

— Ойбай-ау, онда ол атқа отыра алмай қалады ғой.

Қыз жымия езу тартты.

— Онда шалбарын шешіп, қалақаймен оңдап тұрып он рет ұрыңыз! Екінші бұйрығым: отағасым жауын жеңіп жорықтан қайтқанда алдынан шығуға, жүген-құйысқаны, ер-тоқымы ақ күмістен қақталған ақбоз жорға дайындаңыз!

Бұл сөздерді айтып тұрған Сұршақыз ханның ең сүйікті қосағы екенін түсінген Жамантай...

— Құп, айтқаныңыз орындалады, ханша... — деп басын иді.

...Үш күннен кейін Ұлы жүз әскерлерінің қоқандықтармен ұрысы Түркістан шаһарының күншығыс жағында басталды. Қоқан әміршісі әлім хан жұртты өзі ерте білгенменен, соғыс тәсіліне қанықпаған, әскери тәжірибесі аз жігіт еді. Божбан ауылдарына жіберген тыңшылары арқылы Абылай ордасында болған оқиғаның бәрін білген. Өзіне қандай қолдың қарсы шығатынын да естіген. Тек білмегені — Абылай мен Елшібек батырлардың төрт мың қолмен бір бүйірінен Ташкент шаһарына қарай өтіп кеткені ғана еді. Артында жау бар деп ойламаған әлім хан мен кәрі тарлан Ерден батыр бар әскерін Түркістан тұсына төккен. Алпыс сана қолға ие болған жас хан Ұлы жүз әскерінің бетін қайтарысымен, олардың соңынан қуып берді. Бөкей, Сағыр, Жабай басқарған жасақтар, көшпелі елдің ежелгі тәсілін қолданып, ұстатпай, құр шегінген де отырған. Тәжірибелі Ерден батырдың «бос қуа берудің қажеті болмас» дегеніне қарамай, жауынгерлерінің көптігіне сенген әлім қазақ жігіттерінің соңынан қалмаған. Сөйтіп олар өздерінің артқы шебінен тіпті алыстап кеткен.

Бұл кезде Абылай мен Елшібек басқарған төрт мың қол Ташкентке кеп тиді. Ташкент қорғаншылары қарсы тұра алмады. Бұлардың көбі хан әмірімен, күн көріс шаруасынан амалсыз қол үзген қала жатағы, жалғыз атты диқан, не болмаса әлі сойыл сілтеуді жөндеп үйренбеген, тек батырлардың кеу-кеуімен «шапқыншыларды қырып салмақ» болған бала жігіттер еді. Бұлар қазақ атты әскерінің тегеурініне шыдай алмай, шаһар кілтін Абылайға әкеп тапсырды.

Ал Түркістанды ала қоямыз деп лепіріп келген қоқандықтардың негізгі күші кенет шегінуін тоқтатып, табан тіресіп тұрып алған қазақ әскеріне төтеп бере алмады. Жан-жақтарынан жапа-тармағай сан рет ат қойса да, сай-салаға бекініп алған Дулат, Жалайыр, Үйсін жігіттері жауды маңына жуытпады. Қардай бораған садақ жебесі мен пілтелі мылтықтың оғына шыдай алмай, қоқандықтар жел үрлеген шөптей, кейін қарай сан рет жапырылды. Кейде тіпті қазақтың салт атты жауынгерлері өздеріне қарсы дүрсе қоя беріп, көп жігіттерін найзамен түйреп жер құштырды. Ұрыс осылай үшінші күнге созылды. Өздерінің көптігіне сенген қоқандықтар, енді ақырғы айқасқа дайындалған. Дәл осы сәтте «Ташкентті Абылай хан басып алыпты!» — деген хабар жетті. Бұған қоса «Бұқар жырау барып азғырып, Ташкент маңындағы Қаңлы ауылдары тағы қазақ жағына шығып кетіпті. Абылайға көмекке Арқадан көп әскер келе жатыр-мыс» деген суық сөз тарады.

әлім хан мен Ерден батыр Ташкентті Абылайдың алғанына көздері жеткеннен кейін, енді өздері қашуға мәжбүр болды. Әлім мен Ерден Абылайға елші жіберіп бітімге келуін сұрады. Абылай жұртты енді дүрліктіре берудің керек еместігін еске алып, тез-ақ бітімге келді. Бұл бітім сол бұрынғы бітімді күшінде қалдырды. Тек қоқандықтар осы жолғы соғыс шығындарын толық төлейтін боп келісілді. Және қарамағындағы қазақ руларынан алым-салық алмайтын боп уәделесті.

Осылай өздеріне тиімді бітімге қол жеткізіп қазақ жауынгерлері Қаратауға қайтты.

Шат-шадыман қалың қол. Борт-борт желген кілең сәйгүлік қазақы жылқы. Абылайдың ақ туын көтерген қалың қолдың алдында бір топ жас жігіттер.

Бұлардың мінгендері жал-құйрығы түйілген қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік, не болмаса құлан қандас бота тірсек сүліктен жаратылған будан. Олардан кейін Бұқар жырау, Елшібек, Сағыр, Бөкей, Жабай батырлар қоршаған хан Абылай. Астында омырауы салақұлаш, жотасы тақтайдай құйма тұяқ қара көк; қатты аяң майда желіспен әлде нені әңгіме етіп, қарқ-қарқ күліседі. Бәрінің де жүзінде шаттық, қоржындары тоқ. Тек бір-ақ адамның қас-қабағы жабыңқы. Әлсін-әлсін ұзын мұртының ұшын тістеп, әлдекімге азуын басып келе жатқандай, алға қарай сабырсыздана ентелей жортады. Анда-санда Абылайды ту сыртынан оқты көзімен ата қарайды. Бұл — морт мінезді, ханға деген ашуы әлі тарқамаған Қоңыраттың батыры Қаныбек еді. Қос батырдың біреуі жау қолынан жарақаттанып хал үстінде елге қайтқан. Қоңырат жігіттерінің алдында Қаныбек жал-
ғыз өзі. Соңындағы жігіттер бір-біріне сыбырлап қана сөйлеседі.

Тұтқыннан босанғаннан кейін көкейлерінде тек ел намысы, қайнаған
ағайынды қос батыр дереу Қоңыраттың ер жүрек жігіттерін жинап, Сағыр қолына кеп қосылған. Ал босануларына қарындасы Құндыздың себеп болғанын, оның Абылайдың төсегінде түнеп шыққанын білмейтін. Қос батырдың морт мінездерінен хабардар ауыл адамдары оларға Құндыз жайын айтуға қорыққан.

әлім ханмен кездескен ұрыста екеуі де ғажайып ерлік көрсетті. Бірі жараланып кейін қайтқан да, екіншісі — кіші батыры Қаныбек, ағасы Жаныбектің орнын жоқтатпауға тырысқан. Ерлігіне ерлік қосып, қан майданда жан аямай ұрысқан. Осындай қанқызу бір шайқаста, Қоңыраттың батыр жігіттері қашып бара жатқан қоқандықтарды соңына түсіп шоқпарымен көк желкеден дәлдей ұрып кезек түсіріп келе жатқан. Аты екпіндей жеткен Қаныбек біреуін енді ұрам деп шоқпарын ыңғайлай бергенде әлгі атынан қарғып түсіп, тұра қалған.

— әй, сауға! Жан сауға! — деген анау бұған отты көзін қадай.

Бұл — Ерденнің інісі Ералы еді.

Ералының жаман атымен, бұрыннан да таныс Қаныбек енді орасан долдана түсті.

— Көрсетейін мен саған жан сауғаны! — деді ол шоқпарын ыңғайлай түсіп. — Айта бер иманыңды, қара жүз!

Жау қолында өзінің жалғыз қалғанын көрген Ералы Қаныбектің аямайтынын бірден түсініп, енді жалынбай өлуге бел буды.

— Сатылған! — деді ол Қаныбекке удай ащы тілмен. — Жалғыз қарындасың Құндыздың абыройын сатып, Абылайдан жаның әрең қалып еді, мен сенен өткен қара жүз емеспін, мә, өлтіре бер!

