рефераты конспекты курсовые дипломные лекции шпоры

Реферат Курсовая Конспект

АДАМНЫ

АДАМНЫ - раздел Образование,   Қ.а. ЖаҚыбаева, Г.ш. Акимбекова  ...

 

Қ.А. ЖАҚЫБАЕВА, Г.Ш. АКИМБЕКОВА

 

ҚАЗАҚ ТІЛІ

Жоғары деңгей

(оқу құралы)

 

АЛМАТЫ, 2012

 

 

УДК .............

ББК .................

Б ........................

 

 

Халықаралық Бизнес Академиясы

 

 

 

Рецензенттері: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Б.Қ.Момынова, Халықаралық Бизнес Академиясы Жалпы білім беру пәндері кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Г.Ә.Садыр

 

Қ.А. Жақыбаева, Г.Ш. Акимбекова

Қазақ тілі. Жоғары деңгей. (оқу құралы) Алматы, 2012ж. 196 бет.

 

 

ISBN ..............

 

Оқу құралы экономикалық жоғары орындарының қазақ тілі пәніне арналған бағдарламаға сәйкес жасалған. Ұсынылып отырған оқу құралы жоғары деңгейге арналған. Оқу құралының мақсаты – қазақ тілін тереңдетіп үйренушілерге экономикалық тақырыптармен сәйкестендіріліп алынған мәтіндер арқылы сөздік қорын көбейтіп, ана тілінде сөйлеу тілін дамыту, оларға болашақ қызметінде жиі қолданылатын экономикалық терминдерді меңгертіп, кәсіби тілін қалыптастыру, ғылыми тілді тереңдетіп оқыту, шешендікке қызықтыру.

 

 

УДК ...........

ББК .............

 

Оқу құралы Халықаралық Бизнес Академиясының Ғылыми Кеңесінде басылымға ұсынылған.

ISBN .............

© Қ.А. ЖАҚЫБАЕВА

© Г.Ш. АКИМБЕКОВА

 

Алғы сөз

Бұл оқу құралы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің Типтік бағдарламасындағы мемлекеттік тілді оқытуға қойған талабын ескере отырып, Республикамыздың жоғары оқу орындарындағы экономика мамандықтарында қазақ тілін кәсіби мамандыққа сай тереңдете оқыту, кәсіби сөйлеу дағдысын қалыптасыруға, кәсіби оралымдар мен терминдерді меңгертуге бағытталған оқу құралы болып табылады.

Оқу құралы негізінен екі семестр тақырыптарына арналып құрастырылған. Бірінші бөлімінде адам және қоғам, адам мүддесінің қорғалуы, әлеуметтік ұйымдар мен салалардың қызметі, адам құқықтары мен оның қорғалуы т.б. тақырыптарына арналды. Ал екінші бөлімі экономика саласының (менеджмент, маркетинг, есеп және аудит, қаржы т.б.) түрлеріне бағытталып құрастырылған. Оқу құралында әрбір лексикалық тақырыптардағы қиындық келтіретін сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы түсіндіріліп, олардың қолданылу аясы туралы мағлұмат беріліп отырды. Оқулық тақырыптық бөліктерден, мәтіндерден, соған сәйкес жағдаяттық тапсырмалардан, жаттығулардан, ой бөлісулерден, ойтүрткілерден, ойталқылардан, пікір алмасулардан тұрады. Әр тақырыптық мәтіндерді мақал-мәтелдермен, шешендік сөздермен, даналық сөздермен, тұрақты сөз тіркестерімен байланыстыра отырып құрастырдық.

Тілді оқыту барысында қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтар тілдің сөздік қорының баюына оң әсерін тигізеді. Осыған сәйкес мамандық бойынша терминдер мен оралымдар, оларға түсінік берілуі жан-жақты ескерілді.

Бұл оқу құралы студенттердің экономика саласы бойынша кәсіби сөйлеу дағдысын қалыптастырып қана қоймай, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға, маман ретінде кәсіби тілді көркем әдеби тілде жеткізе білуге үйретеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар студенттердің келешек кәсіптерін ескере отырып, мамандықтарына сәйкес пікірталасқа еркін түсе алуына, кәсіби маман ретінде өзіндік ойпікір қалыптастыруына бағыт-бағдар бере алдық деген сенімдеміз.

 

1-бөлім

Модуль

ЗАМАН және ЗАҢ

1-сабақ. АДАМ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Мәтінді оқып, өз пікіріңізді білдіріңіз

Еліміздің басты құндылығы – адам. Адам құқықтарын қорғау мен оны сақтау – мемлекеттің басты міндеті. Қазақстан егемендік алған күннен бастап өзінің демократиялық-зайырлы мемлекет екенін, одан кейін, ең құнды қазынасы – адам екенін көрсетті. Сонымен бірге, адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары деп жариялаған болатын. Осыған орай дүние жүзіндегі беделді ұйымдардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды. («Еліміздің басты құндылығы – адам өмірі» Сымбат Рамазанова «Өскемен» газеті)

Соңғы уа­қытта адам құ­қықтары мен бос­тан­дықтарын қор­ғау саласында бірқатар заңдар қа­был­данды, олар – тұрмыстық зор­лық-зом­былық профилакти­ка­сы, гендерлік теңдік, босқындар, сот және қыл­мыстық-атқару жүйесін жетілдіру туралы заңдар.

Біздің мемлекетімізде әрбір адам – өзінің бұзылған құқықтарын қор­ғаудың және қалпына кел­тіру­дің көптеген мүмкіндіктеріне ие. Оған сот органдарын, прокуратура, мемлекеттік органдардың және лауа­­зымды тұлғалардың заң­­сыз іс-әре­кеттеріне жоғары инс­­тан­ция­лар­ға шағымданудың сотқа дейінгі тәр­­тібі қарастырылған.

БҰҰ қатысуымен адам құқық­тары саласында маңызды бағдар­ла­ма­лық құжаттар әзірленді, олар – 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құ­қық­тық саясат тұжырымдамасы және 2009-2012 жылдарға арнал­ған Қазақстан Республикасын­дағы адам құқықтары саласындағы ұлттық жоспар. («Адам құқықтары – ең басты құндылығымыз» Асқар Шәкіров ҚР.Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Егемен Қазақстан газеті (электронды вариант)10.12.2010ж жұма).

Түсініктеме!

құндылық – қымбат, қадірлі, сыйлы, ардақты;

зайырлы білімдар, білім-ғылымы дамыған;

қазына– жекелеген адамдардың, мемлекеттің қымбат дүниесі;

құқық– қоғамдық қатынастардың заңды тәртіптемесін қамтамасыз ететін нормалар жиынтығы;

зор­лық – зом­былық–қорлық, қиянат, біреуді қорлау;

гендерлік теңдік– ерлер мен әйелдердің заң алдындағы теңдігі;

босқын– аштықтан қуғын-сүргіннен үркіп көшкен ел, босқын, қашқан ел;

лауазым– жоғары қызмет, қызмет бабындағы дәреже, атақ;

инстанция– бірі-біріне бағынатын мемлекет, мекеме жүйесіндегі төменнен жоғары қарай бағыну сатысы;

 

Пікірлесейік!

1. Қазіргі қоғамда адам құқықтары орнымен қорғалуда ма? Қалай ойлайсыз?

2. Біздің мемлекетімізде адам құқықтарын қорғауға арналған қандай бағдарламалар жұмыс істейді?

1-тапсырма. Тіл туралы мақалдардың жалғасын жазыңыз.

Заманына қарай күлкісі, …………………………..............

Су басынан бұзылар, .........................................................

Заманың қалай болса, …………………...........................

Заманың түлкі болса, …………………………….............

Қажетті сөздер: тазы боп шал, тауына қарай түлкісі, бөркіңді солай ки, балық басынан шірір.

 

2-тапсырма. Мына шағын мәтіндегі сөйлемдерді теңеу мен фразеологизмдерді қолдана отырып, түрлендіріңіз.

Мемлекеттің басты ( ..., ..., ...) адам болып табылады. Адам құқықтарын (..., ..., ...) мемлекеттің міндеті болып саналады. Мемлекетімізде әрбір адам өз (...,...) ие. Заң­­сыз іс-әре­кеттер үшін адам (..., ...,...) алады.

Қажетті сөздер мен сөз тіркестері: байлығы, қорғау, қорғалау, қазынасы, игіліктеріне, арыздана, сүйеніші, шағымдана, сақтау, басын көтере, тірегі, қорғаштау, басын арашалай, мүмкіншіліктеріне.

3-тапсырма. Берілген фразеологизмдердің мағынасын ашыңыз.

Ағын судай екпіндеді ............................................................................ .

Адал ақы, маңдай тер ............................................................................ .

Ағаттық (әбестік) жасады ............................................................................ .

Ақ сүтін ақтады. ............................................................................ .

 

Даналар сөзіне құлақ салыңыз!

Орта жүзден Ұлы жүзге мал алып қайтуға келген барымташының біреуіне найза қадалады. Орта жүз Ұлы жүзден құн сұрайды. Ұлы жүз оған көнбейді. олар дауласып Төле биге келеді. Келген адамдардың дауын тыңдаған Төле оң қолы, одан сол қолын созады, содан кейін үстіңгі ернін және астыңғы ернін шығарады. Даугерлер түсінбейді. Елдеріне қайтып келген соң Төленің жауабын айтады. Сонда Едіге батыр: «Сендер Төленің жауабын түсінбепсіңдер, екі қолын созғаны – сендер ұзын сойыл ұрда-жық қара барымтаның адамысыңдары дегені, ал екі ернін шығарғаны – сендер ағайынды шағыстырып, өсек айтып, ат мініп, ас ішерлік қана адамсыңдар дегені» - деп, мән-жайды түсіндіреді. Ел-жұрт ақылдасып, Төле биге Едігені аттандырады.

 

Мәтінге тапсырма:

1. Мәтіннің мазмұнын қалай түсіндіңіз?

2. Бұл шешендік сөзде адам құқығы туралы қандай пікір айтылған?

3. «Ұзын сойыл ұрда-жық қара барымтаның адамысыңдар» деген тіркестің мағынасын ашыңыз.

4. «Барымта» туралы жазылған қандай шығармаларды білесіз?

 

2-сабақ. АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАЛУЫ

Мәтінді оқып, пікір білдіріңіз.

Адам және азамат құқықтары Заңмен қорғалуға тиіс. Ел болғаннан кейін оның Басшысы және Негізгі Заңы мен басқа да сол елді басқару жұмысын үйлестіру, адам мен азаматтардың өмір сүруін қамтамасыз ету үшін заңдылықтарының болуы шарт. Біздің қазақ елін ерте замандардан бері хан басқарып, заңдылықтары Жеті жарғы заңымен реттеліп, билікті тек билер мен ақсақалдар жүргізген, тәуелсіздігін батырлар қорғаған. Ал қазіргі кезде елімізді басқару жүйесі негізінен алғанда сол баяғы заманға бір табан жақын болғанымен, талай сатылардан өтіп, жетіліп, адам мен азаматтардың құқықтарының сақталуына көп көңіл бөлінуде. Егемендігімізді алған жылдан бастап-ақ Ата Заңымыз – Конституциямызды қабылдап, онда елімізді басқару жүйесін анықтап, құқықтық, зайырлы мемлекет болуға қол жеткіздік.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің Негізгі заңы азаматтарымыздың дәулетті де бақытты өмір сүруін, олардың тәуелсіз, экономикасы өркендеген мемлекет құру жолындағы әрбір қадамын реттейтін басты құжат болып қала береді», – деп атап көрсетті. Қазақстан Республикасының Конституциясы – демократиялық, адамзаттық даму жолына орныққан қоғамның және мемлекеттің негізгі, басты құжаты. Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқындалған. Адам құндылықтары мен бостандықтарын асқақтату, оларды ең жоғарғы құндылық деп мойындау демократияны дамытудың үлгісі болып табылады. Сондықтан жеке адамның құқықтық мәртебесі демократияның институттарымен тікелей байланысты.

Адам құқығы табиғи құқықтан туындайды және ол барлық адам баласына туа біткен қасиет ретінде танылады. Олар – өмір сүру, бостандық, езгіге қарсы тұру, бақытты болуға ұмтылу. Бұл қасиеттер бүкіл адамзаттың ажырамайтын құқықтары деп танылады. Сонымен қатар, «азамат құқығы» деген де ұғым бар. «Азамат» сөзі адамның арнайы бір мемлекетпен құқық пен міндет арқылы тікелей байланыста екенін аңғартады. Белгілі заңгер ғалым А.К. Котов былай деп атап көрсеткен: «Жалпы социологиялық категория «адам құқығы» мен мемлекеттік құқықтық ұғым «азамат құқығының» байланыста болуы – табиғи жағдай. Олардың арасындағы айырмашылық, адам құқығы мемлекеттің мойындауынан тыс бола береді. Олар дүниежүзілік қауымдастықпен гуманистік құндылық ретінде мойындалған. Негізінде, адам құқығын сыйлайтын мемлекет олардың негізгілерін өз Конституцияларында бекітеді, сонымен қатар күнделікті заңнамаларда тәптіштейді».

Қазақстан Республикасын адам және азамат құқығын құрметтеп сыйлайтын мемлекет ретінде айқындайтын бірден-бір белгі – Қазақстан аумағын мекендейтін халық мүддесінің мемлекет мүддесінен үстем тұруы, оған басымдылықтың берілуі. Конституцияның 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.

Адамның жеке азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Адам құқықтары қоғамдық қатынастармен тығыз байланыста болады және соған байланысты арнайы топтарға жіктеледі.
(http://www.info-tses.kz Ж.Қожамбаева «Адам және азамат құқықтары Заңмен қорғалуға тиіс»)

 

Түсініктеме!
үйлестіру
– белгілі бір мәселе жөніндегі жұмыстарды қадағалап, тексеріп бағыттап отыратын кеңес;

саты – бір нәрсенің дамуы, өсу кезеңі, мерзімі;

зайырлы –білгір, білімдар;

орнығу – тиянақты, жайлы, қолайлы;

әлеуметтік –жалпы қоғамға тән, қоғамдық;

құндылық – маңыздылық, мәнділік; бағалылық, қымбаттылық;

мәртебе – абырой-атақ, даңқ, дәреже;

қауымдастық – қауымдасқан тірлік;

гуманистік – гуманиске тән;

гуманист – гуманизмді уағыздаушы, қолдаушы;

гуманизм – адамға деген ізгі ниет, сүйіспеншілікпен қарайтын адамгершілік қасиет;

басымдық – күші басым болушылық, мықтылық; үстемдік, өктемдік;

нормативтік –жұмыс уақытының, материалдық және ақша ресурстарының есептеліп белгіленген мөлшері;

 

1-тапсырма. Жоспар бойынша мәтіннің мазмұнын толықтыра отырып, әңгімелеңіз.

Адам құқығы туралы ...

Адам құқықтықтарының заңмен қорғалуы ...

Азаматтардың өмір сүруін қамтамасыз ету ...

Демократиялық институттар жайында ...

Адам құқығы мен мемлекеттік құқықтың байланысы ...

 

2-тапсырма. Мәтіндегі адам құқығының қорғалуын қазіргі кезбен салыстыра отырып талдаңыз.

Ерте заманда бір төре кедей адамға егін ектіріп, ақы төлемей, өзі пайдаланып жүреді екен. Кедей адамға бала-шағасын асырау қиын болыпты. Келесі күзде егін бітік шығып, кедей егінді төреге айтпай жинап алыпты. Төре кедейді ұрып, басын жарыпты. Таяқ жеген кедей Төле биге арызданып барыпты. Төле бидің қартайған кезі еді. Төрені шақырытып алып:

– Таласқандарың қара жер,

Төрең болдың босқа тер.

Егіншіңмен айтысып,

Қор боп қапсың қайран ер.

Қор болмастық ойласаң,

Мүсәпірдің қақың бер,

деген соң, әлгі төре ұялып, әлгі төре кедейдің ақысын беріп, риза қылыпты.

 

3-тапсырма. Мына мақал-мәтелдер қандай жағдайда қолданылады?

· Дауды ақыл жеңеді,

Жауды батыл жеңеді.

· Еркіндігіне қамыт түссе,

Елдігіңнен не қайыр.

· Құм жиылып, тас болмас,

Құл жиылып, бас болмас.

· Жер жетім, иесі жоқ қалған болса,

Ел жетім, жақсы басшы арман болса.

4-тапсырма. Негізгі тақырып пен Абайдың 38-қара сөзі арасындағы логикалық байланысты ашып көрсетіңіз.

Барлық адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашу керек.

Әуелі - надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық.

Надандық – білімнің жоқтығы. Дүниеден ешнәрсені білімсіз біле алмайсың.

Білімсіздік – айуандық болады.

Еріншектік – дүние жүзіндегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі содан шығады.

Залымдық адам баласының дұшпаны. Кімде-кім адам баласына дұшпан болса, ол жыртқыш айуан қатарына қосылады.

 

Үйге тапсырма:

«Азаматтық іс» туралы айтқан даналар сөзін жинап, талдау жасаңыз.

3-сабақ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

«ТІЛДЕР ТУРАЛЫ ЗАҢЫ»

Тіл туралы толғаныс

Мәтінді оқыңыз, пікір айтыңыз.

... Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, ертеңгі де тағдыры. Тіл байлығы – елдің елдігінің айғағы, көркем және ғылыми әдебиеті, өнеркәсібі, мәдениеті, қоғамдық құрылысы, салт-санасы, жауынгерлік дәстүрі, тағы басқа мұрасы қай дәрежеде екенін көрсететін дәлелі, кепілі. Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі. Әр тілдің өз ырғағы бар.

... Біздің тіліміз – көркем, бай. Мәселе соны дұрыс пайдалана білуде. Өз тілінің сұлулығын сезбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай.

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту. Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеушілік – шынайы патриоттарды тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян.

(Бауыржан Момышұлы)

Түсініктеме!

елдігінің айғағы –ел бірлігінің, ел ретінде танылуы; елдің танылуы, елді мойындау, елдің өзіндік белгісі;

кепілі –бір нәрсенің ерекшелігі, белгісі; шарты;

екіталай –нақты емес, жорамалдап, тұспалдап түсіну;күмәнді, дүдәмәл;

Пікірлесейік!

Қалай ойлайсыңдар, әр халық өз тілін сақтауға міндетті ме? Мына жаһандану заманында барша халыққа қарым-қатынас жасауға бір-екі тіл болса, жеткілікті ме?

1-тапсырма. Тіл туралы мақалдардың жалғасын жазыңыз.

Тіл тас жарады, ……………………………………………………………………

Бас кеспек болса да, ………………………………………………………………

Сөз сүйектен өтеді, ……………………………………………………………….

 

2-тапсырма. Мына шағын мәтіндегі сөйлемдерді теңеу мен фразеологизмдерді қолдана отырып, түрлендіріңіз.

Бүгін – 22 наурыз. Көшеде (.........) адам. Бәрі де ерекше ( ........) кеткен.

Жамағат бір-бірімен (...,...,...) қауышып, құттықтасып жатыр. Олар бір-біріне (.........) өмір, (.........) бақыт, ( ..........) тұрмыс, ( .........) қуаныш тілеп жатыр.

Қажетті сөздер мен сөз тіркестері: құжынаған, қаптаған, құлпырған, жүздері нұрланған, жүздері бал-бұл жайнаған, сағыныса, қимай, жүректері алабұрта, бақытты, ұзақ, баянды, шат-шадыман, қайғысыз, мұңсыз, көл-көсір, ұлан-асыр.

3-тапсырма. Мына сөйлемдерді басқа сөйлеммен беріңіз.

Екі езуі екі құлағында. ............................................................................ .

Бір қайнауы ішінде. ............................................................................ .

Бір ұрты май, бір ұрты қан. ............................................................................ .

Жазда арбаңды сайла, қыс шанаңды сайла ................................................... .

Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде. ...................................................................... .

 

4-тапсырма: Тіл туралы Заңның ерекшеліктерін есте сақтаңыз!

Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1997 ж. 11 шiлдедегі № 151-I Қазақстан Республикасының Заңы 2008.21.11.

Қазақстан Республикасы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуын өзінің тәуелсіз мемлекеттілігінің аса маңызды белгісі деп санайды және оның қолданылуы, қорғалуы мен дамуына қамқорлық жасайды. Осы Заң Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабы 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілінің құқықтық мәртебесін анықтайды.

Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Қазақстан Республикасының барлық саяси, қоғамдық, ғылыми және мәдени саласында қолданылады.

2-бап. Осы Заңның реттейтiн мәселесi

Мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтiн мәселе болып табылады.

Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және дiни бiрлестiктерде тiлдердiң қолданылуын реттемейдi.

3-бап. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар

Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

Тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;

Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;

қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

Модуль

ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕЙНЕТАҚЫ ҰЙЫМДАРЫ

1-сабақ. ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ТҮРЛЕРІ

Мәтіннің мағынасын талдап, түсіндіріңіз

Әлеуметтік сақтандыру деп әдетте еңбек ету қабілетін жоғалтқан және (немесе) жұмысынан айырылған жағдайларда азаматтарды материалдық қолдау және олардың денсаулығын сақтау үшін қоғамдық өнім құнын қайта бөлу жөніндегі экономикалық қатынастардың жүйесін айтады.

Әлеуметтік сақтандыру кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың міндетті жарналарынан құралатын ерекше қорлардың есебінен жүзеге асырылады.

Халықты әлеуметтік қорғаудың қазіргі жүйесі мынадай негізгі элементтерді қамтиды:

· мемлекеттік көмек берудің дәстүрлі нысаны (әлеуметтік көмек);

· әлеуметтік жеңілдіктерді қоса халықтың жекелеген санаттарына берілетін мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер жиынтығы;

Әлеуметтік сақтандырудың екі нысаны бар:

1) міндетті әлеуметтік сақтандыру;

2) ерікті әлеуметтік сақтандыру.

1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру бюджеттен тыс мақсатты (мемлекеттік немесе қоғамдық) қорлар арқылы қамтамасыз етілетін мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктердің бір түрі. Бұл қорларға мемлекеттік бюджет қаражатынан көмек көрсетіледі.

2. Ерікті әлеуметтік сақтандырумемлекеттің (мемлекеттік бюджеттің) сақтандыруды қолдауы жоқ болғанда ұжымдық ынтымақ және өзара көмек қағидаты негізінде құрылады.

Әлеуметтік сақтандыру еңбек ету қабілеттігін уақытша немесе үнемі жоғалтқан азаматтар үшін сақтық әдісін қолданумен қорды қалыптастыруға және пайдалануға байланысты қатынастарды білдіреді.

Көбінесе әлеуметтік қорға азаматтардың дербес аударымдарының кезінде төлемақылардың мөлшері нақты тұлғаның бүкіл жұмыс істеген кезіндегі салған сомасына байланысты болады. Бұл қағидаттың іс-әрекетіне негізделген жүйе Қазақстандағы зейнетақы реформасының негізіне қойылған. (Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет: kk.wikipedia.org/wiki/)

 

Түсініктеме!

әлеумет– мәнді қарым-қатынастағы адамдардың өмір сүру жағдайының бірлігімен сипатталатын қауым (көпшілік, халық, ел-жұрт);

әлеуметтік– бір-бірімен өзара байланысы, тұтастықты құраушы құбылыстар мен үдерістердің жиынтығы;

құн– тауар өндіруге жұмсалған шығын немесе бір заттың ақшалай бағасы;

қағида– негіз, алғы бастама; белгілі білім негізінің алғашқы бастамасы;

ынтымақ– бірлік, ауызбіршілік, достық, татулық;

 

Ой талқы (дискуссия)!

Еліміздегі әлеуметтік сақтандыру орындарының жұмысы қандай деңгейде деп ойлайсыз? Әлеуметтік зейнетақы қорларын қалай таңдауға болады?

 

1-тапсырма. Тілдік этикетті пайдалана отырып, диалогты толықтырыңыз:

– Сәлеметсіз бе?!

– ...

– Біз зейнетақы шартын жасамақшымыз. Сіздердің зейнетақы қорларыңыздың талаптары мен шарттары жайлы айтып берсеңіз.

– ...

– Зейнетақы қорларыңыздың қандай артықшылықтары бар?

– ...

– Біз басқа қордың салымшыларымыз. Бізге шартты бұзуға тура келе ме?

– ...

– Біз зейнетақы шотын қалай тексере аламыз?

– ...

– Рақмет, бізге бәрі қолайлы.

– ...

2-тапсырма. Мәтіндегі «сақтандыру» сөзімен тіркесетін сөздерді теріп жазып, сөйлем құрастырыңыз.

Үлгі: сақтандыру компаниясы; Елімізде сақтандыру компанияларының жұмыстары жақсы жолға қойылған.

...

3-тапсырма. Сөйлемдердің семантикалық ерекшеліктерін анықтаңыз.

· Әлеуметтік сақтандыру ерекше қорлардың есебінен жүзеге асырылады.

· Бұл қорларға мемлекеттік бюджет қаражатынан көмек көрсетіледі.

· Ерікті әлеуметтік сақтандырумемлекеттің сақтандыруды қолдауы жоқ болғанда ұжымдық ынтымақ және өзара көмек қағидаты негізінде құрылады.

· Бұл қағидаттың іс-әрекетіне негізделген жүйе зейнетақы реформасының негізіне қойылған.

4-тапсырма. Асты сызылған сөздерді басқа сөздермен ауыстырыңыз.

Әлеуметтік сақтандыру еңбек ету қабілетін жоғалтқан және жұмысынан айырылған азаматтарды материалдық қолдау.

Ерікті әлеуметтік сақтандыру мемлекеттің қолдауыжоқ болғанда ұжымдық ынтымақ және өзара көмек қағидаты негізінде құрылады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру – бюджеттен тыс қорлар арқылы қамтамасыз етілетін әлеуметтік кепілдіктердің бір түрі.

Қажетті сөздер: бірлік, жұмыс істеу, қазына, ауызбіршілік, демеу, ақша, жан бағу, жинақ, жәрдем ету, татулық, терін төгу, жәрдемақы, көмек көрсету, береке.

 

Құлаққағыс!

Алматы облысының Көксу ауданы Балпықби ауылында табысы төмен азаматтар үшін әлеуметтік дүкен ашылды. Тұрақтандыру қорының облыстық комиссиясының шешімімен бекітілген азық-түлік тізімі бойынша сөрелер мен мұздатқыштар түрлі өнімдермен толтырылды. (Экономика республикалық апталық газеті №49 (221) 8-14 желтоқсан 2011ж)

 

2-сабақ. САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯЛАРЫ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз

Сақтандыру компаниясы – меншік, ұйымдық-құрылымдық нысанына және құрылысына қарамастан сақтандыру операцияларын жүзеге асырумен (сақтандыру қорын қалыптастырып, пайдаланумен) айналысатын ұйымдық құрылымды сипаттайтын жалпылама ұғым. Кейде сақтандырушы деген ұғымның баламасы ретінде пайдаланылады. Сақтандыру компаниясы азаматтарға, кәсіпорындарға олардың қызметі мен өмірінде сақтандыру жағдайлары басталғанда зиянның орнын толтыру және көмек көрсету жөніндегі операцияларды жүзеге асырады. Сақтандыру компаниясы бірқатар белгілері бойынша:

· меншік нысанына қарай (мемлекеттік, жекеше, өзара қарыз, бірлескен сақтандыру компаниясы);

· капиталының көлеміне қарай (ірі, орта, ұсақ сақтандыру компаниясы);

· аумақтық қызметіне қарай (аймақтық, ұлттық, халықаралық сақтандыру компаниясы);

· сақтандыру қызметінің бағытына қарай (мамандандырылған, әмбебап сақтандыру компаниясы) сыныпталады.

Мамандандырылған сақтандыру компаниясы сақтандыру қызметінің тек бір түрі бойынша операциялар жүргізеді (өмірді сақтандыру, теңізді сақтандыру, т. б.).

Әмбебап сақтандыру компаниясы сақтандыру қызметі түрлерінің тобы бойынша операциялар жүргізеді. Бір немесе бірнеше заңды тұлғалар (әдетте корпорациялар мен қаржы-несие топтары) өздерінің немесе құрамына кіретін шаруашылық жүргізуші бірліктердің мүліктік мүдделерін сақтандыру арқылы қорғау мақсатында құрылатын «кэптивтік» сақтандыру компаниясы ерекше орын алады. (Уикипедия жобасынан алынған мәлімет: kk.wikipedia.org/wiki/)

 

Түсініктеме!

нысан– зерттеуге, бақылауға арналған зат, құбылыс, объект;

балама– табиғаттағы, қоғамдағы, дүниетанымдағы әр түрлі мүмкіндіктердің бірін-бірі алмастыра алуы;

ұғым– белгілі бір зат, құбылыс жөніндегі адамның түсінігі, танымы; мән, мағына, маңыз;

меншік– біреудің жеке өзіне тән иелігі;

зиян– бір субъектінің басқа субъектілерге, табиғатқа, қоршаған ортаға, адамдарға келтіретін залалы;

әмбебап– жан-жақты бесаспап;

мүдде алға қойған мақсат, тілек, арман.

корпорация– кәсіптік мүдделері ортақ адамдардың біріккен тобы, одағы;

мүлік– дүние, жиһаз, бұйым;

 

1-тапсырма. Сөйлемді өз ойыңызбен жалғастырыңыз

Сақтандыру компаниясы азаматтарға көмек көрсету операцияларын жүргізеді және ...

Мамандандырылған сақтандыру компаниясы сақтандыру қызметінің тек бір түрі бойынша операциялар жүргізеді, ...

Әмбебап сақтандыру компаниясы сақтандыру қызметі түрлерінің тобы бойынша операциялар жүргізеді, ...

Мүліктік мүдделерді сақтандыру арқылы қорғау мақсатында құрылатын компания «кэптивтік» сақтандыру компаниясы болып саналады, ...

 

2-тапсырма. Мына шағын мәтіндегі сөйлемдерді синонимдермен толықтырыңыз.

Сақтандыру компаниясы – сақтандыру операцияларын (..., ..., ...) айналысатын жалпылама ұйым. Кейде (..., ..., ...) деген ұғымның баламасы ретінде пайдаланылады. Сақтандыру компаниясы азаматтарға, кәсіпорындарға олардың қызметі мен өмірінде сақтандыру жағдайлары басталғанда (..., ..., ...) және көмек көрсету жөніндегі операцияларды жүзеге асырады.

Қажетті тіркестер мен клишелер: зардаптың орнын толтыру, сақтандырушы, қорғаушы, іске асырумен, зиянның орнын толтыру, жүзеге асырумен, қолдаушы, нәтижеге жеткізумен, залалдың орнын толтыру.

 

3-тапсырма.Сөйлемдердің баяндауыштарын басқа сөздермен алмастырыңыз.

Сақтандыру компаниясы меншік нысанына қарай: мемлекеттік, жекеше, өзара қарыз, бірлескен сақтандыру компаниясы болып бөлінеді.

Ал капиталының көлеміне қарай ірі, орта, ұсақ сақтандыру компаниясы қызметтерін атқарады.

Аумақтық қызметіне қарай аймақтық, ұлттық, халықаралық сақтандыру компаниясы деп аталады.

Сақтандыру қызметінің бағытына қарай мамандандырылған, әмбебап сақтандыру компаниясы деп сыныпталады.

Қажетті клишелер: анықталады,жіктеледі, белгіленеді, қызмет көрсетеді, сұрыпталады, жұмыс істейді, топтастырылады, айқындалады, жүйеленеді, бір ізге түсіріледі.

 

4-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдердің мағынасын белгілі бір жағдайлар арқылы түсіндіріңіз.

· Сақтықты сұңқардан үйрен.

· Сақ жүрсең сау жүресің.

· Сақтықты соқырдан үйрен,

Кішілікті түйеден үйрен.

· Оң көзіңе сол көзің сақ болсын.

 

Құлаққағыс!

Екібастұз қаласында жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасы аясында екі көпқабатты тұрғын үйдің қайта құрылуы аяқталды. Мұнда әлеуеті төмен ауылдардан көшіп келетін 110 отбасы қоныстанатын болады. Кәсіби дайындықтан өтуге қазірге дейін 570 жұмыссыз жіберілген. олар мамандық алғаннан кейін қаланың өндірістік мекемелеріне жұмысқа орналасатын болады. (Экономика республикалық апталық газеті №48 (220) 1-7желтоқсан 2011ж)

 

Үй тапсырмасы:

Әлеуметтік сақтандыру компаниялары және олардың жұмысы туралы мәліметтер бойынша тұсаукесер жасаңыз.

 

3-сабақ. САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

Мәтінді оқыңыз

Ел болып еңсе көтергелі бері де бірнеше жылдар болды. Ел іргесі бекіп, ірі екенін танытты. Ырыс - ынтымаққа, ынтымақ - бірлікке ұласып жатыр. Біздің халық текті ұлт екенін дәлелдеді, тәуелсіздіктің ұйытқысы бола алды. Қазір барын түгендеп, бақ пен таққа, молшылыққа кенелген кезде өмір сүруде. Бірақ, дәл осылай отыра беруге де болмайды. Дүние де, адам да, адамның санасы да көп өзгереді және тынымсыз дамуын жалғастыра береді. Осы жағдайда қай қоғам өз жағдайын саралап, бара жатқан бағытын бағдарлап, тынымсыз түзетіп отыра білсе, сол қоғамның келешегі жарқын да, зор болары айқын. Міне, осындай сара жол ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға көшіп жалғаса беруі өмірдің заңы.

Бұрынғы заманда телефон, радио, теледидар, пошта, бүгінгідей жол, әуе қатынасы жоқ, барыс-келіс аз кезде ата-бабаларымыз қалай осы даланы мекендеген халыққа ие болып, қалай басқарған, мұның астарында нендей кереметтер жатыр деп таңғалмасқа шараң жоқ. Ұлан-асыр мекенде бір тілде сөйлейтін, бір әнді барлық жерде айтатын, бір салтты тұтынатын, бір әдет-ғұрыпты ұстайтын жұрт әлемде жоқ болуы керек. Осының бәрін қалыптан шығармай, халықтың көңілін тауып, ұйымдастырған біздің ата-бабаларымыз не деген кемеңгер, не деген шебер болған шіркін-ай деп, көзің жетіп, көңілің тояды.

Бүгінгі күнге келсек, уақыт өзгерді, заман жаңарды. Өзге жұрттармен қарым-қатынас көбейді. Қазақ ата-салты бойын­ша келген адамды төріне шығарып, төре­дей күткен. Осы күні де солай. Елдігімізді танытып, келіп жатқандарды құрмет көрсете қарсы алады. Әрине, жақсылығын да көріп жатыр­мыз. Бірақ, қазақ бұрын әңгіме де айта білетін, тыңдай да білетін халық еді. Жалпы еліктеуге жоқ болатын. Қазір империялық езгінің әсерінен, тіпті де еліктегіш болып кетті. Мұның залалдары әр жерден көрініп те жатыр. Қолымыздағы бардан арылып қалмауымыз керек. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей барымызды сақтауымыз қажет.

«Жалғыз жүріп адасқанша, көппен бірге жол тап», «у ішсең ұлысыңмен іш», «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөздер бізге ата-бабадан қалған. Біздің халқымыз – мықты халық. Біздің халқымыз – үлкен қасиеті бар халық.

Бізді алдымызда жарқын болашақ күтіп тұр деп сенеміз. Тек қана өз тіршілігімізді өзіміз бүлдіріп алмасақ болды. Ол үшін әр адымымызды аңдап басқанымыз жөн. («Қазағым қайда барасың?» Өмірбек Байгелди Егемен Қазақстан газеті 3 қараша 2010жыл)

Түсініктеме!

еңсе көтеру – көңілі шат, жадыраңқы;

іргесі беку – азулы, күшті, мықты ел болу;

саралау – біткен іске баға беру, сынау, нәтижесін бақылау;

сара жол – даңғыл жол, дұрыс жол, анық жол;

ұлан-асыр – кең-байтақ, ұлан-ғайыр, жер көлемі кең және бай;

салтты тұтынатын – салт-дәстүрді сақтайтын, құрметтейтін, ұстанатын;

көзі жетті – кәміл сенді, ақиқатына қанды, растады;

көңілі тою – ойында алаңы жоқ, қанағаттану, риза болу;

ұйытқы – негізі, басты бағдары, жолы;

арылып қалмау – айырылып қалу, жоғалту;

текті – шыққан жері қасиетті, әдепті, тәрбиелі;

аңдап басу – ойланып істеу, ақылмен шешу;

 

1-тапсырма. Мәтіндегі мақал-мәтелдердің мағынасын ашыңыз.

Жалғыз жүріп адасқанша, көппен бірге жол тап –

У ішсең ұлысыңмен іш –

Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер –

Сақтықта қорлық жоқ –

 

2-тапсырма. Берілген тіркестердің мағынасын басқаша беріңіз.

Ырыс-ынтымаққа, ынтымақ-бірлікке ұласып жатыр.

Ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға көшіп жалғаса береді.

Барын түгендеп, молшылыққа кенелген кезде өмір сүруде.

Ел іргесі бекіп, ірі екенін танытты.

 

3-тапсырма. Мәтін мазмұны мен шешендік сөз арасындағы байланысты анықтаңыз.

Қазыбектің қалмақ еліне елшілікке баруы

Қалмақтың ханы Қоңтажы қазақ елін үш рет шауып алғанда, бірталай ұл-мен қызды алып кетіпті. Соларды алып келуге Тайкелтір би мен бірнеше елшілер барады. Қалмақ еліне барған Қазыбек: «Қазақ елінің елшісі келдік, қайда орналасамыз»,- деп, ханға хабар жеткізеді. Сонда хан: «Сойыс жасап, шығынданбай-ақ бөліп-бөліп қонақ қылыңдар деп уәзірлеріне табыс қылады. Сонда Қазыбек: «Менің үш атым бар, жүз кісі атым жоқ, аттарды тарата алмаймын, бір жерден орын берсің», – дейді. Ертеңіне хан данышпан сыншысын шақыртып алып:

«Мынау қазақ елшілері келіп жатыр, осылардың сөзіне есе берсек, сүбемізді суырып кететіні бар ма екен, сен барып сынап келші»,-дейді. Сыншы аттардың ішіне барса, Қазыбек шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Екі қолы екі жақта, аузынан жалын атқылап жатыр екен. Ханға келіп:

«Жылқының ішінде бір бала жатыр. Аузым жеткенде сөйлеймін, қолым жеткенше сермеймін, аяғым жеткенше жүремін, төңіректің төрт бұрышына болса да сөйлесуге жараймын, халықты қара шыбындай үймелетемін дегендей», – дейді сыншы. Хан елшілерді өзінің сарайына шақырып:

– Иә, қазақтар, неменеге келдіңдер? Айтатыңдарын бар болса, айтыңдар!

Сонда Тайкелтір би: «Берсең алдық, бермесең қалдық, сөзді өзіңе салдық», – дейді. Сонда хан кешке дейін бір жауап қайтарармын. Жауап қатпасам, ат-тонының амандығында еліңді тап дейді. Сонда Қазыбек ханның алдына жетіп барып: «Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! Біз қазақ мал баққан елміз, бірақ ешкімге сұқтықпай жай жатқан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз. Атадан ұл туса құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды. Берсең жөндеп бітімінді айт, не тұрысатын жеріңді айт!», – дейді.

 

4-тапсырма. Мәтін бойынша аннотация жазыңыз.

Бұрынғы заманда телефон, радио, теледидар, пошта, бүгінгідей жол, әуе қатынасы жоқ, барыс-келіс аз кезде, ата-бабаларымыз қалай осы даланы мекендеген, халыққа ие болып, қалай басқарған, мұның астарында нендей кереметтер жатыр деп таңғалмасқа шараң жоқ. Ұлан-асыр мекенде бір тілде сөйлейтін, бір әнді барлық жерде айтатын, бір салтты тұтынатын, бір әдет-ғұрыпты ұстайтын жұрт әлемде жоқ болуы керек. Осының бәрін қалыптан шығармай, халықтың көңілін тауып, ұйымдастырған біздің ата-бабаларымыз не деген кемеңгер, не деген шебер болған шіркін-ай деп, көзің жетіп, көңілің тояды.

Бүгінгі күнге келсек, уақыт өзгерді, заман жаңарды. Өзге жұрттармен қарым-қатынас көбейді. Қазақ ата-салты бойын­ша келген адамды төріне шығарып, төре­дей күткен. Осы күні де солай. Елдігімізді танытып, келіп жатқандарды құрмет көрсете қарсы алады. Әрине, жақсылығын да көріп жатыр­мыз. Бірақ, қазақ бұрын әңгіме де айта білетін, тыңдай да білетін халық еді. Жалпы еліктеуге жоқ болатын. Қазір империялық езгінің әсерінен, тіпті де еліктегіш болып кетті. Мұның залалдары әр жерден көрініп те жатыр. Қолымыздағы бардан арылып қалмауымыз керек. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей барымызды сақтауымыз қажет.

Модуль

ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰҚЫҚТАР

мен МІНДЕТТЕР

1-сабақ. ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰҚЫҚТЫҢ ЗАҢДЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Мәтінді оқыңыз

Ел болғаннан кейін оның Басшысы және Негізгі Заңы мен басқа да сол елді басқару жұмысын үйлестіру, адам мен азаматтардың өмір сүруін қамтамасыз ету үшін заңдылықтарының болуы шарт. Біздің қазақ елін ерте замандардан бері хан басқарып, заңдылықтары Жеті жарғы заңымен реттеліп, билікті тек билер мен ақсақалдар жүргізген, тәуелсіздігін батырлар қорғаған. Ал қазіргі кезде елімізді басқару жүйесі негізінен алғанда сол баяғы заманға бір табан жақын болғанымен, талай сатылардан өтіп, жетіліп, адам мен азаматтардың құқықтарының сақталуына көп көңіл бөлінуде. Егемендігімізді алған 20 жылда өзіміздің Ата Заңымыз – Конституциямызды қабылдап, онда елімізді басқару жүйесін анықтап, құқықтық, зайырлы мемлекет болуға қол жеткіздік.

Қазақстан Республикасын адам және азамат құқығын құрметтеп сыйлайтын мемлекет ретінде айқындайтын бірден бір белгі – Қазақстан аумағын мекендейтін халық мүддесінің мемлекет мүддесінен үстем тұруы, оған басымдылықтың берілуі. Конституцияның 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.

Адамның, жеке азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Адам құқықтары қоғамдық қатынастармен тығыз байланыста болады және соған байланысты арнайы топтарға жіктеледі.

 

Түсініктеме!

әлеуметтік жалпы қоғамға тән, қоғамдық мәселе, орта;

құқықтық – мемлекет тарапынан, тиісті қаулы заңмен әрбір адамға берілетін бостандық;

үйлестіру– келісу, сәйкесу, жарасу, сәйкестік, жарасымдылық;

нормативтік– нормаға түскен, жүйеленген еңбек;

тумысынан– жаратылысынан, болмысынан туылғалы бері;

өркендеу – белгілі бір қоғамдық саяси формацияның қоғами, мәдени даму сатысы;

үстем тұру– басым тұру, басқадан артық тұру, ерекше болу;

кепілдік– бірнәрсе істеуге, алуға еркіндік беретін куәлік;

нұқсан – зиян, залал, кемістік, кінарат;

имандылық – адамгершілік ережелері, мораль;

 

1-тапсырма. Мәтіннен мына сөйлемдерге мағына жағынан сәйкес келетін сөйлемдерді табыңыз.

· Ел саясатын ел тізгінің ұстағандар және қариялар жүргізген, бостандығын жауынгерлер сақтаған.

· Қазіргі уақытта жалпы адамзаттың еркіндіктерін сақталуына жақсы назар аударылуда.

· Адамзатты бағалау мен еркіндіктерін жоғары көтеру демократияны жүзеге асырудың негізгі шарты болып табылады.

· Елімізде тұрып жатқан әрбір азаматтың мақсатының мемлекет мақсатынан ерекше болуы, оның үстемділікке ие болуы – егемендіктің бір нышаны.

· Әбір азаматтың бостандықтары қоғамдағы белгілі ұйымдармен қарым-қатынаста болады және жеке топтарға бөлінеді.

2-тапсырма. Берілген сөздердің синонимдерін жазыңыз.


ел тізгіні –

дамыту –

бостандық –

дәулетті –

байлық –

мәртебе –

тумысынан –

кепілдік беру –


 

3-тапсырма. Мына сөйлемдерді қазақ тіліне аударыңыз.

Социальное обслуживание на дому предоставляется бесплатно социальными работниками по индивидуальной программе. Прием на надомное обслуживание производится по решению директора центра или начальника районного центра занятости и социальных программ.

Государственное коммунальное казенное предприятие «Пансионат Ардагер» для ветеранов войны и труда передан в управление Департаменту на основании постановления акимата города Алматы. Пансионат основан в 1983 году, осуществляет производственно-хозяйственную и медицинскую деятельность в области социальной защиты, реабилитации и инвалидов войны и труда, лиц, приравненных к ним по льготам и гарантиям. Ежегодно реабилитацию в пансионате проходят более 1700 ветеранов войны и труда.

 

4-тапсырма. Фразеологизмдердің мағынасын мәтін мазмұнымен байланыстыра отырып ашыңыз.

дүниенің азабын көрді –

өмірдің дәмін тартты –

дін аман –

ебін тапты –

еңбегін еш, жігер құм қылды –

Құлаққағыс!

Жаңа индустрияландыру бағдарламасының аясында химия саласы бойынша 21 өндіріс іске қосылды, 3,5 мың жұмыс орны ашылды. Қазіргі күнгі сала бойынша 10 жоба іске асырылды. Химия саласы бойынша пенопропилэн; каустикалық сода, хлор, мұнай өнідірісіне арналған реагенттер секілді жаңа өндіріс түрлері игеріле бастады. Нәтижесінде саладағы өндіріс көлемі жылдан-жылға өсуде. 2010 жылы өндіріс көлемі 21% артқан болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсті. (Экономика республикалық апталық газеті №3 (228) 19-25желтоқсан 2011ж)

2-сабақ. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР

Мәтінді оқып, өз пікіріңізді білдіріңіз.

Ел экономикасының тұрақты дамуы жағдайында 2002-2006 жылдары еңбек рыногында халықтың экономикалық белсендiлiгiнiң өсуi, экономика салаларында жұмыс iстейтiндердiң қатарының көбеюi және жұмыссыздық деңгейiнiң төмендеуi байқалады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсiпкерлер мен еңбеккерлердiң өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiн үйлестiру, ортақ мүлiктiк мүдделерiн қорғау, еңбек құқықтарына уәкiлеттiк етуге және оларды қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтiк, мәдени, ғылыми, бiлiм алу, қайырымдылық, басқарушылық мақсаттарға қол жеткiзу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау; даулар мен таластарды шешу; азаматтардың рухани және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мәдениетiн және спортты дамыту; заңгерлiк көмек көрсету мақсатында, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi және өз мүшелерiнiң (қатысушыларының) игiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған өзгеде мақсаттарда бiрiгуге құқығы бар.

Республика Конституциясының 5-бабының 2-тармағына сәйкес барлық қоғамдық бiрлестiктер заң алдында тең. Қоғамдық бiрлестiктердiң заң алдындағы теңдiгi мемлекеттердiң қоғамдық бiрлестiктердiң жарғыларына, оларды тiркеу және олардың қызметiн тоқтату тәртiбiне қоятын талаптар теңдiгiнен көрiнiс табады. Олардың барлығы өзара қарым-қатынастарында болсын, сондай-ақ қоғамдық-саяси және шаруашылық қызметiнде өздерiнiң құқықтарын жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк органдармен қарым-қатынастарда тең болады.

Елдегi тұрақты экономикалық өсу Қазақстан Республикасының Үкiметiне халықты әлеуметтiк қорғауды дамытуға арналған шығыстарды көбейту арқылы саясаттың әлеуметтiк бағытын жалғастыруға мүмкiндiк бередi. (Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық дерек Қазақстан Республикасының орындалуы туралы баяндаманы бекіту туралы. ҚР.Үкіметінің 2007 жылғы 2 қарашадағы №1035 Қаулысы)

Түсініктеме!

уәкілеттік кепілдеме, куәлік, сенімге ие болу;

дау егес, керіс, жанжал;

бірлестік – бірнеше саладағы ұйымның, өндірістің ұйымдасқан түрі;

игілік қайырымды іс, жақсылық, қажетті іс, пайда;

руханиадамның ой-санасына, ішкі дүниесіне байланысты, соған тән;

жарғыбелгілі бір ұйымды құрудың, ұйымдастырудың, оның тәртібінің ережелер жинағы;

тіркеуесепке алынған, қатталған;

шығысжұмсалған, ұсталған, ақшалай-заттай шығын;

1-тапсырма. Мына сөз тіркестерін басқа сөздермен алмастырыңыз.


экономикалық белсенділік –

тұрақты даму –

қол жеткізу –

мүдделерін қорғау –

талаптар теңдiгi –

қоғамдық бiрлестiк –

қоғамдық игілік –

қажеттіліктерін қанағаттандыру –


Пікірлесейік!

Елімізде ірі корпорациялардың экономикалық құқығы мемлекет тарапынан қорғала ма?

Экспортқа шикізат шығаруда экономикалық құқықтың қандай пайдасы бар?

Топтық жұмыс.

Екі топқа бөлініп, отандық компания мен шетелдік компания арасында шикізатты сату мен сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіңіз.

Қосымша материалдар.

Бақытты болу шарт па?

Дәл осы сұраққа адамзат баласы қадым заманнан бері жауап іздеген. Содан бері байлық пен бақыттың арақатынасына арналған том-том трактаттар жазды. Соның өзінде көп адам бұл екі түрлі құбылыстың арасын күні бүгінге дейін ажырата алмай келеді.

Әрине, әрбір адам бақытты болуға ұмтылады. Бірақ, бақытқа ұмтылу байлыққа ұмтылу емес, өйткені өзінің ғана дәулетті болуын армандайтын адам ешқашан да бақытты бол алмайды. «Бақытсыз адамды көріп тұрып, бақытты болу мүмкін емес» депті ойлы бір данышпан.

«Қазір біз материалдық байлыққа жетсек, бәріміз бақытты болып шыға келеміз» дейтін «жаңа қазақтар»да аз емес.Бұлар халықтың ғасырлар бойғы сұрыпталып барып жинақталған ең қымбат қазынасын рухани байлығын есепке алмайды. Рухани әлемінен айрылып қалған талай бай елдер мен құдіретті ұлттардың жойылып кеткенін олар білмейді. Мәселен, қазіргі Американың байырғы тұрғындары үндістер – майя, инк, атапаск, ирокез, муског тайпаларының тарихына бір сәт назар аударайықшы. Бұлар есте жоқ ежелгі замандарда-ақ озат өркениетімен әлемді тамсандырған елдер еді. Бірақ Америка отарлап алғаннан кейін әлгі тайпалардың бәрі өздерінің сан ғасырлық әдет-ғұрпынан, салт-санасынан, наным-сенімінен айрылып қалды.

Қазір үндіс тайпалары өте дәулетті, бай тұрады. Алайда өздерінің тілінен, ділінен, дінінен, өнерінен, яғни рухани байлығынан айрылып қалған бір кездегі ұлт ретінде мойындалмайды. Мойындағысы келмейді.

