рефераты конспекты курсовые дипломные лекции шпоры

Реферат Курсовая Конспект

Танысу.

Танысу. - раздел Философия, БЕКІТЕМІН - Сәлеметсіз Бе? Сіз қайда Оқисыз? Есіміңіз Кім? ...

- Сәлеметсіз бе? Сіз қайда оқисыз? Есіміңіз кім?

- Сәлеметсіз бе? Есімін – Аяулым. Мен Еуразия ұлттық университетінде оқимын. Сіз ше?

- Мен де осы университетте оқимын. Есімін – Айдар. Сіз қай факультетте оқисыз?

- Мен филология факультетінде оқимын. Ал, сіз ше?

- Мен инженер-құрылыс факультетінде оқимын. Сіздің мамандығыңыз қандай?

- Журналистика. Сіздің мамандығыңыз ше?

- Жылу энергетикасы мамандығы.

- Мен сабаққа кіремін, Айдар. Танысқаныма қуаныштымын. Сау болыңыз.

- Мен де қуаныштымын, Аяулым. Хабарласып тұрайық. Сау болыңыз.

 

Үндесу /Сингармонизм.

Егер сөздің соңғы буыны жуан болса, қосымша да жуан болады. Ал, сөздің соңғы буыны жіңішке болса, қосымша да жіңішке болады.

Мысалы: мектеп-тер, бала-лар, кітап-тар и т.д.

Екінші сабақ (1 сағат)

1. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.

Мұғалімдер жағалап Қырғызбайдың үйіне келді. Аттан түседі.

- Ассалаумағалейүм!

- Әліксәлем! Қай балаларсыңдар? Жол болсын? – дейді Қырғызбай.

- Әлей болсын. Оқуға түсетін балалардың тізімін алып жүрміз,- дейді Әлібек деген қазағы. – Оқу жасында балаларыңыз бар ма?

Шал ойланып қалады. Өз кіндігінен оқуға түсер бала жоқ. Ал Тұрардың оқуға дер шағы. Бірақ оны жұрт көзінен тасалап жүргенде, жария етіп не жыны бар?

- Қандай оқу, қарағым?

- Оу, отағасы, естімеп пе едіңіз, таяуда Әулие ата оязының өзі келіп, жеті болыс Меркеге арнап орысша-мұсылманша мектеп аштырып кетті ғой. Мектеп үшін Айбар байдың үйін сатып алды.

- Ал, ол оқу не береді?

- Не береді! Балаңыз сот, прокурор болады.

Шал сескеніп қалды. Сот, прокурордан үркек. Оған шатасар жайы жоқ.

- Бізде оқуға беретін бала жоқ, қарағым, - Қырғызбай қипақтай береді.

Бұл әңгімені естіген Салиха бәйбіше ... ернін сылп еткізіп, бетін шымшыды.

- О не дегенің, байғұс-ау, алжиын дедің бе? Тұрарды қайтесің? Ол бала емес пе екен?... Мен шақырып келейін... Тұрар! А, Тұрар! Қайдасың? Шапшаң кел үйге!

Ш.Мұртаза. «Қызыл жебе»

 

2. Төмендегі сөз тіркестерінің мағынасын анықтаңыз.

 

Қай балаларсыңдар? -

Жол болсын? -

Өз кіндігінен -

Оқуға дер шағы -

Не жыны бар?-

Отағасы –

Үркек –

Оған шатасар жайы жоқ –

 

3. Cұрақтарға, жақшадағы сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланып, жауап беріңіз.

· Қырғызбай атаның үйіне келгендердің мақсаты не еді? (балалар, оқу, жинау)

· Ата Тұрарды неліктен жасырды деп ойлайсыз? (Рысқұл, бала)

· Салиха әже неліктен Тұрарды шақырды? (білім алу)

· Бұл қай кезең деп ойлайсыз? (кеңес, алғашқы жыл)

·

4. Жіктік жалғауларды есте сақтаңыз.

 

Жақтар Жіктеу есімдіктері (жекеше түрі)   Жіктік жалғаулары Жіктеу есімдіктері (көпше түрі)   Жіктік жалғаулары
І Мен -мын,-мін,-бын, -бін,-пын,-пін Жақсы+мын, ұстаз+бын, студент+пін Біз   -мыз, -міз, -быз, -біз,пыз, -піз Жақсы+мыз, ұстаз+быз студент+піз
ІІ Сен -сың, -сің Жақсы+сың, ұстаз+сың, студент+сің Сендер -сыңдар, -сіңдер Жақсы+сыңдар, ұстаз+сыңдар, студент+сіңдер
Сыпайы түрі Сіз -сыз, -сіз Жақсы+сыз, ұстаз+сыз, студент+сіз Сіздер -сыздар, -сіздер Жақсы+сыздар, ұстаз+сыздар, студент+сіздер
ІІІ Ол - Жақсы, ұстаз, студент Олар - Жақсы, ұстаз, студент

5.Мәтінді оқып,

Оқыңыз, қызық!

 

  • Орта ғасырлар кезінде ел кезген сері–рыцарлар үйдің босағасынан аттай бере темір дулығаларын шешіп, өздерінің үй иесіне сенетіндігін, оны құрмет тұтатынын білдіреді екен. Бұл дағды біздің сәлемдесу салтымыздың бір белгісі ретінде қалып қойды. Амандасқанда, үйге кіргенде бас киімді алу – ежелден келе жатқан салт.
  • Тибеттіктер бір-бірімен сәлемдескенде, оң қолымен бас киімін шешіп, сол қолын құлағының артына ұстап, тілдерін шығарады екен.
  • Жапондардың амандасу салтында үш түрлі тәжім ету рәсімі бар: төмен, орташа және жеңіл иілу.
  • Үнділер екі алақанды біріктіріп, маңдайға тигізіп, бас иеді.
  • Түркі тектес кейбір халықтардың ескі дәстүрінде келіндер жолы үлкен адамдар үйге енгенде, оң тізесіне екі қолын тигізіп, сол аяғын бүгіп, үш рет сәлем беретін болған. Қазір де ауылдық жерлерде жас келіндер екі қолын қусырып, иіліп ізет жасайды. Мұндай сәттерде оларға: «Көп жаса, қарағым!» - деп рақмет айтады.
  • Халықаралық этикет бойынша, бірінші болып жасы үлкен – кішіге, әйел – еркекке, ұстаз – шәкіртіне, бастық – қызметкеріне қол ұсыну жүйеленген. «Міне, мен саған бірінші болып қолымды ұсынып отырмын, бұл саған деген ниетімнің дұрыс екенін көрсетеді» деген пейіл абы бар онда.