Қаныбек шоқпарды қос қолдай сілтеді. Ералының басы быт-шыт боп, миы шашырап, денесі күрс етіп жерге құлап түсті. Қаныбек артына бұрылып қараған жоқ, Ералының жаңағы сөздері құлағынан кетпей, біреу жүрегіне қанжар сұғып алғандай, боп-боз боп дірілдеп, өз жігіттерінің жанына әзер жеткен.

Сол күні өзінің бір сенімді жігітінен ауыл ақсақалдарынан «ел жақсылары» Құндызды Абылай төсегіне апарып салғанын, Құндыздың оған қарсы болмағанын, ертеңіне Абылайдың бұларды босатыңдар деп бұйрық бергенін білді. Енді оның жүрегіне намыс, ашу қорлану — бәрі жиналып, жыландай қадалды. Жұрт бетіне қарай алмай, сол күні түнде жігіттерінен бөлініп жеке қонып шықты. Сол күннен бастап ешкіммен де сөйлеспей, ашуға булығумен болды. Намыстанып, жаны күйінген Қаныбек бір мезет Абылайды жарып өлтіруді ойлады. Бірақ онда мына жұрт жүндей түтіп, хан төсегіне барған ұятсыз Құндыздан кегімді ала алмай қалармын деп сескенді. Абылайды өлтіруді ол енді соңына қал-
дырды.

Күн бата қалың қол Қазықұрттың етегіне таяды. Жігіттері жауды жеңіп келе жатқанына қуанышты Қаратаудағы қалың елдің ақсақалдары мен қыз-бозбаласы алдынан шықты. Екі жақ таяй бергенде, Қаныбек ауыл жастарының алдындағы ақбоз ат мінген қарындасы Құндызды көрді. Ералының айтқан сөздері құлағының түбінен ап-анық естіліп, жүрегі тағы да удай ашып кетті.

— Абыройын сатып масқара болған азғын қарындасыма да өлім! Момын елді қан қақсатқан, хан Абылай, саған да өлім! — деді Қаныбек іштей, қанды үкім айтып.

Көп ішінен тұрып атсам жазықсыз біреуге оғым тиіп кетер деп, ол жасақ шетінен бір бүйірлеп оңаша шыға берді. Бұған ешкім бәлендей көңіл де бөлген жоқ. Желе жортып келе жатқан екі топ біріне-бірі таяу кеп тоқтады. Ауыл тобынан ақ боз ат мінген Сұршақыз ғана алға қарай қозғалды. Сірә, жеңіс иесі Абылайды құттықтамақ болуы керек. Бірақ ол аузын ашып та үлгірмеді, ысылдай кеп қадалған қозы жауырын оқ оны ат үстінен жерге ұшырып түсірді.

— Ал енді екінші жебем, Абылай хан саған! — деді әскердің бір бүйірінде оңаша тұрған Қаныбек қорамсақтан сауыт бұзар оғын алып. — Содан кейін, ақ семсер, сен малынарсың өзімнің ыстық қаныма!

Қаныбек садағын оқшау тұрған Абылайға кезей берді. Бірақ тартып қалуға үлгірмеді. Өзінің сол жақ қолтық тұсынан кеп қадалған сүйір ұшты қайың оқтан теңселіп барып ат жалын құша құлап кетті.

Сұршақыздың оққа ұшқанын аңғарып қалған Абылай, жалт бұрылғанда, қыз ағасы Қаныбектің де жерге құлағанын көрді. Атынан түсіп қыздың қасына барды. Бір тізерлеп отырып, қыздың әлі нұры сөніп бітпеген қарақат көздерін жапты.

— Кім атты Сұршақызды? — деді айналасына қарап.

— Ағасы Қаныбек батыр, — деді күзет бастығы.

— Неге атты?

— Білмедім.

Хан құлап жатқан Қаныбекке қарады.

— Ананы кім атты?

Бұл кезде жасы мосқалданып қалған Қапан мерген алға шықты.

— Мен.

— Неге аттың?

— Егер мен оны атпағанда, ол сізді ататын еді. Садақ жебесін сізге қарай меңзеді.

Абылай бұл оқиғаның мәнісін енді түсіне бастағандай болды. Жүрегі алай-түлей боп өртеніп, Сұршақыздан айрылып қалғанына қатты өкініп тұрса да, тіс жарып сыр бермеді. Тек әлден уақытта барып:

— Жер ортасына келгенде бір қуанышқа жеттім бе деп едім, құдай, оны да қимадың ғой, — деді күбірлеп.

Жұрт айбарлы Абылайдың сақал-шашы бозарып, мүлдем қартайып қалғанын жаңа байқады. Кенет оның үлкен қанды көздері жарқ ете қалды.

— Жігіттер, екеуін бірдей ардақтап қатар қойыңдар! — деді жігерлі үнмен. — Тағдыр осылай шешкен тәрізді...

Ағалы-қарындасты екі жас бір зиратқа қатар жерленді... Осы уақытқа дейін Түркістанның күншығыс жағында «Құндыз төбе» деген төмпешік бар. Бұл екі жастың қабірі.

...Ұлы жүздің басты рулары қатынасқан, жеңіске арналған атаулы той болды. Осыдан екі жеті бұрын ат құйрығына байланған жігіттің туысы, кеше ғана қаза болған Жәнібек, Қаныбек пен Құндыздың туған нағашы ағасы Қоңырат руының араларында ештеңе болмағандай, ақсақалы Нұрғазыға Абылай қымыз құйылған күміс кесені өз қолымен ұсынды.

Сонан соң тоқсанға келсе де әлі тұғырдан таймаған Бұқар жырауға қарады.

— Адам дегеннің қандай екенін ұқтың ба, жырау... Қан мен жасқа бөлесең ғана олар сені жақсы көре бастайды!..

— Көп кешікпей, тағы да жаман түс көреді екенсің, хан Абылай!

Хан мен ақынның арасында бұл әңгіме ұзақ жылдан бері келе жатқан таластары еді...

...Хан ордасы орнаған теріскейдегі Көкшетауға қарай қалың қол алдында хан мен жыршысы келе жатыр. Көптен бері бұл екеуінің бір сапта қатар жолға шыққаны осы. Жасы ұлғайған сайын Абылайдың мінезі қатулана түскен. Ханның мінезі қатуланған сайын Бұқар жырау одан алыстай бастаған. Бір кезде ақылшым деп көкке көтерген Бұқар жыраудың сөзіне, соңғы жылдары, хан құлақ қоймайтын болған. Сөз қасиетін жоғары бағалайтын Бұқар жыраудың мінезі, кейде ханның қитығына тиіп, кейітіп те тастайтын. Жырауды әдейі ашуландырғысы келгендей оның көзінше Абылай бұрынғыдан ары ширығып қатая беретін.

— Иә, адам деген осындай, — деді Абылай, жаңа ғана үзіліп қалған ойын қайта жалғап. — Бір сомын тартып алып, он тиынын қайтарып берсең жұрт сені әділетті билеуші санайды!

Бұқар жырау ханға көз қиығын аударды да қойды.

— Қартаяйын деген екенсің, Абылай.

— Сенен кәрі емеспін ғой.

— Мен ондай кәрілікті айтпаймын, алдияр... Адам деген ақ пейіл, сенімпаз келеді... Оның бұл қасиетін күлкі етуге болмайды.

— Бұл сөзіңе қарағанда, мен емес, өзің қартайып қапсың...

— Жоқ, мен бұрынғымнан ақылды бола бастадым...

— Мен де, жырауым!

Бұқар жырау бұрылып артына қарады. Біраз жұрт ауылдарының тұсына келгенде бөлініп кетіп, соңдарында азғантай ғана жігіттер қалыпты.