Енді олар бір кезде өздерін отарлап алған халықтардың этникалық құрамына сіңіп, бірте-бірте тарих бетінен өшіп, жоғалып барады. Бүгінгі үндістер қасіретті тағдырын жақсы түсінеді. Олар өздерінің егеменді ел болуын армандай алмайтын дәрежеге жеткен. Үндістердің бір режиссері «Бір күндік тәуелсіздік үшін бар байлығымызды берер едік» деп аталатын фильм шығарған.

Біз дүние-мүлікті ғана ойлап, рухани байлығымызды жоғалтып алсақ, онда сол үндістердің бүгінгі қасіретті кейпіне түсіп қалуымыз мүмкін.

(Н.Келімбетов)

Түсініктеме!

отарлап алған – бір елді екінші ел күшпен басып алуы;

құдіретті ұлттар – қолында билігі бар елдер;

байырғы тұрғындар – бұрыннан тұрып келе жатқан халықтар, ұлттар;

ажырата алмау – айыра алмау, айыра білмеу;

қадым заманнан бергі – ерте кезден, баяғыдан бері;

қасіретті тағдыр – аянышты, қиын тағдыр;

 

1-тапсырма. Мәтіннен мына мағынада жұмсалған сөздерді табыңыз.


бұрынғы заман –

айырмау –

ұзақ уақыт бойы жинаған –

адамның жан дүниесі –

көңіл аударайық –

таң қалдырған ел –

қиын тағдыр –

жоғалу –

бейнеге ену –


 

2-тапсырма. Мына сұрақтарға ойыңызды білдіріңіз.

Автор үндістердің өмірін неге қиын тағдыр деп атайды?

Рухани байлық дегенді қалай түсінесіз?

Бұл мәтін сізге қандай ой салды?

«Егеменді ел болу» дегенді сезіне аласыз ба?

«Тәуелсіздік» деген сөздің мағынасын түсінесіз бе?

Пікірлесейік!

Бақытты болу үшін бай болу шарт па? Рухани байлық дегенді қалай түсінесіз?

 

3-тапсырма. Сөйлемдерді басқа мағыналас сөйлеммен беріңіз.

Бақытты болу шарт па деген сұрақтың мағынасын адам баласы іздеуде.

Өзінің рухани байлығын сату – ол барлық болмысыңды сату деген емес пе!? Байлыққа өзіңнің жан дүниеңді айырбастауға бола ма!? Байлық бақытқа апаратын жол деп түсіну дұрыс па!? Оларды отарлап алғаннан кейін барлық салт-санасынан, дәстүрлерінен, наным-сенімінен айрылып қалды.

 

4-тапсырма. Мына пікірге қосыласыз ба, қосылмайсыз ба? пікіріңізді жазыңыз.

Пікірлер Дұрыс Дұрыс емес
Байлық үшін жерді, салт-дәстүрді бәрін айырбастауға болады    
Тәуелсіздік жолында қаншама адам құрбан болды.    
Рухани әлемнен айрылу – барлық болмысыңнан, өзіңдегі бар байлықтан айрылу деген сөз.    
Қазіргі жаһандану, өркениетті ел мәдениеті деп жүріп, өзіміздің тарихымызды, тілімізді, дінімізді, ділімізді ұмытпайық.    
Ана тілді ұмыту – барлық ата-бабаңды, тарихыңды, мәдениетіңді ұмыту.    

Үйге тапсырма.

Негізгі тақырып пен қосымша материал арасындағы мазмұндық байланысты анықтап, тұжырымдама жасаңыз.

 

3-сабақ. БІЛІМ АЛУ ҚҰҚЫҒЫ

Мәтінді оқып,ой бөлісіңіз

Қазақстанның бiлiм беру жүйесiнiң құрылымы ашық және әрбiр адамға формальдi бiлiм беру жүйесi аясында қажетiнше бiлiм алуға, бiлiмiн толықтыруға мүмкiндiк бередi. Адамның және Қазақстан Республикасы азаматының бiлiм алуға ажырамас құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясында бекiтiлген (30-бап).

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабы 1-тармағына сәйкес азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуға кепiлдiк берiледi. Аталған баптың 2-тармағында азамат мемлекеттiк жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар екендiгi қарастырылған.

«Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi Заңының 3-бабына сәйкес бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының бiлiм алу құқықтарының теңдiгi, халықтың барлық бөлiгi үшiн бiлiм берудiң барлық деңгейiнiң қол жетiмдiлiгi болып табылады.

Қазақстанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылдың 11 қазандағы N1459 Жарлығымен 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы бекiтiлдi.
Бағдарламада бiлiм берудi дамытудың мынадай негiзгi бағыттары көзделген:
1. Оқу 6 жастан басталатын және жоғары сыныптардағы мектеп оқушыларын бейiмдiлік және кәсiби бағдарда оқыту жүйесi көзделетiн 12 жылдық орта жалпы бiлiм беруге көшу.

2. Орта жалпы бiлiмнен кейiнгi кәсiби бiлiм жаңа деңгейiн құру.

3. Кәсiби кадрларды даярлаудың академиялық кредиттер жүйесiне негiзделген бiртұтас үш сатылы моделiн құру – бакалавриат – магистратура – докторантура (Рh.D).

4. Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесiн құру.

Қойылған мiндеттердi iске асыру үшiн бiлiм беру жүйесiнiң әрекет етуiнiң материалдық-техникалық, нормативтiк құқықтық базасын нығайту, бiлiмге бағдарланған бiлiм беру моделiнен «құзырлылық» моделiне көшу жолымен бiлiм берудiң мазмұнын өзгерту, бiлiм беру деңгейлерiнiң құрылымына ЮНЕСКО-ның халықаралық стандартты бiлiм беру сыныптамасына сәйкес келтiру көзделуде. (Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы. ҚР. Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы №1459 Жарлығы)

 

Түсініктеме!

теңдiк барлық жағынан бірдей болушылық, еркіндік, бостандық;

қол жетімділік – қол жеткізе алу, ие болу;

көздеу – нысанаға алып дәлдеу, белгілі бір нәрсені мақсат ету;

бағдарланған – белгілі бір мамандыққа қарай бағытталған;

бейімділік– қабілеттілік, іскерлілік, икемділік, ыңғайлылық;

құзырлылық – әмір, билік, билікке ие болу, лауазымға ие болу;

құрылым – түзіліс, орналасу, тәртіп;

нығайту – беки түсу, күшею;

 

1-тапсырма. Сөйлемді мазмұнына қарай жалғастырыңыз.

Қазақстанның бiлiм беру жүйесi дамып, ...

Мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуға, ...

Мемлекеттік бағдарламада кәсіби бағдар беру қарастырылып, ...

Елімізде барлық азаматтардың бiлiм алу құқықтары бар, ...

Ой бөлісейік! (диспут)

Қазақстанда білім беру жүйесі дұрыс жолға қойылған деп санайсыз ба?

Болашақ маман үшін білім алудағы теория мен практиканың орны қандай?

 

Қосымша материалдар

Білім жарысы

Мәтін бойынша пікіріңізді білдіріңіз.

Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар – білімділер, зейінділер. Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның көздеген мақсаты да, мағынасы да басқа. Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарылған. Ғылым, өнер артылған сайын дүниеде бейнет кемімекші.

Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасында білім жайылуына, әуелі – кітап, оқу үйрететін орындар сайлы болу керек, екінші білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайылар керек. (Ахмет Байтұрсынұлы)

Түсініктеме!

зейінді дарынды, ерекше ақылды адамдар;

артылған сайын –дамыған сайын, көбейген сайын;

бірден-бірге асыруға –біреуге-біреу үйрету арқылы, біреуден біреу үйрену арқылы;

жайылуына –білімнің таралуына, білімнің берілуі, үйретілуі;

һәм –және;

әуелі –алғашқы, бірінші, тұңғыш;

Пікірлесейік!

Қазіргі заман жастарының ғылымға көзқарасы қандай?

Білімді жастар өздерінің білгендерін үйретуге әзір ме? Кітап оқуға деген көзқарасыңыз...

Дананың өмірінен үлгі:

Жиырма жасар Әбу Насыр сауда керуеніне еріп, Бағдаттағы «Даналық үйіне» оқуға аттанбақшы болады. Ол жолға шығар алдында:

- Адамзат, саған саналы өмір сыйлау үшін жарық саңылау (білім, ілім) іздеп барамын, – деді. Содан соң:

- Сырыңды аш, дүние! – деп, жүріп кетіпті.

 

1-тапсырма. Нүктенің орнына сөйлемнің тиісті сыңарын жазыңыз.

...................................................................., талаптыға болсын кез.

......................................................, білім, тек білім ғана адамды күшті етеді.

........................................................................., күш дегеніміз – білім.

......................................................... , ең керектісін білген адам ақылды.

..........................................................., оның білгені өзіне көп болып көрінеді.

.................................................... , мұны өзімнің надандығым деп санаймын.

Басыңқы және бағыныңқы сөйлемдер: білімдіден шыққан сөз,тек еңбек қана адамды күшті етпейді,ұрыста қару қандай керек болса,білім дегеніміз – күш, көп білген емес, адам аз білген сайын, егер мен бір нәрсе жайында білмей,үнсіз отырсам.

 

2-тапсырма. Сөйлемді дұрыс құрастырыңыз.

а) бал, арасындай, кітап, жинаған, өмір алтын, тәжірибесінің, сандығы.

ә) адамзат, кітап, ақыл-ойының, інжу - маржанын, жинайды.

б) дәл, бір, кітап, мен, тастан, жасалған ,қашалып, ескерткіштей, бойы,

сақталады, ғасырлар,

в) қазақ , кітапты, ертеден, халқы, қастерлеп, қымбат, дүние, санаған,

оны.

г) берер, кітаптың, пайдасын, нәрсемен, ешбір, мүмкін емес, өлшеу.

 

3-тапсырма. Мәтіндегі қарамен жазылған сөздерді басқа сөздермен алмастырыңыз.

Кітапты жақсы көріңіздер! Ол сіздің өміріңізді жеңілдетеді. Ақыл-ойдың, сезімнің шым-шытырығын ажырата білуге көмектеседі. Ол адамды және өзіңізді құрметтей білуге үйретеді. Ал ақыл-ойың мен жүрегіңді махаббат сезіміне бөлейді. (М. Горький)

Қажетті сөздер: жан-тәніңізбен сүйіңіз,жақын болыңыздар, айырабілуге, айқындай білуге, қадірлей білуге, қастерлей білуге, ардақтай білуге, махаббат әлемімен әлдилейді, сүйіспеншілік ұялатады.

4-тапсырма. Абайдың 32-қара сөзіндегі ойды талқыға салыңыз.

32-қара сөз

Білім - ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің бірнеше шарттары бар. Оларды білмек керек.

Әуелі – білім-ғылым табылмаса, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Ол үшін білім-ғылымға құмар, ынтық бол. Сол білгеніңді берік ұстап, білмегеніңде тағы да сондай білсем екен деген махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретіңмен ішке жайғастырып ал.

Екінші – білім-ғылымды үйренгенде ақиқат, мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.

Үшінші - әрбір ақиқатқа тырысып, ынтамен көзің жетсе, соны үлгі тұт, одан айрылма!

Төртінші – білім-ғылымды көбейту үшін адамда екі қару бар: бірі – ынта, екіншісі – талап.

Бесінші – ақыл кеселі деген нәрселерден қашу керек. Олар: уайымсыздық, салғырттық, білмегеніңді сұрамау, айтылған сөздің мәнін түсінбеу. Олар ақылдың, халықтың, дәулеттің, ғибраттың дұшпандары. Осылардан сақ болу керек!

Алтыншы –ақылды, ғылымды сақтайтын мінез деген болады. Сол мінез бұзылмасын. Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, біреудің орынсыз сөзіне, я кез-келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады.

Сенде беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!

 

Үйге тапсырма:

Негізгі мәтін, А.Байтұрсынұлының мақаласы және Абайдың 32-қара сөзі бойынша тұжырымдама жазыңыз.

1-сабақ. ЖАРНАМА – АҚПАРАТТЫҢ БІР ТҮРІ

Мәтінді оқыңыз

Жарнама дегеніміз – белгілі бір зат пен құбылысты, іс-әрекет пен қызметті елге таныту, насихаттау, оларға деген сұранысты күшейту мақсатымен жарияланған хабарлама, мағлұматнама жиынтығы.

Жарнама (жар+нама; «жар» - жария етті, мәлімдеді, хабар таратты, жарияланды; «нама» - араб, парсы «жазылған хат, шығарылған бәйіт, дастан») - қазақ мәдениетінде кең қолданылған ұғым, дефинициясы айқын термин. Энциклопедиялық, лексикологиялық, мағлұматнамалық, терминологиялық еңбектерде берілген анықтамалардан шығатын қорытынды – «жарнама – спектакль, концерт немесе көрермендерге арналған басқа да мәдени шаралар, спорттық жарыстар, ойын-сауық туралы хабарландарудың бір түрі».

Қазіргі қазақ жарнамалары таралу жолдарына, қамтитын тақырыптарына, түрлеріне қарай әр түрге бөлінеді:

– сыртқы жарнама (маңдайшалар, жарнамалық қалқандар, плакаттар);

– теле және радио жарнама (жарнама роликтері, жарнамалық телерепортаждар, теледидардағы жарнамалық қатарлар, радио хабарландырулар, радио роликтер);

– парақша жарнама (каталогтар, буклеттер, жапсырмалар, шағын жарнама парақтар, шақыру билеттері, баға көрсеткіштері);

– газет жарнамасы (газет-журналдарда жарияланған жарнама мәтіндері).

Жарнама – қозғаушы күш.

– Жарнама тауар өтімін арттыру мақсатында жазылады;

– Жарнама фирма туралы хабар таратады;

– Хабар тарату үшін бұқаралық ақпарат құралдары (үнқағаз, журнал, радио, теледидар) арнаулы басылым, көрмелер пайдаланылады;

– Жарнамада тауардың қасиеті, сапасы туралы жан-жақты мәлімет беріледі. Жарнама – маркетингтік іс-әрекет.

 

Түсініктеме!

хабарлама – ауызша немесе жазбаша түрде қысқаша түрде баяндалатын мәлімет;

насихаттау – белгілі бір жаңа идеяны не ғылым жетістіктерін елге айтып түсіндіру, үгіттеу;

бәйіт – ораза кезінде айтылатын жарапазан сарынындағы жыр-өлең;

жарапазан – рамазан айында айтылатын өлең-жыр;

дастан – әдебиеттегі сюжеті ұзақ жыр, эпикалық жанр;

жапсырма – көлемі әр түрлі металдан істелген жұқа бастырғы;

мағлұмат – жария ету, мәлімдеу;

үнқағаз – бір нәрсе жайлы мәлімет жазылған қағаз;

көрме – қоғамның немесе жеке адамның материалдық я рухани жетістіктерін жұртқа көрсететін орын.

 

1-тапсырма. Диаграмма бойынша жарнама туралы өз ойыңызды білдіріңіз.

           
   
   
 


 

       
 
   


 

       
   
 
 

 

 


2-тапсырма. Мына тіркестерді пайдалана отырып жарнама жазыңыз.

Маусымдық жеңілдік, ерекше талғам, назар аударыңыз, қосымша сыйлық, брендтік тауарлар, саны шектеулі, асыға күтеміз, тек бізде ғана, дисконттық карталар, сапасы жоғары, таза табиғи, кепілдік беріледі.

 

3-тапсырма. Жарнама мен жарнамаланған тауар сапасының сәйкестігі туралы мына бағананы толтырыңыз.

 

Сәйкес келетін жақтары Сәйкес келмейтін жақтары
   
   
   

 

4-тапсырма. «Жарнаманың қоғамдағы орны»тақырыбы бойынша фирма үшін жарнаманың пайдасы, келтіретін шығындары, жарнама берудегі маркетингтік қызметтің рөлі туралы пікірталас өткізіңіз. Деректер мен дәлелдер келтіріңіз.

2-сабақ. ЖАРНАМА САУАТТЫЛЫҒЫ

Мәтінді оқыңыз.

Тіл – қоғамдық құбылыс. Тілдің даму тарихы қоғамдық өмірмен тығыз байланысты. Қатынас құралы болып саналатын тілдің адам қоғамында алатын орны ерекше. Бүгінде еліміз еркіндік алып, қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне ие.

Бүгінгі күні көкейкесті мәселеге айналып, ұлтжанды азаматтардың орынды алаңдауын тудырып отырған жай: қазақ тілінің көрнекі ақпарат пен жарнама тілі ретінде қолданылуы. Жасыратыны жоқ, бұл салада қазақ тілі – қосалқы тіл, аударма тіл, оқылмайтын шалажансар тіл. Өз тіліміз өз көшемізден көрінбей жүр. Қазіргі қазақ қоғамы нарықтық қарым-қатынасқа көшкен уақытта жер мен көкті жарнама жаулаған заман. Көшеге шықсаңыз – жарнама, теледидар, радио қоса қалсаңыз – жарнама. («Қазіргі қазақ жарнамаларының тілдік ерекшеліктері» Демесинова Самал Нұрболатқызы.)

6-бап. Жарнамаға қойылатын жалпы талаптар

1. Жарнама таратылу, орналастырылу нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан, тiкелей ұсынылу сәтiнде арнаулы бiлiмсiз немесе арнаулы құралдарды қолданбай дәйектi әрi түсiнiктi болуға тиiс.

2. Мерзімді баспасөз басылымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады.

Жарнама мазмұнының бiр тiлден екiншi тiлге аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс.

Бұл ретте теледидар мен радио арқылы мемлекеттiк тiлде берiлетiн жарнама күн сайынғы эфирге шығатын барлық уақыт бойы бiркелкi таратылуға тиiс.

2-1. Мерзімді баспасөз басылымдарындағы жарнама бұқаралық ақпарат құралын есепке алу туралы куәлікте бекітілген тілде таратылады.

3. алып тасталды

4. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалуына және сатылуына тыйым салынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамалауға жол берiлмейдi.

5. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелмеген дiни ұйымдар мен дiни оқу орындарын жарнамалауға тыйым салынады.

6. Жарнама Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтердi және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды тарату үшiн пайдаланылмауға тиiс.

7. Жарнама қоғамда дүрбелең туғызбауға, жеке тұлғаларды агрессияға бастамауға, сондай-ақ құқыққа қарсы өзге де әрекеттi (әрекетсiздiктi) қоздырмауға тиiс.

8. Жарнамаға қойылатын шектеулер осы Заңмен және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.

Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді. Қазақстан Республикасының 2007.06.19. N 264 Заңымен.

Ел конституциясы бойынша бекітілген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қолдау мен қорғау – әрбір ұлтжанды азаматтың парызы мен міндеті. (Жарнама туралы. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19* желтоқсанындағы №508 Заңы)

 

Түсініктеме!

мәртебе– абырой, атақ, данқ, дәреже;

көкейкесті – ойда жүрген маңызды, басты мәселе, тілек;

ұлтжанды– өз ұлтының мүддесін қорғаушы, ұлтын сүюші;

қосалқы– қосымша, жанама;

шалажансар – құрып кетуге жақын;

дәйектi– тиянақты, дәлелді, уәжді;

бұрмалау – бұзып, бұрып айту, істің жайын теріс көрсету;

бiркелкi– бір қалыпты, бірыңғай;

дүрбелең– күйзеліс кезең, әбігер, аласапыран;

шектеу– мөлшерлеу, есептеу;

парыз– адам бойына тән азаматтық борыш, қастерлі міндет.

 

1-тапсырма. Мәтінмен байланыстыра отырып мына пікірге өз ойыңызды қосыңыз.

· Еліміздегі жарнама үшін қай тіл маңызды ...

· Қазақ тіліндегі жарнамалардың сауатсыздығы ...

· Заңдағы жарнама талаптарының орындалуы ...

· Қала келбетіндегі жарнамалық стереотиптер...

2-тапсырма. Қате жарнамалармен жұмыс.

3-тапсырма. Мына жарнамаларды қазақшаға аударыңыз.

1. Каждый стакан Nesquik Plus с молоком содержит витамины и минералы, которые необходимы для здорового роста и полноценного развития. И это все тот же любимый шоколадный вкус Nesquik ... чтобы расти счастливыми.

2. Шоколад – это самая популярная сладость в мире. Как говорят англичане, родоначальники производства шоколада, «девять из десяти человек признаются, что любят шоколад, десятый всегда врет».

3. Благотворительный фонд «Аяла» собирает средства на покупку оборудования для проведения операций детям с врожденными пороками сердца в Национальном научном центре им. Сызганова.

4. Нужны деньги сейчас?

√ Получите до 3 000 000 тг.

√ Без поручителей, без справки о доходах

√ Без комисси за оформление кредита

√ Быстрый перевод денег

√ Погашение кредита маленькими суммами

 

4-тапсырма. Берілген сөздер мен сөз тіркестерінің семантикалық ерекшеліктерін анықтаңыз.

Баспасөз басылымдары, көрнекі ақпарат, көкейкесті мәселе, ұлтжанды азамат, азаматтық парыз, жеке тұлғалар.

Үйге тапсырма:

Өз фирмасы немесе тауарының тұсаукесерін жасап, жарнама беріңіз.

 

3-сабақ. ҚАЗАҚША ЖАРНАМАНЫҢ ҚАЗІРГІ СИПАТЫ

Мәтінді оқыңыз.

Жарнама – тілдік құралдар арқылы да, вербалды емес құралдар арқылы да ұлттық мәдениеттің белгілерін көрсетуі қажет. Ал ұлттық мәдениеттің танылуы тілдің ұлттық белгілері: сөз қолдану, грамматикалық заңдылығы, нормалары игерілгенде көрінеді. Жарнама мәтіні ұлт тілімен, ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана, өзінің негізгі мақсатын атқара алады.

Бүгінде жарнаманың жаңа түрлері мен жаңа қалыптары пайда болуда, алайда жарнама мәтінінде әрдайым негізгі, жетекші қызметті сөз атқарады. Жарнама тілі саласы қазақ тілінде жаңа сала деп қарастыруға болады. Қазіргі таңда жарнама үстем болып отырған орыс тілінде дайындалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Бұл жағдай керісінше болуы тиіс. Алдымен қазақ елінде қазақ тілінде әзірлену керек. Сол тілдің ыңғайына жығылу, сол тілде қалай жазылса, үтір нүктесіне дейін қалдырмай, қазақ тілінде де солай жазу басым. Оған лайық балама немесе қазақ тілінің тілдік нормаларын сақтау ұмыт қалғандай. Сөзбе-сөздіктің қазақ тілінің грамматикалық құрылысына, қиыстыру жүйесіне қиянат жасаған жерлері баршылық.

Активная семья Активті отбасы

Активный город. Активті қала

Активный студент Активті студент

Активное время Активті уақыт

Активные слова Активті сөздер

Енді бұл мысалды талдап көрелік: «актив» сөзінің бірінші мағынасы – белгілі ұйымның беріле, белсене істейтін мүшесі. Ал екінші мағынасы - өндіріс орындарының құнды зат я алыс-берісі, ақша бұйымдары. Демек мысалымыздағы «активті» сөзінің аудармасы – «белсенді». Белсенді отбасы, белсенді қала, белсенді студент, белсенді уақыт, белсенді сөздер десек орынды болар еді. Кейбір қазақ тіліндегі жарнамалар мәтіні орыс тіліндегі жарнама мағынасынан бөлек.

Бұл мысалдар дәлел үшін келтірілген болатын. Көшеміздегі жарнамаларда мұндай шалалық сауатсыздық кең етек алып бара жатыр. Қазақ жарнамаларында шетелдік жарнамалардың көшірілуі байқалады, ұлттық мәдениет белгілерінің жасанды өзгертілуі көзге айқын көрінеді. Бұлар қазақ жарнамаларының ықпал ету қызметін төмендетеді.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, көрнекі ақпарат пен жарнаманың аударма нұсқасын емес, семантикалық, грамматикалық, стилистикалық нормалары сақталған қазақша жарнама тілін дайындауға ерекше көңіл бөлу керек.

Тауарлар мен өнімдердің, қызмет түрлерінің жарнамаланып отыруын реттейтін жарнама агенттіктері қажет және олармен мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қазақ халқының этномәдениетінен толық хабардар, сондай-ақ басқа тілдерді де жақсы білетін тілші мамандармен, аудармашылармен жасақталуы тиіс.

Жарнама түрлерімен айналысатын агенттіктер мен кәсіпорындарға тіл нормаларын сақтауды талап ету, оларға жауапкершілікті жүктеу, заңды бұзғандарға айыппұл салғызу керек.

Міне, бүгінгі қазақ қауымы алдында тұрған, салмағы екі ұрпаққа да тең түсетін, ел болып, жұрт болып ойлана-толғана отырып шешетін ұлт тағдырына байланысты, күрделі де қиын проблема осы болса керек. Бұл проблемадан бой тасалап, сырт қалам деушілер түбінде мықтап қателеседі, ал тіл заңын сөз жүзінде қолдаған болып, іс жүзінде жүрдім-бардым қарайтындардың күйкі тірлігі – елді емес, ең алдымен өзін-өзі алдағаны. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» – деп дана халық тегін айтпаған. Қоғамның арқалаған жүгі ауыр болғандықтан да оның құрамына енген азаматтардың ұраны ынтымақ, бірлік, тұтастық болуы керек. («Қазіргі қазақ жарнамаларының тілдік ерекшеліктері» Демесинова Самал Нұрболатқызы.)

 

Түсініктеме!

қалып – түр, пішін-кейіп;

ыңғай –бір нәрсенің реті, жөні;

қиянат – зорлық, озбырлық;

шалалық –толық емес, жарым-жартылай;

жетік – бір нәрсені жете білетін, білгір;

этномәдениет – белгілі бір халыққа қатысты мәдениет;

күйкі –тапшы, кем, мардымсыз;

жұмылу –бір нәрсені орындауға бірлесе кірісу, жабыла істеу.

 

1-тапсырма. Мәтіндегі тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелді тауып, мағынасын ашыңыз.

Мысалы: Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, ...

 

2-тапсырма: Берілген сөйлемдердің функционалдық қызметін анықтаңыз.

· Жарнама мәтіні ұлт тілімен, ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасуы қажет.

· Жарнама мәтінінде әрдайым негізгі, жетекші қызметті сөз атқарады.

· Қазақ тіліндегі жарнамалардың мәтіні орыс тіліндегі жарнама мағынасынан бөлек.

· Жарнама агенттіктері этномәдениетінен толық хабардар, басқа тілдерді де жақсы білетін тілші мамандармен жасақталуы тиіс.

 

3-тапсырма. Жарнамалардағы мына сөз тіркестерін ұлттық ой-танымымызға сай аударып көріңіз.


безлимитная ночь-

безлимитный день-

оплата услуг-

дневной безлимит-

все за 8 -

авансовый платеж-

абонентская плата-

мобильный интернет-


 

4-тапсырма. Тауар мен қызмет көрсетудің сапасына байланысты қолданатын тіркестерді тауып, өз тауарыңызға жарнама жазыңыз.

Жанға шипа, дертке дауа, дегеніне жетті, атымтай (дай) жомарт, дидарына тоймайды, додаға түсті, иненің көзінен өткендей, қас пен көздің арасындай, көзден ғайып болды, бірін қоймай.

 

Ой бөлісейік! (диспут)

Қай қызмет түріне немесе тауарларға берілген жарнамаларды пайдалы деп ойлайсыз...

 

Үйге тапсырма:

Жарнама және бәсеке тақырыбына сауалнама құрастырыңыз.

 

 

 

 

1-сабақ. ҰЛЫЛАРДАН ҚАЛҒАН СӨЗ

Өсиет сөз

Ей, перзентім, тамақтан аш қалсаң да, ақыл – парасатқа тоқ бол!Адамдарға дөрекілік жасама. Ойпыл-тойпыл сөйлеуден сақтанып, тіліңді тыйып ұста. Сонда ғана сен әр қилы қырсықтардан аулақ боласың. Адамдар бойында жоқ және болып көрмеген қасиеттерді сенде бар деп мақтаса, ондай мақтауға сеніп, мардымсыма.

Ей, перзентім, шынайы ілімге ынтық бол! Өз айтқанынан қайтпайтын бір мойын болмай, өзгелердің де айтқанына мән беріп, құлақ сал.

Ей, перзентім, сырын білмей тұрып, бір көрген кісіге көңіліңді жайып салма. Өз қадір-қасиетін білмейтін кісілерден жақсылық күтпе. Күн шыққанша ұйықтап жатып алма.

Орынсыз күле берме. Жасы үлкен және егде кісілердің алдына түсіп жүрме. Сөйлесіп отырғандардың сөзіне орта жолдан килігіп сөзін бөлме. Қонақтың алдында бәз біреуге кіжініп, ренішіңді айтпа. Басыңды салбыратып отырма!

Адамзаттың ең абзал қасиеттерінің бірі – сөз, сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен. Сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың. Ей, перзентім, сөздің оңы мен терісіне, өңі мен астарына айрықша мән беріп, мағыналы етіп сөйлеу үшін әрекет істе. Шешен кемеңгердің кеңесінде болып, сөзді сөйлей білудің өнерін үйрен. Қай кезде болсын шешендік өнерінің шегінен шықпа. Аузыңнан шыққан сөзің тыңдаушыға, тыңдаушының жүрегіне қонымды, жеңіл болсын. Сөз үйренуден жиренбе. (Қабуснама кітабынанан)

 

Түсініктеме!

ойпыл-тойпыл сөйлеу – аузына келген жаман сөздер айту, дөрекі сөйлеу;

әр қилы –сан алуан, әр түрлі;

мардымсыма –мақтанба, көкірек болма;

ілім –білім, ақыл;

бір мойын болмау –қырсық болмау, өз айтқанынан қайтпау;

жайып салма –ашық айтпа, сырыңды айтпа;

егде кісілер –жасы ұлғайған, үлкен кісілер;

килігу –кірісіп кету, қосылып кету;

кіжіну –біреуге ала көзбен қарау, жек көре, кектене қарау;

салбырата –басты төмен салып, төмен қарап отырмау;

1-тапсырма. Мәтінді басқа сөздермен толықтырыңыз.

Қандай жағдайда болмасын адам өзін (..........) жөн. Ашу үстінде айтылған сөз әрқашан (.........) бола бермейді. Сондықтан біреумен ренжісіп қалсаңыз, бірден (.............) пікір айтпағаныңыз жөн. Әдепті адамның (.......) да биік. Адам өзін (.............) үшін алдымен сыпайылық керек. Әдептілік дегеніміз – адамның өзінің сөзіне, ісіне (.........) білуі. Қай жерде не айтып, неге араласудың (.......) білу

Қажетті сөздер: ұстай білгені, өзіне өзі мықты, бекем болғаны, сабырлы, салмақты, әділ, дұрыс, жүректен шыққандай, үзілді-кесілді, орынсыз, жөнсіз,талғамы, таңдауы, пікірі, ақылы, әдепті ұстай білуі, өзін кішіпейіл, қарапайым, есеп бере, ақылмен қарай, пайымдылықпен қарай, шегін, дұрыстығын, керектігін.

Пікірлесейік!

Мәтіндегі өсиетке қазіргі жастар қалай қарайды? Бұл өсиет - ежелгі заманның бағасы. Қазіргі заманғы жастардың адамгершілік, ізгілік қасиет дегенге пікірі қандай?

2-тапсырма. Мәтіндегі мына сөздерді пайдалана отырып, өз досыңыздың шынайы бет-бейнесін жасаңыз.

Ақыл-парасатқа тоқ, тілін тыйып ұстау, қырсықтан аулақ болу, мақтауға мардымсыма, өз айтқанынан қайтпайтын бір мойын, өз қадір қасиетін білу, біреулердің сөзіне орта жолдан килікпеу, күн шыққанша ұйықтап жатып алмау, біреуге кіжініп сөйлемеу.

Менің досым ...................................................................................................

..........................................................................................................................

Мінезі .............................................................................................................

..........................................................................................................................

Бойындағы жағымды қасиеттер ...................................................................

......................................................................................................................... .

 

3-тапсырма. Кестені пайдалана отырып, сөйлем құраңыз

Бағыныңқы Басыңқы Сабақтас құрмалас сөйлем
Ойыңдағы арман-сырыңды анаңнан жасырма... Ол саған барлық жан дүниесімен ақыл-кеңес береді.  
Өз қадір-қасиетін білмейтін адамдардан сақ бол.... Өзіңді ондай адамдардан аулақ ұста.  
Адам өзін сыйла... Өзгені де сылауға дайын тұрады.  
Адам бойындағы үйреншікті міні мін болып көрінбе .... Өз үйіндегі кемшіліктер кемшілік болып көрінбейді.  
Қонақтың алдында біреуге кіжін.... Өкпе-назыңды айтушы болма.  

4-тапсырма. Мәтінге пікір айтыңыз.

Дананың айтқан сөзінің қайсысы сізге көбірек ой салды?

Қазіргі заман жастарының ұстанымы қандай?

« Өз қадір-қасиетін білмеу» дегенді қалай түсінесіз?

Адамды азамат ретінде қалыптастыру үшін қандай қасиеттер керек деп

ойлайсыз?

 

5-тапсырма. Даналардың кітап туралы айтқан пікірлеріне өз ойыңызды жазыңыз.

Білім – біздің шырағымыз. Кітап – біздің ұстазымыз. (В.Маяковский)

Білімге құмартып, кітапты бар жан-дүниеңмен сүйіңдер! Ол сенің ең жақсы досың ғана емес, өміріңнің ақырына дейін сенімді серігің. (М. Шолохов)

2-сабақ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТТАРЫ

Мәтінді оқыңыз.

Қазақ ғалымдарының жетістіктеріне өзге мемлекеттердің оқымыстылары бағалап қана қоймай, мәртебелі сыйлық­тарын бе­ріп жатады. Соның бірі – дүние жүзіндегі 50-ден астам мемлекеттің өкілі қатысып шешетін «Кәсібім – өмірім» атты сыйлық Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің зоология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Нұркен Мырзахметұлына берілді. Оныншы мәрте атанып отырған бұл сый­лық­қа әлемнің 374 оқымыс­тысы ұсынылыпты.

Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаева «Асыл жүрек» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.

Бірқатар қазақстандық жазушылар Фадеев сыйлығының лауреаттары саналады екен. Александр Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлық әскери-тарихи тақырыптарды арқау еткен шығармаларды тудырған авторларға беріледі. А.Фадеев атындағы әдеби сыйлыққа ие болған қазақстандық жазушылар мыналар:

Әбдіжәміл Нұрпейісов – «Қан мен тер» романы үшін (1982 жыл);

Есет Әукебаев – «Бірлік бәйтерегі» атты өлеңдер жинағы үшін (1983 жыл);

Жұбан Молдағалиев – «Махаббат үні» жыр жинағы үшін (1984 жыл);

Әзілхан Нұршайықов – әскери-патриоттық әдебиетті дамытуға қосқан үлесі үшін (1987 жыл);

Леонид Кривощеков – «Соғыс батысқа қарай кетіп барады» атты романы үшін (1990жыл);

Қасым Қайсенов – соғыс тақырыбына жазылған шығармалары үшін (2002 жыл);

Тұрсынай Оразбаева – «Огни моей мечты» өлеңдер жинағы үшін (2002 жыл);

Ерсінбек Қойбағарұлы – «Сыйлық» хикаяты үшін (2006 жыл).

Түсініктеме!

өкіл – белгілі бір елдің, ұйымның мүддесін білдіретін, оны жүзеге асыратын ресми адам;

мәрте –рет, қайтара;

үлес – сыбаға, тиесілі; бір нәрсені әркімге тарату, бөліп беру;

ұсы­ну – белгілі бір атаққа, марапатқа, лауазымды орынға қолайлы деп табу, ұйғару;

арқау ету – негіз, жүйе, желі;

 

1-тапсырма. Әр түрлі сала бойынша халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған тұлғалар туралы ой бөлісіңіз.

 

2-тапсырма. Ұлы адамдардың айтқан өсиет сөздерін талдаңыз .

«Адам не істесе де белгілі мақсатпен істейді... іске қол ұрғызатын да, оның бітуіне шабыт, жігер беретін де сол мақсат» М. Қаратаев

«Адамда нағыз адам болудан басқа мақсат болуы мүмкін емес» Л.Шеффер

«Белгілі мақсат қоймаса, ақылдың өзі ада болады» М.Монтень

«Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» Б.Момышұлы

«Әркім өзі талпынбақ, Басына бітер бағы үшін» Ақтамберді жырау.

 

3-тапсырма. Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері туралы эссе жазыңыз.

Үйге тапсырма:

Өнер саласы бойынша халықаралық сыйлықтың лауреаттары атанған тұлғалар туралы тұсаукесер жасаңыз.

 

3-сабақ. ҰЛЫҚ АДАМ – ҚЫЗЫҚ АДАМ

Мәтінді оқыңыз.

…Шәкен аға кабинетінде отырмыз. Ол кісінің «Алдаркөсе» фильмінде өзі Алдаркөсе болып ойнауы тегін емес-ау деп ойлаймын. Себебі, ол өмірде де әзіл-қалжыңсыз жүрмейтін.

– «Жамбыл» фильмін түсіріп жатқанбыз, – деді Шәкен. – Қаскелең ауданындағы Қарақыстақ, өзге де жерлерге барып түсіреміз. Режиссері Дзиган, оператор, Большаковтар зайыптарымен бірге жүрді. Қой сойып, қымыз сапырып, алыстан келген қонаққа қалбалаң қағатын қазақ емеспіз бе? Бір күні Большаков:

– Шәкен Кенжетаевич, Ленинградқа келгенде мықтап тұрып қонаққа шақырамын! – деп қалды.

– Шәке, осы сөзін ұмытпаңыз, – деп екінші режиссер Мәжит Бегалин көзін қысып қойды.

… Арада апталар өте бастады. Бір күні кино түсірушілер тобы Ленинградқа келді. Арада біраз күн өтсе де Большаков былқ етпейді.
– Шәкен аға, мыналар «Шық бермес Шығайбай-ау» деймін, – деді Мәжит көңілі қалғанын сездіріп. Шәкен үн қатқан жоқ. Тек қайтуға екі күн қалғанда Большаков:

– Шәкен Кенжетаевич, Мәжит екеуіңіз қонақ болып кетіңіз, – деді.

– Сіздің үйде ғой?

– Жоқ, үйде ремонт еді, – деп, сырғытпаға салды.

– Е, ресторанда шығар онда…

– Жоқ, онда да емес. Сіздің бөлмеге жапсарлас номер босайды. Сонда, – деді. Сөйтсек, оның «Астория» мейманханасына іргелес бөлмесі болып шықты.
– Сағат кешкі бестен кешікпеңіздер, – деп ескертті Шәкен мен Мәжитке.
– Сендер бара беріңдер, мен кештеу келемін, – деді де сырт айналды Шәкен.
Мәжиттер айтқан мезгілінде келіп, Большаковтың «шашбауын» көтерісіп, мәре-сәре болып отырған. Большаков сағатына қарап:

– Оһо, сағат жеті болып қалды. Шәкен Кенжетаевич әлі жоқ қой, қайда жүр? – деп қалды.

– Сізге сыйлық іздеп кеткен болатын, – деді Мәжит қуақылана жымиып.
– Қап-ай, бекер әуре болған… – Бір кезде есік тықылдады. Шәкең екен.
– Туған күніңізбен, – деп Шәкен қағазға оралған фарфор мүсінді ұсынды.

– Бекер әуре болғансың! – деді Большаков.

– Е, сен секілді мықтыға құр қол келген болмас.

…Олар әзіл-қалжыңдары жарасып, ұзақ отырды да, түн ортасы ауа бөлмелеріне тарасты.

Ертеңіне таңертең үй сыпырушы келіп:

– Әу, мына жерде тұрған фарфор мүсін қайда? – деді Шәкенге.

– Көрші бөлмеден сұраңыз, – деді де, Шәкен жата берді.

Көрші бөлменің қоңырауын шылдырлата кірген әйел ашу шақырып, тумбочканың үстіндегі фарфор мүсінді алды да:

– Не деген ұятсызсыз. Мейманхананың дүниесін неге ұрлайсыз? – деді.

– Қалай дейсіз, беріңіз, бұл маған қазақтың ірі кинорежиссері әрі актері Шәкен Кенжетаевич сыйлаған сыйлық, – дейді Большаков та оған бадырая қадалып.

– Сіз сауатты адамсыз ғой, оқып көріңіз мынаны, – деді үй сыпырушы.
Большаков жалма-жан фарфорлы мүсінді төңкеріп, тұғыр тұсынан «Астория» мейманханасы» деп бадырайып тұрған жазуларды оқыды да, сылқ етіп орнына отыра кетті. Бұл Шәкеннің бір қалжыңы.

* * *

… – Тағы бір қызықты айтып берейін, – деді Шәкен аға күлімсірей қарап. Оның маңдай терісі тарамдана, самай тұсынан жағына дейін жарыса жөнелген әжімдері тереңдей түсті.

Шәкен аға кабинетте отырған хатшы қызға «мыналарға телефон соғып, ертең сағат таңертеңгі онда Үкімет үйіне келсін деп хабарла», – деп тапсырады. Хатшы қыз айтқанын бұлжытпай орындайды. Ертеңіне Үкімет үйінің рұқсат қағаз беретін жеріне Қалибек, Құрманбек, Шара, Серке, Ғарифолла, Қанабек бастаған өнер қайраткерлері қаптап кетеді. Сағат онға он минут қалған шақта:

– Әу, мыналарың ертегі болып жүрмесін, рұқсат қағазын қашан береді, – деп таяғымен еденді бір нұқып қалды Серағаң сабырсызданып.

– Сіздерді ешкім шақырған жоқ, біреу жалған айтқан болар, – деді рұқсат қағаз беретін әйел.

– Ал керек болса! – деп әртістер қайран қалысты. Сонда барып манадан үнсіз тұрған халық әртісі Диордиев:

– Ха-ха-ха! Ішімізде кім жоқ, білесіңдер ме? Шәкен жоқ! Бұл соның ісі! Оның үстіне бүгін сәуірдің бірінші жұлдызы екенін ұмытпаңдар. Қане, тараңдар үйлеріңе, – дейді.

– Әй, Шәкен-ай, әй, Алдаркөсем-ай, сенің-ақ қалжыңың таусылмайды әйтеуір, – деп, Серағаң да таяғының ұшымен еденді және бір сырт еткізіп: – Қой үйімізге қайтайық, хи-хи-хи, – деп көзінен жас шыққанша күліпті. (http://akikatkaz.kz/)

 

Түсініктеме!

сапыру –сұйық затты, дәнді жоғарыдан төмен қарай бірнеше рет ағысу, төгу, құю;

қалбалаң –қалбалақтады, қалбаң-қалбаң етті, құрақ ұшты, жаны қалмады;

сырғытпа –созбалау, сырғытпаға салу;

жапсарлас –аралары жақын, қатарлас, шекаралас, іргелес;

іргелес –бірімен-бірі шектес, көршілес;

сырт айналу –теріс қарады, қашқалақтады;

мәре-сәре –мәз-мейрам, шат-шадыман;

қуақылана –қулану, қутың қағу;

бадырая –көзі үлкею, адыраю;

тұғыр тұсы –бір нәрсенің астына қойылған тірек, сүйеніш;

сылқ ету –әлсіреп құлап түсті;

тарамдана –бір нәрсенің бөлшектенген тармағы, саласы, бөлігі;

самай тұсы –бас сүйектің құлақ пен маңдай аралығындағы екі жақ бөлігі;

нұқып қалу –бір нәрсені қолмен, таяқпен түрту.

 

Ой талқы!

«Қазақ фильмдері мен қазақ киносының майталмандары»

1-тапсырма. Шәкен Айманов туралы не білесіз?

Ол түсірген фильмдер ...

Өзі түскен фильмдері ...

Ол туралы естеліктер ...

Шәкен және Қазақфильм киностудиясы ...

2-тапсырма. «Алдаркөсе» фильміндегі Шәкен мен шынай өмірдегі Шәкен бейнесін салыстырыңыз.

 

3-тапсырма. Берілген сөз тіркестердің мағынасын қалай түсінесіз?


«Шық бермес Шығайбай-ау» –

былқ етпеу –

көңілі қалу –

әуре болу –

мықты адам –

бұлжытпай орындау –

жалған айту –


1-сабақ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР

Мәтінді оқып, талдаңыз

XX ғacыр соңғы он жылдығында халықаралық қатынастардағы жағдай түбегейлі өзгерді. 1980 жылдардың соңына дейін олардың басты сипатына әлемдік қауымдастықтың екі қарама-қарсы одаққа жіктелуі тән болды. Халықаралық қатынастар эволюциясы екі өзара байланысты процестердің елеулі әсеріне ұшырады, ол - капиталистік сипаттағы әлеуметтік қатынастарға негізделген әлемдік нарықтың бірлігін қалпына келтіру және жаһандану процесінің қарқынды дамуы. Нәтижесінде елдер мен халықтардың өзара тәуелділігі артуда, шешімін табу үшін халықаралық әріптестікті дамытуды талап ететін жалпы әлемдік, ғаламдық сипаттағы мәселелердің көбеюі орын алып отыр. Қазіргі халықаралық қатынастардың экономикалық негізі – әлемнің материалдық базасындағы елеулі өзгерістердің негізінде қалыптасушы жаңа әлемдік еңбек бөлінісі.

Жаһандану нәтижесінде өнеркәсібі дамыған елдер өздерінің экономикалық орталық ұстанымын нығайтуда, ал дамушы елдер одан тәуелді шет аймақ күйіне түсуде. Өнеркәсібі қарқынды дамыған елдер арасында АҚШ басым орын алуда, алайда Еуропалық Одақ онымен иық теңестіріп, кей жағдайларда одан басым түсіп отыр. Жапония бұрынғыдай үшінші келеді. 20-25 жылдан кейін Қытай әлемдік экономиканың бас алпауытына айналуы мүмкін. Үндістан да одан қалыспауда.

Осы кезде аймақтандырудың қарқынды процесі жүріп жатыр – Еуропада (Еуропалық Одақ), Азияда (АСЕАН және өзге де тар шеңбердегі құрылымдар), Африкада (Африкалық одақ), Солтүстік Америкада (НАФТА), Латын Америкасында (МЕРКОСУР, Анд тобы). Бұл аймақтық ұйымдар өз кезегінде халықаралық қатынастар сахнасының белсенді әрі ықпалды ойыншыларына айналуда. Қалыптасып келе жатқан әлемдік азаматтық қоғамның ұстанымдарын білдіретін үкіметтік емес ұйымдар Халықаралық қатынастар саласында елеулі ықпалды рөл атқаруда. (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)

Түсініктеме!

түбегейлі –негізгі, түпкілікті; жан-жақты, ұқыпты, толық;

қауымдастық –қауымдасқан тірлік;

жіктелу –бөлу, саралау, талдау;

алпауыт –Ікеремет дәу, орасан зор; ІІ ірі жер иесі, феодал;

1-тапсырма. Сөйлемді мазмұнына қарай жалғастырыңыз

Халықаралық қатынастардағы жағдай өзгерді, ......................................... .

Әлемдік нарықтың бірлігін қалпына келтіру керек, .................................. .

Жаһандану процесінің қарқынды дамуда, ................................................. .

Халықаралық әріптестікті дамытуды талап ету қажет, ............................. .

Экономикалық орталық ұстанымын нығайту үшін, .................................. .

 

2-тапсырма. Асты сызылған сөздер мен сөз тіркестерінің тура және ауыспалы мағыналарын түсіндіріңіз.

халықаралық қатынастар сахнасы –

экономиканың бас алпауыты –

онымен иық теңестіріп –

ықпалды ойыншыларына айналу –

3-тапсырма. Бүгінгі Қазақстанның халықаралық қатынастары туралы материалды негізге ала отырып, эссе жазыңыз.

 

2-сабақ. ҚАЗАҚСТАН ДИПЛОМАТИЯСЫ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз

1992 жылғы қаңтардың ортасына қарай Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде әлемнің 30-дан астам мемлекеті таныды. Олардың арасында мынадай елдер болды: Түркия, АҚШ, Қытай, Иран, Пәкістан, Швейцария, Канада. Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып Түрік Республикасы таныды. Осының бәрі республикаға, оның азаматтарына және ел басшысының жүргізіп отырған салмақты да сындарлы саясатына, биік халықаралық беделіне көрсетілген құрмет еді. 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан мемлекеттілігін құрудың қиын жолына түсті. Қысқа мерзім ішінде сыртқы саяси басымдықтар айқындалды. Республиканың сыртқы саясатының негізгі ұстанымына жақсы көршілік қатынас пен өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласпау, тең құқылық, туындаған мәселелердің бәрін бейбіт жолмен шешуге ұмтылыс принциптері алынды.

Елге инвестиция тарту үшін Қазақстан ірі компаниялармен келіссөздер жүргізе бастады. Теңіз мұнай алабын шетел фирмаларымен бірлесіп барлау басталды, жаңа мұнай кеніштерін игеруге «Бритиш петролеум», «Бритиш Газ», «Эльф-Акитен», «Аджип» т. б. ірі компаниялар тартылды.

Аймақтық достастықтың жаңа түрлерін қарастыру тәуелсіз мемлекеттер басшыларын интеграцияның жаңа жолдарын іздеуге итермеледі. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев 1994 жылдың басында Еуразиялық мемлекеттер Одағын құру идеясын ұсынды. Сол жылы маусымда «Еуразиялық мемлекеттер Одағын құру туралы» жоба баспасөзде жарияланды. Бұл жаңа құрылым құжаттарда тең құқықты тәуелсіз мемлекеттер одағы ретінде анықталды. Оның қызметі әрбір қатысушы елдердін, ұлттық-мемлекеттік мүдделерін жүзеге асыруға бағытталатыны айқындалды. Одақтың мақсаты елдердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін, кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі әлеуметтік-экономикалық жаңғырту процестерін ойдағыдай қамтамасыз ету деп жарияланды. Одақты ұйымдастыру барысында мұндай бірлестіктердің демократиялық принциптері қарастырылды. Қазақстан сыртқы саяси-экономикалық байланыстар мен өзара қарым-қатынастарда әлі де болса Ресейге бұрынғыдай айрықша орын берді. Республика тәуелсіздігінің аз ғана кезеңінде Ресеймен ынтымақтастықтың барысында үлкен істер басталды, екі жақтың экономикалық қарым-қатынастарын реттейтін, ғарыш кеңістігін игерудегі ынтымақтастық, жаңа типтегі әскер құру сияқты бірнеше келісімшарттарға қол қойылды. Азаматтық мәселесіне ерекше мән берілді. Екі жақты қатынастар деңгейінде Украинамен, Белоруссиямен, Кавказ елдерімен, сондай-ақ Балтық жағалауы мемлекеттерімен ынтымақтастық жандандырыла түсті. Қазақстанның байланыстары әсіресе Орта Азия аймағындағы жақын көршілер – Өзбекстан, Қырғызстанмен, ал экономикалық блок шеңберінде Түркіменстан, Тәжікстанмен қарқынды түрде дамыды.