Ж.Бейсенбаев.

6. Төмендегі сөз тіркестерін есте сақтаңыз.

 

Сәлем берді – Амандасты, саулық сұрасты.

Сәлемдеме берді – сыйлыққа зат беріп жіберді.

Сәлемі түзу – Ниеті дұрыс, көңілі жақсы.

 

7. Төменде берілген жіктеу үлгісін жалғастырыңыз.

І Мен атама сәлемдестім Біз атамызға сәлемдестік

ІІ Сен Сендер

Сып.

түрі Сіз Сіздер

ІІІ Ол Олар

8. Төмендегі көмекші етістіктерді жіктеп жаттығыңыз.

Мен отырмын, тұрмын, жатырмын, жүрмін

Сен отыр ..., тұр ... , жатыр ... , жүр ... .

Сіз отыр... , тұр... , жатыр... , жүр... .

Ол отыр... , тұр... , жатыр... , жүр... .

 

9. Жағдаяттық әңгіме.

А) Алыстан әжеңіз келді. Амандасыңыз, хал-жағдайын сұраңыз.

Ә) Әріптесіңізбен танысыңыз.

Б) Курстасыңызбен 20 жылда кездестіңіз. Амандасыңыз, хал-жайын сұраңыз.

 

10. Тест тапсырмаларын орындаңыз.

1. Таңертең қалай сәлемдеседі?

А. Кеш жарық!

Ә. Қайырлы таң!

Б. Қайырлы күн!

2. Күндіз қалай амандасады?

А. Қайырлы кеш!

Ә. Сәлеметсіз бе?

Б. Жайлы жатып, жайлы тұрыңыз!

3. «Жолыңыз болсын» сөз тіркесінің орысша баламасын табыңыз.

А. Счастливого пути!

Ә. До встречи!

Б. Будем знакомы!

4. «Танысқаныма қуаныштымын» сөз тіркесінің орысша баламасын табыңыз.

А. Добрый вечер!

Ә. Рад познакомиться!

Б. Будем знакомы!

5. «Жақын» сөзінің антонимі

А. алыс

Ә. Таяу

Б. алыс емес

7. Мақалды аяқтаңыз.

Алыстан алты жасар бала келсе, .................

А. алпыс адам сәлем береді

Ә. алпыстағы шал сәлем береді

Б. алпыс рет сәлем бер

 

Үшінші сабақ (1 сағат)

ІІ Отбасы – шағын мемлекет.

Грамматика. Септік жалғаулары. Ілік септігі және тәуелдік жалғау.

1. Сұрақтарға жауап беріңіз.

1.Сіздің отбасыңыз үлкен бе?

2.Отбасыңызда неше адам бар?

3. Сіздің анаңыздың жасы нешеде?

4. Анаңыз кіммен тұрады?

5. Қандай туыстарыңыз бар?

6. Сіздің қанша балаңыз бар, олардың жасы қаншада?

 

2. Мәтінді оқып, мазмұндап айтыңыз.

Отбасы

 

Отбасы дегеніміз – туыстық байланыста болатын, бірлесіп өмір сүретін адамдар тобы. Олар отбасында мемлекеттік заңдар мен ережелерді сақтайды. Отбасында қалыптасқан барлық жақсы қасиеттер, дәстүрлер адамға өмір бойы серік болады.

Отбасында ер адам – басты тұлға. Әйел – оның серігі, көмекшісі. Ер-азамат – шаңырақ иесі, әйел – отбасының алтын қазығы.

Балалар жас кезінен үлкендерді сыйлап, олардың айтқандарын есте сақтап, орындап отыруға тиіс. «Балаңды бір жастан жеті жасқа дейін патшадай сыйла. Жетіден он беске дейін құлыңша жұмса, одан соң өзіңе дос сана, ақыл-кеңес сұра».

Қазақ отбасындағы ең жақсы дәстүрлердің бірі – балаға ата-бабасын, яғни жеті атасын және нағашы жұртын таныстырып отыру. Ата-ана баласына кіммен (қай румен) тұрмыс құруға болатынын айтып отырады.

Жеті ата - бір кісіден тараған аталас қауым. Олар жеті атаға жеткенде, түйе, боз қасқа сойып, үлкен жиын жасайды. Бұл – «бұдан былай аталастарға қыз алысуға болады» деп бата беру деген сөз.

(«Қазақтың салт-дәстүрлері»)

Сұрақтарға жауап беріңіз.

 

  1. Отбасы дегенді қалай түсінесіз?
  2. Отбасында әйел мен ер кісінің орны қандай?
  3. Отбасындағы балалар тәрбиесі жайлы не айтасыз?
  4. Жеті ата дегенді білесіз бе?

 

Жаңа сөздермен таныс болыңыз.

 

Дәстүр – традиция

Тұлға – личность

Шаңырақ иесі – хозяин дома

Құл – слуга

Боз қасқа – конь

Аталас – родные по крови

 

3. Тапсырма. Сөздікті пайдаланып, туыстық атаулардың анықтамасын дұрыс тауып, сәйкестендіріңіз.

1. Ата а. болашақ жар, ана

2. Әже ә. әкенің әкесі

3. Әке б. ата-анадан тараған ұрпақтар

4. Ана в. әкенің шешесі

5. Бала г. өзіңді өмірге әкелген,

ақ сүтін берген адам

6. Қыз ғ. үй басшысы, асыраушысы

4. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.

Қазақта «шаңырақ» сөзі «отбасы» деген мағынаны білдіреді. Адамзат өмірінің бастауы да осы отбасы. Отбасы – адам өмірінің негізгі кезеңдерін бастан кешіретін ең кіші әлеуметтік топ. Ондағы адамдардың әрқайысы әр отбасы мүшесінің дамуына ықпал етеді.

Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөздің бар екенін білетін боларсыздар? Мұндағы «шаңырақтың» киіз үйдің төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі екені де сіздерге белгілі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл – құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз.

 

5. Сұрақтарға жауап беріңіз.

Сіздің отбасыңыз үлкен қалада тұра ма, әлде кішкентай қалада тұра ма?

«Шаңырақ», «отбасы» деген сөздердің қандай байланысы бар?

Сіз қандай үйде тұрасыз, жеке үйде ме, әлде мемлекеттің пәтерінде ме?

Сіздің пәтеріңіз қай қабатта, төменде ме, әлде жоғары қабатта ма?

«Шаңырағың биік болсын!» деп қандай жағдайда айтылады?

Сіздің қарындасыңыз қайда оқиды, университетте ме, әлде колледжде ме?