— Біздің сөзімізді ешкім естімейді, Абылай... Оңашада сұрамақшы едім, айтшы... Божбандарды неге ат құйрығына байлауға бұйырдың? Оларды саған қарсы қоймақ болған өзіңе жақын адамдары еді ғой. Және Божбандар Қоқан хандығына дәл бүгін көше қоямыз демеген-ді. Ел арасы елегізи бастағаны рас. Жел сөзге еріп қопарыла көтерілуі де мүмкін еді. Ал сен... Ақылшы жіберіп тоқтау айтудың орнына, қамыс арасына жігіттеріңді тығып қойып, әлім ханға тілдесуге бара жатқан адамдарын ұстап алдың. Сосын Божбан атаулының бәрі осындай деп, бықпырт тигендей еттің. Неге бүйттің?

— Бұның бәрін сен қайдан білесің, жырауым?

— Білмей... Елу жылдан бері мен сенің мінез-құлқыңа, айла-тәсіліңе қанықпын ғой, алдияр.

— Қанық болсаң... Жаңа өзің айттың ғой, ел арасы елегізи бастады деп... Бүгін елегізсе, ертең ереуілге шығады. Өзгеге үлгі болсын деп жазаладым.

— Жоқ, бұл үлгі емес, күйік... Күйіктен ел қартаяды, еңсесі түседі...

Екеуі біраз уақыт үндемей қалды. Абылайдың тұнып келе жатқан көздерін-
де кенет бір ұшқын пайда болды. Даусы да жас жігіттің даусындай мығым шықты.

— Қу қатын-патша бекітпегенмен, айтшы, жырау, осы жұрт мені Үш жүздің ханы деп санай ма?

— Иә, сені «Үлкен Орда» ханы санайды! — деді жырау ханның бұл сұрақты неге бергеніне түсінбей.

— Онда мынаны түсінші... Мен ат жалын тартып мінгелі, ажалдан қорқып көрген жоқпын. Досымды да, қасымды да аяуды білген емеспін. Біреуін ат құйрығына байлап өлтіріп, біреуіне оқалы шапан жауып, мадақтай көтеріп, өзіме серік еттім. Соның бәрін тек хан болу үшін істедім бе? Иә, солай-ақ делік... Ал сонда сол дәрежеге мен неге соншама құмарттым?

Бұқар жырау атының басын бұрып алды.

— Иә, бәсе неге?

— Өзгеге үстемдігіңді жүргізіп, мерейің жоғары болу үшін дейтін шығарсың. Жоқ, олай емес. Оған жай хан болсаң да жетеді.

Абылай кенет тұнжырай қалды.

— Жарайды, бұның жайын басқа күні, сыр пернесін тағы бір қайғы шерткен күні айтармын. Ал қазір...

— Иә, қазір?

Абылай езу тартты.

— Баяғыдан бері менің сойылымды соғып, қартайғаныңда өз ісіңнен өзің қорқып қалдың ба, жырауым?.. Өткен іске өзіңді өзің қинамай-ақ қой. Оданда менің мына сұрауыма жауап берші... Бастары қосылмай кеп, «Ақтабан шұбырындыда» кеуегінен қашқан қояндай сасып, жартысынан көбін жоғалтқан бұл елге қандай адамның хан болуы керек еді. Былбырап аққан ыстық қан иісінен жүрегі айнымайтын, қатал басшысы болмаса, сұрқия заманда жан-жағынан қаптаған жауы даласын аткөпір етіп, өздерін әр жотаның етегіне төбе-төбе қып үйіп кетпесіне кім кепіл еді? Сонда қазақтан не қалар еді? Осы сұрағыма жауап бер, әулие жырау...

Бұқар жыраудың да көңілі орныққандай. Ол тіпті Абылай жаққа мойнын да бұрмады. Айдалаға сөйлегендей мылқау үнмен:

— Иә, өзің айтқандай, керек кезінде қатал болмағаныңда, мен сенімен бүйтіп қатар келе жатпас едім, — деді. — Рас, өмір бақи сенің ісіңді көтермелеп келдім. Ол шежіре ғой. Ал әңгіме қазір шежіреде емес, басқада. Оны өзің де жақсы білесің.

— Тоқтама, жырау, айта бер!

— Жоңғар, Қытаймен соғысып, Қоқан хандарының бетін қайтарғанша, сен жұртты бірімен бірін өшіктіріп, не орынсыз өлімге бұйырып көрген жоқсың... Ботақанды тірідей көрге көмгеніңді де ұмытпаған шығарсың, Абылай. Жұрт ол қылмысыңды да кешірді ғой. Иә, сен ол кезде бар болғаны сұлтан едің, бес мың адамның саған күші жететін еді. Әлде алдарынан көтерілген қазаның мен сабадағы қымызың сені құтқарды деп ойлайсың ба? Жоқ, Абылай. Жұрт қонтайшыға қарсы шығатыныңды түсінді. Сол заманның шындығы сенің жағыңда екенін ұқты. Су тасығанда сең ұрған балықтай есеңгіреп қалған ел, өзінің көсемін іздеді. Бәрінің басын қосатын ер-азаматын іздеді.

Сол ер-азамат, тар жол, тайғақ кешуде жұртын аман алып шығатын ер сен ғана боп көріндің ол күндерде.

— Ал содан кейін не болды?..

— Содан кейін... Батыр Баян қаза тапты.

— Иә, айта бер... не демексің, жырау?

— Туған інісі Ноянды өлтіргені үшін, бұл жалғаннан кеткісі келген жоқ. — Бұқар жырау алыстағы көкжиекке қарай сөйледі. — Батыр Баян саған қатты сенген-ді. Ал сен болсаң Қашқар мен Құлжадағы қазақ, ұйғырдың ереуіліне көңіл бөлмей, Алтынемелді тастап, кейін шегіндің. Батыр Баян бұны опасыздық деп санады. Өмір сүрудің оған енді еш маңызы жоқтай көрінді. Көрер көзге өлім іздей бастады. Бұндай жағдайда ешкім еш нәрсені білмейді деп ойлау әміршілердің әдеті ғой.

— Қытайға қарсы соғысар бізде күш болмағанын білмейтін бе едің, жырау?

— әйткенмен, ереуілге шыққан елдің біразын сақтап қалатын едік. Бізден қауіп ойламаған Чжао Хой мен Фу Де бүкіл шығыс Түркістанды қан-жоса етті...

Абылай мысқылдай езу тартты.

— Менің шегінгенімді жұртқа өзің дәріптеп едің ғой!

— Бұл қу заманда менің еріксіз дәріптегендерім аз дейсің бе...

— Тағы нең бар, айтып қал, жырау?

— Ал сен Алтынемелден тек хан болу үшін шегіндің. Содан кейін-ақ жолың, соңыңнан ерген елдің болашағынан екі айрылды, ханым!

— «Болашақ?» — Абылай басын шайқады. — «Болашақ» деген не?.. «Ел» деген не? Мұндай сөзді менің арғы бабам, жер шарының тең жартысын жаулап алған ұлы Шыңғысхан білген емес.

— Ал өзің ше?

— Білмесем... Арманым мен өксігі мол елу жылымды ат үстінде өткіз-
бес ем.

— Шыңғысхан да бар өмірін жорықта өткізген. Бірақ ол бабаңның жаулап алған жарты әлемі қайда, Абылай? Бізге қалдырған мұрасы — тек жанталаса алысу ғана емеc пе... «Болашақ» дегеннің не екеніне енді түсіндің бе? Ал ел ше?... «Ел» деген ешуақытта да еш нәрсені ұмытпайды. Оны «алдадым» деп тек хандар ғана ойлайды, Абылай...

— Мен еш уақытта халықты алдаған емеспін.

— Соңғы жылдары сен халықты жиі алдай бастадың, Абылай. Сенің жасағың бұрынғыдай өз жерін ғана қарап отырған жоқ, бөтен елдердің жерін тартып алу әрекетіне де кірісіп жүр. Біресе қарақалпаққа, біресе қырғызға, өзбек қалаларына жорыққа шығасың. Дегеніңе көнгісі келмеген қазақ руларын да шабасың...

— Осының бәрін сол қазақ елі үшін істеп жүрген жоқпын ба?

— Жоқ, халыққа одан келер пайда шамалы. Басқаны қойып, Жайық қырғынын ғана есіңе салшы...