Қазақстан дипломатиясы Азия бағытында елеулі табыстарға жетті, бұл аймақта экономикалық жағынан жақсы дамыған Қытай, Үндістан, Вьетнам, АСЕАН-ға кіретін елдер бар. Бұл жағдайда Қазақстанға планетаның осы үлкен кеңістігіндегі экономикалық даму динамикасынан қалып қоймау зор маңызға ие болды. Қазақстанның азиялық Тынық мұхит процесіндегі интеграцияға араласуы оның Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы қызметіне қатысуына маңызды жағдай туғызды. 1995 жылы Индонезия, Пәкістан, Түркия басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер өтті. Қазақстанның Түркиямен байланысы кең көлемде дамыды. Мысалы, Қазақстан аумағында жүздеген қазақ-түрік бірлескен кәсіпорындары пайда болды. Алматыда қысқа мерзім ішінде «Анкара» қонақ үйі тұрғызылды. Қазақстан делегациясы Түркияда өткізілетін конференциялар мен кездесулердің тұрақты қатысушыларына айналды. Жүздеген жігіттер мен кыздар Стамбул және Анкара университеттерінде оқыды. Қазақстан телеарнасынан түрік тіліндегі хабарлар тұрақты түрде жүргізіле бастады. (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)

 

Түсініктеме!

сындарлы – салиқалы, парасатты;

басымдық – І. күші басым болушылық, мықтылық; үстемдік, өктемдік; ІІ. бір нәрсені ойлап табу, жаңалық ашудағы бірінші, алғашқы болушылық;

 

1-тапсырма. Нұсқау арқылы ойды кеңейтіп беріңіз.

Қазақстанның тәуелсіздігі туралы, ...

Қазақстан мемлекеттілігін құру жөнінде, ...

Республиканың сыртқы саясаты, ...

Қазақстанның Түркиямен байланысы, ...

Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы қызметіне қатысу, ...

2-тапсырма. Берілген сөз тіркестерімен сөйлем құрастырып, мәтіннің мазмұнын толықтырыңыз.

сындарлы саясат,салмақты саясат,қарқынды түрде,елеулі табыс, мемлекеттермен ынтымақтастық, экономикалық даму, экономикалық ынтымақтастық, кең көлемде дамыды.

 

Қосымша материал!

Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты

Қазақстан Еуропа мемлекеттерімен де өз байланыстарын жемісті дамытып келеді. 1993 жылдың 2 ақпанында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Қазақстан Республикасы Президенті мен Германия және Франция басшылары арасындағы келіссөздер Қазақстанның сыртқы саясатындағы еуропалық бағытты жандандырды. Мәселен, Герхард Шредер Астанаға келген сапарында: «Қазақстан – Орта Азиядағы маңызды ел және Германияның басты әкономикалық әріптесі» деп атап көрсетті. 2003 жылға қарай республикада неміс банкі және ірі компанияларының 145 өкілдігі мен бөлімшелері жұмыс жасады, ал тіркелген Қазақстан-герман біріккен кәсіпорындарының саны 266-ға жетті. Танымал неміс компаниясы «Сименс» пен «Қазақтелеком» арасында байланыс және халықаралық тасымалдаушы «Қазақстан темір жолымен» құрал-жабдық тасымалдау, Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының бірнеше министрліктері арасында қазақстандық менеджерлердің біліктілігін көтеру және негізгі экономикалық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.

Республика Президентінің Германия үкіметінің басшысы Гельмут Кольмен, Франция президенті Жак Ширакпен жүргізген келіссөздері Қазақстанның Еуропа бағдарындағы сыртқы саяси бағытын жандандыруға елеулі үлес қосты.

1995 жылы тамызда Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқасында республика Сыртқы істер министрі Қ.К.Тоқаев атап еткеніндей, «Шығыс Еуропа елдеріндегі Қазақстан сыртқы саясатының қамалы рөлін Венгриядағы елшілік атқарды». Қазақстан Республикасы Президентінің Венгрияға сапары барысында екі ел арасындағы саяси және экономикалық тығыз ынтымақтастыққа берік негіз қаланған көптеген келісімдерге қол қойылды.

Қазақстан Болгариямен,Чехиямен, Румыниямен екі жақты тиімді қарым-қатынастар орнатты. Қазақстан Республикасы үшін АҚШ-пен ынтымақтастық аса маңызды, олардан республика экономикасына көптеген инвестициялар алынды. АҚШ Қазақстанға мәдениет пен білімді дамыту саласында да үлкен қолдау көрсетті. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан студенттері АҚШ, Франция, Германия оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды.

Қазақстан Республикасы – мәртебелі халықаралық ұйымдар мен қауымдастық мүшесі. Қазақстан 1992 жылдан бастап беделді халықаралық ұйымдармен (БҰҰ, ЮНЕСКО,ЕҚЫҰ) байланыстарын нығайтты. Мәселен, ЮНЕСКО-ның қолдау көрсетуі арқасында Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы тойланды. Орталық Азиядағы осы ұйымның бір ғана өкілдігі Алматыда ашылды. Сонымен, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соң, халықаралық аренада өзін сенімді түрде мәлімдеді. Тиянақты да бейбітшілік сүйгіш саясатының арқасында Қазақстан дүниежүзілік мемлекеттер қауымдастығындағы ірі-ірі халықаралық ұйымдар қатарына қабылданды. (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)

Үйге тапсырма:

Берілген мәтіндерді негізге ала отырып, Қазақстанның халықаралық қатынастары туралы эссе жазыңыз.

3-сабақ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС ТІЛІ

Мәтінді оқыңыз.

А.Байтұрсынұлы: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Айтқызатын адамы болса, тіл соған жарайды» деген болатын. Тілдің мүмкіндігі - шексіз. Тілден тілдің кемдігі жоқ, кеңдігі ғана бар. Мысалы, жаһанға жайылған ағылшын тілі ертеректе британ аралдарында мыңдаған адамдар ғана сөйлейтін тіл болған. АҚШ мемлекетінің күшеюіне байланысты, оның әлемге ықпалы да артты. Кеше Байтұрсынұлы айтқандай, «ит деп жазып, шошқа деп оқитын» тілді жұрт керемет, көркем, әуезді тіл болған соң үйреніп жатқан жоқ.

Егер физик, химик, технолог, информатик мамандар қазақша тәрбиеленген болса, олар сол ғылым түрлерін де қазақша сөйлетеді емес пе?! Кезінде алаш зиялылары – Жүсіпбек Аймауытов психологияны, Мағжан педагогиканы, Міржақып математиканы, Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімін жетілдірді.

Кейде қазақ тілді кейбір ғалымдардың өздері сөздерді аударғанда «тым қазақыландырып кеттіңдер», «әр терминді қазақшаға аудара бермеңдер», - деп жақтырмайды. Өйткені оларға орысша айтқан жеңіл. Ғылымның нәтижесі – ортақ, ал жеткізу құралы – әр түрлі. Мысалы, 80 жылдары «терроршы» деп жазса, қазір «лаңкес» деп жазылады. Қандай керемет аударылған сөз! «Инаугурация» сөзін «ұлықтау» деп аударғаны қандай түсінікті! Терминдер «халықаралық», «ғылыми стиль» деп, мүлдем тиіспейтін Құран сөзі емес қой?! Тілге жатық, көңілге қонымды болса, аударылмайтын сөз болмайды! Тек әр ғылым саласында, біздің тіл Байтұрсынұлы айтқандай «айтқызатын адамы табылмай, қор болып» тұр ғой. Ғалымдардың көпшілігі орысша ойлайды. Олардан қазаққа пайдалы өнім шыға ма? Қазаққа қатысты дүниені, тек қазақша ойлайтындар ғана жасай алады. («Тіл туралы бір күндік емес, жүйелі жұмыс керек» Бижомарт Қапалбеков. Айқын газеті. 15.06.11)

Д.Кристалдың 1997 жылы «Ағылшын тілі - әлемдік тіл» деген еңбегі жарық көрді. Онда: « ... Әлемде 6000-нан астам тіл болса, солардың 600-не ғана жойылу қаупі төнбейді екен (2700 - негізгі тіл, 4000-ға жуығы - сол тілдердің диалектісі). Кейбір болжамдар бойынша XXI ғасырдың аяғына таман үркердей топ - негізгі тілдер ғана қалып, қалғандары жойылып кетпек» деп жазылған.

Ағылшын тілі компьютерлік, электрондық байланыс жүйесі дамыған уақытында әлемге кең қанат жайып, алыс-беріс, қарым-қатынас ұлғайған заманда еңсесін көтермек болған тілдерге қиындық туғызуда. Егер кезінде Үндістандағы туыс тілдер өзара талас-тартысқа түспей, араб елдері секілді бірігіп, тіл саясатын дұрыс қолға алған болса, бүгінгідей ағылшын тіліне үстемдік болмас еді. Ағылшын тілінің есіктен ұрлана кіріп, төрден орын алуына кішігірім тілдер ғана емес, таралымы жағынан тынысы кең тілдердің өзі алаңдаушылық танытуда.

Қазақта «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Егер біз отаршыл тілдер үстемдігіне төтеп беріп, ғаламтор жүйесіне тілімізді қосып, заман ағымына, заман көшіне қосыла алсақ, көшпен бірге жүріп, бәлкім, түзеліп те кетер едік. Әзірге асықпаған арбамен қоян қуып жететін заман емес екендігін ескеріп, тіл саясатын нақты қолға алып, жүрісімізді жылдамдатпасақ, жағдайдың соңы неге айналатындығын ойлаудың өзі қорқынышты. («Ойлаудың өзі қорқынышты» Сергек Ерсайын. Абай-ақпарат. Abai.kz)

Түсініктеме!

аңду – күзет, бақылау, қарауыл;

меңзеу – нұсқау, бағыттау, мегзеу;

түю – көңілге қонымды, ұнамды, үйлесімді;

жарау –пайдалану, қолдану;

шексіз – ұшы-қиыры жоқ, шегі, шеті жоқ, есепсіз, сансыз;

жаһан –жер жүзі, күллі әлем;

үркердей –бір жерге топтанған, шоғырланған;

үстемдік – басымдық, күштілік, қожалық;

әуезді – әсем әнді, сазды;

алыс-беріс – алым-берім, ауыс-түйіс;

алаңдаушылық – қобалжушылық, абыржушылық, беймазалық.

 

1-тапсырма. Жоспарды пайдалана отырып мәтінді әңгімелеңіз.

а) Тіл құдіреті

ә) Ғылымды қазақша сөйлеткен зиялылар

б) Аударма мәселесі

в) Тілі күшті елдің, өзі де күшті.

 

2-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша көзқарасыңызды білдіріңіз.

Келісемін, Келіспеймін,
себебі ... себебі ...
   

 

 

3-тапсырма. Қазақ тілі халықаралық тілі болу үшін қандай сатылардан өту керек?

4-тапсырма. Мәтін мазмұнына пікір жазыңыз.

Менің ойымша, ...

 

 

Модуль

ТҮГЕЛ СӨЗДІҢ ТҮБІ БІР

1-сабақ. КӨНЕ ТҮРКІ ЖӘДІГЕРЛЕРІ СЫР ШЕРТЕДІ

Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын талдаңыз.

Ертеңіңді болжағың келсе,

Еліңнің кешегісін танып ал.

М.Әлімбаев

Құлан тарамысын созып, қыран кереге қанатын жайған ұлан ғайыр қазақ даласының тарихы сан ғасыр шежіресін артқан талай ауыр томдарға жүк болса да, әлі де толық айтылып бітпеген.

Таң торғайы шырылдап, құланиектеніп күн шуағы төгілгенде осы өңірдегі төбесін алғаш күн шалатын белгілі биік таулар, ғасыр ескерткіштері, қорымдар мен ескі бейіт – зираттар тарихы бүгінде сол тарихты зерттеуші аға буын ғалымдар, тарихшылар көзімен сыр шертеді.

Мысалға, бүгінгі Шыңғырлау ауданы көлемінде нақты зерттелген, тұжырымдар жасалып, тарихи және мәдени мұра мәртебесі берілген 183 археологиялық ескерткіштер жиынтығы бар. Бұлардың барлығы арнайы қатталып, бірнеше тарихи басылымдарға шықты.

Аталған жәдігерлер ішінде көп жағынан ерекше, бірегей Еуроазиялық дерек болып есептелетін Үлгілі ауылы маңындағы бейітте және 2002 жылы әлемдік каталогқа кірген Лебедевка ауылы маңындағы бейіттік кешендер де бар. Бұл маңда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары тас ғасырына жататын тіршілік іздерін, жекелеген тұрақтар мен орындарды, сонымен бірге пластина, микролит және нуклеус бейнесіндегі тас құралдарды тауып отыр.

Кейінгі кезеңнің ескерткіштері, қола дәуірінен орта ғасырлық дәуірге дейінгі аралықтағы ескерткіштер обалық бейіттер түрінде. Бұл оба - бейіттер Үлгілі елді мекені маңындағы Елекшар қорымында табылған болатын. Мұндағы көне жерлеу ескерткіштері ерте қола дәуірінің (б.з.д. ІІІ мың.ж. екінші жартысында) көне ұра (шұңқыр) мәдениетіне жатады және сол уақытта Шығыс Еуропа мен қазақ даласында, яғни біздің өңірімізде мал шаруашылығы қалыптаса бастаған.

Осы жерден табылған қола заттар «қоймасы», найза ұшы, лавр жапырағы пішіндес пышақ, шот балта, самай сақина мен самайға тағылатын көп орамды әшекей – балдақ, бұл қабірлердің орта қола дәуірінің жәдігері екенін айғақтайды.

Шыңғырлау жерінің ең биік нүктесі саналатын, шөккен бурадай көсіле көлбеген Отрядный ауылы маңындағы Шыбынды тауы (273 м), боз даланың бөлінбес балдақ бөлшегіндей Белогор ақтаулары белдеуі, қолмен қашаған алып табиғат туындысындай Торыатбасы тауы, аталуына қарай әрқайсысы тарих қатпарынан шежіре шерткен Қылыш тау, Қыз отау, Қор тау, Қалмаққырған, Жыланды, Ханшатыры, Алақантау биіктері бабалар мұра еткен киелі бойтұмар іспетті. Бұл биіктер туралы тарихи деректер, ел аузында талай аңыз-әңгімелерге арқау болған. Жергілікті ақын – жазушылардың өлеңі мен өнеріне шығарма-туындыларына өзек болған бұл таулар Шыңғырлау елінің мақтанышына айналған. («Тарих тағылымы» Шыңғырлау ауданы әкімдігінің ресми сайты. chingirlau.westkaz.kz)

Түсініктеме!

жәдігер – айтулы, тарихи жайға арналған архитектуралық не кескіндеме ескерткіш;

кескіндеме – белгілі бір нәрсенеің бет-әлпетін, кейпін бояумен түсіретін бейнелеу өнерінің бір түрі;

ұлан ғайыр – ұшы-қиырсыз үлкен, есепсіз мол дала;

құланиектену –таң жаңа саз беріп ата бастаған кез, бозару;

бейіт – өлген адамды жерлеген қабір, мола;

қорым –өлген адамдардың сүйегі қойылған қалың бейіт;

зират – өлген кісіні жерлейтін орын;

сыр шерту – көңілдегі сырын ақтару;

пластина – қатты материалдан жасалған тегіс қиық;

оба – тастан, топырақтан үйіп жасалған көлемі мен биіктігі әр түрлі төбешік, төмпешік, қорым;

әшекей – әдемі ою-өрнек, оюлап, өрнектеп безендіру;

балдақ – асыл металдан жасалған көзі жоқ сақина;

шөгу – түйенің түсесін бүгіп жату; аласару, кішірею;

бура – айыр түйенің келіге түсетін еркегі;

көсілу – ұзыннан-ұзаққа созылу, кең алқапты қамту;

көлбеу –бір жамбастап жантайып жату;

боз –бетегелі,изенді, селеулі ақ дала;

белдеу –белгісі бір параллельдер аралағындағы жер бөлігі;

қашау –балғамен ұрып, ағаш тесетін құрал;

қатпар –бір нәрсенің қапталған, бүктелген жері;

бойтұмар –дұға сөз жазылып, үшбұрыштап оралып, сыртын матамен қаптап тіккен дұға қағаз.

1-тапсырма. Мәтіннен эпитет пен теңеулерді табыңыз.

Мысалы: шөккен бурадай, қыран кереге қанатын жайған ...

 

2-тапсырма. Мына суреттерді мәтінде берілген тіркестер арқылы суреттеңіз.

3-тапсырма. Берілген жер атауларының тарихы туралы не білесіз?

Қылыш тау, Қыз отау, Қор тау, Қалмаққырған, Жыланды, Ханшатыры, Алақантау.

4-тапсырма. Мәтін мазмұнын негізге ала отырып, өз туған жерлеріңіздің жәдігерлері туралы әңгімелеңіз.

2-сабақ. КӨНЕ ТҮРКІ ЖАЗУЫН МЕҢГЕРЕМІЗ

Мәтінді оқыңыз:

Көне Түркі жазуы (басқаша Орхон-Енисей жазуы) – V ғ. б.з.б. – X ғ. б.з. Орта Азия түркі тайпалары қолданған жазуы. Бірінші табылғаны Орхон өзенінің бойында (Екінші түркі қағандығы) және Енисей өзенінің жоғарғы ағысында (қырғыз қағандығы). Кейде руник жазбасы дейді.

Жазу әдісі

«Алтын ғасыр» кезіндегі (VIII ғ. б.з.) әліппеге 38 таңба және сөз бөлу нышаны кіреді. Жазу оңнан солға түседі. Жіңішке мен жуан дыбыстылары жазуда айырылмайды. Сөз бөлу нышаны сөз арасына қойылады, сөйлем соңы белгіленбейді. Бас-кіші әріпке айырылмайды.

Көне Түркі жазуларының зерттелуі

Сібір және Моңғолия далаларына таралған жұмбақ жазулардың бар екендігін ғылыми орта ертеден-ақ білетін еді. Оларды «Руна жазулары», яғни скандинавия тілдерінен алғанда «құпия, сыры ашылмаған» таңбалар деп атайтын. Жазуларды зерттеуге арнайы ұйымдастырылған Ресей Ғылым Академиясының экспедициясы Минусинск ойпатында іздестіру жұмыстарын жүргізіп, Д.Г. Мессершмидт және Ф.И. фон Стралленберг 1721-1722 жылдар аралығында көптеген материалдар жинақтады. Жиналған деректер ғылыми тұрғыдан екшеліп, 1729 ж. З. Байердің «Санкт-Петербургтегі Императорлық ғылым Академиясының жазбаларында» жарық көріп, Еуропадағы барлық Шығыстанушылардың қатты қызығу нысанына айналды. 1730 жылы Ф.И. фон Страленбергтің өзі де зерттеулерінің қорытындысын және жазулардың көшірмелерін жариялады.

1889 жылы Н.М. Ядринцевтің Моңғолия далаларынан тапқан жазулары Көне жаулардың толық сақталған және көлемді үлгілерін ғылымға әкелді. 1893 жылы дат филологі В. Томсен (Дания) бұл жазуларды оқудың кілтін тапты. Келесі жылы-ақ В.В. Радлов Орхон жазуларының оқылуын және аудармаларын жасады, 1895 Енисей жазуларының да оқылуы мен аудармалары жарыққа шығарылды.

Көне Түркі жазуларының жалпы сипаттамасы

Көне Түркі жазулары немесе Көне түркі алфавиті – дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. Негізінен 6-10 ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды:

Енисей ескерткіштері.

Талас ескерткіштері.

Орхон ескерткіштері.

Көне Түркі жазуларының мазмұны

Көне Түркі жазуының құпиясын ашқан Даниялық ғалым Вильгельм Томсен болатын (1898 жылы бастап). Кейін орыс түркітанушылары аударып, көп зерттеді. Оған 20 ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – Татар, Өзбек, Түрік, Қазақ, Әзірбайжан зерттеушілері қосылды. Кейде «руна (руникалық) жазулары» деп аталады. Оның себебі жазудың құпиясы ашылмай тұрғанда, бұл жазулар бір қарағанда ежелгі скандинавия халықтарының жазбаларына ұқсайтын еді. Алайда ғылыми зерттеулер Түркі жазулары екенін анықтады. Томсен ең алғаш рет «Түрк» және «Тәңрі» сөздерінен бастап оқыған екен.

Бұл жазулардың жалпы көлемі – ұзақ. Қазіргі өлшеммен алғанда орта көлемдегі кітапты құрайды. Көптеген тарихи, мәдени, жағрапиялық, саяси деректер бар, сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі әдемі, көркем тілмен баяндалған. Сондықтан көптеген зерттеушілер оларды Көркем шығармаларға жатқызады.

Көне Түркі жазуларының сыртқы түрі бізге тасқа қашалған түрде, «баспа әріптері» түрінде жетті. Оның жазбаша түрі қандай болғаны туралы мәлімет жоқ. Себебі маталарға, өңделген терілерге жазылуы мүмкін жазба әріптер бұл материалдардың төзімсіздігіне байланысты бізге жетпеді. Алғаш көрген адам бұл жазуларды бір қарағанда қазақ руларының таңбаларына ұқсатады. Яғни жазулар «жебе таңбалар», «ай таңбалар» және «тұмар таңбалар» мен «көз таңбалар», «балық таңбалар» сосын «тарақ таңбалар» мен «сырға таңбалардан» құралады. (Википедия, wikipedia.org/wiki/)

Түсініктеме!

ағыс – су ағыны, бағыт, бет алыс;

ойпат – теңіз бетінен төмен жатқан жазықтық;

нысан – зерттеуге, бақылауға арналған зат, құбылыс, объект;

таным – ақиқат, дүниені, өмірді танып білу жөніндегі білім;

жебе – садақ оғы;

жырау – жырды көп білетін және жанынан өлең шығаратын жыршы адам;

жыраулық – жырауға тән қасиет, соған лайық өнер;

жорықтық – жорыққа, аттанысқа керекті зат;

жорық– шабуыл, аттаныс, шайқас;

 

1-тапсырма. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған экспедициялар туралы не білесіз?

2-тапсырма. Мәтін бойынша хронологиялық көрсеткіш жасаңыз.

Қосымша материалдар

Отаншылдық

Мәтінді оқыңыз, пікір айтыңыз.

Отан! Осы бір сөзде қаншама ұғым жатыр десеңізші! Отан дегенде көгілдір таулар, арналы айдындар, жасыл желекті ормандар, егіні мен шалғыны жайқалған жазықтар көз алдымызда. Отан десек, бақыт пен шаттық сезімі жүрегімізді билейді. Бойымызда достық, туысқандық, бауырмалдық қаны тасып жатады. Мұны айтқанда еркіндік, теңдік, еңбек пен ынтымақ деген сөздер аузымызға оралады.

Елін сүю, Отанын қорғау қашаннан ер жігіттің парызы болған. Қасиетті хадисте де Отанды сүю иманнан деген жолдар бар. Қазақ баласының ер жетіп, ес жиюына айтарлықтай әсер ететін төл фольклорымыз болды. Баяғының Батырлары қандай еді? «суға салсаң, батпайды, отқа салсаң жанбайды!» Ерлер мінген арғымақ ше? Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп, тұлпарлары сөйлейтін» деп келуші еді.

Түркияда кез-келген ер баладан «Өскенде кім боласың?» деп сұрасаң, «Әскер боламын» деп жауап береді. Бұл – Отанымды қорғаймын деген сөз. Ресей ғалымдарының айтуынша кезінде «Чапаев», «Александр Невский» атты кинофильмдер экранға шыққанда, әскери училищеге құжат тапсырғандардың саны 12-14 есеге көбейген көрінеді.

Кеудесінде «бұл менің елім, менің жерім» дейтін сенім ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола білмек. (Баспа бетінен)

 

Түсініктеме!

парыз – адамның алдындағы борышы, міндеті;

ес жию – үлкею, есею, ақыл тоқтату;

сенім ұялата білу – өз-өзіне сенімді болу, сену;

жүректі билеу – ойға келу, көңілге келді;

қаны тасу – сезім ояну, сезімге бөлену.

 

Пікірлесейік!

Жастардың бойында Отаншылдық, патриоттық сезімдерді қалай тудыруға болады? Отаншыл болу үшін не істеу керек?

 

1-тапсырма. Төмендегі мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің мәнін түсіндіріңіз. Қарамен берілген сөздерді сөйлем ішіне қатыстырыңыз.

1. Аты шулы адам. 2. Аты жер жарады. 3.Аты тұрмақ, заты да жоқ.

4. Аты шыққан.

2. Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер (мақал).

3. Атың шықпаса жер өрте (мақал).

4. Атымды адам қойған соң,

Қайтып надан болайын (Абай).

5. Адам деген атым бар,

Көпті көрген затым бар (Абай).

2-тапсырма. Мәтіннен мына сөздермен мағыналас сөздерді табыңыз.

міндет, борыш –

қиындыққа төзе білу –

үлкею, есею –

ықпал ету –

мығым болу, мықтылық –

3-тапсырма. Мәтінді теңеу сөздер және фразеологизмдермен толықтыр.

Бүгін – 9 мамыр. Ұлы жеңістің мерекесі (....., ....., ......) тойланып жатыр.

Елі үшін (...., ....., ......) батырлар есімі мәңгі ұмытылмайды. Бұл соғыс қаншама адамның өміріне (...., ....., .....) әкелді. Қаншама адам (...., ...., ....) болды. Адамның жүрегіне соғыс салған (..., ...., .....) ұмытылар ма»!?

Қажетті сөздер: қызу түрде, қарқынды түрде, отқа түскен, отан үшін шайқасқан, елім деп еңіреген, қиыншылық,құрбандық, жаны пида, құрбан,

жара, азап.

4-тапсырма. Мына сұрақтарға ойыңызды білдіріңіз.

1. Елді сүю, Отанды сүю тек шайқаста ғана көрінеді ме?

2. Автор қазақ фольклорындағы қандай образдарды бейнелеп отыр?

3. Бұл мәтін сізге қандай ой салды?

4. Отан алдындағы борыш дегенді қалай түсінесіз?

5. Ердің ерлігі тек шайқаста ғана сыналады ма?

 

5-тапсырма. Отан, ерлік тақырыбындағы мақалдардың мағынасын ашып талдаңыз. Өз пікіріңізді айтыңыз.

Отанға опасыздық жасағаның, өз түбіңе өзің жеткенің.

Отанын сүйген отқа жанбайды, суға батпайды.

Тұлпар тегін табар, ер жігіт елін табар.

 

Үйге тапсырма:

Орхон-Енисей жазба ескерткіші туралы тұсаукесер жасаңыз.

 

3-сабақ. ОРТА ҒАСЫР ОЙШЫЛДАРЫ

Мәтінді оқыңыз:

Еліміздің сан ғасырлық өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік мәдениетті жатқызамыз. Ал халқымыздың даналығын білдіретін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қазіргі ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың қасиетті парыздары болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда ғасырлар қатпарларында жасырынған рухани мұралар көптеп саналады. Ортағасырлық педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында аты әлемге әйгілі ортағасыр данышпандары – Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Әл – Фараби қазақ жерін әлемге әйгілі етті.

Соның бір дәлелі ретінде атақты ақын, Жүсіп Баласағұнның қазіргі ұрпаққа жеткен «Құтты білік» шығармасын атай аламыз. Дастан – саяси және ғибрат, өсиет, ақыл ретінде имандылыққа үндейтін, тәлім-тәрбие берерлік дидактикалық тағылымдық туынды. Идеясы жағынан дастан имандылық, ізгілік рухында, тәлім-тәрбиелік, ғибраттық, өсиет-өнеге, нақыл сөздер түрінде жазылған педагогикалық және психологиялық, философиялық тұрғыдағы көркем туынды.

Еңбекте отбасы тәрбиесі, онда ата-ананың алатын рөлі туралы, баланың мінез-құлқын, психологиялық ерекшеліктерін қалыптастыру, отбасында ата-ананың бала тәрбиесіндегі алатын орнына ерекше мән береді.

Ертедегі ойшылдар тәрбие саласында қалыптасқан бай тәжірибелерді ескере отырып, өздерінің теориялық ілімдерін, идеяларын ұсынған. Зерделей келсек, Баласағұн, Қашғари, Яссауи, Әл-Фараби идеялары мен эстетикалық құнарының түп тамырлары ежелгі ойшылдар Сократ, Платон, Аристотель сияқты әлемдік алып тұлғалардың еңбектерінің жалғасындай көрінеді. Түркі тілдес ойшылдардың шығармалары мен еңбектеріндегі тәлім-тәрбиелік пікірлер, ұсыныстар мен нақыл сөздер, озықтығы мен жаңашылдығына байланысты оқу-тәрбие саласында нағыз табан тірейтін негіздердің бірі бола алады.

Дастанда білім, ақылдың қасиеттері жақсылық және жамандық, адамгершілік қасиеттер, адам бойындағы ізгі асыл құндылықтар туралы мәселелер қарастырылады, мәселен,

«Ақылды – ұлы, білімді – білікті, қонса екеуі, ұлы етер жігітті»,

«Ақыл пайда болса, ұлылық толады, білім кімде сол білікті болады», «Білімсіздер бар кеселді көреді, емдемесе тектен-текке өледі»,

«Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын, Білім – жарық, нұрын саған шашатын»,

«Ақылдыға қадір-құрмет лайық та, Ақымақ жан керең, сезбес айыпты!»…

«Ақылды кісіден кісілік келер, Білікті – кісілер кісісі болар».

Ол өзінің ақыл-кеңестерінде Абай Құнанбайұлына ұқсас түйіндер жасап былай деген:

Талапты ер жалықпас,

Талапсыз өмір жарытпас.

Ақылымен ғана адам хайуаннан ажырар,

Ақылымен ғана ер – әділет үшін құрбандыққа шалынар…

Осылайша ақынның әлем мәдениетінің алтын қорына қосқан еңбегін оқыған сайын, әрбір сөзі бұрынғыдан да баурай береді. («Түркі тілдес ойшылдардың гуманистік идеясы» reveraty-v.kz)

Түсініктеме!

ізгілік – жақсылық, адалдық, игілік;

игілік– қайырымды іс, жақсылық;

ілім – білім;

зерделеу– ақылға түю, көңілге тоқу, зер салу, ойлану, зейін қою;

құнар – жердің өсімдікке нәр беретін қоректік қуаты; топырағы шұрайлы;

табан тірейтін – бір жерге келіп жайғасты, орнықты; бір тоқтамға келді, тиянақ етті;

айыпты – қылмыс жасау, кінәлі болу, жазықты болу;

баурай беру – өзіне қаратып алу, бағындыру, икемдеу.

 

1-тапсырма. Мәтіндегі даналық сөздердің мағынасын ашып, талдаңыз.

«Ақылды – ұлы, білімді – білікті, қонса екеуі, ұлы етер жігітті»,

«Ақыл пайда болса, ұлылық толады, білім кімде сол білікті болады», «Білімсіздер бар кеселді көреді, емдемесе тектен-текке өледі»,

«Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын, Білім – жарық, нұрын саған шашатын»,

«Ақылдыға қадір-құрмет лайық та, Ақымақ жан керең, сезбес айыпты!»…

«Ақылды кісіден кісілік келер, Білікті – кісілер кісісі болар».

 

2-тапсырма. «Талап» туралы ақыл-кеңеске мән беріп, адам мен хайуанның арасындағы айырмашылыққа зер салыңыз.

Талапты ер жалықпас,

Талапсыз өмір жарытпас.

Ақылымен ғана адам хайуаннан ажырар, Ақылымен ғана ер – әділет үшін құрбандыққа шалынар…

 

3-тапсырма. Абайдың 44-қара сөзін оқи отырып, жоғарыдағы ақыл-кеңеспен салыстырыңыз.

Адам баласының ең жаманы – талапсыз, талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді.

Адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтыны болмайды. Талаптың ішінде адам баласы басына қадір іздеп, сол талапта болады.

 

4-тапсырма. Берілген сөздердің синонимін табыңыз.


білім -

ақыл-

асыл -

тәрбие -

ойлау -

ұсыныс -

ойшыл -

еңбектері -


Үйге тапсырма:

«Сөнбес жұлдыздар» тақырыбына эссе жазыңыз.

 

 

1-сабақ. МЕН БІЛЕТІН ҰЛЫ ҒАЛЫМ

Мәтінді оқыңыз. Өз пікіріңізді білдіріңіз.

Қазір әлем құрметтейтін, әлем адамы деп мойындағандықты дәлелдейтін құжат, жәй, қарапайым ғана емес, марапаттау құжаты бар. Бұл құжатты салтанатты тапсыру рәсімі телевизияның қуаты арқылы әлем жұртшылығының көз алдында өтеді. Бұл құжаттың аты – Нобель сыйлығы, соның лауреаттарын марапаттау сәті. Әлемде осы жоғары сыйлыққа қолы жеткендер баршылық. Ал жетпегендері олардан да көп. Сондай-ақ, оған бірде-бір өкілінің қолы жетпеген, тіпті оны армандамайтын ұлттар да жетіп жатыр. Олардың арасында қазақ ұлтының дарынды баласы Достай Романқұлов та бар.

Осы мәртебелі сыйлыққа Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық политехникалық университет түлегі Достайдың қолы қалай жетті, енді осы жағына да тоқталалық. Д.Романқұлов – бұрын Қазақстан Республикасы Атом энергетикасы жөніндегі Агенттігінде, кейінірек Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде қызмет атқарған, қазір МАГАТЭ-нің жауапты қызметкері. Нобель сыйлығының Қазақ елінен шыққан бірінші лауреаты. Ең кереметі – берілген жалпы сомасы 1,3 миллион АҚШ долларын құрайтын сыйлықтың 50 пайызы әл-Барадейге тиесілі еді, бірақ ол қаражатты түгелімен Мысырдың жетім балалар үйлеріне, қалған 50 пайызын лауреаттар толығымен ісік ауруымен күреске аударыпты! Нобель сыйлығын алушылардың қатарына Романқұлов Достайдың қосылуы Қазақстан Республикасының қазіргі және келешектегі атом энергетикасы саласындағы алатын алдыңғы қатардағы орнының бір көрінісі деп те білуге болады.

МАГАТЭ-ге мүше елдердің саны – 131, оның ішінде тәуелсіз Қазақстан да бар. Совет Татамбаевтың мәліметтері бойынша 1999 жылы МАГАТЭ-нің штаттық кестесінде 2212 адам жұмыс істеген. Нобель сыйлығының лауреаттығына, міне, осыншама қызметкерлер ішінен Достай сияқты 11 кәсіби маман ғана таңдап алынған.

Бұл күндері МАГАТЭ ұйымында жұмыс істеушілер, әсіресе Достайдың әріптестері – ядролық нысандарға қатаң бақылау жасайтын халықаралық инспекторлар өте ауыр да, қауіпті шараларды жүзеге асыруда.

Достай Романқұловтың Нобель сыйлығына ие болуына – оның халықаралық қауымдастық мойындаған, бірақ тиесілі жерлерде ғана жарияланатын еңбегімен бірге, тәуелсіз Отанының, оның Президентінің атом энергетикасы бойынша ашық жүргізіп отырған саясаты да тікелей әсер етті деуге болады.

Елімізде ядролық энергетиканы дамыту саласы бойынша алда күтіп тұрған бұл бағыттағы атқарылар жұмыстардың ауқымы мен маңызы және олардың болашағы да орасан зор. Соның ішіндегі ең көкейкесті болып отырғаны – кадр мәселесі. Жай ғана кадр емес, ұлттық кадр, Қазақ еліне Достай сияқты өз ісінің білімдар да, жоғары сапалы мамандары қажет. («Нобель сыйлығын алған тұңғыш қазақ. МАГАТЭ-нің маманы Достай Романқұлов туралы не білеміз?» Сәлімгерей Сұлтанғалиев. www.aorda.kz)

Түсініктеме!

марапаттау – мадақтау, мақтау, дәріптеу;

көкейкесті – ойда жүрген, діттеген маңызды, басты;

өкіл – белгілі бір елдің ұйымның мүддесін білдіретін, оны жүзеге асыратын

ресми адам;

ауқымы – бір нәрсенің көлемі, мөлшері;

тиесілі – тиісті, қажетті, керекті, міндетті;

білімдар – көп білетін, білгір, білімді.

1-тапсырма. Ойды жалғастырыңыз.

Әлем адамын мойындау ...

Соңғы мәліметтер бойынша...

Еліміздегі ядролық ...

МАГАТЭ жайлы...

 

2-тапсырма. Кесте бойынша ой бөлісіңіз.

Нобель иегері

Достай Романқұлов игілікті істер

әлемдік жаңалықтар

3-тапсырма. Мәтінді пайдалана отырып, аннотация жазыңыз.

Қосымша материалдар!

Адамгершілік

Мәтінді оқып, пікір айтыңыз.

Адамгершілік дегеніміз – адам бойындағы ізгі, жақсы қасиет. Адамгершілік адамдардың мінез-құлқымен, іс-әрекеттерімен көзге түседі. Адамды құрмет тұту, сыйлау, адамға сену, көмек көрсету, әділетті, шыншыл болу қиянатқа төзбеу, жаманшылық атаулымен күресу сияқты жақсы қасиеттері бар адамдарды адамгершілігі бар адамдар деп айтуға болады. Адам бойындағы ізгі, жақсы қасиеттері көп адамдарды адамгершілігі мол, адамгершілігі зор адам дейміз. Тәрбиесі жақсы, білімді адамдардың адамгершілігі де мол болып келеді. Адамның адамгершілігінің болуы, болмауы ата-анаға, мектепке, қоршаған ортаға, өмір сүріп отырған қоғамына байланысты. Адам өмірге келгеннен бастап, өле-өлгенше қандай ортада өмір сүрсе, көбіне соның ықпалымен адамгершілігі қалыптасады. («Қазақ әдебиеті» газетінен)

Түсініктеме!

ізгі – сыйлау, құрмет, қадірлеу дегенді білдіреді;

қиянат – біреуді қорлау, жамандық жасау, ғайбат сөз айту;

ықпал –біреудің әсер етуі, біреудің айтуымен жүру;

шыншыл болу – шындықты айту, бетке айта білу.

 

Пікірлесейік!

Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалай аласыз?

Қазіргі заманда адам адамға дос, бауыр, жолдас деген ұғымды қалай қабылдайды?

 

1-тапсырма. Мақалдардың сыңарын тауып жазыңыз.

Жақсы адам - елдің ырысы, ................................................................................. .

Адал адамның аты арып, ..................................................................................... .

Ақылды болсаң, арыңды сақта, ........................................................................... .

Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі, ........................................................ .

Қажетті сөздер:жақсы жер – елдің тынысы,тоны тозбас,ар-ұят керек әр уақытта, тұрпайы мінез,тағы, жат- надандықтың белгісі.

! Есіңізде сақтаңыз:

Ару – азу, арықтау

Ар – намыс, жігер

Ырыс – байлық, бақыт

2-тапсырма. Сөйлемдегі қарамен берілген сөздердің мағынасын басқаша қалай түсінесіз?

Алып-ұшып асықпай, баппен сөйлеу керек. Біреулермен сөйлескенде қолыңызды қалтаға салып тұру – жарамсыз қылық. Көңіл қошыңыздың жоқтығын жұртқа білдіре бермеңіз. Сөйлескенде тыжырынбай, ашық,ақ жарқын, болған жақсы. Ыржақтап күле беру де орынсыз.

2-сабақ. НОБЕЛЬ CЫЙЛЫҒЫН АЛМАҒАН ҒҰЛАМА

Мәтінді оқыңыз:

Франциялық жазушы, философ Сартр Жан-Поль өз еркімен жүрек жарды сөзін айтып, Нобель сыйлығынан бас тартқан бірден-бір адам. Өйткені, ол өзінің дербес кісілік қасиеті мен еркін рухын қорғауы тиіс болды. Былайша айтқанда, Сартер дүние бойынша ақша мен атақ-мәртебеге сатылмайтын санаулы адамның бірі.

1964 жылы, Сартер өзінің Нобель сыйлығын бағалау комитеті жағынан сыйлық кандидатына көрсетілгенінен, әрі, осы жолғы Нобель әдебиет сыйлығын алуы мүмкін екендігінен хабардар болған соң, бағалаушылар комитетіне хат жазып, бас тартатынын білдірді. Бірақ, бағалаушылар комитеті сол жылғы Нобель Әдебиет сыйлығын егескендей салтанатты түрде Сартерге ой-пікір мен еркін рухқа бай, ақиқат іздеген шығармалары үшін берілді. Бұл шығармалар заманымызға үлкен ықпал жасады.

Алайда, Сартердың сыйлықтан бас тартуы қалжың емес еді. Ол сыйлық тарату хабарын естіген соң дереу «Жазушы әкімшілік түс алған құрылымдардан бас тартуы керек» – деп, баяндама жариялады. Әрі сол жылы 22 қазанда, Швециядағы баспа саудагері арқылы бір уәкіл жіберіп, бұл баянатын Стокгольмде оқытқызды.

«Мен мұны өзгелердің айыптайтындығына қатты өкінемін; Сыйлық маған берілетін болып белгіленіпті, ал, мен одан бас тарттым». Сартер не үшін Нобель Сыйлығынан бас тартады? Қарапайымдау айтсақ, екі түрлі себебі бар. Автордың өзінің көрсетер себебі төмендегідей: «Менің бұлай бас тартуым ат үсті жасалған шешім емес. Мен үкімет жақ берген атақ-мәртебенің бәрінен бас тартамын. Бұл позиция жазушылыққа ұстанған көзқарасымнан туындаған. Саясатқа, қоғамға, әдебиетке өз ұстанымын білдіретін жазушы тек өз тәсілімен, яғни жазған шығармалары арқылы бой көрсетеді. Ол қол жеткізген барлық атақ-мәртебе оқырмандарына бір түрлі басымдылық түсіреді. Менше бұл басымдылықты жоғалту қиын. Менің атым - Жан Поль Сартер, мен - Нобель Сыйлығының иегері, Жан Поль Сартер екі басқа шаруа». (Мінбер kz. Ұлттық интернет газеті. Нобель сыйлығынан бас тартқандар. Мәдениет Мұқатайұлы, М.Әуелхан).

 

Түсініктеме!

жүрекжарды – зор қуаныш, керемет, қуанышты хабар;

мәртебе – абырой-атақ, дәреже, даңқ;

егескендей – талас-тартыс, тайталас;

ұстаным – нақты бір мәселеге көзқарас;

бой көрсетеді – кім екендігін байқатты;

басымдылық – күші басым болушылық, мықтылық, үстемділік, өктемділік;

ұстанған көзқарас – өзінің ойы, пікірі болу.

 

1-тапсырма. Мәтінді жоспар бойынша әңгімелеңіз.

1.Сартр Жан-Польдің қарапайымдылығы

2. Ғалымның өзіндік ұстанымы:

а) атақ-даңқ басты мақсат емес;

ә) жазушының шығармашылық көзқарасы;

 

2-тапсырма. Мына сөйлемдерді мағынасы жағынан сәйкес келетіндей сөйлемдермен беріңіз.

Үлгі: Нобель Әдебиет сыйлығын Сартерге ой-пікір мен еркін рухқа бай, ақиқат іздеген шығармалары үшін берілді. (Бұл сыйлық Сартерге ақыл-ойдың еркін берілуі және өмірлік шындыққа бағытталып жазылған еңбегі үшін берілді.)

1. Сартер – дүние бойынша ақша мен атақ-мәртебеге сатылмайтын санаулы адамның бірі.

2. Сартер Нобель әдебиет сыйлығын алуы мүмкін екендігінен хабардар болған соң, бағалаушылар комитетіне хат жазып, бас тартатынын білдірді.

3. Үкімет жақ берген атақ-мәртебенің бәрінен бас тартуы – жазушылық ұстанымынан туған көзқарас.

4. Ол қол жеткізген барлық атақ-мәртебе оқырмандарынан жоғары тұрмау керек деп түсінді.

Жағдаяттық тапсырма.

Ғалымның бойындағы қарапайымдылықты қалай бағалайсыз? Атақ пен мәртебе ақшаға сатылмайды дегенге сенесіз бе?

 

Қосымша материалдар!

Мейірімділік

Мәтінді сауатты түрде, мәнерлеп оқыңыз. Пікіріңізді білдіріңіз.

Шөлді кесіп өтпек болған жаяу жолаушылар әбден арып-тозды.Жолға шыққалы төрт сағаттан асса да, бұйрат құмдар бір-бірімен жарысып таусылар емес. Жүргіншілердің әлі құрып барады. Жолаушылар төртеу еді.

Жас жігіт Бекзат, қарындасы Айша және бұлардың әке-шешесі. Шөл қысып барады. Енді орындарынан тұратын шамалары қалмағанын Бекзат байқап отыр. Құтысында іркіп қалған бірер жұтым суы есіне түсті. Егер, ол суды өзі ғана жұта салса, бір басы аман қалмақ.

– Ол өмір емес, өмірлік азап! – дегенде, қарлыққан даусы қатты шығып кетті. Бекзат қолындағы құтысын анасына ұсынды. Анасы ыдыстың ішінде су бар екенін түсінсе де, басын шайқады.

– Балам-ау, саған өмір берген, менің бақытымды ашқан мынау екен ғой. Тамшы су болса да сол ішсін, – деді. Ол құтысын енді әкесіне ұсынды.

– Балам, шешең екеуміздің көз қуанышымыз мынау қарындасың. Қыз

баланың жолы – жіңішке, жаны – әлсіз, суды соған бер! – деді. Көзі мөлдіреген жас қыз:

– Ағатай, менің тағдырым өзге үшін жаралған ғой. Әкемнің ұрпағын жалғастырушы сенсің. Суды өзің іш, сен аман бол! – деді.

Бекзаттың көзі жасқа толып кетті. Бекзат соңғы қалған суды құтысын айналдыра аспанға шашып жіберді. О, ғажап! Кенет шөкім бұлт аспан лезде ақ буға толып, ақ жауын сіркірей жөнелді. (Ғарифолла Есім)

Түсініктеме!

бұйрат құмдар – төмпешік болып жатқан құмдар;

іркіп қалған – ыдыстың түбінде қалған су;

жұтым су – бір жұтып ішетін су;

құты – теріден жасалған су құятын ыдыс;

көз қуанышымыз – ата-ананың бақыты, қуанышы;

жаны әлсіз – жаны нәзік, талдырмаш;

шөкім бұлт – кішкене ғана бұлт;

құты– ыдыс, қалта;

бұйрат– ирек;

іркіп қалу – тоқтату, алып қалу;

жұтым су – аз ғана су;

көз қуаныш – бала адамның қуанышы;

жаны әлсіз – қыз бала нәзік, талдырмаш келеді.

Пікірлесейік!

Басыңызға осындай қиыншылық түссе, не істер едіңіз!?

Қиыншылықтан шығар жолды қалай ойластырар едіңіз!?

Адамның басы – Алланың добы! – деген түсінік бар. Осыған деген сіздің пікіріңіз қандай?

1-тапсырма. Мақалдардың сыңарын жазыңыз.

Ана алдында құрмет, ...................................................................................... .

Атаңа не қылсаң, ............................................................................................. .

Әкеден ақыл, ..................................................................................................... .

Атадан бала туар, ............................................................................................ .

Қажетті сөздер: алдыңа сол келеді, әке алдында қызмет, анадан мейір,

атасының жолын қуар.

 

2-тапсырма. Тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашыңыз.

Бір туған – ..................................................................................................... .

Аспан шайдай ашық – .................................................................................... .

Бас көтерер адамы – ....................................................................................... .

Көзі жетті – ...................................................................................................... .

Қажетті сөздер: туысқан, тұқымдас, тегі бір, азаматы, кісісі, қолынан іс келер, басшылық ете алар, көкте бір шөкім де бұлт жоқ, кәміл сенді, ақиқатына қанды.

 

3-тапсырма. Мына сөздер мен сөз тіркестерін фразеологизм түрінде беріп көріңіз.

Лезде,тез, жылдам – ........................................................................................

Қуану – ...........................................................................................................

Өкіну – .............................................................................................................

Таң қалды – .....................................................................................................

Әйгілі болу – ....................................................................................................

Қажетті сөздер: көзді ашып жұмғанша, қас пен көздің арасында, төбесі

көкке жетті, бөркін аспанға лақтырды, санын соқты, таңдай қағып тамсанды, даңқы жер жарады, даңқы арта түсті.

 

4-тапсырма. Мәтінді толықтырыңыз.

Істің мәнін түсінбей, (...., ....), түсіне алмады. Осы істі толық аяқтауға

(..., ....) шешті. Ақырында ісі сәтті болып, (..., ...) батты. Сонда да болса, (.....) қорықты. (..., ...) бар дегендей.

Қажетті сөздер: байыбына бара алмау, белді бекем буып, олжаға белшесінен бату, сонда да болса, көзге түсу, біреудің сөзі, біреудің көзі.

Мәтін бойынша пікірлесейік:

Мәтінді оқып отырып қандай ойда болдыңыз?

Аға, іні, қарындасқа деген бауырмалдықты қалай түсінесіз?

Ата-анаға деген қамқорлықты қалай білдіресіз?

«Адамның адамшылығы басыңа іс түскенде білінеді» дегенге пікіріңіз.

 

Үйге тапсырма:

Сіз таңдаған сала бойынша еңбек етіп жүрген ғалымдар туралы тұсаукесер жасаңыз.

3-сабақ. АЛЬФРЕД НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ

Мәтінді оқыңыз:

Адамзат тарихында талай-талай ұлы жаңалықтар ашылды. Олар табиғи іргелі ғылымдар тізбегінде ғана емес, бүкіл қоғамдық қатынастарды реттейтін және адамға қызмет ететін ірілі-ұсақты басқа ғылым салаларында да дүниеге жолдама алып жатты. Адамның тұрмыс-тіршілігін, өмірін жаңғыртуға жан-жақты өзінің теңдессіз үлестерін қосты. Сондықтан соңғы бір ғасырдан астам уақыт ішінде химия, физика, медицина мен физиология сияқты іргелі ғылымдарды да­мытумен қатар, гендік ин­же­нерия, экономика, тех­но­ло­гия­лық тал­даулар сияқты салаларға да бұ­рын-соңды болмаған жаңалықтар қо­сылды.

Адамның еңбегі қай заманда да, қашан да ізсіз қалған емес, сондықтан ең­бекке бас иіп, оны лайықты құрметке бөлеу - бүкіл әлемнің адам алдындағы ұлы парызы болып есептеледі. Адам еңбегін осылай бағалаудың ең тұлғалы да теңдессіз белгісі ретінде Нобель сыйлығы дүниеге келді.

Нобель сыйлығының ал­ғаш дүниеге келуіне жеке ықпал еткен және оған дем берген шведтік белгілі химик Альфред Нобель болды. Альфред Нобель 1833 жылы 21 қазанда Стокгольм қаласында дүниеге келді. Жарылғыш заттарды ойлап табу арқылы сол кездегі бас айналдыратын байлыққа ие болған ол кейіннен осы байлықты адамзаттың игілігіне жұмсау арқылы өзіне мәңгілік ескерткіш орнатты. Алғашында Нобельдің баю туралы ойы болмапты, діттегені тек өнеркәсіп өндірісіне өнертабыс ретінде жарылғыш затты ойлап табу еді. 1895 жылғы 27 қарашада Нобель артына ұлағатты өсиет қалдырды. Өзінің өмір бойғы жинап-терген барлық байлығын бұдан былай адам игілігі жолында ұлан-ғайыр қызмет жасап, жаһандық жаңалықтар ашқан тұлғаларға сыйлық ретінде үлестіріп беруді мұра етіп қалдырды. Сөйтіп адамзат тарихы үшін оның өзі де теңдесі жоқ қызмет істеді.