Сіз университетті бітірген соң жұмыс істейсіз бе, әлде магистратураға оқуға түсесіз бе?

Сіз отбасын құрдыңыз ба, әлде құрған жоқсыз ба?

 

6. Көп нүктенің орнына тиісті ы, і әріптерін қойып, сөйлемдерді толықтырыңыз.

Б...зд...ң отбас...м...з тату тұрад... . Анам қ...здар... мен кел...ндер...н, немерелер...н жақс... көред... . Б...з жаз айлар...нда қалан...ң с...рт...на ш...ғ...п демалам...з. Қала с...рт...нда демалат...н ор...ндар көп. Таудан аққан өзенн...ң жағасы тым әсем, көр...кт... . Онда аласа талдар өзенд... көмкер...п тұрад... . Әр...ректе көкпеңбек жаз...қ дала. Онда мал жай...л...п жүред... . Малд... ау...лда б...зд...ң ту...стар...м...з бар. Б...з оларға да бар...п сәлемдесеміз.

7. Сұрақтарға жауап беріңіз.

1.Мен 1973-шы жылы Қарағанды қаласында дүниеге келдім, ал сіз ше?

2.1979-1988 жылдары Керімбай болыс атындағы орта мектепте оқыдым, сіз ше?

3.1988 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түстім, ал сіз ше?

4.Мен институтты «заңгер» мамандығы бойынша бітірдім, сіз ше?

 

Еске түсіріңіз: қазақ тілінде сұраулық мағынаны білдіретін сұраулық демеуліктері - ма, ме, ба, бе, па, пе.

 

8. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.

Ботагөздің үш ағасы бар еді. Балтабек – ең үлкені. Айбала – соның келіншегі. Екінші – Темірбек – ортаншы ағасы. Кенжетай – кіші ағасы. Кенжетай жалданып, қазынаның жәмшігін айдайды. Ағайынды бұл үшеуінің де жас мөлшерлері бір-біріне жақын: Балтабек жиырма алтыда, Темірбек жиырма төртте, Кенжетай жиырма екіде. Әкелері Тұяқ ерте өлген. Шешелері Ұлберген шаруадан қалмаған, жасы қырық бес шамасындағы кісі. Ол ауылдағы Кенжетай мен Темірбектің қолында тұрады. Шаруалары кедей. Балтабек Бурабай қаласында темір соғады, етікшілік кәсібін істейді. Ботагөз солардың қолында тұрып, орыс школында оқиды.

«Кенжетай келді» деп ойлаған Ботагөз, оны қарсы алмақ боп үйден шықса, есік алдында Айбала жүр екен.

- Еркем! – деді ол дыбыс беріп.

Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «ә» деп үлгірмей, жүгірісін кілт доғарып, жалт қарады.

- Қайда барасың, еркем?

- Кенжетай келді білем.

- Апаңды сағындың ба?..

Көптен көрмегендіктен Ботагөз апасын сағынған. Сондықтан Айбаланың «Апаңды сағындың ба?» - деген сөзі Ботагөздің жүрегіне тық ете түсіп, көзіне жасы келіп қалды. Оны Айбала көрмесін дегендей, Ботагөз жүгіре жөнелді.

 

С.Мұқанов. «Ботагөз» романынан.

9.Сұрақтарға жауап беріңіз.

1) Ботагөздің отбасы жайлы не білесіз?

2) Ботагөз жетім бе? Анасына сипаттама беріңіз.

3) Ботагөз қайда тұрады, кіммен бірге?

4) Ботагөздің жеңгесі кім, ол қандай адам?

5) Боагөз неге ұялды?

 

9. Мақал-мәтелді жаттаңыз.

1. Әке – асқар тау,

Ана – сарқылмас бұлақ.

2. Әке көрген – оқ жонар,

Ана көрген тон пішер.

3. Желке ас болмас, жиен ел болмас. Желке ас болады майлы болса, жиен ел болады малды болса.

4. Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бөле тату.

 

10. Төменде берілген суреттер бойынша «Менің кішкентай бауырларым» деген тақырыпта шағын суреттеме жазыңыз.

 

11. Сөздікті пайдаланып, жақша ішінен сөйлемге қажет сөздер мен сөз тіркестерін көп нүктенің орнына қойыңыз.

Отбасы - ...................... алтын ұям. ( менің, оның, сенің)

Отбасылық дәстүрлері бар ........................... тірегі мықты болады. (қызметтің, шанырақтың, көршінің)

Отбасы - ............................ «кішкене модулі» деуге болады. (мемлекеттің, бөлімнің, қаланың)

Әсияның ...................... үлкен. (жанұясы, жұмысы, қызмет)

....................................... арқылы ұрпағыма жақсы тәрбие беремін. (ойын, отбасы дәстүрлері, жазу

 

12. Мәтінді оқып, мағынасын өз сөзіңізбен баяндаңыз.

 

Баланың ең жақын, қандас туыстары болып ең алдымен әкесінің туыстары саналады. Әкесінің ағасы, інісі - балаға әке орнына әке болатындай сыйлы адамдар. Ал, олардың балалары немере аға, немере іні болады. Әкесінің ағасының баласын, жасы кіші болса да, жолы үлкен деп сыйлауға тиісті.

Нағашы – баланың шешесі жағынан туыс болып келетін адамдар. Нағашы – баланың өз әке-шешесінен кейінгі қамқоры. Жиен нағашылап келіп, қалағанын сұраусыз алып кете беретін болған. Жалпы, нағашы мен жиеннің арасындағы қарым-қатынаста әзіл-қалжың, ойын-күлкі мол болған.

Үш жұртқа қатысты қазақта: «Өз жұртың – күншіл, бар болса, көре алмайды, жоқ болса, бере алсайды. Нағашы жұртың – сыншыл, қайын жұртың - міншіл» деген сөз бар.

13. Жағдаяттық тапсырма.

Сіздің туған күніңіз. Сіздің үйіңізге көптеген қонақтар келді. Сіз өзіңіздің әріптес досыңызды да шақырдыңыз. Дастархан басында оларға өзіңіздің отбасы мүшелеріңізді, туыстарыңызды қалай таныстырасыз? (немере аға, немере іні, нағашы, жиен сөздерін қосыңыз)

14. Мәтінді оқып, өз ойыңызды айтыңыз.

Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен.

Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз.

15. Тест тапсырмаларын орындаңыз.

1. Үндестік заңына бағынбай тұрған сөздерді көрсетіңіз

А. қабырға, кірпіш, балшық

Ә. өнерпаз, қаржыгер, сәнқой

Б. салым, кіріс, шығыс

2. «Дүниеге келу» синонимдері

А. ту, туу, дүниежүзі.