Сол қырғында қырылған қырғыз жігіттері көз алдарына елестеп, екеуі де бір мезет үндей алмай қалды. Қырғыз манаптарының қазақ ауылдарын оқтын-оқтын шауып, малын барымталап маза бермегенін сылтау етіп, Абылай қалың қолмен кеп, Туро өзенінің бойын жайлаған қырғыздың Солты руының көп аулын шапқан. Күтпеген жерден жауға төтеп бере алмай қырғыз ауылдары Шу бойы-
на қарай босқан. Шу қойнауындағы Қызылсу мен Шамси өзендерінің түйіскен сағасында үлкен ұрыс болған. Осы қан төгісте қолға түскен қырғыз ауылдарын Абылай Сарыарқаға айдап әкеп, Есіл мен Нұра бойына орналастырған. Осы күнгі қазақ жеріндегі «Бай қырғыз» бен «Жаңа қырғыз» рулары солардан қалған-ды.

— Содан кейін қырғыз барымташылары қазақ ауылдарына беттеуді қой-
ды ғой, — деді Абылай, — сол жолы Шату асуынан өтіп, қырғыз ауылдарын шапсам, оным — қырғызбен көршілес қазақ елінің тыныштығын ойлағаным емес пе?

— Қарғыс атсын ол күнді! — деді Бұқар жырау екі қолын жоғары көтеріп. — Қайта оралмасын, өшсін қарасы сол қалпымен!

— Неге?

— Жайыл ойпатында достық емес, қастық туды!

— Біз біресе жоңғарлармен, біресе шүршіттермен қырылысып жатқанда, қазақ ауылдарын әлсін-әлсін шауып маза бермеген сол манаптар емес пе еді?

— Иә, қырғыздың манабы мен қазақтың ханына атақ, мал-мүлік, төлеңгіт, құл керек болды. Бірақ одан кім зиян көрді? Қылшылдаған алдаспан жазығы жоқ қара бұқараның басын қара жерге домалатты. Бұны да сендер сол жазығы жоқ жігіттердің қолымен істедіңдер! Сол себептен де бауырлас екі елдің арасына қастықтың уын қандарына сіңіруге тырыстыңдар. Құдай бұндай қырғынды өзге халықтардың басына бере көрмесін! Өшпенділік уы енді ұрпақтан ұрпаққа кетсін дедіңдер, күштілер. Сөйтіп қастық өрши беруін тілейсіңдер. Бізге ең жақын қырғыз халқы еді. Сол халыққа өнеге болар артыңа не қалдырып барасың? Қалдырғаның — Жайыл қырғыны ма?

— Ол қырғын да ұмытылмас дейсің бе, жырау?

— Ұмытылады, неге ұмытылмасын, ол үшін...

— Сөйле жырау!

— Ол үшін жер бетінде хандар мен манаптар болмауы керек.

Абылай езу тартты.

— Ел еркесі жыраулардың тек болғанды ғана емес, болмайтын жайды да айтуға қақысы бар. Сөйле! Маған тағы қандай айып тағасың!

— Бес батырын ат құйрығына байлап өлтіргеніңді Қоңырат жігіттері кешеді деп ойлайсың ба?

— Мен өлмей тұрып, ешкім оған құн сұрай қоймас!

— Сен де мәңгі-бақи тірі тұра алмайсың. Абылай? Кесілген теректей бір күні сен де құлайсың. Сонда денең бұзылып бітпей-ақ қанмен желімдеп құрған хандығың ыдырай бастайды. Со кезде бар айыбың, су жыланның басындай шошайып-шошайып шыға келеді. Сенің сүйегің қурап қалса, заман осылай тұра берсе, Божбанның жетінші ұрпағы бес батырының қалай өлгенін ұмытпайды. «Болашақ» дегенде менің айтарым осы, Абылай. Төгілген қанды қалай жапсаң да бәрібір шүберектің бетіне шығады. Заманымыз дүрбелең болды деп, дөрекі іске жол беру күнә. Қиянатты істеу жеңіл, жою қиын. Ал сол қиянатты өрбітіп жүргендер кімдер? Мына сен, хан Абылай. Кіші жүздің ханы Нұралы, Қоқан әмірлері, Қырғыз манаптары. Патша мен боғдыхандар!

— Сонда мені мадақтаған толғауларың жалған болған ғой?

— Ол толғаулардың бәрі сенің ұстаған жолыңа сенгендіктен туған. Бірақ менің сол сенімімді ақтамадың, Абылай!

Екеуі тағы біраз уақыт үндемей қалды. Күн батуға айналғанда, Абылай атының басын тартып, қолдың қонатын жерін көрсетті. Бұл бір құрақты қара судың жағасы еді. Жігіттерінің хан шатырын қалай тігіп жатқанын Абылай бір мезет қарап тұрды да тағы Бұқар жыраудың қасына келді.

— Сен айтқан пәлсапаларды емес, басқа жәйттерді ойлаудамын, — деді ол бір түрлі қажыған кейіппен, — қиянат пен әділеттік, зұлымдық пен жақсылық. Бұның бәрі мен бастаған іс емес... Ойға қалдырған басқа дүние. Хандығың берік емес дедің — бұл сөзің шындық. Бірақ менің хандығымның осалдығы қанмен желімделгенінен емес...

— Сонда неде?

— Орыстың Омбы тәрізді қалаларында талай рет болғанымды өзің де білесің. Сол қалаларға келісімен күзетшілерімнен бөлініп, көшелерін жеке аралайтынмын... Жан-жағыма қарап, көргенімді ойға сап ұзақ жүретінмін. Орыс қалалары біздің шығыс елінің көшелері қыңыр-қисық Бұхар, Хиуа, Самарқант секілді емес... Көшелері түп-түзу, кең, бірі мен бірінің арасы мөлшерленіп бөлінген.

— Онда не тұр? — деді Бұқар жырау. — Самарқанттың көшелері тар, қисық болғанменен Ақсақ Темір зиратының, Биби ханум мешітінің қайда екенін тауып баруға болады ғой...

— Жоқ, мәселе онда емес, басқада. Шыңғысхан әскері несімен күшті боп еді, есіңде бар ма?.. Өзінің тәртібімен, іріктеліп құрылған санымен күшті емес пе еді. Әр түменде он мың жауынгер болған. Әр жауынгер өзінің орнын білген. Бүкіл әскер сол қалпымен жүріп отырған. Әр сыпай жанындағы көршісі жа-
йында жауапты еді. Осылай темір тордай боп қатып қалған қалың қол Шың-
ғысхан тірі кезінде шебін бұзбай шабуыл жасап, бүкіл әлемнің тең жартысын жаулап алған. Ал ұлы хан өлісімен алдымен түмендер тәртібі бұзылды, біріне-бірі кесірін тигізе бастады...

— Иә, сосын?

— Шыңғысханның тәртіпті, мызғымас түмендерінен қорыққан басқа халықтар енді өздерінің өмірін сол Шыңғысханның түмендеріндей қатал тәртіппен құра бастады. Тіпті көшелерінің арасына дейін өлшеп қойғандай. Міне, бұл елдердің күштілігі қайда жатыр! Болашақтары да осында! Барлығы белгіленген, мөлшерленген! Егін еккен, қала салған. Қаласынан да, егінінен де ешкім қашып кете алмайды. Төрт тағандап жерге жабысып қалған. Жердің үстін былай қо-
йып, астына да кіріп барады. Өскеменде көрдім, үстіндегі топырағын аршып, астынан темір мен қорғасын алып жатыр. Сол темірден зеңбірек пен соқа құяды. Ал біз болсақ малымыздың соңынан құла түзде қаңғып жүрміз. Даламыз үлкен деп мақтанамыз. Бірақ ол да қаншаға барады дейсіз. Көршілеріміз бізді жан-жағымыздан қысып келе жатыр. Егер егін егіп, қала салып, кен қорытып үйренбесек, түбі құрып кетуіміз де ғажап емес.