Қалдырған өсиетінде Нобель ұлттық, нәсілдік тегіне қара­мастан адамға қызмет ету жо­лындағы өлшеусіз жетістіктері мен ғылымның түрлі салаларында тамаша нәтижелерге қол жеткізген табыстары үшін өз атындағы сыйлықты бұдан былай тұрақты үлестіріп отыруды тапсырып кетті. Сөйтіп, Нобель өсиеті 1896 жылы 10 желтоқсанда, яғни ол өлгеннен кейін күшіне енді. Альфред Нобель Сан-Ремо қаласында қайтыс болды. Жамбасы жерге тиген тұлғамен мәңгіге қоштасу сәтінен кейін-ақ іле-шала Нобель қоры құрылды. Оның жарғысын Швецияның Корольдік кеңесі 1900 жылғы 29 шілдеде бекітті. Араға 1 жылдан астам уақыт салып, 1901 жылы 10 желтоқсанда, яғни Нобель қайтыс болған күні тұңғыш рет алғашқы Нобель сыйлықтары өзінің лайықты иелеріне табыс етілді.

Нобель сыйлығының 5 түрі жыл сайын физика, химия, ме­дицина мен физиология сала­сында қол жеткізген тең­дессіз жаңалықтары үшін және адамзаттың рухани дүниесіне, оның сана-се­зіміне игі ықпал ететін әдеби туындылар үшін бе­рілетін болды. 1968 жылы Швед банкі өзінің құ­рылуының 300 жылдығын атап өткен кезде Альфред Нобельді тағы бір есте сақтау құрметіне арнап экономика саласындағы Нобель сыйлығын белгіледі. «Сыйлықтардың сый­лы­ғы» деп озық ойлы тұл­ға­лар­дың баға бергеніндей, Но­бель сыйлығының әлемдік мәрте­бесі уақыт өткен сайын ұлғая түсуде. Оның қысқаша сипаттамасында айшықты безенді­рілген грамота, алтын медаль және 1 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі ақшалай сыйлық белгіленген. Нобель сыйлығының моральдық абырой-атағын дү­ниежүзі толықтай мойындайды. Сыйлықты тапсырған кезде оның иегерлері әдетте құттықтау сөз­дерін айтып, салтанатты шеру аясында нобельдік баяндама жасайды. Баяндаманың негізгі өзегі сыйлық иегерінің осы жетістікке қалай қол жеткізгенін қамтиды. Бұл – әлемдегі №1 сыйлықтың қалыптасқан қағидасы.

Нобель сыйлығы ғалымның немесе саяси тұлғаның жекелеген көрнекті ғылыми мансабын немесе шығармашылық жолын мойындау үшін берілмейді. Өз өмірінде тәжірибелі тәлімгер және өнертабыстарын ойлап табушы болған Альфред Нобель жаңалық пен өнертабыстың астарында нелер жатқанын жақсы түсінді. Міне, сол себептен де ол өзінің атындағы сыйлықты тек нақты нәтижелерге қол жеткізген тұлғаларға беріп отыруды өсиеттеп кетті. Сондықтан, күні бүгінге дейін Нобель сыйлығын беруге арналған негіздемеде тұлғаның нақты жетістігі мен табысы дәл көрсетіледі.

Қалыптасқан ережелерге сәй­кес, әрбір Нобель сыйлығы ары кеткенде құрамы 3 адамнан аспайтын авторлар тобына берілетін болып шешілген.

Өзінің өсиетінде Альфред Нобель ғылыми жетістіктер мен шығармашылық табыстарды марапаттаумен қатар, адамзат алдында ізгі нәтижелерге қол жеткізген, бейбітшілікті жақтаушы тұлғалар үшін жеке сыйлық та­ғайындауды айтып кеткен. Сондықтан Аль­фред Нобельдің бейбітшілік жо­лындағы сыйлықты белгілеу қажеттігін өсиет етіп кеткен арманының бүгінде теңдесі жоқ маңызы бар. («Альфред Нобель және Нобель сыйлығы» Дабыр Нұрқамытұлы. zan.zamedia.kz.)

Түсініктеме!

іргелі– негізі мықты, алдыңғы қатарлы;

тізбек– бірінен соң бірі жалғасқан тізбе қатар;

жолдама– куәлік қағаз;

жаңғырту – өзгерту, құбылту, жаңадан жасау;

ген– тірі организмдегі қарапайым белгіні анықтайтын бірлік;

бас ию – көрсетілген құрметке ілтипат білдірді;

дем беру– рухтандырды, жігерлендірді;

діттеу– мақсат ету, көздеу;

өнертабыс – бір нәрсені жетілдіру арқылы ойлап табылған жаңалық;

ұлағатты– парасатты, үлгілі, өнегелі оқымысты ғұлама;

іле-шала– тез арада, көп кідіртпей, артынша;

шеру– сапқа тұрған қалың нөпір;

қағида– әбден қалыптасқан барлық адамдарға орталық заңдылық, бұзылмайтын тұжырым;

мансап– атақ-дәреже, лауазым, шен;

тәлімгер– тәлім-тәрбие беруші ұстаз.

 

1-тапсырма. Нұсқау арқылы ойды кеңейтіп беріңіз.

Адамзат тарихындағы ұлы жаңалықтар ...

Адам еңбегі қашанда елеусіз қалған емес ...

Адамның тұрмыс-тіршілігін жаңғыртуға қосылған үлестер ...

Бейбітшілікті жақтаушы тұлғалар ...

 

2-тапсырма. Жоспар бойынша мәтіннің мазмұнын айтыңыз.

 

лайықты құрмет ғылым салалары

 
 

 


өлмес мұра тамаша нәтижелер

 

3-тапсырма. Берілген сөз тіркестерінің мағынасын ашыңыз.


ең­бекке бас ию –

лайықты құрметке бөлеу –

ұлы парыз –

игі ықпал –

өлшеусіз жетістіктер –

озық ойлы тұл­ға­лар­ –

теңдессіз жаңалықтар –

тәжірибелі тәлімгер –


 

4-тапсырма. Мына мақал-мәтелдердің мағынасын мәтін мазмұнымен байланыстра отырып ашыңыз.

· Білімді өлсе, қағазда аты өлер,

Ұста өлсе, істеген заты қалар.

· Еңбегі жоқ ғалым,

Ыстығы жоқ жалын.

· Ұстаздан шәкірт озар.

 

 

1-сабақ.ТӘУЕЛСІЗДІК МӘҢГІ БОЛУ ҮШІН

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Мәтінді оқыңыз, ой бөлісіңіз.

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылды. 20 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өтіп келеді. Осы кезенде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.

Тәуелсіздік күнін, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаумен, күтумен өтті. Еліміздің дербес мемлекет ретінде дамуында азаматтарымыздың саяси, әлеуметтік құқығын жан-жақты қамтамасыз еткенін ерекше атап өтуге болады.

Қазіргі таңда еліміздің кез-келген азаматы заңның аясында еркін қызмет ете алады. Сонымен қатар, өз ой-пікірін, ұсыныстарын білдіруге құқылы, яғни сөз бостандығына кепілдік берілген. Тәуелсіздігіміздің ең бір маңызды бөлігінің өзі осы.

Кез кел­ген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен бай­ла­ны­с­ты­ра­ды. Білімді, са­у­ат­ты аза­мат­тар – бұл ХХІ ғасырда адам­зат дамуының негізгі қозғаушы күші.

Шын мәніндегі бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп, бұл ту­ра­лы аға ұрпақ жастық жыл­дар­да армандай ал­май­тын. Бүгінгі күн – та­лан­т­ты, жігерлі, өзіне сенетін, арманға бай және олар­ды жүзеге асыруға ерік-жігері бар жастардың уақыты. Бүгінгі таңда мемле­кет жас­тар үшін барлық жағдайды жа­сап отыр.

Қазақстанның әлемдегі ба­рын­ша дамыған өркениетті мемлекеттердің қатарына кіру жөніндегі барлық ой­лар мен жос­пар­лар­ды қисынды қорытындысына жеткізетін де жас­тар болмақ. Жастардың білімдері, күш-жігерлері мен еңбектері күшті де өркенді Қазақстан тәуелсіздігінің мәңгі болуына көп септігін тигізеді.

Еркін ел­де өскен ұрпақтың ру­хы әрдайым биік бо­луы тиіс. Жас­та­ры жа­лын жүректі, өршіл на­мы­с­ты, биік рух­ты бол­са – ол елдің еңсесі де биік бо­ла­ды. Өршіл, на­мыс­шыл жас отан­шыл пат­ри­от келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет ету­ге ұмтылады.

Отанды сүю – әрбір ет-жүрегі, қан-та­мы­ры қазақ деп соғатын қазақжанды, ел­жан­ды, ұлтжанды ұландардың баға жет­пес бо­ры­шы. Сондықтан, па­рыз­да­ры­мыз­ды асқақ абы­рой­мен, аса адал орын­дау арқылы ұлтымыздың іргетасын бірге нық тұрғызайық. Еңселі еліміздің ертеңі жастардың қолыңда екенін ұмытпайық! («Еліміздің тәуелсіздігіне – 20 жыл» Бауыржан Абдрашит. Қазалы аудандық «Қазалы» газетінде (24.08.2011. №73) жарияланған).

Түсініктеме!

өркениет – белгілі бір қоғамдық саяси-формацияның қоғами, мәдени дамуы жағынан көтерілген сатысы;

өткел – қиын іс, ауыр жағдай, тар кезең;

дидар – жүз, келбет, түр;

саясаткер – саясат жөнінде көп айтқыш, саясатқа құмар;

жүрекжарды – зор қуаныш, керемет қуанышты хабар;

өскелең – жан-жақты өскен, өркендеген, ілгері дамыған;

жігерлі – қажырлы, қуатты, қайратты, батыл;

іргетас – негізді қалыптастыру, ұлт ретінде қалыптасу;

еңселі – еңсесі биік, үлкен;

Жағдаяттық тапсырма!

Тәуелсіздік мәңгі болуы үшін қандай шарттар мен ұсыныстар айтар едіңіз?

Өркениетті елдердің қатарына кіру үшін қандай нақты істер атқарылу керек?

1-тапсырма. Сөздердің мағынасын талдай отырып, сөйлем құраңыз.

Дүние дидары, ерен еңбегі, жүрекжарды қуанышқа толы, сөз бостандығы, асқақ абы­рой­.

 

2-тапсырма. Ойды жалғастырыңыз.

Сөз бостандығына кепілдік берілген...

Ой­лар мен жос­пар­лар­ды қисынды қорытындысына жеткізетін де жас­тар...

Отанды сүю – әрбір ет-жүрегі, қан-та­мы­ры қазақ деп соғатын ұландардың баға жет­пес бо­ры­шы...

Еркін ел­де өскен ұрпақтың ру­хы әрдайым биік бо­луы тиіс...

Еңселі еліміздің ертеңі жастардың қолыңда ...

3-тапсырма. Мына сөздердің фразеологимдерін тауып жазыңыз.

 

ұлтжанды

 
 


та­лан­т­ты на­мыс­шыл отан­шыл

... ... ...

Қажетті сөздер: жүрегінің түгі бар, намысты қолдан бермеді, көзі ашық, көзінен оты жанған, он қолынан өнер тамған, ішкен асын жерге қойды, төрткүл дүниеге паш ету, көкірегі ояу, елім деп еңіреген.

 

4-тапсырма. Берілген сөздердің синонимдерін мәтіннен табыңыз.


ержүрек –

болашақ –

пат­ри­от –

шарықтау –

қуатты –

міндет–


2-сабақ. ЖАСТАР ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ ОТАН

Мәтінді оқыңыз.

Бұл күндері Отан, тәуел­сіз­дік, тұрақ­ты­лық, тұрақты даму ұғымдары әрбір қазақ­стан­­дық­тың жүрек-жадынан берік орын алады.

Қазақтың махаббаты күннің нұры, айдың аппақ сәулесі сияқты. Қазақстанның жасыл жайлауы көк кілем сияқты. Онда Ақ орда және тағы басқа мәдени ескерткіштер орналасқан. Астана – бұл әлем қаласы.

Шын мәнінде бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп. Бүгінгі күн – талантты, жігерлі, өзіне сенетін адамдардың, арманға бай және оларды жүзеге асыруға ерік-жігері бар адамдардың уақыты. Мемлекет жастар үшін барлық жағдайды жасап отыр. Тек оқу, күш-қуатыңды аямастан еңбек ету керек, сонда ғана ойлаған арманға жетуге болады.

Қазіргі жастар тәуелсіз Қазақстанда өсті, олардың көз алдында мемлекетіміздің қалыптасуы жүрді. Олардың ана сүтімен бойында патриотизм және тәуелсіз Отанына деген сүйіспеншіліктің терең сезімі дарыған.

Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған өркениетті мемлекеттің қатарына кіру жөніндегі барлық ойлар мен жоспарларды қисынды қорытындысына жеткізетін де жастар болмақ.

Жастардың білімдері, күш-жігерлері мен еңбектері күшті де өркенді Қазақстанды орнатуға жұмыс істейтініне сенім мол.

Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады.

Білімді, сауатты адамдар – бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Кім дамымаса, алға қарай жүрмесе, өз орнын басқаға, әлдеқайда бәсекеге қабілетті маманға беруіне тура келеді. («Қазақстан – менің елім, менің Отаным» Фарида Бықай. Егемен Қазақстан. Сенбі 27 қыркүйек, 2008жыл, «Тәуелсіздік саған не берді, сен тәуелсіздікке не бердің?» makala.kz).

Түсініктеме!

жады – кісінің рухани сезімі, жан-дүниесі;

қисынды – қисынын келтіру, жүйелеу;

қисын – бір нәрсенің ыңғайы, реті, жөні;

Ой талқы (дискуссия)!

Жастар ұлтжандылық, елжандылық деген сезімдерін қалай түсіндіреді және оны қалай дәлелдеп жатыр?

 

1-тапсырма. Адамның мінез-құлқын сипаттауға сай келетін фразеологизмдерді табыңыз.

Ешқандай қиындықтан қорықпайтын, тайсалмайтын, ержүрек адам;

Үнемі көңілсіз, жабырқау жүретін адам;

Үнемі күліп жүретін, езуінен күлкі кетпейтін адам;

Қабағы ашылмай, ашуланып жүретін адам;

Өз еркін, ашық айтатын адамды қалай атайды?

Қажетті сөздер: Жүрек жұтқан, жүрегінің түгі бар, ұнжырғасы түсіп жүру, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жүретін, терісіне сыймай жүру, төрт құбыласы тең, айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей, қара қылды қақ жаратын.

 

2-тапсырма: Шәкәрімнің «Жастарға» деген өлеңінен берілген үзіндіге талдау жасаңыз. Өзіңізге ұнайтын шумақты жаттап алыңыз.

Кел, жастар біз бір түрлі жол табалық,

Арам-айла, зорлықсыз мал табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,

Бір данышпан жан табалық!

 

Білімді сол кісіден ізденелік,

«Әдейі іздеп біз сізге келдік делік»,

«Өмір зая болмастық өнер үйрет,

Ақылыңды аяма бізге делік».

 

Өзің біліп біреуге қылсаң жарлық,

Асыл сол – ақыл, білім бойда барлық,

Айла, өтірік, арсыздық өнер емес,

Мен де анаудай болсам деп таласарлық!

 

Ақыл, білім осындай ар жақтарлық,

Айласыз, өтіріксіз жан сақтарлық,

Үзіп-жұлып ұятсыз атанбай-ақ,

Ақылмен жол табалық, ел бастарлық!

 

Жақсы білім іздеуге жалықпалық!

Табылмаса тарығып талықпалық!

Білгенді білмегенді анықталық!

Ғалым көрсек әр істі сұрасалық!

 

Білмекке талап етіп көрейін деп,

Шын сөзге көңілімді бөлейін деп,

Адамдық ғылым жолын қуайын деп,

Естіген соң, жүректе түйін жатты.

3-тапсырма. Бауыржан Момышұлының даналық сөздерін басшылыққа ала отырып, түйіндеме жазыңыз.

* Ел үшін аянба, ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба, жігіттігіңе сын.

* Отан үшін отқа түскін – күймейсің.

* Тізе бүгіп тірі жүргенше, тік тұрып өлген артық.

* Мен өмір бойы парыз сезіміне бой алдырып, жалғыз соған ғана бағынып келдім.

* Парыздан күшті күш жоқ.

* Парыз – ұлттың іргетасы.

 

4-тапсырма. Төле бидің айтылған өсиет сөздерінен қандай қорытынды жасар едіңіз?

Кіші жүзде Алшын Қаражігіт бидің аулы қыстан жұтап, малы қырылып, қатты ашығыпты. Қаражігіт бұл нәубеттен құтылар шара бар ма екен деп, баласын Төле биге жіберіпті. Сонда бар жағдайды егжей-тегжейлі сұраған Төле би:

– Балам, жай тоқтадың ба? – деді.

– Бағанағы бір сөздің аяғын біліп кетсем деп, соған қарап отырмын, – дейді бала.

– Пәлі, балам, сөздің қадіріне жететұғын бала екенсің, енді саған оның мәнісін айтайын: жігіт адамға бас кесір – еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышыл болу, кенже кесір – кежірлік. Осы үш мінез бір адамда болса, ол адам өмірінде оңбайды, – депті.

Қаражігіт би Төле бидің айтқан кеңесіне дән риза болып, шын ықыласымен ел-жұртын еңбек етуге шақырыпты.

 

Үйге тапсырма:

Еліміздің тәуелсіздік алған уақытынан бастап жеткен жетістіктері туралы хронологиялық көрсеткіш жасаңыз.

3-сабақ. БІЗ – ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫМЫЗ

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ

Мәтінді оқып, мазмұнын талдаңыз

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де солардың мойынында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», – деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.

Қазіргі уақытта республикамыздың барлық интеллектуалдық өңірлерінде жастар белсенділігі күшейіп келеді. Олар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің белортасынан табылып келеді. Форумда сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екендігін, бүгінгі қыз-жігіттеріміздің интеллектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын жеткізді.

– Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру сіздердің қолдарыңызда, яғни, болашағымыз жастардың жауапкершілігінде, – деді Мәулен Әшімбаев. – Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беру керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Бүгін елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқылануы – оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындығын аңғартады. Статистика агенттігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз – жалпы халықтың 30 пайызы жастар деген сөз. Ендеше, еліміздің ертеңгі болашағы жастардың бүгіннен бастап, қандай тәрбие алуы мен отансүйгіштік қасиеттің дамуы аса маңызды. Ең әуелі жастар бойында рухани-адамгершілік, саяси интеллектік, құқықтық тәрбие басым болғаны жөн.

Қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан:

– Біз ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Ендігі кезек – жастарда. Жастар – жас шыбық сияқты. Қалай исең солай иілуге әзір. Сол себептен жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге атсалысу – басты парызымыз. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Бүгінгі жастарға айтарым, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны – Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек.

Жастарымыздың бойында елжандылық, азаматтық пен адамгершілік сезімдері жан-жақты жетілгенде ғана патриотизм парасаты асқақтай түспей ме? Халқымыздың бойындағы патриоттық құндылық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғандығы тарихтан мәлім. («Ел жастарға сенеді» Мағжан Садыханұлы. Дала мен қала. dmk. kz)

Түсініктеме!

білгір –көп білетін, білімдар;

сіңіру –бойына тез тартып алу, қабылдап алу;

белорта –нағыз қайнаған жерде, қызған жерде, қақ ортасында;

интеллектуалдық – кемеліне келген, өсіп жетілген, парасатты;

кемел –шама-шарқ, өлшем;

парасатты – ақылды, ойлы, білімді, зерделі адам;

іргелі – негізі мықты, тұрақты;

өңір – атырап, аймақ, өлке;

аңғарту – байқау, көру.

сынақ – сын, тексеріс;

кемелдену – нығая түспек, мықты болу;

елжандылық –халықты, Отанды сүю;

мәлім – аян, белгілі, анық;

1-тапсырма. Берілген пікірлерден аңғарылатын ойды талдап аяқтаңыз.

1. Жастарға сенім арту ...

2. Жастардан талап етілетін ерекше қасиеттер ...

3. Жастарға арналған үндеу ...

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер».

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру сіздердің қолдарыңызда, яғни, болашағымыз жастардың жауапкершілігінде».

Қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан: «Біз ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Ендігі кезек – жастарда. Жастар – жас шыбық сияқты. Қалай исең солай иілуге әзір. Сол себептен жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге атсалысу – басты парызымыз. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Бүгінгі жастарға айтарым, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны – Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек».

 

2-тапсырма: Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен қоғам қайраткері Б.Тілеуханның пікірлері бойынша аңдатпа (аннотация) жазыңыз.

3-тапсырма. Берілген тіркестерді қандай жағдайда қолданар едіңіз?

мемлекетіміздің жарқын болашағы;

қоғамның қозғаушы күші;

қоғамдық өмірдің белортасынан;

рухани-адамгершілік, саяси интеллектік, құқықтық тәрбие;

елжандылық, азаматтық пен адамгершілік сезімдері;

патриотизм парасаты асқақтай түсу.

 

Пікірлесейік!

Неге жастарға көп көңіл бөлінеді?

 

Қосымша материал!

Жоғарыдағы мәтіндегі пікірлер мен Ы.Алтынсариннің әңгімесі арасындағы тәрбиеге қатысты логикалық байланысты анықтаңыз.

Бақша ағаштары

Жаздың әдемі бір күнінде таңертеңгі бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштар мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.

– Мынау ағаш неліктен тіп-тік, анау біреуі неге қисық біткен? – деп сұрады баласы.

– Оның себебі, балам, анау ағашты қисық бұтақтары болса кесіп, бағып-қағумен өсірген. Мынау ағаш бағусыз, өз қалыбымен өскен, - деді атасы.

– Олай болса, бағып-қағуда үлкен мағына бар екен ғой, - деді баласы.

– Бағу-қағуда үлкен мағына барында шек жоқ, шырағым, мұнан сен әбірет алсаң болады. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате істерінді түсетсем, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің. Бағусыз бетімен кетсең, сен мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің, - деді.

 

Түсініктеме!

әбірет – үлгі алу, тәрбие алу;

түзік –түзу, тура.

қалып –түр, пішін, кейіп;

шек –мөлшер, меже;

меже –мөлшер, шама, шек;

 

Модуль

ТАРИХЫҢДЫ ТАНЫ

1-сабақ. ЕРЛЕР ТУЫН КӨТЕРГЕН ЕРЛЕР

Мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыз

Бауыржан Момышұлы 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен генерал-мойор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматыда жасақталған 316 атқыштар (8 гвардиялық) дивизиясы құрамында майданға аттанды. Батольон, полк командирі болды. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарды. 1941 жылы күзгі және қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батольонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құраммен дивизиясына қосылды. Ресейде Волоколомск Горюнь Матринино, Бородино, Трашково т.б. қала, деревнялары үшін қырғын ұрыстарда 9 рет асқан ерлік көрсетті. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстардан шығу, шегініс жасау тәсілдері әскери жарғыға енді. Тактикада «ошақты» және «икемді» қорғаныс ұғымдарының қалыптасуы Б.Момышұлы тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін маман ретіндегі дарындылығы соғыс кезінде терең ашылды. Жау шептеріне ішкерлей еніп, ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде кең қолданып оны дамытушы болды. Өзі қашан да ұрыс тағдыры шешілетін жерде болды. Бауыржан Момышұлы әскери педагогика мен психологияны байытушы, баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Соғыстан кейін шығармашылық жолмен айналысты. Шығармаларының өзекті тақырыбы Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын сомдау. Мысалы, «Артымызда Мәскеу», «Генерал Панфилов», «Офицер жазбалары», «Ұшқан ұя» және т.б.

Талғат Бигелдинов 1940-42 жылдары Саратов барлау авиация мектебін, №3 Чкалов бомбалаушы авиация ұшқыштар мектебін, №1 Чкалов жойғыш ұшақ ұшқыштары мектебін бітірген. 1943 жылдың 7 наурызында ИЛ-2 шабуылшы ұшағымен жаудың «Мессер-Шмитт» жойғыш ұшағын атып түсірді. Бұл ерлігі бұрын-соңды кездеспеген оқиға ретінде әлемдік авиация тарихына енді. ИЛ-2 ұшағымен Калинин, Далалық, Воронеж 1-2 Украина майдандарында, Курск доғасында кескілескен ұрыстардағы, Одердегі, Берлиндегі шайқастарға қатысты. 305 рет соғыс кезінде жауынгерлік тапсырмамен ұшын шығып, жаудың 100 деген танктерін, зеңбіректері мен солдаттарын жойды. Әуе шайқастарында фашистерін 7 самолетін атып түсірді. Соғыстан кейін қоғамдық орындарда қызмет етіп, Қазақстанның көптеген қалаларында әуежайларындағы ұшу-қону алаңдарын салуға басшылық етті. «305 рейдов», «ИЛ-ы атакуют», «Аспандағы айқас» сияқты естелік кітаптардың авторы.

Рахымжан Қошқарбаев 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Белорусь майданындағы 150-Идирицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарды. Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға белсене қатысты. Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде Г.Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы Кеңестік окупация әскер бөлімінде қызмет атқарды. Соғыстан кейін әр түрлі қоғамдық жұмыстарды атқарды. Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен медальдармен марапатталды. (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, 1999ж. 2-том, 6-том)

 

Түсініктеме!

қескілесу – қырқысқан, жан беріскен майдан, күрес;

шайқас –жауласқан екі жақтың арасында болатын ұрыс, айқас;

жарғы – белгілі бір ұйымды құрудың, ұйымдастырудың, оның тәртібінің ережесі;

тактика – соғыс жүргізудің теориясы мен практикасын қарастыратын әскери өнердің бөлігі;

шеп – қорғаныс, бөгет, бекініс;

шегініс – алған беттен кейін, кері қайту, шегіну;

сомдау – келісті, әдемі етіп мүсіндеу;

барлау – жау күштері мен олардың орналасуы туралы мәліметтер жинайтын жауынгерлік қимылдардың бір түрі;

1-тапсырма. Берілген пікір бүгінгі жастардың психологиясында бар түсінік пе?

Ар – жақсылық пен зұлымдықты, шындық пен жалғандықты, әділдік пен әділетсіздікті және басқаларды анықтайтын адамгершілікті ұғым. Бұл – адамның іс-әрекетін ақиқат, шындық пен әділдік жөніндегі ұғымдар түсінігіне байланысты реттейтін, парыздың қаншалықты орындалғанын немесе орындалмағанын анықтайтын, нені істеп, неден бас тартуға тура келетін көрсететін сезім. Қысқасын айтқанда, ар-парыздың бақылаушысы, адам өмірін реттеуші. (Бауыржан Момышұлы)

 

2-тапсырма. Үш батырдың Отан алдындағы парызын өтеу үшін жасаған ерліктерін сараптай отырып, тұрақты тіркестердің мағынасын түсіндіріңіз.

Ел бастап, жұрт алды –

Ердің басы екі елу –

Ердің құны, нардың пұлы –

Ереуіл атқа ер салды –

Ер бесіктен танылды –

 

3-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңіз.

А) Азаматтық парыз дегенді қалай түсінесіз?

Ә) Ел экономикасын көтерудегі азаматтық парызыңыз қандай сезімдер мен қасиеттермен шектесіп жатыр деп ойлайсыз?

 

4-тапсырма. Б.Момышұлының «Парыз» туралы айтылған пайымдауларына түсінік беріңіз.

Парыздан кіршіксіз тазалық жоқ

Парыз – жан рухы, жүректің жүрегі

Парыз – арман мен даңқ асқары

Парыз – адал берілгендік тамыры

Парыз – намыс күзетшісі

 

2-сабақ. КЕШЕГІСІН ҰМЫТПАҒАН ЕРТЕҢГІСІН БАҒАЛАЙ БІЛЕДІ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз

«Кешегі және бүгінгі» деген – өмірдің қай саласын болса да салыстырып, таразылап отыратын ұғым. «Өткеннің бәрі – аяулы» деп Мағжан ақын айтқандай, кешегі күннің жүріп өткен жолының үлгі етер, пайдаға жаратар тұстары баршылық. Иә, өткен – бүгінгінің бастауы. Оның тұнығын уақыттың, жағдайдың лайлауы да, өзгерістерге ұшыратуы да мүмкін. Алайда бастаудың аты – бастау. Оның көзін ашып, аясын кеңіту – біздің парызымыз.
Өткеннің түп-тамыры ғылым мен білімнен нәр алары анық. Өткеннен алынған тәжірибе жан-жақтылыққа, ғылым мен білімнің барлық қырынан терең хабардар болуға міндеттеуімен де күрделі шығар... Дегенмен өмірдің өзі адамды қиындықтармен, ізденістермен шыңдайды ғой.

Қандай заманды бастан кешсек те, қай қоғамда өмір сүрсек те – адамның күні адаммен. Олардың бірі жанашырлықты, бірі мадақтауды, бірі еңбегінің еленіп, атының аталуын күтетіні бар. Кеңес дәуіріндегі шектеулерден арылып, еркін самғауға ауыстық. Өмірдегі бұл еркіндікті: «Не болса да ашып айта беруге болады» деген тізгінсіз бостандық деп түсінгендер де болды. Талай ащы шындық айтылып, сонымен қатар орынсыз іс-қылықтар да көрініс берді. Қазақ халқының табиғи мінезі сияқты істің мән-жайына қашан да сабырмен қарап, ақ пен қараны ажыратып отыратын қасиет болуы керек. (Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, «Жетісу» газетінің Бас редакторы)

Кешегімізді ұмытпауымыз – өзіміздің халық ретінде анықталғанымыз, қайдан шығып, қайда бағытталатынымызды ескертеді. Сонымен қатар, кешегісін ұмытпаған халық тарихында болғанын талдап, одан пікір жасап, бұрынғы қателерін қайталамас.

Ежелгі заманнан бері халқымыздың кешегісін, тағдырын және ұлы ата-бабаларымыздың ерлігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін – еліміздің тарихы.

Кешегімізді ұмытпау ғана емес, бабаларымыздан жеткен тәжірибені сақтап, оны дұрыс пайдалануымыз қажет...

Өзімізден қалатын мұраны ұрпағымызға жеткізе білуміз аса маңызды болып табылады

Ал жастар болса, халқымыздың тарихынан дәріс алып, оны ұғып, қазіргісін бағалап, ертеңгісі үшін еңбектенсе дұрыс.

Солай-ақ, кешгісін ұмытпаған ел болашақты дұрыс бағалай біліп, оған сенімді болып ұмтылады!

 

Түсініктеме!

тұс –1. Бір нәрсе мен екінші нәрсенің қарама-қарсы жағы, қапталы, өкпе тұсы; 2. Белгілі бір оқиғаға сай келген уақыт, мерзім, кезең.

ая –бір нәрсе болып жатқан жердің жалпы көрінісі;

самғау –1. Қатты екпінмен ұшу, шарықтау; 2. Шарқ ұру, қарқындау, қарыштау;

шыңдау –1. Шалғы кетпен сияқты еңбек құралдарын балғамен ұрып өткірлеу, қайрау; 2. Жетілдіру, кемелдендіру;

1-тапсырма. Берілген сөз тіркестерімен сөйлем құрастыра отырып, ойды жалғастырыңыз.

Ащы шындық, табиғи мінезі, тізгінсіз бостандық, еңбегінің еленуі, аясын кеңіту.

 

2-тапсырма. Берілген сөйлемді мәтін мазмұнына сәйкес аяқтаңыз.

Талай ащы шындық айтылып, ...

Қандай заманды бастан кешсек те, ...

Барлық қырынан терең хабардар болуымыз керек, ...

Кеңес дәуіріндегі шектеулерден арылып, ...

Халқымыздың тарихынан дәріс алып, ...

 

3-тапсырма. Даналар сөзінің мағынасын талдаңыз.

«Адамдық борыш, ат үшін

Барша адамзат қамы үшін,

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін». Ш. Құдайбердіұлы

«Өзіңнің борышыңды орындап кетсең болды, өзіңді тани кетесің» И.Гете.

«Міндетті түрде күн сайын аз болса міндет борышын атқарып отыру – тамаша іс» Э.Делакруа.

«Өзіңнің борышыңды орындауға тырыс, сонда сен өзіңнің неге тұратыныңды дереу біліп аласың» Л.Н.Толстой.

 

Үйге тапсырма:

Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерін жинап, мағынасын түсіндіріңіз.

3-сабақ. ҒАСЫРЛЫҚ ТҰЛҒА

Мәтінді оқып, мазмұнымен танысып алыңыз.

Дінмұхмамед Ахметұлы Қонаев өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнады. Ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін басқарды. Ол жауапты басшылық қызметті атқара жүріп Республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Республиканы басқарған жылдары Қазақстанда жаңа өнеркәсіпті аудандар қалыптасып, елде жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды. Павлодар, Екібастұз отын-қуаты кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су электр станциясы, Павлодар трактор зауыты т.б. кәсіпорындар осы кезеңде іске қосылды. Маңғыстаудың кен орындары игерілді, теміржол құрылысы көлік түрлері дамыды. Республика титан, магний, синтетик, каучук өндіре бастады. Электро техника, машина жасау, химия салалары тез дамыды. Жезқазған, Маңғыстау, Торғай облыстары шаңырақ көтерді. Д.Қонаев Алматы облысының Кербұлақ алқабын игеруге, Қапшағай су қоймасын, Үлкен Алматы каналын салуға ерекше көңіл бөлді. Қазақстан экономикасы Одақ үшін шикізат базасы бағытында дамыды. Мұнда көп жағдайда өнім шығаруға қол жеткізді. Ол әдебиет пен өнердегі, мәдениет пен ғылымдағы ахуалды әрдайым бақылап отырды. Д.Қонаев басшылығы кезінде Қазақстанның 5 томдық академиялық тарихы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. еспублика Республика аумағының тұтастығының сақтауда табандылық көрсетті. Өзбекстанға берілген Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіруші аудандарын қайтарып алды. Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстау Түркіменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Д.Қонаевтың күшімен Республика Сарайы, ҚазМУ қалашағы, Медеу спорт кешені және т.б. ғимараттар бой көтерді. Алматыны тасқыннан қорғау үшін Медеу сайында үлкен бөгет салынды. (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, 1999ж. 6-том)

Д.Қонаев ақын-жазушыларды аса құрметтеді. Өйткені «әдебиеттің алтын ғасыры» осы кезде дамыды. Қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кітаптары мол таралыммен шығып жатты. Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлықтың лауреаты болып, Ғабит Мүсірепов Еңбек Ер атағын алды. Классиктердің шығармалары әлем тілдеріне аударылды. Әдебиеттің бейбітшілік сақтаудағы рухани қуатына байланысты Алматыда халықаралық мәслихат өтті. Олжас Сүлейменовтың «АзиЯ» кітабы Одақты дүркіретті. (Ана тілі газеті, 4-10 наурыз, 2010жыл №9,(1002)10-бет)

Тұлға тұлғаны тани біледі. Ұлы Мұхтар Әуезов Д.Қонаевты көргенде: «Димаш, бұйыртса исі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр деген екен». Сол айтқандай Д.Қонаев туған халқының аяулы да ардақты ұлы бола білді. Тұлғаны ардақтау бар да, одан үйрену бар. Тұлғалар бізге адал өмір сүру үшін, елге қызмет етудің үлгісі ретінде өте қажет. Д.Қонаев соңына жақсы іспен қатар ойлы сөз де қалдырған.

«Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге болса да үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі де – осы, азаматтық жол да – осы» (Ана тілі газеті №2 (1103) 12-18қаңтар, 2012ж, 1-бет)

 

Түсініктеме!

ширек ғасыр –бүтіннің төрттен бір бөлігі;

кен –жер астынан қазылып алынатын қазба байлық, руда;

қомақты –аумақты, көлемді, үлкен;

алқап –бір шетімен бір шетіне көз шеткісіз кең өлке;

табандылық көрсету –тұрақтылық, төзімділік, тиянақтылық;

дүркірету –аты шығу, дәуірі жүріп тұру;

дәуірі жүріп тұру – билігі жүріп, дегені болып тұрған кез, мезгіл, уақыт.

 

1-тапсырма. Д.А.Қонаевтың бойындағы ғасырлық тұлғаға тән қасиеттерді атап шығыңыз.

Ел басқару ісіндегі ...

Азаматтық тұлғасын көрсететін ...

Адами тұлғасын көрсететін ...

2-тапсырма. Айтылған пікірлерден ортақ тұжырымдама жасаңыз.

Нарша Қашағанов: Өткен, кеткен бұл фәниден сан алып,

Тарих үшін ол да емес жаңалық,

Дінмұхамед – Қонаевтың жай аты,

Шын аты оның мейірім мен даналық.

 

3-тапсырма. Осы нақыл сөзді негізге ала отырып, жеті атаңыз туралы шежіре жазыңыз.

Қазақта «Түбің білмеген – түгің білмейді» деген сөз бар. Жеті атасына дейін жазбай білетін халқымыздың айрықша қасиеті де – осыда. Қаны таза кісінің дені де, тілі де, ділі де – сау. Өңін бермесе, ізгілік жолын сақтаса, сөзі ортақ болса одан озар байлық бар ма! Міне, сондықтан да қазақ шыққан тегін зерделеп, өсер ұрпағының ертеңіне ерекше мән берген. Халық үшін қашан да әкесінен ұлының тәуір болғаны жақсы. Жеті ата толмай, қыз алып, қыз беріспей, шыбық қиып, ант етіскен ата заңы осыдан. (Д.А.Қонаев)

 

4-тапсырма. Мақал-мәтелдердің мағынасын мәтіннің мазмұнымен байланыстырыңыз.

· Өзін-өзі білген – ер бақытты,

Өзін-өзі билеген – ел бақытты.

· Жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі,

Жамандыққа жақсылық ер адамның ісі.

· Сегіз қырлы, бір сырлы.

· Жігітке жеті өнер де аз.

· Азаматтық ерлікте танылады.

 

 

Модуль

ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКА

1-сабақ. ҒЫЛЫМ – ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗІ

Мәтінді оқыңыз, ой бөлісіңіз.

«Ғылым» деп – адамның білім алуын, жүйелеу және тексеру бағытындағы қызметінің түрін айтамыз. Білімнің бәрі ғылыми білімге жатпайды, олардың жақсы тексерілгендері мен негізделгендері ғана жатады. Ғылыми білім кәдімгі қарапайым білімді теріске шығармайды, олардың екеуі де керек. Білім дамудың жоғары деңгейіне жеткенде ғана ғылыми білімге айналады.

Ғылым дегеніміз – адамның табиғат, қоғам және өзінің танымы туралы білім алуға бағытталған рухани қызметінің ерекше формасы. Ғылымның негізгі мақсаты – ақиқатқа жету және табиғат, қоғам, ойлау заңдылықтарын ашу. Ғылым ежелгі заманда (Қытайда, Үндістанда, Грекияда) пайда болды. Ұзақ уақыт бойы ғылыми білім баяу дамыды. Тек XVI-XVII ғасырлардан бастап Батыс Еуропада ғылым қуатты күшке айналып, индустриялы қоғамның құрылуы мен дамуына септігін тигізді. Содан бері ғылым практикамен тығыз байланыста, өзіндік өмір сүруі мен дамуы үшін одан әсер алады. Сол кезеңнен осы ұрпаққа дейінгі аралықта ғылым адамдардың практикалық қызметіне қатты әсер етті.

Ғылым – білім алудағы білімнің жинақылығынан көрінетін адамның шығармашылық қызметі және сол қызметтің нәтижесі. Ғылым табиғат (материалдық) дүниесі мен қоғамның заңдары туралы білім жүйесі ретінде көрініс береді. Ғылым біртұтас бола тұра жеке ғылымдар деп аталатын бірқатар білім салаларына жіктеледі. Олай бөлінуі бізді қоршаған дүниенің көптүрлілігінен болады. Сондықтан ғылымның жеке саласы көпқырлы қызметтің белгілі бір жақтарын зерттейді. Соған орай, табиғат туралы ғылымдар – жаратылыстану, қоғам туралы – қоғамтану (әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар); таным мен ойлау туралы – логика, геносеология, диалектика болып бөлінеді. Техникалық ғылымдар жеке бір саланы құрайды. Математика – өзі бір арнайы ғылым. Ғылым салаларының өздері жеке ғылымдарға бөлінеді. Жаратылыстану ғылымдарының кұрамына – механика, физика, химия, биология; қоғамтану ғылымдарына – тарих, экономикалық ғылымдар, құқықтану, психология жатады. Аталған жеке ғылымдардың әрқайсысы бірқатар ғылыми пәндерді құрайды. Мысалы, физика – оптикаға, қатты денелер физикасына, ядролық физикаға жіктеледі. Өзінің пәніне орай философия барлық ғылымдармен байланыста болады. («Ғылым – ақиқатты білу әдісі» Уикипедия жобасынан)

Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық экономика құруды жалпыұлттық өрлеу идеясы ретінде жариялады. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның ең ауқымды экономикалық жобасына айналғалы тұр. Шын мәнінде, жаһандану үдерістері үдей түскен қазіргі заманда инновациялық өрлеу ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің ең басты бір факторы ретінде айқындалуда. Сондықтан қазақ елі өз өндірісін қарқынды жаңғырту жолына шықты. Осы орайда ел басшылығының тапсырмасымен, еліміздегі зауыттар мен фабрикалар, өндірістер мен кәсіпорындар тек жаңа технологиялармен және заманауи жабдықтармен жабдықталып қана қоймай, сондай-ақ «жаңа тұрпатты идеялармен жабдықталатын» болады.

Елбасы Н.Назарбаев мәлімдегеніндей, жас тәуелсіз мемлекеттер арасында алдыңғы қатарда тұрған Қазақстан да жаһандық экономика бойынша тауарлар мен қызметтердің ұлттық брендімен орын алуды міндет етіп отыр. Осыған қол жеткізу үшін мемлекет инновациялық өнімдерді шығару бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл мақсатта былтырдан бастап, Үкімет Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі арқылы ойлар мен жобаларға грант түрінде қаржы бөліне бастады. Бұл бастама ендігі өз жемісін беруде. Президент Н.Назарбаев «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты индустриялық-инновациялық форумда «Қазақстан үшін инновациялық дамудың жаңа жолын ашатын» отандық экономиканың 5 оң бағытының біріншісі ретінде «энергиялық тиімділік пен энергия сақтауды» атаған болатын. «Ал оны тек қана жаңа технологиялар бере алады, - деді мемлекет басшысы, – егер Қазақстандағы қандай да бір кәсіпорын әлемдегі әріптестеріне қарағанда электр қуатын көп тұтынатын болса, оны артта қалған кәсіпорын деп санау керек!». Осы орайда, бірде Астананың жаңа әкімшілік орталығын аралау барысында, сол жағалаудағы тұрғын үй кешенінде Елбасыға құрылыс компаниясы басшысы сондағы терезелердің сапасын сипаттап беріпті, кейін журналистер алдына шыққан Нұрсұлтан Назарбаев соны үлгі ете сөйледі: «Тұрғын үй кешеніндегі терезелер жылу сақтайтын арнайы шыныдан қойылып жатыр екен. Енді міне, дәл сондай өнім өзіміздің елімізде шығарыла бастамақ». («Инновациялық экономика құру – жалпыұлттық өрлеу идеясы». Шәріпови Айхан Пішенбайұлы. Innovus.kz)

Түсініктеме!

ақиқат – шындық, дұрыстық;

индустриялы – техника жетістіктерімен жабдықталған фабрика, зауыт, өнеркәсіп;

жаһандану – бүкіл әлемдегі өзгерістерге сай келу;

ауқымды – үлкен, кең, көлемді;

үдеріс – қауырт, қозғалыс, қарбалас;

қарқынды – жедел, шұғыл, тез, жылдам;

жаңғырту –жаңару, өзгеру;

заманауи-осы заманға сай, қазіргі;

тұрпатты – тектес, пішіндес;

бастама – бір істің басы, алғашқы ұйытқысы;

мәлімдеу – болған оқиғаны хабарлау, айтып жеткізу;

тұтыну – пайдалану, қолдану, керегіне жарату;

тиімділік – пайдалы, көп табыс беретін;

шыны – кварц құмының ерітіндісінен жасалған мөлдір түсті жұқа зат;

 

1-тапсырма. Берілген жоспар бойынша мәтінді әңгімелеңіз.

1. Ежелгі заманғы ғылым туралы түсінік

2. Ғылым – қуатты күш:

А) Өнеркәсіп саласындағы ғылымның орны

Ә) Ауылшаруашылығын дамытудағы ғылымның рөлі

Б) Адам денсаулығын жақсартудағы ғылымның атқаратын қызметі

В) жаңа технологияларды дамытудағы ғылымның маңызы

3. Қазақстандағы қазіргі ғылымның даму деңгейі

2-тапсырма. «Ғылым» және «ғылымның дамып келе жатқан салалары» деген ұғымдарға түсініктеме бере отырып, мәтіннің мазмұнын толықтырыңыз.

Мысалы, валеология, өзін-өзі тану, салауатты өмір салты...

 

Жағдаяттық тапсырмалар!

1. Егер сіз білім министрі болсаңыз, білім саласына жаңа реформа енгізер ме едіңіз ...

2. Сіз өз салаңыз бойынша белгілі ғалым болсаңыз, еліміздің көркеюіне қандай үлес қосар едіңіз ...

 

3-тапсырма. Ш.Құдайбердіұлының ғылым туралы ой-толғауларын пайдаланып, ғылымының пайдасы туралы әңгімелеңіз.

Ғылымсыз адам – айуан

Ғылымсыз адам – айуан

Не қылсаң да ғылым біл

Ғылымға да керек жан

Ақылсыз болса, ғылым тұл

 

Мініңді тапса кім сынап,

Аяғына бар, жығыл.

Қап бәлем деп кекті ұнап,

Сақтай көрме ойға зіл.

Бақ-дәулетке сыйынып,

Болма боран жел-дауыл.

Аса сәнді киініп,

Қуыршақ болма, сән қуып.

Адамның ең асылы –

Қиянатсыз, ақ пейіл.

Ең зиянкес жасығы, –

Тайғақ мінез, екі тіл.

Дұспанға да бол әділ,

Түсірме ойға тап пен ніл,

Ұмытпа, болсаң біздің ұл,

Осы өлеңді құлаққа іл.

 

4-тапсырма. Абайдың 17-қара сөзін оқи отырып, Шәкәрім өлеңі арасындағы ұқсастықты айқыңдаңыз, ғылымның орнын анықтай түсіңіз.

Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп ғылымға жүгініпті.

Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмілетке жетпейді. Әуелі өзіңді білуге, ерінбей, жалықпай үйрену керек. Ол – менің ісім. Адасқан жолда бара жатқан бойды, қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?».

Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ақыретке, не пайдалы болса, не залалы болса, білетұғын мен, сенің сөзінді ұғатұғын – мен. Менсіз өздері неге жарайды?».

Жүрек айтыпты: «Мен – адам денесінің патшасымын, қанменен тарайды. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын. Жақсылыққа елжіреп, еритұғын, жаманшылықтан жиреніп тулайтын – мен. Осы екеуі қалай маған таласады?».

Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, былай депті:

– Ей, қайрат! Сенің айтқанының бәрі рас, қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол. Кейде жақсылықта берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман.

– Ей, ақыл! Сенсіз еншәрсе табылмайтыны рас, бірақ амал да, айла да сенен шығады. Жақсының, жаманның сенгені, сүйенгені – сен, соның жаман, – депті.

– Сенің үшеуіңнің басыңды қосатын – мен. Бірақ соны билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол. Сені де еркіңе жібермейді. Осы үшеуінің басын қос, бәрін де жүрекке билет, – деп ұқтырып, айтушының аты ғылым екен.

 

Қосымша материал!

«Абай жолы» романынан алынған үзіндіні оқып, тұжырымдама жазыңыз.

Біз сияқты аға, әкелерің мезгілінде өсе алмай, қылтанақ жарып, сарғайып қалған шөптейміз. «Ғылымнан мақұрым қалдық» деп, енді өкінеміз, опық жейміз. Сол – біздің мұң. Ал сендер үшін тілегім, айтарым – адам боламын деп оқыңдар! Сендерден дәрмен күткен далаңның, еліңнің тілегі! Аймағыма жақсылығым жетеді, адал азамат боламын деп, халықтың қамқоры боламын деп оқыңдар!

«Осы отырған балалардан төл өсіремін деп, жаңа буынның жаңа азаматын шығарар болсам, менің ендігі жұбанышым, көмектесім де, үміт етер қанатым да солар болмас па еді? Ендігі етер еңбегім мен көмегім, айтар өсиет, ақылым болса – көзі ашық, оқыған жаңа қауым туғызуға арналсын. Ел ішін көгертетін кез жетті ғой», – деп ойлады Абай.

2-сабақ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Мәтінді оқып, мазмұнын талдаңыз

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл. Сондай-ақ ХХ ғасыр – «қазақтың алтын ғасыры болды» десек, қателеспеспіз.

Ең бастысы, бір ұлтқа қажеттінің біразын игілігімізге айналдырдық.

Сол бір негізі ғана қаланған болашақтағы қазақтың ұлттық ғылымының ордасы болуы тиіс әлемді таңғалдырар ғылым ғимараты құрылысын салушылар қатарына өткен ғасырдың орта шенінде келіп қосылған қазіргі Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның академигі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, химия ғылымдарының докторы, профессор, АҚШ Нью-Йорк академиясының академигі, академик С.И.Вавилов атындағы медальдің, Тегерандағы VІІ халықаралық меценаттар клубының ғылым саласындағы ең жоғарғы «Платиналық Тарлан», республикалық «Алтын Адам - Жыл адамы 2000» сыйлықтарының иегері Еділ Ерғожаұлы Ерғожин – әлемдік деңгейде толық мойындалған ірі ғалым, жоғары молекулалық қосылыстар химиясы, ион алмасу және мембрандық технология саласындағы іргелі зерттеулерімен ғылымды байытқан, дүниежүзіне белгілі ғылыми мектеп пен жоғары білімді ұйымдастырушы болып шықты. Ол басқаны былай қойғанда, АҚШ, Батыс Еуропаның Франция, Англия, Германия, Испания, Италия секілді мемлекеттері, Шығыстың жарық жұлдызы Жапония, химия ғылымы ежелден дамыған іргедегі алып Қытай Халық Республикасы Халықаралық конференция, симпозиумдерге құрметтеп шақырып, баяндама жасауын қалайтын жалпы, адамзаттың осы саладағы ғұлама ғалымдарының бірі болып сомдалды. Өйткені ол басқаны былай қойғанда, кезіндегі КСРО державасының стратегиялық мақсаттағы ғылыми-зерттеу бағдарламасында жұмыс істеп, аса пайдалы жаңалық ашып, сонысы үшін авторлық «құпия патент» алған, державадағы азғантай ғалымдарының бірі еді. Оның осынау теңдессіз жаңалығы – қазақ ұлттық ғылымының бір шыңы. Шыңы болғанда қандай, әлі күнге дейін жер бетіндегі сан ұлт қол жеткізе алмай жүрген аса биік, асқар шың.