Ә. туу, туылу, өмірге келу.

Б. өмірге келу, тума, туыс.

3. Өмірбаянға қажет мәліметтер:

А. аты-жөні, туған жылы, айы, күні,жері, ұлты, білімі, жұмысы, мекенжайы, отбасы туралы мәлімет.

Ә. аты-жөні, мінезі, туған жері, досы, қызығушылығы, бос уақыты, демалыс күні, ата-анасы туралы мәлімет.

Б. аты-жөні, жасы, білімі, қызығушылығы, жеке қасиеттері, айналысатын кәсібі, балалары туралы мәлімет.

4. Жіктік жалғауы жалғанған сөз

А. әріптесің

Ә. әріптессің

Б. әріптес

5. Поступил, окончил, устроился, перевелся, работаю, владею сөздерінің қазақ тіліндегі баламалары:

А. Оқуға түстім, бітірдім, орналастым, ауыстым, жұмыс істеймін, білемін.

Ә. Оқуға бардым, кеттім, жұмыс істемеймін, орналастым, ауыстым, білмеймін.

Б. Оқуға түстім, бастадым, орналастым, ауыстым, қызмет етпеймін, білемін.

6. Отбасы - ...................... алтын ұям.

А. менің

Ә. Оның.

БӨЖ тапсырмасы:

Отан, ел туралы мақал-мәтелдер.«Сәлемің түзу болсын» деген тақырыпта эссе жазыңыз.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. Адамгершілікке тәрбиелеу әліппесі. /Ред.басқ. Каиров Н.А. т.б. Алматы: Мектеп, 1988. -346 б.

2. Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. Алматы: Жазушы, 1988. -317 б.

3. Әбдіков Т. Мұратымыз – ізгілік // Парасат, 2001. № 7.

 

ЕКІНШІ АПТА (3 сағат)

«Жас отбасы және дәстүр»

Бірінші сабақ «Жас отбасы және дәстүр» (1 сағат)

1. Мәтінді оқып, мағынасын ұғып алыңыз.

Қазақстандағы демографиялық мәселелер

 

Қазақстандағы демографиялық мәселелердің сипаты айрықша. Ең алдымен, қазіргі кезде экономиканың дамуы адам мүмкіндігімен сәйкес келмей отыр. Бүгінгі күні экономикалық даму қосымша жұмысшы күшін қажет етеді, ал, қосымша жұмысшы күші дегеніміз - шетелдік жұмысшылардың келуі, бала туудың көбеюі т.б.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің ақпандағы халыққа Жолдауында «ауылда ғана емес, қалада да бала тууды көбейту керек, мемлекеттің өзі жұмыс беруші болып, тұрғындардың қызығушылығын оятатындай жағдай жасалу керек» деп айтқан. Елбасы, сонымен қатар, қазақ жерінде заңды, заңсыз мигранттар қаптап жүргендіктен, өзіміздің санымызды көбейту керек екенін айтады.

Қазір Қазақстанда кез келген адам, егер басқа мемлекетте өмір сүру жақсы болса, сол жаққа кетіп қала алады. Ал, оларды елден жібермес үшін мемлекет адамдармен жақсы экономикалық, әлеуметтік саясат жүргізуге тиіс және бала тууды молайту үшін жағдай жасау керек. Тіпті 2015 жылға дейін қазақстандық азаматтардың санын 20 миллионға дейін жеткізу керек деп те айтылған. Алайда, Қазақстанда экономикалық-демографиялық мәселе әзірге өзгеріп отырған жоқ. Елбасы айтқандай, Қазақстан «саны жағынан тым кішкентай ел» болып отыр.

Рашид Саттаров

2. Мақал-мәтелдерді есіңізде сақтаңыз және олардың мағынасын ұғып алыңыз..

  • Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді.
  • Ағаға қарап, іні өсер

Інісі бардың тынысы бар

  • Қыз өссе, елдің көркі.
  • Жеті атасын білмеген жетесіз.
  • Жеті атасын білген ұл –

Жеті жұрттың қамын жер.

Өзін ғана білген ұл –

Құлағы мен жағын жер.

 

 

Қазақ тілінде жеті септік бар және олардың сөйлем құруда маңызы жоғары. Ілік септігі кімнің? (чей? чья?), ненің? (чего? от чего?) деген сұрақтарға жауап береді, жалғаулароы –ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің. Дауысты жәіне үнді дауыссыздардан соң -ның/нің: бала+ның, адам+ның; Ұяң дауыссыздардан соң -дың/дің: қыз+дың; Қатаң дауыссыздардан және б,в,г,д дыбыстарынан соң -тың/тің: қазақ+тың, клуб+тың, мектеп+тің. Ілік септігі үнемі 3-жақтағы тәуелдік жалғаулы сөздермен тіркесіп, иелікті білдіреді: баланың кітабы, үйдің есігі, Ораздың пальтосы.

 

3. Оқып, мағынасын анықтаңыз. Осы сөз тіркестерімен сөйлем құраңыз.

Әженің немересі Атаның ұрпағы

Әкенің намысы Үлкен үйдің шаңырағы

Ананың үміті Баланың мақсаты

 

4. Сұхбатты толықтырыңыз.

А:- Қайырлы күн, достым!

С:-_______________

А:- Сіздің атыңыз кім?

С:-________________.Ал, сенің атың ше?

А:- Қасым. Сен қайда оқисың?

С:-______________________. Өзің ше?

А:- Мен университетте оқимын.

С. Сіз пәтер жалдап тұрасыз ба?

С. _______________________________________________ .

А. Отбасыңыз да осында тұра ма?

С. __________________________________ .

А:-Маған __________________ аялдамасын айтып жіберіңізші.

С:-Ол әлі алда, бір үйден кейін.

А:-Рахмет. Танысқаныма қуаныштымын.

С:-Мен де қуаныштымын. Сау болыңыз.

 

5. Өлеңнің мазмұнын біліп, жаттап алыңыз.

Анам маған: - Үлкенді сыйла, - деген,

Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.

Үлкендерден ауысқан кішілікті,

Үлкендердің өзіне сыйға берем.

 

Атамнан қалған мұра – ізеттілік,

Арымды соған қойған күзеттіріп.

Адалдық – менің сәби Айбарым ғой,

Маңдайынан жүргені жүз өптіріп.

 

Мұқағали Мақатаев

 

6. Сұраққа жауап жазыңыз. «Сый, құрмет, ізеттілік» дегенді қалай түсінесіз?

7. Берілген фразеологиялық тіркестерді ұғып алыңыз.