— Ертегіге айналған сонау көне заманда қазақ жерінде де қала салынып, егін егілген, — деді Бұқар жырау. — Сосын сенің бабаң Шыңғысхан келді, көш соңынан шұбатылған шаңдай біз де соңынан ердік. Сол күннен бастап дүние әлем-тапырық боп, шатысып, кетті ғой...

— Ұлы бабам қиратқан қалаларды, мүмкін, маған қайтадан тұрғызу керек болар?

— Орыс қалаларынан неге көзіңді алмайтыныңды енді түсіндім! — деді Бұқар жырау. Оның көзқарасында әрі таңырқағандық, әрі қобалжығандық бар еді....

Үлкен Орда ханы Абылай, осы кезде Омбы генерал-губернаторы бұнымен келіспей хан ауылының жазғы жайылымдарының бірі Зеренді көлі мен Сандықтау маңында жаңа бекіністер салып жатқанын естіді. Және дәл осы кезде «Россия» империясының іші бұлқан-талқан боп бүлінуде екен!» — деген хабар жеткен. «Өлді деген орыс патшасы Үшінші Петр тірі боп шығыпты. Ол қазір Жайық қазақ-орыстарын бастап Петербургке қарсы шығыпты. Петербургті алып, қайтадан таққа отырмақ екен. Оған башқұрт, мордва секілді бұратана ұлттар да қосылыпты».

Ақ патша басына күн туғалы тұрған осы аласапыран мезгілді хан пайда-
ланғысы келді. Жаңа ғана ауыл-ауылдарына қайтарылған қазақ жігіттері қайтадан жиналсын деп, жан-жаққа ат шаптырды. Қол жиналысымен Көкшетау, Қызылжар қалаларына аттанбақ болды. Бұл хабарды естіген Орынбор гене-
рал-губернаторы да өз әскерін қазақ даласының шетіне әкеп, тойтарыс беруге
дайындалды. Бекіністердің қабырғаларына зеңбіректер орнатылды. Бұл зеңбіректердің біразы қазақ жігіттері шабуыл жасайтын далаға қарай қойылса, қалғанын бүгін болмаса ертең Пугачевтің барлаушылары келетін тұсқа бекітті. Ереуілге шыққан Пугачев жасақтары Жайық бойындағы, Орынбордан басқа бекіністерді түгел алған хабары естілді. «Жаңа патшаға башқұрт ауылдары да қосылып жатыр екен!» деген «ұзын құлақ» бүкіл қазақ даласын шарлап кетті.

 

 

... Иә, орыс патшасына кеткен жерлері мен оның сол жерлерге салған қалаларын алуға бұл бір ыңғайлы кез еді. Бекіністерінде шамалы ғана гарнизондары бар орыс қалаларының, көп жылғы соғыста әбден шыныққан Абылайдың атты әскеріне төтеп беруі екіталай болатын. Оның үстіне бұл гарнизондардағы солдаттардың өздері де «қатын патшаға» деген наразылығын жасырмай, ашық айта бастаған. Күн сайын әскер арасынан Пугачев жасақтарына қашушылар да көбейген.

Абылай, жорыққа шығу алдында хан кеңесін шақырмақ болды. Осы кеңесте өзін Үш жүздің атынан қимылдауға рұқсат алуды басты мәселе етіп қоюды ойлаған.

Бірақ хан шешімі күрт өзгерді. Оған себеп болған Жайық жағасында бір төлеңгіттің әкелген хаты еді. Бұл хатта Жайық бойының бір топ батырлары Арқа жігіттерін күреске шақырған. «Орыс бекіністерін талқандап, жасақ боп құралып, Жайық бойындағы жаңа патшаға келіп қосылыңдар — деген бұл хатта. — Жаңа патша орыс, қазақ, башқұрт, татар басыбайлы құл, хан төлеңгіті демейді, бәріңді бірдей бостан етеді».

Хан нөкерлері хатты таба алмаған, бірақ төлеңгітті ұстап Абылайға алып келген.

— Кімсің? — деген хан оның бетіне тесіле қарап.

— Төлеңгіт ханға басын да иген жоқ. Танау шеміршегі жұлынған, кең маңдайына темірмен күйдіріп басқан «ұ» деген әріп бар. Бұл «Ұры» деген сөздің белгісі. Мұндай таңба тәртіп бұзған, не қашуды ойлаған тұтқындарға патшаның кен шығаратын орындарында салынатын.

— Танымай қалдың ба мені, Абылай хан?!

Абылайға төлеңгіт даусы таныс секілді көрінді.

— Өздерін өздері батыр деп атаған алаяқтардың хаты қайда?

— Батыр деген ат әкесінің дәулетімен бірге келмейді, жігіт адам қан майданда ерлік көрсетіп өзі алады! — деді төлеңгіт кекете күліп.

Абылай жігітті енді таныды.

Бұл баяғы жалғыз көз Орақтан тараған Қияқ пен Тұяқ құлдардың ұрпағы Науан ұстаның жалғыз баласы Керей еді. Ол Бөгенбайдан кейін де талай қанды ұрыстарға қатысқан. Еңіреген ер бола тұрса да, ақырында хандарға еріп, адам баласы бірін-бірі аямай қырған жорықтардан жүрегі шайлыққан. Сөйтіп ол жылқы баққан ауылдың бостан жігіті боп отырып қалған. Бірақ өмірдің қиянаты оны қайтадан қанды тартысқа алып келген. Бірақ бұл жолғы тартыс өзгешелеу еді. Күндердің күнінде уақытында ханға деген гараж-қаражатын төлей алмай, ол бір сұлтанға бес байталға төлеңгіттікке сатылған-ды. Бір күні бұның жасөспірім қызын сұлтанның зорлап жатқан үстінен шығып, оны қанжарымен жарып өлтірген. Абылай ісін қарап, кісі өлтіргені үшін, патша үкіметінің қолына берген. Ал патша соты күміс шығаратын жерге каторгаға айдаған...

— Иә, қайдан жүрсің, жылқышы Керей! —деді Абылай, — өзің секілді кісі өлтіргіштер барып қосылып жатқан жаңа «орыс патшасы» кім?

Керей тісін ақсита күлді.

— Жай кісіні өлтіру обал. Ал сұлтанды өлтіру — сауап. Алла тағаланың өзі ондай күнәңнің тең жартысын кешеді.

— Бүкіл күнәңді кешу үшін не істеу керек?

— Ханды өлтіру керек! — деді Керей сабырлы үнмен.

Тақымына қыл бұрау сап қинағанмен, Керей Пугачев батырларының хатын кімге бергенін айтпады. Келесі күні оны асау айғырдың құйрығына байлап, азаптап өлтірді. Сол күні түнде хан төлеңгіт аулының жүз елу жігіті Пугачев ереуілшілеріне қосылмақ боп қашып кетті. Олардың ішінде Керейдің ер жетіп қалған екі баласы да бар. Ертеңіне мың жарым нөкерімен қашқындарды Абылайдың өзі бір кішкентай өзеннің жағасында қуып жетіп, алдына сап айдап қайтуға қоршай бергенінде, кенет гүрсілдеген мылтық дауысы шықты. Бірден он шақты нөкері оққа ұшқан Абылай амалсыз қамысты сайға барып тығылды. Жаңа салынып, жатқан бекіністің бір рота солдаты офицерлерін өлтіріп, қазақ жігіттерімен бірге Пугачев әскеріне қашқанын хан артынан естіді.

Амал жоқ, бұларға шегінуге тура келді. Абылай Ордасына қайтып келгеннен кейін, орыс бекіністерімен шектесе отырған Қарауыл руынан жорыққа шақырылған жігіттердің тең жартысы келмегенін білді. Ауыл билері мен ақсақалдары Абылайға «кедей біткеннің бәрі орыс ереуілшілеріне қосылып кетті» деп хабар берді. Осы күннен бастап хан төлеңгіттерінен де күніне екі-үш адам жоқ болып отырды. Кешегі «кәпір» деп өздері қорқытқан орыс қара шекпендеріне ауыл жігіттерінің еркімен барып қосылып жатқанын көрген сұлтандар енді зәре-құттары қашып сасайын деді. Жұрт қаһарынан қорыққан кейбіреулері орыс бекіністеріне тығылды...