Сол кезде «Сол студент келе-келе, әлемдік химия ғылымында теңдессіз жаңалық ашып, қазақтың ұлттық химия ғылымында «Ион алмастырғыш шайырлар және электрлі мембрандық диализ технологиясы» деп аталатын саладағы жүлде жаңа мектептің негізін қалаушы болады» деп нағыз көрегеннің өзі болжай алмаған шығар. Бірақ ұлттың бақытына орай, Еділ Ерғожаұлы дәл сондай тұлға болып сомдалуға онша көп уақыт шығындаған жоқ. Бар болғаны 25 жасында химия ғылымдарының кандидаты диссертациясын үздік қорғап шығады. Отызға жетпей, он шақты ион алмастырғыш шайырларды «өмірге әкеледі». 33 жасында ғылым докторы атағын тамаша қорғап шыққан Еділ Ерғожаұлы бұл кезде шетелдердің біразында болып, ол жақта өткен халықаралық симпозиумдар мен конференцияларда баяндамалар жасап үлгерген дүниежүзілік деңгейдегі танымал ғалым еді. Оның жалпы адамзаттық химия ғылымы әлемінде мойындалып, танылуы тым ерте, аспирант кезінен-ақ басталды. Көп ұзамай-ақ, дүниежүзілік деңгейдегі көрнекті ғалым Еділ Ерғожинді өздерінде лекция оқу үшін Батыс Еуропаның ең дамыған мемлекеттері – Қытай, Жапония, АҚШ секілді өз ғылымдары да жеткілікті дәрежеде дамыған мемлекеттер ерекше құрметпен шақырды. Оларға да біздің кейіпкер білімін үйретті. Сөйтіп, ол енді жалғыз қазақ емес, жалпы, адамзаттың өз саласындағы ғұлама ұстаздарының біріне айналды.

Ал тәуелсіздік, одан кейінгі кезеңде мемлекет құрушы тұңғыш Президентіміздің КСРО державасынан мұраға қалған әскери әлеуеттегі ядролық қару-жарақты жою туралы шешімі оның іс жүзінде дәлелденуін талап етті. Мәселен, ядролық қару-жарақтың қоршаған ортаға зиянын дәл анықтау және ол аймақты зарарсыздандыру жөніндегі жұмыстарға халықаралық байқау жарияланады. Дәл осы байқауда академик Еділ Ерғожин бастаған қазақ ғалымдарының тобы жеңіске жетеді. Сөйтіп, жеңіске жеткен ұлттық ғалымдар тобы ұзақ уақыт бойы еңбектенеді. Бұл еңбектің нәтижесін басқа емес, АҚШ ғалымдары мен осынау алпауыт елдің әскери сарапшылары тексеруге тиіс болады. Тексеріс те аса мұқият жүргізілген. Сонда қазақ ғалымдары тындырған іс нәтижесіне ерекше риза болған АҚШ жағы институтқа осы заманғы ең озық үлгідегі қозғалмалы экологиялық зертхананы сыйлық ретінде береді. Ал ғылыми топ жетекшісі бұрыннан танымал ғалым Еділ Ерғожинге ерекше ризашылықпен алғыс жариялайды.

Ол осы уақытқа дейін 13 ғылым докторын, 80 ғылым кандидатын даярлап шығарды. Академик Еділ Ерғожин осы уақытқа дейін 20 іргелі монография, 5 оқулық, 1250 ғылыми мақалалар жариялаған екен. 350 ғылыми мақаласы әлемнің әр мемлекетіндегі халықаралық беделді басылымдарда жарық көрді. 300-ден астам авторлық куәліктің иесі. («Қазағын көкке көтерген» Жұмабек Жанділдин. Айқын республикалық қоғамдық-саяси газет 05.11.11.)

Түсініктеме!

игілік –қажетті жағдай, пайда;

ғимарат – сәлет, құрылыс;

шені – белгілі бір уақыт, мерзім, кез;

иегер – орденмен наградталған адам, лауреат;

іргелі – негізі мықты, тұрақты.

ірге –жақын жер, таяу маң;

ғұлама – асқан ой иесі, оқымысты, ғалым;

сомдалу – келісті, әдемі етіп мүсіндеу;

шайыр –қарағай сағызы, желім сияқты жабысқақ зат;

әлеует – бір елдің қару-жарақ, соғыс күштерінің жиынтығы:

алпауыт – ірі жер иесі, орасан зор, күшті;

сарап – талқы, сын;

сарапшы – сарапқа салушы, бағалаушы, сыншы;

 

1-тапсырма. Абай өлеңін негізге ала отырып, ғалымның бойындағы қандай қасиеттер білікті маман үшін маңызды деп ойлайсыз.

Ғалым болмай немене

Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

 

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

 

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз.

 

2-тапсырма. Президентіміздің ядролық қару-жарақты жою туралы саясатының маңыздылығы мен құндылығы жөнінде әңгімелеңіз.Мысалы,қоршаған ортаға зияны, аймақты зарарсыздандыру, адам денсаулығы ...

 

3-тапсырма. Берілген фразеологизмдердің мағынасын аша отырып, сөз арасында қолданыңыз.

Ғылым тапты –

Ғылым бақты –

Білім шарқы –

Дүниенің тілін білді –

 

4-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдерді қандай жағдайда қолданар едіңіз.

· Ғылым – теңіз,

Білім – қайық.

· Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын.

· Еңбегі жоқ ғалым, ыстығы жоқ жалын.

· Кітап-ғылым, тілсіз мұғалім.

Үйге тапсырма:

Қазақстандықтардың соңғы ғылыми жаңалықтары туралы тұсаукесер жасаңыз

3-сабақ. ӘЛЕМ КАРТАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР (БИОТЕХНОЛОГИЯ, БИОХИМИЯ, ЭКОЭНЕРГЕТИКА, ЭКОЛОГИЯ, АНТИКӘРІЛІК)

Мәтінді оқи отырып, өз ойыңызбен бөлісіңіз.

Қазіргі заманғы әлемде білімсіз, ғылымсыз Қазақстанның келешегі жоқ. Сондықтан да экономиканың барлық саласында қаржы жетіспеушілігі сезіліп отырған күрделі жағдайға қарамастан мемлекет жаңа білім нысандарының құрылысына сондай-ақ ғылымды қолдауға қаржы тауып отыр. Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет. Біздің ендігі міндет – қазақстандықтардың, бірінші кезекте жастардың білімділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту.

Сол себепті Қазақстанның алдында экономиканы жеделдете модернизациялау, шикізаттық экономикадан индустриялық экономикаға көшу міндеті тұр.

Қазіргі уақытта республикалық маңыз­дағы инвестициялық жобалардың тізімін қалыптастыру аяқталып келеді.

Біз дамыған елдерден озық техноло­гия­ларды әкеліп, бірлескен өндірістер құрудамыз, инновациялық жобаларға қолдау көрсетілуде. Бірақ егер біз экономикасы тұрақты дамыған елдер клубына өтеміз десек, бұл жеткіліксіз.

Біздің ендігі міндет – қазақстан­дық­тардың, бірінші кезекте жастардың білім­ділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту.

АҚШ пен Еуропада Нобель сыйлығын алған ғалымдарды тек еңбегі мен ашқан жаңалықтары үшін ғана құрметтемейді. Олар барша үшін де үлгі болып саналады. Олардың үлгісін жастарға өнегелеп, сол арқылы күш-жігердің, еңбек пен таланттың әркезде де табысқа бастайтынын көрсетеді.

Көріп отырғандарыңыздай, мемлекет ғы­лымды дамытуға қажетті барлық шара­лар­­ды қабылдауда. Бірақ мұның барлығы егер білікті кадрлар болмаса, бекер болар еді.

Қазір Қазақстан үшін үлкен мүм­кін­діктер бар. Тұтастай алғанда алдағы ке­зең­де мына төрт бағыт әлем картасының ғылыми-технологиясына үлкен ықпал ететін болады.

Бірінші – биотехнология және био­хи­мия. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін сақ­тау, адамның иммундық жүйесін нығайту, интеллектуалдық жүйе құрудағы маңызды ба­ғыт. Сондықтан қазір Астанада Ұлт­тық биотехнологиялық орталық құрылды.

Екінші – экоэнергетика. Бұл – энер­гияның қайталама көздері, «жасыл энер­ге­тика», отын элементтері, жоғары өткіз­гіш­тер, көміртегі қосындысын ұстау мен сақтау, энергияны аз тұтынатын жарық көздері.

Үшінші – экология. Парникті газдар шығарындыларын азайту, су тазарту, түрлі био­субстанцияларды тез анықтау, био­ло­гиялық тұрғыдан ыдырайтын пластиктер енгізу, бактериялар құру, қоршаған орта­ны ластандырғыштарды жою техно­ло­гиялары белсенді дамитын болады.

Төртінші – антиэйджинг (антикәрілік).Бұл өмірді ұзарту мен жасаруды зерттеу.

Бұл зерттеулер қаншалықты күрделі көрінгенімен, адамзат ерте ме, кеш пе бұл мәселелердің бәрін шешеді. («Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секіріс» Ана тілі, 15-қазан, 2009 жыл)

Түсініктеме!

нысан – зерттеуге, бақылауға арналған зат, құбылыс, объект;

төңкеріс – жаңаша өзгеріс, түбегейлі өзгерту;

модернизациялау – қазіргі талапқа сай жетілу, даму;

шикізат – өңделмеген, көмір, мұнай, газ негізді химиялық шикізат;

тұтастай – түгелімен, жаппай;

тұтыну – керегіне жарату, пайдалану;

био­субстанция – заттар мен құбылыстардың биологиялық маңыздылығы;

тұрғы – белгілі бір бағыттағы көзқарас;

ыдырау – жан-жаққа тарқау, бөліну, жарылу.

 

1-тапсырма. Ойды мәтін мазмұнына сәйкес толықтырыңыз.

экономиканы жеделдете модернизациялау .................................................... .

шикізаттық экономикадан индустриялық экономикаға көшу ........................ .

адамның иммундық жүйесін нығайту .............................................................. .

интеллектуалды төңкеріс ................................................................................. .

энергияны аз тұтынатын жарық көздер .......................................................... .

 

2-тапсырма. Мәтінді қазіргі ғылыми технологиялардағы жаңалықтармен байланыстыра отырып, толықтырыңыз.

Нанотехнология, ...

3-тапсырма. Әлем картасының ғылыми-технологиясына үлкен ықпал ететін төрт бағыттың біреуіне сауалнама құрастырыңыз.

Үлгі:

Сауалнама

Мамандығыңыз: _______________________ 1. «Экология» деген сөздің мағынасын білесіз бе? · ия * жоқ

Модуль

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҰЛТТЫҚ БАЙЛЫҚТАРЫ

1-сабақ. МАТЕРИАЛДЫҚ ЖӘНЕ РУХАНИ ИГІЛІКТЕР

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз

Игілік – рухани және мәдени байлықты білдіретін жалпы ұғым; адамның белгілі бір қажеттерін қанағаттандыратын, оның мүддесіне, мақсаты мен ниетіне сәйкес келетін нәрселер.

Игілік табиғи және қоғамдық болып бөлінеді. Табиғи игілік – табиғи процестердің, мысалы, топырақтың құнарлылығы, пайдалы қазбалар. Қоғамдық игілік – адам қызметінің нәтижелері. Алайда екі жағдайдың екеуінде де игілік нәрсенің әлеуметтік анықтамасы, оның адам үшін пайдалы маңызы болып табылады. Материалдық және рухани игілік қандай қажеттерді қанағаттандыратынына байланысты ажыратылады. Материалдық игілікке азық-түлік, киім-кешек, баспана, т.б. және өндіріс құрал-жабдықтары, ал рухани игілікке – білім, рухани мәдениеттің жетістіктері, эстетикалық байлықтар, адамдардың мінез-құлқынан көрінетін адамгершілік қасиеттер, т.б. жатады. Бұлайша бөлу тек шартты нәрсе, өйткені көптеген игі құбылыстардың арасында нақтылы шекара жоқ (тарихи прогрестің жетістіктері, шығармашылық жетістіктері, әлеуметтік оқиғалар, әсемдік бұйымдары). Адамның жасампаздық мүмкіндіктерінің өзі ең жоғары игілік болып табылады. Игілік жеке адамның қажеті мен мүддесіне қызмет ете отырып, даралық сипат алуы мүмкін. Бұл тұрғыдан игілік ұғымының абсолюттік (жалпы адамдық және жалпы тарихи) және салыстырмалы (тарихи шектелген, таптық, жеке даралық) cипаттары болады. (Уикипедия-ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет. kk.wikwpedia.org).

Адамның және қоғам өмірінің негізі шаруашылық қызметі өндіріс болып табылады. Өндіріс – адамның табиғи заттарға әсер ете отырып, материалдық және рухани игіліктерді жасау процесі. Өндіріс адамның еңбегін, еңбек заттары және еңбек құралдарының көмегімен іске асады, оларды қарапайым еңбек процесі элементтері деп атайды.

Еңбек – материалдық және рухани игіліктерді, қызметтерді қалыптастыруға бағытталған адамдардың саналы қызметі.

Игіліктерді өндіру кезінде біріншіден, адам мен табиғат арасында қатынас орнайды, оны өндіргіш күштер деп атайды, ал екіншіден адамдар арасында қатынас орнайды, оны экономикалық қатынастар деп атайды. (Қоғамдық өндіріс негіздері. Экономика. 16 қазан, 2011 жыл)

Түсініктеме!

игілік – қажетті жағдай, пайда;

ниет –бір нәрсеге деген пейіл, ықылас, ынта;

пейіл – ниет, пиғыл, ықылас;

рухани – адамның ой-санасына, ішкі дүниесіне байланысты, соған тән;

мүдде – алға қойған мақсат, тілек-арман;

әлеумет – ел-жұрт, көпшілік қауым, қоғам, мемлекет;

даралық – оңаша, жеке, оқшау;

шектелу – өлшеулі, шектелген, мөлшерлі.

Ой бөлісу!

1. Рухани, мәдени және материалдық, қоғамдық игіліктердің ерекшеліктері мен арақатынасы туралы не айта аласыз?

2. Маман ретінде қоғамдық игілікке қандай үлес қосар едіңіз?

1-тапсырма. Мына шағын мәтіндегі сөйлемдерді теңеу мен фразеологизмдерді қолдана отырып, түрлендір.

Қоғамдық игіліктерге (..., ..., ... ) жатады. Материалдық игілікке (..., ..., ...) жатады. Рухани игілікке (..., ..., ...) жатады. Материалдық және рухани игілік (..., ..., ...) ажыратылады. Өндіріс (..., ..., ...) болып табылады. Өндіріс (..., ..., ...) іске асады. Еңбек – саналы қызмет (..., ..., ...).

 

2-тапсырма. Қажетті анықтамаларды пайдалана отырып, берілген фразеологизмдердің мағынасын ашыңыз.


игі жақсы –

игі жұмыс –

игіліктің ерте-кеші жоқ –

игілігін көрсетпесін –


игілікке жетті –

игілігін көрді –

игілікке ұстады –

игі тілек –


Қажетті анықтамалар: қажетіне жаратты, пайдасына тұтты, рахатын көрді; қуанышқа бұйырсын; игі істі, жөн жұмысты қашан атқарса да орынды; пайдасын, рахатын, жақсылығын көрді; елдің, халықтың, беделді адамдарының баламасы; жақсы іс, пайдалы әрекет; қызығын көрсетпесін; дәулетке, жақсылыққа қолы жетті, тұрмысы жақсарды; жақсы тілек, қасиетті мүдде.

 

3-тапсырма: Берілген сөйлемдердің мағынасын өзгертпей, басқа сөйлеммен беріңіз.

· Игілік – рухани және мәдени байлықты білдіретін жалпы ұғым.

· Игілік жеке адамның қажеті мен мүддесіне қызмет ете отырып, даралық сипат алуы мүмкін.

· Адамның жасампаздық мүмкіндіктерінің өзі ең жоғары игілік болып табылады.

· Көптеген игі құбылыстардың арасында нақтылы шекара жоқ.

· Табиғи және қоғамдық жағдайдың екеуінде де игілік нәрсенің әлеуметтік анықтамасы, оның адам үшін пайдалы маңызы болып табылады.

4-тапсырма. Берілген сөз тіркестерінің мағынасына лайықты мақал-мәтел беріңіз.

Мысалы: рухани игілік- Шешеннің сөзі мерген, шебердің көзі мерген;

Қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын.

табиғи байлық –

материалдық байлық –

адамгершілік қасиеттер –

шығармашылық жетістік –

2-сабақ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒАТ БАЙЛЫҚТАРЫ

Мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыз

Қазақстан өңірі табиғат байлығына кенде емес. Осы құнды­лықта­р­ды көздің қарашығындай қорғау – ал­ды­мен әрбір адамзаттың парызы. Табиғаттың баға жетпес байлығы ор­ман мен жануарлар әлемін қорғау, өсімін молайту, пайдалану саласын­да мемлекеттік саясатты жүзеге асы­ру бойынша әрбір облыста бағдарла­ма­лар әзір­леп, жұмыстар жасалып жатыр. («Табиғат байлығы – баға жетпес құндылық» Бахтияр Тайжан).

Қазақстан жерінің кеңестік дәуірде зерттелуі Қазақстанның өндіргіш күштерін әлеуметтік негізде дамыту мәселелерімен тікелей байланыстырылды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуы табиғи қорлардың зерттелуімен ұштастырылды. Әрбір ірі құрылысқа байланысты географиялық ортаның элементтері – жер қойнауы, топырақ қабаттары, су қорлары, климаты, т.б. зерттеле бастады. Кен байлықтарын табу және оларды игеру мақсатында геологиялық барлау кеңінен етек алды. Топырақ және өсімдік түрлерін зерттеу экспедицияларының жұмысы жандандырылды. Жаңа қалалар мен елді мекендердің пайда болуына және одан әрі дамуына байланысты Қазақстанның көпшілік бөлігінің климаттық жағдайы зерттелді, су қорларын іздеу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Дегенмен, республика жерінің географиялық зерттелу барысы әр кезеңде әр түрлі болды. Бұл жағдай ең алдымен республикадағы табиғи ресурстардың игерілу қарқынына, ғылыми мекемелердің жұмыс көлеміне байланысты болды.

Осы шаралардың барлығын жүзеге асыру үшін Қазақстан аумағы географиялық жағынан жан-жақты зерттеле бастады. Зерттеу, әсіресе, 20 ғасырдың 20-жылдарының ортасында елімізде халық шаруашылығын қайта құру және социологиялық экономиканың негізін қалау кезеңінде кең өріс алды. Жеке облыс аумағын жүйелі және жан-жақты зерттейтін ғылыми экспедициялар ұйымдастырыла бастады.

Республика аумағының 10%-ы биік таулы өңірлер үлесіне тиеді, қалған бөлігі – ойпат, жазық, үстірт, қырат жерлер. Оңтүстік-батыс, солтүстік және орталық аймақтарға негізінен теңіз деңгейінен 200 – 300 м ғана биік келген жазық жер бедері тән. Оңтүстік-шығысы биіктігі 5000 – 6000 метрлік таулы өңір болып келген. Яғни, республиканың топографиялық жер бедері оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа және шығыстан батысқа қарай аласарады. Сонымен бірге, Қазақстан жерінде Каспий теңізі, Арал теңізі, Балқаш көлі сынды тұйық сулы алаптар, терең ойыстар мен құрғақ арналар баршылық. Қазақстанның ең биік жері – Хантәңірі шыңы (6995 м). Ол республиканың оңтүстік-шығыс бөлігін қамтитын Тянь-Шань тау жүйесінде, Каспий теңізінің шығыс жағалауында құрлықтық бөлігінің ең ойыс жері, теңіз деңгейінен 132 м төмен жатқан Қарақия (Қаракие) ойысы орналасқан. (Уикипедия-ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет. kk.wikwpedia.org).

 

Түсініктеме!

көздің қарашығындай – жоғалтпады, берік қорғаштады;

қырат – биіктеу, дөңес жер;

алап – аймақ, атырап, өлке; мөлшерлі, белгілі жер;

ойыс – ояң, ойлау келген жер, ойпаң;

арна – өзен-су ағатын жер;

барлау – кен байлығын зерттеу;

қамту – белгілі бір іске тұтастай қатыстыру;

құрлық – жан-жағын мұхит пен теңіз қоршап жатқан қара жер.

1-тапсырма. Қазақстан өңірінде кездесетін жер қазба байлықтарын бөліп жаза отырып, картасын сызыңыз.

Оңтүстіктегі қазба байлықтар: ..., ...

Солтүстіктегі қазба байлықтар: ..., ...

Бастыстағы қазба байлықтар: ..., ...

Шығыстағы қазба байлықтар: ..., ...

 

Ой талқы!

«Қазақтан жеріндегі табиғи байлықтардың өндірілуі».

2-тапсырма. Ойды жалғастырыңыз.

Кен байлықтарын табу .......

Табиғи қорларының зерттелуі ......

Республика жерінің географиялық зерттелуі ......

Қазақтандағы терең ойыстар .......

Еліміздегі құрғақ арналар .......

Ауыл шаруашылығының дамуы ......

 

3-тапсырма. Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орындарының экономикаға қосып жатқан үлестері туралы әңгімелеңіз.

Мысалы: «ҚазақМыс корпорациясы», «ҚазМұнайГаз», «Қорғасын зауыттары».

 

4-тапсырма. Шал ақынның өлең жолдарын мәнерлеп оқи отырып, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік туралы әңгімелеңіз.

Адамзат төрт нәрседен болған екен,

Адамзатты төрт нәрседен қылған екен.

Адамға су нәсілі көп қосылса,

Жомарттылық, шешен болмақ содан екен.

Адамзат төрт нәрседен болған екен,

Адамзатты төрт нәрседен қылған екен.

Адамға топырақ нәсілі көп қосылса,

Мінезінің ауырлығы сонан екен.

Адамзат төрт нәрседен болған екен,

Адамды төрт нәрседен қылған екен.

Адамға жел нәсілі көп қосылса,

Дегбірсіздік, сабырсыздық содан екен.

Адамзат төрт нәрседен болған екен,

Адамды төрт нәрседен қылған екен.

Адамға от нәсілі көп қосылса,

Ашуланшақ болуы содан екен.

Үйге тапсырма:

Қазақстанның табиғи және рухани байлықтары туралы эссе жазыңыз.

3-сабақ. ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Мәтінді оқып, өз ойыңызды нақтылап жеткізіңіз.

Ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуы үшін ұлттық санадан кейінгі маңызды орын алатын – ұлттық құндылық. Ұлттық құндылыққа ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін, өнерін, музыкасын, спортын жатқызамыз.

Егерде ұлттық мәдениетке келетін болсақ қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігіне бейімделген ежелден өзінінің ұлттық мәдениетін қалыптастырды. Ол мәдениет негізінен көшпенді өмір салтына бейімделген болатын. Сондықтан қазіргі қазақ мәдениетін еуразиялық ұлы дала көшпенділерінің мұрагері деуге болады.

Қазақта «ата-қоныс» деген ұғым бар. Яғни, «ата-қоныс» қазақ үшін киелі жер болып саналады және осы көшіп-қонып жүрген жерлердің тауы мен даласы, өзен мен көлдері, орманы мен құмы қазаққа өте ыстық, әрі қасиетті болып көрінеді. Сол себепті қазақ халқы аңыз-әңгімелерінде, өлең-жырларында өзінің өмір сүретін табиғат ортасының сұлулығы мен әсемдігін творчестволық шығармашылыққа арқау еткен.

Қазақта ертеректе жазу-сызу онша дамымай, адамдардың көбі сауатсыз болған кезде көпшілік арасында ауыз әдебиеті кең тараған болатын. Ауыз әдебиетінің ішінде, әсіресе фольклор, поэзия айрықша орын алды және аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер де жоғары дамыды.

Қазақтың мәдени құндылықтарының ішінде өте жақсы дамыған ұлттық өнер болатын. Өнердің дамуы негізінен сол ұлттың күнделікті өмір салтына байланысты. Себебі өнер халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі қажеттіліктен туындайды.

Қазақ ұлтының рухани мәдениетіне байланысты – сөз өнері, сәулет өнері, күй өнері, сән өнері, бейнелеу өнері сияқты өнердің басқа да түрлері өте көп.

Ертеде қазақтар өзінің ұлттық табиғи өмір салтымен өмір сүргенде осы айтылған өнер туындылары күнделікті тұрмыста қолданыста болып, дамып жетіліп отырған болатын.

Ұлттың рухани мәдениетін дамытуда музыкаөнерінің алатын орны ерекше. Себебі музыка халық өмірінің әр кезеңінің тыныс-тіршілігінен хабар береді. Халық ән-күйдің әуен-сазы арқылы өзінің күнделікті өмір салтын, тарихи уақиғаларды келесі ұрпаққа осы өнер арқылы жеткізіп отырған.

Ұлттық құндылықтарымыздың бірі, ол – спорт.

Спорт адамдардың денесімен қатар, рухын да шынықтырып, олардың дамып жетілуіне жағдай жасайды. Қазақ халқы бұрын көшпенді мал шаруашылығымен айналысқандықтан оларда өзінің өмір салтына бейімделген спорттың түрлері қалыптасты. Көбіне ол ойындар жылқы малымен байланысты болатын. Атап айтар болсақ – бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу т.б. Қазақ қоғамында онан да басқа спорттың түрлері көп. Мысалы, қазақша күрес, жаяу жарыс, асық ойындары, тағы басқа. («Қазақтың ұлттық – санасы, құндылығы және мүддесінің қазіргі жағдайы» Ермек Мұқанғалиев. maidan.kz)

 

Түсініктеме!

құндылық – қымбаттылық, бағалылық, маңыздылық, мәнділік;

мұрагер – мұраға ие, мирасқор; белгілі бір істі жалғастырушылық, өнегелі жолды қуушы;

киелі – киесі бар, қасиетті;

кие – бір нәрсенің пірі, иесі, қасиеті;

пірі – қолдап-қорғаушы, рух, әруақ; демеуші, қолдаушы, сүюші;

көшпенді – көшіп-қонып тіршілік ететін, жылжымалы, әр жерге ауысып отыратын;

көшіп-қонып –көшіп-қонып жүру, көшпенді болу;

бейнелеу өнері –кескіндеме, мүсін, графика, сән сияқты өнерлердің түрін қамтитын ұғым;

уақиға –қоғамның немесе жеке адамның өміріндегі бір елеулі құбылыс;

әуен-сазы –өлеңнің, әннің сазы; үн, әуен, ырғақ;

шынықтыру –іске төселу, машықтану.

 

Ой бөлісу!

«Ұлттық құндылықтардың өзіндік ерекшеліктері»

 

1-тапсырма. «Абай жолы» романынан берілген үзіндіде салттың қандай түрлері берілген? Олардың мән-мағынасы неде деп ойлайсыз? Осы салттардың қазіргі кезде қолданылуына қалай қарайсыз?

Абай сары жорға атпен сыдыртып жүріп, бар үйді тігулі күйінде көріп шығып, бір-екі қоңырқай үзік орнына басқа туысқандарының аппақ үйлерін жықтырды. Сонымен көш боп жөнелген үйдің бәрі бірдей үлкен, шетінен аппақ келісті үйлер болатын. Әр үйдің ішіне ұсталатын кілем, түскиіз, сырмақ, текемет, көрпе-жастығы да бірге жіберілді. Көбінің ыдыс-аяғы да сай болған. Дастарқан, орамалдың жаңа, таза болуын Ұлжан қадағалаған. Қонақ күтетін күтушілер пысық, елгезек жігіттер екен. Бұл арада Құдайберді көмек етті.

– Он үйге он семіз байтал апарыңдар, үй басы екі еркек қой барсың!, - деді.

Осы кешке Ұлжан үн, шәй, тәтті дәмді дегеннің бәрін тез қамдатты. Сауын биені ол жерге апарып байлауға болмайды. Жер тар, ел тығыз. Қымызды мол қылып, кешіктірмей жеткізіп тұруы үшін ауылдағылардың кепіл болуы шарт.

Абай ауылының елден ерек қамдарын әбден танып, риза болысты. Осы кезде Ұлжан Байдалыны азырақ тоқтатып:

– Тамақ пен күтімі бір басқа ғой. Ертең ат шабады, балуан күреседі, әр алуан бәйгелер бар. Түйе бастатқан тоғыздан бәйге шығарыпсыңдар. Менің балам да ол үлестерден қалмаймын дейді, соның ақылымен мына бұйымды әкеліп едім, - қалтасынан жібекке оралған күміс тайтұяқты Байдалыға ұсынып тұрып:

– Бәйгенің бір тоғызының басы осы болсын,– деді.

Бөжейдің нағашылары бәйгеге қосқалы бір баран, екі қылаң жүйріктерін әкеліпті. Құйрық-жалы сүзулі, үстеріне бала мінгізген, үкілі-тұмарлы аттар оқшау байланды. Күміс ер-тұман жарқылдайды.

Астың үшінші күні таңертеңнен бері шәй, қымызбен сыйлап келіп, дәл түске тақай бергенде он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолғы жасаған тәртібі қонақтарды да, көлденең елді де қатты тамсандырды. Табақ тартуға өншең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер басына тек жібек орамал байлапты. Нағашыларға арналған күтімнің қапысы жоқ оқшау сый болды.

 

Түсініктеме!

баран – жылқының түсі, қара қоңыр, қара кер;

тай-тұяқ – аумағы тайдың тұяғындай кесек күміс, алтын жамбы;

елгезек – айтқанды екі етпейтін тіл алғыш, пысық ширақ;

жамбы –әр түрлі формада (тай, тайынша, қойдың тұяғындай) құйылған, салмағы әрқалай ақша орнына жүрген таза сом күміс;

сом – жүз тиынға тең бұрынғы ақша құны;

қылаң – бозғыл түсі басым, ақшыл;

сауын – сүт беретін, сауылатын мал;

жорға – жүйрік, жетік, майталман;

қапысы – қапы қалмады, мүлт кетпеді.

2-тапсырма. «Сөз өнері» туралы берілген мақал-мәтелдердің, шешендік сөздердің мағынасын ашыңыз.

Алмас қылыш майданда серік,

Асыл сөз майданда да, сайранда да серік

Жіптің ұзыны, сөздің қысқасы жақсы.

Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді.

Жанған от тәнді жылытады,

Жақсы сөз жанды жылытады.

Қиыстырып қаласаң, отын жанар,

Қиыстырып айтсаң, халық нанар

Тіземнен сүріндірсең сүріндір,

Тілімнен сүріндірме.

Жүйелі сөз - жүйесін табар,

Жүйесіз сөз - иесін табар.

 

3-тапсырма. Соңғы он жылдықтағы «Қазақстанның сәулет сән өнері, бейнелеу өнерлерінің дамуы туралы, Алматы, Астана қалаларының сәулеті туралы әңгімелеңіз.

4-тапсырма. 1. Қазақтың ұлттық ойынын өзге елге мақтан еткен, әлемге танытқан тұлғалар туралы эссе жазыңыз. Мысалы: тоғызқұмалақ, палуандар күресі т.б.

2.Наурыз мейрамындағы қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, алтыбақан, ақсүйек ойындары туралы әңгімелеңіз.

Қосымша материал!

Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі – тыйым сөздер не білесіздер? «Қазақтың тыйым сөздері» сөздігін құрастырып, тақырыбы жағынан шартты түрде бөліңіз.

Мысалы:

· Көкті жұлма, шашынды жайма.

· Үйді айнала жүгірме, адамды айналма.

· Босағада тұрма, босағаны керме.

· Дастарқанды, тамақты баспа.

· Малды, ыдысты теппе.

· Кісі мініне, кемтарға күлме

· Суды сапырма, суға түкірме ...

 

2-бөлім

Модуль

ЖАСТАР ЖӘНЕ

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ

1- сабақ. ЭКОНОМИКАДАҒЫ ЭКОЛОГИЯ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Экономиканы экологияландыруға өндірістің табиғи қажеттілігін азайту және заттар мен энергия алмасуының биосфералық үдерістеріне экономиканың әсерін азайту арқылы тұрақты экологиялық қауіпсіз табиғатты пайлануды қамтамасыз ету және ресурстық-экологиялық тепе-теңдікті сақтау кіреді. Экономиканы экологияландыруды жүзеге асыру үшін ресурс үндемдейтін технологияларды дамыту және экологиялық «лас» өндірістің үлесін азайту, табиғатты пайдаланудың, мемлекеттік экологиялық бақылаудың, экологиялық мониторингтің және статистикалық табиғат пайдаланудың және экологиялық сараптаманың рұқсат ету жүйесін оңтайландырудың экономикалық тетіктерін жетілдіру арқылы барлық әзірленетін мемлекеттік, өңірлік және салалық бағдарламаларға экологиялық шарттар мен талаптарды енгізу қажет.

Қоршаған ортаның жағдайы – кез-келген мемлекеттің дамуындағы алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі болуы тиіс. Яғни экономика мен экология арасындағы теңдікті қалыптастыра алмаған мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Өйткені бүгінгі экономикалық көрсеткіштерді арттырамыз деп, нәтижесінде экономиканың салдарынан келетін залалды жою үшін он тіпті жүз есе артық қаржы жұмсауға әкеп соғатын мысалдарды адамзаттың даму тарихына келтіруге болады. Қазақстанда көптеген он жылдықтар бойы жоғары техногендік салмақ түсіретін, табиғи пайдаланудың шикізат жүйесі қалыптасты. Сондықтан әзірге экологиялық жағдайдың түбегейлі жақсаруы бола қойған жоқ. Әрі ол бұрынғысынша биосфераның тұрақсыздануынан, қоғамның тіршілік әрекеті үшін қажетті қоршаған ортаның сапасын қолдау қабілетін жоғалтуына апаратын табиғи жүйелердің тозуымен сипатталады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері аясында 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы қабылданды.

Ұлттық экономиканың барлық салаларын реформалау табиғи ресурстарды пайдалануға көзқарастарын өзгеруіне, қоршаған ортаны сақтауды ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыруға негіз болды.

Қазақстан Республикасы Еуропа мен Азия арасын экономикалық, саяси, мәдени тұрғыдан байланыстыратын негізгі көпір болғандықтан, Еуразия құрлығының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөлді атқарады. Әлемдегі болып жатқан қоршаған орта мен адамзат арасындағы шиеленістің артуына байланысты адамның қоғамдағы әлеуметтік түр ретінде ғана емес, биологиялық түр ретінде жойылып кету қаупі төніп тұр. Сол себепті қоршаған орта мен адамзат баласының өзара байланысуын үйлесімді тұрғыдан қамтамасыз ету үшін әлем елдері бірлесіп маңызды шешімдерді қабылдау қажет. Осындай маңызды шешімдердің қатарына тұрақты даму тұжырымдамасы жатады. Тұрақты даму тұжырымдамасы Республиканың әлеуметтік-экологиялық, экономикалық, саяси дамуына оңтайлы түрде ықпал ете отырып, әлемнің бәсекеге қабілетті дамыған елдерінің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Мемлекет ресурстарды өндірумен салыстырғанда теңдік жағдайында пайдаланбайды. Ресурстарды тиімді пайдалану көрсеткіштері 31% құрайды. Бұл орташа әлемдік деңгейден 24%, бірақ әлемнің экономикалық дамыған елдерден төменгі көрсеткіштер: Жапония 36%, АҚШ 34%, Германия 33% құрайды. Қазақстан Республикасындағы маңызды мәселе – еліміздегі ресурстарды өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтықтың болуы. Егер гигаваттпен өлшенетін қуатты тұтыну мен өндіру арасындағы алшақтықты, ысырапшылдықты бағалауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасындағы қоғамның тұрақты индексі 5,2 балл. Бұл категория бойынша бағалау санитария, гигиена, ауызсудың жеткіліктігі білім алуға мүмкіндік жатады.

Жер қойнауын экстенсивті өңдеу және таусылудың жоғары деңгейі, ал су ресурстары бойынша көрсеткіштер жаман болғанымен, қалдықтарды қайта өңдеу, жаңартылатын энергияны пайдалану индикаторлары төмен. (М.С.Тонкопий, Г.С. Сатбаева, Н.П.Ишкулова, Н.М.Анисимова «Экология және тұрақты даму» Алматы, Дәуір. 2011жыл)

Түсініктеме!

оңтайландыру – қолайлы ету, ыңғайлау, икемдеу;

экономикалық тетіктер – түйінді мәселе, негізгі ой;

салдарынан – нәтиже, себеп;

техногендік – ресурстарды өндіруде техниканы пайдалану;

алшақтық– кереғар, үйлесімсіз;

ысырапшылдық – орынсыз төгіп шашу, ысырапқорлық;

 

1-тапсырма. Мәтіннің негізгі идеясы туралы әңгімелеңіз.

ü Экономиканы экологияландыру туралы туралы не білесіз?

ü «Өндірістің табиғи қажеттілігін азайту» болжамы туралы ой бөлісіңіз...

ü «Биосфера» туралы не білесіз?

ü «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері» жайында ойыңызды жинақтап айтыңыз.

ü «Еліміздегі ресурстарды өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтық» туралы нақты мысалдар келтіріңіз.

2-тапсырма. Сөйлемдердегі қарамен берілген сөздер мен сөз тіркестерінің синонимін жазыңыз.

Егер гигаваттпен өлшенетін қуатты тұтыну мен өндіру арасындағы алшақтықты, ысырапшылдықты бағалауға мүмкіндік береді. Тұрақты даму тұжырымдамасы Республиканың әлеуметтік-экологиялық, экономикалық, саяси дамуына оңтайлы түрде ықпал етеді. Әлемдегі болып жатқан қоршаған орта мен адамзат арасындағы шиеленістің артуына байланысты адамның биологиялық түр ретінде жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақстан Республикасындағы маңызды мәселе – еліміздегі ресурстарды өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтықтың болуы.

3-тапсырма. Берілген терминдерге анықтама беріңіз.


гигаватт –

экстенсивті -

индикатор –

экологиялық мониторинг -

биосфералық -

техногендік -

статистикалық табиғат пайдалану -

 

экономиканың салаларын реформалау -


2-сабақ. МЕНІҢ ҚАЛАМДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ

Мәтінді түсініп оқып, ғылыми түрде талдауға тырысыңыз.

Қазақстан Республикасындағы экологиялық мәселелерді шешу 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан экологиялық апат аймақтарына жатқызылған аумақтардың Семей сынақ полигоны мен Арал өңірінің экологиялық жай-күйі күрделі болып қалуда.

Ұлтымыз үшін аса қатерлі дүние 1940 жылдардан бастап қазақ даласының 34 жеріне атом, сутегі қаруларын сынақтан өткізетін әр түрлі полигондар орнатты. Бұлардың бәрі тек қана қазақтар қалың қоныстанған өлкелерде арнайы қондырылған. 1950 жылдары Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының аймағында әскери-техникалық «Азғыр» атом полигон жүйесі құрылды. Соңынан «Капустин-Яр» полигонына айналды. 1957-67 жылдары «Капустин-Яр» әскери полигонында қуаты 983,4 кт тең, биіктігі 300 шақырымға жақын 11 әуе жарылысы болды. 1966-79 жылдары аралығында «Азғыр» полигонында 160-1500 метр тереңдікте 17 жер асты ядролық жарылысы жүзеге асты. 1966 жылы 22 наурыз күні 500 тұрғыны бар «Азғыр» ауылының дәл іргесіне 1,5 шақырым қашыққа әкеліп атом қаруын сынап, халыққа тәжірибе жасалды. Жоғарыдағы полигондарда қолдан басқарылатын 25 мың ракета жарылып 177 түрлі әскери техника сынақтан өткен. Соның салдарынан су мен топыраққа қорғасын, мырыш, мыс, кадмий сияқты зиянды металдардың қоспасы жайылды. Радиациядан қорғау және экология институтының зерттеуі бойынша бұл жердің топырағы мен суында 80 мың қорғасын, 8 мың мыс, 270 мың мырыш көп екендігі анықталды.

Арал теңізі – Орта Азия орталығында орналасқан ірі су қоймасы. Теңіздің жоғалуы экологиялық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да орасан зор шығындарды алып келді. Теңіз деңгейі төмендеген сайын бір шаршы шақырым кепкен орнында 7 мың тонна тұз қалады екен. Мамандардың болжамы бойынша Аралдың құрғауы салдарынана 1 кв.км. ауданында 70 мың тонна тұз жиналуда. Тұздылық шамасы 2,5%-ға артты. Ерітілген оттегі құрамы төмендеуде. Теңіз бетінің төмендеуі ауа ылғалдылығының 20-30%-ға төмендеуіне, климаттың континентальдылығының күшеюіне алып келді.

Ғарыштық зерттеулер (Байқоңыр космодромынан ғарыштық ракеталарды ұшыру) осы аймаққа жақын жерлердегі халықтың денсаулығына ықпал етуде.

Жаңадан пайда болған шөл дала қазір жай ғана сусыз аймақ қана емес, шөбі жоқ, бұрқыраған құмды, сортаңды шөлге айналды. Экологиялық жағдайдың күрделенуі Арал теңізі бассейніндегі 35 млн. тұрғынның өмір сүру сапасына, олардың денсаулығына әсер етіп отыр. Шаруашылық қызметін бұзады, осының барлығы осы аймақтағы көші-қон үдерістердің күшеюіне әкеліп соғады. Қазіргі уақытта аймақтық ұйымдар құрылып, нақты істердің жоспары әзірленді. Арал теңізі бағдарламасы бойынша халықаралық қолдаулар табу үшін жаңа жолдар ашылды. Ол аталған жоспармен негізделеді және осы аймақтың тұрақты дамуына бағытталған. Осыған орай 2004/2006 және 2007/2010 жылдарға арналған Арал өңірінің мәселелерін шешу туралы арнайы Бағдарламалар қабылданған болатын. Бұл бағдарламалар шеңберінде :

· экологиялық ахуалды сауықтыру;

· халықты сауықтыру;

· әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту;

· өңірде экономикалық белсенділікті арттыру үшін жағдай туғызу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және суды ұтымды пайдалану;

· қоныс аудару іс-шараларын міндеттерін шешу көзделген.

(«Намыс» қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық журнал. №1(1) қаңтар-ақпан 2010жыл, (М.С.Тонкопий, Г.С. Сатбаева, Н.П.Ишкулова, Н.М.Анисимова «Экология және тұрақты даму» оқулығы. Алматы, Дәуір. 2011жыл)

Түсініктеме!

дәл іргесіне – жақын жер, таяу, маң;

ахуалды – хал, жағдай, тұрмыс;

сауықтыру– денсаулығын жақсарту, денсаулығына көңіл бөлу;

қолдау – жақтау, қуаттау;

суды ұтымды пайдалану – орынды, пайдалы, тиімді пайдалану;

1-тапсырма. Мәтін бойынша өз пікіріңізді білдіріңіз.

· атом, сутегі қаруларын сынақтан өткізуден келген залалдар туралы;

· теңіздің жоғалуынан пайда болған экологиялық, әлеуметтік-экономикалық шығындар;

· тұрғынның өмір сүру сапасына, олардың денсаулығына шаруашылық қызметін бұзылуына әсері;

2-тапсырма. Мақал-мәтелдерді оқып, мағынасын түсіндіріңіз

*Бұлақ көрсең, көзін аш, * Өрісіне қарап мал өсер,

Бір тал кессең, он тал ек. Өзеніне қарап тал өсер.

*Судың да сұрауы бар.

* Су атасы – бұлақ.

*Су ішкен құдығыңа түкірме.

3-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп оқып, мазмұнын айтыңыз.

АРАЛ ҚАСІРЕТІ

Кемелер жүздірген шағылтып желкенін айға,

Тау толқын төсінде тербелген ерке күн қайда?

Қайда сол дәуреннің тағдырдан күш-қуат сезген.

Шағала көктемнің дүркіреп ұшты ма көзден?

 

Сенемін саған, тұрғанда аман

Адамдық күші, ой күші

Аралым менің, жанарым менің,

Халқымның ұлы қайғысы.

 

Бұл өлке қалайша болады азап түнегі,

Ежелгі мұң зарың аз ба еді, қазақтың елі?

Қайтемін, Аралым, бүгінде қалды сүлдерің,

Төзімі еліне ұқсаған көнбісім менің.

 

Аралым, күн туды басыңа дүрбелең-күрең,

Кім ұқпақ, шалды, анау өзіңмен бірге өлем деген.

Безбүйрек ғасырдың қағады қанатын үнсіз.

Бір жылда екі ұлын жоғалтқан ана тұр тілсіз.

 

4-тапсырма. Берілген өлең шумағындағы эпитет пен метафораға талдау жүргізіңіз.

ü Кемелер желкенін шағылтып айға жүзген –

ü Тау толқын төсінде ерке тербелген –

ü Шағала көктемің дүркіреп ұшты ма көзден –

ü Неге ақын теңіз қайғысын адам қайғысымен теңестіреді?

 

3-сабақ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МҮДДЕ ЖӘНЕ НАРЫҚ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Адам мен табиғат арасындағы қатынас үдерісі ең алдымен кәсіпорынның еңбек қатынастарымен реттелуі тиіс. Табиғи ортаның жағдайы нарықтық қатынастардың дамуын қиындатады немесе тездетеді. Неғұрлым табиғи орта жақсы болса, соғұрлым нарықты дамыту жағдайы жақсара түседі. Өндірістің шапшаң түрде алға басуына әсер етеді. Табиғи орта кәсіпорынға пайдасын тигізеді, бірақ дұрыс пайдаланбаса, ол теріс әсер етуі мүмкін. Қазіргі кезде кейбір кәсіпорындар табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін салық төлемейді. Олар ресурстарды ұтымды пайдалану мен болған шығысты үнемдеуді шарттастырған технологияны әзірлеуге мүдделі емес. Мұның нәтижесінде бүгінгі күні топырақтың құнарлылығының төмендеуі, оның құрамының нашарлауы, жүз мыңдаған гектар жерді істен шығаратын эрозияның дамуы, жердің сортаңдануы, су көздерінің ластануы сияқты үдерістер қауіп-қатер тудыруда. Қолайлы қоршаған ортаның материалдық құндылықтарын ұдайы өндіру үдерісінде қажетті шартты және құрамдас элементі болады. Оның бұзылуы өндірістің шикізатпен қамтамасыз етілуін қысқартады.

Нарық жағдайында экологияның экономикалық-құқықтық мазмұны әр түрлі нысандарда көрініс тауып келеді.

Қозғалыс табиғатты қорғау жөнінен әлемдік ауқымда қаралатын, кейінге қалдыруға болмайтын мәселе болып табылады. Адам мен табиғаттың қарым-қатынасы экологиялық-экономикалық қатынас ретінде қарала бастады. Біздің республикамыздың территориясы көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынға ие, әрі Менделеев таблицасындағы 105 элементтің Қазақстан қойнауынан 99-ы табылды, 70-інің қоры зерттелді, өндірісте бірнеше түрі пайдаланылуда.

Қазақстанда отын өндірісі: көмір өндіру, мұнай және газ өндіру, түрлі – түсті металлургия; мыс (медь), қорғасын (свинец), мырыш (цинк), алюминий және титан-магний өндірісі, қара металлургия: сапалы қара металлургия өндірісі дамыған. Осы өндірістер суды, ауаны, жерді, жер қойнауын бүлдіріп қана қоймай, барлық тіршілік дүниесіне әсерін тигізеді.

Климатологтардың пікірі бойынша, республика территориясында климаттық антропогендік өзгерістері бар екендігі дәлелденген. Өлім деңгейі бұрынғы КСРО елдерімен салыстырғанда екі есе көп, ал балалар өлімі жағынан әлемде ең арттағылардың қатарында.

Экология ең негізгі саяси проблемаларға айналды. Қазақстан экологиялық жағдайының мұншама қайғылы болуының ең басты себептерінің бірі –өнеркәсіп орындары мен ведомстволарға табиғатты қорғау қазіргі кезде экономикалық жағынан тиімді болып отырғаны. Экономикалық реформа ғана бұл жағдайды түпкілікті өзгерте алады. Барлық табиғи байлықтардың құны мен қожайыны болуы керек. Табиғатты пайдаланудағы бейберекетті тек қана экономикалық жағынан мүдделі субъект тоқтата алады.

Табиғаттың жалпы күйзеліске ұшырауына кінәлілердің бірі - ғылыми-техникалық прогресс. Мысалы соңғы кездері өндіріс ошақтарын жекешелендіру жөніндегі табыстан бас айналып, көз қарауытардай тапқанымызбен тарих алдындағы жауапкершілігімізді де ұмытпағанымыз жөн болар. Қазақстанда табиғатты пайдалану, экономиканы пайдалану экономиканың жүйесі анықталып келеді, нарықтың өзара қатынастық құқықтық базасы жасалды. Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңы қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық механизмін экономикалық мәселелерге жеке бөліммен бөліп береді.

· Мұнда қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық әдістері белгіленген: жоспарлау мен қаржыландыру;

· қорды қоршаған ортаны ластандырудың төлемақысы;

· қоршаған ортаны қорғау қорын жасау.

1998 жылғы бюджеттің табысты бөлігі табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін салықтан 16 млрд. астам теңге түсті. Бұл бюджеттің табысты бөлігінің 8,2% көлемін құрайды. Негізінен бұл қазба байлықтың төлем ақысы.

Жергілікті бюджет табысына орман, су, жер ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін төлемақы түседі. Төлемақы көлемі олардың экономикалық бағалануына көбінесе сәйкес келе бермейді. Олар негізінен шартты түрде төленеді, табиғи ресурстарды қалпына келтіруге кететін шығыннан төмен болады. Табиғатты пайдаланудан түсетін төлемақы оны қорғауға кететін шығынды өтеуі тиіс. (А.С.Сейдахметов, Қ.Ж.Елшібекова, А.Қ.Ізмаханова «Кәсіпкерлік» Алматы, Экономика. 2011жыл)

Түсініктеме!

бейберекет – берекесіз, қалай болса солай;

сортаңдану – тұзы молдау жер;

құнарлылық –жерге, топыраққа тән шұрайлылық қасиет;

шұрайлы – құнарлы, нәрлі;

қойнау – бір нәрсенің қойны, құшағы, жер асты;

 

1-тапсырма. Жоспар бойынша мәтінді әңгімелеңіз.

· Табиғи ортаның нарыққа әсері

· Ресурстарды тиімді және тиімсіз пайдалану

· Экономикадағы экологиялық олқылықтар

· Қоршаған ортаны қорғауға арналған шаралар

2-тапсырма. Берілген сөз тіркестерінің мағынасын ашып, қолдану аясын кеңейтіңіз.

v күйзеліске ұшырау –

v құнарлылық –

v қожайыны болу –

v көз қарауытардай –

v табыстан бас айналу –

3-тапсырма. Қазақстан картасын пайдалана отырып, Менделеев таблицасында кездесетін элементтер туралы мәлімет беріңіз. Мысалы:

Ø Қазақстанның Оңтүстік аймақтарында: ...