Сөзін жерге тастамау – айтқанды тыңдау, талапты орындау.

Сөзінің жаны бар – айтқан сөзі шындық.

Сөзі түйеден түскендей – дөрекі сөйлейтін адам.

 

8. Мәтінді оқып, мағынасын ұғып алыңыз.

Отбасын әлеуметтік қорғау

 

Әлеуметтік қорғау дегеніміз – адамдарға қолайсыз жағдай туғанда (қартаю, денсаулығының кемуі, асыраушысынан айырылу, жұмыссыздық т.б.), олардың өмір сүруіне қажетті жағдай жасайтын жүйе.

Халықаралық тәжірибені талдай келе, әлеуметтік қорғаудың басты элементтері болып саналатын:

1) мемлекеттік жәрдемақы;

2) міндетті әлеуметтік сақтандыру;

3) жинақтаушы зейнетақы қоры;

4) әлеуметтік жәрдем.

Қазақстанда нарықтық экономика кезеңі аяқталып келеді. Экономикалық қатынастардағы өзгерістер әлеуметтік қорғаудың неғұрлым қолайлы жүйесін талап

етеді.

 

9. Төменде берілген сөздермен және сөз тіркестерімен сөйлемдер құраңыз.

Қорғау, асыраушысыз, жұмыссыздық, өмір сүру, жәрдемақы, сақтандыру, зейнетақы, нарықтық экономика.

 

10. Сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Менің анам 58 жасынан бері зейнетақы алады, ал сіздің анаңыз ше?

2. Біздің қаламызда жұмыссыздық көбейіп келеді, ал сіздерде ше?

3. Қалада өмір сүру қымбат, ал ауылда қалай?

4. Асыраушысынан айырылған отбасына мемлекет жағдай жасай ма?

Екінші сабақ (2-сағат)

1.Мәтінді оқып, мазмұнын ұғып алыңыз.

Жаңа дәстүр, жаңа салт

 

Неке-отбасылық қатынастар «Неке және отбасы туралы» Заңмен реттеледі. Оның ұстанымдары мыналар:

- әйел мен еркектің неке одағының еркін болуы;

- жұбайлардың отбасындағы құқығының тең болуы;

- отбасының әрекетіне басқа адамның араласпауы;

- отбасыішілік мәселелерді өзара келісім нәтижесінде шешу;

- отбасындағы бала тәрбиесінің басымдығы, оларды дамыту және оларға жағдай жасау.

Некелесу – жастардың өздері шешетін аса жауапты мәселе. Олар бірін-бірі жете білісіп, түсінісудің нәтижесінде бас қосуға шешім қабылдайды. Ата-аналарымен ақылдасады. Бұл дұрыс та. Өйткені өмір тәжірибесі аз жастардың некелесу мәселесінің бүге-шігесін объективті түрде анықтау әрқашан дұрыс нәтиже береді.

Сол сияқты құда түсу, қыз ұзату және үйлену тойларының жаңа түрлері бар. Жаңа мазмұнды жар-жар болсын, беташар болсын, негізінен, жастардың еңбектегі табыстарын, олардың жағымды қасиеттерін мадақтауға арналады.

Х. Арғынбаев.

 

Жаңа сөздерге назар аударыңыз.

Тұлғаны қалыптастыру – формировать личность

Мемлекеттің қорғауы– защита государством

Кәмелетке толған– совершеннолетний

Еңбекке жарамды– трудоспособный

Қамқорлық жасау– опекать

Еркін неке одағы– свободный брачный союз

Отбасыішілік мәселелер– внутрисемейные проблемы

Дәстүрді жандандыру– возобновить традицию

 

3. Мына сұрақтарды топ болып талқылаңыздар.

а) Отбасын әлеуметтік қолрғау дегенді қалай түсінесіз?

ә) Қартайған адамдарға мемлекет қандай қамқорлық жасайды?

б) Жинақтаушы зейнетақы қорының рөлі қандай?

в) Некелесу кезінде ата-анамен ақылдасудың керегі неде?

 

4. Бөлтірік шешеннің төмендегі өлеңінің мағынасын ұғып алыңыз.

Бала болсаң, болғандай бол,

Ағайынға қорғандай бол.

Досыңа майыспа,

Дұшпаныңа қайыспа...

 

Жақсы адамға мал бітсе,

Ағайынның жоғына қарасады.

Жаман адамға мал юітсе,

Көрінгенмен итше таласады.

5. Берілген тіркестердің мағыналарын ұғып алыңыз және олармен сөйлем құраңыз.

1. Болғандай болу – нағыз адам болу

2. Қорған болу – түрлі жамандықтардан сақтау

3. Дұшпанға қайыспау - берілмеу, жеңілмеу

4. Мал біту – баю

5. Жоғына қарасу – қамқорлық жасау, материалдық жәрдем беру

6. Итше таласу –. араздасу

 

Қазақ тілінде күрделі сөздердің үш түрі бар: қос сөздер, біріккен сөздер, қысқарған сөздер. Қос сөздер (парные слова): ата–ана, бала–шаға, ұл–қыз, қарым–қатынас, әке–шеше, оқта–текте. Біріккен сөздер (сложные слова): тасбақа, Ақтөбе, Талдықорған, Сарыағаш, күнбағыс, асқабақ, күнтізбе. Қысқарған сөздер (сокращенные слова): БҰҰ, АҚШ,ҚР, ҚазМҰУ, ЕҰУ.

 

6. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.

Неке тазалығы

Біздің елімізде кәмелеттік жасқа толған жастарға ғана некеге тұруға рұқсат беріледі. Сондықтан неке тазалығы жайлы әрбір қыз бен жігіттің білуі – парыз.

Ғалымдар ерте некелесудің зиян екенін айтады. Күйеуге жастай шыққан қыздардың организмі нашарлап, бойына бала бітсе, оның шала туылатынын айтады.

Орыстың белгілі ғалымы И.И.Мечников әйелдердің көпшілігі жиырмада, еркектер жиырма үш жасқа келгенде жетіледі деп есептеген. Өте кеш некелесуді де құптауға болмайды. Кейбір ғалымдар күйеуінің әйелінен 5-10 жасқа дейін үлкен болуын дұрыс деп есептейді. Ғылыми әдебиеттерде әйелдер үшін некелесуге қолайлы кезең – 20-21 жас, ал, еркектер үшін 24-25 жас деген пікір айтылып жүр.

Ортақ мүдде, рухани жақындық, кешірімді бола білу, өз борыштарын түсіну – еркек пен әйелдің жұптасқан өмірін мәнді де сәнді, қоғам үшін берік те пайдалы етеді.