Бір жеті бойы Абылай хан ордасынан шықпай қойды. Бір нөкерін Омбы генерал-губернаторына, екіншісін Орынборға шаптырды. Үш жетіден кейін Абылай мен Нұралы Тобыл өзенінің жағасындағы бір шағын бекіністе кездесті. Бұл мәжіліске Орынбор мен Омбыдан келген орыс офицерлері де қатынасты.

Осы мәжілістен кейін Абылай мен Нұралының жасақтары бүкіл қазақ даласын шарлап өтті. Пугачев көтерілісшілеріне қосылмақ боп қашып бара жатқан қазақ жігіттері мен орыс солдаттарын лек-легімен ұстады. Оларды мойындарына арқан байлап сүйретіп, орыс бекіністеріндегі кәрі қылыш офицерлеріне апарып тапсырды. Жарты сағаттан кейін бұлардың бастары кесіліп, «кімде-кім бүлікшілерге қосылғысы келсе, осылай өледі» деп бекініс қабырғаларына қойылды.

Абылай мен Нұралы арнаулы жасақ шығарып, көтеріліске қосылған ауылдарды шапты. Бұл жасаққа патша үкіметіне адал қызмет істеп келе жатқан қазақ мырзалары мен орыс ұландары бірігіп, қазақпен көршілес башқұрт ауылдарын да ботадай боздатты. Сонда тоқсан үштегі Бұқар жырау ашуланып, өзінің:

 

Абылай-ау, Абылай,

Момынға келіп бек болдың...

 

деп басталатын атақты толғауын айтып еді.

 

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басыңа мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба.

Күніңде мендей жырлайтын

Тоқсан үште қария

Енді де саған табылмас

 

деп бітетін, орыс халқымен достасуға шақырған жыры бүкіл қазақ еліне тарады. Бұл толғауға құлақ қойған жайлаудағы жылқышы, күзеттегі жауынгер енді қашқын орыс солдаттарын ұстап берудің орнына, Абылай нөкерлеріне «ел арасын бұзғалы жүрсіңдер» — деп, өздеріне тап беруді шығарды.

Ел арасында Абылайға деген наразылық туа бастады. Хан жасағына келіп қосылудан гөрі, қазақ жігіттері Жайықтың арғы бетіндегі Пугачевтің белгісіз батырларының қол астына қашты. Бүкіл қазақ жерінде түнде жанған оттар көбейді. Ол отты қоршай отырған ереуілшіл жігіттердің қосылып салған әндері жиі естіле бастады. Оларға Пугачев көтерілісінің хабарын жеткізгелі асыға шапқан салт аттылардың дүбірі келіп ұласты.

Сондай күндердің бірінде Бұқар жырау Бурабай көлінің жағасында «Абылай алаңы» атанған жердегі хан Ордасына келді. Жыраудың Абылайды білгеніне жарты ғасырдан асып кеткен-ді. Жоңғар қолына «Абылайлап» жеке шапқан жас жігіт әлі күнге дейін жыраудың есінде. Жігіт ағасы болып Қалден Церенге тұтқынға түскен Абылайды да жырау ұмытқан жоқ. Бетінің тамыры бір бүлк етпей, адам қанын белшеден басып жүрген бүгінгі Абылай да жыраудың көз алдында. Осының бәрін білетін жүзге келген жырау Абылайдың дәл қазіргідей құты қашып, әбігерленген кезін көрген емес. Қартая бастаған хан, қарсы алдындағы бір затқа көзі тұрақтамай, қолындағы қамшысын білеп жұрттың апшысын қуырып жүр.

Хан аулының ақ үйлері әлдеқашан жығылған. Сары атан, қара інгендерге әлдеқашан артылған. Көш алды қозғалып та кеткен. Күнгей жаққа қарай айдалған үйір-үйір жылқылар мен қотан-қотан қойлары да әлдеқашан Көкшенің хош иісті қырқа белестерінен асып үлгірген. Бұл әбігер — хан аулының көшу әбігері. Осыдан үш күн бұрын Абылай хан Ордасын елімнің көне астанасы Түркістанға көшірем деп жариялаған. Сол сағаттан бастап хан ауылы әбігерге түскен. Төскейдегі жылқыға, жеке қонған ағайын-туысқа хабаршы шапты-
рылған.

әрине, хан ордасының Түркістанға көшірілуі, қазақ елінің көне астанасын іздегендіктен емес еді. Қазір қай астананың көне, көне еместігіне қарайтын Абылайда мұрша жоқ-тын...

— Япырмай, жеттіңіз бе, жырауым? — деді Абылай, аттан түсіп жатқан Бұқарды көріп, — жолыңызда, әйтеуір, ешкім кедергі болған жоқ па?..

— Қазір жол бойы толған адам ғой, — деді жырау ойын ашып айтпай.

— Иә, қазір жол бойында тонаушы көп. Жұрт бұзылды ғой!

Бұқар жырау тағы бір ой тастады.

— Қартайғанда дүние біткеннің бәрі жаман көрінетін әдеті.

— Жоқ, одан емес! — деді Абылай.

Сөзімді ешкім тыңдап тұрған жоқ па дегендей, Абылай жан-жағына қа-
рады.

— Мен бұл арада отырсам, мына жұрт хан етіп қалдырмайды!

Бұқар жырау жағдайға енді түсінді.

— Орыс қалаларындай қала салам деген өзің емес пе едің...

— Қарғыс атсын мұндай қалаларды! — деді Абылай қолын сермеп. — Бұл қалаларды мен тек губернатор, жандаралдар ғана билейді деп ойлайтынмын. Астанасында қатын патшаның тұратынын да білетінмін. Түбі олармен тіл табысармын деуші едім. Бірақ менің ойлағанымдай болмай шықты. Бұл қалаларда бастықтарына бағынғысы келмейтін бүлікшілер де тұрады екен. Келімсектерден үлгі алған құл-құтан, малшы-жалшы, кедей тобыр індет келгендей әбден бүлініп барады.

— Хан Абылай, енді міне шыныңды айтып тұрсың! — деді Бұқар күлімсіреп.

— Неге жалғызсың, жырау? Үнемі қасыңа еріп жүретін серіктерің қайда? Қазір біз жолға шығамыз ғой...

— Жоқ, мен осы арада қаламын! — деді Бұқар жырау, әлдеқайдағы көк-
жиекке көз жіберіп.

...Алтын сәулесі бүлдіргенді, жидекті жасыл даланы нұрға бөлеп, күн жоғары көтеріле берді. Көшкен жұрттың орнында қалған оттар сөнуге айналған. Төбе басындағы Бұқар жырау күнгей жаққа қарап әлі тұр. Алыстағы белестен асып, хан көші біртіндеп жоғалып барады. Көкжиектен көтерілген сағыммен ойнап, Абылайдың ақ туы бұлдыр қағады...

 

Эпилог

 

Бір мың жеті жүз сексен бірінші, Ұлу жылы Түркістан өлкесіне өте ауыр жыл болды.