Ø Қазақстанның Солтүстік аймақтарында: ...

Ø Қазақстанның Батыс аймақтарында: ...

Ø Қазақстанның Шығыс аймақтарында: ...

 

 

 

Модуль

ЖАСТАР ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК БӘСЕКЕ

 

1-сабақ. ӘЛЕМДІК БӘСЕКЕ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

Мәтінді оқып көріңіз.

Бәсекетауар өндірісі үшін де, нарықтық экономика үшін де бірінші заң. Ол – тауар өндірушілер мен оны өткізушілер арасындағы көбірек пайда табу жолындағы сайыс. Бәсеке өнімнің мөлшерін молайтуға, оның сапасын жоғарылатуға, тауар құнының төмендеуіне әсер етеді. Бәсекенің негізгі мақсаты - өз өнімдерін молайту арқылы қор жинау, баю, өз бәсекелестерінен басым тұру. Осы мақсатқа жетуде әділетті, әділетсіз бәсекелер болуы мүмкін. Мысалы, шикізат пен көлікті пайдаланудан тыс қалдыру, бүлдіру, зиянкестік жасау сияқты келеңсіз оқиғалар да болуы мүмкін. Бәсекенің бұл түрі тауарды бір жерге шоғырландырып, монополиялық пайда табу мақсатында жиі кездеседі. Сондықтан мұндай жағдайлар болмауы үшін монополияны тежейтін мемлекеттік органдар арнайы шаралар қарастыруы керек. Олар тиімді бәсекелестікті өрістетуге қолайлы жағдай жасайды. Қоғамдық өндірістегі тепе-теңдік бәсекенің көмегімен реттеліп отырады.

Біріншіден, әр өндірісті ынталандыру керек. Осы ынталандыру көзі, прогресс көзі – бәсеке болып табылады. Бұл бәсекенің бір жағы. Ал екінші жағы – бірлестік. Кейбір әріптестер қаржысын, шикізатын ортаға салып, жақсырақ, сапалы, әдемі, халыққа өте қажет тауарды шығаруды ойлайды, сол мақсатпен бірлеседі, нарықта өз өнімдерімен бәсекелесе алмайтын өнімді өндіруге тырысады. Сонымен бәсекенің бір жағы күрес, жарыс болса, екінші жағы – бірлесу. Өмірдің өзі – бәсеке. Кішкентай бала өмірінен де бәсекенің нышандары байқалады. Бала бақшада екі балаға бірдей тапсырма беріңіз, олар бірінен бірі артық, тез, жақсы орындауға тырысады. Анасының көңілін өзіне көбірек аударуға ұмтылады. Бұл да – бәсеке. Яғни, адам бойында бар қасиет. Кейде адамдар өмірі, тірлігі үнемі бір қалыпты бола бермейді, дағдарыс болады, қиындық болады, шығынға ұшырайды. Мұндай жағдайда адамдар бір-біріне көмекке келеді, бірлеседі. Яғни, бірлесу де – адам бойында бар қасиет.

Тұрмыс-тіршілікте, өндірісте адамгершілік тұрғыдағы бәсеке немесе оның қарсы жағы – адамгершілік тұрғыға жатпайтын бәсеке де бар. Әр мемлекетте адамгершілік емес бәсекеге қарсы заң бар. Одақ кезінде тек қана мемлекеттік меншік болғандықтан, бәсеке болған жоқ, тек бәсекенің екінші жағы бірлестік болды. Ал өркениетті қоғамда, мемлекетте бәсекенің екі жағы бірдей болу керек. Өркениетті қоғамда бәсеке қандай болу керек? Қытайда мынадай мақал бар: «Жауын бірінші дос ете алған адам жеңеді». Неге десеңіз, өркениетті қоғамда бәсекенің тек жарыс, күрес, айтыс жағы болмайды, бәсекенің тек бір жағы, күрес, айтыс жағы болса, онда адам адамға жау болып келеді. Мұндай мәдениетпен ешкім тұра алмайды. Қазіргі өркениетті мемлекеттерде әділетті бәсеке. Осы бәсекеде бәсекенің екі жағы да бірге. Бұл – мемлекет үшін жақсы. Әр өндіріс, мейлі ол жеке болсын, кооперативтік болсын, жаман өнім берсін, жақсы өнім берсін – бәрі мемлекеттікі.

Бәсекенің бірнеше түрі бар. Оның ең бастысы бағаны орнықтырып, өнімнің сапасын жақсартуға бағытталады. Бұл нышан нарықтық экономикасына көшкен елдерде кең өріс алып отыр. Қазақстанда да отандық өндірістің дамуы осы факторларға байланысты. Оны жүзеге асыру үшін шетелдік озық технологияны өндіріске енгізіп, еңбекті ұйымдастыру дәрежесін жоғарылату керек. Отандық тауар өнімдерінің сапасын шетелдік тауарлармен бәсекелесе алатындай дәрежеге жеткізу жұмыстары қолға алынуда.

 

Түсініктеме!

сайыс – жарыс, бақ сынасу;

молайту – көбейту, ұлғайту;

басым тұру – жоғары деңгейде болу, жоғары болу, күшті болу;

келеңсіз оқиғалар – қиындық туғызатын жағдайлар, түсінбестік;

шоғырландыру – бір жерде ұстап тұру, бір орынға жинау;

қолайлы жағдай жасау – ыңғайлы, ешбір қиындық келтірмеу;

тепе-теңдік – бірдей болу, біреуден озбау немесе қалмау;

бағаны орнықтыру – бағаны тұрақтандыру, көбейтпеу, қымбаттатпау;

озық технология – алдыңғы қатарлы технология, дамыған технология.

 

1-тапсырма. Мәтінге пікір жазыңыз.

ü Керекті сөздер мен сөз тіркестері:

Менің ойымша, тауар шығаруда, бәсекенің пайдасы, тұтынушылар үшін, кәсіпкердің жауапкершілігі,тепе - теңдік, орнықтыру, сапасы, қызмет көрсету, деңгейі, жоғары дәрежеде болса, шын мәнінде, бәсеке, жетілген, адамның санасы, жақсарту, басым тұру, молайту, ормасы, талдамасы. Бәсекенің ерекшеліктері, негізгі мақсаты, нарық жағдайындағы бәсекенің мәні. Бәсекенің әсері , бәсекедегі келеңсіздіктер.

2- тапсырма. Тірек сөздерді пайдалана отырып, бәсекенің анықтамасын беріңіз.

А) Тауар өндірушілер, өткізушілер, арасындағы, пайда табу, мақсаты, сайыс.

Ә) Өнім мөлшері, молайту, сапасы, жоғарылату, тауар, құны, төмендеу, әсер

ету.

Б) Бәсеке, негізгі, мақсат, өз, өнімдер, молайту, арқылы, баю, капитал, жинау.

В) Бәсеке, негізгі , мақсаты, өз бәсекелестері, басым, тұру.

Г) Басым, тұру, мақсаты, жету, жолы, әділ, әділетсіз, бәсеке, болу, мүмкін.

 

3- тапсырма.Сөйлемдердің мағынасын басқаша беріңіз.

А) Нарық кезінде қоғамдық өндірістегі тепе-теңдік бәсекенің көмегімен

реттеліп отырады.

Ә) Бәсекенің мақсаты бағаны орнықтыру болып табылады.

Б) Бәсекенің мақсаты өнімнің сапасын жақсарту болып табылады.

В) Қазақстанда Отандық өндірістің дамуына назар аударылуда.

2-сабақ. БӘСЕКЕ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Бәсеке – латын сөзі қақтығысу. Ол – тауар өндірушілер мен оны өткізушілер арасындағы көбірек пайда табу жолындағы сайыс. Бәсеке өнімнің мөлшерін молайтуға, оның сапасын жоғарылатуға, тауар құнының төмендеуіне әсер етеді. Бәсекенің негізгі мақсаты - өз өнімдерін молайту арқылы қор жинау, баю, өз бәсекелестерінен басым тұру. Осы мақсатқа жетуде әділетті, әділетсіз бәсекелер болуы мүмкін. Мысалы, шикізат пен көлікті пайдаланудан тыс қалдыру, бүлдіру, зиянкестік жасау сияқты келеңсіз оқиғалар да болуы мүмкін. Бәсекенің бұл түрі тауарды бір жерге шоғырландырып, монополиялық пайда табу мақсатында жиі кездеседі. Сондықтан мұндай жағдайлар болмауы үшін монополияны тежейтін мемлекеттік органдар арнайы шаралар қарастыруы керек. Олар тиімді бәсекелестікті өрістетуге қолайлы жағдай жасайды. Қоғамдық өндірістегі тепе-теңдік бәсекенің көмегімен реттеліп отырады.Бәсекенің бірнеше түрі бар. Оның ең бастысы бағаны орнықтырып, өнімнің сапасын жақсартуға бағытталады. Бұл нышан нарықтық экономикасына көшкен елдерде кең өріс алып отыр. Қазақстанда да отандық өндірістің дамуы осы факторларға байланысты. Оны жүзеге асыру үшін шетелдік озық технологияны өндіріске енгізіп, еңбекті ұйымдастыру дәрежесін жоғарылату керек. Отандық тауар өнімдерінің сапасын шетелдік тауарлармен бәсекелесе алатындай дәрежеге жеткізу жұмыстары қолға алынуда.

 

Түсініктеме!

қақтығысу –қақысып, керісіп қалу, пікір-таласы;

келеңсіз –орынсыз, жөнсіз, ретсіз;

басым тұру –үстемдеу, күштілеу, күші басым болушылық, мықтылық;

шоғырландыру –топтау, жинау;

тыс қалдыру –тысқары, бөлек қалдыру;

тежеу –кедергі жасау, бөгеу, кешеуілдету;

өріс алу –ілгері басты, дамыды;

қолға алыну –істі орындауға кірісті, айналысты, шұғылданды;

 

1- тапсырма.Сөйлемдердің мағынасын басқаша беріңіз.

А) Нарық кезінде қоғамдық өндірістегі тепе-теңдік бәсекенің көмегімен реттеліп отырады.

Ә) Бәсекенің мақсаты бағаны орнықтыру болып табылады.

Б) Бәсекенің мақсаты өнімнің сапасын жақсарту болып табылады.

В) Қазақстанда Отандық өндірістің дамуына назар аударылуда.

 

2- тапсырма.Сөйлемдегі қарамен жазылған сөздердің мағынасын ашыңыз.

Бағаны орнықтыру дамыған елдерде кең өріс алып отыр.

Бәсекеде тауардың бір қолға шоғырлануы болмау керек.

Нарықтық экономикада монополияны тежейтін мемлекеттік органдар құрылады

Бәсекелестікте көлікті пайдаланудан тыс қалдыру, зиянкестік жасау әрекеттері де кездесіп отырады.

 

3- тапсырма. Жай сөйлемнен сабақтас құрмалас сөйлем жасаңыз.

Бәсекенің мақсаты – сапалы тауар өндіру,

Бағаны орнықтыру да бәсекенің негізгі ерекшелігі,

Бәсеке өнімнің мөлшерін көбейтуге әсер етеді,

Бәсеке тауардың сапасын жақсартуға да әсерін тигізеді,

 

4 - тапсырма. Жай сөйлемнен салалас құрмалас сөйлем жасаңыз.

Отандық өндірістің сапалы шығарылуына мән берген жөн.

Қазақстандық тауарлардың экспортқа шығарылуы үшін жұмыс істеу керек.

Біздің өнімдеріміз де әлемге танылуы керек.

Озық технологияны өндіріске енгізген дұрыс.

Еңбекті ұйымдастыру дәрежесін жоғарылатып отырған дұрыс.

Отандық өнімнің сапасын жақсарту.

Шетелдік тауарлармен бәсекеге түсетіндей бола алуы.

Пікірталас!

1. Бәсеке қандай сайыс?

2. Бәсекенің қандай ерекшеліктері бар?

3. Бәсекенің негізгі мақсаты қандай?

4. Нарық жағдайындағы бәсекенің мәні...

5. Бәсекенің бәсеке неге әсер етеді?

6. Бәсекеде қандай келеңсіздіктер тууы мүмкін?

 

3-сабақ. БӘСЕКЕ: АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН

КЕМШІЛІКТЕРІ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Бәсеке дегеніміз – іс-қимыл жасайтын салада ұнамды нәтижеге жету үшін жүріп отыратын экономикалық жарыс, шаруашылық жүргізудің қолайлы жағдайына ие болу үшін, пайданы мол алу үшін тауар өндірушілердің бір-бірімен күресі.

Нарықтық экономиканы ілгері жеткізетін күш – бәсекелестік, екінші – істеген іске, оның нәтижесіне жауапкершілік. Жауапкершілік – меншікпен келеді.

Нарық бәсекелестігі – заңдылық, ол меншік иелері мен мемлекеттер арасында бірдей. Оған пара өтіп, ұят жүрмейді, аяушылықты білмейді, қабілет пен іскерлікке ғана жүгінетін қатынас.

Бәсеке – өзара жарыс, бір-бірінен озу сайысы, жақсы өнім сайысы.

Нарықтық бәсекенің артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Артықшылықтары:

· қоғамға қажет тауарларды өндіруде ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндіктің болуы;

· тез өзгеріп отыратын өндіріс жағдайларына икемді болып, оларға тез көмектесе алатындығы;

· тауарлардың жаңа түрлерін жасау саласына жаңа техника мен технология енгізуге, өндірісті ұйымдастырып басқарудың жетілген әдістерін қолдануға, ғылыми-техникалық жетістіктерді ұнамды пайдалануға жағдайлар тудыратындығы;

· өндірушілерді көптүрлі қажеттіктерді қанағаттандыруға, тауарлар мен қызметтердің сапасын жоғарылатуға мақсаттандыруы.
Кемшіліктері:

· ұдайы өндірілмейтін ресурстарды (ормандар, табиғи жануарлар, жер, теңіз, мұхит қоймалары) сақтауға көмектеспейді;

· қоршаған ортаны қорғауда негативтік бағытта болады;

· ұжымдық тауарларға бағытталған тауарлар мен қызметтер (дамбалар, жолдар, қоғамдық көлік) өндірісінің дамуын қамтамасыз етпейді;

· фундаментальдық ғылымның, жалпы білім беру жүйесінің, қалалық шаруашылықтың көп элементтерінің дамуына жағдай жасамайды;

· еңбек, табыс, демалу құқықтарына кепілдік бермейді;

· әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамның байлар мен кедейлерге бөлінуіне бөгет жасайтын механизмдері жоқ.

 

Түсініктеме!

пара – өз мүддесі үшін біреуге жасырын түрде берілетін ақша, қымбат зат, алым;

икемді болу – ыңғайлы, ықшамды, бейімді;

әлеуметтік –жалпы қоғамға тән, қоғамдық;

әділетсіздік – қиянатшылық, озбырлық;

 

1-тапсырма. Жай сөйлемдерді байланыстырып, құрмалас сөйлес

жасаңыз.

Бірінші сыңары: Бәсекенің мақсаты – сапалы тауар өндіру.

Бағаны орнықтыру да бәсекенің негізгі ерекшелігі.

Бәсеке өнімнің мөлшерін көбейтуге әсер етеді.

Бәсеке тауардың сапасын жақсартуға да әсерін тигізеді

Баға тұтынушының көңілінен шығу керек.

Екінші сыңары:

Отандық өндірістің сапалы шығарылуына мән берген жөн.

Қазақстандық тауарлардың экспортқа шығарылуы үшін жұмыс істеу керек.

Отандық өнімнің сапасын жақсартуға көмектеседі.

Шетелдік тауарлармен бәсекеге түсетіндей бола алуы керек.

Өз өнімдерін молайту арқылы қор жинау да керек.

2-тапсырма. Мына сөздердің мағынасын ашыңыз.

Қақтығысу – Келеңсіз оқиғалар –

Басым тұру – Шоғырландыру –

Тыс қалдыру – Тежеу –

Кең өріс алу – Қолға алыну –

Қажетті сөздер: артық болу, ерекше көріну,артықшылық, аластату, шет қалдыру, кең жайылды, таралды, тоқтату, тоқтата тұру, қиын жағдайлар, аяқ астынан болған оқиғалар, бір жерге орналастыру, бір жерге жинау, барынша күш салды, іске кірісті.

 

Модуль

 

ЭКОНОМИКА ТУРАЛЫ

1-сабақ. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз. Экономика түсінігіне қатысты үш тәсілді ажырата білу қажет.

Модуль

ҚҰНДЫ ҚАҒАЗДАР

 

 

1-сабақ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰНДЫ ҚАҒАЗДАР

НАРЫҒЫ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Құнды қағаздар нарығы дегеніміз не? Құнды қағаздарға акциялар, облигация, мемлекеттік қазыналық міндеттемелер, вексельдер жатады. Ол –қаржы нарығының бір бөлігі. Қалған бөлігін банк қарызы нарығы құрайды. Банк, шын мәнінде, коммерциялық банк болса (мемлекеттік мекеме емес), қарызды бір жылдан астам уақытқа өте сирек береді. Ал құнды қағаздарды шығара отырып (облигациялар, акциялар) олардан түсетін ақшаны ондаған жылдар бойы пайдалануы мүмкін. Қаржы нарығын осылайша бөлу капиталдың, айналмалы және негізгі болып бөлінуімен байланысты. Құнды қағаздар нарығы банктің несие жүйесін толықтырады, өзара байланыста әрекет етеді. Мысалы, коммерциялық банктер құнды қағаздар нарығында аралық қызмет атқарушыларға жаңадан шығарылған құнды қағаздарға жазылу үшін қарыз береді, олар банктерге артық бағамен сату үшін құнды қағаздардың бір блогын бередi.

Құнды қағаздар нарығының маңызды бөлігі ақша нарығы болып табылады, онда қысқа мерзімді (бір жылға дейін) қарым міндеттемелері бар казначейлік вексельдер (билеттер) айналыста болады. Ақша нарығы қолда бос тұрған ақшаларды мемлекетке берудің икемді жолын қамтамасыз етеді, сөйтіп корпорациялар мен жеке адамдардың уақытша бос ақшаларын табыс табуға пайдалануға мүмкіндік жасайды. Онсыз толыққанды қаржы нарығының орын алуы мүмкін емес.

Барлық нарықтар сияқты, құнды қағаздар нарығы да сұраныс пен ұсынысқа, олардың бағасына тәуелді. Яғни құнды қағаздар нарығы сатып алу, сатумен байланысты экономикалық қатынастар жүйесін құрайды. Нарықтың мөлшері қоғамдық еңбектің мамандануы дәрежесімен тікелей байланысты.

Құнды қағаздар нарығы тікелей алғашқы және қайталама нарықтан тұрады. Алғашқы нарықта мемлекеттік және муниципиалды облигациялар, сол сияқты акциялар мен облигациялар эмиссиясы жүзеге асырылады.

Құнды қағаздар – спецификалық тауар, барлық тауар сияқты тұтыну құны мен бағасы бар. Құнды қағаздардың тұтыну құнының мәні белгілі дәрежеде табыс келтіреді, яғни пайыз (облигациялар бойынша) және дивиденд (акциялар бойынша) төлегенде, сонымен қатар құнды қағаздардың құн курсының өсуі нәтижесінде келетін табыстар.

Акцияларды корпорациялар шығарады, акциялар шығарудың өзі –корпорациялар ұйымдастырудың әдісі. Акцияны ұстаушы корпорация мүлігінің бөлігіне иелік ететін болады. Корпорациялар акцияларды шығарып, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, сөйтіп қаржының қуаттылығы артады. Акция иесі корпорация пайдасының бір бөлігін дивиденд ретінде алып отырады.

Облигацияларды корпорациялар да, үкімет те шығарып отырады. Облигация шығарушылар белгілі бір мерзімде (қарызды) және қарыз пайызын төлеуге міндеттенеді. Ол – займ арқылы алынатын пайданың бір бөлігі.

Құнды қағаздардың басқа да түрлері бар. Мысалы, ордерлер қозғалмайтын мүліктерге қатысты құнды қағаздар, опциондар, фьючерлік келісімдер. Олар тәжірибелі инвесторлар үшін де, алыпсатарлар үшін де тиімді.

Түсініктеме!

қазыналық –мемлекет қарамағындағы, өкіметке қарасты;

казначейлік –мекемелер мен қоғамдық ұйымдардағы жарна жинаушы, ақша мен қымбат бұйымдарды сақтаушы;

икемді -ыңғайлы, ықшамды, бейімді;

муниципиалды –мемлекет тарапынан бөлінген, тегін;

эмиссия –бағалы қағаздар мен қағаз ақшалар шығару ісі;

облигация –мемлекеттік заемнің билеті;

вексель –халықаралық саудадағы төлем міндеттемесін кең тараған формасы;

дивиденд –акционерлер бөлісетін пайда, мүлік иесінің алатын табысы, кірісі;

корпорация –кәсіптік мүдделері ортақ адамдардың біріккен тобы, одағы;

займ –қарызға алынған ақша;

ордер –пәтер алғанда не басқа бір затқа иелік еткенде берілетін куәлік қағаз, құжат;

акция –акционерлік қоғам қаржысына белгілі бір үлес қосқаны және соның табысына ортақ екендігін куәландыратын бағалы қағаз.

опцион –келешекте қайсыбір активтерді тіркелген бағасы бойынша сатып алуға немесе сатуға бағалы қағаздары иесінің таңдау құқығы;

фьючерлік келісім –келешектегі тауар жеткізілімі туралы келісім, мұнда іс жүзінде барлық талаптар, атап айтқанда, жеткізілім сапасы, мөлшері, талаптары, төлем талаптары, буылып-түйілу, таңбалану, тауарды қарау тәртібі, форс-мажор т.б. бірізге түсіріледі;

инвестор –инвестицияларды жүзеге асырушы; өзінің қарыз, қаражатын немесе өзге де сырттан тартылған қаражатты инвестициялық жобаларға салушы заңды немесе жеке тұлға;

алыпсатар –дайын өнімдерді сатып алып, қайта қымбатқа сатумен шұғылданатын саудагер адам.

 

1-тапсырма. Берілген сөз тіркестерін пайдалана отырып, мәтінге пікір жазыңыз.

Менің ойымша, дәлірек айтқанда, осыған қосарым, бұл пікір туралы мен мынадай ойдамын, негізінен алғанда, тұжырым шығаруға болады, жоғары деп бағалаймын;

 

2-тапсырма. Берілген ойдың негізге ала отырып, ойды жалғастырыңыз.

Ø Құнды қағаздар қаржы нарығының бір түрі...

Ø Құнды қағаздарды айналысқа түсіре отырып, банк біршама пайда түсіреді ...

Ø Құнды қағаздардың тұтыну құны, ол...

Ø Акциялардың ерекшелігі, бұл...

Ø Облигацияларды сату арқылы...

Ø Басқа да құнды қағаздардың өзіндік ерекшелігі...

 

3-тапсырма. Берілген сөз тіркестерін пайдалана отырып, «Қазақстанда құнды қағаздарды айналысқа жіберудің пайдасы мен зияны» тақырыбында эссе жазыңыз.

Кәсіпкерлік қызмет, пайда табуға көзделген, ел ішіндегі, шетелдік экономикаға, жұмсалым, ұзақ мерзімді, құрылысқа, бағалы қағаздарды сатып алу, өнеркәсіпке, құрылысқа, ауыл шаруашылығына, нәтижесінде пайда табу, әлеуметтік тиімділікке қол жеткізу т.б.

 

2-сабақ. ҚҰНДЫ ҚАҒАЗДАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Құнды қағаздардың екі түрі бар: қарыз түріндегі құнды қағаз және корпоративтік құнды қағаз. Егер құнды қағазды мемлекет шығаратын болса, ол мемлекеттік құнды қағаз – қатерсіз құнды қағаз болып табылады.

Құнды қағаздар өзіне тән белгілеріне байланысты төмендегідей жіктеледі:

1) Эмитентіне байланысты:

– мемлекеттік құнды қағаздар (Үкімет, Қаржы министірлігі (қазынашылық тұлғасында), Ұлттық банк, жергілікті басқару органдары эмитенті бола алады);

– мемлекеттік емес құнды қағаздар (ашық және жабық акционерлі қоғамдар, соның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорын, сауда ұйымдары, коммерциялық банктер, зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары, қор биржалары, брокерлік фирмалар, ЖШС; шетелдік қаржы – несие ұйымдары және т. б.);
2) Экономика табиғатына байланысты:

– үлестік құнды қағаздар (үлес қосқандығын куәландыратын акциялар ғана);

– борыштық құнды қағаздар (қарыз бергендігін, алғандығын куәландыратын облигациялар, вексель, чек);

– төлемді, туынды құнды қағаздар, бұл екінші ретті құнды қағаздар;

3) Операция сипатына қарай:

– негізгі құнды қағаздар (акция, облигация);

– қосымша құнды қағаздар (чек, вексель, сертификат);

– туынды құнды қағаздар (қалғандары);
4) Айналым мерзіміне байланысты:

– мерзімсіз (айналым мерзімі көрсетілмеген акция, яғни эмитенті банкроттыққа ұшырамағанша);

– мерзімді, яғни қысқа (1 жылға дейін), орта (1-3 және 5 жыл аралығы) және ұзақ (5 жылдан жоғары) мерзімді;

– мерзімі өткен, яғни көзделген мерзімде өтелмеген;
5) Қаражат салу сипатына қарай:

– инвестицияланатын құнды қағаздар, яғни қаражат салуға мүмкіндік беретін акция, облигация, фьючерс, депозиттік құжаттар, ипотекалық куәліктер, депозиттік және жинақ сертификаттары;

– инвеститцияланбайтын құнды қағаздар, яғни төлем құралдары қызметі сипатында қызмет атқаратын құнды қағаздар;
6) Шығарылу формасына қарай:

– құжатты құнды қағаздар, яғни бекітілген формасына қарай шығарылатын сертификатты құнды қағаздар немесе материалды формасы бар құнды қағаздар;

– құжатсыз формада шығарылатын құнды қағаздар, яғни құнды қағаздар иесіне немесе қаражат салушының атына «депо» есебін ашу арқылы берілетін құнды қағаздар;
7) Иелік ету сипатына қарай:

– атаулы құнды қағаздар;

– атаусыз құнды қағаздар;

– ордерлік, яғни басқа үшінші тұлғаның атына меншіктелген;
8) Нарықта айналу сипатына қарай:

– нарықтық құнды қағаздар;

– нарықтық емес құнды қағаздар (жинақ сертификаттары, варрант, коносамент, ұлттық жинақ облигация, ұтыс облигациялар, ипотекалық куәліктер);
9) Басқару ісіне араласуына байланысты:

– дауысты құнды қағаздар (дауысқа ие болатын);

– дауыссыз құнды қағаздар;

10) Табыс төлеу әдісіне қарай:

– дивидентті (таза табысқа байланысты);

– дисконтты (өзінің номиналды құнынан төмен бағамен сатып алынатын құнды қағаздар);

– купондық, яғни табысты құнды қағаздар;

– пайыздық табыс әкелетін құнды қағаздар, яғни тұрақты пайда әкелетін, өзгермелі табыс әкелетін;

11) Аумақтық белгісіне қарай:

– ұлттық, яғни мемлекеттің шеңберіндегі;

– аймақтық;

– халықаралық, мемлекет аралық айналыстағы;

12) Қамтамасыз ету сипатына қарай:

– қамтамасыз етілген, яғни шығарушының мүлкімен активтерінің құнымен жабдықталатын;

- қамтамасыз етілмеген, ешқандай да мүлікпен қамтамасыз етілмеген, шығарушының уәдесімен, кепілдікпен қамтамасыз етілмеген құнды қағаздар.

Түсініктеме!

эмитент – ақша шығаратын мекеме немесе кәсіпорын;

брокер – қор не тауар биржаларында, валюта рыноктарында тауарларды, бағалы қағаздарды, валюталар мен басқа да құндылықтарды сатып алушылар мен сатушылар арасында мәміле жасасу кезінде арада жүретін делдал;

«депо» есебі –несие мекемелеріне сақтауға берілетін бағалы қағаздар мен құндылықтарға қолданылатын термин; Мысалы: банк депосына маркалар, мемлекеттік баждар, пошта төлемі белгілері, алтын және күміс медальдар, шетелдік операциялар бойынша құндылықтар мен құжаттар жатады.

варрант –тауардың сақтауға қабылданғаны туралы тауар қоймалары беретін куәлік; оның иесіне варрантта көрсетілген тауар кепілдігімен қарыз алуға құқық береді;

коносамент –теңіз тасымалы шартының талаптары баяндалған құжат;

 

1-тапсырма. Мәтіндегі мәліметті пайдалана отырып, Қазақстандағы құнды қағаздардың түрлері, олардың айналысы туралы банк төрағасы ретінде журналиске сұхбат беріңіз.

2-тапсырма. Сөйлемді жалғастырыңыз.

v Құнды қағаздар өзіне тән белгілеріне байланысты төмендегідей жіктеледі,...

v Дисконтты құнды қағаздар, өзінің номиналды құнынан төмен бағамен сатып алынатын құнды қағаздар сатылады, ...

v Шығарушының уәдесімен, кепілдікпен қамтамасыз етілмеген құнды қағаздардың пайдасы біршама қолданысқа енді, ...

v Пайыздық табыс әкелетін, яғни тұрақты пайда әкелетін, өзгермелі табыс әкелетін құнды қағаздар көп сұранысқа ие, ...

Жағдаяттық тапсырма.

ü Сіз қор биржасында жұмыс істейсіз. Қарапайым халыққа қандай құнды қағаздарды сатып алуға кеңес берер едіңіз. Оның артықшылығы мен пайдасы туралы түсіндіріп беріңіз.

3-сабақ. ҚҰНДЫ ҚАҒАЗДАРДЫҢ ПАЙДАСЫ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Сіз мемлекеттік құнды қағаз сатып алсаңыз, пайда табасыз. Бірақ одан аз пайда көресіз. Әйтсе де, сіздің қаржыңызға ешқандай қатер төнбейді, яғни бастапқы акцияңызды жоғалтпайсыз, керісінше, шамалы пайда үлесін аласыз. Корпоративтік құнды қағазда қатер бар, әйтсе де оның пайдасы жоғары. Әр құбылыстың пайдалы жағы да, зиянды жағы да бар десек, нарықтық экономика кезінде құнды қағазды таңдай білу керек. Таңдау – үлкен жұмыс.

Қазіргі кезде айналыста мемлекеттік құнды қағаздар бар. Корпоративтік және мемлекеттік құнды қағаздардың ішінде, мемлекеттік құнды қағаздарға сұраныс көп.

Қазақстан Республикасының заңдарында туынды құнды қағаздар туралы ешбір сөз болмаған. Туынды құнды қағаздар дегеніміз – екінші деңгейдегі құнды қағаздар. Мұндай құнды қағаздарға варранттарды, опциондарды, фьючерстерді жатқызуға болады.

Бүгінгі таңда нарықтық қатынастар тамырын тереңге жайған сайын құнды қағаздардың маңызы арта түсетіні анық. Алайда көпшілік қауым құнды қағаз сатып алғанмен, оны қалай пайдалану керектігін жете біле бермеуі мүмкін.

 

Пікірлесейік!

«Қазақстанда рұқсат етілген құнды қағаздардың пайдасы және оған деген сұранысты жоғарылату»

 

1-тапсырма. «Құнды» сөзінің берілген мағыналарын пайдалана отырып, сөйлем құраңыз.

І бағалы, қымбат;

ІІ аса мәнді, маңызды қажетті;

 

2-тапсырма. Берілген сөздердің синонимдерін қажетті сөздерден теріп жазыңыз.


үлес – деңгей –

қатер– бастапқы –

пайда – құнды –

 


Қажетті сөздер: тиесілі сыбаға, алғашқы, қиындық, табыс, тұңғыш, бағалы, тосын жай, дәреже, қауіп, бірінші, тарту-таралғы, кіріс, мәртебе, қарымта, қасиетті, шен, олжа, ерекше, әуелгі.

 

3-тапсырма. Берілген сөздердің мағынасын ашатын фразеологиялық тіркестерді табыңыз.

Ø кең таралды –

Ø адамдар –

Ø жаманшылық –

Ø таңдау –

ü фразеологиялық тіркестер: көпшілік қауым, арпа ішіндегі бір бидай, аупалы-төкпелі заман, тамырын тереңге жаю, қайғыдан қан жұтты, кең қанат жайды, ел басына күн туды, бұқара халық, тамыр жайды, көкірегі қарс айырылды, аузын ашып, көзін жұмды.

 

 

 

Модуль

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

 

 

1-сабақ. ТӨЛ ТЕҢГЕ ТАРИХЫ

Мәтінді оқыңыз

Ақша экономиканың даму тарихында ерекше текті тауар болып табылады. ақшаның ерекшелігі – оның әмбебаптығынан жалпыға танымал және нарыққа қатысушылардың бәріне бірдей тұрақты құндылыққа ие болуынан көрінеді. Ақша өзге тауарларды бір-бірімен айырбастау үдерісінде делдал-тауар қызметін атқарады.

Әр уақытта және дүниенің түрлі бөліктерінде адамдар ақша ретінде әр түрлі тауарларды пайдаланды. Қымбат металдардың физикалық қасиеттері (біртектілігі, мықтылығы, әдемілігі) ақша атқаруға тиісті талаптарды толық ақтады. Ақша негізінен үш түрлі қызмет атқарады:

– айналыс құралы ретінде қолданылады, ақшаға кез-келген тауарды сатып алуға болады;

– құн өлшемі ретінде қолданылады, ақшамен нарыққа ұсынылған кез-келген тауарлардың құны өлшенеді;

–қорлану қоры қызметін атқарады, егер тауар өндіруші тауарды сатқаннан кейін түскен ақшаны өзге тауарлар сатып алуға ұзақ уақыт пайдаланбаса, ондай ақша қазына құрау қызметін атқарады.

Ақша дегеніміз – адам баласының сауданы жеңілдету мен басқа да экономикалық мәселелерді шешу үшін пайдаланылатын ерекше бір заттардың жалпы атауы.

Ақша дүниеге келтірілген сауда және техникалық құрал ретінде тауар айырбасын жеңілдетті. Екі адамның қолында бір-біріне қажетті заты болса ғана ақшасыз тікелей айырбас жасау жеңілдеу болады.Ақша саудаға қатысушылардың арасындағы алмастыруды жеңілдетеді, сондықтан да ақшаның бірінші рөлі – ол рыноктағы ақша айналымын қамтамасыз етуші құрал болуы.

Міне, сол себепті осы ғасырдың ортасына дейін алдыңғы қатарлы елдердің ақша жүйесінде алтын мен күміс негізгі ақша тауары болып келді. Бұл қымбат металдар жер шарында көптеген елдерде ең түсінікті ақша тілі болып қабылданды. Әрине, бұл ішкі және сыртқы сауданы бірқатар жеңілдетті.

Біз ақша операциясын жасау үшін ақшаны белгілі түрін пайдаланамыз. Ол: металл тиындар немесе қағаз банкноттар болуы мүмкін.

Қағаз ақшалар ақша айналымға ертедегі Қытайда 9 ғасырда жіберілген болатын. Басқа елдерде «нағыз ақшаның» орнына жүретін ақшалар кеңінен қолданылған. Мұндай ақшалардың құны патшалардың мөрі мен банкирлердің, саудагерлердің қолымен, жеке мөрімен куәландырылған. Мысалы, Ресейде мұндай ақшаның рөлін штемпель басылған былғары атқарса, Қытайда 13 ғасырда император Хубилай ақшаны тұт ағашының қабығынан «ойып жасауды» бұйырады. Мұндай ақшаны өзінің императорлық мөрімен куәландырды. Батыс мәдениетінде қағаз ақшаны шығару алғаш рет 16 ғасырда Солтүстік Американың Массачусетс штатына тиесілі.

Еуропада американың тәжірибесін пайдаланып, 1716-1720 жылдары Францияда атақты экономист және банкир Джонло банк ісінде банкноттар шығара бастады. Алғашқыда қазір банк билеттері деп аталып жүрген банкноттар кеңінен тарады. Мұндай банк билеттеріне банкирдің қолы қойылып берілді. Бұл оның билет берген адамға онда көрсетілген соманы кез-келген уақытта төлеуге міндеттілігін көрсететін еді.

Түсініктеме!

дүниеге келтірілуі – пайда болу, қолданысқа енуі;

алмастыру – айырбастау, айырбас жасау;

куәландыру – растау, шындыққа жатқызу;

кеңінен тарады – жайылды, таралды, берілді;

1-тапсырма.Төмендегі сөздерді пайдалана отырып, «ақша туралы» анықтама беріп көріңіз.

Ақшаның қызметі, құн өлшеуші, бақылау құралы, баға көлемін көрсету құралы, айналыс құралы, қор жинау құралы, қазына жасау құралы, төлем құралы, дүниежүзілік ақша қызметін атқарады.

 

2-тапсырма. Сөйлемдерді қазақшаға аударыңыз.

Курс английского фунта сегодня несколько упал по сравнению с долларом. Курс доллара выше, чем вчера. В какой валюте будут осуществляться платежи? Если вы располагаете наличными, то вы можете уплатить в кассу. Нас вполне устраивает оплата в тенге. Мы хотели бы пользоваться услугами вашего банка. У нас уже есть счет в вашем банке. Мы практикуем оплату в местной валюте.

3-тапсырма. Келтірілген фразаларды аяқтаңыз.

ü Ақша белгілері .................................................................................... .

ü Әр теңгең ................................................................................................

ü Ақша қозғалыссыз жатпау үшін ...........................................................

ü Баю үшін ................................................................................................ .

ü Айналым жасаушылар ...........................................................................

ü Ақшаны өзіңде сақтасаң ...................................................................... .

4- тапсырма. Сөйлемдердің басыңқы сыңарларын ойластырып жазыңыз.

Егер ертең жалақы алсам, ................................................................... .

Біздің валюта тұрақты болса, ................................................................. .

Келер айда АҚШ долларының бағамы өссе, ......................................... .

Егер жинаған ақшаңызды уақытында долларға айырбастаңыз, .......... .

Банкке ақша салсаң, ...................................................................................... .

Пікірталас!

· Қазіргі қоғамда «ақша барлық мәселені шешеді» деген қағида бар. Соған сіздің көзқарасыңыз...

· Данышпандар «Ақша – сауданың кілті, сауданың айналатын жолы» деген екен. Сол пікірге қандай ой айтар едіңіз...

 

2-сабақ. АҚША ЖАРАТА БІЛЕСІЗ БЕ?

Мәтінді оқыңыз.

Ақша – ертеден белгілі, ерекше тауар, ол жалпы эквивалент рөлін атқарады. Өткен мыңжылдықтарда көптеген халықтарда ақша рөлін әр түрлі тауарлар атқарған болатын. Біртіндеп жалпы эквивалент рөлі алтынға берілді. Себебі, алтын сирек кездесетін өте құнды металл әрі оның ерекше қасиеттері ескерілді.

Ақшаның қызметі: құн өлшеуші (измеритель стоимости), бақылау құралы, баға көлемін көрсету құралы, айналыс құралы, төлем құралы.

Елімізде заңды тәртіппен бекітілген ақша белгілері бар. Құн өлшем қызметінде ақша – баға белгілеу құралы. Өнімді бөлуге, айырбас жасауға және тұтынуға (потребить) қызмет ету үдерістерінде ақша қозғалыс жасап, ақша айналымын құрайды.

Ақша айналымы дегеніміз – еңбекке ақы төлеу, тауар өткізу, көрсетілген қызмет үшін есеп айырысу және басқа да төлемдерді жүзеге асыру барысында ақшаның үздіксіз қозғалысқа келуі. Ақшаның ең басты ерекшелігі де, құнды қасиеті де оның адамдарға қажеттілігінде.

Ақша белгілері – айналыста алтын мен күміс ақшалардың белгілі бір мөлшерінің орнына жүретін ақша белгілері, олар тиын-теңгелер, қағаз ақшалар мен банк билеттері.

 

1-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдерді талдаңыз.

· Теңге тиыннан өсер,

Жылқы құлыннан өсер.

· Ақша кетуге тырысады,

Есеп ұстауға тырысады.

· Ақшада көз жоқ.

2-тапсырма. Қазақ тілінде ақшаны үнемдемеуді қалай айтуға болады?

1. Ақшаны ш..........

2. Ақшаны қ...........

3. Ақшаны с......... ш.........

3-тапсырма. Берілген пікірлерді пайдалана отырып, эссе жазыңыз.

v Адамның ақшаға көзқарасы бірнеше түрге бөлінеді екен:

v «кедеймін, бірақ бақыттымын»

v «ақшам жоқ, оның қажеті де жоқ»

v «ақша керек»

v «қашан байимын?»

v « баймын, бірақ бақытсызбын»

v «ақша жасауды білемін»

4-тапсырма. Сіз осы кезеңдердің қайсысын таңдайсыз, неге? (ойларын жеткізуге тырысу, өз ойларын білдіру, монолог)

· Сіз ақшаңыз көп болғанда, өзіңізді қалай сезінесіз?

· Ал өте көп болса?

· Ал егер болмаса?

· Қарыз алғанда, не істейсіз?

· Сіз бір затты сатып алғанда, не ойлайсыз?

· Қанша ақша болғанын қалайсыз, оны неге жұмсайсыз?

 

Жұптық жұмыс.

Қазақстанның ұлттық валютасын шетелдіктерге таныстырыңыз.

АҚША дегеніміз ..............................

 

Ойталқы!

ü «Ақша табу» тіркесіне антонимдер білеміз бе?

ü Ақшаны жақсы көретін адамды қалай атаймыз?

ü Ақшаны қыспай, бере беретін адамды қалай атаймыз?

3-сабақ. ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ВАЛЮТА ТАРИХЫ

Мәтінді оқыңыз.

Ертеректе ақша мүлдем болмаған. Көптеген жылдар бұрын адамдар тауарлармен алмасқан, оларды сатпаған. Яғни, ақшасыз сауда жүрді. Адамдар тек қана азық-түлік және киімдер ғана алмасқан кезде, бәрі жақсы болатын. Алайда адамдарға басқа да заттар қажет бола бастағанда, тауар ғана емес, бір құндылықты жинау амалын табу керек болды.

Егер де қасық пен шанышқыға айырбастайтын артық қойыңыз болса, сіз қасығы, шанышқысы бар, қойды керек ететін адамды күтіп отырғанды қаламайсыз ғой.

Салыстырмалы түрде ақшаның қандай да бір түріне келісімге келсе, онда сіз қойыңызды оның қасығы, шанышқысы бар, жоғына қарамай, кез келген адамға сата аласыз.

Ақшаның көптеген нұсқалары болған. Ақшаны ойлап табудың басты сипаты ақшаны әлдебір қымбат металға, мысалы, алтынға бекіту туралы келісім болды. Ақшаның көне нысандарының бірі зергерлер берген сертификаттар да болған.

Егер біреу төлем үшін ақша қажет болса, зергерге белгілі мөлшерде еңбекпен тапқан немесе қолындағы алтынын өткізеді.

Зергер оған бір мөлшерде алтын өткізгенін куәландыратын сертификат берген. Ал сертификатты кейін қайтарып, өткізген алтынын ала алады. Мұндай ақшалар өте сенімді саналған.

Ақшаны халықаралық тіл десе болады. Барлық әлемде адамдар олардың ақшасы қаншаға бағаланатыны басқа елдердің ақшасының жағдайы қандай екенін есептеп отырады. Көптеген жылдар бойы АҚШ-тың, Жапонияның, Германияның ақшасы бағалылырақ болып келгенін білесіздер. Екі елдің ақша бірлігі адамдардың бағалауымен валюталық курс деп аталады. Адамдар бір елдің ақшаларының құндылығына өздерінің қатынасын бірнеше амалдармен білдіреді. (З.Күзекова Қазақ тілі. 2010жыл.)

Түсініктеме!

зергер –сәнді бұйымдарды зерлеп, айшықтап жасаушы шебер, ұста;

куәландыру –растығына кепіл болу, айғақтау;

 

1-тапсырма. Ойды жалғастырыңыз.

v Ақша – халықаралық тіл ...

v Ақшаның басты құндылығы ...

v Еуропалық ақшалардың құндылығы ...

v Зергерлер жасаған ақшаның көне түрлері ...

 

2-тапсырма. Нүктенің орнына қажетті формаларды қойыңыз.

Көптеген жылдар бұрын адамдар тауарлармен (..., ...., ...) .

АҚШ-тың, Жапонияның, Германияның ақшасы (..., ..., ...) болды.

Басқа елдердің ақшасының жағдайы қандай екенін (..., ..., ...) отырады.

Ақшаны ойлап табудың басты сипаты туралы (..., ..., ...) болды.

 

3-тапсырма. Сұхбатты толықтырыңыз.

- Ақша – сауданың кілті.

- Иә, ... .

- Ақшаны – халықаралық тіл десе болады.

- Себебі, ... .

- Ақшасы қаншаға бағаланатыны басқа елдердің ақшасының жағдайы қандай екендігін білдіреді.

- ....

- Адамдар бір елдің ақшаларының құндылығына өздерінің қатынасын бірнеше амалдармен білдіреді.

- ....

 

 

 

Модуль

 

НАРЫҚТЫҚ

ЭКОНОМИКАДАҒЫ

БӘСЕКЕ

 

1-сабақ. БИЗНЕС ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Бизнес сөзінің қазақша мағынасы кәсіпкерлік, сауда-саттық дегенді білдіреді. Ол – пайда табуға бағытталған әрекеттің, экономикалық қызметтің бір түрі. Сондай-ақ, жеке кәсіпкердің, фирманың іскерлік қызметі. Бизнес адамның табиғи қасиеттеріне, біліміне, қабілеттілігіне негізделе отырып ұйымдастырылады. Бизнесте қандай да бір істен пайда табуға, кіріс кіргізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар қоғамға пайда келтіруге де мүмкіндік бар. Бизнеспен айналысқан адам өзінің материалдық, рухани қажеттіліктерін де қамтамасыз етуі керек. Бизнесте қоғам мүшелерінің сұранысы мен ұсынысы ескеріледі.

Экономикалық жүйенің барлық салаларын дамыту арқылы мемлекеттің экономикасы дамиды. Бизнесті дамыту арқылы табыс тауып, салық төлеуге, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге болады. Табыстан салықтар және басқа алымдар да төленеді. Әлеуметтік көмек көрсету, басқа да мәселелерді шешуге болады. Іскер орта көптеген әлеуметтік және басқадай проблемаларды өкімет бағдарламаларының шеңберінде, сонымен қатар дербес шешуге де қатысады. (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы ІІ том)

Пікірлесейік:

– Сіз қалай ойлайсыз, бизнестің артықшылығы неде?

– Бизнеспен айналысудың жолы қиын ба, жеңіл ме?

– Бизнеспен кез-келген адам айналыса ала ма?

– Біздің елімізде бизнеспен айналысуға жол ашық па?

– Алыпсатарлық деген сөзді естуіңіз бар ма?

– Бизнес пен алыпсатарлықтың айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

 

 

1-тапсырма. Мақал-мәтелдерді мағынасына қарай топтастырыңыз.

*Еңбегі аздың өнбегі аз.

*Ерді еңбек жеткізер.

*Еңбегіңнен ел таныр.

*Ердің атын еңбек шығарар.

*Еңбегің қатты болса,

Татқаның тәтті болар.

*Еңбек ет те міндет ет.

*Еңбек ер атандырар.

*Еңбек етсең емерсің,

Ерінбесең – жеңерсің.

2-тапсырма. Тірек сөздер арқылы сөйлем құрастырыңыз.

Бизнес, пайда тап, арналған, әрекет, экономикалық, қызмет түрі.

Табыс алу, мақсат, істелетін, жұмыс.

Жеке кәсіпкер, фирма, іскерлік қызмет.

Бизнес, қоғам, пайда, келтіру, мүмкіндік, беру.

Бизнес, қоғам, мүшелері, сұраныс, ұсыныс, есепке, алыну.

 

3-тапсырма. Жақша ішіндегі керекті сөздерді пайдаланып, бірнеше сөйлем құрастырыңыз.

Бизнес (пайда табуға, баюға, ұзақ өмір сүруге,атақты болуға) бағытталған қызметтің түрі.

Бизнесмен (халықтың жағдайын жеке басының жағдайын, қызметкерлердің жағдайын) ойлайды.

Адам (өз мүлкін сатқаннан, өзіне автокөлік сатып алғаннан, саудамен айналысқаннан) бизнеспен айналысқан болып саналмайды.

 

4-тапсырма. «Егер, мен бизнесмен болсам» деген тақырыпта монолог құрастырыңыз.

 

2-сабақ. БИЗНЕСТЕГІ ҚҰПИЯЛАР

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Бүгінгідей бәсекелестік жағдайында жеке кәсіпорынның коммерциялық құпиялылығын құрайтын мәліметтерді анықтау қажеттілігі туады. Оған идеялар, өнертабулар, жаңа технологиялар, фирманың табысы, тауар жеткізуші, тауар өткізу жүйесі, байланыстар туралы мәліметтер т.б.жатады. ҚР. Азаматтық Кодексі коммерциялық құпияға жатқызылуы мүмкін мәліметтердің тізімін көрсетеді.

Кәсіпорынның өзі заң негізінде коммерциялық құпияға жатқызылатын мәліметтердің тізімін нақты анықтайды. Ол мәліметтер ғылыми-техникалық сипатта болуы мүмкін: сызбалар (чертеж), сызбанұсқалар (схема), рецептура, технологияның ғылыми нұсқалары, жеке электронды есептеу машиналарына арналған бағдарламалар. Іс жүргізу туралы мәліметтер де коммерциялық құпияға жатуы мүмкін. Оларға мыналар енеді:

· Клиенттермен қаржылық есептесу, несие туралы мәліметтер (ресми қаржылық есептерден басқа) т.б;

· Табыс, өнімнің өзіндік құны мен қызмет көрсету туралы мәліметтер, олардың көлемі мен өту бағалары;

· Кәсіпорынды дамытудың стратегиялық және тактикалық жоспарлары жоспарлары, тауардың бар-жоқтығы мен тапсырыстар көлемі;

· Ішкі және сыртқы саудадағы өнім мен қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін талдау;

· Жарнама қызметінің жоспары;

· Бәсекелестер, делдалдар туралы мәліметтер, олардың қаржылық жағдайы мен қызметкерлер құрамы туралы тізімдер мен басқа да мәліметтер;

· Жасалған және жоспарланған келісімдер мен олардың шарттары, көлемі, сипаты туралы мәліметтер.

Кәсіпорын басшылығы коммерциялық құпияға жататын мәліметтердің сипаты мен көлемін өзі анықтайды және бұл мәліметтерді жария болудан қорғайды, құпия мәліметті білетін адамдардың тізімін белгілейді.

Мемлекеттік үкімет орындары коммерциялық құпияны анықтау мен сақтауға заңда көрсетілген жағдайлардан басқа уақытта араласа алмайды. Коммерциялық құпияны қорғау үшін кәсіпорын әкімшілігі мыналарды белгілейді.