 

7. Сөйлемдерді толықтырыңыз.

1. Елімізде ... жастарға ғана некеге тұруға рұқсат етіледі.

2. Жастар үшін ... маңызды.

3. Жастарға ... зиян.

4. Некеге тұрған әйелдің жасы ... болу керек.

5. Некелескен адамдар үшін ... негіз жоқ.

6. Жұбайлар бір-біріне ... болулары керек.

 

8. Жазушы Ғ.Мұстафиннің аталы сөздеріне назар аударыңыз.

 

· Бір үйір жылқыны бір бөгелек, бір семьяны бір беймаза күйзелтеді.

· Арам ыдыста адал ас, арам көңілде таза махаббат тұрмайды.

· Балаң жақсы болса – қызығың, жаман болса – қайғың.

Жаңа сөздерді біліп алыңыз.

Бөгелек– овод беймаза – неспокойный

Қызық – здесь: радость қайғы – горе

 

9. Тест тапсырмаларын орындаңыз.

 

1. Отбасы - ............................ «кішкене модулі» деуге болады.

А. мемлекеттің

Ә. бөлімнің

Б. қаланың

2. «Отбасы» сөзінің синонимдері

А. жанұя, әулет.

Ә. ұя, әлеует

Б. шанырақ, үй

3. Баласының баласы - ................

А. немере

Ә. шөбере

Б. немене

4. Баласының әйелі - ................

А. жеңге

Ә. келін

Б. балдыз

5. Нағашы - ......................

А. әкенің туыстары

Ә. шеше жағындағы туыстар

Б. қыз барған жер

Үшінші сабақ (1 сағат)

Грамматика: Тәуелдік жалғау. Табыс септігі.

Қазақ тілінде сөздер үш жақта, жекеше, көпше түрде тәуелденеді.

Жекеше Көпше
І ж. Менің қыз-ым, үй-ім, іні-м ІІ ж. Сенің қыз-ың, үй-ің, іні-ң   ІІ ж. Сіздің қыз-ыңыз, үй-іңіз, іні-ңіз   ІІІ ж. Оның қыз-ы, үй-і, іні-сі   І ж. Біздің қыз-ымыз, үй-іміз, іні-міз ІІ ж. Сендердің қыз-дарың, үй-лерің, іні-лерің ІІ ж. Сіздердің қыз-дарыңыз, үй-леріңіз, іні-леріңіз ІІІ ж. Олардың қыз-дары, үй-лері, іні-лері  
  1. Мәтінді оқып, мазмұнын ұғып алыңыз.

Қазақстандағы некеге тұру жүйесіндегі ұлттық салт-дәстүрлер. Жас отбасының бюджеті. Қазақ халқында үйлену кезінде атқарылатын бірнеше түрлі салт–дәстүрлер бар. Олар – құдалыққа байланысты, неке қиюға, үйленуге байланысты деп атала береді.

Құда түсу

Қазақ халқында бұрынғы заманнан бастап қазірге дейін ұмытылмай келе жатқан - құда түсу салты. Ұл баланың әкесі туыстарымен бірге болашақ келінінің үйіне құда түсуге барады. Қызға тана (сырға) тағылып, оны ұзататын күн белгіленеді.

Салт–дәстүр бойынша, құдалар бірін–бірі құдалыққа шақырады. Құдалар кетердің алдында бір–біріне «киіт» береді. Бұрынғы кезде бай отбасыларда жігіттің әкесіне берілетін «киіт» – бір табын жылқы, көптеген қымбат шапандар болған. Қыздың жағынан келген құдаларға да «киіт» беріледі. Қазіргі уақытта қызға «қалың мал» берілмейді, бірақ «киіт беру» салты мен басқа салт–дәстүрлер сақталған.

Қызға құда түсіп, қыздың келісімін алған соң, жігіт жағы «өлі–тірі» сыйлығын беріп жібереді. Ол – сойысқа жарайтын мал. Бұл – «осы құдалыққа тірілер ғана емес, өлі әруақтар да риза болсын» деген игі ниеттің белгісі болып саналады.

Құдалық кезінде қазақтың ұлттық салт–дәстүрі бойынша, құдаларға малдың құйрық–бауырынан табақ тартылады. Сол сияқты, құдалық кезінде «құда тарту», «құда аттанар» деген салттар да орындалады. Бұлар құдалықтың қызықты, есте қаларлықтай маңызды болуы үшін жасалады.

Ұзатылған қызға анасы «жасау» береді. «Жасау» – қызға анасы сыйға тартатын үй жабдықтары және басқа сыйлықтар.

 

Жаңа сөздермен танысыңыз.

Құдалық– сватовство

Неке қию – обвенчание

Үйлену– женитьба

Жаңғыру – возродиться

Киіт– подарки

Игі ниет – благородная цель

Табақ тарту – угощать

Ырым – здесь: традиция

Жасау - приданое

 

2. Берілген жоспар негізінде мәтінді мазмұндаңыз.

  1. Қазақ халқының үйленуге байланысты салт–дәстүрлері.
  2. Құдалық – құдалардың ең алғашқы кездесуі.
  3. Құдаларды қарсы алу.
  4. «Өлі–тірі» ежелден келе жатқан дәстүр.
  5. Неке қию – жас жұбайлар отауына ашылатын жол.

3. Берілген сұрақтарға жауап беріңіз.

  1. Қазір жастар үйленер алдында құда түсу жасала ма?
  2. Құдалардың бір–біріне «киіт беруі» міндетті ме?
  3. «Өлі–тірі» қай уақытта таратылады?
  4. Құдалық кезіндегі қызықты ойындарды көрдіңіз бе?

4. Үлгі бойынша сұхбат құрастырыңыз.

- Сіздің үйленген ағаңыз ба?

- Жоқ, менің емес, мына досымның ағасы үйленген.

 

а) әже – ата – құдалық;

ә) апа – қыз – неке;

б) Ардақ – іні – күйеу жолдас.

 

5. Сұхбаттасу мәтінін толықтырыңыз.

- Алтынай, сенің әпкең тұрмысқа шыққан ба?

- ___________________________________ .

- Ол қанша жасыңда тұрмысқа шықты?

- ___________________________________ .

- Әкпеңе құда түсіп, сырға салды ма?

- ___________________________________ .

- Олардың некелерін қай жерде қиды?

- __________________________________ .

- Сенің әкпеңе анасы жасау берді ме?

- __________________________________ .

- Әкпеңнің үйлену тойы қайда болды және ол қалай өтті?

- ____________________________________ .

 

Тапсырма. Берілген сөздерді тәуелдеңіз.