Гулей соққан ыстық жел шаһар маңының майда құмын көкке көтеріп, жан-жануардың көзін аштырмай, тұтығып тұрды. Жаз шыққалы бір тамшы жаңбыр көрмеген сұр топырақты тақыр дала арса-арса боп жарылып кеткен... Табиғаттың осынау қияпат қысымы жетпіске келіп хал үстінде жатқан Абылайдың да тынысын тарылта берді. Бірақ ол бүкіл денесі құрысып, жүрегі қабынып, ауыр науқас өкпесіне біздей қадалса да, дауыс шығарып сыр беретін емес. Шоғы сөнген қоламтадай күннен-күнге бозара түсіп, сөніп бара жатты. Иә, бұл ауру сонау Үмбетей жырау келіп, Бөгенбай батырының өлімін естірткен күннен бас-
талған-ды. Со күні Абылай бір түрлі қобалжуда еді. Үш жүздің ел-жұрты өзін Үлкен Орданың ханы етіп боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтерген күнінен сегіз жыл өткен соң, Абылай бүкіл қазақ ханы етіп бекітуін сұрап, баласы Тұғымды бас етіп, Петербургке елшілер аттандырған. Бекерге қауіптенбеген екен, Екінші Екатерина қатын патша оны тек Орта жүздің ғана ханы етіп тағайындады. Бұл хабарды естігенде Абылай бармағын шайнап, теріс бұрылып кетті. Тұғымды Петербургке аттандырғанда, қанша қобалжығанмен де, «Мүмкін, қатын патша бекітіп қалар» деп үлкен үміт күтіп еді. Со үміті орындалмай, қапаланып отырғанында Арқадан, Баянаула жақтан бір топ жуан қоныш, түлкі тымақ, кіселі күміс белбеулі ақсақалдар Ордаға кіріп келген. Ханға тәжім етіп сәлем берісіменен Үмбетей жырау босағада бір тізерлей отыра қап, қарлыққан кәрі даусымен, өлім естіртетін әуенге салып, бір термені шұбырта жөнеліп еді:

 

Ей, Абылай, Абылай,

Абылай ханым, бұл қалай?

Бұл қалайдан сескеніп,

Сөзімді қойма тыңдамай,

Талай істер басыңнан

Өтіп еді-ау жасыңнан

Қиын, қызық әрбір жай, —

 

деп Үмбетей жырын бастай бергенде-ақ сұлық отырған Абылай, бойын жиып алған. «Қай батырым, не қай жан күйер ақсақалым қаза болды екен?» — деп шошына қарап еді. Бірақ жырау тоқ етерін айтпай орағытып, алдыменен Абылайдың қасында қандай батырлар болып, қандай ерлік істер істегенін біраз жыр етіп келді де, кенет оқ тиіп құлаған қоңыр қаздай сұңқылдады:

 

Ей, Абылай, Абылай,

Сөзімді тыңда тағыда-ай!

Өзіңнен біраз жасы үлкен

Дөмпеш таудай басы үлкен,

Жасыңда болған сырласың,

Үлкен де болса құрдасың,

Сексеннен аса бергенде

Қайрылмас қаза келгенде

Батырың өлді — Бөгенбай! —

 

дегенде Абылай жүрегі қабынып, не дерін білмей, сілейіп отырып қалған.

 

Бөгенбай-сынды батырдың

Береке берсін артына-ай,

Сабыр берсін халқына-ай,

Жасаған ие жар болып,

Бейіште нұры шалқығай —

 

деген ең ақырғы жыр шумағын әзер тыңдады.

Баянаулада өлген батырдың құрметіне Абылай ел жинап, құран оқытып, қазасын осы Түркістанда өткерді. Сол күннен бастап өз денесі құрысып, жүрегі қабынатын кесел пайда болды. Бірақ, бұл дерт айында, жылында бір ұстап, Абылайдың әдейі тәубесін келтіргісі келгендей, әрі-бері қысып, артынан тарқап кететін. Ал сол кесел, міне, үш айдан бері, ханды тұрғызбай біржолата басып алды. Абылайдың есін жиюынан талықсуы көбейіп кетті. Бүгін де сондай халде еді. Әлсін-әлсін ұстап жанында отырған Бұқар жыраумен өлер алдында қоштасып, іштегі арманын сыртқа шығаруға да мұршасын келтірмей қойған. Сөйтіп қиналып жатқан ханның, тек түс ауа ғана тілдесуге шамасы келді. Көңіліндегісін айтып қалайын дегендей асыға тіл қатты.

— Құдайдан жалғыз ғана тілегім бар еді, Бұқар аға, алар болсаң қан майданда жүргенімде ал деуші едім, — деді ол ақырын көзін ашып. — Көрдің бе, міне, елу жыл оқ дарымай келіп, ақыры бір шаншудан ажал таппақпын. Өмірде бар тілегімді бергенде, құдай бұл тілегімді неге бермеді екен.

Бұқар жырау «өлмейсің» деп оның көңілін жұбатқан жоқ. Адамның өңменінен өтетін үлкен өткір көздеріндегі нұрдың сөніп бара жатқанын көрді де ең болмаса сөйлесіп қалайын дегендей, Абылайдың төсегіне жақындау отырды.

— Иә, Абылай, — деді сөзді әріден толғап, — елу жылдан астам ат үстінде болдың. Батыр да атандың, ақыры хан тағына да отырдың. Бірақ соның бәрінен не қалды?

— Сенің осылай дейтініңді сезетін едім, — Абылай езу тартқандай болды, — рас, хан тағына жету үшін мен ұзақ һәм бұралаң жол бастым... Бірақ сол хан тағы маған не үшін керек еді? Осы сұраққа көңіл күйім тағы бір қасірет шеккен күні жауап берейін деп едім ғой. Сол күн туған секілді... Адамға өлімнен артық қасірет бар ма? Ал тыңда... Иә, хандық құру, тек мансапқорлықтан туды ма сол арман? Жоқ, Бұқар аға, онда сен мені білмегенің. Қолыңда күшің болмаса, кімге айтқаныңды істете аласың? Ұлы хан тағына отырсам қазақ елін өзімнің дегеніме жеткізсем деп ойлағам... Ал соңынан... Әділетті ұлы хан болсам халық менің бұрынғы қиянаттарымды ұмытады ғой деп сенгенмін...

— Бірақ сенің қолыңнан ондай хан болу келмеді ғой.

— Хан бар жерде қиянат болмауы мүмкін емес екен. Бірақ мен сол қиянатымды да, озбырлығымды да, халқымды уысымда ұстау үшін жұмсадым, ел бірлігін күшпен сақтамақ болдым.

Бұқар үндемей отырып қалды. Бір кезде барып:

— Иә, Абылай, сен қанды көз қара бүркіт едің!

Саған еліңді аққу құстай әдемі әніңмен басқармадың деу күнә болар... Олай басқаруды мына замана көтермес те еді, — деп Абылайдың ұзын, арық саусақтарын сипады. — Ал енді бұл жалғаннан өтіп барасың, артыңдағы ұл-қызыңа айтар қандай кеңесің бар?

Абылай бұл сұрақты күткен секілді. Сәл ойланып жатты да, Бұқарға көзінің қиығын аударды.

— Ұл-қыз дейсің бе?.. Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі айтарым бар. Бірі — қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым — мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, қолыма найза ұстап майданға шығайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе, Қытайға қазақтың бір тұтам жерін бергем жоқ. Ал батыстан келе жатқан орыс еліне, оның бекініс, қала салуына қарсы шықпадым. Тіпті қара шекпендеріне егін-жай да бердім. Осыны неге істедім? Ақ патшамен тіл тапқым келді. Рас, кейде оның қиянаты да аз болған жоқ. — Абылай өзін Їш жүздің ханы етпеген өкпесін айтқысы келді де кенет қоя қойды. — Бірақ «битке өкпелеп тоныңды отқа салма» деген, сол ақ патшамен найза арқылы емес, сөз арқылы тіл табуға тырыссын. Бұлай ету өздеріне сүйеніш болады. Ақ патша тірі тұрса, Абылай ұрпағынан ел билеу үстемдігі кетпейді...

— Абылай, — деді Бұқар жырау, — өмірде қиындықты да, қызықты да көп көрдің, ал сонда қандай өкінішің бар?

— Өкінішім, — деді Абылай күрсініп. — Өз басымның өкініші... Үш жүздің басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. Орда Көкшетауда тұрғанда ақылшым болған Тимофей Егорұлының кеңесімен Зеренді, Шортандыны жайлаған төлеңгіттеріме егін егуді үйретсін деп орыс мұжықтарын да әкелдім. Бірақ мал баққан, найза ұстаған сорлы қазақ, тез көндіге қоймады. Жер деген алтын қазына ғой. Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады. Және жұттан да қуаңшылықтан да қорықпайды. Ал мен жаудан қазақтың жері біткенін қорғаймын деп жүргенімде дүние құрғыр өтіп кетіпті ғой, білмей қалдым...