· Мәліметтің коммерциялық құпияға жату ережесін;

· Коммерциялық құпияны білетін адамдардың тізімін;

· Құпиялық режимді, яғни, коммерциялық құпия істерді жүргізу тәртібін, оның есебін, құпиялылығын сақтау, көбейту, жою мерзімі мен тәртібін;

· Құпия мәліметті қорғаудың техникалық шарттарын.

Арнайы бұйрықпен (бұйрықтың өзі де құпия болады) басшы «Кәсіпорынның коммерциялық құпия мәліметтерінің тізімін» бекітеді. Коммерциялық құпияға қатысы бар адамдар қолхат беру арқылы бұйрықпен оның қосымшаларымен таныса алады. «Кәсіпорынның құпия мәліметтері туралы ереже» жасалуы мүмкін. (В.Салагаев Іс қағаздарын екі тілде жүргізу)

 

Түсініктеме!

өнертабу – ғылымда, шаруашылықта, техникада өнімді көбейтерлік мәні бар, бірнәрсені жетілдіру арқылы ойлап табылған жаңалық;

рецептура – бірденені дайындаудың жолы, ереже, норма;

делдал – сатушы мен сатып алушы арасында жүретін пайдакүнем;

Жағдаяттық тапсырма!

Өз фирмаңыз туралы әңгімелеп беріңіз. Жоғарыдағы құпиялардың сіздің фирмаңыз үшін қандай пайдасы болады деп ойлайсыз? Нарықтағы бәсекені қалай ескересіз?

1-тапсырма. Сұхбатты өзіңіздің қуанышыңызбен жалғастырыңыз.

– Мен өз бизнесімді аштым.

– ................................................................................................ .

– Бизнесіңнің ерекшелігі неде?

– .............................................................................................. .

– Бизнесіңді қай салада аштың?

– .............................................................................................. .

– Қазір халықтың сұранысы мен ұсынысы қай салаға қажет?

– ............................................................................................. .

2-тапсырма. Ойды жалғастырыңыз.

Ø Құпияның фирма үшін пайдасы ...

Ø Коммерциялық құпия жайында ...

Ø Өнеркәсіптік құпиялар туралы айтар болсақ...

Ø Қаржылық – несие құпиясы, ол ...

 

3-тапсырма. Фразеологиялық тіркестерді пайдалана отырып, мәтіннің мазмұнын өз ойыңызбен жалғастырыңыз.

істеген ісі далаға кетті –бар қызметі зая кетті, босқа бейнет етті;

іске алғысыз –түкке тұрғысыз, жарамсыз;

істің көзін білді –жұмыстың орындалу тетігін, жүйе-жүйесін тауып істеді;

ісінен түңілді –істеген әеркетінен көңілі қалды;

ісіне мығым –шаруасын тындырымды істейтін адам туралы айтылады;

іске мұрындық болды –бас жұмысқа бастаушы болды.

 

3-сабақ. БИЗНЕСТЕГІ АДАЛДЫҚ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Компания тапсырыс берушілердің ең таңдаулы тілек-талаптарын адал қанағаттандыру үшін, яғни кәсіпорынның табысты және бірқалыпты жұмысының кепілі болып табылатын тұтынушылардың сенімін қамтамасыз ету үшін, жалпы қоғамға жағымды әсер ету арқылы тұтынушылардың сұраныстарын толық қанағаттандырады. Ол үшін:

· компания бұрынғы қалыптасып қалған ескі әдеттерден арылып, өзгерістерді, жаңа істер мен қажеттіліктерді жасауға ұмтылу,

· тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін қызметті жетілдіру,

· компания материалдық, ақпараттық және қаржылық ресурстарды барынша толық және тиімді пайдалану,

· компанияда әрбір қызметкер, директордан бастап жұмысшыға дейін орындалған жұмыстың сапасына жауап беру,

· стандарттарға, техникалық талаптарға, заңдылыққа және тұтынушылардың сұрауына сай келмейтін өнімдер шығаруға жол беретін іс-әрекет пен шешім қабылдамау,

· компания өзінің бағасын әрбір жұмыскердің үздіксіз кәсіби өсу, фирма аралық қатынастарды және үдемелі әдістер мен технологияны пайдалануды жетілдіру жолымен көтеру,

· компания өзінің кәсіби шеберлігін танытуға жағдай жасайтын жетекшілерінің және корпоративтік мәдениетін көтеретін әрбір қызметкерінің қабілетін бағалау сияқты жұмыстарды атқару керек.

Адалдық – адам мінезіндегі бағалы қасиет. Жеке тұлғаның сана-сезіміне, ар-ұжданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат-мүддесіне көздейтін, тарихи шындықпен, прогреспен ұштасып жататын іс-әрекеттер. Қарапайым халық адалдықты кіршіксіз, таза ұстауға ұмтылады. «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі – қазақтың әулиесі сол» дейді Абай. Адалдық адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Ол адам бойында туа пайда болмайды. Қоғамның дамуына сәйкес, әрбір адамның өнегелі тәрбиесіне, оқып білім алуы мен адал еңбек ету үрдістерінде қалыптасады. Адалдық – адамның жеке тұлғалар мен адамдардың абырой-атағын арттыратын ізгі қасиет.

Бизнестегі адалдық та осы қағида бойынша қалыптасу керек. Бизнесті бастағанда адал ниетпен бастау керек. Тұтынушыға «сапалы тауар, сапалы қызмет» деген ұстаным болу керек. Бизнесің алға қарай жүруі үшін, өркендеуі үшін мына ұстанымдарды есте сақта:

· Қулық жасама, адал бол!

· Адал кәсіптің пайдасы да мол болады!

· Тұтынушыны алдама, адалдық сенің беделіңді арттырады

· Тек пайданы ойлама, арды да ойла!

· Адал кәсіптің арты абыройға апарар!

· Сөзің мен ісің сәйкес келсін!

· «Мен саған,сен маған»

· Жұмыс істесең жағдайыңды жасаймын!

· Адалдық, тағы да адалдық

· Таңертең ақшасы, кешке тауары

· Жақсылыққа жақсылығымды аямаймын.

«Егер ісім өнсін десең, ретін тап»,«Адамның адамшылығы істі қалай аяқтағанына емес, істі бастағандығынан білінеді,» «Адал еңбекпен мал іздемек, ол – арлы адамның ісі» – дейді данышпан Абай.

Өтiрiк айтуға бейiмдiлiк – адамгершiлiк тұрғысынан қарағанда, әрине, адалдық қасиетiнiң қас дұшпаны. Керiсiнше, шыншылдық, турашылдық –өлмес рух пен арлылықтың, адалдықтың алғышарты. Кез келген халықтың моральдық қағидасы – осылай. «Өтiрiктiң балын жалап тiрi жүргенше, шындықтың уын iшiп өлген артық» дейдi бұл туралы Бауыржан Момышұлы. Александр Блок даналығы «қандай ауыр болса да – тек шындық қана жеңiл» екенiн алға тартады. Ал батыс ойшылы Генрих Ибсен болса, «Адал арың – ақ мамық жастығың» деп, адалдықтың адамға берер тыныштығын, жан рахатын айтып өткен…

 

Түсініктеме!

жұмыскер – өндірісте жұмыс істейтін адам;

үдемелі – еселеніп арта беретін, үстемеленіп молая беретін, көбейе беретін;

ар-ұждан – адамға тән ізгі қасиет, намыс, ұят;

ұштасып жату – ұласу, жалғасы;

кіршіксіз – мұнтаздай, мүлтіксіз; шайдай ашық, мөлдір;

ар –адамгершілік, ізгі қасиет;

алға тарту –ілгері, ілгері қарай;

ретін табу – істің жөні, ыңғайы.

Пікірлесейік!

Адалдық адам бойындағы тамаша қасиеттің бірі...

Адалдықтың формуласы бар ма?

Адалдықтың түрлері бар ма?

1-тапсырма. Ойды жалғастырыңыз...

Бизнес адамдарды неге үйретеді ...

Бизнес адам психологиясына қалай әсер етеді...

Адамның еңбегін, ойын,күш-жігерін неге бағыттауға болады?

Бизнес пайда табуға, атақты болуға бағытталған қызметтің түрі...

Бизнесмен халықтың жағдайын, өзінің жеке басының жағдайын ойлайды...

2-тапсырма: Сұрақтарға жауап беріңіз. 1. Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалай аласыз? 2.Қазіргі заманда «адам адамға дос, бауыр, жолдас» деген ұғымды жастар қалай қабылдайды?
3-тапсырма. Мақал–мәтелдердің мағынасын жағдайлар арқылы түсіндіріңіз. * Адамгершілік болмай, Әділдік болмас. *Адамның ұяты бетінде , Адамгершілігі ниетінде.
*Ала сөйлеп, ұлыққа жаққанша, Адал сөйлеп, жұртқа жақ. *Адалдық – ардың ісі. *Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді. *Асылдың бірі – адалдық.

Модуль

БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП

1-сабақ. БАҒАНЫ НАҚТЫЛАУ – ІСТІҢ БАСЫ

Мәтінді оқып, өз ойыңызбен бөлісіңіз.

Бухгалтерлік есеп дегеніміз – мүлік, ұйым міндеттемелері және олардың қозғалысы туралы ақпаратты ақшалай көріністе, барлық шаруашылық амалдарды біртегіс, үнемі және құжатты есепке алу арқылы жинау, тіркеу және жалпылаудың реттелген жүйесі.

Бухгалтерлік есепті жүргізу барысында субъект мыналарды:

– есеп беру кезеңі барысында жекелеген шаруашылық амалдарды көрсету және активтер мен міндеттемелерді бағалауды есепке алуын,

– есеп беру кезеңі бойынша барлық шаруашылық амалдардың есепке алынуында толық көрсетілуін,

– есеп беру кезеңдеріне сай кіріс және шығындардың дұрыс көрсетілуін қамтамасыз ету керек.

Ұйымға қызмет көрсету бойынша қызмет кешеніне мына қызмет түрлері:

– бастапқы есептік және салық құжаттарының бар екендігін, олардың дұрыс рәсімделгендігін және заңнама талаптарына сай екендігін тексеру;

– жетпейтін бастапқы есептік және салық құжаттарын жасау, алынған шот-фактураларды өңдеу және ұсыну;

– ҚР-ның Салық Заңнамаларына сәйкес салықтарды, басқа да міндетті төлемдерді есептеу және төлем тапсырмаларын төлеуге дайындау;

– банк және касса амалдарын рәсімдеу және өңдеу, банк көшiрмелерін, кадрлық құжаттарды өңдеу;

– типтік шарттарды әзірлеу, клиенттермен қатынасты рәсімдеу;

– есеп беретін тұлғалармен есептерді жүргізу және өңдеу;

– жалақыларды есептеу;

– ішкі қаржы есептерін жасау және т.б. кіреді.

 

Түсініктеме!

біртегіс –бір бүтін, ажырамас; біркелкі, бірыңғайлы;

жалпылау –жаппай қамту, нақтылы; жалпыламалау;

бастапқы-әуелгі, алғашқы;

жалақы – істеген еңбек үшін төленетін ақшалай қаражат, еңбекақы;

 

Жағдаяттық тапсырма.

ü Жұмыс барысындағы бас есепші мен есепші арасындағы сұхбатты құрастырып жазыңыз.

1-тапсырма. Берілген терминдерді қазақшаға аударыңыз.


бухгалтерская экспертиза-

бухгалтерская балансированность-

бухгалтерская отчетность-

бухгалтерские счета-

бухгалтерский архив-

бухгалтерский исполнитель-

бухгалтерская разница-

бухгалтерская проводка-

бухгалтерские концепции-

 


 

2-тапсырма. Берілген фразеологизмдердің мағынасын қалай

түсінесіз?

есеп айырды – есебі түгел –

есеп алды – есепшіл адам –

есептесіп қалған – табысты көздейді –

 

3-тапсырма. «Бірақ, алайда, дегенмен, әйтсе де, әйткенмен» қарсылықты шылауларды пайдалана отырып, құрмалас сөйлем құрастырыңыз.

ü Бухгалтерлік есепті жүргізу барысында активтер мен міндеттемелерді бағалау есепке алынады, ....

ü Есеп беру кезеңі бойынша барлық шаруашылық амалдардың есепке

алынуы толық көрсетіледі, ...

ü Есеп беру кезеңдеріне сай кіріс және шығындардың дұрыс көрсетілуін қамтамасыз ету керек, ...

ü Бастапқы есептік және салық құжаттарының бар екендігі, олардың дұрыс рәсімделгендігі және заңнама талаптарына сай екендігі тексерілді, ...

ü Бастапқы есептік және салық құжаттарын жасайды, алынған шот-фактураларды өңдейді және ұсынады, ...

Қосымша материал!

Баға

Мәтінді талдаңыз. Өз көзқарасыңызды білідіріңіз.

Баға – тауар мен көрсетілетін қызмет бірлігі үшін төленетін немесе алынатын ақша мөлшері. Тауар өндірісі мен ақша-тауар қатынасы қатынасының пайда болып, дамуымен бірге баға да пайда болды. Бағаның құрылуы тауар өндіруші мен тұтынушының өзара қарым-қатынасына, мүдделерінің ортақ болуына байланысты. Нарықтық экономиканың басты бөлу тетігі болғандықтан баға экономика теориясындағы маңызды категория ретінде жан-жақты қарастырылып келеді. Еңбек құны теориясын жасаушылардың (А.Смит, Д.Рикардо, К.Маркс) пікірі бойынша «Баға дегеніміз – тауар құнының ақшалай көрінісі». Барынша пайдалылық теориясын жақтаушылар баға үшін тұтыну құны ерекше маңызды дейді. Оның «еңбек құны мен тұтыну құнына» байланыстылығын анықтады. Бағаға сұраныс пен ұсыныс, ақша айналымы, нарық пен өндірістің монополиялануы, бәсекенің дамуы әсер етеді. Баға проблемасымен қоғамның экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелері тығыз байланысып жатыр. Нарықтық экономика дамыған қоғамдағы экономикалық процестерді реттеуде бағаның рөлі артады. Әлемдік экономикада бағаның көптеген түрлері кездеседі. Меншік түріне қарай мемлекеттік және еркін баға, қоғамдық өндірістің жіктелуіне қарай өндіріс және тұтыну тауары бағасы; экономикалық айналым мен тауар қозғалысының сипатына қарай көтерме сауда және бөлшек сауда бағасы; қамтитын аумағына қарай әлемдік және жергілікті баға; статистикалық қолданылуына қарай ағымдағы, орташа, салыстырмалы бағалар болып бөлінеді. Мемлекеттік баға – мемлекеттік органдар тарапынан белгіленетін баға. Оның кесімді және реттелетін бағалар деген екі түрі бар. Кесімді баға – мемлекеттің нақты көлемін бекіткен баға. Реттелетін баға – мемлекет бекіткен ережеге сәйкес өзгеріп отыратын баға. Нарықтық баға – сұраныс пен ұсыныстың қарым-қатынасына қарай қалыптасқан орташа баға. Өндіріс қоры бағасы – өндіріс қоры құнының өзерген мөлшері. Ол тауар өндірісі шығындары мен орташа пайдадан құралады. Көтерме сауда бағасы – ірі көлемде сатылатын тауарлар бағасы. Бөлшек сауда бағасы – жеке тұтынушылар үшін сатылатын тауарларға қойылатын нақты баға. Әлемдік баға – тауарлардың әлемдік рыноктағы қалыптасқан бағасы. Аймақтық баға – белгілі бір аймақ шеңберінде қызмет етеді. Базистік баға – сауданың импорттық және экспорттық бағасын анықтаған кезде қабылданатын баға. Ағымдағы баға – белгілі бір кезеңге қызмет етуші баға мен тариф. Орташа баға – сатылған тауардан түскен түсімнің жалпы көлемін сатылған тауардың сандық мөлшеріне бөлу жолымен анықталатын баға. Салыстырмалы баға – жасалынған келісімшартқа сәйкес белгілі бір мерзімде, келісілген көлемде жеткізілген тауарлар бағасы. Ол инфляциядан сақтану мақсатында жиі қолданылады.

 

Түсініктеме!

тетік –түйінді мәселе, негізгі ой;

инфляция –ақшаның құнсыздануы;

 

1-тапсырма. Ойды толықтырыңыз.

Бағаның қандай түрлері бар? Мысалы: тұрақты баға, .....

Қазір баға қандай деңгейде? Мысалы: баға ұшып тұр, ...

Тауардың құны туралы қалай сұрауға болады?

Тауардың сапасы туралы қалай айтамыз?

 

2-тапсырма. Берілген сөз тіркестерін қалай түсінеміз?

заттың бағасы, адамның бағасы, бағалай білу, өмірді бағалай білу, жастық шақтың бағасын білу, бағасын асырды, барыңды бағала.

3 - тапсырма. Мына бағалар туралын не айтасыз?


тауардың бағасы –

тұрақты баға –

келісілген баға –

бастапқы баға–

көтерме баға –

өнімнің бағасы –

шартты баға –

бөлшек баға –

икемді баға –

негізгі баға –


 

4- тапсырма. Бағаның деңгейі туралы қалай айтамыз?

· Тұрақты баға: ..., ....,

· Төмен баға: ..., ..., ...,

· Жоғары баға: ..., ..., ...,

Керекті сөздер: баға өсіп жатыр, баға төмендеп жатыр, баға тұрақтанып жатыр, баға тұрақтанады, баға түсіп жатыр; бағаның өсуі, баға тоқтар емес, баға көтеріліп жатыр, бағаның төмендеуі, баға шарықтап жатыр, бағаның тұрақтануы; бағаның шегі жоқ, баға ұшып тұр.

Пікірталас.

Қазақстандағы баға деңгейі туралы

Еліміздегі тауарлар мен қызмет көрсету бағалары туралы әңгімелеңіз.

Қосымша материал!

Құн

Мәтінді талдаңыз. Өз ойыңызды жеткізіңіз.

Құн – тауар өндіруге жұмсалған және осы тауар түріндегі затқа айналған қоғамдық еңбекті көрсететін саяси экономия санаты, бір заттың ақшалай құндылығы немесе оған жұмсалған шығынның мөлшері. Құнның ақшалай көрінісі – баға. Құн заңы – нарықтық шаруашылықтың реттеушісі. Ол тауар өндірісінің және еңбек бөлінісінің барлық үйлесімін баға арқылы айқындайды. Құнды тек жұмсалған шығынға ғана жатқызуға болмайды. Құн заттың пайдалылығына ғана емес, біздің мұқтаждығымызға сай келетіндігімен де ерекшелінеді. Жалпы жүйеде еңбектің көмегімен нені өндіру керектігін айқындау үшін оның меншікті құны белгілі болуы тиіс. Бірақ еңбектің құндылығын білу үшін еңбек өнімінің құндылығын білу керек. Құн шамасы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігімен байланысты. Ал тепе-теңдік пайдалылық пен шығынның әрекеттестігі кезінде қалыптасады. Құнның түрлері айырбас құны, белгіленген құн, өтеу құны, тауардың құны, бағалық құн, келісімшарт құны, атаулы құн, толыққұн, жеткізілім құны, еңбек құны, таза құн, балама құн, экспорт құны, тасымалдау құны т.б.

 

Түсініктеме!

санат – бір нәрсенің қатары, есеп;

реттеуші – тәртіпке келтіруші, ретке салушы, жүйелеуші;

үйлесім – келісім, жарасым;

мұқтаждық – зәру болушылық, ділгерлік;

 

1-тапсырма. Берілген сөз тіркестерінің мағынасын ашыңыз.

құны қалмады – құнын алды –

құны жоқ – көк тиын құны жоқ –

құнын кесті – құны кетті (түсті) –

құны бір тиын – құнын тартты (тартқызды) –

 

2-сабақ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУДИТ КОМПАНИЯЛАР

Мәтінді оқып, түсінгеніңізді айтыңыз.

Қазақстандағы аудит компаниялар туралы айтпастан бұрын, бірінші аудит деген сөздің мағынасын түсініп алайық.

АҚШ-тың аудит мамандары Э.А. Аренс және Дж. К.Лобск өздерінің жазған оқулықтарында «аудит» сөзіне мынадай анықтама береді: «Аудит ол процесс, арнайы мамандар арқылы дербес тәуелсіздік жолымен кәсіпорын шаруашылық операцияларының дұрыстығына тексеру жүргізіп, сол мәліметтер белгіленген нормативтік үлгіге сай екенін анықтап, өзінің аудиторлық қорытындысын беру». Шетел мамандарының аудит мазмұнына берген анықтамасы осындай.

К.Ш. Дюсембаев аудит мазмұны туралы мынадай анықтама береді: «аудит – дербес сараптау және қаржы есебімен қоса шаруашылық субъектілерінің барлық жағын қамтитын мәліметтерге экономикалық талдау жасайды, ішкі бақылау жұмысын тексеріп, бухгалтерлік есептің заңдылығын және нормативтік құжаттар талабына сәйкестігін анықтап, тапсырушылар талабына жауап ретінде түсініктеме қызметін атқару» – деген.

«Центраудит-Қазақстан» Тәуелсіз аудиторлық компаниясы» ЖШС – барлық сыртқы өзгерістерге икемделіп отыратын, қарқынды, білікті әрі тәжірибелі командасы бар ірі қазақстандық дамып келе жатқан аудиторлық компаниялардың бірі. Компания жетістіктері республикалық байқаулардың нәтижелері бойынша алтын алқа мен «Қазақстандағы жыл аудиторлық компаниясы» куәлігімен бірнеше мәрте расталып келеді.

Соңғы жылдардағы Компанияның даму себебін төменде көрсетілген аудиторлық қызметтерге деген сұраныстың мынадай өсуінен:

· бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есепті құруды реттейтін заңдардағы елеулі өзгерістерден;

· кәсіпорын иелерін қаржылық ақпаратқа деген сенімдерін арттырып, бизнестің іс жүзіндегі құнын және оны дамыту мүмкіндіктерін бағалау;

· инвесторлардың сенімін арттыру мүмкіндігін беретін шараларға деген қызығушылықтарының артуынан байқауға болады.

«Центраудит-Қазақстан» Тәуелсіз аудиторлық компаниясы» ЖШС бүгіні таңда ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігінің (ҚҚА), Алматы қаласының Аумақтық қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі Агенттігінің (ААҚО), Қазақстандық қор биржасының (KASE) аудиторлық компаниялар үшін белгілеген барлық арнайы талаптарға сәйкес және кез келген компаниялардың қаржылық есеп аудитін, соның ішінде:

· қаржылық ұйымдардың

· қоғамдық компаниялардың

· ұлттық компаниялардың, даму институттарының, холдингтер мен басқарушы холдингтердің

· өздерінің қаржылық құжаттарын жүзеге асыруға құқылы.

 

Түсініктеме!

эмитент – эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруды жүзеге асыратын компания.

дербес – бөлек, жеке дара, тәуелсіз;

сараптау – талқыға салу, талдау;

қарқын – екпін, жылдамдық, шапшаң;

қарқынды – қарқыны күшті, екпінді;

 

1-тапсырма. Қате пікірлерге қарсылық білдіріңіз.

Аудит – ол мемлекеттің қадағалауы арқылы кез-келген кәсіпорынның шаруашылығын басқарып, бақылау жүргізіп отыратын іс.

Соңғы жылдары отандық компаниялардың дамуына ешқандай бақылаулар мен сараптамалар жүргізілген жоқ.

 

2-тапсырма. Берілген тұжырымдаманың дұрыс, бұрыстығын өз сөзіңізбен дәлеледеңіз.

Аудиторлық компаниялар:

· қаржылық ұйымдардың,

· қоғамдық компаниялардың,

· ұлттық компаниялардың, даму институттарының, холдингтер мен басқарушы холдингтердің,

· өздерінің қаржылық құжаттарын жүзеге асыруға құқылы.

3-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдердің мағынасын берілген сөздермен сәйкестендіріп, мағынасын беріңіз.

Ø Пайдаға белшесінен батты – ақша жасау

Ø Пайда ойлама, ар ойла – жақсылығы тиді

Ø Пайдасы тиді – олжа тапты

Ø Пайда қылды – ұятты ойла

Ø Пайда көрді – байыды

4-тапсырма. Берілген сөздерді пайдаланып, тұрақты тіркеc құрастырыңыз.

ü Мысалы: жұмыс – жұмыс басты болды, жұмысы басынан асып жатыр; жұмысқа жұмыла кірісті.


қаржы –

жетістік –

қадағалау –

сенім –

құн –

сұрау –



3-сабақ ӘЛЕМДІК АУДИТОРЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР

Мәтінді оқып, түсінгеніңізді айтыңыз.

Алғашқы аудиторлар Италия, Франция, АҚШ, Германияда шыққан. Ал елiмiзде соңғы онжылдықта дамып келедi. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының өзi Ernst & Young компаниясының көмегiне жүгiнiп отыр. АҚШ нарығында аудиторлық компанияларға сенiмсiздiк өршiп келедi. Онсыз да дағдарыстан белi қайысқан америкалық банктер мен компаниялар бар кiнәнi аудиторлық компанияларға жауып отыр. Онысы орынды да. Аудиттiк есепте компанияның болашағы, әсiресе шығыны мен табысы айқын шығарылады. БТА банктiң аудиттiк есебiн – Ernst & Young компаниясы жүргiзген, әлi де жүргiзiп келедi.

Бүгінгі күнде аудиторлық есеп жүргiзетiн әлемдi аузына қаратып отырған бірнеше компаниялар бар. Дүниежүзiндегi ұлттық, трансұлттық, коммерциялық iрi компаниялар аудиторлық есепте PricewatеrhouseCoopers, Deloitte Touche Tohmatsu, Ernst & Young, KPMG көмегiне сүйенедi. Осы аудиторлық компаниялардың қызметiне кез келген елде қызығушылық бар. Соның iшiнде Қазақстан да зәру.

Бүгінде Қазақстан нарығына әлемдiк деңгейдегi аудиторлық компаниялар белсене араласып кетті. Неге екенiн, республикадағы беделдi ұжымдар шетелден келген аудиторларды таңдайды. Нелiктен?

Оған жауап ретiнде, отандық кәсiпорындар мына фактiлердi алға тартты:

бiрiншiден, шетелден шақырту әдетке айналған, оның үстiне белгiлi бiр компания бухгалтерлiк есептерiн құпия сақтағысы келсе, отандық аудиттен аулақ болуды қалайды және шетелдiк нарыққа қадам басқысы келген ұлттық компаниялар осы төрттiкке жармасады. Себебi олардың есептерi – брэндтi бағалайтын шетелдiк инвесторлар мен серiктестерiн қызықтыру үшiн таптырмас құрал.

Бұл төрттiк алыптарының бiрi – KPMG, түп-төркiнi Швейцариядан шығады. Компания Қазақстан нарығына 1996 жылдан бастап араласты. Өз бәсекелестерiнен артықшылықтарын айқын байқату үшiн, олар 150 жылдық аудиттiк есеп тәсiлiн ұсынады, бiрақ бұл тәсiлдiң қандай күйге апаратыны қазiргi таңда баршаға аян.

Нәтижесiнде KPMG-ға қылмыстық айып салынып, 456 миллион доллар көлемiнде айыппұл бекiтiлдi. Бұл жағдай Ресей Федерациясына да таңсық емес. Ernst &Young компаниясының ресейлiк бөлiмшесiне де осындай айып тағылып, 2004 жылы 390 миллион рубльден астам қаржыға күмән келтiрген. Салық инспекторлары жүргiзген тексерiстiң нәтижесiне қарағанда, компания 630,3 миллион рубльдi кемiтiп жiберген екен.

 

v Мәтінге тапсырма:

1. Мәтіннің басында, ортасында, соңында берілген негізгі ойды табыңыз.

2. Оқыған мәтін бойынша қорытынды жасаңыз.

3. Мәтін мазмұнында берілген қызықтырақ мәселені анықтаңыз.

4. Әр азат жолды бір тақырыпшамен атаңыз.

 

1-тапсырма. Берілген мәтінмен танысқан соң «Қазақстандағы шетелдік аудиторлық компаниялардың орны» деген тақырыпта өз ойларыңызды жазыңыздар.

2-тапсырма. Өзіңіз білетін ақпаратпен «аудит» және «аудитор» сөздеріне анықтама жазыңыз.

 

3-тапсырма. Ernst & Young, KPMG компаниялары мен қазақстандық бизнес саласындағы компаниялардың байланысын әңгімелеңіз.

Модуль

БАНК ҚЫЗМЕТІ

1-сабақ. БАНК ТАРИХЫ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАНК ЖҮЙЕСІ

Мәтінді түсініп оқып, ой бөлісіңіз.

Банк – ақша қаржылары мен қорларын жинақтау, несие беру, мемлекеттер, кәсіпорындар (фирмалар), мекемелер мен жеке адамдар арасындағы өзара төлемдер мен ақшалай есеп айырысуда делдалдықты жүзеге асыру, ақшаның белгілі бір түрін айналымға қосу, ақша мен құнды қағаздар шығару, алтынмен, шетелдік валютамен түрлі операцияла жасау және басқа қызметтер атқаратын қаржы мекемесі. Банктің пайда болуы мен дамуы тауар-ақша қатынастарының дамумен тығыз байланысты. Банктер уақытша пайдаланылмай тұрған бос ақша қаражаттарын өзіне жинақтау, клиенттерге есепшот ашып, кассалық қызмет көрсету, қысқа және ұзақ мерзімге несие беру, кредит бөлу, инвестициялық қызмет атқару (ұзақ мерзімді күрделі шығындарды қаржыландыру, құнды қағаздар шығару) қызметтерімен қоса, лизингтік, факторингтік, трастық, кеңесшілік, ақпараттық қызметтерді де атқарады. Банк жүргізетін операциялар пассивті (ресурстарды банктегі есепшотқа енгізу) және активті (банк ресурстарын орналастыру) болып бөлінеді. Негізгі пассивті операциялардың қатарына банктің өзіндік капиталы (жарғылық қор, резервтік қор), депозиттер қабылдау және банкаралық ақша пиассасынан (рыногынан) қосымша ресурстар алу жатса, ал негізгі активті операцияларға банкаралық кредит беру, инвестициялық (тікелей және портфельді) қаржы бөлу т.б. жатады. Атқаратын қызметі мен сипатына қарай – орталық эмиссиялық (Ұлттық банк) және оның жергілікті филиалдары), коммерциялық, инвестициялық, салалық ал меншік түріне қарай мемлекеттік, акционерлік, корпоративтік, аралас, мемлекетаралық банктер болып бөлінеді.

Қазақстанда 1991 жылы басталған Банк реформасының нәтижесінде қос деңгейдегі банк жүйесі құрылды. Жоғары (бірінші) деңгейдегі банк – ҚР Ұлттық банкі. Оның міндеттері, қызметінің бағыттары, құқықтық мәртебесі, уәкілеттелігі ҚР Президентінің «ҚР Ұлттық банкі туралы» Заң күші бар Жарлығында (30.03.1995) белгіленген. Өзге банктердің барлығы банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейіне жатады. Олар коммерциялық банктер деп аталады. Себебі, олардың жарғылық қорлары мемлекетік меншіктен шығарылып, жарналық акционерлік капиталдан құралады. Ұлттық банк -эмиссиялық айналымға ақша шығаруға, реттеп отыруға құқылы. Сондай-ақ, коммерциялық банктер мен олардың бөлімшелері үшін міндетті экономикалық нормативтерді белгілейді, қызметтерін бақылайды, ақша мен алтын қорын сақтайды. Екінші деңгейлі банктер халық шаруашылығы мен халыққа сан-салалы қызмет көрсететін коммерциялық-несиелік мекемелерге айналдырылған. (Қазақстан Ұлттық Энциклопедия. Алматы, 1999).

Ойталқы!

Қазақстандық банктердің қызмет көрсету жүйесі.

1-тапсырма. Мәтін бойынша банктің басты ерекшеліктерін сипатаңыз.

1.Банк қаржы қорын реттейді ...

2....

3....

 

2-тапсырма. Алғашқы банктер мен қазіргі банктердің арасындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтар туралы эссе жазыңыз.

Тірек сөздер: қаржы мекемесі, қаржы операциясы, айналымға ақша жіберу, қарызға ақша беру, айырбастау, құйма ақшалар және т.б.

3-тапсырма. Берілген терминдерді қазақшаға аударыңыз.


банк долгосрочных вложений –

эмиссия акций –

эмиссия акций, бонусная –

эмиссия акций предприятия –

денежное выражение продукции –

денежное обращение –

доверительно-сберегательный банк –


2-сабақ. ҰЛТТЫҚ БАНК ЖҮЙЕСІ

Мәтінді түсініп оқып, ой бөлісіңіз.

Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының орталық банкі болып табылады және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы (бірінші) деңгейін білдіреді. Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Президентіне бағынышты, әрі өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметімен үйлестіреді. Ұлттық Банктің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Негізгі мақсатын іске асыру үшін Ұлттық Банкке мынадай міндеттер жүктеледі:

· мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу;

· төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

· валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;

· қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету;

· қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын одан әрі дамыту;

· қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз ету.

Ұлттық Банк «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры»; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Q-BRO» Резервтік Орталығы»; «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін қамтамасыз ету орталығы» акционерлік қоғамдарының құрылтайшысы болып табылады. Ұлттық Банк «ГНПФ» Жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының акционерлерінің бірі болып табылады.

 

1-тапсырма. Нұсқауларды пайдалана отырып,Ұлттық банктің негізгі қызметі туралы әңгімелеңіз.

· ақша-кредит саясаты;

· төлем жүйелері;

· валюталық реттеу және валюталық бақылау;

· қаржылық тұрақтылық;

· тұтынушылардың құқықтарын қорғау;

2-тапсырма. Берілген тұрақты тіркестердің мағынасын ашыңыз.

қалталы адам – қалтасының түбі тесік –

бағасын арттырды – бағасы жоқ –

қалтасы қалың – қалтасына сенді –

қалтасы жұқарды – қалтасы көтермеді –

 

3-тапсырма.Берілген қатарлардан синоним болатын сөздерді іріктеп жазыңыз.

· ақшажанды, ақшашыл, кең пейілді, ақшақұмар, шыншыл;

· қаражатты, пұлды, қалталы адам, ақшалы адам, әділ, арам;

· бағалы, құнды, әшекейлі, қымбат, татымды, пұлды;

· қаржы, қаражат, ақша, қорқақ, пұл, теңге, тиын;

· тегін, бос, ақысыз, пұлсыз, тегіннен тегін, ақшалай;

 

3- сабақ БАНК ІСІНДЕГІ БӘСЕКЕ

Мәтінді оқыңыз

Банктік бәсекенің еркін нарықтағы бірқатар белгілерін қарастыруға болады.

· Бірінші белгісі – капиталдар нарығында қаржылай қызмет көрсететін көптеген қаржылық институттардың болуы.

· Екінші белгісі – әрбір нарыққа қатысушыларда толық ақпараттар көлемінің болуы. Онсыз ол әрекетін дұрыс таңдай алмайды.

· Үшінші белгісі – барлық қатысушылардың нарыққа шығарылатын қаржылық өнімдерінің (депозиттер, несиелер және басқа да қызметтер) бірыңғайлығы.

· Төртінші белгісі – ешбір қатысушы басқа қатысушылардың қабылдаған шешімдеріне ықпал ете алмайды

Бәсекелестік кез-келген істе керек және ол еркін нарықта тиімді. Бәсекелестік бар жерде кез-келген қызмет тиімді болады, өнімге немесе қызметке деген баға төмен және тұтынушыларға тиімді. Осыған байланысты банктік капиталы неғұрлым мол шоғырланған ақша нарығыңдағы қарыздар бойынша пайыздар аз шоғырланған нарыққа қарағанда жоғары болуы тиіс; сөйтіп тиісінше, банктің табысы да соғұрлым жоғары болады деген қорытынды туады. Әйтсе де, банк ісіндегі бәсекелестікті зерттеу нәтижесі мұндай болжамдардың болу мүмкіндігін сөзсіз құптамайды.

Зерттеулердің біреуі банктердің қөп болған сайын пайыз деңгейі соған сәйкес төмендейтінін көрсетсе, басқалары, керісінше, яғни банктердің шоғырлануы мен несие үшін пайыздық мөлшерлеме деңгейі арасындағы байланыс әлсіз екенін көрсетеді.

Тәжірибеде ірі банктер майдаларға қарағанда жинақ салымдары бойынша жоғарырақ пайыз төлейді, қарыз бойынша төменірек пайыз алады.
Ірі банктердің ірі клиенттерге қарыз беруі кішігірім банктердің ұсақ-түйек қарыз берулеріне қарағанда азырақ тәуекелге барып, әрі елеусіз шығындар жұмсауымен байланысты болады. Сонымен қатар, ірі банктерде мерзімді салымдардың салмақты бөлігі ірі депозиттік сертификат нысанында болып табылады, олар бойынша басқарушылық шығындар көлемі шамалы және салыстырмалы түрде жоғары пайыздар төлейді. Ірі банктер ынталылырақ болады және олар банк қызметінің жаңа салаларында жаңашылдар болып шығады, өз активтерінің көп бөлігін несиелі коперацияларға бағыттайды.
Әлемдік банктік индустрия 60-жылдардың соңынан бастап біршама өзгерістерді басынан өткізді. 70-80 жылдары белсенділік көрсеткен бәсекелестік бірқатар факторлармен шарттастырылады.

Біріншіден, банктік индустрия интернационалдану тенденциясына ие болды. Бұл шетелдік бәсекелестік нарықтарға өзара енуіне әкелді, нәтижесінде жалпы нарықта ерекше көрінген ақшалай банктермен болады. Осында пайда болған шетелдік банктер жаңа банктік қызметтер, жаңа мәдениет т.б. тәрізді клиенттердің сұраныстарын қанағаттандыруға қатысты қызметтердің түрлерін өздерімен бірге ала келді.

Екіншіден, салымдардың салықтық жүйесін өзгертетін дәстүрлі капиталдардың жаңа нарықтары ашылды. Банктердің пассивтерінің үлкен бөлігі дамып келе жатқан банкаралық нарық, бағалы қағаздардың әр түрлерін шығару мен сатуды қолға алды.

Үшіншіден, банктік индустрия оны банктік заңдылықтар тарапынан тежеуге қарамастан көптеген елдерде дифферсификациялана бастады. Банктер – банктік емес операциялар сферасына еніп, маңызы бойынша әмбебап несиелік мекемелер болды. Банктердің бөлек типтері арасындағы шекараның ашылуы – банктер арасында ықпал ету сферасы үшін бәсекелестікті нығайтты.

Төртіншіден, өткір бәсекелестіктің көрінісінің бірі болып ақша нарығына жұмыс істеп тұрған қаржылық мекелердің акцияларын құру, не сатып алу жолымен өзіне жаңа несиелік және есеп айырушылық, инвестициялық, т.б. операцияларды игерген банктік емес қаржылық-несиелік мекемелер мен ірі қаржылық корпорациялардың басып кіруін атауға болады.

Бесіншіден, бәсекелестік банктік қызметтегі жеке тұлғаларға қызмет көрсету бойынша да өсе түсті. Жинақ және қарыздық банктердің ынтасы бойынша жүргізілетін салымшылардың қаражаттарын тиімді тарту олардың коммерциялық банктермен бәсекелестігін шиеленістіре түсті. Олар салымшылардан жауап алу үшін халық қолма-қол бөлшекті қаржылық қызметтері әлдеқайда кеңейтті, олардың сапасын жоғарылатты – бұл дегеніміз тұлғалық зайымдар, несиелік қаржыландыру, сақтандыру алғашқы және қайталанбалы кепілге салулармен операциялар, т.б. көптеген банктердің депозиттік қоймасының негізін, олар үшін басқа қаржылық институттармен қатал күрес жүріп жатқан клиенттердің аз табысты континентін құрайды.
Сонымен, қазіргі кезде банктік индустрия көбірек бәсекелестік қабілетті болды.
Әр түрлі қаржылық институттар арасындағы болған дәстүрлі ерекшеліктер тез өшірілуде. Бәсекелестердің көбі өз қызметін ұлттық шекара шеңберінен тыс жерлерге таратып, глобальды көлемде қызмет ете алды. Бұдан басқа заң жағынан қойылатын шектеулер мен ұсталынбайтын көптеген нарық субъектілері пайда болды, бұл оларға бәсекелестік күресте сөзсіз артықшылық берді.

Біздің елде банктік жүйедегі өткір бәсекелестік туралы айту әлі ерте. Бізде банктер саны көп, бірақ олар әлі де бәсекелестікке қабілетсіз.
Банктік заңдарда, банктердің жарғылық қоры қандай көздерден құралғанына байланысты оларды: мемлекеттік, жекеменшік, акционерлік, аралас және шетелдік банктер деп жіктейді.

Банктерді ұйымдастырудың акционерлік формасының ерекшеліктері мен артықшылықтары неде? «Шаруашылық серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар туралы» заңға сәйкес, біріншіден, акционерлік қоғам – бұл құрылтайшылардың (акционерлік қоғамының қатысушыларын құрылтайшылар дейді) меншік құқығын, Ұлттық банк берген лицензия негізінде шығарылатын акциялармен куәландырылатын заңды тұлға. Акционерлердің банк меншігіндегі үлесі мен табысы сатып алынған акциялардың санымен тікелей байланысты. Акционерлердің жауапкерлішігі тек сатып алынған акция сомасымен ғана шектелген. Егер банк банкротқа ұшыраса немесе өз қызметін тоқтатса, барлық кінә жеке акционерлерге емес, банкке қойылады.
Банкті басқаруда акционердің жауапкершілігі тек басқарманы сайлау мен жылдық жиналыстарда банк саясатына қатысты сұрақтар бойынша дауыс беру меншіктеледі.

Банкті ұйымдастырудың акционерлік емес формасы (үлестік жарнама формасы) қатысушылардың меншік құқығын куәландыратын қандай да бір формалды куәлікті қажет етпейді.

Үлес қосушы банк қызметімен байланысты бар тәуекелді өз мойнына алады да, оның барлық міндеттері бойынша жауап береді. Банкрот болған жағдайда кінә банкке және де өзінің бар мүлкімен жауап беретін әрбір үлескерге қойылады.

Екіншіден, акционер өз акцияларын басқа тұлғаға бере алады. Бұл жерде банктің қызмет етуі жекелеген акционерлердің қоғамнан шығуына, біліксіздігіне банкроттыққа ұшырауына байланыссыз.

 

Ойталқы!

1.Банктік бәсекенің еркін нарықтағы бірқатар белгілерін

2.Бәсекелестіктің кез-келген істе керектігі және еркін нарықта тиімділігі

3.Бәсекелестіктің бірқатар факторлармен шарттастырылуы

1-тапсырма. Нұсқауларды пайдалана отырып, банк ісіндегі бәске туралы әңгімелеңіз.

· Бәсекелестік бар жерде кез-келген қызмет тиімді;

· Өнімге немесе қызметке деген баға төмен және тұтынушыларға тиімді;

· Банк капиталы неғұрлым мол шоғырланған ақша нарығыңдағы қарыздар бойынша пайыздар аз шоғырланған нарыққа қарағанда жоғары болуы тиіс;

· Тәжірибеде ірі банктер майдаларға қарағанда жинақ салымдары бойынша жоғарырақ пайыз төлейді, қарыз бойынша төменірек пайыз алады;

2-тапсырма. Фразаларды негізге ала отырып, тұжырымдама жазыңыз.

ü Акционерлердің жауапкерлішігі тек сатып алынған акция сомасымен ғана шектелген...

ü Акционерлердің банк меншігіндегі үлесі мен табысы сатып алынған акциялардың санымен тікелей байланысты...

ü Акционердің жауапкершілігі басқарманы сайлау мен жылдық жиналыстарда дауыс берумен меншіктеледі...

ü Үлес қосушы банк қызметімен байланысты бар тәуекелді өз мойнына алады да, оның барлық міндеттері бойынша жауап береді.

ü Акционер өз акцияларын басқа тұлғаға бере алады.

 

3-тапсырма. Берілген тірек сөздердің мағыналарына сәйкес келетін тұрақты сөз тіркестерін табыңыз.

Тірек сөздер: айтқанын істеу, атаққа ие болу, мақсатына жетті, есте сақтау, бір шешімге келу;

v дегеніне жетті, дегеніне көнді, айдауына жүрді, дегенін істеді, дегені

болды;

v даңққа бөледі, даңқы арта түсті, даңқы жер жарды, даңқын шығарды;

v көңіліне тоқыды, жадында сақтады, кеудесіне түйді,құлаққа сіңірді;

v мәмілеге келді, ымыраға келді, мәмілемен бітісті,

 

 

 

 

 

 

Модуль

ОТАНДЫҚ ТАУАР

ӨНДІРІСІ

 

 

1-сабақ. СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫС

Мәтінді түсініп оқып, ой бөлісіңіз.

Бүкіл экономикалық жүйенің қалыпты жұмыс жасауын көрсететін басты нәрсе – сұраныс пен ұсыныс. Сұраныс - нарықтық экономиканың аса маңызды санаттарының бірі. Нарықта әрекет ететін сұраныс заңы бойынша – баға неғұрлым жоғары болса, тұтынушылар сатып алуға келісетін игіліктердің көлемі де солғұрлым аз болады және осыған керісінше.

Өндірушілер мен тұтынушыларды байланыстыратын өндіріс пен тұтыну арасында болатын тепе-теңдікті қажет етуі нарықтың ерекше белгісі болып табылады. Сұраныстың мөлшері халықтың ақшалай табысының деңгейіне және өндірушілердің өндіріс құрал-жабдығын сатып алуға бөлетін сомасына, сондай-ақ тұтынушылардың талғамына немесе артықшылықтарына, нарықтағы сатып алушылардың санына, тұтынушылардың ақшалай табысына, сабақтас тауарлардың бағасына, тұтынушылардың болашақтағы баға мен табысқа қатысты үмітіне байланысты.

Сұраныс тауар өндірісінің көлемі мен құрылымын айқындайды, яғни тек тұтыным деп танылған нәрсе ғана өндіріледі. Сұраныс пен ұсыныс өндірушілер мен тұтынушылардың арасындағы қатынасты көрсететін нарықтық белгі.

Нарықтық сұраныс:

а) бағаның деңгейіне, табысына,

ә) сатып алушылардың ақшалай табысына,

б) тұтынушылардың талғамына,

в) сатып алушылардың санына байланысты қалыптасады.

Ұсыныс – өндірілген тауардың ассортименті. Ұсынылған тауарлардың бағалары сұранысты құрайды. Ал сұраныс тауар ұсынысының көлемі мен құрылымын белгілейді.

Сұраныс деп сатып алушылардың уақыттың сол мезетінде сол бағаға белгілі бір көлемде тауар сатып алу қабілеттілігін айтамыз. Бұл жерде қажеттіліктің бәрі сұраныс бола бермейді, тек оның сатып алушының ақша қаражатымен қамтамасыз ете алатын бөлігі ғана сұраныс болып табылады.Сұраныс сатып аланатын игіліктердің санын олардың бағасымен байланыстыратын ұғым. Баға төмен болған сайын сатып алынатын тауар саны арта түседі. Баға жоғары болған сайын адамдар сатып алатын тауарлар саны азая береді. Белгілі бір тауар бағасының төмендеуі оған қолы жетпей жүрген адамдардың оны енді сатып алуына мүмкіндік береді. Тауар бағасы сұраныстың көлеміне ықпал етеді. Сұранысқа бағадан басқа тұрғындардың кірістері, тауарлардың сапасы мен ассортименттері, сатып алушылардың талғамдары, әдеттері және сән сияқты факторлар жатады. Табыстың өсуіне байланысты өмір салтының өзгеруі, мәдениеттіліктің және техникалық сауаттылықтың жоғарылауы компьютерлерге, бейнетехникаға, автокөліктерге сұранысты арттырады. Сұраныстағы өзгерістер ұсыныстың соған сәйкес жауабын талап етеді. Тауар өндірушінің белгілі бір жерде, белгілі уақытта тұтынушыға сата алатын тауарларының көлемі ұсыныс деп аталады. Баға жоғары болған сайын нарыққа тауар көп түседі. Егер осы тауардың бағасы төмен болса, оның ұсыну көлемі де қысқарады. Тауар мен қызметтің көптеген түрлерінің әрқайсысының бағасы туралы ақпараттар бойынша өндіруші ұсыныстың көлемін ұлғайту немесе қысқарту туралы шешім қабылдайды. Бағадан өзге факторлар да сұранысқа әсер еткендей ұсынысқа да әсер етеді. Бұл бірін-бірі толықтыратын және алмастыратын тауарлардың арасында бәсекенің өсуі, өндіріс факторларының бағасының өзгеруі, олардың өсуіне фирма шығындарының өсуі сәйкес келеді де, ұсыныс азаяды. Бұл жағдай көптеген тиімсіз өндірістерді табыссыз тауар өндіру жағдайына, соның салдарынан нарықтан шығу ахуалына жеткізеді. Үшіншіден, өндіріс көлемі технологияның жағдайына тәуелді болады. Технология жақсарған сайын шығын аз болады және ұсыныс көлемін көбейтуге мүмкіндік алады. Төртіншіден, тауар бағасының өсуін күту сатушыларды тауарды ұстай тұруға мәжбүрлейді. Өйткені олар сол тауарды кейінірек жоғары бағаға сатуға үміттенеді. Бесіншіден ұсынысқа салықтар мен субсидиялар әсер етеді. Салықтың өсуі өндіріс шығынын арттырады, оның аяғы ұсынысты азайтуға мәжбүр етеді. Ақыры нарықта сатушылардың көбеюі бағадан тәуелсіз ұсыныстың артуына әкеліп соғады.

Сұраныс пен ұсыныс бір-бірімен өзара байланыста және қайшылықта болады. Сұраныс ұсынысты анықтайды, яғни өнімге сұраныс болмаса, оның өндірісі де болмайды. Адамзат қанағатсыз екені белгілі. Бірақ үсті-үстіне көбейіп тұратын адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған өндірушінің талабы өзінің кезегінде артық өндіру дағдарыстарға келтіреді. Ұсыныс пен сұраныстың өзара әрекеттесуінің нәтижесінде нарықтық баға қалыптасады. Нарықтық баға сұраныс пен ұсыныс тең болатындай деңгейге ұмтылады.

 

Пікірлесейік!

1. Күнделікте өмірдегі ең қажет нәрсе...

2. Біз оларды қайдан аламыз?

3. Біз оларды алғанда ең басты неге көңіл аударамыз?

4. Ол қоғамда қандай рөл атқарады?

5. Олар қандай ерекшеліктерімен ажыратылады?

6. Олардың қандай қасиеті болады?

1-тапсырма. Сұрақтарға жауап бере отырып, ой бөлісіңіз.

Қандай тауарлар болады? Сатып алынатын, ................................................................................

Тауарларды біз не істейміз? Сатып аламыз, .................................................................................

Қандай мақсатпен сатып аламыз? Тұтыну үшін, ..................................................................................

 

2-тапсырма. Мәтін мазмұнын пайдалана отырып, ойды аяқтаңыз.

Ø Сіз тауарды сатып аларды оның несіне көңіл аударасыз ....

Ø Сізді тауардың сапасы әлде бағасы қызықтырады ....