Жақ Берілген сөздер
Төсек шырақ қап
Менің      
Сенің      
Сіздің      
Оның      
Біздің      
Сендердің      
Сіздердің      
Олардың      
           

 

6. Төменде берілген сөздермен сөз тіркестерін жасаңыз.

Үйде, сол жақта, төсекте, үстел, орындық, құдалар, отыр,

аялдамада, Қарағандыда, орын- бас дәрігер, дәрігерлер, жоқ,

дықта, емханада, тойда, туыстар, кітаптар, дәрілер бар,

дәріханада, университетте студенттер жатыр

 

Неке қию.

Неке қияр – жас жұбайлардың неке қию дәстүрі. Ол екі жастың өміріндегі аса қымбат күн болып есептеледі. Неке қию үшін молда шақырылады. Молда кесеге неке суын құйып, куәгерлерді шақырады. Жастардың үйленуге ризалығын алған соң, молда оларға неке суын ішкізеді де, олардың бұдан былай ерлі–зайыпты екендігін айтып, жас отбасыға бақытты өмір тілейді.

Бұдан соң, некесі қиылған жас келіншектің беташары өткізіледі. Бұл – жас келінді жігіттің туыстарына, жора–жолдастарына таныстыру деген сөз. Сонымен қатар, келінге де жігіттің туыстары жайлы мағлұматтар беріледі. Беташар ойын–күлкі, әзіл–қалжың жағдайында өтеді. Беташардың соңында ақын (бет ашушы) жас келінге деген тілек, ниеттерін айтады.

Табыс септігі кімді? нені? деген сұрақтарға жауап береді, жалғаулары: -ны, -ні,- ды, -ді, - ты, -ті. М: бала-ны, студент-ті. Тәуелдік жалғауынан соң –н жалғауы жалғанады. М: баласы-н.

7. Мақалдарға мән беріңіз. Олар адамды неге шақырады?

· Қайта кірер есікті қатты жаппа

· Алтау ала болса, ауыздағы кетер,

Төртеу түгел болса, төбедегі келер.

· Атаның баласы болма, адамның баласы бол.

· Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп.

· Жақсы бала жаман әкенің есіктегі басын төрге сүйрер,

Жаман бала жақсы әкенің төрдегі басын есікке сүйрер.

· Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда.

· Жақсы келін – қызыңдай,

Жақсы күйеу – ұлыңдай.

· Келін кейін отырар болар,

Көтерілуге бейім отырар болар.

8. Сұрақтарға нақты мысалдармен жауап беріңіз.

  1. «Қайта кірер есік» деген тіркес қандай мағына береді?
  2. «Алтау», «төртеу» деген сөздердің мағынасын қалай түсінесіз?
  3. «Адамның баласы» кім?
  4. Неліктен «ағайын тату болса ат көп»?
  5. Қандай әкенің «басы есікте» болады, қандай әкенің «басы төрде» болады?

 

9. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.

Қыз ұзатуға байланысты салт-дәстүрлер

Сүт ақы – қыз анасына берілетін сый. Қызды үйден шығару күні екі жақтың келісімімен белгіленеді. Бұл күнгі сыйлықтарда сан жоқ. Солардың ішіндегі айрықша сый – қыз анасына берілетін «сүт ақы» болып есептеледі. Бұл сыйлық қыз анасына аса үлкен құрметпен табыс етіледі.

 

Келін түсіру – келіншектің күйеу баланың үйіне келуі. Бұл шараға барлық ауыл болып дайындалады. Жас қыздар мен келіншектер келінді қарсы алуға шығады. Олар жас келінді бөлмеге оң аяғымен кіргізеді, қарсы алушылар келінге шашу шашады. Содан соң келінді шымылдыққа отырғызады.

 

Үй көрсету - келіннің күйеу жігіттің туыстарымен танысуы. Тойдан кейін күйеу жігіттің туыстары және көршілер кезектесіп, келінді үйлеріне қонаққа шақырады. Келін бұл үйлерге құр қол бармайды. Енесі немесе үлкен жеңгесі дәстүр бойынша ол үйге келіннің атынан сыйлық алып барады

10. Сөйлемдерді толықтырыңыз.

1. Қалыңдықты … күйеу жігіт бас құдамен, достарымен, туыстарымен келеді.

А) көруге;

Ә) алып кетуге;

Б) кездесуге;

В) сөйлесуге.

2. Қыз баланың тәрбиесіне … ықпалы көп.

А) анасының;

Ә) әкесінің;

Б) құрбыларының;

В) мектептің.

3. Келінді жігіттің туыстарымен таныстыратын - … .

А) үй көрсету;

Ә) беташар;

Б) келіннің үйге түсуі;

В) келіннің жеңгесімен сөйлесуі.

 

11. Отбасылық бюджет туралы.

Отбасылық экономика, ең алдымен, жоспарлауды қажет етеді. Отбасының бюджеті неғұрлым қарапайым болса, солғұрлым оны жоспарлау тиянақты болғаны жөн. Жоспарлауды қалай жүзеге асыруға болады?

Поляк авторлары Б.Киселевская мен Г.Сарновская шаруашылық кітабын жүргізуді ұсынады. Кітап үш бөліктен тұрады: кіріс, шығыс және төлемдер, қаржыны жинау. Отбасы мүшелерінің айлық жалақылары, стипендиялары тағы басқа табыстар кіріс бөліміне, пәтерге, электроэнергияға т.б. төленетін ақша шығыс бөліміне жазылады. Оларды уақтылы төлеп тұру қажет. Шығынның ең маңыздысы – тамақ үшін жарататын ақша болып есептеледі. Күнделікті тамаққа кететін ақша белгілі, соны 30 күнге көбейту керек. Сондай-ақ санитария мен гигиена заттарына кететін шығындарды да естен шығармаған жөн. Егер жұбайлар жас нәресте күтіп отырған болса, оған қажетті төсек орын, арба, киім-кешектер жайлы да ұмытпау керек.

Кассалық кітапшадағы «қаржыны сақтау» бөлімі бос болып қалмау керек. Оған ақша салу үшін көңілге ұнаған заттарды сатып ала бермей, қажеттілерді ғана алып, әзірге қажетсіз болып саналатындардан бас тарта білген жөн.

Сұрақтарға жауап жазыңыз.

1.Отбасылық бюджет неден құралады деп ойлайсыз?

2. Отбасылық бюджетті жоспарлау деген не?

3. Шаруашылық кітабы не үшін керек, ол қандай бөлімдерден тұрады?

 

12. Төмендегі сөз тіркестерінің мағыналарын салыстырып оқып, ұғып алыңыз.