Абылай үндемей сәл жатты да, жұмылып кеткен көзін қайтадан ашты, дүние шіркінді қимағандай салтанатты хан сарайына сұқтана бір қарады.

— Жырау, егер айтарың бітсе, менің де сенен сұрарым бар, соған жауап берші.

— Айтыңыз, хан ием.

— Адамзатқа әрқашанда қуат беретін үміт деген ұлы күш бар. Ол ақылыңды қанағаттандырып қияға самғатады. Жігеріңді қамсыз қайрай көк темірге салдыртады. Мен де бұл дүниеден көп нәрседен үміттенген едім, жеткен жерім осы болды. — Абылай ауыр күрсінді де тағы үндемей қалды. Аздан кейін қайта сөйлеп кетті. — Үмітсіз тек шайтан дейді қазақ. Жоқ, ол бекер екен. Ең үмітсіз — көктемі мен жазы өткен, терең тамырлары қайта жасармастай боп семген кәрілік екен. — Ол тағы қинала күрсінді, — әрине, жетпіс екі жас кәрілік пе? Бірақ басымнан өткен қилы-қилы кезеңдерге көз жіберсем, мың жыл жасағандаймын. Жоқ, мазасыз ой, бітпес тартыстан, тәнім емес, жаным қартайыпты. Ал жаныңның қартайғаны — шын кәріліктің келгені, алдағы үмітіңнің тегіс сөнгені... Үмітіңнің сөнгені — ол сенің өлгенің! Бұл аурудан жазылсам да, жаным шаршаған кәріліктен жазыла алмайтыным кәміл. Жазылудың да керегі жоқ секілді, бірақ сөйтсе де өлгің келмейді екен, әлі де жер басып, күн сүйіп жүре тұрсам дейсің...

— Иә, хан Абылай, мың жасасаң да өлім әрқашанда ерте.

— Солай екен! — Абылай ауыр күрсінді. Сосын өзін өзі кекеткендей езу тартты. — Өлгелі жатып, өлім әуестей, неге осыншама қақсап кеттім. Менің айтайын дегенім басқа еді. — Ол енді сәл ширақ сөйлей бастады, — Хиуа тұтқынынан өзімді алып шыққан Ораз құлдан бастап мен дүниеде аз адамның қанын төккен жоқпын. Майданда да өз қолыммен сан ер жүрек, албырт жасты ат жалын құштырдым... Жазығы бар, жазығы жоқ, талай адамның қаны мойнымда... Өмір бойы, қазақ тәрізді азғантай ел қасқыр тектес келсе, сол жөн деп ойладым. Өйткені ол өз тіршілігі үшін алыса да, жұлыса да біледі. Қазақ елі де сол қасқыр тәрізді өз тағдыры үшін күресе алса ғана, тірі қалады деп ұққам... Заман тек өзін де, басқаны да аяуды білмейтін күштінің заманы... Мен елімді соған баулыдым. Өзімдей болуын көкседім. Бірақ мұным, міне, өлер алдында ғана түсіндім, дұрыс емес екен... Ел болып жер бетінде қалудың басқа да жолы бар сияқты... — Ол тағы шаршай сөйледі. Кенет тағы басын сәл көтерді, — өзің көріп отырсың, маған енді бұның бәрінің қатысы жоқ... Тек енді сен маған мынаны айтшы, осы менің құдай алдында күнәм көп пе? О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір «сен күнәкарсың» деп гүрзісімен ұрып жүрмей ме, осы сұрағыма жауап берші, жаным тынышталсын.

Елу жылдан астам майдандас болып жүріп, бір рет те Абылайдың ажалдан қаймыққанын көрмеген Бұқар жырау, оның о дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір гүрзісінен қорыққанына таң қалды. Әйтсе де ол Абылайдың өлер алдында сонау өзі төккен көп қаннан шошып жатқанын ұқты... Бұқар жырау жауап беріп үлгірген жоқ. Абылай ақырғы рет ышқынып демін алды да, көзін мәңгі жұмды.

Бұқар жырау ұзақ уақыт құлпытастай шошиып отырып қалды. Бір мезетте ұйқыдан оянғандай, алдында жатқан Абылайдың қан-сөлсіз сұсты бетіне қа-
рады.

Ол енді ақырын күбірлеп сөйлеп кетті.

 

Аза күнде қан жылап

Қайғыдан қара бұлт тұрар.

Қурай кенет жас құрақ

Ақ қайың сәтте морт сынар.

Ажал, сенде жан болса

Тілімді удай салар ем,

Бетіңді етіп қан-жоса.

Тоқтатар сөз табар ем!

Жеңілді Бұқар сөз таппай,

Құм бітеді көмейін.

Кешір, ханым Абылай,

Қара тасқа не дейін?

 

Білсең де өстіп өтерін,

Дүние саған болды тар.

Жалғыз тәубе етерім:

Артыңда қалған атың бар.

 

Бұқар созыла тұра келіп Абылайдың бетін жапты. Сосын аяғын ілбіп басып сыртқа шықты.

— Уа, халайық, — деді дауыстап. — Шаңырағың құлап жерге түсті, хан Абылай дүние салды!

Үш жүз аза тұтып Абылайды Қожа Ахмет Яссауидің мешітіне жерлегеннен кейін, Бұқар жырау Сарыарқаға қайтты. Халқымен тағдыры бір қарт ақын артына бұрылып қарай-қарай, терістікке ұзай берді...

 

* * *

 

Иә, қазақ даласына Россияның келуі, қайта оралмас тарихтың өктемді желісін жылдамдата түсті. Бұл кезде хан, сұлтандардың, ру басы батыр, билердің кешегі қолындағы алмас қылышы, басыбайлы құлы — «импрам» — қара бұқара, енді өзінің күшін анық сезініп, қазақ деген айбарлы жұртқа айналған. Ұлы орыс халқымен бірігіп, бұл жұрт өзін қанаушы тапқа, феодалдық қоғамының үстемдігін жүргізетін уәкілдері хан, сұлтан, бай-манаптарға, олардың қорғаны Россия патшаларының отаршылық саясатына қарсы күрес жолына шыға бастаған. Сана-сезімі ояна түскен, кешегі көшпелі ел, өздерін тағы да алмас қылыш етіп қолдарына ұстап, өтіп кеткен хандар заманын қайта орнатпақ болған Абылай ұрпақтарының жанталастарын да, қанды әрекеттерін де ұға түскен. Мұраттарына жету үшін енді олар бұл жолдан басқа, жаңа жол іздеуге кіріскен.


[1] Г я з — кез деген сөзден шыққан.

– Конец работы –

Используемые теги: Пролог0.042

Если Вам нужно дополнительный материал на эту тему, или Вы не нашли то, что искали, рекомендуем воспользоваться поиском по нашей базе работ: Пролог

Что будем делать с полученным материалом:

Если этот материал оказался полезным для Вас, Вы можете сохранить его на свою страничку в социальных сетях:

Еще рефераты, курсовые, дипломные работы на эту тему:

Андрей Ливадный Врата Миров Пролог
Пролог... Два небольших космических корабля одинаковые по конструкции но управляемые... Очередная звездная система встретила их неприветливо Устройство внепространственной транспортировки оказалось...

Ливадный Андрей Прототип Пролог
Пролог... Рауль Ганиев проснулся рано Приятный голос разбудил его осторожно ласково... За окном едва брезжил рассвет Сегодня важный день вспомнил он но не вскочил как бывало лишь безмятежная...

Ливадный Андрей Прототип Пролог
Пролог... Рауль Ганиев проснулся рано Приятный голос разбудил его осторожно ласково... За окном едва брезжил рассвет Сегодня важный день вспомнил он но не вскочил как бывало лишь безмятежная...

0.025
Хотите получать на электронную почту самые свежие новости?
Education Insider Sample
Подпишитесь на Нашу рассылку
Наша политика приватности обеспечивает 100% безопасность и анонимность Ваших E-Mail
Реклама
Соответствующий теме материал
  • Похожее
  • По категориям
  • По работам