Ø Қажетті тауарды қалай пайдалануға болады ....

Ø Мені мынадай тауарлар қызықтырады...

Ø Тауарды қызығушылықтан сатып аламын...

Ø Ұнатқаннан сатып аламын...

Ø Тартушылардың, насихаттаушылардың әсерінен сатып аламын...

Ø Сіз тауарлардың тұсаукесеріне қатысып көрдіңіз бе?

Ø Тұсаукесерде сол тауар туралы толық ақпарат алуға бола ма?

 

3-тапсырма. Өзіңіз қатысқан тауарлардың тұсаукесері туралы әңгімелеп беріңіз...Қандай әсер алдыңыз? Тауар туралы қандай мәлімет алдыңыз?

Тауардың ерекшелігі.....

Тауардың қажеттілігі ...

Тауардың пайдасы ...

Тауардың белгісі...

 

Топтық жұмыс.

v Екі топқа бөлініп, сіздің компанияңыз шығаратын тауар туралы ақпарат беріңіз.

v Тауардың қажеттілігі, адамға тигізер пайдасы, экологиялық тазалығы, адам денсаулығына зиянсыздығы туралы әңгімелеңіз.

 

2-сабақ. ТАУАРДЫҢ САПАСЫ МЕН ӨТІМДІЛІГІ

Мәтінді оқып, түсінгеніңізді айтыңыз.

Құны бар және қоғамда айырбас, сатып алу-сату жолымен бөлінетін еңбек өнімін, сол сияқты қажеттілікті қанағаттандыратын және нарықта жұрттың назарын аудару, сатып алу, пайдалану не тұтыну мақсатымен ұсынылатын заттарды тауар дейді.

Тауар тұтыну мақсатына, беріктігіне, төзімділігіне, пайдалану қолайлылығына, сыртқы түрінің тартымдылығына, буып-түйілуіне, қызмет көрсетілуіне, кепілдіктеріне, бірге жіберілетін құжаттары мен нұсқаулықтарына, т.б. ерекшеліктеріне қарай ажыратылады.

Әрбір тауардың тұтынушылық құны адамның қандай да болмасын қажетін өтеу қасиеті болады. Тауардың сапасы – тұтынушының бірінші талабы. Бізге қажеті – тауар сапасының тұрақты сақталуы. Кез-келген күні, кез-келген жағдайда сапа қалыптылығын сақтауы керек. Тауарға тағайындалған сапа стандарты төмендемеуі керек. Ол үшін компания жұмысшылары мен менеджері жауапты болады. Өнім орамасы көптеген мәнді міндеттер атқарады. Орама өнімнің өндірілгеннен сатуға дейінгі сақталуын қамтамасыз етеді, тұтынушыны өнімнің құрамымен және ішкі сапасымен таныстырады. Ол жинауға және тасуға қолайлы болуы қажет. Тауардың орамасы тартымды, ашық түсті болса, ол көбірек көз тартады.

Сапа деген ұғым үш элементті объект, қажеттілік, көрсеткішті қамтиды:

Объект ретінде іс-қимылдар немесе үдеріс, өнім, қызмет көрсету, мекеме, жүйе мен жеке тұлға немесе осылардың сан қилы қиыстырулары болуы мүмкін. Осындай қиыстырулардың мысалы ретінде «өмір сапасын» алуға болады. Шетелдерде, ал соңғы кезде біздің елімізде де тұтынушылардың мүддесі мен құқығын қорғау мәселесін осы өмір сапасы тұрғысынан қарастырады. Бұл ұғым адамның қажеттілігін қамтамасыз етудің көптеген жағдайларын: тауар мен қызмет көрсету сапасын, қоршаған ортаны қорғау, адамның денсаулығын сақтау, білім беру сапасы т.б. қамтиды. Көп жерде сапа коммерцияға, оның негізгі объектілері - өнімге (тауарға), процеске және қызмет көрсетуге қатысты қарастырылады.

Сапаның екінші элементі - қажеттілік. Қажеттілік сатылы түрде болады. Оның төменгі сатысында тамақ өнімдерінің көмегімен қамтамасыз етілетін қауіпсіздікке қажеттілік . Сатының жоғары деңгейінде эстетикалық қажеттілік, шығармашылықтағы қажеттілік орналасады. Бүгінгі күнде ішкі, әсіресе сыртқы рынокта бәсекеге түсу үшін тұтынушылардың бағалауларындағы өзгерістерді уақытылы болжап, келешектегі қажеттілікті біліп отыру керек. Доктор Э.Демингтің сөзімен айтқанда, «тұтынушы өзіне керегін алуы керек, қай уақытта керек болса сол уақытта және қандай түрде қаласа, сондай түрде алуы керек».

Сапаның үшінші элементі – көрсеткіштер. Ол сапалық және сандық болып екіге бөлінеді. Сапалық көрсеткіштер - материалдың түсі, бұйымның түрі, т.б. Сандық көрсеткіштер (параметрлер) тауарды қолдану шеңбері мен жағдайын анықтау және сапаны бағалау үшін қолданылады. Сапа көрсеткіші - тауар сапасына жататын бір немесе бірнеше қасиеттерінің сандық сипаттамасы. Сапа көрсеткіші тауардың қажеттілікті қамтамасыз ету мүмкіндігін сандық көрсеткіштермен сипаттайды. Көрсеткіштер әр түрлі өлшемдермен келтіріледі немесе өлшемсіз болады. Көрсеткіштерді қарастырғанда олардың атауы мен мәні анықталады.

 

1-тапсырма. Мәтін бойынша мына негіздерді пайдаланып, өз ойыңызды білдіріңіз.

Тауарды пайдалану дегеніміз - ...

Тауар мынадай ерекшеліктері арқылы ажыратылады...

Тауардың сапасы – оның құрамы, орамасы ...

Қажеттілік – сапаның екінші элементі ...

2- тапсырма.Сөйлемдерді аяқтаңыз.

а) Нарықта жұрттың назарын аудару үшін, ...

ә) Тауардың мынадай ерекшеліктері болуы керек: ...

б) Өнім орамасы арқылы оның сапасы байқалады, ...

в) Адамның қажетін өтеу үшін ақша керек, ...

г) Тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін жұмыс істейді, ...

ғ) Сапа көрсеткіштері тауардың қажеттілігін қамтамасыз етеді, ...

 

3- тапсырма. Берілген қанатты сөздердің мағынасын талдаңыз.

· «Тұтынушы өзіне керегін алуы керек, қай уақытта керек болса сол уақытта және қандай түрде қаласа, сондай түрде алуы керек».

· «Экономикалық дамудағы жеткен жетістіктер, саяси және әлеуметтік тұрақтылық Қазақстанның ары қарай дамуын тұрақты, замануи, перспективалы негізге қоюға мүмкіндік береді».

 

3-сабақ. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК

Мәтін бойынша өз пікіріңізді білдіріңіз.

Азаматтардың өз атынан мүліктік жауапкершілікке негізделе отырып, жүзеге асыратын дербес бастамалық қызметі. Жеке кәсіпкер әдетте кәсіпорынды өзінің меншікті капиталымен қаржыландырады. Барлық тәуекелді өзінің мойнына алады және осы қызметке байланысты өзінің міндеттемелері бойынша барлық мүлкімен жауап береді.

Жеке кәсіпкерлік жалдамалы еңбекті пайдаланып не пайдаланбай жүзеге асыра алады.Сонымен қатар заң актілерімен шектелмеген шаруашылық қызметтің барлық түрін де жүргізеді. Жеке кәсіпкердің мынадай құқықтары бар:

– мемлекеттік кәсіпорындардың және басқадай меншік түрлеріне негізделген кәсіпорындардың мүліктерін толық немесе жартылай иемденеді,

– шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметіне өз мүлкімен қатысу,

– келісімшарт негізінде жұмыскерлерді жалдау және жұмыстан босату,

– еңбекақы нысандарын, жүйесін, мөлшерін өздерінше белгілеу,

– шаруашылық қызметтің бағдарламасын қалыптастыру,

– жабдықтаушылар мен тұтынушыларды таңдау,

– бағалар мен тарифтерді белгілеу,

– таза пайданы пайдалану,

– сыртқы экономикалық қатынастарда болу, және т.б.

Біздің елімізде шағын және орта бизнеспен айналысатын адамдарды кәсіпкерлер деп атайды. Кәсіпкерлер өздерінің жеке фирмасын, серіктестігін, акционерлік қоғамын, т.б. шағын бизнес түрлерін құрады.

Кәсіптік мекеме өзінің Жарғысында көрсетілген және Қазақстан Республикасының Заңдарына қайшы келмейтін жұмыстармен айналысады. Олар мемлекетке салық төлеп отырады. Сондай-ақ, халықтың тұрмысына, мәдениетіне, денсаулығына қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларға қатыса алады. Олар өндіріс, сауда, көлік, тамақ, мәдениет т.б. кәсіптің түрлерімен айналысуға құқылы.

Қазақстан Республикасының экономикалық және мәдени салаларында үлкен бизнестің маңызы зор. Олар: корпорациялар, компаниялар, трестер мен банктер, т.б. үлкен бизнеспен айналысатындарды ірі кәсіпкерлер дейді. Мемлекеттік, бүкілхалықтық немесе аймақтық маңызы бар салаларда мемлекеттен қаржы алмай, өз қаржыларымен жұмыс істеуді үлкен бизнес дейді.

 

1-тапсырма. Сұрақтар бойынша ой бөлісіңіз.

1. Елімізде қандай күрделі өзгерістер болды?

2. Халқымыздың тұрмыс жағдайын көтеру үшін не істеп жатыр?

3. Кәсіпкер деген кім? Егер кәсіпкер болсаң не істер едің?

4. Кәсіпкер қандай салаларда бизнес аша алады?

5. Ол мемлекетке қандай көмек көрсете алады?

6. Адамдарға қандай көмек көрсете алады?

 

2-тапсырма. Жапон менеджері Коносуке Мацусита бизнесменнің бойында мынадай 7 қасиет болу керек дейді. Оларды есіңізде сақтаңыз.

1. Қулық жасама.

2. Адал бол.

3. Өз орныңда қожайын бол.

4. Кешегі күнді місе тұтпа.

5. Таным-біліміңді ұдайы жетілдіре түс.

6. Айналаңдағыларға түсіністікпен қара.Сырт дүниені ешқашан ұмытпа.

Қолыңда барға, алатын нәрсеңе шүкіршілік ет.

7.«Кім үшін жұмыс істеймін?» - деген сұрақты қайталаудан жалықпа. Жауап біреу – қоғам үшін.

3-тапсырма. Берілген сөздерді оқып, түбірлес сөздерді жеке-жеке бағанаға жазыңдар. Басқа сөздермен толықтырыңыз.

Кәсіпкерлер, серіктестік, қоғам, кәсіппен, қаржы, жарғы, кәсіптік, қаржылық, қаржысыз, өндіріс, бизнес, кәсіби, қаржылай.

4- тапсырма. Кәсіпкер, іскер адамның бойында қандай қасиеттер болу керек деп ойлайсыз? Ақыл-кеңес ретінде «Білгенге маржан» деген айдармен 10 сөйлем жазыңыз.

Үлгі: Уақытты жоспарлай білуі керек. Тәртіпті жақсы көруі керек.

1. ............................................................................................................................. .

2. ............................................................................................................................. .

3. ............................................................................................................................. .

4. ............................................................................................................................ .

 

Модуль

БИРЖАЛЫҚ САУДА

1-сабақ . БИРЖАЛЫҚ САУДА

Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын өз сөзіңізбен баяндаңыз.

Биржа – латын сөзі, әмиян, сұраныс пен ұсыныстың негізінде тауарларды, құнды қағаздарды, жұмыс күшін көтерме бағамен сатуды ұйымдастыру. Қаржы – сауда мәмілелерін жасау үшін сатушылар мен сатып алушылар жиналатын орын. Биржалар 15-16 ғасырларда пайда болды.

Биржаның түрлері: қор биржасы, тауар биржасы, еңбек биржасы, валюта биржасы.

Тауар биржасы - сапасы жағынан қалыптасқан, стандартқа сай келетін тауарларды сату және сатып алу үшін ұйымдасқан саудагерлер ассоциациясы. Тауар биржасында бір текті тауарлар – мақта, астық , металл т.б. саудаланады. Бұл тауарлардың әлемдік бағасы жетекші тауарлар биржасындағы қалыптасқан баға арқылы анықталады.

Қор биржасында жергілікті өкімет органдары мен мемлекеттік емес компаниялар шығаратын құнды қағаздар жөнінде мәмілелер жүргізеді. Қор биржасында жасалатын мәмілелер кассалық және мерзімдік болып бөлінеді. Құнды қағаздардың нарқы сұраныс әсеріне, дивиденд көлеміне, пайыз мөлшеріне қарай өзгеріп отырады.

Валюта биржасы – валюталық операцияларды жүргізеді. Валюта нарықты қалыптастырады. Биржаның жағдайы әлемдік экономикаға, тауарлық және валюта рыногының дүниежүзілік жағдайына, әлемдік бағаға байланысты.

Еңбек биржасы – жұмыс күшін жалдау кезінде кәсіпкерлер мен қызметкерлер арасында делдалдық жасайтын мекеме. Еңбек биржасының негізгі қызметі – жұмыссыздарды жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс орнын ауыстыруға көмектесу, жұмысссыздарды есепке алып, оларға жәрдемақы төлеу.

Биржа мүшелері биржа делдалдары және дилерлер деп аталады. Халық биржа операцияларына делдалдар арқылы қатысады. Биржа комитетінің бағалау комиссиялары сатылған құнды қағаздардың саны олардың бағасы туралы бюллетеньдерінде жариялап отырады. Қазақстанда биржа 1991 жылы пайда болды. Тауар және қор биржалары шапшаң дамып келеді.

 

Ойталқы!

1. Мәтіндегі негізгі ақпаратты деректермен дәлелдеңіз.

2. Мәтінді өз ойыңызбен толықтырыңыз.

 

1-тапсырма. Мына сөйлемдерді аяқтаңыз.

а) Құнды қағаздарды көтерме бағамен сатуды ұйымдастырып, ................. .

ә) Жұмыс күшін көтерме бағамен сатуды ұйымдастырып, ......................... .

б) Қаржы мәмілелерін жасау үшін ................................................................. .

в) Тауар биржасы стандартқа сай келетін тауарларды сатып алып, ........... .

г) Қор биржасы құнды қағаздар жөнінде мәмілелер жүргізіп, .................... .

 

2- тапсырма. Мына сөйлемдердегі нүктенің орнына тиісті сөздерді қойыңыз.

Валюта биржасы ..................................................... шоғырландырады.

Еңбек биржасы – ............................................................ жалдау кезінде

делдалдық жасайтын мемлекеттік мекеме.

Валюта биржасының жағдайы ...............................................................

деңгейіне байланысты. Дүниежүзілік валюта биржалары ........... орналасқан.

Еңбек биржасының негізгі қызметі – ....................................... қамтамасыз ету.

Қор биржасында жергілікті өкімет органдары мен .....................................

шығаратын құнды қағаздар сатылады.

 

3 – тапсырма. Сөйлемдерді дұрыс құрастырыңыз.

· Еңбек, жұмыс, күшін, кәсіпкерлер, биржасы, мен , арасында, қызметкерлер делдалдық, мемлекеттік, жалдау кезінде,жасайтын, мекеме.

· Кәсіпкерлер мен, арасында, қызметкерлер, биржасында, еңбек, қызмет, жасалады, делдалдық .

· Қор, өкімет, биржасында, жергілікті органдары, мен, компаниялар шығаратын құнды қағаздар жөнінде мәмілелер, мемлекеттік емес, жүргізеді.

2-сабақ. АУКЦИОНДЫ САУДА

Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын өз сөзіңізбен баяндаңыз.

Аукцион – бәсекелес сауда, көпшілік алдында кім артық төлем ұсынса, бұйым не зат соған сатылатын бәсекелес, жария сауда. Аукцион тұрақты не уақытша белгіленген орында, алдын-ала хабарланған уақытта аукциондық сауда кезінде бұйым көрмеге қойылады. Аукцион тауарлардың, бұйымдардың белгілі бір түрлері бойынша өткізіледі.

Аукционның бағаны көтеріп немесе төмендетіп жүргізетін түрлері бар. Бағаны көтеріп саудаласу ашық не құпия түрде жүргізілуі мүмкін. Ашық түрінде аукционшы лот (сапасы біркелкі тауалар тобы) нөмірін, бағасын алушылар алдында жариялап, «кім көбірек», «кім артығырақ» деп сұрақ қояды. Ал алушылар тауардың алғашқы бағасынан сату ережесінде белгіленген мөлшерден әрдайым арттырып, өз бағаларын атайды. Егер кезекті баға арттыру ұсынылмаса, сұрақ үш рет қайталанғаннан кейін, аукционшы балға соғып, тауардың ең жоғарғы баға ұсынған кісіге (мекемеге) сатылғанын хабарлайды.

Аукционның жабық түрінде сатып алушы аукционшыға баға көтеруге келіскені туралы шартты белгілер береді де, аукционшы сатып алушының атын атамай-ақ жаңа бағасын хабарлайды. Бағаны бірыңғай төмендету арқылы жүргізетін аукционда тауар тобын (лотты) кім бірінші «иә» десе, сол алады. Бағаны төмендететін аукциондарда бағаның өзгеруі циферблат тілімен көрсетіледі. Кім бірінші кнопканы басып, циферблаттың тілін тоқтатса, лотты (тауар тобын) сол сатып алады.

1-тапсырма. Мына сөздерді басқа мағыналас сөздермен беріңіз.

Бағаны төмендету, бәсекелес сауда, бағаны көтеру, құпия түрде саудаласу, алушылар.

 

2-тапсырма. Нүктенің орнына тиісті сөздерді қойыңыз.

Аукционды сауда кезінде ....................., ............ көрмеге қойылады. Аукцион көпшілік алдында .............................................. бұйым не зат соған сатылады. Алушылар тауардың алғашқы бағасын .........................., өз бағаларын атайды. Аукционда тауар ..................................... адамға сатылады. Аукцион ................................................. жерде өткізіледі. Аукционда .......................... деген сұрақтар қойылады. Аукционда сұрақ ..................... қайталанады.

 

3- тапсырма. Мына сөздердің синонимін табыңыз.


алғашқы бағасы -

бағаны төмендету –

бағаны көтеру –

хабарланған уақытта –

бәсекелес сауда –

құпия түрде –

төлем ұсыну -


Тест тапсырмалары.

а) Аукционды саудада зат не тауар сатылады

1) кім бағасын ерте ұсынса

2) кім бағасын бұрын ұсынса

3) кім артық төлем ұсынса

 

ә) Аукцион бұл –

1) бөлшек сауда

2) көтерме сауда

3) бәсекелес жария сауда

 

б) Аукционның түрлері –

1) бағаны қымбаттатын түрлері

2) бағаны арзандататын түрлері

3) бағаны төмендетіп не көтеріп жүргізетін түрлері

в) Аукцион өтеді –

1) астыртын түрде

2) жариялылық түрде

3) ашық не құпия түрде

 

г) Сатып алушылар тауардың бағасын –

1) төмендетеді

2) тұрақтандырады

3) арттырады

 

 

 

Модуль

ЗАМАН ЖӘНЕ НАРЫҚ

 

1-сабақ. СЫРТҚЫ ЖӘНЕ ІШКІ САУДА

Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын өз сөзіңізбен баяндаңыз.

Алғашқы мемлекеттер арасында халықаралық экономикалық қарым-қатынастардың ең байырғы түрі – сыртқы сауда қатынастары орнай бастады. Дамыған елдер жаппай өнім өндіре бастаған индустриялық кезеңде сыртқы сауданың маңыздылығы артты. Қазіргі заманда кез келген ел экономикасының ажырамас бөлігіне айналған сыртқы экономикалық байланыстардың құрылымы күрделеніп, аясы кеңейе түсті. Соған қарамастан, сыртқы сауда халықаралық экономикалық байланыстардың негізгі түрі болып табылады. Халықаралық экономикалық байланыс жүйесі сыртқы саудадан басқа несие-қаржылық қатынастар, жұмыс күшімен алмасу, халықаралық туризм, экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты қамтиды. Елдер арасындағы экономикалық, қарым-қатынастардың сипаты мен құрылымдық өзгерістері, ең алдымен, сыртқы тауар саудасынан көрінеді.

XX ғасырдың соңына қарай дүниежүзілік сыртқы саудада дамыған 25 ел жетекші орын алды. Оларға әлемдік экспорттың 84%-ы, импорттың 82%-ы тиесілі болды. Дамыған елдер өзара тауар айналымы, жөнінен де жетекші орынға ие. АҚШ пен Канада арасындағы тауар ағыны дүниежүзілік көрсеткіштің 3,2%-ын құрады. Сыртқы сауданың тауарлық құрылымы халықаралық географиялық еңбек бөлінісіне, өндірістік және тұтыну тауарларына деген сұраныстың артуына тікелей байланысты.

2008 жылы Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 109,1 млрд АҚШ долларын кұрады. Оның 65%-ы экспортқа тиесілі болды. Еліміздің сыртқы саудасының географиялық құрылымы соңғы онжылдықта едәуір өзгеріске түсті. Кейінгі жылдары Қазақстан импортында ТМД елдерінің үлесі артты, экспортта Еуропа елдері жетекші орын алады. Қазақстанның сыртқы саудасының тауарлық құрылымы соңғы жылдары экспорт пен импорттағы жеке тауарлар үлесінің артуына немесе кемуіне байланысты едәуір өзгеріске түсті. Басты экспорттық өнім – мұнай және газ конденсаты 1995 жылы 793 млн АҚШ доллар көлемінде сыртқа сатылса, 2004 жылы бұл көрсеткіш 11417 млн АҚШ долларына жетті. Соңғы бес жылда машиналар мен жабдықтар, көлік құралдарын сатып алуға жұмсалған қаржы екі есе артты; табиғи газ бен электр энергиясын сатып алу көлемі бірнеше есеге қысқарды. Сонымен, дүниежүзілік сыртқы сауда – халықаралық географиялық еңбек бөлінісі негізінде ұлттық шаруашылықтарды өзара байланыстыратын маңызды сала. Қазақстанның сыртқы саудасы осы күрделі жүйенің құрамдас бөлігі болып табылады.

Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2011 жылғы қаңтар-маусым айларында 2010 жылғы қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 44,7%-ға артты.

Қазақстан Республикасының сыртқы сауда айналымы 2011 жылғы қаңтар-маусым айларында $61 559,0 млн. құрады

Сыртқы сауданы халықаралық дәрежеде реттеу бағытында 1947 жылы тарифтер мен сауда жөніндегі Бас келісім деп аталатын халықаралық ұйым пайда болды. Бұл құрылым негізінде 1995 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымы құрылды. Қазіргі кезде құрамында 130 астам ел бар бұл ұйым халықаралық сауда қатынастарын реттеумен қатар қызмет көрсету, инвестиция және ақыл-ой меншігін қорғау саласында белсенді әрекет ететін үйлестіруші құрылым болып табылады. Бұл ұйым кұрамына кіруге Қазақстанда ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. БҰҰ жанындағы сауда мен даму жөніндегі Комиссия да (UNCTAD) өз жұмысын елімізде белсенді жалғастыруда.

Мәтінге тапсырма:

1. Мәтінді мағыналық бөлімдерге бөле отырып, жоспар құрыңыз.

2. Мәтінді әңгімелеуге қажетті сөздер мен сөз тіркесін жазыңыз.

3. Оқыған мәтін бойынша қорытынды жазыңыз.

 

1-тапсырма. Берілген сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріп, жазыңыз.


Ø байырғы –

Ø аясы кеңею –

Ø тиесілі –

ынтымақтастық –

үйлестіруші -

меншік-


 

2-тапсырма. Берілген сөздердің синонимдерін жазыңыз.


Саудагер –

Жаппай –

Саудагерлік –

Жүйелену –

Басым –

Бейнеттену –

Белгісіздеу –

Қатынас –

Көлем –

 


 

3-тапсырма. Берілген фразеологиялық тіркестерді мысалмен түсіндіріп жазыңыз.

· Сау басын саудаға салды –.......................................................................... .

· Саудаға салды –............................................................................................. .

· Саудайы адам –.............................................................................................. .

· Саудаңыз құшат болсын! –........................................................................... .

· Саудасы бітті –............................................................................................... .

2-сабақ. ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫ

Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын өз сөзіңізбен баяндаңыз.

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) – халықаралық сауда ережелерін либерализм принциптеріне қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым, ол 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Алғашқы кезеңде ДСҰ-ға 77 мемлекет кірсе, 2005 жылғы 11 желтоқсандағы соңғы мәлімет бойынша оған 149 ел мүше болды. Бұрынғы кеңестік елдерден оның қатарында Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан, Украина (соңғысы 2008 жыл 5 ақпанында қабылданды) бар. Тіпті картадан іздеп табудың өзі қиын елдер – Денмарк, Гамоа сияқты республикалар да бар. ДСҰ-ға кіретін елдердің үлесі әлемдік тауар айналымның 95% құрайды, яғни Ресейді қоспағанда бүкіл дүниежүзілік нарықты қамтып отыр деуге болады. Қазақстанды қосқанда 30-ға жуық ел осы ұйымға кіру ниеттерін білдірді, олар бүгінгі таңда бақылаушы мәртебесіне ие.

Ұйымға мүше болған елдер өндіретін шикізатты, дайын өнімді, жұмыс қолын, әр түрлі қызмет көрсету мен ой еңбегін ұйымға мүше елдерге еш кедергісіз шығаруға мүмкіндік алады. Олар ДСҰ-ның ережесі бойынша әлемдік сауда аймағындағы ортақ тәртіпке бағынуы керек. Мысалы кеден және басқа да салықтар көлемі бәріне бірдей болады.

 

Мәтінге тапсырма.

Мәтіндегі басты ақпарат не?

Аса маңызды деп санаған ақпаратты атаңыз.

Мәтіндегі негізгі ақпаратқа сұрақ қойыңыз.

 

1-тапсырма. ДСҰ-на кіру Қазақстанға тиімді ме? Берілген пікірлермен келісесіз бе, әлде келіспейсіз бе? Өз пікіріңізді айтыңыз.

Тиімді жағы:

· Ұйымға мүше болу – біз үшін әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндігін ашады.

· Елге келетін инвестиция көлемінің артуына жол ашады. Бұл ең басты фактор.

· ДСҰ-на мүше болу арқылы Қазақстан экономикалық дискриминациядан құтылады.

· Өзге елдермен ешқандай тарифсыз және шектеусіз сауда қатынасын жасау кезінде тек сапалы және арзан өнім есепке алынады. Нәтижесінде ұйымға мүше елдер үздік тауарларды арзан бағада тұтына алады.

· Қазақстан ДСҰ-ға мүше болу арқылы әлемдік рынокта мұнай және мұнай өнімдерін, табиғи газды, көмір және электр энергиясын еркін экспорттауға мүмкіндік алады.

Тиімсіз жағы:

· Қазіргі күні Қазақстан өзіне күшті бәсекелес болатын елдерге өз рыногын толық ашуға дайын емес.

· Экономикадағы басты салалар болып табылатын ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптің бәсекелестік қабілеті төмен.

· Өзіндік құны жоғары, сапасыз, өнім шығаратын өнеркәсіп орындары жабылып, жұмыссыздық көбейеді.

· Бюджетке кеден салығынан, әр түрлі төлемдер есебінен түсетін қаржы азаяды.

· Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі сұраныстан айырылып қалуы әбден мүмкін.

· ДСҰ-на дайындықсыз мүше болсақ, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына ауыр соққы болмақ.

 

2-тапсырма. Сөйлемдерді өз ойыңызбен жалғастырыңыз, сөйлемдер мәтін мазмұнына сәйкес болсын.

1.Дүниежүзілік Сауда Ұйымы ...

2.Ұйымға мүше мемлекеттер ...

3.ТМД елдерінің ішінде ...

4.Әзірге ұйымға мүше болуға ойланып отырған ...

5.Ұйымға мүше болу ...

6.Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болу арқылы ...

 

3-тапсырма. Мына пікірлерге өз ойыңызды білдіріңіз.

1. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің мемлекет үшін маңыздылығы...

2. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің әлемдік нарыққа шығудың тиімді жолы.

3. Отандық тауарлардың сапасы мен сұранысын арттыру...

 

3-сабақ. КЕДЕН ІСІ

Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын өз сөзіңізбен баяндаңыз.

Кеден – түркі тілінде тамға – таңба, белгі сөзінен шыққан. Тауардың және көлік құралдарының, мүлік пен басқа да заттардың кеден шекарасы арқылы өту тәртібін қамтамасыз ететін, кеден режимдерін қолданатын, кеден төлемдерін өндіріп алатын, кеден бақылауын жүргізіп, кеден рәсімдерін жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Әдетте, тауарлар мен мүліктер алып өтілетін, сондай-ақ, адамдар шетелге баратын және шетелден келетін сапарларында өтетін шекаралық бекеттерде, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, теңіз, өзен кемежайларында құрылып, орналасады. Кеден қызметінің нышандары саудамен бірге пайда болды. Қазақстанда екі кеден округы, Жетісу (Алматы және Талдықорған облыстарының аумағында) және Зайсан кеден округтары (Семей және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында) пайда болды. 1964 жылы жаңа Кеден кодексі құрылды. Онда кеден ісін басқару Сыртқы сауда министрлігіне жүктелді. Бірақ бұл жүйені реформалаудың ең түбегейлі кезеңі 1986 жылы басталды. Осы жылы Бас кеден басқармасы болып қайта құрылды. Оған мемлекеттік дербес мемлекеттік орган мәртебесі берілді.

1991 жылы егемендікке қол жеткізгеннен кейін кеден саясаты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Кеден заңнамасының негізінде 1995 жылы 20 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кеден ісі туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылды. Кеден мемлекеттік бюджетті толтырудың, отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғаудың кепіліне айналды. Бүгінгі таңда ҚР Кеден құзыретіне шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы мәліметер жинап, өңдеу, кеден қылмыстарының жасалу деректері бойынша қылмыстық іс қозғау, анықтау және шұғыл іздестіру қызметтерін жүзеге асыру, санитарлық және карантиндік ережелердің орындалуын бақылау міндеттері де жатады. Кеден баждары мен алымдарын есептейді және оларды өндіріп алады, жүктердің өткізілуіне берілетін рұқсатнаманы рәсімдейді. Егер олар белгіленген талаптарға сай болмаса, әкелуге немесе әкетуге тыйым салынса, ұстап қалады, контрабандаға, кеден ережелерінің бұзылуына қарсы күреседі. Қажет болған жағдайда елден мәдени және тарихи құндылықтардың әкетілмеуін бақылайды. Заңды және жеке тұлғалардың шекара арқылы жүктерді алып өтуіне байланысты т.б. алуан түрлі міндеттерді атқарады. ҚР Кеден аумағы оның құрлықтағы аумағын, аумақтық және ішкі суды, сондай-ақ, оның аспанындағы әуе кеңістігін қамтиды. Ал Кеден шекарасы - республика аумағының шектері, еркін кеден аймақтары мен еркін қоймалар. Заңнамаға сәйкес шекарада құжаттарды тиісінше рәсімдейтін кеден бақылауы кеден органдарына жүктелген. 2000 жылы 1 қаңтарда 94 уақытша сақтау қоймасы, 22 кеден қоймасы құрылды. Қазіргі кезде республиканың кеден органдары халықаралық мәндегі 14, республикалық мәндегі 73 автомобиль жолын, 17 темір жол магистралын, 13 кемежайды бақылайды.

Қазақстан Кеден қызметі халықаралық кеден ұйымдарымен өзінің байланысын ұлғайтуда. 1992 жылы маусымда Қазақстан Кедендік ынтымақастық кеңесіне (Дүниежүзілік кеден ұйымы) кірді. Мұның өзі импорт, экспорт операцияларын халықаралық стандарттарға сәйкес рәсімдеу тәртібін әзірлеуге мүмкіндік береді. Еуропалық одаққа мүше 15 елдің кеден қызметін біріктіретін Еурокеденмен тығыз ынтымақтастық орнатылды. Еуразия экономикалық қоғамдастығының құрылуы кеден ісін дамытуға жаңа серпін берді. Бұл қадамдар Кеден одағына бірігудің жаңа сапалы деңгейге көтерілуі үшін жақсы негіз болмақ.

Ойталқы!

· Кеден – мемлекеттік бюджетті толтырудың көзі

· Отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау – бәсекеге қабілетті елдің қатарына кірудің басты тетігі

· Дүниежүзілік кеден ұйымына кіру – еліміздің экономикасын дамытудың басты жолы

 

1-тапсырма. Қазақстандық кедендік бекеттер туралы әңгімелеңіз.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік бекет туралы...

– Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кедендік бекет туралы ...

– Қазақстан мен Ресей арасындағы кедендік бекет туралы ...

– Контрабандалық тауар әкелушілермен күресетін арнайы бөлім барын

білесіз бе?

2-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріңіз.

· Сақ жүрсең, сау жүрерсің;

· Сақтықты сұңқардан үйрен;

· Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында;

· Адам боламын десең, арыңды ақшаға сатпа;

3-тапсырма. Берілген сөздердің мағынасына сәйкес келетін фразеологизмдерді табыңыз.

адал еңбек – бармағынан бал тамған, ағаштан түйін түйеді;

дана, кемеңгер – екі иығына екі кісі мінгендей, жаурыны қақпақтай;

өнерлі, шебер – табан ақы маңдай тер, тер төкті

ойланды – көп оқыған, көргенінен тоқығаны, оқығаны көп;

денелі – ақыл таразысына салды, қабырғасымен кеңесті;

Модуль

ӨНДІРІСТІ БАСҚАРУ

1-сабақ. МЕНЕДЖМЕНТ

Мәтінді оқып, пікіріңізді білдіріңіз

Менеджмент – ағылшын сөзі, басқару, ұйымдастыру. Ұйымда немесе кәсіпорында жұмыс істейтін адамдардың еңбегін басқара отырып, алға қойған мақсатқа жетуді ұйымдастыра білу. Ғылыми менеджменттің негізін салушы белгілі ағылшын ғалымы Фредрик Уинстоу Тэйлор. Оның пікірінше өндірісті басқару мен ұйымдастыру жүйесі алғаш рет АҚШ-та 19-20 ғасыр аралығында кең пайдаланыла бастады.Қазіргі менеджмент экономикалық мектептердің тәжірибелері мен бағыттарының жетістіктерін қорытындылау арқылы дамуда. Менеджмент мақсат қоюға, жоспарлауға міндетті. Менеджмент адамдар арасындағы міндеттерді бөлу және жауапкершілік деңгейді белгілеу, нұсқау шығару мақсатында әр түрлі шешімдерді қабылдайды. Қазіргі заманда бірде-бір фирма,кәсіпорын менеджерсіз өмір сүре алмайды. Қалай фирма пайда болады, солай оны басқару да пайда болады. Міне, осы іспен менеджер айналысу керек. Сондықтан қазіргі уақытта менеджер мамандығы – ең керекті мамандық. Басқару – осы мамандықтың негізгі функцияларының бірі.

Менеджер – өндірісті басқарушы маман. Ол негізінен фирмадағы немесе кәсіпорындағы барлық жұмысты ұйымдастыру, үйлестіру,басқару мәселелерімен айналысады.Ұйымның алдындағы міндеттердің орындалуына тікелей жауап береді. Менеджердің негізгі қызметтері: 1.Жоспарлау – ұйымдастыру мен әрекеттің олардың жетістіктері бойынша мақсатын анықтау. 2. Ұйымдастыру – қызметкерлердің құрылымдық жұмысы,жұмыстың жоғары тиімділігін арттыру. 3.Үйлестіріу – қойылған мақсатқа жету үшін өзара байланысты орнату және шешім. 4. Мотивация – қызметкерлердің өз міндеттеріне сәйкес жұмыстарын тиімді атқаруға жағдай жасау. 5. Бақылау – қойылған мақсатқа жетуді қамтамасыз ету, жұмыс үдерісін тексеру.

Менеджердің 7 ерекше қасиеті болу керек: 1.Клиенттерді ажырата білу. Офиске кірген адам қайтадан тағы да келетіндей болу керек. Клиент өзін үйінде отырғандай сезінуі керек. Менеджердің сыпайылығы, сүйкімді бет-бейнесі,тіл табысқыштығы, жақсы қылықтары клиентті тартуы керек. 2. Есте сақтау қабілеті,ойлай алатындығы (ойлау қабілеті).3. Ұқыптылығы. Барлық құжаттар папкада, түскен қоңыраулар тіркелген болу керек. 4. Сөйлегендегі сауаттылығы. Телефонмен сөйлескенде, қонақтар келген кезде ол өте қажет. Шетелдік қонақтар келген кезде көп тіл білу керектігі де маңызды. 5. Сыртқы келбетінің әдемілігі, қызметке сай сәнді киіне білу. 6.Ұстамдылығы. 7. Мәселені нақты қоя білу.

 

Түсініктеме!

міндеттерді бөлу – әркімнің жұмысын бөліп беру, ісін анықтап беру

нұсқау беру – жұмысқа бағыт беру, істі қалай бастау керектігін түсіндіру

ұстамды болу – сабырлы болу, салмақты ұстау, бірқалыпты болу

тіл табысқыш – адамдармен сөйлесе білу, түсіне білу, тез сөйлесіп кету

Пікірлесейік!

Ø Сіз фирманың менеджерісіз.Сізге кәсіпорынды басқару жайында пікірлесу керек. Фирмадағы жұмысты ұйымдастыру,басқару мәселелерін қалай ұйымдастыруға болады? Нені жасауды дәл білу,оны арзан әрі жақсы тәсілмен қалай жасауға болады? Мақсатты таңдау – оған жетудің жолы.

 

1 - тапсырма.Мына сөздердің синонимін жазыңыз.

сұраным – тікелей –

өтімді – мақсатқа жету –

айналысу – ұстамдылық –

ұқыптылық – көпшілік – - жетістік – орнату –

 

2- тапсырма. Мына пікірлерге қосатын ойларыңыз бар ма? Пікір бойынша тұжырымдама жазыңыз.

1. «Басқару теориясындағы адамдық қатынастар,мінез-құлық мектебі» деген Анри Файольдың пікіріне өз ойыңызды білдіріңіз.

2. «Мақсатты таңдау,оған жетудің жолы,нәтижені бақылаудың тәсілін дайындау» деген Фредрик Тэйлордың шешімі туралы өз ойыңызды айтыңыз.

3. «Өндірісті,кәсіпорынды басқаруда ғылыми басқару жүйесіне көшу» деген тұжырымдамасына пікіріңіз.

4. Басқаруды ғылыми тұрғыдан жүргізу

5. Басқару – кәсіпорынның ресурстарын барынша пайдаланып, оны мақсатқа жетелеу.

3-тапсырма. Менеджер қандай болу керек? Сіздің пікіріңіз.

Үлгі: Ең бастысы, жұмысқа бар күш-жігерін салу керек.

Мінез-құлық мектебін қалыптастыру – ол, ..........................................

Басқару теориясын білу – .......................................................................

Фирманы ғылыми басқару жүйесіне қалыптастыру .............................

Кәсіпорынның ресурстарын тиімді пайдалану – ол, .............................

 

2-сабақ. МАРКЕТИНГ

Мәтін бойынша пікір білдіріңіз.

Маркетинг – ағылшын сөзі, нарық, базар, өткізу, сауда. Кәсіпорынның (фирманың, бірлестіктің) тауар өндіру, өткізу және сауда жасау қызметін ұйымдастыру мен басқару жүйесі. Маркетинг нарық дамуының жай-күйі мен келешегін зерделеуге негізделеді. Тұтыну мен өндіріс өніміне (тауарға, көрсетілетін қызметке) сұранымды қалыптастырады. Табыс алу мақсатымен нарықта тауарлардың өткізілуін тездетуге бағытталады. Маркетинг сұранымды жан-жақта зерделеп, болжау, жарнаманы пайдалану, сақтау мен тасымалдаудың осы заманғы тәсілдерін пайдалану, жаңа өнімді әзірлеу, өнімді өткізу. Маркетингтің мәні – экономиканы, жарнаманы, инженерлік істі, психологияны, жоспарлауды, болжауды дұрыс ұйымдастыру. Маркетинг– тауарларды өндіру мен өткізу туралы ғылым. Оның негізгі мақсаты – көп пайда табумен бірге айырбас, тауарлардың тұтынушыға жеткізілуін тездету, өндірістік – коммерциялық қызметтің тиімділігін арттыру. Адамдардың (кәсіпорындардың, фирмалардың) тауарларға (жұмысқа, қызметке) сұранымын қанағаттандыру.

Түсініктеме!

зерделеу – ойлауға, ой елегінен өткізу, ойлану

болжау – жорамал, алдын-ала зерттеу

айырбас – бір зат пен екінші затты алмастыру, ауыстыру

Пікірлесейік!

v Маркетингтің мәні маңыздылығы туралы не айта аласыз? Маркетингтік бағдарлама туралы не ойлайсыз?

 

1-тапсырма. Мына сөйлемдерді басқа мағынада бере аласыз ба?

а) Маркетинг нарық дамуының жай-күйі мен келешегін зерделеуге

негізделеді.

ә) Маркетинг – кәсіпорындардың тауарларға сұранысын қанағаттандыру.

б) Маркетингтің мәні – болжауды, зерттеуді дұрыс ұйымдастыру.

 

2-тапсырма. Мына сөйлемдерді дұрыс құрастырыңыз.

· жарнаманы, маркетингтің мәні – экономиканы, инженерлік істі, психологияны, дұрыс ұйымдастыру, жоспарлауды, болжауды.

· сұранымды жан-жақта зерделеп, болжау, маркетинг,жарнаманы пайдалану, сақтау мен тасымалдаудың осы заманғы тәсілдерін пайдалану,

· мақсатымен, нарықта табыс алу тауарлардың бағытталады өткізілуін тездетуге.

· айырбас, көп пайда табумен бірге, тауарлардың тездету тұтынушыға жеткізілуін

3-тапсырма. Мәтін бойынша тұжырымдама жазыңыз.

· Қазіргі маркетинг – кәсіпорындағы өндірілген тауарларды нарықта қалай өткізу керектігін зерттеп отыр.

· Маркетинг – кәсіпорынның тауар өндірген, өткізген және сауда жасаған қызметін басқаратын ғылым.

· Маркетинг өткізілетін өнімнің тұтынушыға жеткізілуін ұйымдастыруда.

· Маркетинг – тұтынар өнім мен өндірілер өнімнің қалай өткізілуін болжап жүр.

Тест бойынша жұмыс.

а) Маркетинг дегеніміз –

· Тауар өндіру, өткізу, сауда жасау қызметін ұйымдастыру мен басқару жүйесі.

· Адамдардың тауарларға сұранымын қанағаттандыру.

· Оның негізгі мақсаты – көп пайда табу.

· Болжауды дұрыс ұйымдастыру

ә) Маркетингтің мақсаты –

· Тұтыну мен өндіріс өніміне (тауарға, көрсетілетін қызметке) сұранымды қалыптастырады.

· Көп пайда табумен бірге айырбас, тауарлардың тұтынушыға жеткізілуін тездету, өндірістік - коммерциялық қызметтің

тиімділігін арттыру

· Кәсіпорынның (фирманың, бірлестіктің) тауар өндіру, өткізу және сауда жасау қызметін ұйымдастыру мен басқару жүйесі.

б) Маркетингтің мәні –

· Сұранымды жан-жақта зерделеп, болжау, жарнаманы пайдалану, сақтау мен тасымалдаудың осы заманғы тәсілдерін пайдалану, жаңа өнімді әзірлеу, өнімді өткізу.

· Табыс алу мақсатымен нарықта тауарлардың өткізілуін тездетуге бағытталады.

· Экономиканы, жарнаманы, инженерлік істі, психологияны, жоспарлауды, болжауды дұрыс ұйымдастыру.

 

 

ТАПСЫРМАЛАРҒА БЕРІЛЕТІН ҚОСЫМША ТҮСІНІКТЕР:

1-модуль, 1-сабақ.

Мейлінше тегеурінді, қарқындылық туралы айтылады.

Адал еңбекпен тапқан табыс, бейнетпен келген төлем.

Адамның қателесу, жаңсақ істеуі, әбес айтуы, жаңылып кетуі.

Адал ниетімен борышын өтеді, ата-ананың ізгі тілегін орындады.

2-модуль, 2-сабақ

Қазіргі кезде Алматы қаласында мынадай сақтандыру компаниялары жұмыс істейді:

1. «Экспорттық несиелер мен қаржы салымдары бойынша Мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ;

2. «Қазкоммерц-Полис» СК» АҚ;

3. «Казахинстрах»ШСК» АҚ;

4. «АТФ Полис» СК» АҚ;

5. «Виктория» СК» АҚ;

6. «ЦАСО» СК» АҚ;

7. «ЭйАйДжи Қазақстан» СК» АҚ;

8. «Сентрас Иншуранс» СК» АҚ;

9. «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ;

10. «Евразия» СК» АҚ;

11. «Amanat insurance» СК» АҚ;

12. «Алматылық халықаралық сақтандыру тобы»СК» АҚ;

13. «ДО «ТӘБ Банкі» АҚ «Лондон-Алматы»Сақтандыру компаниясы;

14. «СК «НОМАД Иншуранс» АҚ;

15. «СК «Альянс-Полис» АҚ;

16. «ДК БТА «ТӘБСақтандыру» АҚ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, Алматы, 1998. 1-6 том.

2. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, «Дайк-Пресс», 2008.

3. Қазақ тілінің сөздігі. Алматы, «Дайк-Пресс», 1999.

4. Фразеологиялық сөздік. Алматы, «Арыс», 2007.

5. Синонимдер сөздігі. Алматы, «Арыс», 2007.

6. Тұрақты теңеулер сөздігі. Алматы, «Арыс», 2007.

7. Ақыл кені. Алматы, «Көшпенділер», 2003.

8. Қазақ мақал-мәтелдері. Алматы, ЖШС «Ана тілі», 2003.

9. Қазақ мақал-мәтелдері. Алматы, 2004.

10. Шешендік сөздер. Алматы, 1992.

11. Үш пайғамбар. Алматы, «Дәуір» 1992.

12. http://www.google.kz

13. http://kk.wikipedia.org

14. http://www.nur.kz/

 

МАЗМҰНЫ

 

Адам – басты құндылық ........................................................................................6

Адамның құқықтық қорғалуы ...............................................................................8

Қазақстан республикасы «Тілдер туралы заңы» ..............................................11

Әлеуметтік сақтандыру түрлері ..........................................................................14

Сақтандыру компаниялары .................................................................................16

Сақтықта қорлық жоқ ...........................................................................................18

Әлеуметтік құқықтың заңдық негіздері .............................................................22

Экономикалық құқықтар .....................................................................................24

Білім алу құқығы ..................................................................................................27

Жарнама – ақпараттың бір түрі ...........................................................................33

Жарнама сауаттылығы .........................................................................................35

Қазақша жарнаманың қазіргі сипаты...................................................................37

Ұлылардан қалған сөз...........................................................................................41

Халықаралық сыйлықтың лауреаттары..............................................................43

Ұлық адам – қызық адам.......................................................................................44

Халықаралық қатынастар.....................................................................................48

Қазақстан дипломатиясы .....................................................................................49

Халықаралық бизнес тілі .....................................................................................52

Көне түркі жәдігерлері сыр шертеді ...................................................................56

Көне түркі жазуын меңгереміз ............................................................................58

Орта ғасыр ойшылдары .......................................................................................61

Мен білетін ұлы ғалым ........................................................................................65

Нобель cыйлығын алмаған ғұлама .....................................................................67

Альфред Нобель сыйлығы ...................................................................................71

Тәуелсіздік мәңгі болу үшін не істеу керек? .....................................................75

Жастар және Тәуелсіз Отан ................................................................................77

Біз – Тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Тәуелсіз елдің өнерпаздары .........................79

Ерлер туын көтерген ерлер ..................................................................................84

Кешегісін ұмытпаған ертеңгісін бағалай біледі ...............................................86

Ғасырлық тұлға .....................................................................................................87

Ғылым – инновациялық экономиканың негізі ...................................................91

Қазақстандықтардың ғылыми жаңалықтары .....................................................95

Әлем картасындағы ғылыми технологиялар (биотехнология, биохимия, экоэнергетика, экология, антикәрілік) ...............................................................98

Материалдық және рухани игіліктер ................................................................102

Қазақстанның табиғат байлықтары ..................................................................104

Ұлттық құндылықтар .........................................................................................106

Экономикадағы экология ...................................................................................113

Менің қаламдағы экологиялық жағдай ............................................................115

Экологиялық мүдде және нарық .......................................................................117

Әлемдік бәсеке және ұлттық мүдде ..................................................................121

Бәсеке туралы түсінік .........................................................................................123

Бәсеке, артықшылықтары мен кемшіліктері ...................................................124

Экономикалық тәуелсіздік .................................................................................128

Қазақстанның экономикалық байланысы ........................................................129

Нарықтық экономика .........................................................................................131

Қазақстандағы құнды қағаздар нарығы ............................................................134

Құнды қағаздардың түрлері ...............................................................................136

Құнды қағаздардың пайдасы .............................................................................139

Төл теңге тарихы ................................................................................................142

Ақша жарата білесіз бе? .....................................................................................144

Дүниежүзілік валюта тарихы ............................................................................146

Бизнес дегеніміз не? ...........................................................................................149

Бизнестегі құпиялар ...........................................................................................150

Бизнестегі адалдық .............................................................................................152

Бағаны нақтылау – істің басы ............................................................................156

Қазақстандағы аудит компаниялар ...................................................................160

Әлемдік аудиторлық компаниялар ...................................................................162

Банк тарихы. Қазақстандағы банк жүйесі .......................................................165

Ұлттық банк жүйесі ...........................................................................................166

Банк ісіндегі бәсеке ...........................................................................................167

Сұраныс пен ұсыныс ........................................................................................172

Тауардың сапасы мен өтімділігі ........................................................................174

Жеке кәсіпкерлік .................................................................................................176

Биржалық сауда ..................................................................................................179

Аукционды сауда ................................................................................................180

Сыртқы және ішкі сауда ....................................................................................183

Дүниежүзілік сауда ұйымы ...............................................................................185

Кеден ісі ...............................................................................................................186

Менеджмент ........................................................................................................190

Маркетинг ...........................................................................................................192

Тапсырмаларға берілетін қосымша түсініктер ................................................194

 

 

 

– Конец работы –

Используемые теги: адамны0.045

Если Вам нужно дополнительный материал на эту тему, или Вы не нашли то, что искали, рекомендуем воспользоваться поиском по нашей базе работ: АДАМНЫ

Что будем делать с полученным материалом:

Если этот материал оказался полезным для Вас, Вы можете сохранить его на свою страничку в социальных сетях:

Еще рефераты, курсовые, дипломные работы на эту тему:

0.027
Хотите получать на электронную почту самые свежие новости?
Education Insider Sample
Подпишитесь на Нашу рассылку
Наша политика приватности обеспечивает 100% безопасность и анонимность Ваших E-Mail
Реклама
Соответствующий теме материал
  • Похожее
  • По категориям
  • По работам