Отбасылық экономика – мемлекет экономикасы

Отбасының бюджеті – мемлекеттің бюджеті

Шаруашылық кітабы – оқушының кітабы

Бақылаудың жақсы түрі – есептеудің жақсы түрі

Айлық жалақы – аз немесе көп жалақы

Уақтылы төлеп тұру – жылдам төлеп тұру

Жас нәресе күту – баланың тууын күту

Бос болып қалу – ақша салмау

Көңілге ұнаған заттар – жақсы заттар

Қажетсіз болып қалу – ұнамай қалу

БӨЖ тапсырмасы

«Жаңа дәстүр, жаңа салт» деген тақырыпта эссе жазыңыз.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1.Адамгершілікке тәрбиелеу әліппесі. /Ред.басқ. Каиров Н.А. т.б. Алматы: Мектеп, 1988. -346 б.

2.Әдеп және жантану./Құраст.Қ.Жарықбаев. Алматы: Атамұра, 1996. -224 б.

3.Қалиев С., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. Алматы: Білім, 2001. -224 б.

4. Әбдіков Т. Мұратымыз – ізгілік // Парасат, 2001. № 7.

ҮШІНШІ АПТА (3-сағат)

Бірінші сабақ. «Қазіргі тұрғын үй» (1 сағат)

Грамматика. Сілтеу есімдіктері, олардың түрленуі. Барыс және жатыс септіктері.

 

Сілтеу есімдіктеріне жататындар: бұл, осы, сол, мына, ана, анау. Сілтеу есімдіктері септеледі, тәуелденеді, жіктеледі.

 

1. Мәтінді оқып, мағынасын ұғып алыңыз.

 

Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй мәселесі

 

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін барлық жағдайдың жасалуы қаралған. Тұрғын үй мәселесі өмірдегі ең басты мәселе болған және бола да береді. Ф.Энгельс: «Бір нәрсені өндіру үшін адамдардың тамағы, киімі және баспанасы болу керек...»,-деген.

1993 жылғы 6 қыркүйекте ҚР Президентінің Жарлығымен «Жаңа тұрғын үй саясатының мемлекеттік бағдарламасы және оны жүзеге асырудың механизмдері» бекітілді.

Қазақстан Республикасындағы жаңа тұрғын үй заңдылығы.

1992 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасының тұрғын үй кодексі қабылданды. Қазіргі кезде негізгі заңшығарушы актілердің қатарында ҚР-ның 1997 жылғы 16 сәуірде қабылданған «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы жатады.

Тұрғын үй заңдылығы жатақханалар мен қызметкерлерге берілетін мекемелердегі мекенжайларды бөлу мәселесімен де шұғылданады.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан әр адамға 15-18 шаршы метр, ең кемі бір бөлмелі пәтер беріледі.

Мемлекеттік немесе әскери, бюджеттік ұйымдарда қызмет істемейтін азаматтар табысы аз, мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғалатын азаматтар болып есептеледі. Оларға тұрғын үй ҚР Үкіметі белгілегендей көлемде, ең кемі бір бөлме беріледі. Табысы аз әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтар «Тұрғын үй туралы» Заңның 68 бабымен белгіленген. Оларға І-ІІІ топтағы мүгедектер мен ҰОС-на қатысушылар, көп балалы азаматтар, зейнеткерлер, оралмандар, толымсыз отбасылар, мүгедек-балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жатады.

 

2. Жаңа сөздермен таныс болыңыз.

тұрғын үй – жилье

қамтамасыз ету – обеспечить

жағдай жасау – создат условие

жүзеге асыру – осуществить

заңшығарушы акт – законодательный акт

жатақхана – общежитие

әлеуметтік қорғалу – социально обеспечить

табысы аз – малоимущий

көп балалы – многодетный

оралмандар

мүгедек-бала – дети-инвалиды

толымсыз отбасыл

– Конец работы –

Эта тема принадлежит разделу:

БЕКІТЕМІН

Л Н Гумилев атында ы Еуразия лтты университеті ШЖ РМК... Практикалы аза тілі кафедрасы...

Если Вам нужно дополнительный материал на эту тему, или Вы не нашли то, что искали, рекомендуем воспользоваться поиском по нашей базе работ: Танысу.

Что будем делать с полученным материалом:

Если этот материал оказался полезным ля Вас, Вы можете сохранить его на свою страничку в социальных сетях:

Все темы данного раздела:

Силлабус
1. Оқытушының тегі, аты-жөні, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы; лауазымдық қызметі; байланыс ақпараты; оқытушының 

IV АПТА
КӨРКЕМ СӨЗ – КӨРКЕМ ӨНЕР 1- сабақ Ж.Аймауытов шығармаларындағы жан сұлулығы Ү

VI АПТА
ТУҒАН ЖЕРГЕ САЯХАТ 1-сабақ Өз өлкеңді таны: Сан есім  

VII АПТА
қАЗАҚСТАННЫҢ КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРІ 1-сабақ

VIII АПТА
МЕНІҢ МАМАНДЫҒЫМ 1-2- сабақ Мен таңдаған мамандық Құрмалас сөйлем

IX АПТА
БАСШЫ КЕЛБЕТІ 1-сабақ Басшының басқару стилі. Ыңғайлас салалас Ыңғайл

Жасайды.
4-тапсырма. Сөйлемдердің екінші сыңарын тауып, ыңғайлас салалас құрмалас сөйлем жасаңыздар. Басшының с&

Тапсырма.
Сабақты бекіту сұрақтары: 1. Жастар деп кімдерді атаймыз? 2. «Еліміздің жарқын болашағы – дарынды жас

XI АПТА
ҚАЗАҚСТАН - ӘЛЕМДІК КЕҢІСТІКТ 1 - сабақ Шартты бағыныңқы сабақтас құрма

XII АПТА
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ 1-сабақ Сабақтас құрмалас сөйлем

XIII АПТА
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ 1- сабақ Себеп бағыныңқы сабақтас

XIV АПТА
БІЛІМ ДЕ БӘСЕКЕГЕ ТҮСЕДІ 1–сабақ. ұлТТЫҚ КАДРЛАР – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГ

XV АПТА
ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКА 1- сабақ Қазақстандықтардың ғылыми жаңалықтары. Мақсат ба&#

Хотите получать на электронную почту самые свежие новости?
Education Insider Sample
Подпишитесь на Нашу рассылку
Наша политика приватности обеспечивает 100% безопасность и анонимность Ваших E-Mail
Реклама
Соответствующий теме материал
  • Похожее
  • Популярное
  • Облако тегов
  • Здесь
  • Временно
  • Пусто
Теги